Салауат Кәрім. Уайым

Бөлісу:

03.08.2016 4511


салауат.jpg

Сүйіндік қалаға ауылдан көшіп келді. Кенжесі Асхат, келіні Жаңагүл, үш немересі, барлығы алты жан екі бөлмелі пәтерде сығылысып, сиып тұрып жатыр.


Ел не бір жақсылықтан қалаға көшіп жатыр дейсің, күн көріс қамы. Өткен ғасырдың аяғынан адамдар ауылдан қалаға ағылып көшуде.Сүйіндік әйелі Қатира екеуі пенсияларын алып, малдарын бағып, немерелерін сүйіп, күндерін көріп жатыр еді, Қатираның қазасы астан – кестен шығарды. Сүйіндіктің еңсесі түсті, шыдап бағып еді болмады.


Ауылдан көшпей болмады. Ауылда күн көріс жоқ. Оның үстіне ауылда жұртта қалған жоқ. Туғаннан жалғыз апасы Зылиқа ұлының қолында, оның қалаға көшуге қалі жоқ, шаруа қожалығында жалданып егін салады, ақшалай болмаса да, жем шөбін алады, малмен күн көріп отыр. Апасы биыл жетпістен асты, жылап қалды.


Туған жерді тастап, қалаға көшетін заманға айналды. Үлкендер оған көнеді, амал жоқ. Ауылда күн көріс азапқа айналды, ал балаларды ұстау мүмкін емес, өйткені ауылда жұмыста жоқ, ақшада жоқ, малмен күн көріп отырған ел. Малдың жем шөбі, қысқы отын қияметке айналғаны қашан. Ал қалған жұрт жоқшылыққа еті үйренді, барына қанағат, өлім -жұтымы, той- думаны бар, күнін көріп жатқан ел. Сүйіндіктің көшпеске лажы қалмады.


Тіршілік қамын әркім өзі көретін, өз күнін өзі жасайтын уақыт болғасын Сүйіндікте талпынып, мал өсіріп қорланайын деп еді, мал бітсе де ұлдарына ауыспады.


Ұлдарының арасындағы теке – тірестің кесірі Сүйіндікке келіп тиді. «Малды сен бақ, шөпті сен шаптан» басталған олардың арасындағы жанжал үлкен ұлдың қалаға кетуімен тынды.Сүйіндік Қатираның көзі тірісінде пәтердің арзандау кезінде малдың жартысын сатып үлкен ұлы Мақсатқа қаладан үш бөлмелі пәтер сатып алып, бөлек шығарды. Қатира қайтыс болғаннан кейін кенжесі Асхатта: «Папа, қалаға көшейік, жұмысқа кіремін», - деп болмағасын Сержан құрдасының үйір жылқысына қосқан әйелінің жылына сақтап жүрген қос биені, қорадағы үш бұзаулы сиырды етке өткізіп, үйін арзанға сатып, тағы да сол Сержан құрдасынан біраз қарыз алып, Қатираның жылын берместен, қала шетіндегі «хрущевкадан» тағы да екі бөлмелі пәтер сатып алды, өзі де қалаға көшіп келді.


Сүйіндік соғыс басталған, жылан жылы дүниеге келді.Әкесі қырқынан шықпай соғысқа аттанды, қан майданнан оралмады. Мектеп бітірісімен Қатира екеуі қосылып шаңырақ көтерді, балалары көрінді, өсірді, оқытты, ер жеткізді, үйлендірді, өмір бойы солардың қамы.


Жетпісінші жылдардан бастап ауыл өмірі жақсарды, олар тұрған шаруашылықта екі мың жылқы, жеті мың ірі қара, жиырма үш мың бас қой -ешкі, отыз екі мың гектар егістік болатын, шабындық пен жайылымдық жерде жететін. Ауыл адамдары күйлі тұрды, қоралары малға толы болатын, оның үстіне шөбіңді, жеміңді тасып беретін.


Сүйіндік жекешелендіруді түсінбеді, мол техника мен малды бөліп алған халық ұқсата алмады. Жылдар жинаған мол дүние бір мезгілде жоғалды. Ауыл қожалықтарға бөлінді, артынан адамдар бөліне бастады. Заман басқаша өзгеріп шыға келді. Қазақ ауылының іргесі сөгіліп, халық ауылдан көше бастады.


Көшіп келгеннен кейін ұлы Асхат күзетке жұмысқа кірді, ақша беріп Жаңагүлді мектепке тұрғызды. Сүйіндік үйде қалады, немерелерін қарайды, аула кезеді, телевизор көреді, ермегі сол. Ауладағы адамдармен, көрші қолаңмен араласып кете алмады,әңгімеге жоқ. Әркім басындағы қайғысын айта бастағанда Сүйіндік оларды тыңдауға, не қолдауға зауқы жоқ. Қала адамдарының өздерінің тіршілігімен жүретініне көзі жетті. Оңаша өзімен -өзі қалады. Уайымы балалары.


Үлкен қызы Маржан мұғалім –химик, күйеуі араққа салынып, ажырасып,балаларынбазар жағалап жүріп өзі өсірді. Екінші қызы Зере де жалғыз, серіктестікте бас бухгалтер, Сүйіндікке жаны ашитын, қол ұшын беретін осы қызы.


Екі ұл сыймады. Мақсаты шәлкестеу, жұмысқа қайда барса да ұрыс - керіспен шығып қалады. Бірде әкесінің үйіне мас келді. Ұлдары сөзге келіп, аяғы шатақпен тынды. Інісі Асхат ағасына ренжіді Мақсат қолын бір сілтеп, боқтап үйден қашты. Балалары Қатираның қаталдығының арқасында өсті. Сүйіндік балаларының тәрбиесіне араласқан емес. Бала кезінде еркелетті, өсе келе тең ұстады, өзі де қай жерден қате жібергенін түсінбеді. Мақсатқа ұрса алмады, «Қайда барар дейсің, түзелер» деумен тынды.


Бір күні Сүйіндік құлай жаздады, немересін қолтықтап бесінші қабатқа әрең көтерілді. Мектептен ерте келген ересек немересі Жаңагүлді мектептен шақырып алды, Зере де жетті. Жедел жәрдем Сүйіндікті ауруханаға жеткізіп, емдеуге жатқызды.


Дәрігерлер емдей бастады. Оны қараған дәрігер қыз: «Аға, инфаркт, күтініңіз, уайымға салынуға болмайды», - деп ескертті. Екі жұмадай ауруханада жатып емделді. Аурудың беті қайтты, балалары келіп, көңілін аулап тұрды, жазылып шықты.


Ауруханадан шыққан кеште балалары тегіс жиналды. Дастархан жайылды, олар әкелері қасында болып, ойнап - күліп, қуанып қалды, аналарының жылына әзірленіп жатқандарын, жылын ауылға барып беретіндерін жеткізді. Сүйіндік қуанды, жақсы сезінді, ауруының беті қайтқандай болды. Іштей шүкіршілік етті.


Балалары тараған бойда Сүйіндік төсегіне қисайды, қатты ұйықтап кетті. Түс көрді. Өмірінде көрмеген әкесін түсінде көрді, соғыстан аман оралып, әкесі мен анасы шәй ішіп, Қатира шәй құйып отыр, балалары далада қуыспақ ойнап жүр, ауылдағы бұрынғы кездері.


Сүйіндік әкесіне жақындағысы келді, тілі күрмеліп, дауысы шықпады. Әкесіне қолын созды, ол алыстай берді. Сүйіндік көзін аша алмай, біраз үнсіз жатты. Басы, денесінің кеуде тұсы ауырлай түсіп, тынысы тарылып, соңғы деміне күші жетті, ұйықтап кетті.


Тәңертең кішкентай немересі атасын оята алмады. Атасын мазаламасын деп жүгіріп келген келіні Сүйіндіктің суып қалған денесін құшақтап, дауыстап жылай бастады.


Түс болмай балалар жиналды, әкелерін ауылға апарып қоятын боп шешті, кешкісін Сүйіндік туған жеріне мәңгілікке қайтып бара жатты.


2011 жыл

Бөлісу:

Көп оқылғандар