Жәркен Бөдешұлы: Ақын мен күйші баяны

Бөлісу:

28.07.2016 4697


Жәркен Бөдешұлы

Көңіл толқыны


(Ақын мен күйші баяны)


 

Сынық көңіл көп кешер,

Майда қолмен ұстасаң.

Көңілге түрлі ой түсер,

Әр тереңге нұсқасаң.


                                                                 Абай


 

                

     Ақын баяны


                               1


Адамзаттың баласы өмір, өмір, өмір деп,

Сөндірмеске талпынар ошақ отын көп үрлеп.

Өмір үшін жан берісіп, жан алып,

Жауласады,

Дауласады,

Болып қызыл кеңірдек...

 

Қанша мықты болғанмен қаңтарда

Емен бүрлей ме?

Қанша нұрлы болса да, бұзылады күн кейде.

Нөсер жауар мезгілде, қар жауады боратып,

Гүлдің нәзік беліне мұз орамал оратып...

Біз қорғайтын өмір шіркін сондай-ды,

                                  (Тірі жаның сорлайды).

...Соны көрген көңіл шіркін толқындап,

Өкінемін, өксимін қос бүйірім солқылдап.

Кейде – қалы кілеммін,

Кейде – болам көнтулақ.

Үзілердей өзеуреп мен де өмірді сүйемін,

Көрде қурап қалғанша саудыраған сүйегім.

Ерімейді жазда да, Алатаудың басындағы мұз-қары,

Құлақта әлі ұлып тұр, «Желтоқсанның» ызғары, 

                               Жүрегім бек сыздады.

                               Көңілім бек мұздады.

Иттеріне талатса да өлмеген берік екен қыз жаны...

 Қанішерлер аяп па?

Қайсар екен ұлдар да жығылмаған таяққа...

Қалт жібермей бағамын қатал тағдыр қабағын,

Күңіреніп оқимын тарихтың сабағын.

Кейде күл боп желге ұшам,

Кейде от боп жанамын.

Мақтанатын шағым бар ән мен күйге баймын деп,

Айта алмаймын алайда төрт құбылам саймын деп.

Таудай биік арманым, қолым қысқа пендемін,

Қуанышым аз, қайғым көп.

Ұзақ жолдың үстінде жортып жүріп келемін,

Қорқып жүріп келемін.

Орта жолда қалам ба, деп күнде күдіктенемін.

 

Дарияға бөгеліп, таусылғанда шыдамым,

Көңілімді қайық қып, екі колмен ескектеп –

Бергі беттен зымырап, арғы бетке шығамын.

Оны қайдан білейін, алдымда тұр не күтіп,

Көк тұлпарым көңілімді қамшылаймын тебітіп.

Көңіл, көңіл дегенің – адамның ішкі айнасы,

Сол айнадан көрінер өмірдің ақыл, айласы.

Мұңдасамын десеңіз,

Сырласамын десеңіз,

Айнама қарап алыңыз,

Көрінер соның бетінен жарқырап жоқ пен барымыз.

Шағылса да алтын ернеу кесеңіз, айнаң шағылмасын да.

Айнасы жоқ адамның бақ қонбайды басына.

Патша да, ханым да сол айнаға қарайды,

Жаға-жеңін түзетіп, қолаң шашын тарайды.

Күң мен құлдың құлқы жоқ қарауға оған телміріп,

Қарай қалса кетердей балағынан жел кіріп...

Сол айнаға қарайды жағымпаз да, жалтақ та,

Қарай, қарай қартаймақ.

Қараған сайын бетінен ұят кетіп, ар таймақ.

Айнаңызды қисайтпа, қисайса да дәулетің,

Сол айнадан таниды үрім-бұтақ, әулетің...

Сол айнаның жүзінде – өмір толқып тұрады,

Көңіл толқып тұрады.

Кезі, кезі келгенде, күңіреніп күй туады...

 

                               2


Сонау Тарбағатайдың күнгей бетін қалдырып, 

Артынып, тартынып,

Күрсініп алқынып,

Күңрентіп даланы, көш келеді қаралы.

Көшті бастап келеді, аттылы, жаяу,

                                  көңілі қаяу –

                                 атпал жігіт бөрікті,

                                Қыз келеді көрікті.

                               Қарт келеді қайғылы,

                              Жүкті аналар келеді,

                             Таяп қалған ай-күні...

Көш келеді дегенше, бөгеттердің тас-құмын,

Бұзып шықты дегейсің, ашынған халық тасқыны.

                                       Атанда бұйда жоқ,

                                      Атта жүген жоқ,

                                     Жоқ өгіздің бас жібі...

Ұлыды иттер көш бойы,

Қала берді аңырап, туған жердің төскейі...


 

                                  3


Атажұртқа жетті көш бөлінген ел қауышты,

Дәм мен тұзын ауысты.

Бір қазақ пен бір қазақ құшақтасып қазақша,

Орысша қол алысты...

Туыстар тегіс жан тартты,

Жан тартты емес қан тартты.

Бөліп ішкен су – шарап,

Бөліп жеген – нан тәтті.

Қоңсы отырған ағайын,

«Қонысың құтты болсын» деп, ерулігін әкелді.

Шапан жауып иыққа, астына ат мінгізді.

Қамшы ұстатып қолына, алай-былай жүргізді...

Біреулер жүр аулада көңіл-күйі бұзылып,

                                     Бет моншағы үзіліп.

                                   Көшіп келген ауылдың,

                                   Аруына қызығып.

                                  Қызын алып қашқалы,

                                  Бұрқыратып жас иісін,

                                  Бауырына басқалы.

Дәл сол күні, сол түні,

Дастарханда ас мол түні,

Жас күйшінің көңілі,

Ала көлдей толқыды.

Қас-қабағы жадырап,

Жазылды  еркін қолтығы.

Маңдайынан иіскеді жүз жасаған қарт ана,

Қиылып бір қарады құралай көз қалқа да.

Десек те,

Қазекеңнің сыралғы пенделігі қала ма?

Күңкілдесіп, бықсытып от жағады араға.

Сұқты көзбен қарайды «ауып келген балаға».

Қызғанады көлшігін шаңқылдаған шағала.

Ниет, құлқы тым шұбар,

Шегір көзді тыңшылар.

Сығаласып жабықтан, бұралқы иттей қыңсылар.

Ұрпағы деп байлардың кекетеді кесірлі,

Қайта оралған ағайын басынан бәрін кешірді...

Қауымдасқан қалың жұрт бітірді де бір істі,

Қос білегін сыбанып, тіршілікке кірісті...

Жанкештілер жалындап, жалқау, жалтақ құрысты.

                                

 

Бұл қазақтың тағдыры – қосылу мен айырылу,

Қуаныш пен қайғыру.

Бір сұмдыққа тап болса, атан қомдап, ат ерттеу.

Маңдайына бақ қонса, шығын етіп  бар малын,

Қатын алу арманы, балға малып бармағын.

Пәк көңілің кірлесе, сабындап жусаң ағармас,

Шайпау жалдап ұрғашы – шайтан сынды жалаңбас.

Дуалы ауыз абыздар бөлінгенді қосады,

Жағымпаздар ұлықты төбеге шығып тосады.

Біздің дархан қазақта пенденің алуан түрі бар,

Бірі – шәрбәт болғанда, бірі – удай, бірі – бал.

Уақыт күтіп тұра ма, елу жыл өтті арада.

Өсті мал мен сана да.

Тағдыр қосып елге елді,

Алты алаштың баласы бір бесікте тербелді.

Арнасы толған Алакөл,

Жайсаң,

Балқаш,

Ақ жайық,

Керегесін кең жайып,

Шортандарын шоршытып айдынында ойнатты.

Атырау Алтай арасын жалғастырып жол жатты. 

Толқудан бетер толқу бар,

Толқыннан бетер толқын бар,

Көңіл-күйі келгенде,

Алқынып ұшқан ол – сұңқар.

Төрт тұяғы тағалы дүбірлеткен сол – тұлпар.

Екпінімен сұңқардың,

Дүбірімен тұлпардың,

Қалың орман шайқалып,

Жердің белі солқылдар.

Он саусақ аман тұрғанда,

Домбыраның бар бағы, шанағына көл тұнып,

Екі ішектің бойымен, өзен ағар арналы.

 


Күйші баяны


1


Тәуелсіздік бесігі – Алматыдан ел көшіп,

                              Елмен бірге мен көшіп –

                              Ақмолаға қонған күн.

                             Аспандай кең Арқаның,

                             Аязына тоңғанмын.

                              Әрі-сәрі болғанмын...

Суын татып Есілдің, өз үйімдей көсілдім,

Қонған жері құт болды керуендеген көшімнің.

Болашағына Алаштың ертелі-кеш бал аштым,

Қаламен бірге көркейіп, қаламен бірге жарастым.

Соқыр тұман басса да, шетсіз, шексіз жер жүзін,

Менің енді келмейді

Астанамнан адасқым.

Боранына жолдас боп,

Аязымен дос болдым.

Көктеміне жарастым.

Тағдырыма ризамын,

Мектеп барсам – ұстазбын.

Елге барсам – мырзамын.

Ұлағатты ұлтым аман тұрғанда,

Дархан көңіл жұртым аман тұрғанда,

Көрмейді күй жетімдік.

Оғыланымыз Алаштың,

Күймен бірге тудық та,

Күймен бірге жетілдік.

Ғұмырымда қып-қысқа, екі бірдей көш көрдім.

Түн ұйқымды бес бөлдім.

Естен кетпес сол бір күн,

Шығыстан шыққан көшімді,

Адастырмай Атажұртқа қондырдым.

Ыстығына күйдіріп, суығына тоңдырдым.

Алматылық көшімді, орталыққа қондырдым.

Іргесін берік бекітіп, шаңырағын күндей көтердім.

Мойнымдағы парызды, адалдықпен өтермін.

Домбырамның құлағын, ұлы күйге келтіріп, 

Күмбірлетіп шертермін.

Қара тасты балқытып, мұзды балдай ерітермін.

Жар бола гөр, Жаратқан, тұлпар мінген күйшіңе,

Сұңқар мінген күйшіңе.

 

2

Моңғолия жерінен, тағдырлас, мұңдас елінен,

Астананы бетке алып,

Күлтегін көшіп келеді.

Көктүрік көшіп келеді,

Текті рух көшіп келеді,

Еңіреген ерлік көшіп келеді,

Елдік көшіп келеді.

Түбіміз бір түріктің жазуы көшіп келеді,

Алты қырлы алмастай азуы көшіп келеді.

Мұрасындай табылған, жеті қат жерге қағылған,

Қазығы көшіп келеді...

Сүйінші, қазақ, сүйінші!

Сүйінші бер, Атажұрт!

Сүйінші бер, Патшам!

Міне, үшінші көш көрдім,

Кемелденген шағымда дәулескер күйші атанып.

Абыздардан бата алып,

Күлтегін, Тоны-көк жаққан от көңілімде маздады,

Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады.

Мерейім судай тасып тұр,

Алыстан келген ұлы көш көкірегін жаулардың – 

Қаратаудай басып тұр.

– Тақымдағы тұлпардың қыл құйрығын тас түйіп,

Көш бастаған қасқиып,

Кім болды екен, десті жұрт,

Дабырлаған дауыстар шар тараптан естіліп.

Ақ сұңқар сонда саңқ етті,

Ақ сұңқар емес – жырау қарт,

Жанардан жасы бұлаулап,

Сақал-мұрты қыраулап,

Саңқ еткенде не деді?

–  Қыран биік ұшады қос қанаты теңессе,

Жусан исі аңқиды Сарыарқадан желі ессе.

Құдайдан алған бір сұрап,

Адамнан алған бір сұрап,

Көш бастаған азамат – тәуелсіздік емес пе?!

Шындықты айтты ол ғаламат,

Айтқанына нандық біз алтынға сөзін бағалап.

Жандүнием толқыды,

Осы ғой – көңіл толқыны.

«Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады».

Елеңдеді еліктей адамзаттың құлағы.

 

 3

Ерте ме, әлде кеш пе екен,

Күй құмар жұртым есті екен.

Құрманғазы, Динаға, Тәттімбет, Дәулеткерейге,

Жұбантегі Ахметке ескерткіш қойды лағылдан,

Өнері асқан арысын сағынған болар, сағынған.

«Алатау», «Адай», «Саржайлау»,  сылаңдады «Сылқылдақ»,

Көсем күйге кенелді,

Тау,

Дария,

Өзен,

Қыр тыңдап.

Байыз таппай орнымнан мың тұрамын,мың тыңдап...

Бабалардың рухына арнадым көңіл шуағын,

Естігендай болдым мен тұлпарлардың дүбірін,

Таудың тұнық бұлағын.

Алмағайып заманда, алынбаған қамал көп,

Толқыған көңілім күй туды, алаң, алаң, алаң боп.

Оң қанатым – «Көңіл толқыны»,

Сол қанатым – «Ақ жауын»,

Бүлкілдеген бүйрегі, секілдімін күйдің

қоңыр үйрегі.

Күмбірлесе домбырам:

Ұшырам да, қондырам.

Жылатам да, уатам.

Мұңайтам да, күлдірем.

Жылытам да, тоңдырам.

Есіл бойын ен бойлап, жағалай қонған елді ойлап,

Сол жағымда Ақ орда, оң жағым хан сарай,

Толқындарға толассыз қарсы жүзіп мен келем.

                              Дөңгелен, дүние, дөңгелен,

                            Дөңгелеуді жөн көрем.

Кешегі туған күйлерімнің кіндігін,

Абзал ағам Ақселеуге кестірдім,

Ал, тұсауын кестіргем аты айналған аңызға,

Дінмұхаммед Қонаевтай абызға.

Алматы алтын бесікке күй бөбегін бөледім,

Бөледім де тербеттім.

Жамбасына төседім анам Берген жөргекті,

Ай аймалап бөбекті,

Күн нұрымен көп өпті.

Тәй-тәй басқан күй сәби ақмаңдайы жарқырап,

Алпамыс боп ержетті.

 

 4

Қара жердің топырағын шірітіп,

Құнарлылығын ірітіп,

Тұздай кермек сорбасты.

Қаз-үйректер айнадай айдынынан айырылып,

Айдалаға көл кашты.

Қара орманның тамырын сүліктей сорып шөл басты,

Киіктердің өзегі күйіп-жанып өртеніп,

Үйірімен белді асты.

Ада болып көбелектер көркінен,

Шұғынық, жусан, бүлдірген жұпарын желге тонатып,

Солғын тартып, сорлапты.

Өрмекшілер өрмелеп бұта-бүргенді торлапты.

Адамдардың күйдіріп көкірегін, жүйкесін,

Шемен болып шер басты.

Жүрек күпті, көз жасты.

Қаңғып кеткен бұлттардың басын  қосып бір жерге,

Біліктілік – білгенге.

«Ақ жауынды» қалайда жаудырмасам болмайды,

Көкірегімді менің де барады өртеп сол қайғы.

Айналайын, «Ақ жауын»,

Айналайын, «Ақ жауын»,

Толастамай жау, жауын.

Бек сағынды өзіңді Сарыарқа,

Сайран, бау-бағым.

Сағынып жүрмін өзім де,

Болмайды енді төзуге.

«Ақ жауын»,

«Ақ жауын»,

Пәк жауын көктен жерге сорғала,

Сорғалашы, сорғала.

Қаңсып қалған арнаны, тұщы суға кенелтіп,

Ақ боз аттай жорғала, жорғала да сорғала!

Далам өрттен айықсын,

Адам дерттен айықсын!

Құдай беріп тілекті,

Арыстан аспан күр етті.

Шағырмақ бұлт шатынап, найзағайлап бір өтті...

Бұлт қанаты сетінеп, сорғалады ақ жаңбыр,

Жер ырысқа бөленіп, ой мен қырын түгендеп,

Аққу құстай түлетті.

Адам нұрға шомылып, рахатқа кенелді,

(Өз көзіңмен көр енді).

Жігіт шатыр көтерді, қыз гүл терді,

Іңгәлаған ақ бөбек тал бесікке бөленді.

Кетпен шапқан диқандай ағыл-тегіл терледім,

Ақ бөбектің бесігін «Ақ жауынмен» тербедім.

Біздің тілек – ақ тілек,

Маңдайына қазақтың жүрем ылғи бақ тілеп.

Ақ жауынның тамшысын алаңдамай татсаңыз,

Айтар едің бөгелмей Әбілхаяттай* тәтті деп.

Ақ жауыным, басылма,

Әппақ  менің басым да.

 

5

Еркелеген ерікті ұл,

Тек тойдырмас құрсағын.

Құлағына келіп тұр

Күн шығыстан бір сарын.

 

Ерке бұлан бұлқыныс –

Елге айтылған тілек де.

Батыс пенен күн шығыс

Сыйып тұр бір жүрекке.

 

Емес көңілім тыншығар,

Заманда бұл бұлағай.

Қол алысып тұр шығар

Махамбет пен ұлы Абай.

 

Құдірет қой күй маған,

Ұмыттырмас Құдайды.

Маңдайымнан Дина анам

Сүйіп тұрған сыңайлы.

 

Көрген жоқпын әкім боп,

Мойнымда өнер парызы.

Құрманғазы, Тәттімбет –

Күйдің ұлық абызы.

 

Ақиқат қой бұл анық,

Түседі еске талай жай.

«Сылқылдақтай» сыланып,

Айбат шегем «Адайдай».

 

Күмбірлеп тұр жан-жағым,

Күйдің терең арнасы.

«Көңіл толқыны», «Ақ жауын»,

Сол күйлердің жалғасы.

 

 Есіңде болғай, қандасым,

Сырымды айттым қаншама.

Үзілмейді жалғасым,

Ғасырлар белге салса да.

 


Ақынның ақырғы баяны


Жалғанға мойын бұрмаған,

Ерліктің қайтпас беті едің.

Құтты болғай бұл қадам,

Тұрысбектегі Секенім.

 

Шындықты айтсам көзіңе,

Қас қырандай түйіле.

Айналып кетіп өзіңе,

Айналып кеттім күйіңе.

 

Өнердің сиқыр мол сыры,

Жаныма қуат, әл берді.

Күйшінің «Көңіл толқыны»

Мұхиттан да пәрменді.

 

Артық айттың демеші,

Бетімнен моншақ үзгендей.

Нұхтың алып кемесі,

Сол мұхитқа жүзгендей.

 

Домбыраңды қолға  алып,

Көңілім өзін баптайды.

Дауыл соқса долданып,

Мұхит тыныш жатпайды.

 

Ақиқатқа дау бар ма?

Құлағыңды түр маған.

Ақынмын ғой ақжарма,

Ағыл-тегіл жырлаған.

 

Не бітірем жеке мен,

Емес қой бұл жарнама.

Тулағандай екі өзен,

Қосылып бір арнаға.

 

Қырық құбылып қиялың,

Сырласасың құрбыдай.

Қос өзеннің қайда барып құярын,

Біледі тек бір Құдай.

 

               

  Қос түйін


 

Көңіл-күйі бұла тым,

Айта алады талас кім?

Бір күйші мен бір ақын,

Егіз ұлы Алаштың.

 

 

*Әбілхаят – дертке дәру, шипалы су.

Оның дәмін татқан адам өлмес өмір сүреді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар