Несіпбек Дәутайұлы: Қанқызыл жалқан…

Бөлісу:

05.08.2016 3794


Nesipbek-Dautayuly-1.jpg

Қанқызыл түлкіге тазы қосып жүрген жалғыз бұл емес. Осы Нарқызылдың құйқалы жайылымын бөліп-бөліп жекешелендіріп, оның ықтасын-ықтасынына қыстау салып іріқара, жылқы, қой өсіріп отырған азды-көпті қожалықтардың қорықшылары аңдулы оны. Сонда ғой, қанқызыл түлкіні алмай қоймаймыз деп дігерлеп жүрген қорықшылар емес, қожалық иелері. Өткен қыста қайсыбір күні солар бұлардың қыстауында қосылып қалды ғой. Ал кеп ішті сол жерде қымбат бір ішімдікті. Содан қызылкеңірдек. Кеңірдектерін кетпендей қылған қанқызыл түлкі. Қайсысы айтса да, түлкі сөзсіз тек соған бұйырады. Әсіресе, мұның қожасы Өжденбай қатты күпінген: Сарыала тайған тұрғанда сендерге түлкі қайда?.. «Сарыала деп сандала бермегін, ей. Біздің тазылар не, ай қарай ма?» «Оны білмеймін, сарыала тұрғанда, әйтеуір құдай мен жақта…» «Құдай сенің сарыалаңа қарап қалып па, общым бар ғой, құдайды кез келген әңгімеге киліктірмеңдер». «Қазір солай ету модно», деп шықты біреуі. «Сендер бүйтіп жыныма тие берсеңдер, түлкіні мен автоматпен…» деп келесісі екіленді. Қайсысы екенін, танкке арналған минасы бар екенін айтты. «Әй, иттер-ау, сөйтсеңдер оның елде жоқ көз жауын алған қанқызыл ұлпа терісінен не қалады – деген, Өжденбай. – Қалмаса оның керегі не?».арқызылдың бұйрат қырқалары кезінде арғы-бергідегі колхоз-совхоздың бірлі-жарым бойдақ қойлары қыстап шығатын түкпірдегі мал қыстауы еді. Соның бір қиырындағы «Сәттің шоқысы» дейтін биігіне аң аулап барған, не болмаса жоқ қарап жүрген біреу болмаса шыға қоймайтын. Қазір міне, ұшар басындағы кісі бойындай тас обаның түбінде Ерсуан жатыр жамбастап. Көктөбел ат сәл төменде қаңтарулы. Сарыала тайған иесінің тонына тығылып, мүлгіген. Таң сібірлеп енді атып келеді. Дүние тып-тыныш. Тып-тыныш дүниенің бетін шыңылтыр аяз жалап тұр. Қожалықтың қыстауынан түн жарымы ауа шығып, мұнда жаңа әзірде жеткен Ерсуанның қанша қалың киінгенімен бойында жеңіл тоңазу бар. Әрі аздап ат-соқты да болып қалған. Соңғы оншақты күннің ішінде мұнда үшінші рет келіп отыр. Сондағы көкейді тескен, тұрқы бөлек, терісі ерекше қанқызыл түлкі… Соңғы жылдары пайда болды, сол. Сарыала тайғанды әр келгенінде самғатып қосады, бірақ өзге түлкіні өзек-өзекке қуып тығып, өр-ылдимен өкпесін өшіріп, ақыр соңында өкпе тұсынан тарпа бас салып қарап тұратын қайран тайған мынаған келгенде сандалып қалып жүр.


Айтыса-айтыса мына мәмілеге келген: қан­қызыл түлкіні кім бұрын ұстаса, соған әрқайсысы бір-бір жылқы сыйақы береді. Алысқан қол, берген сертпен әңкілдеп-әңкілдеп әзір тараған. Ертесіне түс әлетінде басын зорға көтерген Өжденбай: «Гулетіп жібердік-ау, кеше. Артық кеткен жоқ­пын ба, көке?» деген көзі кіртиіп. «Түлкіге қатты таластыңдар ғой». «Жекешелендіріп алған жерімізде жүрсе, бір-бірімізбен итше ырылдасып неміз бар. «Сәттің шоқысы» айналасымен ешкімдікі емес, иесіз». «Неге иесіз?..» «Ешкім жекешелендірген жоқ, оны». «Бәрібір иесіз емес қой». Өжденбай басын көтеріп, таңдана қарады. «Иесі… иесі кім, сонда?» «Жаратқан емес пе». «Бәрі де сонікі емес пе». Жер-әлемді жаратса жаратқан шығар, оның біз сатып алған пұшпағы енді оныкі емес. Өртейміз бе, суға батырамыз ба, ендігі жерде оны өзіміз білеміз. Және тағы қай жерді алғымыз келсе, Жаратқан келіп біздің қолды қақпайды. Мысалы, «Сәттің шоқысын» керек етсем, ертең-ақ жекешелендіріп аламын. Сонда құдай бір жерден басын қылтитып, «Әй қой, өйтпе» дей ме» деп бұған ренжігені ме, әлде түндегі арақтан ауырып тұр ма, қатты күйініп сыртқа шығып кеткен. Өжденбай сұмдық тіксініп қалса да, күні құрғыр түсіп тұрған соң, еш уәж айта алмады. Орталыққа қайтарында «Жаңа жылдың қарсаңында келемін, оған дейін «Сәттің шоқысында» күндіз-түні жатып алсаңыз да, түлкіні ұстаңыз. Алдымызды аналар орап кетпесін. Көзің көріп, көкейіңді тесіп тұрғанды біреудің іліп әкеткен күйігі өте жаман болады. Бұл жерде бір ауылдан едік, аталас едік, ағайын едік деу жоқ, қазір туған әке, туған балаң да бәлен-түгенің емес, бәсекелесің. Заман сондай, көке» деп құдайдың зарын қылып кеткен.


Ерсуан осы жігіттің пейіліне біраздан бері іш тартып жүретін. Қолды бір сілтеп кетіп қалайын десе, барар жері – әкенің қара шаңырағы бар-ау, бірақ қалай, немен тіршілік етеді. Ауған соғысында бір аяғыңды түбінен беріп келіп едің деп алтынмен аптап, күміспен күптеп отыратын кім. Үкіметтен алатын мүгедектік тиынымен өлмес күнін көрер. Бірақ, өлмелі шешенің, жас келіннің асатын тамағына, құятын шайына қалай телміріп отырады. Оңаша отау құрып кетуге оң аяғы түбінен жоқ. Бұған бүгін-ертең кім тие қояды. Олар түгілі, сегізінші кластан өзіне өбектеген, өліп-өшкен, әскеріне кетеріне екі күн қалғанда бұл еркінен айырылып қалып: «Аздап, кішкенесін ғана…» деп емініп-ентіккенде, «Өйтпей-ақ қояйықшы» деп алып, енді бұл есін жиып тұра бергенде етпеттеп жатқан жерінен шалқасынан түсіп, етегін өзі көтерген, өлсең, өзіңмен бірге өлемін…»-ін айтқан ғашығы ауылға жалғыз аяқпен балдағын тақылдатып келгенде не опа берді. Тіпті, кездесуге келмей қойды ғой. Содан қанша күн күңіренді. Ішті. Үш-төрт жылғы өмірі осылай береке таппай өтті. Одан мектепке қарауыл қылып алып еді, мұның өзі ұрлық-қарлық үдеген кезге тап келді де, жалғыз аяқпен үлкен ғимараттың ана басы мен мына басына жетуі мүмкін болмай, онысынан босап қалды. Қайсыбір күні осы Өжденбай келді ғой, бұған әдейілеп. Әкелері көп жыл колхоздың қойын қатар баққан еді. Ағайындықтары және бар. Бұдан жасы біраз кіші. Оқу жағы онша қонбаған, басқа жағы да шикілі-пісілі бірдеңе еді, ненің құдіреті екенін бір құдай біледі, шаруа қожалығын құрып, жер жекешелендіріп, байып алыпты. «Көсе аяқ сатып әпере алмаймын, басқасы оңай, соның ішінде ең арзаны қазір қатын, өзіме қорықшы болыңыз» деп асты-үстіне түскен.


Тауда туып, тай үйретіп, аламанда атқа шауып өскен Ерсуанға бұдан асқан қолайлы ештеңе жоқ еді. Шынын айтқанда, ауылдан қайда, қалай безіп кетуді білмей жүрген…


Бар обалы не керек, Өжденбай малын бағып отырғандар мен бұған жалпы жақсы қарайды. Ауыздарынан сорпа-су үзбейді. Он күнде бір келгенінде азық-түліктің не түрін үйіп-төгіп әкеліп тастайды. Айғай-ұйғайы жоқ. Бір ғана пәлекет мінезі бар. Онысы көз құртын жегенді қалай да алу. Жолы жеңілді өз қолымен, жолы ауыр, не қауіптіні өзгенің қолымен. Осы күзде ғой. Қарашаның бас кезі. Қар түспеген, бірақ қара суық. Өжденбай егіс суаруға деп тоған байлатқан. Аумағы әжептәуір. Жылы жаққа қайтқан қаз-үйректердің соған бір қонақтап, ұшатыны бар. Соны атуға ауылдан арнайылап келген Өжденбай таң азанда тоғанға кеткен. Күннің төбесі енді қылтиғанда бос қайтып келіп тұр. «Не үйрек, не құс қонбады. Таң қараңғысында жағаға таяу тұстан әлдене жүзе жөнелгені. Басып қалсам, тура сол жүзіп бара жатқан жерінде қатып қалды. Жоны қап-қара. Не екенін білмедім. Көке, көресіз бе, барып» деп тұр. Машинаға жол алыс па, зу деп жетті. Иә, жоны қап-қара әлдене жағадан қырық қадамдай жерде жатыр. «Көке, – деген сонда Өжденбай. – Менің тамағымның ангинасы бар еді, сіз енді… Иә, сіз соғыста шынығып дегендей… Көрсеңіз қайтеді». Ерсуан дәл мұндай мұздай суға ешқашан түсіп көрмеген болатын еді. Жағаға қайта оралғанда денесі мүлде жансызданып қалып еді… Ал әлгі ондатр екен. Ерсуанға содан бері бір тық-тық жөтел біткен.


Қара жерден қараңғылық қара аспанға қарай жайлап қашып бара жатқандай етек-жеңі мүлде түріліп, әлемнің жүзі жаңа түскен әдемі келіннің бетіндей ашылып, алыс пен жақын айдан анық көрініп-ақ қалды. Қызыл түлкі кез келген сәтте қылт ете қалуы әбден мүмкін. Сөйтуін сөйтер-ау, бірақ алдыра қойса де. Құдды жанып-өшіп ағып бара жатқан от секілді әр жерден жарқ етіп бір көрініп, жалп етіп, жоқ болып діңкелетеді. Әне жетеді, міне жетеді деп бара жатқан тайған со кезде бағытынан айырылып, айналақтап қалады.


Япыр-ай, сонда әйтеуір, осы өңірде бұрын-соңды кездеспеген демесең, бәрібір заты түлкі, онда тұрған не бар. Көрген мезетіңде есіңді екеу, түсіңді төртеу қылып қоятын сиқыры қай жағында. Мәселе, соның сөйтіп қоятынында ма, жоқ сондайға миы айналып, араны ашылып, албасты басып қалатын пенделік шіркінде ме. Осы ойлармен қанқызыл түлкінің соңына түскелі тербеліп, теңселіп қала беретін Ерсуанды өзі де елеңдеп жатқан сарыала тайғанның дүр сілкініп тұра келгені, бәрін сол сәт ұмыттырып, едірең еткізді. Содан сүрініп-қабынып көктөбелге мініп, тебініп тас обаның қалқасынан шыға келгенде көргені, қапталдың етегіне таман қанқызыл түлкінің соңында самғап кетіп барады екен. «Бас, сарыала, бас!» деп даурығып, айғайлап жіберген. Сөйтіп, қана қойған жоқ, аяқ басар жер қилы тас, қатқан қар үстімен көктөбелге аямай қамшы ұрып құйындамаса да, орағытып, секіртіп барады. Көктөбел қандай жерде де, соның ішінде көкпар қолға тигенде шың-құзға салып кетсе де, тау текедей тұяғы ашық жерді тауып шабуға үйренген текті жылқы еді, әйтеуір сүрінбей, таймай-ақ келеді. Десе де мынадай жағдайда төрт тұяқ иесінің де кеудесіне сыймай, алпыс екі тамыры терісін теңдей тепкілеп тұратын дірілін иесі сезбеді. Жалғыз аяғы өкпесін тепкілеп, қамшысы бауырын осып, алай-түлей. Бірақ, не керек, шоқыны түгел айналмай жатып, ар жақ тұмсығында сарыала тайған сандалып тұрды. Түлкі жоқ. Тайған қыңсылады. Алдындағысынан айырылып қапы қалғанына долдана ма, екі көзі қып-қызыл, езуінен сілекейі тамып тұрған. Ылғи осы. Ерсуанды да ашу қысты. «Өй, әкеңнің аузын…» деп жіберді. Тайған тұрған жерге тебініп барып, қарға үңіліп еді, осы жерге дейін жеткен түлкінің ізі зым-зия. Тек соның ізі біткен жерде әрі-бері қар осқылаған тайғанның шиыры. Сол өткен жылғыдай бір жұмбақ. Онда рас, таңғалған. Ал қазір біртүрлі іш жиып қалды. Өйтпей ше. Көзіңе жаңа ғана көрінген нәрсе көкке ұша ма, жерге кіре ме. Бұл не, өң бе, түс пе? Әңірейіп айналасына қараған. Айнала да, аспан да, аяғының астындағы да орнында.шейінде неге де елеңдей қоймайтын Ерсуан осы қанқызыл түлкіні көрген сәтте еліріп кететін өзіне беймәлім бір күй кешетінін сезген. Мұнысы несі? Желіктіріп, жеңсік бермей кететін ненің күші? Білсе, қане. Білетіні, қанқызыл түлкіге тап берген сарыала тайғанның соңына түсті бітті, жалғыз аяғын үзеңгіге тіреп, аяғы жоқ жақтағы білегінің қарына іліп алған балдағы әрі де бері де салақтап, көктөбелді борбайлағанда мынау тау-тас екен, оның үсті қар, мұз екен, ат сүрініп кетер, тайып жығылар, ер үстінен ұшып кетіп, құладүзде жайрап қалып жүрмейін-ай демейді. Ауған соғысында кез келген сәтте мүрдем кетуім әбден мүмкін деген секем, үрей кез келген сәтте қылаң беріп, қиғылық салатын, ал мынаған келгенде ондай сезімнің бірі де жоқ, өлсін-тірілсін, әйтеуір, ана қанқызыл түлкіні алып, терісін іреп-сойып, ғажайып қызыл ұлпасын сылап-сипап, бөктергісінде салақтатып бара жатса, бар мұратына жететін секілді. Тіпті, оны Өжденбайға апарып беретіні, ешқашан өзінікі болмайтыны есінен шығып кетеді.


Ініне кірген шығар дейін десе, тап мына тұста, тінте қарайды, атпен жүріп үңіледі, үңірейген ештеңе жоқ. Иә, деп қойды іштей, оп-оңай таптыра қоятын, сол сәтінде ұстата беретін не бар, дүниеде. Кім өйте алған жалғанда. Тас қопарып, жер қазып алақандары күлдіреп, маңдайларын тер жуып іздегеніне жете салған қайсысы? Сонда рәсуа болғандардың санын кім айтып бере алады. Ешкім де. Әйтеуір, ел есінде қалғаны еміс-еміс… Осы сәтте қайдан сап еткенін, кенет ойына бала кезінде иә әкесінен, әлде басқа қариядан естіген бір әңгіме орала кеткені: Баяғыда бір байдың жалғыз ұлы болады ғой. Өседі ол. Әке қазынасындағыларды қарап, санап көріп осында не жетпейтінін сұрайды. Жетпейтіні алтын. Оны қайдан табуға болады, деп сұрайды. Оны іздеп қажеті не, дейді әкесі, осы дүниенің өзі аз емес. Ұлы тыңдамайды. Бар нәрсенің бәрі түгел болу керек қазынада, әке. Балам-ау, алтынға қол жеткізудің жолы қиын. Сіз маған қайда барып, кімнен сұрауды айтыңыз. Айтсам, қайтып оралмай қаласың, ұмыт мұныңды, ұлым…


Бала көнер болмайды. Күн сайын қылқылдап құдайдың зарын қылады. Әке бәрібір тіс жармайды. Әкесінің жалғыз бауыры бар еді. Ол қайткен күнде ағасының қазынасына мұрагер болуды армандайтын. Амал не, құдай ағасына ұл берді де, мұның арманы адыра қалғандай болған. Қарашы енді, аяқасты өлген арман тірілетін сәт келіп тұр. Келгенде былай: ол алтын үшін қайда барып, кімнен сұрауды білетін. Сондай-ақ, әлгі жақтан аман оралудың неғайбыл екені де оған аян еді. Інісі оралмайды екен, жасы жеткен ағасының демі таусылар күні де таяу, сонда қазына бұған қалмай, кімге қалады. Не керек, інісіне сырды ашып, жасырын жолға салды. Жігіт ұзақ күндер жол жүріп, арып-ашып ағасы айтқан өзенге жетеді. Өзенге қарап, төне біткен биіктеу жарлауытта жаман үйшік тұр. Сақалы белуардан, қасы мен кірпігі де қудай қария қарсы алды оны. Жөн сұрады. Анау айтты. «Алтын бар. Бірақ, оны алудың шарты қатал, – деді қарт. – Бел буа қояр ма екенсің оған?» «Қандай да шартқа дайынмын» деді бозбала. Қарт мұның қатер екенін олай айтты, былай айтты, бірақ жігіт дегенінен қайтпады. Оның бар ақыл-ойы, дені алтынға мүлде ауып кетіп еді. «Онда шарт мынау» деді қарт. Қол басындай алтын шандып байланған ұзындығы жарты адым жалпақ тақтайды бұрқырап ағып жатқан өзенге тастап жіберді. «Ұстап ал, – деді сосын жігітке. – Ұстай алмайтыныңа көзің жетсе, жағаға қайт, өйтпейді екенсің, өзіңе өкпеле»…


Жігіттің көзі өзенге тастаған алтында. Ғажабы, ол асау ағысты қуалап кетпей, көз жауын алып, бір орнында қалықтап, тербеліп тұр. Сүңгиді де, алады. Сүңгіді. Алтын тербеліп тұрған тұстан дәл шығамын деп еді. Сөйтті де. Басы судан сопаң етіп, көзін ашса, жаңа әзірде бір орнында қалқып тұрған дүние ағыс бойлап, жылжып барады екен. Жаны қалмай ұмтылды. Анау жеткізбейді. Сүңгіп те, малтып та бар өнерін салды. Бетіне қолбасындай алтын буылған тақтайша не мүлде ұзап кетпей, не созған қолына ілікпей әбден діңкелетеді. Осылай қанша уақыт өтті, бозбала қанша азап шекті, не деп аңырады, нені айтып опынды, кім білсін. Белгілісі, алтын қуалап, ағыс бойлап аласұрған оны бұдан кейін ешкім көрмепті…

Бірақ бірде-бірі үміттерін түбегейлі үзбеді. Үзіп те кетер ме еді, сірә, қожаларынан именеді. Күндері қарап тұрған соң, амал қане. Басып жүрген жерлері де, мініп жүрген қылқұйрықтары да солардың жекешесі. Солардың жекешесі арқылы бала-шағаларын асырап жүр. Бұлардың не деп, не қояры, тіпті, не ойлап, нені ойламауы да солардың еркінде… Өжденбай бірде жасы ондағы баласын алып келген қыстауға. Ұлына бәрін көрсетіп жатыр. Осының барлығы сенің жекешең деді. «Қой, сиыр, жылқы бәрі ме?» «Бәрі, мына үй, қыстау, жер бәрі» «Малшылар ше?» «Олар да». Осыны анадайда тұрып естіп қалған Ерсуан селк ете түскен.рсуан мен сарыала тайған аумағы үлкен шоқының жыра-жылғасын біраз тінтті. Түлкі жоқ. Оның соңына өзі секілді өле түсіп жүрген өзге қожалықтың қорықшылары да бұлардың қыстауына жөн білмек оймен шығар, аттарын қансорпа қылып, алма-кезек келгендерінде қанқызыл пәлекеттің өстетінін айтқан. Жылт етіп көрінеді, жым-жылас жоғалады. «Осы біздің аулап жүргеніміз түлкі ме, өзі? – десіп те бастарын шайқаған. – Түсіп жүргеніміз ненің соңы?»


Әрі-бері ойқастап келе жатқан сарыала тайған кенет алға қарай орғып-орғып кетті. О, Құдай, қанқызыл түлкі тас обаның түбінде секіріп ойнап тұр. Бұларды мүлде елейтін емес. Алдыңғы екі аяғын кезек-кезек көтеріп, секең-секең етеді. «Хайт!» деп жіберді Ерсуанның жан дауысы шығып. Сарыала тайған бүктеліп, созылып жұлдыздай ақты. Тіп-тік өрге көктөбел тікіректеп шыққанша тайған мен тазы тас обаның тасасына түсіп кеткен. Дем арада дегбірінен айырылып, әбден еліріп алған Ерсуанның көзі шоқының ұшар басына шыққанда «қайда-лаған» көңілмен көпке дейін ештеңе көрмей қалған. Барып-барып байқады, қанқызыл түлкі тік салмай қапталдап қашып, тұмсық айналып басады екен. Тайған құйрық тістесіп-ақ қалған. Ерсуан шоқының қыр үстін қуалап, төтелеп шапты. Бұл өкпе тұстан қосыламын дегенше түлкі мен тайған астынан самғап өте шыққан. Ат кез келген қилы-қилы жерден самғап өтетін түлкі емес, тайған емес, қанша қамшы ұрғанмен қалыңқырап қалды. Сосын да соңына түсе берудің керексіз екенін біліп, шоқының ұшар биігіне қарай бұрған ат басын. Ентіктіріп шықса, шоқының төмен еңкейіп етегіне түсер тұсындағы көлемі киіз үймен бірдей түйетабан тасты тайған шыр айналып шыжбалақтап жүр екен. Түлкі зым-зия. «Әй, түлкі қайда?» – деп бақырды долылық қысқан Ерсуан. – Қайда о пәле?» Тайған адам емес, не дейді. Салақтаған ұшы шашақты құлақтарының түбі дүрдиіп, тұмсығы жерде, үйтасты айнала береді. «Іні осында ма екен, соған кіріп кетті ме?» – деп Ерсуан соңына ілесіп еді, тайған бір тұста ырыл-қыңсыл үн шығарып алдына үңілді. Сосын әрі қарай кеуде тұсына дейін кіріп кеткен, бірақ дереу артқа ытқып шықты. Ерсуан дәл сол жерде тақалып келіп атынан түсті. Тізерлеп жетіп үңілсе – ін. Ауыз жағы ағараңдап көрінгенімен, ар жағы тас қараңғы. Балдағын бойлатып байқаса, едәуір бөлегі еніп кетті. Қалтасына қол салып шырпысын іздеп еді, таппады. Далақтап шауып жүргенде түсіп қалды ма, жоқ түлкінің қызығына түскенде ауырлап, ат үстінен шешіп алып, қайсыбір тұста лақтырып кеткен тонының жанқалтасында кетті ме, әйтеуір жоқ. Мейлі, деді. Тас қараңғыда аңның көзі оттай жанып тұрады.


Мұның не, байғұс-ау? Бүйтіп қор болып өлгенше, Ауған соғысында мүрдем кетпедің бе? Ол өлім ел-жұрттың намысы үшін болар еді ғой. Ел-жұрттың намысы үшін есіл ер еңіреп кетті дер еді.әл қазір Ерсуанды сыртынан біреу көрсе аң-таң болар еді. Тас түбінде жалғыздан жалғыз алақ-жұлақ етіп, өзін өзі жұлып жеп, аласұрып отыр. Қанқызыл түлкі енді қол созым-ақ жерде, қазір-ақ буындырып алып шығады. Естісін, білсін жұрт, жоқ, әуелі «сол шіркін түлкі ме, өзі?..» десіп күмәнданып жүрген өзге қорықшылар көрсін, Ерсуанның оны інінен суырып алғанын. Өжденбайдың төбесі көкке тисін. Көз жауын алған, ешкімде болмаған және болмайтын бір ғажап қызыл ұлпаны ең алғаш осы сипайды алақанымен. Қане, енді отырма. Түс ауғалы қашан. Қияндағы қыстауға сен жеткенше түн түсіп кетеді. Бол батыр, кіріс шаруаңа. Ерсуан інге еңбектеп ене бастады. Жәйлап сұғынып келеді. Алға жығылған сайын ін аздап тарыла түскен. Бірақ, денесі мүлдем кептеліп қалған жоқ. Аңның шоқтай жанып тұрған көзін іздейді. Іннің тұйықталып бітер жерінде артын тіреп бұғып отырған шығар. Кенет алдына созып ұстап келе жатқан қолы әлденеге тіреліп қалды. Сипап байқаса, жалпақ тас. Жағалата сипады. Мәссаған, алдын тұтас жауып тұр. Ін осы жерден тік төмен түсіп кетіпті. Қолын соған бойлатса, түбі жоқ. Ышқынып, тағы да алға жылжып үңіліп еді, ар жағы көрдей қараңғы. Мұздай суық лебі бетін қарып жіберді. Селк етті. Бұ несі?! Бұлың-бұлың болды ғой, іні. Түтін салып қана алуға болады, енді. Иә, сөйтіп қана. Онда сыртқа шығып, іннің аузына тас үйіп бекітіп, қыстаудан отын, шырпы алып ертеңгісін келу керек. Інге шонданайына дейін кіріп кетіп еді, артқа қарай әзер жылжыды. Жылжыған сайын байқайды, сыртынан киген киімдері қолтығына қарай жиылып келеді. Сөйте-сөйте дәл іннің шығар аузына келгенде кептелді де қалды. Жанталасып алға жылжыған. Түріліп кеткен киімдері орнына келді. Артқа етегін бір қолымен ұстап жылжып көрейін десе, онысы жанына қарай сыймады. Амал жоқ, бастапқысынша шегіншектеген. Тағы жаңағы: киімдері қолтығына қарай сырылып келеді де, шығар ауызда тағы кептеледі. Қанша рет сөйтті, білмейді. Мұздай суық іннің ішінде қара терге түсті. Мұндай шарасы жоқ азапты ол ешқашан, тіпті, Ауған соғысында да көрген жоқ. Есін енді жиды. Қанқызыл түлкінің соңына түскен күннен сол көзіне көрінгенде, жаңа әзірге дейін ақылынан адастырып, дегбірін алған жеңсік, желіктен әп-сәтте дым қалмады. Оның орнын енді сұмдық үрей кеуледі. Бұл үрей соғыстағы жаңбырдай жауған оқтан да, бір аяғын түбінен кесіп алып жатқаннан да суық еді. Кездейсоқ болмаса адам аяғы баспайтын қу медиен, көрдей қараңғы інге шыға алмастай болып кептеліп қалу… Бақырып-шақырып, өкіріп жіберді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан. Кімді боқтамады. Қанқызыл түлкіні де, Өжденбайды да, өзін де. Неге керек еді, осы. Нені бүтіндеп, нені өзгертіп, кімнің алдына шығарар еді. Ана қызылдың, мына көктің соңына өліп-өшіп түспей-ақ, кісі тып-тыныш өмір сүрсе қайтеді. Есі кіріп, етегін жапқаннан нені армандады өзі. Ержетсем, отау құрып, от жақсам, ұл-қыз өсірсем, бірін қияға, бірін ұяға ұшырсам, немере, шөбере сүйсем, е сосын ата-бабамның, ата-анамның, өзімнің, ұрпағымның кіндік қаны тамған туған өлкенің топырағында көзің тіріде алтыннан үй, күмістен қора соғып алсаң да, өлгенде бұйырар ені екі, ұзындығы төрт метр кебініме оранып жер томпайтып жатсам болғаны демеді ме. Десе, мынасы не. Не үшін, кім үшін. Өжденбайдың көке, менің жанымда жүрсең ештеңеден қам жемейсің. Айтқанын істеп, аянбай жүрсеңіз үйің де, жайың да болады. Қатынды да сатып әперемін. Керек десеңіз, қыздайын. Тіпті, тоқалды да, тек анауыңыз аман болсын» дегені есін алып жібермеді ме. Енді келіп ит болғанын көрмейсің бе? Көзі көріп тұрып, көрге өзі кіріп.


Ақ тер-көк тері баяғыда қатып қалған. Тұла бойы мұздап дірдектей бастады. Сарыала-ау, көктөбел-ау, деп өкіреді. Құлындаған даусы шығып, Құдайды алды аузына. Құтқара гөр, Жаратқан, деп жалынды, жалбарынды. Кешірім сұрады, кеңшілік дәметті. Кенет көзіне әлдененің сұлбасы ағараңдап көрінгендей де болды. «Пенде ненің соңына астамшылықпен түссе, соның қасіретін тартады» деген сөзді ап-анық естіді. Есі ауып кеткен. Өзіне-өзі әзер келгенде: «Өжденбай ғой, айдап салған» деп күбірледі. «Өз ақылың, өз иманың, өз еркің қайда?». «Қанқызыл түлкіні көргенде соның барлығын жоғалтып алдым ғой». «Демек, сендер ашкөздіктеріңнен өздеріңді өздерің тоқтата алмайсыңдар. Өйтуге өздеріңе өздеріңнің әлдерің келмейді. Өздеріңе жау – өздерің…»


Еміс-еміс есі бар Ерсуан біреумен сөйлесті ме, жоқ әлде өзімен өзі сөйтті ме, ол арасын аңғармады. Өйткені, санасы шатаса бастаған. Әйтсе де, бір өкініш өшіп-жанып мүлде сөне алмай тұр. Ол жаңағы иә біреумен, иә өзімен болған әңгімені ешімге айтып кете алмайтындығы еді. Сонымен бірге, Өжденбайдың баласына айтқаны рас екені, бұлардың өз еркі өздерінде емесі, яғни қожайынының өл десе өлетін, тіріл десе тірілетін меншігіне айналғанына оңбай опынып, мойындап та үлгерген.


Көзін зорға ашты. Қозғалудан қалған тұла бойы кенет жылынғандай. Сөйтсе, іннің тік төмен түсіп кететін ойығының түбі қып-қызыл алаңқай екен дейді. О ғажап… Дөңгелене лаулап жатқан оттың ортасындағы биік тұғырда қанқызыл түлкі отыр. Отты шыр айнала жүгіріп, анталап түлкіге қарай ұмтылған адамдарда есеп жоқ. Бәрінің арманы қанқызыл түлкіні бас салып ұстап алмақ. Сөйтеміз деп, шеттерінен дөңгелене лаулаған отқа түсіп, өртеніп-жанып, күлге айналып кетіп жатыр…


Ерсуанның қыстауға оралмай қалғаны туралы хабар айналаға екі-үш күннен соң естілді. Жабыла іздеген. Бірақ оны ешкім таба алмады…


Бөлісу:

Көп оқылғандар