Ана тілінің абыз анасы

Бөлісу:

17.08.2016 4843



рабига сыздык.jpg

Рәбиғаның әкесі Сәтіғали Құтқожин 1937 жыл зобалаңында «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталып, содан қайтып оралмайды. Рәкең оқуды Байғанин ауданының орталығы Жарқамыс поселкесінде бастайды. Әкесі ұсталып кеткен соң оқушылар арасында кездескен «халық жауының қызы» деген көзтүрткіге шыдамай, 8-сынып бітірісімен Темір педучилищесіне оқуға түседі. 1940 жылы педучилищенің ІІ курсында оқып жүргенде бас көтерген ағасы Хамит әскер қатарына алынды да бүкіл отбасы тауқыметі буыны бекіп, бұғанасы қатпаған 16-ға толар-толмас жас қыз Рәбиғаға түседі. Ол педучилищені аяқтауға да шамасы келместен, ІІ курста мұғалімдік қызметке орналасады. 1942-1945 жылдары әуелі Темір қаласындағы орта мектепте, кейін педучилищеде мұғалім болады. Мектепте мұғалім болып жұмыс істей жүріп, Рәкең өзінің білімін әрі қарай толықтыруды да бір сәт есінен шығармайды.


Әуелі Ақтөбе оқытушылар инс­титу­тын белгіленген уақыттан бұрын бітіріп, 1945 жылы Абай атындағы Алматы педаго­гикалық институтының ІІІ курсына бірден қабылданады. Оған себеп болған жағдай мынадай еді, 1945 жылы ұлы Абайдың 100 жылдық тойына қатысу үшін Ақтөбе облысынан келген делегаттардың құрамында Рәбиға да болады. Сол жолы қазақ тілі пәнінің оқытылуы жайына арналған республикалық кеңес өтеді. Сол кеңесте Рәкең мектеп оқулықтарының кемшіліктерін сынап сөз сөйлейді. 20-ға толар-толмас жас қыздың сонша батыл да дәлелді пікіріне ден қойған оқулық авторлары – Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Ахмеди Ысқақов онымен жете танысып, әрі қарай оқуына кеңес береді, сол кездегі Қаз ПИ-дің ректоры Ахмеди Ысқақов оны бірден ІІІ курсқа қабылдайтынын да айтып салады. Міне, сөйтіп, Рәбиға Сәтіғалиқызы сол жылы ҚазПИ-ге түсіп, оны 1947 жылы үздік дипломмен бітіріп, аспирантураға қабылданды, әрі оқытушы­лық қызметті де қоса атқарады. Осы тұста 1951 жылғы «Ұлтшылдыққа қарсы кү­рес» дүрбелеңі басталады да, «халық жауы­­ның» қызы Рәкеңнің дайын тұрған канди­дат­тық диссертациясын қорғауына, ҚазПИ-дегі оқытушылық қызметті жалғастыруына ­жол кесіледі.


Рәкең 1951-57 жылдар арасында «Мектеп» баспасында әуелі редактор, кейін ре­дакция меңгерушісі қызметтерін атқара­ды. Бұл жылдары ол ғылыми-әдісте­мелік еңбектер жазумен айналысады. Орыс мектептерінің жоғары сыныптарына арнал­ған қазақ тілі оқулығы (1952-1953 ж.ж.), үлкендерге арналған әліппе мен бағдарлама (1953 ж.) сияқты кітаптар шығарады.


1957 жылы Рәбиға Сәтіғалиқызы Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институтына жұмысқа шақырылады да, содан былай қарай өзінің ғылым жолындағы ізденістерін жалғастыруына кең мүмкіндік алады. Тіл білімі институтында әуелі ғылыми қызметкер, 1961 жылдан бастап бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1959 жылы «Абай тілінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» деген тақырыпта кандидаттық, 1971 жылы «Абай шығармаларының тілі» деген тақырыпта докторлық диссертацияларын қорғайды. 1979 жылы ол Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланады. 1984 жылы оған профессор ғылыми атағы беріледі. Қазір ҰҒА-ның академигі. Рәбиға Сәтіғалиқызы – 400-ден астам ғылыми еңбектің және 27 кітаптың авторы.


Академик Р.Сыздықованың жан-жақты да ауқымы мол ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі арқауы қазақ тілінің, қала берді, түркітану ғылымының өзекті мәселелері болып табылады. Солардың ішінен ғалымның айрықша еңбек етіп, тер төккен саласы – қазақ әдеби тілінің тарихы. Қазақ тіл білімінде әдеби тілдің тарихы жекелеген әдеби үлгілерді зерттеуден, олардың лексика-грамматикалық ерекшеліктерін ашудан басталған. Бұл, бір жағынан, сол үлгіні жасаушы қаламгердің тілін зерттеу болып табылса, екінші жағынан, қаламгер өмір сүрген кезеңдегі әдеби тілдің өзін зерттеу болып табылады. Академик Р.Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі» атты (1968 ж.) көлемді монография­сы ұлы ақынның тілін лингвистикалық тұрғыдан қарастырған еңбек қана емес, сондай-ақ, Абай өмір сүрген кезеңдегі әдеби тілдің ерекшеліктерін де сипаттаған іргелі де алғашқы зерттеу болды.


Р.Сыздықова өзінің және тағы басқалардың зерттеулерінің нәтижесінде мынадай батыл тұжырым ұсынды. «Қазақ әдеби тілі қазақ атанып, өз хандығын құрған XV ғасырдан басталады, оған негіз болған халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған ауыз әдебиеті туындылары мен сол тұстағы аты тарихтан белгілі ақын-жыраулар шығармаларының тілі еді. Бұлар кезінде хатқа түспей, ауызша сақталғандықтан оларды ауызша әдеби тіл дейміз. Онымен қатар жазба әдеби тіл де болды, бірақ, ол тіл көне түркі әдеби тілін негіз етті, тек ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан, яғни Ыбырай, Абай шығармаларының негізінде жаңа жазба әдеби тіл болып қалыптасты» дей келіп, қазақ әдеби тіл тарихын 3 кезеңге бөліп қарастыруды ұсынды. 1-ші кезең XV ғасырдан ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейін; 2-ші кезең ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін; 3-ші кезең ХХ ғасырдың 20-жылдарынан осы кезге дейін. Міне, бұл тұжырым ғылыми жұртшылықтан қолдау тауып, жоғары оқу орындарының оқулықтары мен бағдарламаларына енді. Мұны біз Рәбиға Сыздықованың қазақ әдеби тіл тарихы ғылымына қосқан зор үлесі деп білеміз.


Айтулы ғалымның түркітану саласын­дағы зерттеулері қазақ әдеби тілінің тарихымен ұштасып жатады. Рәкең көне және ортағасырлық түркі жәдігерліктерінің (жазба ескерткіштерінің) тілін зерттеуде де біраз іс тындырды. Ол XVI ғасырдың аяғында атақты жерлесіміз Жалайыр руынан шыққан Қадырғали би жазған «Жамиғ-ат тауарих» (жылнамалар жинағы) атты еңбегін алғаш рет қазіргі графикамызға түсіріп (бұл шығарманың мәтінін бірінші рет 1854 жылы белгілі шығыстанушы ғалым И.Н.Березин араб графикасында жариялаған болатын), оның тіл ерекшеліктері жайында орыс тілінде «Язык Жамигат-тауарих» атты монография жариялаған еді. 1992 жылы бұл кітапты тарихи, тілдік деректермен толықтырып, студенттер мен аспиранттардың пайдалануына лайықтап, тарихшы ғалым М.Қойгелдиевпен бірігіп қазақ тілінде жариялады.


Поэзия синтаксисіне Абай енгізген өзгешеліктер мен жаңалықтарды ашқан, оған нақты талдаулар жасаған ғалымның «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970 ж.) деп аталатын монографиясы қазақ тіл білімінде өлең синтаксисін ең алғаш зерттеген, оның құрылым-құрылыстарына тән негізгі белгілерді көрсеткен бірден-бір және бірегей еңбек болды. Жоғарыдағы Абай тіліне арналған екі монографиядан кейін ұлы ақынның поэтикалық тілі, көркемдік сипаты, көріктеу құралдарының тілдік механизміне арналған 3 монографиясы «Абайдың сөз өрнегі» деген атпен «Санат» баспасынан Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай жарық көрді.


Қазақ әдеби тілінің тарихын жүйелі түрде зерттеуді Рәкең сонау 60-шы жылдардан бастаған болатын. Р.Сыздықова 1968 жылы шыққан жоғары мектепке арналған алғашқы «Қазақ әдеби тілі тарихы» оқулығының авторларының бірі ретінде, сондағы «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілі» аталған екі тарауды профессор Р.Сыздықова жазған еді. Кейін бұл тараулар «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілі» деген монографияға айналды. Ғалым 1993 жылы бұл монографиясын уақыт жағынан да, көлемі, тілдік деректері жағынан да тереңдетіп, XV-XIX ғасырларды қамтитын «Қазақ әдеби тілінің тарихы» деп аталатын жаңа оқулық жариялады.


Рәкең бұл саладағы ізденістерін әрі қарай жалғастырып, ғұлама ақын бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» атты шығармасының тілін зерттеу нысанына айналдырып, бізге «Ясауи хикметтерінің тілі» атты көлемді ғылыми монография ұсынды.


Р.Сыздықова әдеби тіл тарихын, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін зерттеумен қатар тарихи лексика мәселелерін де арнайы қарастырып келеді. Ғалымның «Сөздер сөйлейді» (1980 ж.) деген еңбегі – осы саладағы ізденістерінің нәтижесі. Тарихи лексикология бойынша бірден-бір оқу құралы болған бұл еңбек 1994 жылы толықтырылып, өңделіп, екінші, үшінші рет басылым көрді. Кітапта лиро-эпостық жырларда, ақын-жыраулар шығармаларында, мақал-мәтел, тұрақты тіркестерде кездесетін көне сөздердің байырғы мағыналары, түп-төркіні ашылып, мағыналық өзгерістеріне талдау жасалды.


Академик Р.Сыздықованың ұзақ жылдар бойы өнімді еңбек етіп, жемісті зерттеулер беріп келе жатқан тағы бір саласы – тіл мәдениеті мен лексикография деуге болады. Бұл ретте ғалымның шешендік сөз туралы, сөз қолданыс пен әдеби норма, т.б. мәселелерге арналған бірқатар теориялық зерттеулері ғылыми жинақтарда және ғылыми журналдарда жарияланған. Жұртшылықтың тіл, сөйлеу мәдениетін көтеретін, қоғамдық-мәдени өмірде орны ерекше саналатын практикалық құралдар жазуға қатысып, емле ережелерін жүйелеген, орфогрфиялық нормаларды тиянақтаған бірсыпыра еңбектер жариялады.


Ғалым өзінің ғылыми конференцияларда жасаған баян­дамаларында, сөйлеген сөздерін­де әрдайым ғылыми жұртшы­­­лыққа соны ой тастап, келелі мәселелер көтеріп отырады. Рәбиға Сәтіғалиқызының бұл ерек­­шелігін академик жазушыларымыз Мұ­хаң (Әуезов) мен Ғабең (Мүсірепов) ерек­ше атап, өз кезінде әділ бағаларын берген бола­тын. Мәселен, әдеби мұра және оны зерт­теуге арналған 1959 жылғы ғылы­ми-тео­риялық конференциялардағы қоры­тын­ды сөзінде Мұхтар Омарханұлы былай деген еді: «Рәбиға Сыздықованың сөзіне кон­фе­ренцияға қатысушылар айрық­ша риза болды деп санаймын. Оның сөзіндегі бір ерек­шелік: тіл мамандары мен әдебиет­шілер­ге қатар айтар орынды, кенеулі ой бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құ­ді­реті мей­лінше жеткілікті екендігін аңғарт­ты».


Ғабең қазақ көркем шығармаларының тіліне арналған 1985 жылғы шығармашылық конференциядағы баяндамасында конференция алдындағы орынды ұсыныстар көтерген мақала авторларының ішінен бөле-жара «көптен бері тіл мәселесіне күйіп-жанып араласып келе жатқан нағыз ғалым адам Рәбиға қарындас Сыздықова» деп айрықша атаған еді.


Рәбиға апамызға тән бір ерекшелік – ғылымға, ғылым иелеріне, ұстазға деген адалдық, азаматтық позиция. Мәселен, жазықсыз репрессияға ұшыраған аса көрнекті қоғам қайраткерлерінің еңбектерін зерттеп, оларды бағалау үшін құрылған комиссиялардың жұмысына белсене қатысып, ол А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың ақталуына зор күш жұмсады. Кезінде көрнекті тілші-ғалым Құдайберген Жұбановтың еңбегін жарыққа шығаруға да соншалық еңбек сіңірген еді. Қ.Жұбановтың өмірбаяндық деректері мен ғылыми еңбектерін саралап, «Ғалым – азамат» деген кітап жазса, қазақ тіл білімінің негізін салушы А.Байтұрсынұлы туралы да кітап жазып, оның еңбектерін жинақтап, «Тіл тағылымы» деген атпен мақалалары мен оқулықтарының жинағын жарыққа шығаруға мұрындық болды.


Кеңестік солақай саясаттың құрығына ілініп, екі рет сотталып, 20 жылдан астам лагерьде отырып келген (ол кезде ондай адаммен жақын сөйлесуге бата алмайтын заманда) Шахан Мусинге тұрмысқа шығуын да ерлік демеске болмайды. Жазықсыз жас өмірін зая өткізген ардақты азаматтың сөзін жерге тастамай, оның болашақ өміріне көмегім тисе екен деген мақсатпен ерлікке тұрар іске барғаны көрініп тұрған сияқты.


Осы арада Рәбиға Сәтіғалиқызының ерлікке балауға тұратын тағы бір ісі туралы айта кету орынды болмақ. Бұл 1977 жыл болатын. Ол кез Ахмет Байтұрсынұлының ақталмаған, оның еңбегі былай тұрсын, атын атауға тыйым салынған шақ еді. Академияның Тіл білімі институтында Кеңестер Одағының 60 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда «Қазақ тіл білімі – 60 жылда» деген тақырыпта баяндама жасау үстінде Рәбиға апамыз «Барлық жауапкершілікті өз мойныма ала отырып, қазақ тіл білімінің тарихын сөз еткенде, Ахмет Байтұрсынұлын, оның еңбегін атамай кетуді өз адамгершілік, коммунистік, ғалымдық арым алдында кешірілмес күнә деп есептеймін», – деп алғаш рет Ахаң еңбегіне қысқаша тоқтап кеткені бар. Зал мұны үн-түнсіз қабылдады, ешкім тіс жарған жоқ, бірақ бәрінің көкейінде «мұның арты не болар екен?» болған сияқты. Шынында, артынша үш әріп сақшылары келіп (КГБ), Рәкеңнен «бұл деректерді қайдан алдыңыз?» – деп сұрапты. Соның алдында ғана жарық көрген академик А.Н.Ко­ноновтың «Библиографический словарь ­отечественных тюркологов» деген еңбегінен алғанын айтып, ауыздарын жауыпты.


Ғалымның ғылымдағы көпжылдық еңбегі мен кадр даярлаудағы қызметі еленіп, ол «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, көптеген грамоталармен марапатталды. 1980 жылы оның есімі республиканың «Алтын кітабына» жазылып, оған «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілді. Рәбиға апамыз ер мінезді, кемшілік көрсе бетке айтатын турашыл, барынша әділ, сонымен қатар, жайсаң жанды, кішіпейіл де қарапайым жан.


Рәбиға апамыз туралы талай ақын қалам тербеп, өлең арнаған. Атақты ақиық ақынымыз Қасым Аманжолов:


«Тіліңіз тәтті, ойыңыз қандай!

Тыңдадым, ұқтым жан сырыңызды.

Болар ем күнде бір жасағандай,

Көп туса қазақ дәл сіздей қызды», – деп сүйсінсе, екінші бір белгілі ақын азамат, Қа­зақстан Республикасының халық әртісі, Рә­кеңнің жан жолдасы Шахан Мусин ағамыз мынадай жыр жолдарын арнаған екен:


«Қалықтап қыранша

Жайықтан іліп ем.

Жаныңда тамаша

Сыр барын біліп ем.

Аққулар көп еді,

Көз салдым көпке де.

Өзіңдей жоқ еді

Көп түгіл, көкте де!»

Сол Шахаң: «Дүниеде жасаған екі ерлігім бар, – депті. – Бірі – 18 жыл қиямет-қайымда өлмей, кісілігімді жоғалтпай келуім» десе, «Екіншісі – жүрегім тұрып, Рәбиғаға сөз айтуым» – деп әзілдейтін.


Академик қазір «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі» деп аталатын жаңа кітап жазу үстінде, тіпті аяқтап та қалған тәрізді. Бұл жаста ғылыми кітап жазу екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа, мұны да ерлік демей не дейміз?! Иә, қазақ қызына қашанда ерлік тән. Сол қыздардың бүгінгі көш басында ана тілінің абыз анасы Рәбиға Сыздықованың келе жатқаны хақ.


Бабаш ӘБІЛҚАСЫМОВ,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, 

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Бөлісу:

Көп оқылғандар