Қуат Қиықбай: Жынды

Бөлісу:

13.06.2016 6530



куат киыкбай.jpg

Біздің көршінің жынданып кеткеніне екі жылдан асты.


Жақын тартып сөйлессең есінен алжасқан адамға мүлде ұқсамайды. Кей күндері көрсең әдемі бітімді, келіскен жүрісті әйел. Ол кісіден көршілерінің бәрі қорқып оңаша жүреді. Тек біздің үйдегі атам ғана тартынбайды. Соның төріне шығып алып қара шайды сіміріп, төбесі тершіп отырада-ау, шіркін…


Ескі заманнан қалған екі қабатты ескі үй. Бұнда жиырма төрт отбасы тұрамыз. Жиырма төрт пәтерде тұратындардың бәрі жәй адамдар емес. Біздің үстімізде, екінші қабатта тұратын Тұраш аға, Ауған соғысының ардагері. Ал оның көршісі, жетінші пәтердегі ғарышкердің оқуын оқып аспан көгін көре алмай қалған «ұлы ғарышкер» бар. Осылай жалғасып кете береді. Олардың қатарына және де есін біліп, етегін жиғалы бері түрмеден шықпайтын орыстың шалын қосыңыз. Бостандықтан тез зерігіп кете ме кім білсін. Келген күнінің ертеңінде тәртіп сақшыларының алдында тайпалып басып бара жатқанын көресің. Бұндай қарапайым туылмаған адамдардың арасында менде бармын. «Қорқыт дүние есігін ашқанда жер бетінде алапат дауыл тұрыпты-мыс» деуші еді ғой. Сол сияқты мен өмірге келгенде қақарынан халық именетін Кеңес одағының қабырғасы қақырап құлап түсіпті… Тағы да сол тізімде біздің жынданып кеткен көршіміз бар…


Ол әйел педагог болатын. Жасы жеткен, еңбегі сіңген. Зейнетке шығуына алты-ақ ай қалғанда шенеунік баласының шекесінен шертіп, ол бала артынан әкесін ертіп… Ақыр аяғында мейірбан мұғалімін жұмыстан шығарып тыныпты. Әділетсіздікке тап болған әйел әділдік іздеп сабылып сарсаңға түседі. Сөйтіп жүргенде жалғыз ұлы істі болып темір торға қамалған. Ақыр аяғында қамқоршысы жоқ жесір әйел жынданып кеткен екен.


Көршіміздің жынды адамға тән ауытқушылығы оның қараңғы түнде тәтті ұйқыда жатқан көршілерін ән айтып оятудан басталған. Иә, жәй ғана ән айтудан. Дүйім халық баладай балбырап, қарттай қалжырап ұйқыға кеткенде ол дауысын созып, жыны қозып шырқайды-ай дейсің келіп. Онысымен қояр болса жақсы ғой. Жеті қараңғы түнде кімді балағаттап, кімді сабайтыны жұмбақ. Әйтеуір оның пәтерінен естілетіні боқтық сөз, шаң-шұң, сарт-сұрт еткен дыбыс. Жер бетіне адамдарды азғыруға келген албасты дерсің. Бір түрлі қорқып дірілдеп, ұйықтай алмаған соң үй-ішіндегілер өзара күбірлеп жататын болдық. Көрші-қолаң тынышынан, маубастар таңға жуық ұйқысын соғып, кешігіп қалып жұмысынан айырылды. Сол жынды әйелмен бірге біз де жынданатын болдық.


«Көршің соқыр болса бір көзіңді қысып жүр» дейтін бе еді?! Қысуға болатын жердің бәрін де қысып жүрдік қой. Құлағымызды тығындап қойып ұйықтадық. Болмады. Болмаған соң көршілердің баршасы жиылып оның үстінен арыз жазатын болды. Кәдімгі арыз. Апта сайын ақ парақтағы қара сиясын құрғатпай ашықтан ашық жазылып жатты. Көршілердің бастамасына шешемде қосылып әкемді қыздырған еді. Оған атам «Өзімен кеткір кәпір, өзімен кетсін. Нелерің бар сол бейшара қатында. Кейін өшігіп алып жүрер» деп әкеме тоқтау салды. Атамның байғұсты обалсынғаны болар деп ұқтық. Әкем көнді де біз арызданушылардың санатынан тыс қалдық.


Ән айтатын әдетін көршіміз екінші айға жалғағанда, түн ортасы ауған кез болатын. Дәлізде айғай-шу көтерілді. «Не болды екен» деп көзімізді тырналап атып-атып шықсақ. Шошақтау біткен қарны бар, көзі сығыр, тісі қисық, бұты талтақ полицей көрші әйелдің қоңыр есігін ұрғылап тұр. Мынау ашыңыз дейді. Анау ары жақтан «жоғал, әрі» деп қасарысып қояды. Есі ауысқан адамда ұят бола ма, болмай ма итім білер. Көршіміз қысылды ма әлде қызық көрді ме есігін ашты-ау. Полицей оң қолын шекесіне сәл ғана жақындатып өзін таныстырды. Сыртқы сұлбасы тойған мысықтай көрінген бәленің тегі «Тышқанбаев» екен.


- Азаматша, сіздің мұныңыз не? – деді ол әйелге сыпайы сұрау тастап.


- Мұныма не бопты – деді көршіміз түкке түсінбей.


- Сіздің мұныңыз тәртіп бұзушылық. Түнгі он бірден кейін тыныштық сақтау керек қой. Заңда солай жазылған. Ән салып халықтың мазасын алуыңызға жол болсын… – деп полицей қатуланды.


- Ән салған жалғыз мен бе екем, айналаңа қарасаңшы. Не бір зәулім үйлердің асты да, үсті де таңға дейін тыным алмай тойлай беретін мейрамханалар. Соны сен неге көрмедің?. . Алдымен соларды түзетіп ал да маған келші, жарқыным. Жалғызды жөнге салу қашанда оңай ғой – деді де көрші әйел есігін тарс жапты. Шарасыз Тышқанбаев «тфу» деп түкірді де жөніне кетті.


Ол ол ма. Арада бір ай өткен соң «қуырдақтың көкесін» қураған ағаштардың құлағанында көрдік. Балалар көлеңкелеп ойнайтын аулада тұрған ешкімде еш жұмысы жоқ ағаштарды көрші әйел шетінен балталап шауып құлата бастасын. Ұясына жылан өрмелеген балапандай шуласып, тәртіп сақшысы Тышқанбаевқа тағы жүгіндік. Оның шошақтау қарыны шартиып жеткенше жынды әйел он ағашты отап үлгерді. Тышқанбаевтың ұшып келгені болса керек, қызарақтап жетті. Жынды әйел мен полицейдің де амандасулары қысқа қайырылды.


- Тағы сіз бе – деді Тышқанбаев


- Тағы да сен бе! – деді біздің көрші. «Сенен басқа естілеу жан жоқ па» дегендей таңырқай қарады.


- Мынауыңыз не, тападай тал түсте ағаштарды шауып жатқаныңыз. Бұл ағаштардың жазығы не – деп Тышқанбаев айналасына жалтақ-жалтақ қарап қойды. Жынды әйелдің қашанда жауабы әзір тұратын сияқты. Бастырмалата сөйлей жөнелді.


- Ағаш шауып жүрген жалғыз мен бе? Олай болатын болса, қаланың шетіндегі қарағайлардың не кінәсі бар. Оны да дәл мен сияқты екі аяқты пенделер шетінен құртып жатқан жоқ па, сен соларға барып айтып көрші «мыналарың қалай?» деп. Айта алмайсың. Сендердің заңдарың мына мен сияқты маңдайынан соры сорғалаған қамқорсыздарға ғана жүреді. Ал шауып жатырмын. Олар қарағай құлатса, мен кәрі қайыңдарды құлаттым. Неғыл дейсің маған? Алаңға апарып атып тастасаң да құзырың жетеді. Өзің біл – деп көршіміз шімірікпестен шап ете түсті. Тышқанбаев тосылып қалды білем. Аз-маз қыбжықтап, ырғалып тұрды да:


- Азаматша, сөзді қойыңыз. Олар ерігіп жүрген адам емес. Халыққа қызмет етуде. Құлатқан ағаштарынан небір тұрмысқа керекті зат жасап шығарады. Ел үшін керек нәрсе. Сол құлаған ағаштардың бізге пайдасы бар. Сіздікі не мынау қып-қызыл зияннан басқа… – деп Тышқанбаев сөзін соза бастап еді, оған жынды әйел тайсалмады.


- Мен ерігіп жүрмін бе, менің де ісім пайдалы. Бұл ағаштар жерде қалады деймісің.  Мен бұны анау тұрған моншаға апарып беремін. Есесіне соның жылуына халық жуынып, кірін кетіретін болады – деді де қолындағы балтасымен өзі құлатқан жуан ағаштарды бұталай бастады. Тышқанбаев тағы шарасыз күй кешті. Біз көршілер ешкімді де жақтай алмадық. Жынды көршіміз айтқанында тұрды. Біздің көшені екі аялдамадай жоғары өрлегенде жеке меншік жұпыны монша болатын. Әйелдің қолымен шабылған ағаштар сол жерден орынын тапты. Біз қуандық. Сол ағаштың буымен екі рет тегін моншаға түсіп кірімізді езігілеп алдық.


Осы оқиғадан кейін Тышқанбаевтың ісі шығар көршімізді жындыханаға төрт айға алып кетті. Әй, бір қуандық асыр салып. Ол әйелді жындыханаға алып кеткен күні көршілер қауқылдасып, бір-бірінен сүйінші сұрасып жүгірді. «Ана қатынды бақандай төрт айға жауыпты» деп біреуінің аузы көпірсе. «Ой, сол бір әдірем қалғырды содан әрмен көзін құртса екен» десіп екінші біреуі лепіреді. Содан үшінші біреу тілегін айтып, төртіншісі оны қостап, бәрі қуанды. Тек атам ғана үндеген жоқ. Апам өмірден бүгін қайтқандай тыпыршып қалды…


Мазаны алатын адам жоқ. Ұйықымызды қандырып жетісіп жүрдік. Жегеніміз жұғын, ішкеніміз іркіліп май болды. Бір жылға жуық ұйқы көрмей жүрген көршілер төрт айдың ішінде семіре бастады. Тіршілігіміз қайнап, көзіміз жайнап рахат күндер кештік. Қашанда жақсылық тез түгесіледі емес пе, зымырап төрт айдың өткенін сезбедік. Көршіміз оралды. Біздер момақанси қалдық. Бір жақсысы көршіміз ән айтуын қойыпты. Тек адамға қарағанда өткір жанары өңменіңнен өтердей бір түрлі суық тартқан. Атам да ол кісіге көп жолағыштай бермейтін болды.


Бірде қыстың қақаған түнінде көршілер бір-бірінің есіктерін ұрғылап оята бастады. Бізді келіп оятқан үстіңгі қабаттағы Ауған соғысының ардагері Тұраш аға еді. «Батырға да жан керек» қой енді. «Ой-бай-й өртенеміз, далаға қашыңдар» деп жуан әрі зілді дауысымен гүж-гүж етеді. «Өрт» деген соң жан қалсын ба, бұтымыздағы екі елі лыпамыздың сыртынан жамылып жатқан көрпемізге орана салысымен далаға ытқи жөнелдік. Ауланың іші толған адам. Біздер шығып ес жиып үлгергенше өрт сөндіруші машина келіп тоқтай қалды. Үйдің қай бұрышы өртеніп жатқанын өз басым аңдай алмадым. Қорқынышты түс көргендей діріл қағып тұра бердім. Машинадан секіріп түскен өрт сөндірушінің даусы үрейленіп:


- Өрт қайда, қай пәтер өртеніп жатыр – деген еді. Оған Тұраш аға жөн сілтеді:


- Өртеніп жатқан бірінші қабаттағы екінші пәтер «Екінші пәтер, жынды әйел тұратын, өліп қалмаса, игі еді». Мен алғаш рет көршімізді аяп кеттім. Біраздан соң өрт сөндірушілер бригадасының бастығы қайта айналып шықты.


- Өртеніп жатқан ештеңе жоқ. Бекерге байбалам салып жүргендерің қайсыларың, пожарныйды несіне шақырасыңдар осы… – деді де тағы бір ұғынықсыздау бірдеңелерді айтып бара жатты.


- Өрт болмаса несіне шықтық


- Өй, не болды екен ә…


- Е, баяғы ана жынды қатын тағы бірдеңе ойлап тапқан шығар жүріңдер бара көрейік – деп Тұраш ағай аңтарылып тұрған көршілерді дереу бастай жөнелді. Қызығушылық жеңген көршілер желдей есіп, бір-біріміздің жолымызды кесіп жетіп барсақ. Түбіт шәлісіне оранып алған жынды әйел пәтерінің ішінде от жағып отыр. Сүйіктісінің алдында қысылған бозбаладай дағдарып, тосын көрініске таңырқап қалдық. Біз есікті ашып кіре бергенде пәтердің ішіне толып алған әппақ түтін есіктен сыртқа қарай қаша жөнелді. Отқа маздап жанып жатқан кірпіштей-кірпіштей қалың кітаптар екен. Қайдан құлағдар болғаны беймәлім Тышқанбаев келді. Үймелеп тұрған халықты кимелей өтіп, көрші әйелге жетіп барды. Екеуінің жаттанды болған сол баяғы амандасулары:


- Тағы да сіз бе?


- Тағы да сен бе?


- Елді дүрліктіріп. Адам секілді өмір сүре алмайтын болдық қой осы – деп кейісті үнмен Тышқанбаев бәлсінді.


- Ие, не бүлдіріппін тағы мен – деді көршіміз орнында қозғалақтап қойып. Ашуланып тұрған Тышқанбаев одан әрмен өршеленіп:


- Мына отырысыңыз не, бұл сіздің жеке пәтеріңіз болса да, жер үй емес қой. Неге от жағасыз. Осы үйде тұратын бүкіл ел ұйқыда жатқанда қырылып қалса қайтесіз. Өкіметке қанша шығын келмек. Соны ойласаңыз етті – деді Тышқанбаев маңында маңғазданып тұрған бір-екі кісіні нұсқап.


- Жаным-ау… – деді де жынды әйел отқа шетелдік бір жазушының қалың томдығын тастап жіберіп қайта сөйледі – «Өкімет» деп өңешің үзілердей өңмеңдей бермеші. Мен бұл адамдар өртенсін деп жүргем жоқ қой. Пәтерім суық. Сондықтан өзімнің өмір бойы жиған-терген кітаптарымды өртеп, жылынып отырмын. Отқа жанса да кітаптың пайдасы тиіп жатыр. Өкімет өздеріне шығын келмесін десе біздің пәтерімізге жылуды аямай берсін. Ал ажал жетсе өлетін адам мынандай суық үйде үсіп те өліп қалады ғой – деп ыржалақтай күлді жынды әйел. Тышқанбаев оның ваннасында тұрған бір шелек суды лапылдап жанып жатқан кітаптардың үстіне лақ еткізіп құя салды. Көрініс көрушілер тез тарап кеттік. Жынды әйелдің айтса айтқанындай біздің пәтерлеріміз шынымен де суық еді. Бойында қызуы бар жастарға білінбеуі мүмкін. Ал атам пимасын шешпестен қорылға басатын еді.


Қылышын сүйретіп келген қыс қылышын сүйреткен бетінде кетіп тынды. Бір күні көктемге тақау біздің көршімізге ермек болсын деген болу керек. Әлдебіреулер оның есігінің алдына екі қара күшік салынған қағаз қорап қойып кетіпті. Өз нанын әрең тауып жүргенде ол күшіктерге азық қайдан болсын қарыны шұрқыраған күшіктер мазасыз қыңсылай беретін. Ал көршіміз олармен үздіксіз сөйлесіп жүреді.


- Күшігім, несіне қыңсылай бересің. Анаңды сағынып кеткен боларсың – дейді жайбарақат. Күшіктерде өз тілінше сөйлеп береді. «Қаңқ-қаңқ».


- Күшігім, анасынан айырылған жалғыз сен бе. Қыңсылай бермеші. Қазір безбүйректер көбейген заман. Иттерді қойып адамдар да баласын далаға тастап безіп жатыр. Далаға тасталған сендердей күнәсіз сәбилер де көп – дейді тағы көршіміз құшағына басқан оларды жұбатқан болып. «Қаңқ-қаңқ» етіп күшіктерде қоймайды. Оның сөзін түсінген сәбидей шыр-шыр етіп жылайтынға ұқсайды да тұрады.


Оның пәтерінен естіліп жататын осынау сөздерге көршілер соншалықты таңырқай қоймады. «Жындының аты жынды ғой» деп күңкілдесті оңашада. Түн баласында әуелетіп ән айтқаннан жақсы ғой бұл…


Көктемнің көңілді марқайтар шуақты бір күнінде біздің көршімен атам екеуі аулада жолығысып қалды. Есендік-саулық сұрасқан соң тез шүйіркелесті. Мен де сол жерде болатынмын. Жайланып отырып алған көрші әйел:


- Ата, түнде мен түсімде ұлымды көрдім – деді бірден солыңқы жүзі нарттай жанып. Атам не десін үнсіз ғана басын изеді.


- Ол тірі екен деймін. Түрмеден босап келіпті. Айтпақшы, сізде келіпсіз.


- Қайдан? – деп атам қолапайсыз қозғалып кетті.


- Қайдан болушы еді. Қонаққа келіпсіз деймін құттықтап.


- Е, енді көршілердің бәрі де келген шығар – деп атам сабасына түсе бастады.


- Иә бәрі келіпті. Сіздің мына немереңіз де сонда жүрді – деп көрші әйел сұқ саусағын шошайтып мені көрсетті. Оның сұсты реңімен қоса оқыстау қимылынан сескеніп өнебойым бір түрлі тызылдай жөнелді.


- Ояна келсем түсім екен ғой… – деді де танауының ұшы жыбыр-жыбыр еткен соң, ыңыранып жылап қоя бергені – Ата, менің ұлым нақақ қан жүктеді, кінәсіз еді… Түрмеде өліп қалды ғой сорлы… Ақтап алмақ болып өзімнің шәкіртім бар ғой… Анау қалалық соттағы… Соған барғам, ақшаға сатылып кетіпті… Мен оған өмір бойы әділ болуды үйреткенмін… Қараңызшы, біздің қоғам, адамдар неткен әділетсіз… Неткен қатыгез – деп қалған сөздерін үздіге отырып әрең бітірді. Атам да, мен де қатты ыңғайсызданып не тұрып кетудің орайын таппай омалып отыра бердік. Аз бөгелістен соң:


- Сен осы біздің елді қайтесің, өзіңнің орыстарың сияқты Ресейді аңсап жүрген боларсың. Егер Отаныңа ораламын десең біз жәрдемдесейік – деді атам оны жұбатпақ ниетте сөз аңғарын басқаға бұрып.


- О-йй, ата, сізде айтасыз. Мен Мәскеуді қайтемін. Біз тұратын көше Чехов. Ал анау ар жағындағысы Толстой, одан Гоголь. Дүкендер, базарлар, біз бара бермейтін саябақтар бәрінде орысша атаулар. Мұндағы кез-келген адам орысша біледі. Қиналмай өмір кешесің. Бұның Мәскеуден не айырмасы бар. Бұл қала менің Мәскеуімнен де артық – деп көңілденіп кеткен көршіміз кеудесін түйгіштеп-түйгіштеп қойды. Мен күліп жібердім. Атам күлген жоқ, ұзақ ойға шомып қалды. Қош айтысқан көршісіне де ештеңе демеді. Ұ-з-ақ ойланды.


Сол бетінше біз көрші әйелді көрмедік…


Жаздың соңына қарай нағашымның ауылына қонаққа барып, екі жұмадай дем алып қайттық. Атамның құдалары, әкемнің қайын жұрты, шешемнің төркіні, менің нағашы жұртым болған соң бұлай бөгелмесіңе еш амал жоқ еді.


Келген соң қайғылы хабар естідік. Біздің есі ауысқан көршіміз бір жұма бұрын қайтыс болыпты. Мазамызды алса да, жуылмаған, жалбыр-жұлбыр шашымен жалмауыздай қорқынышты болып жүрсе де «өкпеге қиған адамды, өлімге қия алмадық».


Үш ай өткен соң біз тұратын үйдің бұрышына марқұм көршімізге арнап оның оқушылары ескерткіш-тақта орнатты. Жынды әйелдің көршілері ескерткіш-тақтаға қарауға бір түрлі сескенеді. Көршіміз бір бұрыштан әнін салып немесе қолына балтасын алып тұра жүгірердей қорқынышпен қарайды. Ескерткіш-тақтада: «Бұл үйде аналық мейрімін төккен үлгілі ұстаз Татьяна Асылзадаевна тұрған» деген жазу бар. Бейтаныс адамдар осы сөзді оқып сол жерден тебіреніп кетіп жатады.


Әділеттілік аңсап өткен әйел үшін бұл өте әділетті іс болған шығар.


…Сіз де әділеттілік аңсап жүрсіз бе?

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар