Ерлан Нұрдықанұлы: Қалғып отыр қара Жер басын сүйеп өлеңге…

Бөлісу:

21.06.2016 4884

Ерлан Нұрдықанұлы

Таң бөбегі


 

 

Жылай- жылай көкжиектің көзі ісіп,

Қамығады өз көзжасын өзі ішіп.

Қанатынан Нұр тамшылап,

Сол жақтан

Келеді бір жасыл қанат сөз ұшып.

 

Ол - аңсаудан жаратылған ай құсы,

Қанатында қараңғылық қайғысы.

Жер бетіне жеткен екен ақыры,

Менің мәжүнүн жүрегімнің ләйлісі.

 

Шексіздіктің жасыл қанат сөзінен,

Көкжиектің сұлу мұңын сезінем.

Талықсыған таңдайыма тамызды- ау,

Жаппар ием,

Көкжиектің көзінен.

 

Ей,  ұлы сөз!

Сенің жасыл реңің,

Сезіндірер аспанилық Нұр елін.

Мен не дейін,  көлеңкенің қойнында

Көп ұйықтаса шайырға тән жүрегім.

 

Таң бөбегін орап ыстық ақ қарға,

Көктем болып кеттім міне ақпанда.

Қандай бақыт сенің ұшып жеткенің,

Мен өлеңге қабыр қазып жатқанда...

 

 

 

Шайырлар

 

 

Қаудырап түскен қабықтай,

Қаларсың өмір...

Сезем мен!

Таңдайым бейне табыттай

Айтылмай талай сөз өлген.

 

Айтар ем оны аспанға,

Астымда жатыр жер жылап;

Айтар ем қара тастарға,

Нәзікпін, әттең,  мен бірақ.

 

Айтар ем оны ақ таңға,

Мойнымда тұнның білегі.

Алдымен түсер қақпанға

Ақынның шолжаң жүрегі.

 

Елестерді іздеп жол жұтқан,

Таусылар сосын тағаты.

Ғасырдың өзі,

Сондықтан

Шайырдың соңғы сағаты.

 

Елжірей сүйген гүл жұзын,

Көбелек- көңіл,

Нәр- қайғым...

Құшақтап өлген күн қызын,

Көктемгі көбік қардаймын.

 

 

 

***

 

 

Менің мұңым -

Ақырғы мұң,  ағайын!

Жане сондай тұңғыш мұң…

Ақиқатпын қырау шалған самайын,

Қызыл шашы дудыраған қылмыспын.

 

Көкжиектің көк көрпесін көтеріп,

Ұйқыдағы шексіздікке көз салдым.

Оңашада кірпігінен от еміп,

Жалмауыздың жалғызына сөз салдым.

 

Жүрегіме құрт-құмырсқа үймелеп,

Білегіме оралады жылан – Зар.

Көктемдердің көлеңкесін сүйрелеп,

Қашады өлең – 

Құндыз құйрық,  құлан жал…

 

Қаш,  қара өлең!

Мен қуғаннан шаршаман

Алпыс құлаш арқан есіп Шашымнан.

Болашағым – алтын табыт.

Ал,  соған

Балашағым Гүлге айналып шашылған.

 

Жайқалғанда алтын бұтақ ағаш – таң,

Жатам ұйықтап құшағында елестің.

Бар мен жоқтың,

Өң мен түстің арсында адасқан,

«Мен!»

Мен емеспін…

 

 

Қара айдаһар


 

 

Қап-қара айдаһардай ирек түнді,

Үйіме қатал уақыт сүйреп кірді.

Шам жақтым.

Суық көзін қадап маған

Сумаңдап қалтарыста ол билеп тұрды.

 

Жарықпен жаратылған егесуге,

Бейне бір албастының елесіндей.

Шырақтан шашыраған алтын сәуле

Атылған ақиқаттың жебесіндей.

 

Көзінен көрінбейді бір жылылық,

Араны аждаһаның тұр білініп.

Айдаһар екеуіміздің ортамызда

Ақ сәуле арашаға жүр жүгіріп.

 

Әзірге білемін ғой мен есімді,

Соншама бұл құбыжық неге есірді.

Бас сұғып терезенің сынығынан,

Қайтейін шырағымды жел өшірді.

 

Батқаны терезенің шағылғаны,

Ақ таңы ақиқаттың табылмады.

Жасқа айналған жанымның бұлқынысын

Тасқа айналған Ерінім Қабылдады.

 

Найзадай Найзағайлар түйреп түнді,

Санамда сағыныш боп билеп тұрды.

Дариға,  қараңғыда қалған ақын

Жарықтан басқа,  сірә,  сүймек кімді?

 

 

Мен іздеймін балалығымды

 

Мен іздеймін балалығымды…

Сағынам

Тәп-тәтті мұңмен табиғатыма шағынам.

Көңілдегімді көзі шалса егер,

Патшада

Іздесер еді-ау секіріп түсіп тағынан.

 

Мен іздеймін балалығымды...

Сағынам.

Қайсы бағытқа қарасам да,  әттең,  қамығам.

Аспан атызда жарқырап жатыр орақ ай,

Айтшы сен уақыт,

Айырылды ол қашан сабынан?

 

Сапсыз орақ.

Сары ала дүние.

Салқын кеш.

Сандалған сана сағыныштармен, ал,  тілдес.

Балалығым-ай,

Барлығы сеннен садаға,

Періште екеш періштелерде алтынға өш.

 

Қанбады-ау шөлім қаз қанатындағы сусылға,

Балалығы-ай,

Балсың ба,  әлде,  усың ба?

Отсың ба,  әлде,  сусың ба?

Байлығым менің баянды көңіл тынымым,

Қалып қалған ба кішкентәй сенің уысыңда.

 

Адал да аңқау алғашқы адам шырайлым,

Еркесі едің Еркіндік пенен құдайдың.

Бір түп ши,

Бір тал жапырақтан да сұраймын,

Іздеймін үнсіз,  шөлдедім саған,

Мұңайдым...

 

 

Аяқталмас Ертегі

 

Топырақпен бірге оянып көктемде,

Әлде неге шөліркейді от кеуде.

Ой кешемін,

Шудасына оранып,

Жез бұйдалы желмая бұлыт жеткенде.

 

Өрт өзені-

Тамырымда тасып қан,

Алыс аспан мұхыйтына асыққан.

Шарабыңды шалқыта құй қара жер

Қарақат түн қайғысынан ашытқан.

 

Жұпар шарап-түннің нілі,

Шымырлап –

Шырынынан тіріледі мың ырғақ.

Алапат бір шол бар менде ағайын,

Бұлағымды жұтып қойған құм ұрлап.

 

Жұпар шарап-түннің нілі,

Тіл өртеп…

Жүрегімде бүр жарады гүл Ертек.

Күннің қызы күнікейдің ғашығы,

От құшақтап оянды бір Еркек.

 

От құшақтап оянады түс көрсе,

Ақша бұлттар-

Мамық жастық,  құс көрпе…

Алтын арқау аяқталмас Ертек бұл,

Аспан қызы жер бетіне түскенше.

 


 


 

6.jpg

  


 

***


 

Қанаттары Нұр сапырған,

Құс қайғым

Қараңғылық құшағында ұшпайды.

Оның жым-жырт көлеңкесін

Көктемде

Сары күздің саусағымен ұстаймын.

 

Бұл – сағыныш,

Бұл – аспанға асығу.

(күнге ғашық Күлтегіннің нәсілі )

Тәңір сыйы табиғатым – сол бояу

Көкбөрінің көзіндегі жасыл үн.

 

Селт еткенде ауыр ойлы қысқы орман,

Ақ бұтақтан мың бояулы түс тамған.

Соның бәрін қабылдаймын қайталау

Қанаттары Нұр сапырған құстардан.

 

Гүлдегенде құштарлыққа бай сана,

Ағарған шаш айналады майсаға.

Таңғы шықтай төгіледі сол құстар,

Қыс сұп-суық алақанын жайса да.

 

Сенің жым-жырт көлеңкеңді

Құс қайғым,

Сары күздің саусағымен ұстаймын.

…Адамдарға Ертек айтып берем мен

Ақиқатқа апаратын түс жайлы…

 

 

Құлазу

 

Жанарымнан жас жапырақ түсті ұшып,

Жүрегімде жүр қыңсылап қыс ـ күшік.

Телміремін терезеден ғаламға,

Тар бөлмеге таңылғанда іс пышып.

 

Телміремін терезеден ғаламға,

Өкпелеймін Ереже мен адамға.

Емін-Еркін Ережесіз тырналар

Барады ұшып терезесіз даламда.

 

Шертіл,

Шертіл,

Шертіле түс,  шертіл мұң.

Қайда Қариран есіл тірлік –

Еркін күн?

Қызғылт үстел қызыл теңіз шетінде

Ақсақ тырна секілденіп мен тұрмын.

 

Еріп саған ұша алмаймын ақ тырнам,

Айналайын аспандағы ақ сырғам.

Телмірем тек терезелер ішінен,

Қилы-қилы Ережелер жапсырған.

 

 

***

 

Дарқандыққа сай үлгі

Алақандай аулам бар.

Жайнамаздай жаюлы

Таң азанда жауған қар.

 

Азандағы қарға аппақ,

Түс елесі түйілген.

Мейіріміңді салмақтап,

Мен жалықпан сүюден.

 

Өмір, сенің мәнің не?

Ойланады ояу қар.

Махаббат бар дәмінде,

Жане сондай қаяу бар.

 

Мәңгілік қой бұл қаяу,

Өткінші емес сағымдай.

Қар бетінде-бір бояу

Өлімнің пәк дағындай.

 

Күрсінеді қыс менше,

Жырлайды үнсіз тау-дала.

Аспан құлап түскенше,

Алақандай аулаға.

 

 

Қоштасу

 

Маңдайын сүйеп ымыртқа,

Батады бір сәт түске әлем.

Шырмалып қараңғылыққа,

Қараша қаздар ұшты әрең.

 

Қараша қаздар ұшты әрең,

Күз ғой бұл мұңлы,

Жаңбырлы…

Ұқсаймын,  сірә,  құсқа мен

Көктемге ғашық тағдырлы.

 

Құс және өлең.

Бар тағы

Өшпейтін елес есімнен.

Такаппар алтай алқабы

Алақанына сап өсірген.

 

Құс және өлең.

Бар мұнда

Жалғыздық – жалғыз жарасым.

Жалғап бір жатқан жаңбыр ма

Аспан мен жердің арсын.

 

Бәрін де соның аңдаймын,

Жанымды Нұрлы ой масайтып.

Аспанды ғана таңдаймын,

Алтайға үнсіз қош айтып.

 

 

 

Ақ қағаз

 

Қағаз.

Ол,  емес ескі күміс қабық,

Ажалдың ақ бесігі.

Тыныш табыт…

Сағыныш толқындары иректелген,

Санама сарғылтым бір дыбыс тамып.

 

Мезгілсіз раушан қиял солғаны аз ба,

Жерлеймін соның бәрін сол қағазға.

Талықси күрсінеді таң бөбегі,

Тәңір-ау,

Тағдырына ол да араз ба?..

 

Талықсп таң бөбегі күрсінеді,

Бесіігі-ақ мұнарлы жыр сілемі.

Үзіліп сол Бөбектің кірпігінен,

Тамшылап ақ қағазға Нұр сіңеді.

 

Нұр сіңген аппақ қағаз – алғашқы үміт,

Тәңірге жан дүниемді жалғастырып;

Елестей Еркелеген ажалымды

Аламын ақиқатқа алмастырып.

 

Аймалап ақ парақты асыл оймен,

Қағазды қабылдаймын осылай мен.

Жатамын тамырласа бірге көктеп,

Аспанда бүршік атқан жасыл Аймен…

 

 

 

Тазару

 

Дымқыл түн.

Тіл үйірген сөздің нілі,

Бұл да сол тым қиялшаң кездің бірі.

Алыстан арқар мүйіз ай маңырап,

Искелер жүрегіңді бозғыл мұңы.

 

Ай маңырап…

Оятар.

Ой Жұмағы қайда, бірақ!

Аспанға асыққанмен,

Тірлігіңде

Көлеңкең көрге сүйрер сайға құлап.

 

Құшақтап тағдырыңның тас сандығын,

Тағы да қайталайсың аспан жырын.

Өзіңнен құтыла алсаң,

Өңіңдегі

Бір тамшы баға жетпес бостандығың.

 

Бір тамшы баға жетпес бостандығың,

Панидің маңдайға ұрар астамдығын.

Өзіңді ұмыта алсаң,

Өмірдегі

Алланың ақ кітабын ашқан күнің.

 

Кеудеңде тамыр жайып елес,

Жұмақ. . .

Келеді шексіздікпен кеңескің – Ақ.

Өзіңді ұмытудың бақыты сол,

Бұл ұмыту-

Жоғалтыу емес бірақ!

 

***

 

Аймен бірге аспанда мың сағыныш бүрлеген,

Алтын тамырлы ақшамда

Елесіңмен бірге өлем!

Қоңыр салқын тыныштық қонағына құс қайтқан,

Мен кешқұрым кезіктім ажалыма түсте айтқан.

Ерінімді күйдірмес енді ешқашан күз-күбір,

Құс жолына жетелеп әкетеді бізді іңір.

Ей,  құс жолы – мәңгі таң.

Ақыл-есім Нұрланған. . .

Қара жерде қалды тан ғұмырымды құлданған.

Мен ағашқа айналдым. (өңімде де түс көріп)

Сен!

Қонасың көгілжім бұтағыма құс болып.

Құс пен ағаш. . .

Бар тағы балдан тәті балалық,

Жақындатар тіптен де алыстаған аралық.

Аспандағы ағаштың Нұрға айналған тамыры,

Аспан текті алаштың жырға айналған тәңірі.

Аймен бірге бүрлеймін…

Ал,  әнеки!

Төменде –

Қалғып отыр қара Жер басын сүйеп өлеңге…

 

 

 

****

 

Бұлт бұрымын тарқатқанда әр көктем,

Қарлығашпен қатар ұшып бармап па ем.

Қайда менің сол тәкаппар маусымым

Жусан бүрлеп,

Қар кеткен. . .

 

Махаббатым ауыр еді жерден де,

Салмағы оның сағындырған Ерменде.

Кетті солай ескі елеске айналып,

Мен еңкейіп енді искелей бергенде.

 

Құлай сүйген көшпенділер даласын,

Қош аңқыған ата қазақ баласы-

Көкжиекке кетті сіңіп әнеки!

Жетім күшік қалып қойды адасып.

 

Көкірегімде қыңсылаған сол күшік,

Көз жасымды бір жолата болды ішіп.

Құлазыған құба құмның көзінде,

Соңғы тамшы тағдырындай

Өлді шық!

 

Арқалаған абыз ғасыр сүйегін,

Қай қоныста жатыр шөгіп түйе – құм.

Соның тұнжыр көздеріне көмілген,

Мезгілдер – Ау…

Мен де сені сүйемін!

 

 

****

 

Ымырттың майыстырып жас бұтағын,

Қыз көрдім қызыл жіпке аспақталған…

Кім оны зәу биікке бастап барған?

Жаутаң көз бір сауалға жауап іздеп,

Ей,  тағдыр!

Сығалаймын тас қақпаңнан.

 

Аржағы тас қақпаның тас қараңғы

Апыр-ау,  қайда кеткен аспан әлгі?

Қармалап қараңғылықтан нені іздеп жүр,

Арбиған қолдарымен аш тораңғы.

 

Тораңғы.

Құлазыған құр денесі,

Ол дағы жоғалтқандай бірдемесін…

Әнеки тамырынан тамшылап тұр

Такаппар ғасырлардың Нұрлы елесі.

 

Ол –

Менің аласұрған ақыл-есім,

Бүрлеген түнмен бірге ақын осы.

Бұрымы бұлтқа айналып өлген қыздың

Найзағай жанарымды жатыр осып.

 

Ақыры табыса алмай таң-жігітпен,

Елесі кетті сіңіп мәңгілікке.

Сол қыздың соңғы сөзін ақиқаттап,

Ғарыштан жалғыз тамшы тамды нүкте…

 

 

****

 

Білмеймін.

Жоғалту ма,  бостандық па?

Сақтаймын бір мұңымды ес сандықта.

Жылайды ол,  әр таң сайын құлдық ұрып

Ішімде жасырынған астамдыққа.

 

Жылайды ол самайына қырау қонып,

Сұрайды бір Еркіндік,

Мың әуре қып!

Кеңдікке,

Кеңістікке кеткісі бар

Тырнадан тамшылаған тырауға еріп.

 

Мен оны мәпелеймін.

Дегенменен,

Сондай бір үнсіздік бар тереңдеген.

Тек соған тіл қатысып алары анық,

Көз жасын ақ қағазға төгерде өлең.

 

Білмеймін.

Шындығы ма,  әзілі ме…

Ғұмырдың күзге айналған

Жазы,  міне!

Елесін сол мұңымның байқай берем

Асығыс ағын судың әжімінен.

 

****

 

Айтсада ақылгөйім мінсіздікпен,

Қоя алман жыр жолына мұңсыз нүкте.

Ғаламның тереңдігі – мұң да ғана,

Адамның тереңдігі – үнсіздікте.

 

Қанатын мың жүрекке жайіп қонған

Үнсіздік сағынышқа лайықталған.

Сұлулық шөпке тұнған тамшыдай-ақ

Таң ата Нұр құшақтап ғайып болған.

 

Мезгілдің мендегі ыстық әсері осы,

Қартаймас қасыреттің жас Елесі.

Жанарда қатып қалған бір тамшы бар,

Беймағұлым тас екені,

Тас емесі…

 

Мен оны әлдилеймін.

Және солай

Алдымнан ашылады көне сарай.

Еңкейіп есігінен аттамай – Ақ,

Қасынан кете барам жанасалай.

 

Ескі үйге енгізбейді,

Қаша көшіп

Қартаймас қасіреттің жас елесі.

Тамшыдай Нұр құшақтап ғайып болған

Мезгілдің менде қалған әсері осы.

 

 

***

 

Жым-жырт уақыт шүңетінен

Естіп үрей озанын;

Қараңғылықа –

Түн отымен

Бір ауыз сөз жазамын.

 

Ол –

Аңсаудан жаратылған

Адамзаттың өз мұңы.

Тамып қиял қанатынан,

Тазартады сөз Нұры.

 

Шексіздіктен бақыт құшып

Қас қағым сәт қасында;

Жалғыз тамшы уақытты ішіп,

Айналам мен Ғасырға.

 

Жанарыма ай үңілген,

Искеп жалбыз мұңымды.

Әлпештейді мейіріммен

Менің жалғыздығымды.

 

Әлдилейді және солай

Жүрегімді Нұрлы Күн.

Жан дүниемдегі жаңа сарай

Өлең жазған бір күнім.

 

****

 

Еске алсаң ескеріп сен

Елесшіл жыр адамын.

Ескірген естеліктер. . .

Ешкімнен сұрамағын.

 

Асықсаң мені іздеуге,

Айта алмас бар шығарма.

Сұрама теңізден де,

Сұрама тамшыдан да.

 

Сүйеніп тас сандыққа,

Бейнеңді түн жұтқанда ;

Сұрама бостандықтан,

Іздеме құлдықтан да.

 

Мендегі сағынышты

Мезгілден іздемегін.

Алапат жарылысты

Айта алмас қыз бен өлім.

 

Жасырған жан жарамды,

Ғасырдан іздемегін.

Ақтарсаң бар ғаламды,

Айтар тек ізгі өлеңім.

 

********

 

Күрсінді күз ғарып қалде,

Салдым сурет.

Сөзбен емес!

Қараңғылық па,

Жарық па әлде,

Көкірегімді кезген елес.

 

Құлазулы бар әлемім,

Қурап қалған шөптей нілсіз.

Сағынышым ғана менің

Көкжиекте көктейді үнсіз.

 

Күн көзіндей Жылулығы

Жан дүниемді мәпелеген.

Бұл ғаламның сұлу мұңы

Ғұмырымды жетелеген.

 

Қараңғылық па,

Жарық Нұр ма,

Көкірегімді кезген елес.

Бір тамшыны табыт қылған,

Тағдырымды ел Сезбек емес.

 

 

****

 

Бір тамшы мұң.

Таң қанатынан үзілген

Бір тал қауырсындаи.

Көтереді көкірегім ауырсынбай.

Ай астында тыңдаймын үнсіз,

Боз жусанның болымсыз күрсінісі

Боз інген дауысындай.

 

Бір тамшы қиял.

Жалғыздық нүктесі ме,

Жаралы сөйлемдердің соңына қойылған,

Шаршаған топыраққа жас болып жайылған.

Сарғайған жапырақта- теңізден терең иірім

Шебер уақыттың қолымен ойылған.

 

Өлең- бір тамшы ғұмыр.

Аялы алақандағы…

Табыттай ауыр тамшының дара салмағы.

Бір тамшы қиялымды

Мың ғасыр алып ұшар-ау

Жал- құйрығы жалындай лаулаған дала саңлағы.

 

Бір тамшы күнә – бір тамшы қан.

Қағазға тамған!

Мінәжәт жырын оқиды озандап орман.

Жасырар оны тек ұлы өлім тыныштығы

Ағыл да тегіл ақ қардай азанда жауған.

 

 

Ақиқат туралы баллада

 

Етегін ақ көйлектің көлге малып,

Ай жылап отыр әне дөңге барып.

Ұқсайды ол ақ кебінді аруаққа,

Мен күткен жолаушының өлгені анық.

 

Өлгені анық мен күткен жолаушының,

Оралмас сәттерімдей сонау шырын.

Жалғыз тамшы жас болды қалдырғаны

Уақыт деген тойымсыз тонаушының.

 

Жалғыз тамшы жас болды қалдырғаны,

Дариға,

Әсем елес ән-жырдағы.

Томпыйып топырағың жатыр қайда

Жас қыздың кеудесіндей жаңбырдағы?

 

Жас қыздың кеудесіндей әлі күнгі-

Әрі сұлу,  әрі мұңлы. . .

Томпыйып жас топырақ жатыр ұнсіз,

Көңілмен көрдім сенің қабырыңды.

 

Жас болып жанарымнан тамып қайғым,

Арылмас азабымды анықтаймын.

Бір өмір шөлдедім мен. . .

Өлгеніңмен

Ешқашан сағынудан жалықпаймын.

 

 

 

Зіл батпан сағыныш

 

 

Төсегіме төгілген сол қышқылтым түн жасы.

Ал,  айнаға көмілген –

Айдың сынық сұлбасы.

Құлазыған жүрегім қара тастың құрдасы,

Құлазумен оянған неше ғасыр құм басып.

 

Қалған Қирап ой – бесік.

Бесік жыры,  ән өлген…

Отырамын сөйлесіп ішімдегі әлеммен.

Бөрі дала ұлиды жебе түйреп емшегін,

Үнсіз искеп мен соны бөлтірікпін қан емген.

 

Жаралы сол тарихым жатыр ұйқтап тастарда,

Іңгәләйді сәби түн,

Мұң тамшылап аспаннан. . .

Сол аспанға асығып сағынамын мен кімді ?

Бұл сағыныш әсілі

Мың жыл бұрын басталған.

 

Кімді іздеймін?

Не керек!

Талықсиды тағдырым,

Таңдайыма себелеп секунттар жаңбыры. . .

Жағасында гүл ашқан мың бояулы жұлдыздар,

Көкжиекке ұласқан көшпенділер даңғылы.

 

Аспандағы сол даңғыл жетелейді бір жаққа,

Адаспаймын жолдан бұл,  ашылады Нұр қақпа.

Терезеден төгілген келген елес күн жақтан,

Ал,

Айнаға көмілген –

Сағынышым зіл батпан…

 

Пенделіктен қашу

 

Үн-түнсіз күбірлейді,

Күнә-ғашық! . . .

Мыйымның қатпарында күн адасып –

Құтырына билейді құйын ойлар,

Тамырымен қопарып түн ағашын.

 

Жұлдыздарды шашылған,  түн ағашы –

Енді сенің елесің құламасын.

Ай сұлудың билеп жүр аруағы,

Көңілсіз көлеңкемді жұла қашып.

 

Әлемнің бізге жұмбақ бір жағынан,

Жарқылдайды жазулар.

Нұр дарыған…

Мен емес,  ішімдегі және біреу

Күледі… Қан тамшылап тырғағынан!

 

Тек соның көмейінен тұр атылып,

Жаңағы нәпсінің де сұрапылы.

Пенделік жалайды оның суық қолын,

Кәдімгі бұралқы иттей бұратылып.

 

Іштегі сол пәлені өлтіруім,

Керек пе? . .

Солай шығар,  бөлтірігім!

…Алысқа алып қашар сосын мені,

Астынан аяғымның жол тіріліп…

 

 

****

 

Аспан еңіреп басылды.

Тал,  қайың ұлып…

Тастар да рахаттанады

Таңдайы жібіп.

Неге?

Неге жылай береді булығып үнсіз

Масаң қиял маңғаз тауларға маңдайын ұрып.

 

Бесігің – дала.

Ғашықпын затыңа,  бауырым,

Ақ түтіндері айқайлап шақырады аулың.

Таң атып келе жатқандай тамшы көзінде,

Күн батып бара жатқандай

Топырақ ауыр.

 

Менің ғасырым болсада қаншама керең,

Әр тамшының көзінде ән салады әлем.

Су бетімен сүйретіп суық көлеңкесін

Бұлттар қалқыйды.

Қалғиды шаршаған өлең…

 

Бар салмағын ең нәзік дыбысқа байлап,

Шалықтап қана күлгендей Гүлістан аймақ.

Неге?

Неге ауыра береді,

Жүрегім менің

Жараланған сәбидей қылышпен ойнап.

 

Аксиома

 

Аңшы өмірдің баспаймын деп қақпанын,

Ей,  бауырым,  кеудеңді сен қақпағын.

Есек искеп кеткен Гүлдің,

Көрдік біз

Көбелектер көркін тойлап жатқанын.

 

Бақытыңды өз басыңмен өлшеме,

Қамыға біл қас дұшпаның өлседе.

Айыптысың түкірігің түймедей,

Абайсызда құмырсқаны көмседе.

 

Адамдарға адалмын деп қол жайма,

О,  дариға,  оқтай түзу жол қайда?

Доңыз түрткен күресіннен ұшқан шаң,

Арудың да кірпігіне қонбай ма...

 

Ымырт толғамы

  

Өң мен түстің арасы – 

Аз ғұмырдың мазмұны. 

Күздің суық Еріні ішіп қойған 

Жаз нілін...

Қабыршақ мұз бетінде тайғанайды тағдырлар,  

Қара суда қаймақшып қаңқылдаған қаз мұңы. 

Көңілгеде  

Жұқалтаң мұз тұрғандай бір қабат,  

Қасиеттер қартайған. 

Қасіреттер үр жаңа!  

Мұңлы ғалам көзінде дариядай толқыйды,  

Асау уақыт толқыны сыбызғыдан сырғанап. 

Ықылымнан жеткен бұл киелі мән. 

Ырғақтар. . . 

Әр ғұмырда – Жалғыздық. 

Әр күбірде бір гәп бар. . . 

Құралайдың салқыны ағартсада самайын 

Жұлдыздарға талпынып, 

Күбірлейді түнгі оттар. 

Түнгі оттардың күбірі тілсім хатын сездірген,  

Ішімдегі тұңғыйық бір әлемді кездім мен. 

Еһ ! . . . 

Бәрібір сусылдап уысымда тұрмайды- ау 

Алақанымда – Ақ тамшы. 

Ағын судай мезгілдер. . . 

Қашаған сол мезгілдің,  

Қандай ауыр қалжыңы!  

( шашып кеткен қағазға бір өлеңнің қан- жынын )  

Қас қағымда жұлдыздар аралына жол алып,  

Қанша ғасыр қалғыдым ?  

Қас қағымдық ғасырым – Қанатында бір ойдың,  

Сұлу әрі үрейлі!  

Айдаһарлар аунаған аңғарларды кезіп мен,  

Тас бұлақтан су ішіп ,  ескі жұртқа түнеймін. 

Ермен өскен ескі жұрт. 

Есінеген балбалдар. . . 

Бұтақтары қып-қызыл отқа оранған ормандар. . . 

Сона- А- ау. . . 

Жұмбақ тұманды түкпірінен ғарыштың 

Нұрдай саулап жетеді ақ қанатты болжамдар. 

Сол бір тылсым хатынан тіл жетпестей сыр ұққан, 

Менің сәби түйсігім құлазиды құм ұрттап. . . 

Неге сақ-сақ күлесің? ?  

Киелі үкі,  

Әз құсым!  

Ұшып шығып ымырттан . . . 

Ымырттағы бұтақта жұлдыздардың тозаңы,  

Жүрегіме әлде кім суық қолын Созады. 

Жан айқайы тәрізді адасқан бір ұрпақтың  

Құлақты үңгіп өтердей үнсіз үрей озаны. 

Қасиетті сөздерден сезінседе Нұр мәнін,  

Құс тағдырлы ақындар 

Сұлулықтың құрбаны. 

Көз жетпестей көлемде көлеңкесі ырғалып,  

Қалар соңғы өлеңде табиғаттың жұрнағы. 

Иен қалған бір іннен,  мың сағыныш тірілген. 

Обал исі аңқиды,  

Боз жусан- ау!  

Бүріңнен. . . 

Нені іздейді?   

Ақшамда ақсаңдаған ақ сәуле,  

Қайта-қайта сүрініп су бетімен жүгірген. 

Жылан көшіп жатқандай

Жым-жырт аңғар ішімен,  

Қалғыған құс 

Шошынып оянады түсінен. 

Шешуі жоқ жұмбақтың  

Шешерміз-ау түйінін,  

Ажал қыздың кәдімгі ақ Маржандай тісімен. 

Үнсіз ғана әлдилеп сахараның сарыны,  

Сақалыңнан искеймін 

Ей,  сағыныш Тәңірі!  

Ақсақ құлан ізінде ақсаңдайды тарихым,  

Ақ семсердің жүзінде 

Аш қасқырдай ар ұлып!  

Кесепеттің кезегі – Кепиеттің алдында,  

Болмай қалған керегі: 

Ақиқаттың,

Ардың да . . . 

Жалғыз ғана жалғыздық сипайды үнсіз басымнан  

Қоңыр салқын қолымен маңдайымды сәл дымдап. 

Жатқандығын түйсініп табиғатта 

Тәңір – мән!  

Сансыз ғұмыр сарқылып,  

Сан мың жүрек ауырған. 

Елесіндей жылқының тарпысада тарпаң жел,  

Бара жатыр кірпігім қорғасындай ауырлап. 

Сәл қалжырап қайтсамда ой мұхитын кешіп мен,  

Қарсы алады алдымнан тас Бекулі есіктер. 

Екі дүние арасын жалғап жатыр,  

Тек қана  

Мұң тербеткен бесік пен мұнаралы мешіттер. 

Жапырағы сілкінген жанарымда – Жас қайғым,  

Құсқа жақын бір тілде айтып-айтып тастайды . . . 

Жалғыз тамшы иманым таңдайымда тамылжып,  

Ажал қыздың дидарын мен сағына бастаймын. 

Кірпігімнен сәлден соң ұйқы құсы пыр ұшып,

Осылайша тағы да оянамын. 

Нұр ішіп...

Күбірлеймін және де:  

Қайдасың сен қара үңгір?...

( қасіретті ғаламның қасиетті бұрышы )  

Кеткен ұшып келмеске ұйқы құсы – 

Түн құсы... 

Іңгәлайды алдымда  

Қызыл шақа қылмысым. 

Өзімді өзім азалап,  асығамын бір жаққа...

Көз жасыммен тазалап мылтығымның ұңғысын. 

Сол мылтықтың ақырғы таңдайында қалған оқ,  

Құсқа айналып титімдей 

Қонақтайды талға кеп. 

Ымырттағы әр ұшқын – Адамзаттың рухы,  

Аймалайды ғарышты ақ қағазда жанған от. 

 


 

Ерлан Нұрдықанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар