Нұрдәулет Ақыш: Жазушы жасаған фразеологиялық тіркестер

Бөлісу:

22.06.2016 5622


Рахымжан-Отарбаев.jpg

Қазіргі таңда қазақ прозасының көркемдік ахуалы, жеткен жетістігі мен кеткен кемшіліктері жайындағы пікірлер легі біркелкі емес. Базбір әдебиетшілер кеңестік кезеңмен салыстырып қарағанда прозамыздың көркемдік өресі аласарып кетті, тоқырауға айналды деген ойды көлденең тартса, енді біреулер, керісінше, прозамыз өсіп-өркендеу бағытында деген тұжырымның орынды екендігін құптауға бейім. Қазіргі кезеңдегі белгілі деген жазушылардың жекелеген шығармаларын оқығаннан кейін, қалай болған күнде де қазіргі қазақ прозасының күрмеліп тұрып қалмағанын, шалынып-жығылып болса да, қозғалыс үстінде келе жатқандығын аңғарғандай боламыз.


Ал осындай халде алдымен қай қаламгерлерді айтамыз деген кезде бірден лақ еткізбей, ойланып қалатын жағдайымыз да жоқ емес. Бұл арада әркімнің көкейінен шыққан субьективті пікірлер ағыны бір арнадан тоғыспай, жан-жаққа ала қашуы да мүмкін. Ал менің өзімнен кімдерді атайсың деген жағдайда оқыған қаламгерлерімнің арасынан сүйсіне қабылдап, жазғандарын іштей тоқып жүрген рухы жақын жазушыларым бар. Соның бірі прозамызға ерекше рең қосып, көркем ойдың көрігін қыздырып келе жатқан Рахымжан Отарбаев дер едім. Оның шығармашылығы бүгінгі әдебиет сыншыларының арнайы тоқталып, зерттеу нысанына айналдыруына әбден лайықты.


Бұл қаламгердің шығармашылығы хақында соңғы жылдары әр жер әр-жерде сөз болып, дұрыс бағаланып келе жатқаннан хабардармын. Арасында ол жайында жазылған шығармашылық портрет рәуішті шолуларды да көзіміз шалып қалады. Сондықтан бұл арада жазушы прозасына қатысты бұған дейін айтылып келген талдауларды қайталамауға тырысып, бір сәт оның көркем әдеби тілді қолдану бағытында байқалған авторлық ұстанымына да назар аударған дұрыс шығар деп ойлаймын.


Жазған мәтінінің лексикалық қоры, фразеологиялық арсеналы – кез келген жазушының көркем әлеуетінің қандай екендігінен хабардар ететін негізгі фактор. «Теңіздің дәмін тамшыдан білуге болады» деген нақылды бетке ұстайтын оқырмандар шығармаларындағы жекелеген сөздер мен сөз үйірімдері, фразеологиялық оралымдар арқылы-ақ жазушы көркемдік болмысының қандай деңгейде екендігін шамалауға әбден болатыны сөзсіз.


«Американың ұлттық байлығы» атты әңгімесінде кейіпкері жайында сөз өрбіте келіп, Р.Отарбаев: «Даладағы аңды қорасындағы малдай көріп жүріп дәулет те жинамапты. Соңында мұраға қалғаны – айдаладағы жалғыз тоқал там мен қандыауызы, бес-алты уақ жандық» (1,4) деп оған бір ауыз сөзбен-ақ әлеуметтік мінездеме беріп кетеді. Кәдімгі етістіктің баяндау формасындағы шағын штрих. Баяндау болғанымен, ағаш сөйлемдерден тұратын оқырманды құлаққышты ететін құрғақ баяндау емес, образдың бояуына малынған экспрессивті тіркестер.


Демек, бұл мысалдан шығатын қорытынды – жазушы көркем шығармада кездесетін баяндау тәсілінің өзін жай ғана құрғақ хабарлай салудан қашып, керісінше, оны өрнектеп, ойнатып беруге бейім. Осындағы қазақы ойлау жүйесінен хабардар беретін «Даладағы аңды қорасындағы малдай көру» тіркесі, «қандыаузы» деген синоним, синехдоха, метафора жаңағы баяндауға әр беріп, көркем түрде құйқылжытып жіберген.


Суретті сөйлемдердің келесі бір парасы мынандай болып келген: «Күн байығасын пеш жанында тұрған пілте шамды тұтатты. Көлеңке ыдырап, үйдің төрт бұрышына тығылды. Қазан астындағы от бәсеңси бастаған екен, ошақ аузында жатқан жыңғылдың үш-төрт түйірін қосымша етті. Жас еттің иісі жайылып, қараша үйге жылылық енді» (1,4). Суреттің эмоционалдық бейнесін күшейтіп, тірі картина жасап тұрған – көлеңкенің ыдырап, бұрышқа тығылуы, жас еттің иісінің жайылуы сияқты образдық концептілер. Ымырт үйірілген кешкі уақыттағы үй ішінің суреті жадағай жазыла салынбаған, қанық бояумен келістіріп тұрып салғандай кестелі.


«Әкесінің қасқыр қақпандай шаппа-шап мінезіне қанық Қапар ақ шұнақ шалды ғұмырында бір-ақ мәрте ашуландырыпты» (1,4) деген сөйлемнің де оқырман қабылдауына оң әсер ететін жанды тіркестерден тұрғанын мойындамасқа болмайды. Бұл арада оқырман ойына тұздық болып, мәтіннің көркемдік қабатты құрап тұрған – «қасқыр қақпандай шаппа-шап мінез» деген суретке толы үйірлі мүшелер. Адам мінезінің бір ерекшелігін қасқыр қақпанға теңеп суреттегенді мен өз басым бұрын-соңды кездестіре қоймаппын.

Кейбір жекелеген талдауларды оқып отырсаңыз, сыншы бауырларымыз дәмі, татуы жоқ сөлсіз сөйлемдердің өзін-ақ мәтіннен жырып алып, көркемдігіне таңдай қағып жатады. Көркем әдебиеттің басты нышадарының бірі жанды тұсы образдылық, бейнелілік дейтін болсақ, ол жағынан Рахымжан Отарбаев ешкімнен қарызға сөз сұрап, жалпыетектенбейтін, оқшантайы оқалы сөздерге кенде болмайтын қаламгер.


Осы ойдың нақты бір мысалы – мына бір шағын эпизодтағы сөз саптаулар:


«Құда түсіп «міне, міне, той» деп отырғанда шар ете қалған шатақ тұтансын. Азын-аулақ ағайынның басын қосып ақылдасар шайда әкесі:

– Құдаға жеңі бар көйлек салғалы отырмыз, – деп берілер китті тізбелеген.

– Дырдай құдаға жағалы киім кигізбеу ұят емес пе, – деп қалды бұл дастарханға емініп-емініп қойып.

Аз дәулетін тұтамдап отырған әкесі шегір көзінің сұғымен аямай шанышты. Бірақ ләм демеді. Момындықтан бас алмайтын шешесі ғана: «Тек, көбейгір», – деп күбірлеп тынды (1,5).


«– Уау, атаңа нәлет, қатын алған жалғыз сен бе едің?!

О несі, а? Жалғыз сиырды тойға сойып, ертең келінді сауып, шайқатық қылайын деп пе ең, а?» (1,6)


Осы тірі сөйлемдерде кездесетін «шар ете қалған шатақ», «дастарқанға емініп-емініп қойып», «шегір көзінің сұғын аямай шанышты», «момындықтан бас алмайтын шешесі» тәрізді үйірлі мүшелердегі сөз тіркестері жазушылық ізденістен туған ілгерілеушілік нышандары.


Көркем ойдың берекесін кіргізетін – сөдердің ауызекі деңгейіндегі жадағай байланыстары емес, тұщымды тіркестер, бейнелі сөздер, басқа да көркемдегіш құралдар. Жазушы осы көркемдік құралдарын қисынын келтіріп пайдалана біледі және қолдану барысында қалам ұшына қиналмастан оп-оңай ілігіп кеткендей жағымды әсер қалдырады.


Образбен ойлау, бейнелі тіркестердің берекесін кіргізу – Р.Отарбаев стиліне тән ұтымды шығармашылық табыстардың бірі.


Тағы бір жерінде әңгіме кейіпкері екіншісіне: «Несібең әр қазанда жүрген жігітсің ғой, саған бұйырды» деген қазақи тұжырым жасап, ойды тиянақтап тұрған сөйлемнің өзін бейнелеп жеткізеді. Кейіпкерлер аузынан айтылатын бұндай сөз саптаулардың эстетикалық қызметі әсерлі болып шығатынына дау жоқ. Егер жаңағыдай бейнелі, көркем сөздер тек автордың ғана аузынан айтылып, кейіпкерінің сөзі ауызекі деңгейде қарапайым ғана шығып жатса, шығарманың тұтас болмысына әсер етері анық.


Марғау оқырманның көңілін ашып, санасын сергітетін маңызы елеулі көркемдік атрибуттардың бірі – халық аузында ежелден келе жатқан тұрақты фразеологиялық тіркестер. Көркемдік қабылдауға оң әсер ететін ұқсас тіркестерді ойлап табу қабілетті жазушыға ғана тән болып келетіні әдебиетіміздің тарихынан белгілі. Мысалы, М.Әуезов тілінің көркемдігі мен байлығы оның өз қаламынан туған осындай фразеологиялық тіркестерден байқалады. Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев, Қ.Ысқақ, О.Бөкей және т.б. қазақ қара сөзінің шеберлері өз шығармаларын осындай көркемдік табыстарымен көркейте білді.


Рахымжан Отарбаев шығармашылығмен танысқан оқырман да осындай оң үрдістің нышандарын байқай алмақ. «Қатын қайраттанса қазан ғана қайнамас…», «Қарашығы маңып-маңып барып орнын әрең тапты». «Мына сөз Қапардың жүзіне ойнап шыққан күлкіні үркітіп жіберді» және т.с.с. соны тіркестер қазақ әдеби тілінің байлығын, икемділігі мен эстетикалық болмысының күрделілігін білдіретін көрсеткіштердің бірі емес пе.


Осындай бейнелі тіркестер өздерінің көркемдік болмысымен бірге, сол сөйлеп отырған кейіпкердің мінез-құлық ашатын, ой өрісін білдіретін ұтымды штрихтарға айналып шыға келеді. Р.Отарбаев бұл жағынан да өз ойының ұшқырлығын білдіріп отырады.


«Ау, ау, айдың-күннің аманында ұлттық байлыққа мылтық кезеніп не көрінді, Қапеке-ау? Сорың шындап қайнаған екен!» (1,4).

«– Ендеше, бұл – сонау Американың ұлттық байлығы боп мақұлданған мақұлық» (1,9).

«– Надандық, сені қайтейін? – деп Жетес екі тізеде кезек тербелді» (1,11).

«Қошалақта аң қуып, шап терлетіп шауып жүріп бар ғұмырын түгескен ақ шұнақ шал кейде мұның ісіне наразы боп:

– Жатқан жатырың жұқа ғой. Жағаласа кетер жерде жапырыла қалуын. Қамшы ұстап дауға түсері жоқ өңшең ынжыққа тартып, – деп жоқ жерде нығыртып бітетін» (1,11) деген кездегі төл сөз кейіпкердің әлеуметтік тегін, өскен ортасының қандай болғандығын, жас мөлшерін де аңғартып тұрған жоқ па.


«Жазғытұрғы жел жардай атанды жығады деген. Әрі мына талау келгір торының жүрісі жаман. Асқазанымды сапырып бітті» (1,7). Кейіпкердің осы сөз саптасындағы сөйлемнің әрқайсысын жеке алып қарастырсақ та, артықтық етпес еді. Осындағы «Жазғытұрғы жел жардай атанды жығады» деген фразеологиялық оралым жиі қолданыла бермейтін тіркес. Баз бір жерде мұндай сөздің қолданыста болуы ғажап емес, кейіпкердің өзі де соған келтіріп тұр. Бірақ сирек қолданылатындықтан, оқырманның қабылдауына тосын әрі ұнасымды әсер етеді деп түйіндеуге болады.


Фразеологиялық оралымға тән басты белгі – оның даяр қалпында пайдаланылуы екендігі белгілі. Мағынасы тұтас, қасиеті тұрақты болғандықтан да, оны әркімнің қалауынша түрлендіруіне болмайды. Оларға кіретін сөздер жазатын кісінің көңіл күйіне орай емес, өзінің қалыптасқан формасын, тұтас қалпын сақтай отырып қана қолданылады. Бұндай сергектің жазушының жауапкершілік сезімінен туындамақ.


«Фразеологиялық оралымдардың басым көпшілігінің құрылымдық тұтастығының бекемдігі соншалық, оның ішіне (сыңарларының аралығына) әдетте басқа бір сөз енбейд» (2, 168) дейді профессор К.Аханов.


Лексикологиядағы осы заңдылықтарды ескере отырып, жазушының өз жанынан да фразоелогиялық тіркестер құруға құқылы. Бірақ ол тіркестер әдеби тіл нормасының шегінен шықпайтын белгілі бір заңдылықтарға бағынуы тиісті. Жазушының шеберлігі, міне, осындай тұстарда көрінеді. Тілдік нормаларды белінен басып, үйлесімсіз тіркес жасауға болмайды. Жазушы Рахымжан Отарбаев шеберлігінің өзі сонда – әдеби тіл нормасын сақтай отырып-ақ, жаңадан тың тіркестер жасайды, бейнелеуіш сөздердіің түр-түрін қолдана алады.


Мәселеңки, «Қапардың мына сөзден кейін мазасы қашып, ішіне үрей жүгірейін деді» (1,4) деген сөйлемдегі «ішіне үрей жүгіру» тіркесі кез келген оқырман жатырқай алмайтын ұшқыр ойдың кезекті сәтті көрінісі. Интонациясы мен мағынасы жағынан қарым-қатынасқа түскен тұтас бұл бірліктің жазушы қаламынан туған сәтті синтагма екендігі көрініп тұр.


Бір ауыз сөзбен айтқанда ол көркем прозаның тілінің қалай дамытуға болатынын қисынды түрде орнымен меңгерген. Жазушылық дарынның бір көрінісі осында жатқан шығар.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Отарбаев Р. Біздің ауылдың амазонкалары. – Астана: Фолиант, 2012. – 424 б.

2. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы: Мектеп, 1978, - 496 б.




Нұрдәулет Ақыш, жазушы, М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері

Бөлісу:

Көп оқылғандар