Тұрсын Жұртбай: Айжарық
Бөлісу:
Өркениеттің ұлы дәнекері және айқын дәлелі – көркем сөздегі көшпелі сюжет, қазақы мәнердегі «қыдырма сюжет» (А.Байтұрсынов) болып табылады. Ол – Шығыстағы жапон мен күнбатыстағы Румның арасындағы ұлан кеңістіктің арасын ғана жалғастырып, бір-бірін көрмек түгілі атын естімеген ұлт пен ұлыстың рухани құндылықтарынан бір біріне мағлұмдар етті. Руханияттар үндестігінің сенімді әрі тұрақты желісі – Ұлы Жібек жолы, бүгінгі күнгі интернеттің міндетін атқарды. Екі мың жыл бойы адамзаттың рух арқауы болған бұл тіршілік тынысы, жанды іздің ұзына сорабында маң-маң басқан ойсылқараның қос өркешінде жібек маталар ғана емес, аңыздар мен әфсаналар да көшіп жүрді.
Соның ұлы дәлеліне бір тәмсіл келтірейін. Жол түсіп, Түркияны көлікпен аралауға тура келді. Жібек жолы бойындағы түрік тектестердің «ана жұрты» атанған Анкара аңғары мен Кайсары жотасын жалғастырған «Кірқаланың» (Каппадокидің) тұмсығынан оратыла бергенде аспанмен тілдескен, басын бұлт ораған, қарлы шоқы жарқ ете қалады. Күре жол үш сағат айналып өтетін бұл шоқы – Асан тау деп аталады екен. Недия университетінің тарихшы профессорынан Асан таудың жөнін сұрастырғанымызда олар: «Ежелгі заманда түріктерге жақсы жер іздеген Асан абыздың ақ маясы бұлтпен араласып келіп осы таудың басына шөгіпті. Түріктерге жердің жұмағын тапқанына көзі жетіп, арманы орындалған Асан абыз да сол шоқыда дүниеден қайтыпты-мыс. Біздің түріктер де сол Асан әулиеге ілесіп атбасын Кіші Азияға тіреген екен» – деп түсіндірді. Демек, Жиделібайсынды ұлы қорғанның түбі – Бағылық тауларынан бастап іздеп шыққан Асан бабамыз көк бөрілердің киелі мекені – Қайсары жотасына кеп желмаясын шөгеріпті» (Жұртбай Т. Жолы болған жолаушы. А. Орхон, 2014, 448 б.)
Арада он ғасыр өтсе де Жібек жолының бойымен көшіп барған сол аңыз қазір де ұмытылмағанына таңғалдым.
Соның алдында, тура осы аңызды 2006 жылы Қытайдағы Хохот қаласына барғанымда: белгілі қытай түркітанушысы Гай шань лидің «Иньшань оңғұттары» (阴山汪古盖山林 (Иншань оңғыттары. Гайшанлин). Ішкі Монғол халық баспасы. Хоххот, 1991. 78 Б.) атты зерттеуіндегі: «Кеше Асан ата абыз ақ желмаясына мініп, Ордаға сәлем бере келді. Бес жүз ісек сыйға тартты», – деген (Гай шаньлин. Иншань оңғұттары. Монография. Қытай тілінен аударған Қ.Ынтыханұлы. Астана. Фолиант. 2010. -136 б.) тастағы жазуды оқып бір таңғалып едім. Қалай таңғалмайсың. Сонау қиыр шығыста тасқа жазылып қалған сол аңыз аралығына Тәңір тауынан, Памир тауынан, ұлы қазақ даласынан, Гиндукуштан, Қап тауынан асып өтіп Қайсары жотасына барып қонақ тауып отырса. Ал территориясы жағынан әлемдегі тоғызыншы мемлекет болып табылатын Қазақстанда Асан қайғы – Асан абыз болмаған, оның есімімен байланыспаған, ол атын қоймаған жер аты жоқ. Міне, менің ойымша, осыншама ұлан-ғайыр кеңістікті жалғастырған Асан абыз туралы бұл аңыз этнограф үшін де, тарихшылар үшін де, фольклортанушылар үшін де, ең аяғында бүгін ерекше назарға ие болып отырған Жібек жолының тарихын зерттеушілер үшін де маңызы бар әфсана деп есептеймін.
Асан қайғы – Асан абыз туралы әфсана түркі текті қауымның рухани өмірін баурап алса, ал Айжарық – Құтұлун қыз туралы тарихи әфсана мұқым Еуразия құрлығын қамтып, дүниежүзіндегі ең танымал көшпелі туындыларға арқау болды. Венециялық тақуа Марко Поло: «Хайду патшаның (бұдан кейін хан деп қолданамыз – Т.Ж.) бір қызы бар еді: оның түркіше (түпнұсқада – татарша ) аты Ай-жарық (түпнұсқада – Ангиам), француз тіліне аударғанда, ол – жарық ай деген мағынаны білдіреді. Ол өте қайратты қыз еді, бүкіл патшалықта оған тең келетін және оны жеңе алатын жас жігіт те, батыр да табылмады, ол өзін қалыңдық етуден дәметкеннің бәрін де жеңіп шыққан болатын. Әкесі оны ұзатқысы келді, бірақ та ол күйеуге шығудан бойын аулақ салып, әкесіне: қашан өзін жеңетін батыр адам табылғанша күйеуге шықпаймын деп мәлімдеді. Әкесі оған өзінің таңдаған жігітіне күйеуге шығуға рұқст берді, бұған қатты риза болған патшайым (бұдан кейін ханшайым деп қолданамыз – Т.Ж.) айдай әлемге: кімде кім менімен күресуге келісімін беріп, жеңіске жетсе, соған күйеуге шығамын деп жар салды. Бұл хабарды көптеген ел мен аяқ жететін жердің бәрі де естиді, сөйтіп әр тараптағы текті елдердің бозбалалары өзінің бақытын сынауға осында атбасын тірейді. Сынақ былайша өтеді: хан өзінің бас сарайының алдына барша нөкерлерін, еркектер мен әйелдерді жинайды, содан кейін бар күшін бойына жиған, аса қымбат торқа шапан жамылған ханшайым мен барқыт шапан киген бозбала ортаға шығады; шарт бойынша бозбала ханшайымның жауырынын жерге тигізсе, қызды қалыңдық етіп алады, егерде батыр жігітті қыз жеңіп кетсе, онда жігіт қызға жүз жылқы береді.
Міне, осындай бәсекенің барысында ханшайым он мың жылқыны олжалапты, өйткені, оны жеңген батыр да, бағылан да болмапты. Айтса айтқандай, ханшайымның дене бітімі сондай келісті, бойы сұңғақ та сымбатты әрі ажары ашық екен.
Бір жолы, Иса пайғамбардың дүниеге келуімен есептегенде, 1280 жылы аса мәртебелі әрі бай патшаның ұлы оны іздеп келіпті, өзі жас әрі көрікті екен. Ол өзімен қоса аса айбыны асқан нөкерлерін де ерте келіпті, сонымен қатар, өзінің мақсатына жету үшін мың жылқыны да қосақтап айдап әкеліпті. Патшаның ұлы сарайға жетісімен ханшайыммен күш сынасамын деп жар салыпты. Хайду хан бұған қатты қуаныпты, қызының осы бозбалаға күйеуге шыққанын ықыласы ауа қалапты, өйткені, бұл бозбала аса күшті әрі бай патшаның баласы екен…
Орайы келгенде айта кетейін, Хайду хан қызына құпия түрде осы бозбаладан жеңілуді өтініпті, ал қыз болса: ешқашанда ондай жасанды әрекетке бармаймын деп, үзілді-кесілді бас тартыпты. Бұған не деуге болады? Аумақты сарай майданына хан да, ханым да, еркек пен қатын атаулының барлығы да, ханның өзге қыздары мен ұлдары да жиналып, мына екеуінің сондай бір жарасымды сымбатына таңғалысыпты. Бозбала күшті, әрі келісті, шымыр екен, өз елінде күш жағынан оған тең келетін адам болмапты.
Екеуі ортаға шығады, оны көріп тұрған адам санында есеп болмайды, олар мынадай деп сөз байласыпты: егерде жігіт жеңе алмаса, онда айдап әкелген мың жылқысын беріп кететін болыпты. Содан кейін барып қыз бен жігіт белдесе кетеді, олардың күресін қызықтап отырғандардың барлығы да бозбаланың жеңіске жетіп, хан қызының күйеуі атанғанын қалапты, хан да, ханым да соны тілепті. Қысқаша айтқанда екеуі де шекіспей беріспепті, біресе – бірі, біресе – екіншісі еңсереді, ақырында хан қызы жеңіске жетіп, бозбаланың жауырынын жер қаптырады.
Сөйтіп, ханзада жеңіліс тауыпты, бұған өкінбеген адам қалмапты.
Тағы да айта кетейін, патшаның ұлын жеңген Хайду ханның қызы көптеген шайқастарға қатысыпты, сол шайқастардағы жекпе-жектерде оған тең келетін не жеңген батыр болмапты. Тіпті бірнеше рет жауға қарсы жалғыз өзі аттанып, олардың батырларын күшпен байлап-матап өз еліне алып келіпті. Мұндай жайлар өте жиі кездесіпті. Хайдудың қызы туралы баянымды осымен аяқтай келе, енді басқаға көшемін» (Книга Марко Поло о разнообразии мира, записанная Пизанцем Рустикано в 1298 г. от Р.Х.Перевод старофранцузского текста И.Минаева. Вступительная статья И.Магидовича. Комментарии -И.Минаева, В.Бартольда, И.Магидовича. Алматы. Мектеп. 2007. -614 с.).
Венециялық тақуа Марко Поло тамсана суреттеп отырған Айжарық (моңғолша есімі – Құтұлын) ханшайым – Мөңке қағанның тұсында Шағатай ұлысын сағалап, «шықпа жаным, шықпалап» күнін кешкен, Үгедейдің тақтан дәмегөй немересі Хайдудың қызы болатын. Әкесі Қашын мен атасы Үгедейдің түбіне маскүнемдік жеткендіктен де Хайду ішімдік атаулыға жеркеніп өсті. Тәңіртауды паналап жүргенде Мөңкенің «мейіріміне бөленіп», 1251-1260 жылдардың аралығында ішкі Қытайдағы Хэнань өлкесіне билік те жүргізді. Алайда ағайынды Құбылай мен Арық-Бұға қағандыққа таласып, қағанат қақ жарылған тұста, Хайду Арық-Бұғаны қолдады. Өйткені, Құбылайдың тас қорғанның ішінде қамалып, қытайланып бара жатқаны оған ұнамады. Көңілі ен даладағы еркін өмірді, көшпелі тіршілікті қалады.
1260-1269 жылдардың аралығында Хайду қазіргі Тәңіртау (Іле, Күнгей Алатауы мен қырғыз Алатауы) мен Моңғол Алтайы аймағы арасындағы ауқымды кеңістікті дәргейіне қаратты. Ордасының туы Талас, Шу бойына тігілді. Айжарық (Құтұлын) ханшайым осы Талас-Шу өңірінде 1260 жылдардың мөлшерінде дүниеге келеді. Содан бастап 45 жыл бойы (1301 жылға дейін) Құбылаймен және оның мұрагерлерімен алма-кезек майдандасып өтеді. Тумысынан кесек бітімді Айжарық, Марко Полоның бейнелегеніндей, «дене бітімі келісті, бойы сұңғақ та сымбатты әрі ажары ашық» жаугер боп бойжетеді. Бойжеткен кезінен бастап әкесінің әскерінің құрамында түрлі шайқастарға қатысады, өзі де жеке жорыққа шығып, тұтқын да түсіреді (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Т.ІІ. /Пер. С перс. Ю.П.Верховского, примеч. Ю.П.Верховского и Б.И.Панкратова, ред. И.П.Петрушевский. М.;Л., 1960. .15-16 С.).
Қыздарын ерекше ықыласпен баулып өсірген Хайду ханның қиыла өтінгеніне қарамастан, тұрмысқа шығудан үзілді-кесілді бас тартады. Әкесінің жорығынан қалмайтын және оны ерекше күтімге алып жүрген Айжарықтың бұл мінезі түрлі жорамалға да жол береді (Почекаев Р.Ю., И.Н.Почекаева. Властительницы Евразии: история и мифы о правительницах тюрко-монгольских государств ХІІІ-ХІХ вв. СПб., Евразия, 2012, -384 с.). Ғалым Т.Сұлтанов әке мен қызының арасындағы бұл сыйласымдықты: жақсы көрген адамы үшін жанын беретін платондық сүйіспеншілік деп те бағалайды (Султанов Т.И. Любовь и трон (печальные повестовавания старинных анналов о любви двух чингизидов и одного тимурида) Altaica VI. M. 2002 C.152-159.). Рашид ад-Дин: Айжарық пен парсының Ғазан ильханының арасында некелік уағдаластық та болды. Айжарық Ғазанға: «Мен сенің ғана қатының боламын, басқаға күйеуге шықпаймын», – деген де хат жазды-мыс деп көрсетеді. Алайда бұл жай ғана алдарқату болып шығады. Әке мен қызының арасындағы мұндай татулық көпе-көрінеу ғайбатқа ұласып, олардың қандары араласып кетіпті-мыс дегенге дейін барады. Сондықтан да Хайду Айжарықты қалайда тезірек ұзатуға ұмтылады.
Міне, осы арада Хайду ханның сарайында тосын да оқыс оқиға өтеді. Бұл туралы жәдігертанушылардың пікірі екіұдай. Жаугер қыздың тағдырына ең лайықты нұсқа мынау: аса құпия тапсырма алған қорлас тайпасынан шыққан, «өзі пысық, ұзын бойлы, келісті бауыршы» (хан мәзірінің әміршісі) Абтақұл (Атақұл -?) Хайдуды өлтіруге жасырын сарайға жіберіледі (кей деректерде Абтақұл қиыр шығыстан жіберілген жансыз деп те көрсетіледі). Бірақ та қастандық пиғылы ашылып қалады. Қылмысы әшкереленген Абтақұл өзінің Хайдуды өлтіруге әдейі жіберілгенін ашық мойындайды. Хайду хан оны дарға асуға бұйырады. Сол кезде Абтақұлдың шешесі келіп, ұлының орнына өзін жазалауды өтінеді. Мұндай құрбандықтан Абтақұл үзілді-кесілді бас тартады. Оның намысты ер мінезіне сүйінген Хайду оған өзінің кінәсін өтеуге мүнәфық етіп, Абтақұлды соғысқа жібереді. Майданда ерекше ерлік жасап, батылдығымен, тапқырлығымен дараланады. Ерлікке құмар ер мінезді өжет Айжарық та Абтақұлды ұнатып қалады. Хайду хан да қызының қалауын қабыл көреді. Сөйтіп, тосын оқиға тағдырын қосқан ерлі-зайыптылар Іле мен Шу өзенінің арасындағы иеліктерінде біраз жыл беймарал тұрмыс кешіп, балпанақтай екі бірдей ұл сүйеді.
Көңіл қалауы орындалған Айжарық ханшайым сол бір тыныш тіршіліктің қызығына малынып, қағанағы – қарық, сағанағы – сарық өмір сүрсе керек еді. Бірақ оған кеудесін кернеген бұла күш, әкеге деген ұлы жанашырлық, жаугершілік атой дес бермепті. Хайду мен Құбылайдың арасындағы қидаласу басталысымен отбасы, ошақ қасын тәрк етіп, мемлекеттік іске араласып кетеді, шекара жасағына жасауылдық етеді, өз ұлысына емінген жауға тойтарыс береді. 1301 жылы Хайду Құбылайдың немересі Темірге қарсы жорыққа аттанады, Айжарық та қара шаңырақ Қарақорым үшін қан майданға араласады. Алмағайып айқаста Хайду жараланып, 1301 жылы ақпан айында 70-ке қараған шағында қаза табады. Батыр қызы Айжарыққа және артында қалған 24 ұлына: Шағатай ұлысының ханы, жағаттасы Добының айтқанын тыңдауды өсиет етеді. Алайда әр қатыннан туған 24 бақталастың өзара тақ таласы басталады. Жәдігертанушылардың бір парасының жорамалы бойынша: тақ мұрагерлігіне Хайду хан Айжарықтың өзін ұсыныпты-мыс. Сондықтан да ол әрекетке белсене араласты десе (Weatherford J. The Wrestler Prncess//: «lapham’s Quateriy»: http:// www. Iaphamsquarteriy.org/ roundtabie/ the/-werstier-princess.php. 2010 a p. 148; 153-155; Караев О.К. Чагатайский улус. Государство Хайду. Могулистан. Образованиие кыргызского народа. Бишкек. 1995. 34 С.), екінші парасы: Айжарық өзімен бір шешеден туған Орысты таққа отырғызуға тырысты дейді. 1303 жылы Хайдудың үлкен ұлы Шапар мұрагерлікке қол жеткізеді. Айжарық оған мойынсынбай ашық қарсы шығады. Сонда батыр қыз Шапардың: «Сенің сыбағаң қайшы мен жіп емес пе, мемлекет пен ұлыстың ісінен не білемін дейсің, билік сенің қай теңің?» – деген қатқыл сөзінен тосылып қалып, еріксіз мойынсал болады (Бартольд В. Очерк истории Семиречье. М.1943. С.56; 57; 58-59.). Шапар Орыс ханзаданы қытаймен шайқасуға аттандырады. Ал Айжарық өзінің иелік мекеніне – Іле мен Шудың бойына аттанып, әкесінің мүрдесін сонда жерлетіп, соған шырақшылық етеді. Әкесі аманаттап кеткен Шағатай ұлысының ханы Добы ақыры Хайдудың тұқымын тұздай құртып, жеке билік етуді ниет қылады. Шапарды шағын иелікпен шектейді, ал Айжарықты әке аруағын құрметтеп, мазарын күзеткені үшін тақсыретті үкім күтіп тұрды. Добы Хайдудың моласын жермен жексен етіп, Айжарықты өлтіріп тынды. Бір деректе Айжарық әке зиратын қорлатпас үшін ашық соғысқа шығып, майданда қаза тапты, деп көрсетеді. Аса зор бедел мен күшке ие Айжарық Добы үшін оның қалған 24 аға-бауырынан қауіпті көрінсе керек.
Шығыс пен батыстың арасына өшпейтін аңыз бен әфсана қалдырған, қилы хикаялар мен әңгіме-дастандарға, пьеса мен операға, ондаған арнайы зерттеулерге арқау болған Айжарық-Құтұлұн ханшайымның Жібек жолы бойындағы көркем бейнесі де, аты да заман ауысқан сайын бірге түлеп, құбылып отырды. Жоғарыдағы тақуа Марко Полоның жазбасын атақты араб тарихшысы Ибн Батута толықтырды. Ол өзінің 1320-1340 жылдары аралығында Шыңғыс қағанатына жасаған саяхатында әкесі үшін майданға аттанған, күйеуге тиюден бас тартқан ханшайым туралы аңызды ерекше атап өтеді. Ерлі-зайыпты зерттеушілер Р.Ю.Почекаев пен. И.Н.Почекаеваның «Властительницы Евразии: история и мифы о правительницах тюрко-монгольских государств ХІІІ-ХІХ вв» атты түбегейлі зерттеуінде: «ХV ғасырда Мин императорының сарайында тура осындай оқиғаға (сюжетке) құрылған хикая (новелла) пайда болды» – деп жазды.
Бұл – қытайдың көркем әдебиет тарихындағы төрт батыр әйелдің бірі Мұ гүйиңнің таңғажайып ерліктерін баяндайтын әфсана (.http://www.baike.com/wiki/ «乐府诗集·木兰诗».). Даң кан жианьнің «Мұ гүй иң» атты «Батыс солтүстік зерттеуіне» жүгінсек, батырдың қыздың тегін таңғұттарға апарып телиді. Әлгі төрт батыр қыздың ең даңқтысы – қызын майданға аттандырып салып, оны қарсы алған әке туралы қытай тілінде жазылған «Мулан қыз» туралы жыр да Айжарық пен әкесі Хайдудың арасындағы өмірлік оқиғаны еске салатыны сөзсіз.
«Мулан жырының» шығу тегі, дүниеге келген уақыты, оқиға желісі, қай текке тиесілі, қандай эпостық сипатқа ие екендігі туралы жарияланған қытай ғалымдарының (соның ішінде қазақ, монғол, мәнжу ғалымдары да бар) пікірімен мәлім мөлшерде таныспыз. Әңгіме, «Жібек жолы» бойында туған көшпелі сюжет туралы болып отырғандықтан да, оны жан-жақты қазбалап жатуға бұл ретте ұмтылмаймыз. Ол өте зерделі әрі тиянақты дәлелді қажет ететін ғылыми мәселе. Алайда, әдеби көркем қиял мен болжамға шек қойылмайды. Сондықтан да «Мулан жырының» шығу тегі мен жазылған уақыты жөніндегі айтылып жүрген болжамдарды қайта дәйектей екшеуге деген талпыныс пен ізденіске тосқауыл қоюға да негіз жоқ. «Мулан жырындағы» эпостық сарын мен құрылым, мәтінде кездесетін әке мен қыздың арасындағы сыйластық, көшпелі халыққа тән жауынгерлік мінез соған негіз қалайды. Осы жырдағы – қаған (可汗), ер-тұрман, ат әбзелдері – (鞍鞯,辔头,长鞭,鞍马) деген терминдік атаулар сондай пайымдауға жетелейді. Мұндай атаулар жалпы көшпелі халыққа, соның ішінде қазақ халқына ерекше тән. Бұл ретте белгілі түркітанушы Г.Н.Потаниннің түркітектес халықтардан шыққан батыр қыз-келіншектер туралы жырларды топтастыра қарастырған зерттеуі ерекше назар аударады (Потанин Г.Н. Восточные мотивы в средневековом европейском эпосе. М.1899/ Сссыл. из кн. Почекаев Р.Ю., И.Н.Почекаева. Властительницы Евразии: история и мифы о правительницах тюрко-монгольских государств ХІІІ-ХІХ вв. СПб., Евразия, 2012, -384 с.).
Мулан қыз – Айжарықтың (Құтұлұнның) тікелей тарихи прототипі болмай-ақ қойсын. Бірақ та осыдан 15-20 жыл бұрын «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналында пікір алысу ретінде жарық көрген жарияланымдардағы текстологиялық, терминдік, пейзаждық, дәстүрлік нышандар туралы пікірлер орынды, ғылыми негізділігі басым сияқты көрінеді де тұрады бізге. Сондықтан да бұл алдағы уақытта да терең пайыммен зерделеуді күтіп тұрған мүдделі тақырыптың бірі болмақ деп есептеймін.
Оған Еуропа ғалымдарының батыл зерттеулері мен болжамдары толық негіз қалайды. Солардың ішінде, осыдан біраз уақыт бұрын Д.Уэзерфордтың Айжарық – Құтұлұн ханшайым туралы деректер мен әфсаналардың басын қосып, салыстыра талдаған зерттеуі жарық көрді. Оның бұл зерттеулеріндегі деректер Еуразия кеңістігіндегі ортағасырлық тарих пен тарихатқа қатысты байсалды еңбектердің авторы ерлі-зайыпты зерттеушілер Р.Ю.Почекаев пен. И.Н.Почекаеваның «Властительницы Евразии: история и мифы о правительницах тюрко-монгольских государств ХІІІ-ХІХ вв» атты монографиясында өзге де Батыс Еуропа, орыс, араб, парсы, түрік, өзбек, қазақ, татар ғалымдарының еңбектерімен барынша салыстырыла талданды. Соның барысында Айжарық-Құтұлұн ханшайымның өмірі бүкіл Еуропаға, Жапония мен Қытайға танымал болды. Ресей мен Қазақстанның сахнасында ұзақ жылдар бойы табыспен жүрген К.Гоцидің 1762 жылы жазған «Турандот ханшайым» пьесасына Айжарық-Құтұлұн ханшайымның хикаясының арқау болғаны белгілі. Оған француз шығыстанушысы М.Пети де ла Круаның Шыңғыс хан мен оның әулеттері туралы зерттеуіне қосымша ретінде берліген шығыс аңыздары мен әңгімелеріндегі: жұмбағын шешкен жігітке тиетіндігі туралы аңыз негіз қалағандығын (онда Қалауф атты жігіт жұмбақты шешіп қана қоймайды, ханшайымның сезімін де оятады) әдебиеттанушылар, негіздей дәлелдейді. Ал белгілі қытайтанушы Бақыт Еженхан мәнжу империясы өзінің батысындағы елдердің этникалық-географиялық жағдайларына қатысты мәліметтерді жинап отырғандығын, соның ішінде 1713 жылы 2 наурыз күні Канси патша өзінің ордасындағы уәзірлерімен кеңесте: «Қазақ дегеніміз ‒ ежелгі Янгуань жері… Олардың әйел заты өзге біреудің барымталауына түссе, онда сол әйел сөзсіз әлгі тонаушы адамды өз қолымен өлтіріп, сонан соң өз еліне оралады», – деп айтқаны туралы деректер келтіреді («Шэнзу жэнхуанди шилу», 253-цзюань, 10b–12a-бб., Канси жылнамасының 52-жылы айының «Цзя инь» күнгі (яғни 1713 жылы 2 науырыз күнгі) естелік («圣祖仁皇帝实录», 卷253,页10下 – 页12上,康熙五十二年四月甲寅).
Бұл – көшпелілер елінің батыр қыздарының есімі Қытай империясына таныс болғандығын да танытады.
Немістің ұлы драматургі Ф.Шиллер де «Қытайдың Турандот ханшайымы» атты пьеса жазды, ол өз заманының данышпаны В.Гетенің демеуімен сахнада қойылды. 1917 жылы итальян композиторы Д.Пуччини «Турандот» операсын өмірге әкелді. Р.Ю.Почекаев пен И.Н.Почекаева: «Либреттосы К.Гоцидің пьесасының негізінде жазылған осы шығарма арқылы Құтұлұнның (Айжарықтың) басынан кешкен оқиғалары (өте бұрмаланып берілгеніне қарамастан) театрды сүйетін көрермен қауымға кеңінен танымал болды. Сонымен, Құтұлұн (Айжарық) өзінің хан тұқымынан шыққанына қарамастан, жеке басының қасиетімен асқан бедел мен құрметке ие болды. Алайда мұндай мүмкіндікке әйелдер тек қана далалық дәстүр-заңға және Шыңғысханның Ясасына сүйенген мемлекеттерде ғана ие болды» – деп жазды.
Міне, Бейжіңнен бастап Парижге дейінгі аралықтағы ұлан-ғайыр кеңістікті қамтыған, Жібек жолының бойындағы елдерде тараған Айжарық ханшайым туралы көркемөнердегі өрнек осындай. Бұл арада біз, осы Айжарық-Құтұлұнның оқиғасы тікелей арқау болды деп толық сеніммен айтуға болатын «Қобыланды» жырындағы Қарлыға бейнесі туралы пікірді суыртпақтамай отырмыз. «Қобыланды» эпосының өзекті бір тарауын қамтитын бұл оқиға өзінің өтуі мерзімімен де, қыздың батырлық болмысымен де, жау ретінде есептелген батырды сүйіп қалатын интригасымен де Айжарықтың – Құтұлұнның бейнесін еске түсіретінін ескерте кетумен шектелеміз.
Бөлісу: