Қалбай ӘБДІРАМАН: ҚЫРУАР КӨП НАН ТАБАМЫН ДЕСЕҢІЗ... ӘДЕБИЕТТЕН КЕТІҢІЗ!

Бөлісу:

04.07.2016 4105

 


 Қалеке, кейінгі кезде жазған бір өлеңіңізде:

«Алмас қанжар тірелді қынға барып,

Өтірік сөз тірелді шынға барып,

Күнәмізден айығып жас кездегі,

Жылап алсақ қайтеді құмға барып?!»,  деген жолдарға көзім түскен. Жалпы сөз дегенде не, сіз пәленбай жылдар бойы осы сөз сиқырына арбалып, басыңызды тауға да, тасқа да соғып келесіз? Не түйдіңіз?


– Біріншіден, СӨЗ дегеніңіз – адамзатты Адам еткен, Құдіреті күшті Құдайдан кейінгі Құдайдай ұлы нәрсе. Сондықтан адамзат сөзден жаралған деген де әңгіме бар. Оңаша жатып алып, өзіңізше ойлап көріңізші. Жеті миллиардтан артық адамды адам етіп тұрған сөз емей не деп ойлайсыз? Сондықтан біз сөзді киелі дейміз. Екіншіден, күйелі де нәрсе сөз деген. Адам сөзіне иелік ету керек. Сондықтан ол иелі де нәрсе. Және бір айта кететұғын нәрсе – «ақын сөзді Жаратушы, жасаушы, әсерге бөлеуші, жоқтан демей-ақ қоялық, бардан жасаушы ретінде де ол Алла Тағаладан сәл беріде... Осыдан өрбіте келе, «жазушының – адам жанының инженері» екендігі туралы түсінік келіп шығады. Бұл – сөзден шығарма жасаушы ақынның табиғатының осал болмауы керек екендігі туралы әңгіме.


Сөздің тағы бір құдіретті жері – ол байланыс құралы. Құрал ол... Найза сияқты, қылыш пен қанжар сияқты, зеңбірек пен бомба сияқты.


Менің «ҚАЗАҚНАМА» кітабымдағы бір өлең былай түйінделеді:


«Қолда, қазақ, қолдасаң,

Қорла, қазақ, қорласаң.

Жаратамын қалай сөз?

Өзім Құдай болмасам!..»


Мен сөздің күші мен құдіретін осылайша бадырайта дәріптеймін. Өйткені, ақын аузынан шыққан құдіреті күшті СӨЗ деген тылсымның тіріні тірілей өлтіріп, өліні тірілтіп жатқанына мыңдаған, миллиондаған мысал тауып беруге болады... Мен жазушымын, сөзбен жоқты жасаймын, өлімен бірге көрге кіремін... Менің соқырмен соқыр болып монолог оқығанымда тұла бойыңыз көгеріп, денеңіз түршігіп кетеді... Мысалы, «Атом бомбасы тасталған кезде жанарынан айрылған жиырма бес жасар Хиросималық соқыр жігіттің монологы» деген өлеңімді оқығанымда, сіздер түгіл өзімнің денем түршігеді. Өлең 1970 жыл Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасының тасталғанына жиырма бес жыл толғанына арнап жазылған. Сол шақта хиросималық соқыр жігіт те, жанары жай оғындай жарқылдап осы өлеңді жазып отырған мен де жиырма бес жастамыз. Бір сөзбен айтқанда, Адам Сәпи сияқты өзіміз жаралып болған соң сөзді, сөз арқылы бейнеленетін ойды қабырғамыздан жаратамыз. Жаратып болып оның көркіне таңғаламыз. Сүйеміз, қызғыштай қоримыз.


Ғылым бойынша айтқанда, сөз дегеніңіз – ойдың сыртқы қабығы. Жалпы эмоция малда да бар. Ал екінші сигнал системасына сөйлеу, ойы мен сезімін сөз арқылы бейнелеу кіреді. Бұл өркениеттің жоғарғы сатысында тұрған тіршілік иесі, адамизатқа ғана тән нәрсе.


Адам Сәпи жаралғаннан бергі жерде сөз арқылы ойларын бейнелеген. Ортақтасқан. Пікірлескен. Топтарға, тайпаларға, қоғамдарға біріккен. Достасқан, дауласқан, жауға қарсы күрескен... Ғашық болған. Өйткені, тірішілік тарихы соңғы екі жүз миллион жылдықтар тарихы...


Мұны ғалымдар гиперборея, прототүрк... деп жатады. Олжас Сүлейменовтің кітаптарын, маңғыстаулық замандасымыз, марқұм Серікбол Қондыбайдың кітаптарын оқыңыз. Сонда менен гөрі әрірек түкпірлейсіз. Мен сөздің теоретигі емес, ақын ретінде оның практигімін. Бірақ осы жерде мына нәрсені айрықша атап өткім келіп отыр. Ол да болса, соңғы бірнеше мыңдаған жылдарда жазулар таңбаға түскен, таңбалар тастарға... теріге, пергаментке, қағазға түсе бастаған. Ол туралы айтып менің нем бар. Ғалымдар айтады ғой. Мен тек бар нәрсені еске түсіріп ғана өткім келеді.


Бірақ осы жерде бір нәрсені айтқым келіп отыр. Ол – сөзді жазу... Кәкен Аханов. «Тіл біліміне кіріспе» кітабында «Жазу,біріншіден уақыт таңдамайды... Екіншіден аралық таңдамайды...», – дейді ғой. Мұны айтып отырған себебім, менің алғашқы кітабымның аты – «Жүректегі жазулар».


 Енді әңгіме ауанын осы кітапқа, өзіңізге бұрсақ...


– Кітап 1977 жылы жарық көрген. Мен осы өлеңдер жинағыммен 1980 жылы 26 маусымда СССР Жазушылар одағының мүшесі болғанмын. Бұл билетке СССР Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Георгий Марков қол қойған. Дәл осыдан бір ай кейін бұл билетке қол жеткізе алмай Владимир Высоцкий қайтыс болды. Ол СССР Жазушылар Одағының мүшесі бола алған жоқ. Қараңыз, қандай әділетсіздік?!


«Жүректегі жазулар» қайдан шықты?.. Білесіз бе, ол ұлы авар ақыны, Лениндік сыйлықтың лауреаты Расұл Ғамзатовтың «Биіктегі жұлдыздар» кітабынан сүйреліп шыққанын, менің «ҚАРА ТАСТАҒЫ ЖАЗУЛАР» өлеңдер топтамамды жазу үстінде... 1968 жылы наурыз, мамыр айларында, есіктегі жазулар, бесіктегі жазулар, қанжардағы жазулар, унцукуль таяғындағы жазулар...т.б. тұжырымдаудан келіп шыққанын ешкім білмейді...


Расұл Ғамзатов айтқандай, барлық адам ақын, бірақ біреулері жазады, екінші біреулері жазбайды. Қалай жазуды білмейді...


Манағы сөз дегеніңізге миыма тағы да сөз туралы сөздер оралып жатыр, айып етпеңіз. Біз, ақындар үшін сөз әлеуметке екі нүктеден... екі ағзадан барады. Біріншіден құлақтың тесігінен дыбыс арқылы барады.


Екіншіден көздің жанарынан... қағазға таңбалау арқылы барады.


Өйткені сөзді қалған дәм сезу, иіс сезу сияқты органдары арқылы жеткізу мүмкін емес.


Адамда бес сезу органы бар. Алтыншысы – ақындық интуиция. Сондықтан ақынды өлтіргіңіз келсе, оны осы екі байланыс жүйесінен айырыңыз.


Қадыр ағамыз былай дейді ғой:


«О, зұлым-ай, зұлым-ай,

О, ант атқан, ант атқан,

Осал жерін ерлердің

Қалай ғана дәл тапқан?


Сіз мені өлтіргіңіз келсе, елден, қазақтан, қазақты құлағы мен көз жанарынан айырыңыз... Өйткені мен «Қазақнама» кітаптарының авторымын.


Ой ортақтасу, дидарласу туралы әңгіме болған жерде менің есіме Қадыр ағамыздың 1967 жылы жарық көрген «Ой орманы» кітабындағы мынадай шумақтар түседі:


О, досым, ойлан, бұл анық:

Түскем жоқ әлі табытқа.

Көргенде мені қуанып,

Көрінбей кетсем қамықпа!

 

Шыққаным үшін бір қонып,

Қайырам өмір өтемін.

Көріну үшін жыр болып,

Көрінбей кейде кетемін!..


Сөз – мұзарт. Айсберг. Оның үштен екі бөлегі ғана емес, жүзден тоқсан тоғыз бөлегі судың астында.


 Қалеке, сұхбатымыз енді қызып келе жатқан сияқты. Енді ойдан жазуға ауыссақ...


– Иә, Мен сөзді жазамын.


Әбутәліпке: «Сен өлеңді ауызша шығарасың, қолыңа қалам алып, оны хатқа түсір», – десе, Әбутәліп айтады ғой:«Қолыма қалам алсам, мен өлең туралы емес, қолымдағы қаламды қалай ұстауды ойланып отырамын», – деп. Ал мен қаламды қалай ұстау туралы ойланбаймын, сөзімді қалай елге жеткіземін деп ойлаймын. Қаламды алғаш рет қолыма ұстағаныма биыл алпыс үшінші жыл. Соның елу төрт жылында шығармашылық өнермен шұғылданамын.


Менің ең алғашқы кітабым – «Жүректегі жазулар». Кітап 1977 жылы өте кешігіп, 15 жыл дегенде жарық көрді. Сонда да бұл кітаптың шыққанына биыл қырық жыл толып отыр.


Егер ақын көзінің тірісінде тұздалып, қақталып, мумиялануы керек болса, сол ақын мен шығармын деп ойлаймын кейде. Бірақ бұдан ұтпасам, ұтылған менің ештеңем жоқ. Пышақтың қырындай сол кітаптың бармаған жері шамалы. Кітапты шығармай алты жыл ұстаған шенеунік кітап теріліп болған сәтте менен: «Кітабыңа ризамысың?»  деп сұрады. Мен: «Ризамын!» – деп жауап бердім. Кітапта отыз алты-ақ өлең бар. Бұл кітап 1977 жылы Алматыға, Ұлықбек Есдәулетовтың қолына түсті. Ол мені іздетті. Өйткені бұл кітапта «ҚАЗАҚША МОТИВ» деген лирикалық өлең бар еді. Бұл кітапты қазақ ақыны Ерлан Бағай менің қолтаңбаммен ақын ағамыз Тұманбай Молдағалиевтің қолына жеткізіп берді. Кітаптың әр данасы сүйреліп тарихқа кіріп барғанын арадан қырық жыл өткенде Сіз бенен Біз көріп отырмыз. Мен туралы бірнеше рет «Жырдың бір жұмбақ жұлдызы», «Ол әлі өлген емес» деген сияқты көптеген мақалалар қайта-қайта жарық көрген.


Сондағы бір өлеңде былай делінген:


«Қайта туған қазақтың құтындаймын,

Анау-мынау аранға жұтылмаймын.

Өлді деген құзғынның үміті ғой,

Мен әлі азын-аулақ... тыпырлаймын!»


Бұл менің «ҚАЗАҚНАМА» кітабымда жарық көрген жолдар. Осы жылы 69 жастамын. Және ыңғайы келгенде айта кеткім келіп тұрған бір нәрсе. Менің Маңғыстау ақындарының елу томдығында бір том өлеңдерім бар. Жалпы өлең саны – 170. Барлығы – махаббат туралы. «МЕН СЕНІ ЖАҚСЫ КӨРЕМ!» деп аталады. Интернеттің «Қазақ әдебиеті» және «Әдебиет порталы» атты сайттарында жүр. Ондағы өлеңдердің кейбірі елу жаста.


Табысты кездерім де бар. Кейбір өлеңнің өзіндік өмірбаяны да бар. Мынандай бір өмірбаян айтайын. Мысалы, мектеп бітірерден екі жыл бұрын жазылған «Қыс» атты өлеңім «Балдырған» журналының 1966 жылғы № 1 санында жарық көреді. 1967 жылы Т.Қордабаев пен З.Бейсенбаевтардың авторлығындағы қазақ сыныптарының «Ана тілі» оқулығына кіреді де жиырма сегіз жыл оқытылады. Он жылдан кейін бұл екі шумақ өлең «Балдырғанның кітапханасында» қайтадан жарық көреді.Кітапшаның мұқабасының сыртында Абайдың «Қыс» атты өлеңі. Мұқабаның сыртқы жағында Қалбай Әбдіраманның «Қыс» атты өлеңі. Кітапшада алты ақын. Абай,  Тұманбай, Сағи... Қалбай. Тұманбайдың өлеңі бір-ақ шумақ. Абай атамызбен екеуіміз мұқабаның сырт жағындамыз. Кітапша «Зулайды шанамыз» деп аталады.


Ал оқулық жалпы таралымы үш жарым миллионнан артық данамен Алматыдағы «Мектеп» баспасынан жиырма сегізжыл жарық көрген. 1995 жылдарға дейін.


 Қалеке, шығармашылығыңызға жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Әдебиетке қалай келдіңіз? Қайда туып, қайда өстіңіз?


– Төлеген Айбергеновпен жерлеспін. Екеуміз аға-ініміз. Мектепті 1953 жылы қазақ тілінде, қазақ мектептерінің программасы бойынша оқудан бастадым. Сіздер оқыған кітаптарды оқыдым. Бастауыш мектепте оқып жүрген жылдарымда өте көп кітаптарды оқып тауыстым. Шығармаларымды бірнеше тілдерде жаздым. Төрт тілді өз ана тілімдей білемін. Сол тілдерде сол елдердің ақыны ретінде жарық көрдім. 1980 жылдан СССР Жазушылар Одағының мүшесімін. Кітап оқығанда тіл талғамай оқи беремін. Бұл  менің кемшілігім емес, артықшылығым.


Дүниедегі отыз елдің қатарында боламыз дейміз. Соның ішінде әдебиетіміз де алдыңғы отыз елдің қатарында болуға тиісті. Ол әдебиеттердің арасында ағылшын, француз, неміс, орыс, жапон, қытай, араб, үнді, түрік деген халықтар бар. Біз өзіміздің ауылымызға ұзағырақтан, он мың, жиырма мың шақырым қашықтықтан, қолдан келсе ғарыштан, бес жүз шақырым биіктен көз салуымыз керек.


Алғашқы шығармашылығым, менің ақындық өнерге ұмтылуым 1962 жылдың көктемінен, «Көктем» деген өлең жазудан басталған. Сол жылдың көктем, жаз айларында екі жүзге жуық өлең жазғанмын.Тоғызыншы сыныпқа сол екі жүздей өлең жазылған қалың дәптермен келдім. Сол жазған өлеңдерімнің барлығы дерлік мұқият сақталған. 1963 жылы ең алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінде Марат Отаралиев шығарды, маңғыстаулық ақындар қатарында менің де бірер шумақ өлеңдерім мақтала бастады. Шыққан газеттерім «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері», Балдырған».


Тағы бір нәрсе айтайын, мұны да біреу білсе, біреу білмейді. Менің Өзбекстан және Қарақалпақстан республикаларында бір жарым миллион қазағым отыр. Мен олардың жетінші сынып «Әдебиет» оқулығы және хрестоматиясында он бір жылдан бері Өзбекстан білім министрлігінің бекітілуімен оқытылып жатырмын. Оқулық «Қозы Көрпеш-Баян сұлудан» басталады. Шалкиізден келе-келе Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов, Өмірзақ Қожамұратов, Қалбай Әбдіраман шығармашылығына ұласады. Кітапты әр жылы 14 000 қазақ баласы оқып жатыр. Бұл дегеніңіз 154 000 қосымша таралым деген сөз.


Сырттағы қазақ баласы біздің қандас бауырымыз емес пе? Қарақалпақстан Республикасы 1936 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының территориясы екенін, оны кімдердің бір қап картопқа айырбастағанын есіңізде сақтап қойыңыз.


Менің ең бақытты кезеңдерімнің бірі сол 1963-1965 жылдарға тура келеді. Менің алғашқы өлеңдерімді оқып, пікір айтқандар, көмектескендер Ізтай, Тілеуберген Жұмамұратов, Сағи, Мұзағаң, Әбділда Тәжібаев, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев. Олар өте көп. Мен солардың барлығынан сабақ алдым. Барлығына да өлеңдерімді оқыттым. Ақындардан жаныма ең жақыны – Сағи Жиенбаев пен Тұманбай Молдағалиев деп есептеймін.


Менің ақындық тәжірибе алар кітабым сол жылдары «Жас қанат» жинағы болған. Ол кітап 1959 жылы басылды. Бұл жылдар қазақ поэзиясында үлкен бір лирикалық бағыттың келу жылдары деп есептеймін.


1947 жыл 15 мамырда туғанмын. Құрдастарым – Кеңшілік Мырзабеков, Өмірбай Сәуірбаев, Сейсен Мұқтарұлы,Тынышбай Рахимов, Иранбек... Сәл ғана алдымда Ақұштап Бақтыгереева. 1963 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жыл қарлығашы» атты өлеңдер топтамасы жарияланған шақта менің де аздап иығым көріне бастаған.


 Қалеке, сіздің кезіңізде хат жазысу – әдемі бір үрдіс болатын. Тіптен тіл ұстарту десек те артық айтқандық емес. Көбіне байланыс хаттар арқылы болған ғой, сондықтан хат жазысудың ролі хақында не айтар едіңіз?


– Хат жазысып тұру керек деп есептеймін. Сосын күнделік жүргізу керек. Мен хаттар арқылы Мұзафар Әлімбаевпен байланыстым. Оған да 51 жыл. Өте мықты қазақтың ақындарымен байланыстым. Мен оларға өлең жолдаймын. Олар маған хат жазады. Ол хаттардың көбі менде сақтаулы. Мұзафар Әлімбаев бұдан елу жыл бұрын өзі хат жазды. Мынау Мұзағаң жазған хат. Алпыс бесінші жыл, «Балдырған» журналы. Мынау «Жұлдыз» журналынан М.Мақатаев жазған хат. Мұқағали өлеңдерімді оқыды. Елу жыл бұрын. Өзі хат жазды. Хаты менде әлі күнге сақтаулы. Міне сол хат.


Төлеген Айбергенов Алматыда қасына ертіп жүрді. Көмек берді. Өзі жалдап жүрген баспанасына апарып паналатты. Берқайыр Аманшин деген ағамызбен таныстырды. Ол да бізге жәрдем берді. Бірер жылдан соң Т.Айбергенов кетті. Тоғыз жылдан кейін М.Мақатаев қайтыс болды. Екеуі де менің ағаларым еді.


Осы жерде кітап оқу жайлы айтқым келеді. Оқуы аз адамның өлеңдері жұтаң келеді. Оқу, үйрену – ақынның іргетасы. Ақын болу үшін тек қазақ ақындарын ғана емес, көп елдердің ақындарын оқу керек. Сонда өз әдебиетіңнің деңгейін анық білесің. Ақын болу үшін тек өз дәуіріңнің ақындарын ғана емес, бүкіл адамзат жаратқан құнды шығармалармен таныстығың болу керек. Өте көп оқу керек.


Алпысыншы жылдары қазақ әдебиетінің іргетасында, біздің іргетасымызда тұрған ақындар, өте мықты ақындар болды. Олардың барлығын сіздер танисыздар.


Мысалы,


«Көгілдір бақша сыр айтты,

Сыр айтты мылқау түн маған.

Көгінен бүгін жиі ақты,

Жұлдыздар көзін жұмбаған... (Тұманбай Молдағалиев).


Мысалы,


«Сен мені ойладың ба,

Түсімде көрдім,

Тобылдың орманында,

Тобылғы ішінде көрдім... (Сырбай Мәуленов).


Мысалы,


«Абзал жар, ару ақ залдар,

Ақ залдар, аппақ вокзалдар,

Тілеулес жерге аттандым,

Тілеңдер маған ақ жолдар...

 

Мен сені көп іздегем,

Әнді арман, армиялы арман,

Сабылып шартараптан,

Бұраң бел дариялардан,

Бұрымы тарқап аққан... (Төлеген Айбергенов) – деген сияқты.


– Ақын ең алдымен жазу үстеліне отырарда неге мән беруі керек деп ойлайсыз? Кітап шығарудың мүмкіншілігі туралы не айтар едіңіз?


– Cөз, сөйлем ақынның сазбалшығы, ермексазы. Қолындағы құралы. Міне осыған мән беруі керек. Осы күнде қолына қалам алып ақындыққа таласқанның, ақындық құқығын сұрай бастағанның мына Маңғыстауда көптігі соншалықты, итті ұрсаң ақынның басына сариды. Ақын деген оншалықты көп бола бермейді ғой. Маңғыстауда өте нашар ақындар көп. Сондықтан өлең жазатын ақыннан, өлең жазбаған адамды қаһарман сияқты көремін.


Ақын өзінің мал баққан ауылынан аулақтау, биігірек дөңге шығып, өз ауылы туралы ойлануы керек шығар. Ол ауыл сенікі. Сен өз ауылыңды елден артық жақсы білгің келсе, Расұл Ғамзатұлының «Менің Дағыстаным» шығармасын оқы! Өз ауылыңа жарамсақтанудан аса алмасаң сенің өте нашар ақын, өте нашар азамат болғаның.


Сондықтан...


«Келгенім жоқ бұл жерге өлең іздеп,

Келдім бірге қосылып өлеміз деп.

Әу басында біреулер шай берген жоқ,

«Төбедегі шай берсе...

Береміз»,  деп!»


Ал бұл жерде ит те жазушы, бит те жазушы, жындының да бір-екі кітабы бар. Ақынның көптігі соншалықты, өлең жазбаған бір азаматты тауып едім, үйіне әулие санап зияратқа барғым келді.


«Жақсым да бар өзімнің, жаманым бар,

Жүйрігім бар қасымда, шабаным бар.

Өзге ақынның Қалбайға керегі жоқ,

Жазбайтұғын өзімнің Аманым бар!.. – деп бір жетпіске келген Аман деген құрдасымды марапаттағанымды жасырмаймын.


Бізде кітап шығарудың мүмкіншілігі өте көп. Бұл, әрине, прогресс. Бірақ кітаптың қадірсізденуі, оқылмауы ақынның қадірсізденуі деген сөз. Үш дарынсыздың кітабын шығарып берсеңіз, сол үш дарынсыз, азын-аулақ уақыт өткен соң бір дарындыны ұрып жығады. «Екі адам – бір адамның Құдайы» деген мақалды білесіз ғой. Міне, бұл – регресс.


 Сонау алпысыншы жылдары орыстың үлкен ақындарының бірі Михаил Исаковский кітапты шығармау туралы мақала жазды. Михаил Юрьевич Лермонтовтан таңдамалыңды шығарып берейік дегенде ақын он үш-ақ өлеңін апарған көрінеді.«Қалған өлеңдеріңіз қайда?» – дегенде ақын: «Менің өзге өлеңім жоқ», – деп жауап берген екен. Және бір мәселе, ақын болған кісінің кітабын, ақын болғаннан кейін шығару керек емес пе? Жоқ біздегі мүмкіншіліктің көптігі соншалықты, біз ақын болуы мүмкін адамның да, ақын болмауы мүмкін адамның да кітабын алдын ала шығарып беріп жатырмыз. Міне, мәселе қайда?!


 Енді жас ақындар шығармашылығы...


– Түсіндім. Әдебиетте жас ақын деген термин бар. Бұрындары жас ақын отызда, қырықта болатын. Ал қазір жас ақын он алтыда сызданады. Дауысын жуандау шығарғысы келеді. Бірақ құдай әлі бермегесін ол дауыс қайда барады, шіңкілдейді...Жалған марапат өзінен өзгені білмейтін графомондарды, лидерлерді жасап шығарады. Бұл лидерлер мен графомондар өзінен әрі өсіп ешқайда бара алмайтын нашар ақындарды марапаттайды. Әдебиетте облыстық, республикалық деген шекара жоқ. Ол жалпы әлемдік, ең кем дегенде ұлттық. Гете, Гейне, Шиллер деген сияқты. Байрон, Беранже, Абай, Мақтымқұлы, Әжінияз деген сияқты... Айтматов пен Мұхтар Әуезов деген сияқты. Олар өз елінің де, дүниежүзі әдебиетінің де беделін арттырды.


Тұлпарлар туыла береді... Расұл ҒамзатұлыСервантесПроспер Мериме, Стефан Цвейг, Азиз Несин... деген сияқты. Жоқ қой олар қазір. Бірақ Никита Сергеевич Хрущев айтпақшы, «сүт көп бола берсін, қаймақ сүттен шығады деп үміттенеміз-дағы».


 Айтқандай, Қалеке, әдебиеттің наны бар деген сөзді көп естимін. Міне сол туралы айтып беріңізші?


– Әдебиетте әрқашан нан жоқ. Пушкин алпыс мың сом қарызбен көмілді. Оның әйелі Наталья Гончарова әр жылғы киімінің өзіне алпыс мың сом жұмсап отырды. Гоголь қырық соммен бір ай күн көрді. Қырық сомға кітапханадан Шиллердің кітабын алып оқыды.


Ақындар шығармашылықпен шұғылдануы керек қой. Мен ең соңғы қаламақымды бір мың тоғыз жүз сексен бірінші жылы алдым. Өлеңімнің әр жолына бір сом жиырма тиыннан, үш баспа табақ кітабыма екі мың бес жүз жиырма бес сом жиырма тиын төледі. Мен СССР Жазушылар Одағының мүшесімін. Биыл отыз бес жыл. Өте кеш өттім.


 Ақын шығарма жазу үшін қарыны тоқ болуы керек. Біреуге бірдеңе деуі үшін ол еркін болуы керек. Ал еркін болуы үшін оның қалтасында қаражаты болуға тиісті.


 Шығармашылық ақынды бағуға тиісті. Өйткені, Жұмекен ағамыз айтпақшы «Аққудың да жемсауы бар...». Қазіргі заман міне осыны ұмытқан. Бұрында да солай болған. Соңғы ғасырларда да солай болады. Нан табамын десеңіз... әдебиеттен кетіңіз!


– Қазір ақын-жазушылардың кітаптары том-том болып, баспа табағына қарасаң басыңдағы бөркің ұшатындай болып шығып жатыр. Бұған не дейсіз?


– Қазақ поэзиясындағы өте-мөте бағалы кітаптар өте кішкене кітаптар болды. Ізтай Мәмбетовтің «Табантал», Жұмекен Нәжімеденовтің «Күй», Тұманбай Молдағалиевтің «Зулайды күндер», Қадыр Мырзалиевтың «Ой орманы», Төлеген Айбергеновтің «Өмірге саяхат», Мұқағали Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» т.б. Олар асып кетсе екі баспа табақ кітаптар, жетпіс, сексен бет. Жүз беттігі де бар арасында. Бүкіл қазақ халқы жатқа біледі...


Ал біздің Кенжебектің кітабы он бес жарым баспа табақ! Мұқағали Мақатаевтың өлерде қолына ұстап, енді мен өлмейтін болдым деп рахаттанып, жастығының астына жастанып өлген кітабы жеті-ақ баспа табақ. Құдайым-ай, міне біздер қандаймыз? Міне біз қалай өлтіреміз Хантәңірдей ақындарды. Желін ішіне қамап, жан-жағын шырмап, алдына шлагбаум тұрғызып, қолын нанға жеткізбей, суға жеткізбей...Ит тышып жатқан қағазға жеткізбей... матап, шынжырлап, шлагбаумның алдында өзінің галстугімен өзін буындырып...


Менің өлеңдерімді «ЖҰЛДЫЗ» журналында шығарайын деп жатқанда М.Мақатаевты жұмысынан айдап, қуып жіберді. Өлеңім басылған жоқ. Мұқағали өтірікші болды. Оның орнын кімдер алды? Хаттары бар менде Мұқаңның... білемін оларды. Олардың да біразы мықты ақындар. Бірақ Мақатаевтай емес екенін көзбен көріп отырсыздар.


Менің өлеңдерім «Жұлдыздың» арадан 444 саны өткенде, отыз жеті жыл өткенде барып басылды. Қайта-қайта басылды.


Мұқағали аға дегім келеді қазір... Мұқағали аға! Хатыңды алғаныма биыл мамыр айында елу жыл! Сізді елу жылдан бері ағалаумен келемін. Рахмет, Сізге де, мына күндерге жеткен маған да!


Мен дегеніңіз – қазақпын. Ташкентте басылған өлеңдерімде де, Нөкісте басылған өлеңдерімде де, Татар, Башқұрт, Азербайжан тілдерінде басылған өлеңдерімде де осы серпін ұрып тұр!


– Қалеке, уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!


– Рахмет сендерге! Мендей шалды елеп-ескеріп, індетіп тауып алғандарыңа, ел алдына шығармақ боп отырғандарыңа!



Сұхбаттасқан Сағындық РЗАХМЕТОВ,

Ақтау қаласы, 20.04.2016

Бөлісу:

Көп оқылғандар