Харуки Мураками: Зомби

Бөлісу:

01.08.2016 2500


Аударған: Думан Рамазан


 


Ол екеуі зиратты жағалай жолмен келе жатыр. Түн ортасы. Тұман басқан. Олар дәл осы уақытта бұл жерден жүруге мүлде ынтық бола қойған жоқ. Бірақ әр түрлі себептерге байланысты жүруге тура келді. Олар қол ұстасқан күйлері асыға адымдап бара жатты.

– Тура Майкл Джэксонның клипіндегі сияқты, – деп байқағыштық танытты қыз.

– Иә! Тек табыттың ішінде қимылдау ғана қалды, – деп іліп әкетті жігіт.

Дәл осы кезде тап бір ауыр қозғалатын бірдеңе ақырын жылжып келе жатқандай сықыр естілді. Олар үн-түнсіз тұра қалып, бір-біріне қарасты.

Жігіт күлімсіреп:

– Қорықпа! Бәлки, бұл желден тербеліп тұрған бұтақтардың сыбдыры шығар, – деді.


Бірақ жел жоқ еді. Қыз күрсініп, жан-жағына көз салды. Қазір бір жағымсыз жайға тап болатындай, жаман бір сезім елесі пайда болды.


Зомби?!

Бірақ ештеңе көрінер емес. Бұл түні өлгендер қайта тірілуді ойламаса керек. Олар әрмен қарай жүре берді.

Оның бет-әлпетінен қыздың көңіліне келетін ауыр сөздер айтып тұрғандай сыңай танылды.


– Сенің жүрісің қалай өзі? – деп сұрады ол күтпеген жерден.

– Менің? – деп таңғалды қыз. – Не, жаман ба?

– Өте жаман.

– Шын ба?

– Маймақсың.


Қыз ернін тістеп алды. «Иә, аздап қисық екені рас. Тіпті аяқ киімімнің табаны да екі жақ бүйірінен қажалады. Бірақ соншалықты әдейілеп назар салатындай емес қой».


Десе де жақ ашпады. Өйткені жігіт өзін қалай жақсы көрсе, бұл да оны солай сүйетін. Олар бір айдан кейін үйленбек, сондықтан болмашы нәрсеге бола керіскісі келмеді.


– Иә, менің аяғым аздап қисық. Ал онда тұрған не бар?

– Жай әншейін, бұрын менде аяғы қисық қыздар болған емес.

– А-а... – Қыз абыржи күлімсіреді... «Мүмкін, ол ішіп алған шығар.

Жо-жоқ, ол бүгін ішкен жоқ сияқты».

– Ал тағы сенің құлағыңда бақандай үш мең бар!

– Қойшы әрі! – Қыз айғайлап жіберді. – Қайсысында?

– Оң жақ... Тура құлақтың ішінде. Біртүрлі қораштау!

– Саған мең ұнамай ма?

– Сен мең ұнайтын бір адамды тауып берші. Мең кімге ұнаушы еді? Мен де қораш меңдерді жек көремін.

Қыз тағы... тағы ернін қаттырақ тістеп алды.


– Айтпақшы, кейде сенің қолтығыңнан сасық иіс шығып тұрады, – деп сөзін жалғастырды жігіт. – Бұл менің бұрыннан жынымды қоздыратын. Егер біз жазда таныссақ, дәл қазір кездесе қоюымыз екіталай еді.

Қыз ауыр күрсініп, оның қолын төмен түсірді.


– Саған не болған? Меніңше, сен басы артық әңгіме айтып тұрған сияқтысың. Өзіңді ешқашан бұлай...

– Тіпті сенің кофтаңның да жағасы кір-кір. Міне, солай. Бәрі өзіңнен. Қандай салақсың?! Тиянақтап ештеңе істей алмайсың!

Қыз үнсіз қалды. Ол бір ауыз сөз айта алмастай ызаға булықты.


– Тыңдап тұрсың ба? Мен саған көп нәрсе айтқым келеді. Маймақтығың, қолтығыңның сасықтығы, жағаңның кірлігі, құлағыңдағы меңдер... – бұлар бастамасы ғана. Ал, міне, тағы! Сен неге құлағыңа жараспайтын сырға тағасың? Біртүрлі жәлап сияқты көрінесің. Жоқ, жәлап та ондай болмайды. Ақыры ілген екенсің, мұрныңа бірден сақина салып алмайсың ба?! Ол сенің алқымыңа да дәл келеді. Міне, алқым, енді есіме түсті. Сенің шешеңнің алқымы тура шошқанікіндей. Қорсылдайтын жуан шошқанікіндей. Жиырма жыл өткеннен кейін сен де дәл сондай боласың! Себебі сен шешең сияқты тамаққа тоймайсың, шошқадай жалмап-жұта бересің. Тап бір аштық аймағынан келген сықылды. Ал сенің әкең әріпті де дұрыстап түсіре алмайды. Жақында біздің әкейге хат жазыпты, күлкіден жарылып өліп қала жаздадық. Жазуы туралы мүлде жақ ашпай-ақ қояйын. Ол бастауыш мектепті де бітіре алмаған шығар... Ал үйің ескі, құлағалы тұр. Жанармай құйып, өртеп жіберу керек қой ондай үйді. Көк жалынға орансын. Міне, солай!

– Егер мен саған ұнамасам, несіне үйленейік дейсің? Ол бірден жауап берген жоқ, тек:

– Шошқа! – деп ақырып жіберді. – Ал сендегінің бәрі осындай. Мен бұған бұрыннан көніп келе жатырмын. Бірақ бәрі де созылмалы арзан резеңке секілді. Осы күйіңде сені алғанымша, өлгенім артық. Қандай өлім болса да, түкіргенім бар. Бұлай масқара болғанша, қазір-ақ өле салу керек қой.


Қыз сасқалақтай оның жанына жақындады:

– Сенің бұлай деуге қалай?..


Дәл осы кезде ол кенеттен басын ұстай алды. Бет-аузын тыжырайтып, құрысып-тырыса жүресінен отыра қалды. Самайын тырнақтарымен тырналай бастады.


– Жаныма батып барады, – деп зар қақты ол. – Басым шағып әкетіп барады... Жоқ, мен шыдай алар емеспін... Кім біліпті?..

– Саған не болды? – Қыз еріксіз тіл қатты. 

– Ке, өзің көрмей тұрсың ба? Мен бұдан әрі төзе алар емеспін! Терім күйіп қалғандай бырысып барады.


Қыз оның жүзіне қолын тигізіп көріп еді, жанып тұр екен. Бетін сүртпек болып еді, терісі сыдырғандай сыпырылып түсті. Жұмсақ қызыл еті көрінгендей болды. Қыз аһ ұра артқа қарай серпілді.


Ал ол зәрлі мысқылмен күлімсірей орнынан тұрып, бетіндегі терінің қалған қалдықтарын жұла бастады. Көз қарашықтары салбырап, мұрны қарайған екі тесікке айналды. Еріндері мүлдем жоғалып, тістері қорқынышты жымиыспен ақсиып кетті.


– Мен сені күндердің бір күні шошқа секілді жеу үшін осы уақытқа дейін жаныңда болдым. Сен өзіңді басқа біреуге басқадай керекпін деп ойлайсың ба? Әлде тіпті бұны да түсіне алмайсың ба? Сен ақымақсың. Сен ақымақсың. Сен ақымақсың! Хе-хе-хе!..


Бір кесек қызыл ет қыздың артынан қуа жөнелді. Ол барын сала жүгірді. Бірақ қызыл еттен қашып құтыла алмады. Зираттардың аяқ жағында оның кофтасының жағасынан бір жылбысқы қол ұстай алды. Ол зәресі ұша айқай салды.


...Оны жігіт құшақтап жатқан.

Таңдайы құрғап қалыпты, су ішкісі келді. Жігіт оған күлімсірей қарады:


– Не болды саған? Жайсыз бірдеңе?..

Қыз басын көтеріп, жан-жағына қарады. Өзеннің жағасында орналасқан қонақ үйдің бір бөлмесіндегі төсекте екеуі ғана жатыр.

– Бр-р-р... – Қыз басын шайқады. – Мен айғайладым ба?

– Жағымсыз дауыспен, – деді жігіт күлімсіреп. – Зар еңіреп жыладың ба-ау... Бүкіл қонақ үй естіген шығар. Әйтеуір, кісі өлтіріп жатыр екен деп ойламаса болғаны.

– Кешір, – деп қыз кешірім сұрады.

– Жарайды. Хал-жайың?.. Не, қорқынышты түс көрдің бе?

– Сен тіпті елестете де алмайсың!

– Айтсаңшы енді.

– Айтқым келмейді, – деп келте қайырды қыз.

– Біреуге айтқаның дұрыс. Жылдам жеңілдеп қаласың, әйтпесе қорқыныштан қалтырап жүретін боласың.

– Мейлі. Қазір ештеңе айтқым келмейді.

Олар үнсіз қалды. Жігіт қызды қайтадан аймалай бастады. Алыста бақалар бақылдайды. Оның жүрегі ақырын ырғақпен соғып тұр.

– Қымбаттым, – деді қыз бірдеңе есіне түскендей, – айтшы...

– Не?

– Айтпақшы, менің құлағымда мең бар ма?

– Мең? – деп қайыра сұрады жігіт. – Ана оң құлағыңдағы біртүрлі көрінетін пәле ме?

Қыз көзін жұмды. Шым-шытырық шырғалаң жалғасуда...


Бөлісу:

Көп оқылғандар