Қайырбек Кемеңгер: Қошке қалай ақталды?

Бөлісу:

13.07.2016 8106



Қаламгер Қошке Кемеңгерұлы 1937 жылы оққа ұшқанда, оның аяулы жары Гүлсім Жәмиқызы (1904-1988) мен үш баласы Зайра (1926-2011), Нарманбет (1927-2009), Сәуле (1928-1993) ел басына зауал боп келген зұлмат жылдардың ауыр жүгін қайыспай көтерді. Олар «халық жауының отбасы» деген жалған жалаға көп жыл төзіп жүруге мәжбүр болды. Сібірге айдалса да, абақтыға қамалса да, қызметте қысым көрсе де, ардақты жар, абзал әке есіміне кір келтірмеді, бәріне төзіп шыдады, жарқын күннен үміт жібін үзбеді. Қошке Кемеңгерұлының ақталғаны туралы анықтама қағаз қаламгердің отбасына 1957 жылы ғана келді. Отыз төрт жасында жесір қалған Гүлсімнің осы қағазды алғаннан кейін істеген ерен еңбегі туралы Қошке балаларының естеліктерінде жақсы жазылған.

Қошке Кемеңгерұлының 1923-1930 жылдар аралығында Орынбор, Мәскеу, Қызылорда, Алматы, Ташкент қалаларынан әдеби-көркем, тарихи, оқу-әдістемелік бағыттарында жазылған он кітабы жарық көрді. Әрине, олар – бізге әзірше белгілі еңбектері ғана.


Қолына кісен салған 1930 жылдан кейін Қошкенің бірде-бір туындысы баспа бетінде жарияланбады. Тек араға жылдар салып, 1965 жылы ғана «Алтын сақина» атты жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Таралымы он мың дана ол кітаптың баспа бетін көргені – Қошке ұрпағына көптен күткен қуаныш болса, сол уақыттағы қазақ қоғамында бұл жаңалық таңдану туғызды. Қаламгердің ұрпағы әкелері тіріліп келгендей күй кешсе, кейбір сыншылар алашордашыл жазушы «Кемеңгеров кемеңгерсіп кетті» деп ескі сарынға салды. Ақыры билік басындағылар тарап үлгермеген басылымды оқырманға жеткізбей сатылымнан алдырды. Дәл осы аласапыран жылдары абзал азамат, көрнекті әдебиеттанушы Бейсенбай Кенжебаев қайраткер Смағұл Садуақасұлын өз мақаласында атағаны үшін қуғын көреді. Яғни, қанша жаңғыру кезеңі десек те, ақталған Мағжан, Смағұлдардың бай әдеби, ғылыми мұрасы жылы жабулы күйінде қала берді. Ал осы кезеңде Қошке еңбегінің кітап болып шыққаны – жаңалық, рухани өмірімізде айтулы оқиға болатын.




Қ.Кемеңгерұлының 1965 жылғы кітабына оның «Дүрия», «Ерлік жүректе» әңгімелері мен «Алтын сақина», «Парашылдар», «Ескі оқу» драмалары енді. Сондай-ақ жинаққа Жүсіпбек Аймауытұлының «Жол үстінде» әңгімесі Қошке авторлығымен кірді. Бұл олқылық қаламгердің кейінгі басылымдарында түзетілді. «Алтын сақина» жинағы 1964 жылы қазанның үшінде теруге жіберіліп, қарашаның жиырма үшінде оны басуға қол қойылады. Кітаптың көлемі – 84 бет (3, 68 баспа табақ). Бағасы – 24 тиын.




Осы шағын жинақты шығару үшін Қошкенің жары Гүлсім табанынан таусылып Алматыда алты жыл жүреді. Ол жұбайының ардақты есіміне жағылған күйені тазартамын деп көп тер төгеді. Талай адамның есігін қағады, талай табалдырықты тоздырады. Мұндай қиын жұмыс барысында қайратты анаға қол ұшын берген адамдар да болды. Олар Қошкенің дос-жарандары және оның алдынан оқыған кейбір шәкірттері еді. Қолда бар деректерді сұрыптап, сондай-ақ ескі көз үлкендердің естеліктеріне сүйеніп, біз бүгін қиын жылдарда Гүлсім Жәмиқызына көмек көрсеткен адамдарды үлкен ілтипатпен айтқымыз келеді. Олар: мемлекет қайраткері Пазыл Кәрібжанов, академик Қаныш Сәтбаев, жазушы Мұхтар Әуезов, әдебиеттанушы Есмағамбет Ысмаилов, жазушы-драматург Қапан Сатыбалдин.


Қ.Кемеңгерұлы ұрпақтарының қолында сол күннің шындығын бейнелейтін қымбат құжаттар сақталды. Олар тарихи маңызы бар хаттар, жазушы шығармаларына әдебиеттанушы-ғалымдар тарапынан берілген сын-пікірлер, түрлі анықтама қағаздар, «Алтын сақина» жинағы жарық көрген «Жазушы» баспасымен келісім.




Сол жылдары Қошке еңбектерін жинап, олардың жарық көруіне көп көмек көрсеткен адамның бірі – Сайдолла Күрлеубаев (1929-2008) деген азамат. Қошкеге ағайын болып келетін Сайдолла Омбыда, Қисықтағы Қаржас ауылында қаламгердің баласы Нарманбетпен балалық шақтың қиындығын бірге өткізеді. Сайдолла жоғарғы оқу орнын Омбы қаласында бітіріп, аспирантураны Мәскеуде оқиды. Алпысыншы жылдары тарих саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғайды.


Біздің қолда Сайдолла Күрлеубаевтың Қошкенің жары Гүлсімге 1959 жылы жазған хаты бар. Онда «Алтын сақина» жинағы қалай шыққандығы туралы дерек сақталған: «...Қанышқа барғаныңызды құдашаның үйінен естідім. Мен библиотекадан аналардың жинаған тізімін алдым. Тізімін екі дана қылып көшіріп алып, біреуін кеше академиядағы Сүлейменоваға тастап кеттім. Библиотекадағы адамдарға тағы да «екеу», «агроном» деген псевдонимдер бойынша іздеу керектігін айттым. Кеңесбаевқа жолыға алмадым... Қаныш Тіл және әдебиет институтына тапсырма берген көрінеді. Ал енді сіз, Зоя (Қошкенің Зайра есімді қызы. Қ.К.), қолыңыз келгенде Кеңесбаевқа барып, осы істің қалай бара жатқанын білерсіз. «Алтын сақина», «Парашылдар», «Ескі оқу» деген пьесаларының Есмағамбет Ысмайыловтың айтуы бойынша шығуы мүмкін. Ысмайыловтың өзі де Кеңесбаевтың қол астында істейді...».


Бұл хатта Сайдолла Күрлеубаев Гүлсім Жәмиқызының өтініші бойынша Қошке еңбектерін жинағаны, оны академияға өткізгені жайында мағлұмат аламыз. Сондай-ақ, осы іске академик Қаныш Сәтбаевтың өзі араласқанын білеміз. Ал әдебиеттанушы Есмағамбет Ысмайылов Гүлсім Жәмиқызы Қошкенің жары екендігін айғақтап сотта кепіл болған екен.


Қошке кітабының жарық көруіне ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің де септігі тиді. Қолдан келер көмегін аямас деп Гүлсім әже Алматыда алдымен Мұхтар Әуезовке барады. Қонағын жылы қарсы алған ұлы жазушы: «Е, Гүлсеке, өлген Қошке түгіл, тірі жүрген бізге де бұлар тыныштық бермей жатыр ғой. Бастамаң дұрыс, құптаймын. Бірақ қайда барсаң да, жалғыз жүр. Бұл іске балаларды араластырма. Олардың беті қайтып қалуы мүмкін»,- дейді ескі танысына. Гүлсім Жәмиқызы болашақ кітаптың алғы сөзін Мұхаңа жазып бер деп қолқа салады. «Алтын сақинадағы» алғы сөзде автор көрсетілмесе де, ғалымдардың тануы бойынша, ол – ұлы жазушының қолтаңбасы.


Кітап баспадан жарық көру үшін оған Жазушылар Одағынан, әдебиеттанушы-ғалымдардан тиісті сын-пікірлер қажет болды. «Алтын сақинаға» жазушы-драматург Қапан Сатыбалдин, ғалымдар Әбділда Тәжібаев пен Серік Қирабаев өздерінің орынды сын-пікірлерін береді. Қ.Сатыбалдиннің көлемді де мазмұнды пікірінде Қошке мұрасы біршама терең талданады. Онда: «Қошке Кемеңгерұлының әдеби мұрасы /қара сөзі, драмасы, өлеңі, мақаласы/ бәрін қосқанда 30 шақты шығарма. «Алтын сақина» атты төрт перделі трагедия мен «Ескі оқу», «Парашылдар» атты екі шағын пьесалар жазушының әдеби мұрасы есебінде жарық көруге жарайды. «Алтын сақина» пьесасында теңсіздік тақсыретін тартқан қазақ әйелінің аянышты халін суреттейді. Пьесаның оқиғасы қою, тілі тартымды. Пьесада надандық әшкере болады »,- деген жолдар бар. Қ.Сатыбалдин өз пікіріне «20 ноябрь, 1963 жыл» деген күнді қояды.


Көрнекті әдебиеттанушы-ғалымдар Ә.Тәжібаев пен С.Қирабаев Қошкенің шығармаларын мұқият оқып, қарап шығады. Олар Қ.Кемеңгерұлының әр шығармасына жеке пікір білдіріп, туынды жазылған парақтарға қолдарын қойып отырады. Айталық, Қошкенің «Қазақ әйелдері» атты көркем шығармаларына Ә.Тәжібаев: «Бұл да ескірген. Жазылу түрі де, стилі де көнерген»,- деп пікір білдірсе, С.Қирабаев: «Әбділда пікіріне қосыламын»,- деп көрсетеді. Ал С.Қирабаев Қошкенің «Жетім қыз» әңгімесі туралы:«Машинка дұрыс баспаған-ау. Машинкада дұрыс басылмағандықтан, жақсы оқылмайды. Бірақ әңгіме бас жағының сөйлемдерін редакцияласа, басуға жарайды. Бұл – адам қайғысының документі»,- деген пікір білдіреді. Қ.Кемеңгерұлы еңбектерін түгел қарап болған соң, екі сыншы қорытынды пікірлерін жазады. Ол пікірлердің түпнұсқасы төмендегідей:


Кемеңгеров Қошке шығармалары туралы


Мен Жазушылар Одағының тапсыруы бойынша жазушы Қошке Кемеңгеровтың мұраларымен танысып, оқып шықтым. Ол туралы айтатыным мыналар. Ұнатқандарым:

1. «Жол үстінде» /әңгіме/;

2. «Ерлік жүректе» /әңгіме/;

3. «Парашылдар» /1 актылы пьеса-сықақ/;

4. «Ескі оқу» /1 актылы пьеса-сықақ/;

5. «Алтын сақина» /4 актылы пьеса/;

6. «Никитиннен аударма» /өлең/.

Міне ұнатқандарым осылар. Егер тиісті жерлерден рұқсат алсақ, осы аталғандардан бір жинақ жасауға болады.


Ал тілі туралы үш мақаласы басылмасқа тиіс. «Жетім қыз», «Назиқа» дейтін кішкене әңгімелері көркемдік жағынан нашар нәрселер. Ал осы тәуірлерінің өзін жақсылап басса, жақсы оформление жасаса, жазушының мұрасы есте сақталарлықтай ұнамды болып шығар еді.


Әбділда Тәжібаев 3.01.1964


Қошке шығармаларының қай-қайсысы болса да, бүгінгі тұрғыдан қарағанда, ескірген екен. Оқушылар өз заманы тұрғысынан қарап оқуы үшін және автордың өз басының аянышты жағдайын еске алып, іріктеп шағын жинақ басуға болады деушілерді қолдаймын. Өз кезінде тәп-туір роль атқарған «Алтын сақина», «Парашылдар», «Ескі оқу» атты пьесалары мен «Жол үстінде», «Ерлік жүректе», «Дүрия» деген әңгімелерін жеңіл редакциялай отырып, басуға ұсынуға болар.

Серік Қирабаев 28.12.1963


Қошке Кемеңгерұлы туралы зерттеулер қазақ елі тәуелсіздікке жеткеннен кейін жандана түсті. Ол – уақыт сұранысы болатын. Себебі Қошке сынды Алаш қайраткерінің шығармаларында ұлттық рух, елдік мәселесі бәрінен жоғары қойылды. Қоғам қажет еткен ұлы идеялар Алаш қайраткерлерінің еңбектерінде жаңғырған еді.


Қайраткер-жазушы Қ.Кемеңгерұлының рухани мұрасына жан-жақты зерттеу, зерделеу жұмыстары қай бағытта жүргізілу қажет екенін Рәзия Рүстембекова, Дихан Қамзабекұлы сынды ғалымдар өз еңбектерінде көрсетті, қаламгердің алғашқы жинақтарын құрастырды. Соның арқасында Қошкетану бүгінгі таңда біршама салаланды. Гүлжаһан Ордаева (1996), Орынай Жұбаева (2002), Айжан Шормақова (2010) сынды ізденушілер Қошкенің шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертациялар қорғады. 2006 жылы Кереку-Баян жерінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Қошке Кемеңгерұлы тағылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оның қорытындысы бойынша екі томдық конференция материалдары баспа бетін көрді. Қошке Кемеңгерұлының көп томдық еңбектері жарық көрді, жаңа кітаптары, хаттары, архивтен табылды. Баянауылда, Астанада, Алматыда қайраткердің есімімен көшелер аталады. Баянауылда Жұмат Шанин ауылындағы орта мектепке Қошкенің аты берілді. Десек те, жасалған жұмыстың бәрін бұл саладағы бастама деп білеміз. Игілікті іс келешекте жалғасын табады деп есептейміз.


Қайырбек КЕМЕҢГЕР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

«Алаш» мәдениет және рухани даму

институтының ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Бөлісу:

Көп оқылғандар