Тұрсын СЫДЫҚОВ: ЖЫР – АҚЫННЫҢ ЖАН САНДЫҒЫ

Бөлісу:

07.06.2016 4806


Тұрсын аға.jpg

Жер жаннаты Жетісудан өнегелі сөз ұстаған нәзік жанды, өзегінен өлеңнің ақбас толқындары төгілген, жырды баптап, айтыстың көрігін қыздырған ақын қыздар көп шыққан. Арыға бармай-ақ, әйгілі ақын Сара, Марфуға мен Қанипаны атасақ, «өлеңге мерген, әр сөзін шебер оқтай білетін» (Ә. Тәжібаев) дарындардың жұрт есімін сүйсіне айтып, төбесіне көтермек. Солардың заңды ізбасары қатарына бүгіндері үлкен, көшелі, ойлы ақын боп қалыптасып келе жатқан, жыр жинақтары шығып, өлеңдері газет-журналдарда үзбей жарияланып жүрген Гүлбақыт Қасенова, Сағыныш Намазшамоваларды қоюға әбден болады. Әзірге олардың шығармашылық бітімі, алғашқы аяқ алысы, ағысы, қанат қағып көтерілген биігі жайлы бірер мақалалар жарық көргенімен, шығармашылықтарын тұздықтап отыратын ерекшеліктері жайлы дуалы ауыздан шынайы баға беретін сөз естіле қойған жоқ.


Гүлбақыт Қасенова – жоғары оқу орнын бітірген, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сөз өнерінің зертханасынан хабары мол, әдебиеттің саңлақ өкілдері, майталман ақын-жазушылардың суреткерлік тағылымын оқып-танып, көркемдік дәстүрін сана сарабынан өткізген санасында сәуле бар талант. Талай жыл мамандығының ыстық-суығына шыңдалып, әдебиетке деген ықыласы ақындық қабілетін жетілдіріп, имитациялық әдеттен өз қалыбын тауып, өз сүрлеуін салуға кең өріс ашылған, көптен бері ұстаздығы мен ақындығын қатар алып жүруге төселіп, «Менің жаным мемлекеттік қызметтің де қыр-сырын танып келе жатқан ақын қыз. Гүлбақыттың «Алуа» жинағынан оның тауып сөйлейтін шешендігін, рухани тазалығын, ізгі қасиеттерге суарылған құнарлы жанын, барынша жібек мінезділігін, адами тұлғасын сезініп, жігерлілік пен құштарлық нұрына толы табиғатын танып-білеміз.


Туған жері – алтын бесік Айдарлысына:

Сенде өткіздім тәтті бала күнімді,

Күлдім, жылап, тізем неше бүлінді.

Жүгерінің шашағынан шаш өріп,

Тердім жусан, жиде, бақбақ гүліңді, – деп кіндік кесіп, кір жуған туған жеріне жыр арнап, оның «Күннен ыстық, ажарлылығына» тамсанады. Туған жер Гүлбақытқа өсу, шыңдалу жолындағы өмір белестері. Ақын жер таңдамайды, күллі қазақ сахарасын өзінің алтын бесігі, атамекені санайды. Осы құшақтасаң құшақ жетпес алыптың ұлы денесіндегі кіріптар заманы салған жара, тынысын тарылтқан жаулық, отарлық өктемдікті:


Сағым болмай ораларсың Аралым,

Шыңғыстауым, Семей жері жаралы.

Жеті қабат жер астына маза жоқ,

Жер-ананың мөлдірейді жанары, – деп жырлайды.


гулбакыт касенова.png

Аралдың басынан бағы тайған сағымды шағы, алты жүзге таяу жойқын жарылыстардан Шыңғыстау мен Семейдің басына түскен қасірет (Хиросима мен Нагасакиге бір-бірден жарылыс ұйымдастырғанның өзі екі қаланы жермен жексен еткенін еске алыңыз) қалай Жер-ананың көзінен жасын ағызбасын?! «Мания величия», өзін зор тұтып, өзгені қор тұтқан империялық үстемдіктен халқы шеккен азапты шақтың назасына Гүлбақыт Жер-анаға қосыла қорланып, өксіп, еңіреп жылап, отты жырын арнайды.


Туған жер, туған ел, туған Отан, туған тіл, діл, дін, салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр жайлы жырлар мимен емес, жүрекпен жазылмақ. Перзенттік парызды өтеуге тың да періште пейілден шыққан, ана сүтіндей, ата күшіндей қастерлі, мәтбұғаты қаныңа тың ағыс бітіре тарайтындай философиялық ой, ізгілік элементтерінің дәрумендері мол болғаны жөн. Гүлбақыт көптен бері тілдерді дамытудың облыстық басқармасында қызмет істеп, басты міндеті мемлекеттік тілдің көсегесін көгертуге негізделгендіктен, ісі де сөзі де бір жұмыр түйінге айналып, негізгі ақындық кредосы, азаматтық платформасы осы тораптан тарап, күннен қуат алады. Шұрайлы тақырыптан тамыр тартып жатқан өлеңдерінің көп болуы да осы заңдылыққа қатысты. «Тиегін тілдің ағыттым», «Тілімді таптым», «Тілім менің», «Тіл сарайы», «Жанашыр жанның тілегі», «Асқақ үн», «Көкірегі ояу азаматқа», «Тағы да шындық», т.б. өлеңдер отты да ойлы, мөлдір де маздақ жыр жолдары деу аздық етеді.


Тәуелсіздігімізді алған жылдардан бастап мемлекеттік тілді оқып -үйренуге, насихаттауға қатысты іс-шаралар, обалы не, аз жүргізіліп жатқан жоқ. Осы іспен ақеділ жүрекпен айналысып жүргендердің жұмысын жандандыру мақсатымен жер-жерде Тіл сарайлары салынып, есігі айқара ашылды. Жетісудың бас шаһары Талдықорғанда Тіл сарайы пайдалануға берілген сәтте игілікті бастамаға толқыған Гүлбақыт көкпар көңілін былайша кестелепті:


Тіл сарайы – Тәуелсіздік тартуы,

Жетісудың қасиетті тұмары.

Тілге деген шын құрметтің артуы,

Ұлылардың биік рухы, ту, ары.

Тілге қажеттіліктің, құрметтің шырағын жағып, өмірлік, Отандық мәні бар үлкен тақырыпты игеруде Гүлбақыт сәнді Сарай, сәруар әлемге деген елдің құштарлық сезімін оята отырып, қазақ тілін ұлттың толық мойындап, тәу етуін қалағанын аңғарамыз. Бұл жерде «Тіл сарайы – Тәуелсіздік тартуы», «Жетісудың қасиетті тұмары» тіркестері өлеңнің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды, экспрессивтік қуатын арттыру мақсатын көздеуден бөлегірек.


Идея – көркем шығарманың жаны. Гүлбақыт қоғамдық өмірдің жуан ортасында жүріп, қилы тағдырлы адамдардың қасіреті мен қуанышын бөлісіп, кейде «жарқ-жұрқ еткен қызыл-жасылы көп жалғанның қызығына малданған» бейопалыққа әуес шикібас пенделердің бір күндік қызыққа бой алдырып жүрген сормаңдайлылығын да жырына арқау етіпті. Онда ақын зұлымдық пен ізгіліктің бітіспес күресін бейнелеп, тіршіліктің тарпаң қылығынан сақтандырады. Әсілі, Гүлбақыт жырларында идея сол жақсылық пен жамандық, сабырлылық пен ұшқалақтықтың арасындағы мәңгілік күресті бейнелеуге бағытталған. Гүлбақыт қоғамды аздырып-тоздыратын, тоқырауға апаратын жолға түскен кейбір жастарымыз бен жасамыстарымыздың жағымсыз, қауіпті қылықтарын «Өлі дүние» атты өлеңіндегі кейіпкеріне сынатып, баласы, немересінің уақыт әкелген індетке құштарлығына төзбеген оның шерлі үнін:


Бір қолыңа шарап алдың азғандай,

Темекіні тартып болдың тозғандай.

Әке-шешең осы екеуі сияқты,

Құшақтадың ішкі дертті қозғамай.

...Ине досың, жақсылықтан безесің,

Бәрі де кеш, торға түсіп кеткенде, – деп күйзеліп, таусыла күңіренген халін алдыға тосады. Бұл – бір отбасы емес, әлемді дүрліктірген ғасыр дерті. Өзінің басты миссиясы адам жанын сілкілеген, есенгіреткен шындықты, құпияны қарапайым тілмен қатарындағы саналы өмір иелерінің құлағына құйып, жүрегіне шоқ тастап, ине жұтқандай арпалысқа салып, ауыр ойға батырып, егер күреспесе, сонан келер қауіп өзінің жеке басына ғана емес, отбасын, орманын да ойрандайтынын түсініп, өзі егеулі найзаны ұстап, өзгені ереуіл атқа ер салдырмақ... Қазіргі елдің жағасын ұстатып жүрген індеттер: темекі, насыбайға әуестік, араққа құмарлық, есірткіге есі кете тәуелділік. Әкесі тірі жетім бала, жүдеп-жадаған әйел, қараусыз қалған кәрі ата-ана, бағылмаған мал, азып-тозған жер, өршіп тұрған қылмыс, жауқазындай бүлдіршін қыздарымызды зорлап, қара жер құштырған педофильдердің жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптап бара жатқаны; адамға бір-ақ рет сыйланған ғұмырынан безген суицидке жетелейтін долы қасқой күш – осылардың «шапанынан» шыққан, алты басты айдаһар. Бір басын шапсаңыз, екіншісі жетіледі. Бұл әлемді ен жайлаған індетпен күрестің емі табылмай, аяғымызға жем түсуі билік жүйесінің «жемқорлық» атты құрт аурумен ұшынуына мүмкіндік жасады. Ақын сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабылмаған, заң әлсіз, сөз көп, іс аз, шындықты көрер көздер жалтаң, жағымпаз, екіжүзді болған қоғамда болашақтың күні қараңдығына күмәнданбайды.


Гүлбақыт «Неге?» деген өлеңінде жалпыхалықтық, қоғамдық өрлеуіміз бен өркендеуімізге, өркениеттің, жаһанданудың көшінен қалуымызға кедергі, тосқауыл сұрқай қылықтар мен әдет, ұстанымдардан бойды аулақ салуға үндесе, «Тәуелсіздік тойында» «ашудың жағасынан ақыл алып», әлеуметтік тынысы бөлек, саяси өзектілігі басым, өміршең идеяға құрылған тың пікірлер, оптимистік ойлар айтады:


Жарқын өмір ел еңсесін көтерер,

Қиындықтар жақсылықпен өтелер.

О, Жаратқан,

Тәуелсіздік тұмары ғой халқымның,

Қуанышын ұзағынан ете гөр!


Салдарлы, салиқалы ой, ақ жарма тілекпен қабырғасы сөгіле толғанады. Екі жарым ғасырға жуық мойнымызға кигізілген сауыс-сауыс құлдық қамытынан құтқарған Тәуелсіздіктің қадірін барша қазақ ұғып, тозған жерін емдеп, тоталитарлық жүйе әлемге тарыдай шашып жіберген қандастарымызды тарихи Отанына қайырып, ұлттық өнеріміз, руханиятымызды кемелдендіріп, жеріміздің асты-үсті тұнып тұрған байлықты еліміздің игілігіне жұмсап, білімде кеткен есемізді толтырып, достығы мен ынтымағы жарасқан, «еңсесі көтерілген, қиындығы жақсылықпен өтелген» мемлекетке, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, Туы тұмары болған Мәңгілік Елге айналдыруды ақын ағынан жарыла жырлайды.


Ақын жаһандану процесі аршынды жүріп жатқан шақтағы жастарымыздың жақсы мен жаманды, ізгілік пен зұлымдықтың қосқыртыс бітімін байыптап, ара жігін ажыратуға талғамы, тәрбиесі, білік-білімі тапшылық көрсетіп, талтүсте адасып, тұлпардың жалында ойнайтын шағында, есекті жайдақ мініп жүрген қызылөзек жігіттер мен күн ашықта су болып, женттің орнына кебекпен қарнын жұбатып жүрген бойжеткендердің ахуалына күйзелген ақын:


Ұлың қайсы, сайлаулы ма ер-тұрман?

Инабатты қызың қайсы құлпырған?

Бұрындары бір ауылды билейтін

Елін қорғап, ер намысты ұл туған, – деп ер мінезді, өр мінезді, батыл, намыс-жігері жетіп-артылатын жігіттерді тәрбиелеген бесікті, алаңсыз күнді аңсап, атаның жолын кескен, батаның қадірін білмейтін, инабат пен ибалықтан жұрдай, отбасы жауапкершілігіне немқұрайлы қарайтын қыздар төңірегіңді тұншықтырып бара жатқанына жаны түршігеді. Біздің барлығымызды көпсініп, байлығымызға көзін сатқан алпауыт мемлекеттер соның бәріне ен тегін қол жеткізудің амалы-жастарымызды аздырып, өркенімізді жою санайды. Бесігімізді түзеп, есігімізді бекітіп, есімізді жинамасақ, ертеңімізді үсік шалып, Мәңгілік Елдігімізге қауіп төнбек. Гүлбақыттың арнау өлеңдері әкесіне, анасына, алты бауыр, бес апа-сіңлілеріне, ұстазына бағытталып, шыңнан құлаған ақық толқындардай әсем, ойлы өлең жолдарын жүрегінен төгіп-төгіп жіберетін шақтары жиі. Ол заңды да, бір жанұядан өрген он бір бала қазір өсіп-өніп, еліміздің құшағына сіңіп, өмірден әркім өз орнын тапқан. Халқымыздың санын арттырып, ырысын үстемелеп, дүниенің кетігін тауып, қаланып жатқаны белгілі.


Сен деспей, өліп-өшіп сағынып табысу, қайғысын, қуанышын бөлісіп көтерісу, туысқандық, бауырмалдық қуатты сезімдерін өздерінен тараған ұрпақтың бойына дарыту, біреудің ала жібін аттамай, басқаны қадірлеп, қас-қабағын бағу – отбасының «Жеті жарғысы».


Таудың көркі – бұлақ, көлдің көркі – құрақ болса, отбасының тірегі, көркі – әке мен шеше. Ата-аналық алғаусыз сезім мен риясыз сенім, отбасын ұстап тұратын Темірқазығы. Гүлбақыт «Аяулы ана, ардақты әке», «Бақытты ана», «Шаңырақтың иегері», «Жанұя бақыты», «Сағыныш жырлары», т.б. өлеңдерінде өзі ұшқан ұясының шаңырағы мен түндігі саналатын анасы мен әкесін:


Аяулы анам, ардақты әкем – балқаймағым,

Алғыс айтар сендерге ел-аймағың.

Ғасырға жеттіңіздер қол ұстасып,

Мәртебең биік болсын, бақ таймағын, – деп қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген, білім алуға жағдай жасап, түлеткен ата-ананы балқаймаққа балап, ұзақ жасап, басынан бақ таймай, мәртебелерінің аласармауын Алладан жалбарына сұрайды. Ал «Алтын алқа» иегері анасына:


Сағынады перзент жүрек лүпілдеп,

Өсірдіңіз алты ұл, бес қыз үкілеп.

Ақ жаулығың ақ жол салған өмірге,

Саулығыңды ұрпағыңыз жүр тілеп, – деп жерден қуат алатын Антейдей анасынан Гүлбақыт та қуат алып, сағынышы жүрегін сыздатып, «киелі ақжаулығымен он бір перзентіне ақ жол салған», әр сөзі, ақтілегі тағылым аларлық рухани күш пен қайрат бітіретін Анаға шексіз алғысын айтады. Шаңырағының шырақшысы, ібілісті отбасына жолатпай қызғыштай қорыған текті, әулие пейіл Ананы Гүлбақыт осылай әспеттейді.


Гүлбақыттың өзі де «қырық шырағы маздап жанған» келінге айналғанын «Жанұя бақыты» атты жырынан аңғарамыз. Ол жан қалауын жаңылмай тапқан қосағына:


Сеземін сағынасың сен де мені,

Жаныма шуақ, нұрың себіледі.

Бақытың, жанұяның жүрегімін,

Құрметтеп, бағаласаң егер мені, – деп «Алтын алқаның» бесігінен шыққан ақылды қыз-келіншек осылайша назданып, шаңырақтың отын маздата жағудың «құпиясына» қанықтырады. Шаңырақтың биік болып, оты маздап жануы – ерлі-зайыптының бір-біріне мөлдір махаббаты, риясыз, құрметіне қатысты. Ол – бақыт құсы. Берік сезімге сызат түсіп, құрмет кемісе, бақыт құсы басыңа бір саңғып, ұшып кетпек. Қалған көңіл – емі жоқ дерт. Секем алған жүрек – у жайлаған жүрек. У жайлаған жүректің махаббаты да кемтар. Кемтар махаббат жайлаған отбасында жылу жоқ, күні санаулы. Тамызығы маздаған, отыны сүйекті махаббаттың қызуы жоғары, қуатты, ғұмыры ұзақ, өзін-өзі емдейтін «дерті» – дауа, көріспеген шақтары жүрекке ауа. Ондай махаббат бұйырған ару:


Жанұя бақыт сыйлар ұлы мекен,

Бақытым – өзің менен ұлым екен, – деп жарына ризалық сезімін шұғыла шашқан жанарымен жеткізері хақ. Ал өздері құрған шаңырақтың есігінен күн сығалап, түңдігінен ай наздана үңілген, бөбектері күміс күлкілерімен алпыс екі тамырын иіткен ақын осындай адами бақытты сыйлаған жұбайына:


Күндіз ойда,түнде түсте өбіскен,

Сағыну ғой дерттің аты мен ішкен.

Қашан-қашан жолығысар екенбіз,

Жүрегіме мекендеген періштем, – деп кеудесінде құс сайрап, төбесінен жұлдыз жауып, ақ арғымақпен сайын сахарада жортып бара жатқандай күй кешері хақ. Гүлбақыт мәңгілік тақырып – махаббат өлкесін біраз шарлап, ішкі сезімнің нәзік иірімдерін, құпия сырларының кілтін тауып, сандығын ақтарады. «Ұлы сезім алдында», «Махаббат жыры», «Он сегіз жас», «Берілмейді екі өмір», «Жүрегім», «Сағынғаным дегенім», «Қымбат бізге», «Жанымсың жақсы көретін», «Мүмкін бәрі», «Өзің жаққа», «Сағынып тұрам арайлы таңда», «Ешнәрсе айтпаймын», «Қымбаттысыз», т.б. лирикаларында сүйіспеншілік табиғатын, байлығын терең түсініп, романтикалық бояуымен әсерлі де дәл жеткізуге тырысады.


«Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтық жөні бір басқа» («Қыз Жібек» жырынан) демекші, «Ұлы сезім алдында» атты лирикасында лирикалық кейіпкері:

Гүлі емеспін қырдың, дала, таудың да,

Ұлпасы емен жаңа жауған қардың да.

Биіктікке бойлағанмен көңілім...

Дәрменсізбін

Ұлы сезім алдында! – деп ағынан жарылады. Мөлдіреп аққан бұлақтай жүрегінде қайнап, буырқанып сыртқа ұмтылған келіншектің көңіл толқынында еш дөрекілік, жасандылық жоқ. Адам періште емес, пенде. Иә, ол қыз «гүл де емес», «ұлпа қар да емес», «ол жүрегінің, өзін құрметтеп, құрбандығына шалынуға да әзір, ісі мен сөзі үйлескен, белгілі уақыт аралығында сынынан сүрінбей өткен нар тұлғалы жігіттің, өзі жақындағанды да, өзіне жақындағанды да аямай қарып түсетін» асықтық сезімі, «ұлы сезім алдында дәрменсіз». Бұл «әлсіздіктің» жөні бөлек. Космогониялық күштің пенде ырқынан тыс жан дүниесін, ақыл-ойын жаулап алуы, көндіруі, Алланың бұйыртқан сыйы. Ал ол «сый» қалай бұйырды деген сауалға ақын:


Сол бір мезет тылсым тыныш түн еді,

Сазды үндер махаббаттың үні еді.

Жұлдыздардан нұрлы сәуле тамады,

Жүректерде сұлу сезім гүлдеді.

...Бір-біріне қарай берді қос ғашық,

Көз жанарын мәңгілікке байлады,

Орта жолдан кетпес үшін қоштасып, – деп «ұлы сезім» екі жастың бойында көптен гүлдеп, тамырын тереңге жіберіп, желден, дауылдан ықпайтын, аптапқа күйіп, аязға үсімейтін деңгейге көтерілгеніне көзіңізді жеткізе алған. Екеуінің де жүректерінде сұлу сезім көптен бері гүлдеп, жұлдыздардың нұрлы сәулесінен нәр алып, бірі үшін бірі туылғанын мойындап, мына жалған дүниеде мәңгі бірге болуға бел байлаған. Гүлбақыттың жігіттері «Жүрегін күнде шауып қыз балтасы» (І.Жансүгіров) қинаса да сыр бермейтін сырбаз. Қыздары сезім өрті мен ой ағыстарына шыдай алмай, жұдырықтай жүрегі арпалысқа салғанмен салмақты, адамгершілік, шын мәніндегі адамилықты аса жоғары бағалай біледі, тиісті жерінде сенгеніне балқаймақ назын көлденең тартудан қашпайды, еркелігімен есті жігіттің «сүйегіне шымырлатып бу енгізеді»:


Сүйем деме, ғашық жігіт өтінем,

Адам аз ба бұл өмірде өкінген?

Орамашы лапылдаған жалынға,

Жанып кетем махаббаттың өртінен.

Осы төрт тармақтың ішінде бәрі бар. Сүйген жүректің соғысы, адалдық, ізгілік, еркелік, назды бай мінез, махаббатты аялау, жауапкершілік, жанын да, барын да нар жігіттің ұят, арына, намысына, азаматтығына құрбан етуге бас тіккен сұңғыла, бекзат, армандай арудың шешімі жатыр. Адамның ішкі сырын, көңіл-күйін, психологиясын терең ашып көрсетуге төселген шеберлікті Гүлбақыттың көңіл-күй, махаббат лирикаларынан байқап, өнердегі жайдақтықтан адалығына қуанасың.


Жан сандығының тілі тек тілмен ашылмақ. Гүлбақыттың көңіл-күй лирикалары – рухы мықты, адамдықты, адалдықты барлық нәрседен биік қоятын, надандыққа төзбейтін, адамнан адамдықты талап ететін, ымырашылдық, келісімпаздыққа жаны қас, жалпақшешейлікке жоқ кірпияз, аскет жанның жазықсыз жапа шегіп, төрдегі басы есікке жылжып, қарға-құзғынның бағы жанып, сұңқарлардың сыбағасы сұйылуы жүйкесін жұқартып, шамырықтырып, мүжәлсіздендіре түскен жүрек кардиограммасы.


Кестелі сөз, кернеулі ой, тәлімді пікір түйінделген көңіл-күй жырларының айтары-өмірге тұтынушы емес, «өрге жүзген өмір деген көк кеменің» тізгінін ұстаған күрескер бола білу. Нағыз күрескердің арманы «Өміріңнің күні шығып, туды ма ай, Іске барма бір олай да, бір былай. Тұп-тура жүр, барлық істе адал бол, Адалдықтың қамқоршысы бір құдай!».


Тағы бірде:

Алақанда алтын кілті тағдырдың,

Бақытың жүр тасасында сан қырдың.

Менің жаным жалғыздыққа жаралған,

Жүрегіңді мен өзіңе қалдырдым, – деп ол тоңмойын адамдай келтек алып тұра ұмтылмайды. Еркелікті есерлікке, асықтықты асып кеткендік, құрметін өзін тұсап ұстап, ешқайда жібермей байлап-күрмейтін айла-амал санаған, жақсының жайсаңдығы тоғышарды шапшаң тойдырып, беймаза сезімдер қасатталып, кешегі тәтті күндердің сүрі қалған көңілдің кірін шайып, жүректе екі сезім қабаттасып, тағдырдың басқа салғанын еріксіз мойындатады, ағыл-тегіл көз жасын төге қимасымен түсінде сырласып, жан азабын шектірмек. Сүйген жүректегі асықтық сезімді өшіру тірі адамның қолынан келмейді, берілген жанынан айныту қырық жамаулы жүрек тынысын тоқтатқанда ғана мүмкін. «Жүрегіңді мен өзіңе қалдырдым» деп егілуі сонан. Оларға «сан қырдың тасасында», жалғыздықтың өртінде күн кешу, шарбаяқтасу да жалған. Мәжнүннің трагедиясы соның ақиқаты. Демек, Гүлбақыттың көңіл-күй лирикаларындағы лирикалық кейіпкерлері сергек те сезімтал, көргіш те байқағыш, өр, тәкаппар, мұңшыл да сыршыл. Бастысы, жырлары өмірдің өзегінен ойып алынған, адами қасиеттер қаз-қалпында.


Сөздің патшасы-өлең жазу екінің-бірінің пешенесіне жазылмаған. Өлең аса қабілетті, ізденгіш, қиыннан қиыстырып, ешкім айтпаған тың ойды көркем тілмен, терең ойлау сезімімен кесетелейтін талантқа ғана қонады. Жақсы өлең өмірге ауыр толғақ, шексіз білім, ізденіспен келеді. Гүлбақыт шығармашылығы жайлы көңілімізде көк суы аз кілегей сезім орныққанын жоғарыда айттық. Әйтсе де, ол-ақындық сапарын аяқтап, айтарын сарқып берген, барын түгендеп, олқысын күзеп отырған шайыр емес, бергенінен берері әлі алда, өсу үстіндегі талант. Біз Гүлбақытқа жақсылық тілейтін ақылшы аға санатындағылардың бірі есепті, «әділ сөзді бұлаңдатпай» айтуға тиістіміз. Біріншіден, ақынның лирикалары тым көлемді, шұбалаңқы. Бірер шумақпен қысқа да нұсқа, айтарын түйіп айтудың орнына бір фактіні басқа шумақтарда үстемелеп, қайталап, стандарт, схемадан аса алмай, оқырманын жалықтырып, шаршатып алатын әдетке үйірсектеу екен. Екіншіден, өнер әлеуметтік заңдылыққа емес, әлеуметтік ізгілікке қызмет етеді. Күнделікті қаншама саяси шаралар өтіп жатады, мамандыққа қатысты мерекелердің санынан жаңыла бастадық, ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып жатқан науқандарды тойлау өз алдына, аса көрнекті ақын-жазушылар, өнер адамдарының мерейтойларын лайықты атап өтуге ақын қалай үн қатпасын? Гүлбақыттың жинағында науқандық жырлар баршылық. Бірақ көбі қанша қабат естіген жаттанды сөздер, баталар, тұрақты тіркестер тармағы, ырғағы, ұйқасы бар өлеңге айналып, назарыңызға ұсынылады. Мәселен, «Көкірегі ояу азаматқа» атты өлеңінде:


Ту ғып ұста ана тілді қолыңа,

Биік рухты серік еткін жолыңа.

Қазақ болып туғаныңды ұмытпа,

Туған жерді, өз ұлтыңды ұлықта!


Иә, ана тілді, ұлтыңды, туған жеріңді ұлықтауға шақыруында мін жоқ. Ана тілін миына, жүрегіне сіңіру, санасына құюдың орнына ұрандатып жібергені құлақты кеседі. Лирикалық кейіпкердің намысына тию, күштеу, бұйыру өлең табиғатына жат. Қадыр Мырза Әлі тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған қатерлі күндерде:


Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Басқа тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – деп айқай-ұйқайсыз міндеттеп, бұйырмай, қоқан-лоқы жасамай-ақ, балалық, ұлтжандылығын оятып, басқа тілдің бәрін біле отырып, өз тілін олардан артығырақ меңгерудің мәні, мақсаты, мұратын ойлауға мәжбүрлігін, қажеттілігінің түп-тұқиянын анықтауға қызықтырып, жол ашқан. Науқандық тақырыпты өлеңшіше кеңірдегі жыртылғанша айқайлап, күшеніп өлең құрамай, ақынша жүрегімен жырлаған. Енді «Наурыз тойы» атты өлеңіне үңілейік:


Наурыз тойы – жаңа жыл құтты болсын,

Шаңыраққа ырыс-құт, шаттық толсын.

Ұлыс күні оң болып, ақ көбейіп,

Әз Наурызда еліме бақыт қонсын, – деп жырлайды Гүлбақыт. Мұнда да санасын сарқа ойлаған, қабырғасы сөгілердей толғанып, таңды-таңға ұра бір жазып, бір өшіріп, миын ашыта дүниеге әкелген жыр жоқ. Үшіншіден, Гүлбақыт арнау өлеңдерді көп жазады. Ол көркем тілмен, терең ойлау сезімімен, қоғамда сілкініс тудыратын ерекше құбылыс, қасиеттерді ашып, сол қасиет-құбылыстардан өркен жаятын жаңалықтарды болжаған публицистік сарынмен ерекшеленсе нұр үстіне нұр. «Аяулы анам, ардақты әке», «Бақытты ана», «Сағыныш жырлары», «Нағашылар» өлеңдерінде жүрекке жылы ағыс әкелетін, ақынның мерейін өсіріп, мәртебесін көтерген сәтті жолдар кездескенімен, әкесі, шешесі, бауыры, әпке, сіңлілері, нағашы ата, әжесі, нағашы аға, нағашы әпкелерінің әрқайсысына анықтама берумен өлеңнің көлемін өсіріп жібергені қынжылтады. Құдды бір отбасы, нағашы жұрты, мектеп тарихы жайлы мәліметтерге құрылған натуралистік тәпіштеу, қара мақала, суреттеме оқып отырғандайсың. Тым асыра дәріптеулер, әлдекімдерден қарымды қайтаруды ойластырған апафеоз, дифирамбалық құлшыныстар жиі алдыңды кес-кестеп отырады. Әрине, ағайын-туғанға, жекжат-жұрағат, атақты өнер адамдары мен ұстаздарына жақсы сөз арнап, шұғылалы бояуды қалауыңызша қолданған да жөн шығар, оның өз жанры барын естен шығармаған тиімді. Сұлулыққа іңкәр, жарасымдылыққа құштар лирикаға «дарақы мырзалықтан сарабдал сараңдықтың өзі артық» (Ғ.Мұстафин).


Жасыратыны жоқ, іскерлігі, талант, қабілетті, немен шұғылданса да екі тізгін, бір шылбырды сергек ұстап отыратын, өз тұстастарының көбінен алғыр, талғамы жоғары, білімді, ізденгіш, үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпейтін, кішіні соңынан ерте алатын инабатты, ибалы, адал да ақкөңіл, ақылды Гүлбақыттың қазіргі шығармашылық өрісі шүйгін, жемісі сапалы екенін ешбір сарапшы теріске шығармайды. Бірақ туындыны жеке адамдар дүниеге әкелгенімен, иесі – халық. Ал халыққа ұсынатын рухани қазынада шала піскен, ортаң қол, ажарсыз, тамырсыз, пенделігі басым дүниелерді қатал сұрыптаудан өткізген жөн. Оларда ауа, жарық, нәр молырақ болса, соғұрлым қазына құнды, өміршең.


Тұрсын СЫДЫҚОВ,

І. Жансүгіров атындағы Жетісу

мемлекеттік университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы,

академик

Бөлісу:

Көп оқылғандар