Ақылбек Шаяхмет: Оймақтай ойлар

Бөлісу:

17.06.2016 6329

Мінажат


 

 

Ақылбек Шаяхмет.jpg

Бісімілла, рахман-рахим!

«Мадақ айтып бас иеміз Жаратушы Аллаға, Рақымы мол, мейірімі шексіз сол ғана,

Қиямет-қайымның жалғыз әміршісі де сол ғана...»

Өткінші өмірде ғибратты ғұмырын инабатты, ғидаятты сүрген бар. Өткен іске өкініп, Хақ жолына бекініп, тәубаға келген бар.

Жарық жалғанда қараңғыға қамалып, сенімі жоғалып, айдалада адасып жүрген бар.

Пенденің Аллаға құл екенін білмеген бар, білген бар. Құдіретті Жаратқан!

« Тек саған ғана мінажат қылып, жалбарынып өтеміз, Тек сенен ғана медет-жәрдем күтеміз.

ҚаҺарына ұшырап адасудан сақтай көр, Нығметіңе бөлеп, тура жолға бастай көр!»

 

Қандай шебер Жаратқан!

 

Қалам мен Қағаз. Қылыш пен Қынап. Тамыр мен Бұтақ. Бірінің бірінсіз күні жоқ. Бірақ, адамға сыры мәлім. Қаламның қағазға көзі түспесе, соры қалың. Қағазға қаламның ізі түспесе, көңілі жарым. Қылыш қынап болмаса, жалаңдап тұрады, қынап қылыш болмаса, алаңдап тұрады. Тамырсыз ағаштың жапырағы жайқалмайды, бұтақсыз тамырға қан жүгіргені байқалмайды.

Осыларды бір біріне қаратқан – қандай шебер Жаратқан!


 

 

Алладан күнде тілеймін


 

 

Өткінші – қылған іс, өсек сөз – былғаныш, қасірет – қызғаныш болса, той-думан – жұбаныш, отбасы – қуаныш, қатар жүрген, қызық көрген дос- жаранға – мың алғыс.

Басым аман, асым адал болса деп, Қыдыр қонса, бағым мәңгі жанса деп Алладан күнде тілеймін.

Ден сау болып, ұзақ ғұмыр сүрсем деп, үйім толып, жерді басып жүрсем деп Алладан күнде тілеймін!


 

 

Түсінбеймін


 

 

Мойынын қамытқа салып тұрып, «Құдай басқа салмасын!» – деп қамыққандарды түсінбеймін.

Қуат-күші бар болса да, жадап-жүдеп тірлік кешкеніне өзін кінәламай,

«Құдай салды, мен көндім»» – дегендерді түсінбеймін.

Кездейсоқ тап болған жағдайды көріп тұрып, «Құдай неге көрмейді?» – деп Жаратқаннан жақсылық дәметкендерді түсінбеймін.

Бес парызын орындай алмаса да, кісіге жасаған жақсылығын міндет қылып, «Құдай көріп тұр ғой. Жұмаққа мен бармағанда, кім барады?!» – дегендерді мүлде түсінбеймін.


 

 

Жаным ашиды


 

 

Торға шырмалған құсқа, ауға түскен балыққа, орға құлаған аңға жаным ашиды.

Жалғыз өскен талға, бақташысы жоқ малға, батасы жоқ шалға, атасыз өскен балаға жаным ашиды.

Ана сүтін ембеген, ата тәрбиесін көрмеген сәбиге, отбасынан тәлім- тәрбие алмаған бойжеткенге, ауылынан алысқа ұзап бармаған бозбалаға жаным ашиды.

Қарауындағылар тілін алмаған, өз балаларын да жөнге салмаған бастықтарға жаным ашиды.


 

 

Не пайда?!


 

 

Көйлек тігер торқа,бөзді сандықтан шығармай, шіріткеннен пайда жоқ.

Көңілдегі көрікті сөзді ауыздан шығармай, іріккеннен пайда жоқ. Тамыры терең бәйтеректі көзге ілінбейтін құрт-құмырсқа сұлатады. Мызғымай тұрған тұғыр-тіректі жұрт елемейтін сыбыр-күбір құлатады.


 

 

Тарихта қала ма ?!


 

 

Қой қамаған қораға ешкі кірген, атты әскер мен пілді де пешкі көрген заманда елде жүрген естілерден естір сөз ескерілмей, еленбей қалады екен. Жағымпаздар жарысы қызған сайын жазғыштардың жолы болады екен. Бірақ, солар, аты шықпай жер өртесе де, тарихта қала ма екен?!


 

 

Ер және ез


 

 

Күндізгі істерін қас қарайғанға дейін созбаған, кешегі берген уәдесін ертеңіне бұзбаған, жаманшылықты көзі шалса, жүрегі сыздаған кісіні ер десе жарасады.


 

Мансапқа жеткен кісіні өліп-өшіп мақтаған, аярларды жақтаған, адамдықтан аттаған кісіні ез десе жарасады.

Елі үшін тер төккен, жері үшін қан төккен кісіні ер десе жарасады. Қарақан басын ойлаған, қанша жесе тоймаған кісіні ез десе жарасады. Ездер еңсеңді басса, ерлер рухыңды көтереді.


 

 

Оңайдан олжа тапқандар


 

 

Қаңғыбас итті тазы деп, бір кесек майды қазы деп жүргендер жалы жоқ қаншырды арыстан, қоян алатын халі жоқ қаншықты арлан деуден де тайынбайды. Тұлпар болмаса да тарлан атын алғандар, сұңқар болмаса да тырнағын құсқа салғандар аз емес. Олар көбейген сайын теперіш көретін жүйріктер мен қырандардың да жағдайы мәз емес.

Оңайдан олжа тапқандар жабыға жабу жапқысы келіп тұрады. Абыройын сатқандар ағайын арасына от жаққысы келіп тұрады. Жүрегіне шам жаққандар ғана кісі көңілін тапқысы келіп тұрады.


 

 

Ұлттың тілден алыстауы – сөз бен істің қабыспауы


 

 

Теледидардан тіл ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан көрнекті қазақ ғалымы туралы хабар жүріп жатыр. Әкесі туралы ұлдары мен қыздары орыс тілінде сұхбат беріп, оны тілші қазақ тіліне аударып, диктор қазақ көрерменіне аударып беріп жатыр. Бұл не деген сұмдық?!

Бірақ, осы көріністі күнбе-күн көріп жүрміз. Шенеуніктерді былай қойғанда, ана тілі арқылы күнін көріп жүрген ғалымдардың балалары, ақын- жазушылардың балалары, қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің балалары орыс мектебінде оқиды, орыс тілінде сөйлейді, немерелері шет мемлекетте оқиды, шет тілінде емін-еркін сөйлейді. Соған ата-анасы да мәз, өздері де мәз.

Сол теледидардан тағы бір тілшінің «көңіл айтуды білдірді» деген сөзін естідік. Орыстың «выражаю собелезнование» дегенін аударған түрі. Мына қалыппен мемлекеттік тілді түгел меңгеруге тағы бір ғасыр керек болатын шығар.

Ұлттың тілден алыстауы – сөз бен істің қабыспауы. Сөз жүзінде қазақ тілін дамытайық деген қайраткерсымақ іс жүзінде ана тілін өзге тілден кем көрсе жағдай қайдан түзелсін?! Сөзі басқа адамның ісі басқа болған соң олардан қандай үлгі-өнеге алуға болады?!


 

 

 

Мұнысы несі?


 

 

Атшаптырым жерге биесауым уақытта жетіп келетін қазақтың түйетанымы зорайып, есекдәмесі ұлғайып, ешкікөзденіп шыға келетіні несі?


 

Құйысқанға қыстырылып, маймылбеттеніп, күзендей кектеніп, өзінің қылғанын біреуден көретіні несі?

Істің аяғын сиырқұйымшақтатып, мысықтілеуін ішіне бүккен қоянжүректің түлкібұлаңға салатыны несі?

Текетірескен екі қошқардың басы бір қазанға симай қалатыны несі? Қой мінезді қазақтың итжандылығын мақтан қылатыны несі?


 

 

Көбейді...


 

 

Жерім деп елжіремейтін, туған тілін менсінбейтін, ішкен мен жегенді, дәрет сындыруды ғана білетін жануартектестер көбейді.

Елім деп еміренбейтін, еңбектен ат-тонын ала қашып, елден тілейтін тілемсектер көбейді.

Төрелер келсе елпеңдейтін, жалпаңдаудан жиіркенбейтін, өтірік айтса өкінбейтін ойы келтелер, майлы желкелер көбейді.

Аузы көпірсе де тоқтамайтын, ана сүтін ақтамайтын, жақсылықты жақтамайтын, ар-ұятын сақтамайтын азғындар көбейді.

Ата-баба дәстүрін қадір қылмайтын, қиындық көрсе сабыр қылмайтын таяздар көбейді.

Естіген жұрт не дейді?!


 

 

Бір қарын май


 

 

Компьютердегі әрбір файл немесе қоржыным сары майды тығып қойған қарын тәрізді. Тек солардың ішіне абайсызда құмалақ түсіп кетпесе екен деп қауіптенемін. Қайтадан сүзіп, ой елегінен өткіземін. Тұзы татымай жатса, тұз қосып, қалпына жеткіземін.

Кейде қаймақтан май шайқап, сары суын да сарқып аламын. Кейде көбігін де қалқып аламын. Қалам қуатына қанша сенсең де, шығармаларды елеуіштен өткізудің пайдасы болмаса, еш зияны жоқ.


 

 

Өлшем және мөлшер


 

 

Күн көзі қызып тұрса – сүйіндіреді, қатты күйдіріп кетсе – күйіндіреді. От қалыпты жанса – жылытады, қатты жанса – өртке айналады, құртады. Су арнадан асса – тасып кетеді, аспай қалса, ақпай қалса, сасып кетеді. Жауын ұзақ уақыт жаумай қойса – зарықтырады, қоймай жауса – жалықтырады.

Байқап тұрсаң, бәрінің өлшемі бар. Сол себепті әр заттың мөлшері бар. Қаламгерге қойылар басты талаптың бірі – аз сөзге көп мағына сиғызу,

айтар ойыңды әсерлі жеткізу. Кейбір жазушылардың қалың-қалың томдары беті табақтай, қарны қабақтай семіз кісілерді көз алдыма әкелгендей болады. Оқи бастасаң, мылжың сөздерден мезі боласың.

Нағыз қаламгер дәріхана қызметкері секілді әр сөзді, әрбір сөйлемді елеп-екшеп, өлшеп қолдануы керек. Не бір тамшы су, не бір тамшы у артық болып кетсе, ол дәрі ішуге жарамайды ғой.


 

Ал нағыз редакторды оташыға ұқсатамын. Ауру сөзді қырқып-жонып, ауру сөйлемді түзеп, күзеп, артық майын сылып тастаса, оның шығармаға пайдасы болмаса, зияны жоқ.


 

 

Ем мен у


 

 

Жаңғақтың дәні, бұлақтың суы, араның балы, жыланның уы – еппенен ішсең – ем болар.

Тып-тыныш жүрмей, мөлшерін білмей, талғаусыз жұтсаң, бойыңа сіңбей, он екі мүшең кем болар.


 

 

Өз басынан аспаған


 

 

Өз басынан аспаған, арды жиып тастаған Құлқынбайлар, сөздің майын сапырған, тек көбігін қатырған Мырқымбайлар, туған елі көнсе шын, түсіріп тек еңсесін, ырқын байлар, көптің өзін аз көріп, жегеніне мәз болып, жұртын емес, ұртын ойлар.


 

 

Өзгерген сөздер


 

 

Кейінгі уақытта «Ер жігіт мал тапқанмен не болады, Құдайым бір жағынан құрамаса» – деген жолдарды жиі естиміз.

Естігенге ешбір қатесі жоқ секілді. Алайда, сөз түбіне үңілсеңіз, үйдегі қажетіңізді өзіңіз жимасаңыз, кез келген бұйымды Алла құрамайды ғой. Осы орайда Нұржан Наушабайұлының:

«Домбыра күйге келмес бұрамаса, Кім білер кімнің жайын сұрамаса, Ер жігіт мал тапқанмен не болады,

Жұбайы бір жағынан құрамаса» – деген шумағы ойға оралады.

Шынында да, ер жігітті Алласы қолдаса да, оның тапқанын ұқсататын жанындағы жұбайы емес пе?! Біздің ойымызша, Нұржанның осы жолдары қанатты тіркеске айналып кеткен. Кейін сөз мәнін жете түсінбейтін кездейсоқ біреулер оны өзгертіп, «жұбайым» сөзін «құдайымға» ауыстырып алған.


 

 

Қазақылық пен қазақшылық


 

 

Назар салсаң қазақылық ғұрыпқа, қазақшылық дайын тұр ғой шым- шытырық шылыққа. Қазақшылық жақын тұрар бір табан мипалаудай араласқан былыққа. Бірақ, нағыз қасиеті қазақтың қазақылық екендігін ұмытпа!

Өзімнің бір өлеңімде: «Білгенімен қазақшылық былықты, білмейді тек қазақылық ғұрыпты» – деп жазғаным бар.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: Қазақылық – нағыз ғұрып.

Қазақшылық – шылық-былық.


 

Бір атаның балалары


 

 

« Мемлекет дегеніміз – үлкен отбасы, ал отбасы дегеніміз – шағын мемлекет». Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций осылай деген екен. Қазақ ақыны Қасым Аманжолов:

«Семья – шағын мемлекет,

Мен – Президент, сен – Премьер, Артым саған көп міндет,

Премьер жолдас, бер пример!» – деп жырлаған.

Қазақтар әдетте бойдақтарды жарты деп атайды. Ал сол жартының тағы бір баламасы «жарым» деген сөз. Ол ақылы толыспаған, жартылай кем дегенді білдіреді. «Екі жарты – бір бүтін» дегенде екі жартыдан бір бүтін құралатыны, ер мен әйел қосылғанда барып отбасы пайда болатыны айтылып тұр. Орыстың «брак» (неке) деген сөзінің де түркілік тамыры бар.

«Бір-ақ» сөзі «бірге болайық, бір болайық» дегенді білдіреді. Ал «брат» немесе «братань» – бір атаның балалары деген сөз.


 

 

Көре алмау


 

 

Жамандар жақсыларды көре алмайды.Қараңғылар жарықты көре алмайды. Неге? Өйткені, олардың көздерін шел басқан.

Талантсыздар дарынды көре алмайды. Өйткені, өздерін дарындымыз деп ойлайды. Көре алмау деген қызғаныш қана емес, көре білетіндерге жету үшін жанталасқан жанбағыс, жүйріктердің алдына шықсам деген есекдәме, алданыш. Олар сонымен-ақ күн көреді. Шындығында күнді көрмейді, күн кешеді.

Көре білетіндер көргенді, көре алмайтындар көргенсіз болады.Көре білу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Ал көре алмайтындар басың көрге кіргенше таусылмайды.


 

 

Оқырман, тыңдаушы және көрермен


 

 

Оқырман оқиды, оқығанын көңіліне тоқиды, тоқығаны бір ғұмырға татиды.

Тыңдаушы тыңдайды, жақсы сөзді санасына сіңіреді, жаман сөзді бір құлағына кіргізсе, екінші құлағынан шығарып жібереді.

Көрермен көреді, көргеніне сенеді, жақсыларға еліктеп, өзі де сондай болғысы келеді.

Бірақ, ойланбайтын оқырман, көпірме көбік сөзге қол соғатын тыңдаушы, көргеніне көзақы сұрайтын көрермен көбейіп барады.


 

Каскалар мен маскалар


 

 

Касканы жауынгерлер жаудан қорғану үшін, құрылысшылар кездейсоқ апаттан сақтану үшін киетіні белгілі. Велосипедшілер, мотоциклшілер, хоккейшілер де каска кимей жарысқа шықпайды. Өрт сөндірушілер мен судан құтқарушылар каскасы да өмірді сақтау мақсатын көздеген. Танкистер мен ұшқыштардың бас киімдері (шлемдері) де каска мен масканың қосындысы.

Масканы кісінің беті-жүзін жасыру мақсатында карнавалдарда, театрда, медицинада және спортта қолданған. Жын шақырған бақсылар да бетперде киіп зікір салатын.

Қазір касканы полицейлердің басынан көреміз. Өйткені, олар көшедегі азаматтардан қорғанады.

Масканы қарақшылардың бетінен көреміз. Өйткені, олар беттерін көрсетуге арланады.

Кейбір аярлар жолыққанда бетіне қарап күліп тұрады. Бірақ, бетіне маска кимесе де, маска киіп алған адамдай, ар жағында былық тұрады.

Касканы дос қана, масканы қас қана киеді екен деп те ойламаңыз. Маска мен касканы қатар қолданатындар тіпті көбейіп кеткен секілді. Каска мен масканы басқалар кисін, менен аулақ жүрсін деу де қиын.

Жар астында жау жоқ демеңіз. Басыңызда каска болсын. Елдің бәрін дос санамаңыз. Бетіңізде маска болсын.


 

 

Тиын мен Теңге


 

 

Бір отырыста жүз теңгелік Тиын мен он мыңдық Теңге сөзге келіп қалды. Отырысты жүргізіп отырған Тиынның: «Теңге тиыннан құралады» – деп сөз бастауы Теңгеге жақпай қалды.

– Әй, балақай! – деді ашуға булыққан Теңге. Мына сөзді менен басқа ешкім естімейтін болсын. Дүкендердің сатушылары алдымда құрақ ұшады. Тіпті Банктің өзі мені құрметтейді. Сонда сен өзіңді кім деп білесің.

Тиын да бірбеткей еді.

Ағатай-ау! Тиын болмаса, сіз екі аяғыңыз аспаннан салбырап түспеген шығарсыз, – деп еді, Теңге тіпті құтырынып кетті.

Мен баспахана бояуы әлі кеуіп үлгермеген Теңгемін. Судай жап-жаңамын. Мен байлардың жанқалтасында жүремін. Сен болсаң қайыршының дорбасында жүресің.

Тиын не күлерін, не жыларын білмеді.

Менен атағыңыз басым болса да, құныңыз көп болса да, Сіз еуро мен доллардан аса алмайсыз ғой, – деп еді.

Жә, тіл мен жағыңа сүйенбе. Қазір менің дәуренім. Ал сенің қолыңнан шылдырлағаннан басқа не келеді. Көп болса дүкеннен шырпы немесе сағыз алуға ғана шамаң келер, – деді Теңге.


 

Ұсақ ірі болмайды деп ойлама. Алыптар майдаланбайды деп ойлама, сіздің түбіңіз қағаз, менің түбім қалайы, – деді Тиын. Теңге аузын аша алмай қалды. Тиын болса:

Тиын ауыр ма? Теңге ауыр ма? Теңгені тиынға айналдыру оп-оңай. Тиыннан теңге жасау қиын. Ұсақталу оңай. Ірілену қиын. Ұсақ-түйекті ұсақ ақшаға да сатып алуға болады. Тиынды жақтырмасаң, теңгең көбеймейді. Тиыннан теңге құралады. Теңге тиын болмаса суалады, – деп бастырмалатып барып тоқтады.

Талас соңы не болды дейсіз бе? Теңге де тозды. Ақыры жыртылды.

Тиын болса озды. Жылдар өткенде мұражайдан орын алды.


 

 

Біздің қазақ ала ауыз


 

 

Күнбатыста бір дұшпан, Күншығыста бір дұшпан көзін қадап тұрса да, біздің қазақ ала ауыз, дәме қылып жыртыстан, бір бірімен қырқысқан.

Жем келер деп қай тұстан қоңыз қиды теріп жүр, өрмекшілер өріп жүр... Жер бетінде сұр тышқан, жер астында көртышқан өлмес күнін көріп жүр...

Жетім қозы тасбауыр, өзге енені еміп жүр...


 

 

Шапалақ


 

 

Шапалақтың да түр-түрі бар.

Ырза болып, қол соқсаң – қошемет. Оның пайдасы өте көп. Ыза болып, күйінсең – ренжіткен кісіге қарсы әрекет.

Көрермен алақаны қызғанша қол соқса – сүйініштің белгісі. Қыз жігіттің бетінен шапалақпен осып өтсе – күйініштің белгісі. Бірақ, сол шапалақ қыз арына қорған болатынын ұмытпа.

Қайта-қайта қол соғудың да жалған болатынын ұмытпа. Кейбір шапалақтың ар жағында айқай тұрады.

Кейбір шапалақтың тасасында шайтан тұрады.


 

 

Ханқамау


 

 

Ханқамаудың ойыны көп кісіге бағалы. Ойнағандар әлбетте содан рақат табады. Ханқамаудың ғажабы – ойыншылар әскерлердің тажалы. Қатардағы сарбаздардың көп болса да ажалы, төменде қалған сарбаздар ұмтылады жоғары. Сол сарбаздар сәті түссе піліңді де, атыңды да жеп алады. Тайынбайды тап беруге ханға да, ашылғанда араны. Босағада тұрған әскер төрге шықса егер де, уәзірдің де орнын тартып алады. Бір сөзбен айтқанда, шабуылдаушы да, қорғанушы да кінәлі.

Ал осының барлығын орынына қоюға жетер ме екен шыдамы, бар ма ханның амалы?!


 

Менің ойымша, шамалы!


 

 

Ағарту және жарық беру


 

 

Мемлекет қазынасынан халықты ағартуға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Қалаға жарық беруге миллиондаған қаржы беріледі.

Нағыз жазушының еңбегіне неге осындай қаржы берілмейтініне таң қаламын. Олар да прожекторлар секілді ағарту және жарық берумен айналыспай ма?


 

 

Сылақшылар мен құрастырушылар


 

 

Чехияда суретшіні сылақшы (маляр), ал ақынды құрастырушы (слагальщик) деп атайды. Графомандарға қарата айтылған сөз секілді әсер етеді. Шынында да нағыз суретшілер сурет салады, ал кемталанттар сылап қана қоймайды, кенептің өзін бүлдіреді. Нағыз ақындар жыр шығарады, кемталанттар сөз құрастырады. Айырмашылығы осы ғана.

Жазушы деген сөз жазудан шыққан. Ерінбеген етікші болады. Ұялмаған өлеңші болады. Екінің бірі өлең жазады. Нағыз жазушыны қалай танимыз? Әлде оларды басқаша атау керек пе?


 

 

Болт пен гайка


 

 

Жаратушы әуел баста бұл өмірдегі барлық жан-жануарды, өсімдіктерді жұптап жаратқан. Осы бұлжымайтын заң әлімсақтан жалғасып келеді. Тіпті тіршіліктегі түрлі бұйымдардың өзі жұптан құралған. Сыңар етік, сыңар қолқап болмайды.

Жұп болмаған жағдайда серік болады. Ине болмаса түйме тағылмайды, балға болмаса шеге қағылмайды. Хоккейде доптаяқ пен шайба қатар аталса, биллиардта тастаяқ пен биллиард тасы, теннисте ракетка мен шар қатар жүреді. Бірінің бірінсіз күні жоқ, қатар жүрсе, мұңы жоқ. Жалғыз қалса, құны жоқ болып шығады.

Сол заттардың ішінде судағы, көктегі, жердегі түрлі ғимаратта, көлікте пайдаланылатын болт пен гайканың орны бір бөлек. Болт пен гайка дұрыс үйлессе ғана жымдасқан тақтай ма, темір ме, басқа материал ма, бәрін біріктіріп ұстай алады. Бұдан көп жыл бұрын болт пайдаланыла бастағанда гайка мүлде болмаған екен. Бірақ, гайкасыз болттың ғұмыры ұзақ болмаған.

Адамдар да кейде осы бұйымдарға ұқсайды. Заттар көлемі мен мөлшері сәйкес келсе үйлеседі. Адамдар міңездері сәйкес келсе үйлеседі.

Бірін бірі түсініп, тіл табысқанға не жетсін?!


 

 

 

Құбылу


 

 

Қостанайдағы қазақ драма театрының бір актері бар. Қаңтарда Аяз ата


 

болады. Наурызда Қыдыр баба болады. Қыста бала-шағаға тәтті үлестіреді, Көктемде наурыз көжеден дәм татып, бата береді.

Оның құбылуы биліктегілердің тапсырысына байланысты. Актер болған соң құбылмағанда қайтеді?! Өмірде де осылай құбылатын жандар аз емес қой.


 

 

Қасқабас және басқа бас


 

 

Cовет Одағы күйреді. Кабинеттердегі бұрынғы КПСС Саяси бюросы мүшелерінің портреттері қабырғалардан алынды. Олардың орнына енді жаңа басшылардың суреттері салынды. Сондай суреттің бірнешеуіне бажайлап қарасам, рамасы баяғы, тіпті суреттегі олардың костюмі мен мойынбауы да өзгермеген, тек бұрынғы бастардың орнына жаңа бас салыныпты. Қасқабастың орнында басқа бас пайда болыпты.

Суретшілерге майлы бояумен сурет салатын кенептің де қат кезі ғой, сүйтсек, олар бұрынғы суретке жапсыртып, жаңа бастарға ескі бастарды бастыртып, солардың орнына салған екен.

Қазіргі кейбір реформалар осы кепті есіме салады.


 

 

Оқу өтіп кеткендер


 

 

Жас кезімде елдегі үлкендерден «оқу өтіп кеткен» деген сөздерді жиі еститінмін. Ал далада ұзақ ойнап, жаздың күні жалаңаяқ, жалаңбас жүрген кезімізде мұрттай ұшып ауырып қалған кезіміз де болған. Сонда әжеміз:

«бұл балаға күн өтіп кеткен» деп қолдан келген емін жасап, бәйек болатын. Алғашқы сөз қалада көп оқып келген «оқымысты» бозбалаларға айтылса, кейінгі сөзді жас балалар аяқ асты ауырып қалғанда жиі қолданатын.

Есейе келе сол оқу өткен, күн өткендерді өз көзіммен көремін деген ой үш ұйықтасам да ойыма келмепті. Күн өтіп кеткен дейміз-ау, нұр өтіп кеткендерді көзіміз көрді. Қалталарында табақтай дипломы бар жасамыс шенеуніктерге де оқу өтіп кеткен болуы керек, сөйлегенде олардан шешен адам табылмады. Әсіресе, сайлаудан кейін елге елеусіз әлдебір партияның белсенділері есірткі ішкендей елеріп, көздері ұясынан шыға жаздап, әлі есі кіре қоймаған жас балалардай қолдарына жалау ұстап, мойындарына орамал салып: «Жеңіс! Жеңіс!» – деп қиқу салғанын көргендер жағасын ұстады. Кімді жеңді? Жауды жеңді ме? Түсіну қиын болды.

Мына қалпымызбен білімді деген елдерден көп ұзамай озатынымыз анық болды. Алайда, күн өтіп кеткендерді жазып алуға болса да, нұр өтіп кеткендерді айтпай келген сырқаттан қалай сауықтырамыз?


 

 

Жігіт – бұлбұл, қыздар – гүл-гүл


 

 

Халық аузындағы сөздер уақыт өте келе өзгеріске ұшырап отырғаны белгілі. Алайда, сөзі әнге айналып, ел құлағында жатталып қалған мәтіндер орынсыз бұрмаланып кететін жағдайлар да жиі кездеседі.


 

«Баспадым жардың шетін құлай ма деп, Ішпедім арық суын лай ма деп.

Жаманмен дос болуға жасқанамын,

Күн туса ердің құнын сұрай ма деп» – деген халық өлеңі бар.

Ал «Дүние-ай!» деген атпен халық әні деп ән жинақтарында жарияланып жүрген мәтінде «Баспадым жардың шетін құлай ма деп» – деген сөздерден басталатын халық өлеңінің кейінгі жолдарын әншілер «қорқамын дос болуға жамандармен, тар жерде ер-тоқымын сұрай ма деп» – деген тіркеспен айтып жүр. Ер-тоқым қазақ үшін аса қасиетті бұйым. Ол оны ешкімге бермейді. Қазақ «айырылысатын ер ердің артқы қасын сұрайды» – дейді. Немесе ердің (бұл арада азамат деген мағынада) құнын сұрауы мүмкін. Бірақ, ер-тоқым емес. Осы әннің қайырмасы: «қыздар бұлбұл, жігіт дүлдүл, өтіп барады өмір құрғыр» – деп айтылып жүр. Өмір құрымайды, жалғаса береді ғой. Сөзге бажайлап қарасақ, гүл қауызын таңертең күн сәулесі түскенде ашады ғой, бұлбұл да жаратылыста сол гүлдің ашылғанын көрген сәтте сайрай бастайды. Қыздарды бұлбұл қылып сайратып, жігіттерді тұлпар қылып шапқызып қойғанда не ұттық?! Әннің бағасын кеміттік.

Қостанайдың Науырзым өңірінде Байжан есімді әнші өткен. Біз білетін сол Байжанның әнінде «жігіт – бұлбұл, қыздар – гүл-гүл, жастық өтер, ойна да күл!» – болып айтылушы еді. Байжанның әнін кезінде облыстық филармонияда әнші болған Байқоңыс Мұхамеджанов тамаша айтатын. Қазіргі Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Қадыр Қаржауов осы әнді нәшіне келтіріп орындайды. Ол аталған әнді Байқоңыс ақсақалдан үйренгенін айтады. «Байжанның әні» аталып кеткен әнді ел арасында «Байжанның жұмбағы» деп те атайды. Оның мәтіні мынандай:

Байжеке, мырза көңілің болды қалай, Бақшаны аралаушы ең талай-талай.

Қондырсам осынау тұрған қызыл гүлге, Етуге ептеп сайран жайың қалай? қайырмасы:

Қыздар – гүл-гүл, Жігіт – бұлбұл.

Жастық өтер, Ойна да күл!

Қарғаша қорбаң етіп түсіп қалма, Бұтақтан мұжып тұяқ ұстай алмай. Болмаса қараң батып қашып жоғал, Құяға құйрығыңды бекер малмай.

Шіркін-ай, қыз деген бір гүл емес пе, Ойнаса қыз бен жігіт күн емес пе?!

Болғанда қыз қызыл гүл, жігіт бұлбұл, Бұлбұл құс қызыл гүлге түнемес пе?!

Міне, мазмұны толық ашылып, мағынасы жағынан әннің сөзі де, қайырмасы да үйлесіп тұрған осы тамаша әннің ән жинақтарындағы келесі шумақтары:


 

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды.

Жүрген соң бауырында күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды», – деген жолдармен жалғасады. Бұл жолдар да халықтың қара өлеңінен алынған, ән қайырмасына мүлде қатысы жоқ екені тайға таңба басқандай анық. Ол аз болғандай, қайырманың соңына: «Ахау, арман, дүние жалған» деген жолдарды және

«халау-ләйлім, халау-ләйлім» деген Алдаркөсенің шайтанға айтатын сөздерін де қосып қойыпты. Сондықтан әншілеріміз кездейсоқ естіген «әләуләйім» мен «халауләйімге» ілесе бермей, ән сөзіне абай болуы керек.


 

 

Өлеңдегі көсемсөз


 

 

Поэзиядағы публицистика – өлеңмен жазылған көсемсөздер қатарына жатады. Ақындардың жырына арқау болған қоғамдық оқиғалар ақын тілімен айтылғанда айтары анық, бояуы қанық болатыны сөзсіз. Ахмет Байтұрсынов ақындар мен билердің сөздерін зерттеуші ғана емес, сондай билер аузынан шығатындай сөздерді өзі де айтушы.

Мәселен, «Жұбату» деген өлеңіне назар аударайық. «Еркін дала, Еркің қайда? Еркіндегі көркің қайда? Тулы, нулы жерін қайда? Сулы, шулы көлің қайда? Еркін көшкен елің қайда? Ел қорыған ерің қайда? Тура айтатын биің қайда? Би бардағы күйің қайда?»

Үзіндіні өлең түрінде емес, әдейі қара сөз секілді беріп отырмыз. Мұнда ақындықтан көрі шешендік үрдістің басымдығы көзге шалынады.

Енді осы өлеңдегі алдыңғы және соңғы бунақтардың орнын ауыстырып оқып көрейік:

Еркің қайда, еркін дала? Көркің қайда еркіндегі? Жерін қайда тулы, нулы? Көлің қайда сулы, шулы? Елің қайда еркін көшкен? Ерің қайда ел қорыған?

Биің қайда тура айтатын? Күйің қайда би бардағы?

Шынында да, «қайда?» деген сөздің қайта-қайта қайталануы тыңдаушыға ерекше әсер етеді. Кейінгі вариант шешендік үлгі жағынан алғашқы варианттан кем түспейді. Тек қана ұйқас жоқ демесе, ырғақ және екпін сақталады.

Немесе «Тілек-бата» өлеңіндегі: «Жақын жерден жау шығып, мақұл сөзден дау шығып, дұшпан ұстап қолымнан, иттер тістеп тонымнан, маған тосу болған шақ, тұтқын болып тарығып, жалғыз жатып зарығып, ашу қысып, ойды алып, өт жайылып, бойды алып, дерт жүрекке толған шақ», – деген жолдар шешендік үлгіде жасалғаны көзге айқын көрінеді.


 

Ахмет Байтұрсынов сөздерінде оның өзі айтқан шешендік өнердің қанды қыздыратын, намысты келтіретін, жүректі тулатып, естен айыратын уытты, лепті сөздерінің қолданылғанын көреміз.


 

 

Әубәкір туралы әңгіме


 

 

Максим Горький: «Әдебиеттің ең бірінші элементі – тіл» деген екен. Қазіргі көптеген ақын-жазушыларымызды осы тіл байлығы жетіспей жататыны да құпия емес. Қазақ топырағында туып, елдің асыл мұрасынан нәр алған, көне көз қариялардың шежіресін тыңдап, сөз бұлағынан сусындап өскен, өмірден ерте кеткен Кеңшілік Мырзабековтың сөз қолданыстары таңдай қақтырады десек, артық айтқандық болмас еді.

Әуелден жалғыз, әкеден жалғыз әулеті, Әубәкір әуей, ақкөңіл жігіт, әулекі.

Албарда қой көп, ауласы той боп жататын, Он саусағы – өнер, қолының кірі – дәулеті... Кереге көктеп, уық пен шаңырақ қашайтын, Бояуы қандай, өрнегі қандай нәші айқын.

Торғайдың талын тоқсанға бұрап, тың иіп, Түбіттей иіріп, ағаштан түйін жасайтын.

Осындай түйдек-түйдек төгілген ырғақты жолдардан басталған «Әубәкір туралы элегия» әп дегеннен оқырман жанын баурап алады.Автор суреттеп отырған оқиғасына орай теңеулерді де сәтті таба қояды. Әубәкір ән салса,

«қара туырлық құйын ұрғандай қозғалып, қанат біткендей ұшып кетуге аз қалады», оның әнін қаумалаған ел «ұйыған сүттей» тыңдайды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді. Кеңшіліктің осы өлең жолдарын

«Әубәкір туралы әңгіме» деген ат қойып, әңгіме түрінде қайта жазып көрсек қайтеді деген ой туды.

«Біздің ауылда тұратын әуелден жалғыз, әкеден жалғыз әулеті Әубәкір әуей, ақкөңіл, әулекі жігіт еді. Албарда қой көп, ауласы той болып жататын, он саусағы – өнер, қолының кірі – дәулеті болатын... Кереге көктеп, уық пен шаңырақ қашайтын, Бояуы қандай, нәші айқын өрнегі қандай? Торғайдың талын тоқсанға бұрап, тың иіп,түбіттей иіріп, ағаштан түйін жасайтын. Әубәкір ән салса қара туырлық құйын ұрғандай қозғалып, қанат біткендей ұшып кетуге аз қалады. Оның әнін қаумалаған ел «ұйыған сүттей» тыңдайды.»

Міне, байқап отырған шығарсыздар, өлеңде айтылған кейбір сөздердің орны ауысқаны болмаса, сол сөздер түгел пайдаланылып, қара сөзбен жазылды. Оқырманға әсері поэзия тіліндей өте әсерлі болмаса да, солғын емес.


 

Дүрдің не екенін білесіз бе?


 

 

«Дүр» деген сөздің мағынасы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» жазылған мысалдарға қарасақ, (Алматы: «Ғылым», 1978 ж,211 бет) атақты, даңқты, атышулы дегенге саяды. Жалпы алғанда, «дүр» деген сөз өзін жоғары ұстаған, немесе өзгеден биік болған, атағы зор кісілерге айтылады.

«Болғанда өзің пілдей, сөзің дүрдей» деген өлең жолдары бар. «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей...» – дейді Абай.

Сонымен бірге «дүр көтерілді», «дүр сілкінді» деген тіркестер де ертеден айтылып келеді. Осы сөздердің астарына үңілетін болсақ, «дүр» деген сөз аса ірі жануарға, ал «дүр көтерілді», «дүр сілкінді» деген сөздер алып құсқа байланысты айтылған деген болжам жасауға болады. Тіпті «дүр етті» деген тіркес те әлдебір хайуанның дыбыс шығаруына, яғни, құстың қиқуына байланысты айтылуы ғажап емес. Адамға байланысты «дүрдиіп, дөң айбат жасады» деген сөйлемде де әлдебір хайуанның сес көрсеткенімен салыстыру бар. Қазақ «дүрдей» деген сөзді ірі деген мағынада қолданады.

«Дүрдиген ерін» деп ісіңкі ерінді айтады. «Дүрбелең» деген сөздің түп тамырында да елді шу қылды, қатты айқай шығарды деген мән бар.

Олай болса, слонды піл, мамонтты зіл деп атаған бабамыз дүр деп сол ерте замандарда өмір сүрген аса ірі қанатты құстарды айтқан болуы керек деп топшылаймын. Уақыт өте келе денезор (динозавр) секілді алып жануарлар, самұрық секілді алып құстар тып-типыл жойылып кетсе де, сөз қалған. Біздің бабаларымыз денезорды да, піл мен зілді де, дүрді де өз көздерімен көрген болуы керек. Көрмесе, білмесе, атам заманнан жеткен сөздер қазіргі қазақ тілінде қолданысқа түспес еді ғой.

 

Топ туралы

 

Көне сөздердің біразының мағынасын әлі күнге дейін білмейміз. Қазақта «топ ете қалды, топ ете түсті» деге тіркес ежелден бар. Осы сөйлемдердегі топ деген сөзді әуел баста түсінбей жүргенім рас. Жолым түсіп, Түркиядағы «Топқапы» деп аталатын мұражай-сарайда болғаным бар. Зеңбіректің оғы деп жүргеніміз зеңбіректің түп атасы болған катапульт – қамал қиратқыш тасатардың тобы екенін кейін білдім.

«Көркіне жұртты қаратқан Сарайдың зәулім басты аты – Қақпадан шыға оқ атқан

Топ ете қалған Топқапы» – деген жыр жолдарын да сол жолы жазып

едім.

Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан және оның заманы» атты

шығармасының «Тынымсыз майдан» деп аталатын үшінші кітабында тасатардың өзіндік «снаряды», яғни топ жайында жан-жақты баяндап:

«Ескілікті Қытайда әуел баста атыс топтары – тас болған. Қиқы-жиқы емес, арнайы өңделген, лайықталған. Нақты тәжірибе үстінде ең ұтымдысы – шар


 

кейіпті, домалақ топ болып шығады. Оқпанға ыңғайлы, әрі алысырақ ұшады» – деп атап көрсеткен.

Сөз зергері Бейімбет Майлиннің «Ел сыры» кітабындағы «Жаңбырлы күні» деп аталған өлеңде (Алматы: «Жазушы», 1994 ж) «Салдыр-күлдір көк жүзі, зеңбірек доп атқандай» деген жолдар бар. Редактордан немесе корректордан кеткен қате көзге ұрып тұр. Бұл арада әңгіме доп емес, топ туралы екені бесенеден белгілі. Зеңбіректен топ, яғни, снаряд атылады. Доп ешуақытта атылмайды. «Доп топ етіп түсті» деген сөйлемнің өзінде де топ секілді түсті деген мағына жатыр.


 

 

Ұқсастық


 

 

Орыстар «У семи нянок дитя без глаза» – дейді. Қазақша баламасы:

«Қойшы көп болса, қой арам өледі». Ал «ағама жеңгем сай» деген тіркесті орыс тіліне аудара қалсаң, оның мағынасы «Два сапога пара» болып шығады. Өмірде де әртүрлі жағдайлар болады.

Көзілдірікті мұрын көтереді, пайдасын көз көреді. Таяқты қол ұстайды, пайдасын аяқ көреді. Қазақ ондайда: «Күріш арқасында күрмек су ішеді» – дейді.


 

 

Қардың басын қар алар...


 

 

Қостанайда Әшім деген қуақы қария болды. Бірде қазақтар бас қосқан отырыста «ханның басын хан алар, қардың басын қар алар» деген тіркес айтылып, сол арада отырған орыс түсінбей қалып, бұл сөйлемнің мағынасын Әшекеңнен сұраса керек. Ол табан астында: «Түсінбейтін түгі жоқ. Речь идет о хане и о снеге, на казахском языке снег – кар. «Голову хана отрубит царь, голову снега снимут кар» – деп жауап беріпті.


 

 

 

Кедейдің ұяты көп


 

 

Ертеде «жарлы болсаң арлы болма» – деуші еді. Осы күнгі байлардың көбінің ұяты жоқ. Кедейдің ұяты көп. Неге олай? – деді тұрғындардың бірі. Мен ойланып қалдым.

Таптым, таптым!

 

Кедейдің киімі жұқа, сондықтан оның ұяты көрініп тұрады.

Бөлісу:

Көп оқылғандар