Сәдібек Түгел: Астана мені баурап алды

Бөлісу:

27.06.2016 4869


Cәдібек аға.JPG

Алғашқы астаналықтардың бірі, жаңа Елорданың тұңғыш баспасөз хатшысы, танымал қоғам қайраткері, белгілі жазушы Сәдібек Түгелмен Астана күні қарсаңында жолығып, әңгімелесудің сәті түсті.


- Сәдібек аға, басылымның мыңдаған оқырмандары үшін жаңа Елордамыз-Астана қаласы туралы өзіңіздің жеке пікіріңізді айтып берсеңіз?


-Турасын айтсам, Астана мені баурап алды. Бір жаққа барсам, сүйікті қаламды аңсап, аңсарым ауып, қашан үйге қайтам деп асығып тұрамын. Астана менің тұрақты мекеніме айналды. Осы қалада елмен бірге Отанға адал қызмет жасап, қаламыздың өсіп-өркендеуімен, дамуына қолдан келген өз үлесімізді қосып келеміз. Маған қаланың әр-бір тасы ыстық. Бәрі көз алдымда салынып, құлпырып келеді десем артық айтқандық болмайды деп санаймын. Аллатағаланың қолдауымен, тағдырдың жазуымен жаңа Астананың тұңғыш баспасөз хатшысы ретінде, қайнаған қазанның ішінде, Ұлы оқиғалардың басы-қасында жүрдім.

Жаңа Елорданы салудағы құрылыс жұмыстарының ұйымдастырылуы, басталуы, жүргізілуі, қарапайым құрылысшылардың тынымсыз атқарған еңбектері, су жаңа ғимараттардың, кешендердің салтанатты ашылулары, қала тұрғындарының тыныс-тіршіліктері, Президент бастаған алғашқы астаналықтардың жанқиярлық ерлікке пара-пар еңбектері маған әрқашан қуат беріп отырады. Қолымда сол кездерден мол мағлұмат беретін тарихи құжаттар сақталған. Осы айтқандарымды бір сөзбен түйіндесем, Астана қаласы - Қазақстан Республикасының абыройын асқақтатқан Ұлы Жоба болды. Айтарым, жаңа Елордамызды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Өзі таңдап, Өзі негізін салып, Өзі ірге тасын берік қалап отыр. Бұл біріншіден. Екіншіден, құдайға шүкір, осы жерде адами бақытқа кенеліп, өсіп, өніп отырмын! Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырдым. Олардан әйелім Қайкен екеуіміз алты-жеті немере сүйіп отырмыз. Немеремнің үлкені Серімжан он бес жасқа келіп қалды. Көптеген достар таптық. Құдаларымыз бір бөлек . Олармен тығыз, туыстық қарым-қатынасымыз бар. Әр сенбі, демалыс күндері тойсыз болмаймыз.


Елбасы.jpg


Үшіншіден, жаңа Астана маған үлкен әдебиетке жол ашты. Қолым қалт етсе жазу үстеліме қарай асығып, қолыма қалам алып Елордаға арналған әңгімелеріммен повестерімді, кітаптарымды жазамын. Астанаға арналаған мына кітаптарды жазып, жарыққа шығардым: 1. «Көк күмбезді Астана», 2.«Астана-город солнечной мечты», 3. «Астана- жерұйығы елімнің!», 4. «Астана- триумф страны!», 5. «Өсе бер, өрлей бер, Астана!», 6. «Алғашқы астаналықтар», 7. «Первопроходцы Астаны», 8. «Астана хикаялары», 9. «Астана журналистикасының шежіресі». Қолжазба қалпында жазылып, жарыққа дайын тұрған шығармаларым да бар. Өйткені кешегі күн-бүгінгі тарих.


Астана 1.jpg


Осы қалада жеті республикалық журнал шығарып отырмын. Оның ішінде «Біз, Астаналықтар!»- «Мы, Астанчане» журналы таза Елорда тынысына арналған басылым болып саналады. Жалпы алағанда, «ТҮГЕЛ МЕДИА», «ТҮГЕЛ-АҚПАРАТ» Астанаға қызмет істейді. Оның құрамында 18 БАҚ-тар мен сайттар бар.


Төртіншіден, жаңа Астанаға арналған Ұлы Дала тұлпары Құлагерге ескерткіш тұрғыздым. Оған халық көп барады. Жақында Германиядан делегация барып көрді. Астана қаласына арналған көптеген игілікті мәдени-рухани шараларды жүзеге асырып келемін. Солардың ішінде өмірден ерте өткен дарынды елордалық журналист қаламгерлерді еске алатын «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» атты кешті, журналистер қауымы жақсы көретін пресс-турларды, «Замана желімен жарысқан - Қазанат» атты спорттық жарыстарды айтуға болады. Оның үстіне Астана қаласына арналған ондаған баспасөз мәслихаттарымен брифингтерді өткізіп келеміз.


- Келесі сұрағым, Елорда әкімдігінің алғашқы құрамы және оның басшылығы туралы болып тұр? Олардың еңбегін қалай бағалайсыз?


- Өте жоғары бағалаймын. Мен ол туралы «Көк күмбезді Астана» атты алғашқы кітабымда жан-жақты жаздым. Онда «Жақсыбеков - жақсы әкім» деген тарау бар. Шынында, бес жыл бірге істедім. Әділбек Жақсыбеков - Ел Президентінің кадр саясатындағы үлкен олжасы, дұрыс таңдауы деп санаймын. Ол іскер басшы, әділ азамат, нағыз Отан патриоты, Елбасының ең сенімді серіктерінің бірі де бірегейі. Әлеуметтік желілерде қала басшылығы мен активінің оңды жұмыстары туралы көптеген мақалалар жаздым. Бірақ мысал. Әр ауладағы балаларымызға арналған алаңдар қандай керемет. Ондағы бүлдіршіндердің күлкілерін, асыр салып ойнағандарын көрудің өзі үлкен бақыт.


1 Жақсыбеков.jpg


Әдекеңнің қасындағы қазіргі орынбасарлары Ермек Әмірханұлы Аманшаев, Хорошун Сергей Михайлович, Лукин Андрей Иванович, Айтмұхаметов Қайыртай Қосманұлы, Бектурова Малика Ерланқызылар қала тіршілігін терең түсінетін, мәселелерін тыңғылықты шеше алатын білікті басшылар болып саналады. Қала мәслихатының хатшысы Нұрпейісов Жанат Ғазизұлы, ішкі саясат басқармасының басшысы Каналимов Ерлан Ермекұлылар жақсы жұмыстар атқаруда. Ең бастысы олар халық пен бірлесіп жұмыс істей алады.


- Мереке алдындағы астаналықтарға айтар тілегіңіз?


- Барды бар, жақсыны жақсы деп айта білу керек. Осындай керемет ғажайып шаһарда өмір сүріп, тұруымызды мақтан тұтайық.Қаланың тазалығына бір кісідей болып атсалысайық. Қала басшылығының бастамаларына қолдау көрсете білейік. Астана қаласы гүлденіп, құлпырып, көркейе берсін! Біз астаналықтар-біз мәңгі біргеміз! Астана күні құтты болсын!!!


Сұхбаттың авторы: журналист Нұржігіт Дидар

Бөлісу:

Көп оқылғандар