Сұраған Рахметұлы: Шыңыраудың зәмзәм дәмі
Бөлісу:
19.08.2016
4226
(Рақымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты хақында)
«...Жылнамашы түрік қайда жүр? Әлі де айтары көп. Аманаты аз емес...»
Расы, жылнама десек, 1162 жыл һәм жылқы жылының кісінегені естілердей. Ұлы қаһанның өмірге келген сәті. Ныспысы-Тэмужин.
Оның шежіресі де өте қызықты. Бабасы Дәу мерген, одан Бөденжар, одан Хабичи, одан Меден Төден, одан Хача Күлік, одан Хайду, одан Байсұңқар догшин, одан Төменай шешен, одан Қабылхан, одан Бартан батыр, одан Есүкей. Бұлар Бөріжігендер болса керек.
Мінеки, осыдан соңғы 1163 жыл, яғни Қара қой жылы іштегі жасын қосқанда Тэмужин екі жасқа толды. «Моңғолдың Құпия шежіресін» зерттеушілер қалайда осынау «Қара қой жылына» бір соқпай кеткені аз. Аңыздағы қара қойдың терісі, қара жабағы т.с.с. Сол қара жабағыға Көк мешін жылы (1164 ж) дүниеге келген көк бөрінің ұрқы көкалажон Хасардың да арқасының табы қалуы мүмкін. Қызыл ит жылы (1166 ж) Тэмужиннің інісі Хачигун, Сары тышқан жылы (1168 ж) Темуке Отшығұн, Сары сиыр жылы (1169 ж) Тэмулен Құба (қыз) өмірге келді. Ал Есугей баһадүр 1170 жылы татарлардың қолынан қаза болды». Рақымжан ағаның хикметті қиялы осы тосын тақсіретті меңзейтіндей.
«...Анасы ертемен үш ұлының алдына күзем жүні қырқылмаған қойдың қара терісін жаятын. Сол терінің үстіне ылғи бір уыс тары себетін. Титтей тары шашырап, қалың жүннің арасына сіңіп жоғалатын. Екі інісі Хасар мен Хачигунды қасына ап, бұл сонда күн батқанға дейін сол тарыны жалғыз талдап теріп жейтін...»
Шыңғыс қаһан туралы көптеген деректі шығармаларға үңілген сәтте негізгі деректен тайқыған, дүдәмалға жол берілген тұстар көп кездесетін. Автор бұл ретте шығарма желісіндегі түрлі байламдардың нақтылығын жүйелемейді, демек, хаһилығын қадағалаумен ерекшеленеді. Мүмкін оның шеберлігіне сәйкес төгіп-төгіп ала алатын силлогизмі осы тұстан көріне алады.
Айтматовтардың тәмсілді тәсіліне шапалақ соғып үйреніп қалған біздің миға Рақымжан ағаның «суперколлажы» енді. Енді тағы не енгізерін қайдам, не нәрсеге ұрындырарын бір Құдайдың өзі білер?! ХІХ ғасырдағы гиганттардың Сталиннің балтасына іліккен, шабылған «Бас»-тардың, революция мүңкіген тәжірибе алаңдардағы өскен «бас»-тардың оны ұғуы, ұқпауы да екіталай даулы-дамайлы мәселе болуы ықтимал. Қалай дегенмен де, автор басы жоқ, сүлдері қалған ұлы қаһанды еңіретіп отыр. Таңғұт патшасының хас патшайымы мен ақ сары шашты орыс қызының кесінді сюжетін көркемөнер өмірінің катарсисі деп ұқтық. Солай. Аристотель тұра тұрсын... В.Белинскийге жәутеңдесек, ол бүгінгі уақытты сұқ саусағымен нұсқайды!?
Туындыгердің туабітті өзгеше өңі мен бояуы, сомдауы, сөз саптауы, ең бергісі тәсілі мен шеберлігі мүлдем бөлекше. Шығыстық кеңістік, шығыстық пайым, шығыстық сарын және шуақты философиялық байламның бәрі-бәрінің тоғысатын өзегі – тарихи шығыстық дәстүрлі көшпелі тұрмыспен үндеседі. Шығыстағы қоңырқай көшпелілерде бар күмбірлі, сыңғырлы мұң батыста атымен болмайды. Ендеше, Рахаңның ағысы қай ағыс?! «Онон өзені толқын тулатып, жағаны қарс-қарс кеміріп ағушы еді...» дейді. Жайықтың жағалауында жүріп өзінің бағасын көрген ағаға біз артықша не дей алармыз? Көшпелі өркениетке тән мөлдір құлықсаналық өлшем, өлшеусіз сүйіспеншілік пен махаббат, ең бастысы ұлы тылсымдықтың ішінде «өмір сүрдік», сәтке болса да.
Батыс пен Шығыс рухы – қатар орналасқан екі даңғыл секілді ешқашан қиыспайтын ұғым. Бірақ, бірінсіз бірі жоқ. Әдебиеттің бағасын қоярда оқырман «жақсы» немесе «жаман» деген екі үшкіл ұстанымға жүгіне салатын-ды. Ендігі кезекте мұндай бағаны үшінші көзі ашылған текті оқырманнан алу қиын. Дүниенің төрт тарабы мен сегіз бағытын бағындырған көшпелі мәдениеттің ыстық көз жасын ой мен санаға ұялатуға ұмтылған туындыға кейін үңіле қарайтындар саны қосыла түсері даусыз.
«Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?» Бұл сөз оқшау тұрды. «Шыңғыс ханның көз жасы» атты хикаяттағы құлпы сөз. Христиан жыл санауының алғы VІ ғасырда Афинаны алақанында ұстаған Писистраттың тағы бір жарлығымен Гомердің көкірек бәдізі болып тұңғыш рет қайыңның қабығына мөрленген деседі. Гектордың алқымына шаншылып тұрған Ахиллдің қанжарындай құдіретті анттың астында да осы сөз тұр?!
Хикаяттың бастапқы ілкі сүгіреттерін оқи бастаған тұста, кең жазирадағы шалқар күннің балқып көтерілуі-нің түбіндегі пейзаждық кескінді көресің. Бауырынан қызыл жолақ қан жұққан қазбауыр бұлттардың жөңкілуінен мүлдемге басқа бір сүлдер (totem) елес беретіндей. Алаң таң даланың хабаршысы – алыстан байғыз шақырады!?
«...Алшая қонған ақ орданың қаусырма есігі екі жаққа кеңінен ашылып, ішінен ұлы қаһан шықты...». Бірінші жақта – ай кескін, екінші жақтағы сүлдермен алмасады.
«...Жібек шапанын желбегей жамылыпты. Аққұба жүзіне, келісті маңдайына күн сәулесі сырғанай түскен. Кіндік қаққан жез сақалын ойнама салқын самал сыпайы сауып тұр...».
Мінеки, айдаһар, қаһар емес ұлы қаһанның сом тұлғасы солай керілген. Кезінде «Моңғолдың Құпия шежіресін» (Манггул-ун Нигуиа-Тобчийан) адалай шұқыған Антойнэ Мостаэрт те (1881-1971) азды-кемді пайымдар жасауға бекінген, ары аса алмаған. Расы да сол. Рақымжан Отарбаевтың шығармаларындағы метапәлсафалық тебіреністері өзгеше деп те қорытындылауға болатын секілді. Бұрхан-Халдун (Тәңір Қалдықынасы) маңындағы өрбіткен түрлі сүт елестерінен шырмауық оқиғалардың сұлбасын көреміз, дәмін сезгендей боламыз. Алабұртып, буырқана бұлқынған аламан сезімдердің аясында (Фридрих Ницше) алақан табындай нәзік бәдіздер ойнап шыға келеді.
Бұрхан-Халдун тауындағы сонар аса хаһи қызықты өрілген. Мұндағы авторды ойландырған кең сахарадағы саят емес, ұлы қаһанның түпкі салтанатымен дала көрінісін, дала киесін, сол киеден тамған таңғажайып бояуларды, бұлқынып келіп бұлдырап қана өте беретін бұлаң тылсымды әрлейді. Ханның Тәңір тегіне (тэгүкэ) қарай ойысатын ойды ең кіді тәсілмен лақтырады. Зәу Тәңірден, асқақ ғарыштан аунап түскен бөрітекті баһадүрдің Бөрте Чино, Құба Марал, ежелгі Ергенекөң, сондағы жер иесі Батшаханның (Батачихан) сұлбасымен ой кестелеп ұлы Шыңғыстың (huja ur) түгел түбіне қарай ойыса түседі. Бағзыдағы Ғұн нілінен жұққан Тәңірқұт, Шаңқан көк (Чэнли гуту Шань юй) сілемдерімен жорта түсесің?! Қарсы алдыңда аңыздар көшені жүзіп барады. Алайда анимизм жоқ. Тас төбедегі жел айдаған қара бұлт, қарашада күркіреген күн, ақ бұлт пен қара бұлттың айқасы... Біртүрлі үрейлі түс құбылыстардың шайқасы ма, кім білген?!
«...Қара бұлт өктемдік алыпты. Ақ бұлт есін жинай алмай шашырады. Төмендеп көшкен жолын кесті. Шырқау биікке ұмтылған, төбесінен төнді. Алғаш алты кез найза ұстап атқа қонғаннан жебеп, желеген Көк тәңірінің сыйына бір нәубеттің төнгенін ұлы қаһан анық сезді. Ала сап аспанға садағын кезеген. Қорамсақтағы жолбарыс жығар бір оқты таңдаған. Ауаны тіліп оқжыландай ысқырып ұшқан оқ қара бұлтқа қарай зымыраған.
Жетпей жығылды. Алау-далау болған ақша бұлт аударылып-төңкерілген. Бетінде жазу тұрды. «Әлем әміршісі Шыңғыс хан».
Сол-ақ екен құлақ кескен күркіл естіліп, найзағай ойнады. Күміс бұтақтар шашырай сынды. Жазуды талқандап салды. Ақша бұлт түйдек-түйдек боп пышырай қашқан. Ақбоз тұлпар қалш-қалш етіп қалтырап, қан сиіп жіберді. Бас берер емес. Қарақорымға маңдай түзеп, иесін ала қашқан. Ұзатпады. Қайта тірілген найзағайдың бір бұтағы ұлы қаһанды ту сырттан ұрған. ...Құлағына күмбірлеген Есүгей баһадүрдің дауысы келді. «...Ұлым, ат ерді, ер үстіндегі иесін ұстайды...».
Ергенекөңнің аңызына қатысты қаншама ұлағаттар қалғаны белгілі. Ежелгі моңғолдардың асыл таспен әрлеген әшекейлері туралы мөрленген салмақты пайымдар көп. Қытайшасы Мэн-юү. Әуелгі Үш өзеннің моңғолдарының дәстүрлі қолөнершілері мен ұсталары, зергерлерінің құрметіне «теміршілер» деп тергелетін есімдер берілген. Солай жойқын өркеннің өркеш тұсында Тэмужин өмірге келген. Ішкі Моңғолияның белгілі тарихшысы Б.Буянбат пен Сыртқы Моңғолияның жазушысы Г.Аюурзаналар Тэмужиннің есімін «Темірші» деп пайымдайтыны да осыдан болса керек.
Рақымжан ағаның тұспалы да қызықты. Ол, Шыңғыс ханның сөзімен:
«...Мен ағаш уықты, киіз туырлықты үйден шығып, күллі әлемге кеттім. Моңғолдың қисық бас қылышымен жер шарының келбетін өзімше сыздым. Тірі жан иесінің қожасы – мен. Баһи кешкені – Көк Тәңірінікі. Жоқты бар қылдым. Жанымдағы нөкердің бәрі ақ-сүйек атанды. Есіктегі басы төрге жетті. Алтын тақтың төрт бұтының астында әманда аярлық пен іштарлық, жағымпаздық пен жәреукелік, қызғаныш пен қылмыс жатады. Сатқындықты көп көрдім. Жаттан да, жақыннан да. Иттің дос болғаны жақсы, бірақ достың ит болғаны жаман. Арыстан әлсіреген кезде айналасында қорқаулар қаптап кетеді. Қайратың тасып, айбатың асып тұрғанда тілін көрсетіп, тісін жасырғандар, әне солар. Қарқылдаған қырық қарғаға бір тас жарайды. Сол тасты уыстарыңнан тастамағайсыңдар. Ұрпағым, мен кедейді бай қылдым, қорқаққа қылыш ұстаттым, сараңды саха еттім, өлмешіге өмір бердім. Бірақ туабітті топас боп жаратылған адамға ақыл кіргізе алмадым. Топас жаннан сақтаныңдар!»
Моңғол даласын кезіп өткен итальян жиһанкезі Марко Полоның пайымы бойынша Шыңғыс ханның жандүниесі тек өлең секілді ғибраттармен жанып тұрса керек.
Хикаят желісіндегі арғымақ жүрі-сіне келетін шабыт (image of a spirit), қанатты сезімталдық (artistic flair) және аяни құдіретті оралымдар өте көп кездеседі.
Пішімдер мен кесімдер арасынан кенет атойлап шыға келетін кездейсоқ үндердің оң өңіне қарайық. Мұндай бір керемет түрен шығармада өрілген. Иә, ұлы қаһанның ұлы перзенті Жошының көрінісі! Егер қисыны келетін болса оқиғалардың түгел өңірінен белең беретін белгі (фабульный образ) осы кескін. Самал мен сағым кернеген ұлы даладағы көркем сүгірет секілді келісімді сәттер – тіл мен сана арқылы шалқи береді. Құдды құба дала бетіндегі жөңкіген ақбөкендер мен құландардай тірі оттар! «Сол сағым қыдырған жалпақ жонның белін майыстырып шөге қалған Ұлытау...».
Туындыгердің туабітті өзгеше өңі мен бояуы, сомдауы, сөз саптауы, ең бергісі тәсілі мен шеберлігі мүлдем бөлекше. Шығыстық кеңістік, шығыстық пайым, шығыстық сарын және шуақты философиялық байламның бәр-бәрінің тоғысатын өзегі – тарихи шығыстық дәстүрлі көшпелі тұрмыспен үндеседі. Шығыстағы қоңырқай көшпелілерде бар күмбірлі, сыңғырлы мұң батыста атымен болмайды. Ендеше, Рахаңның ағысы қай ағыс?!
Тым кесек туындының аражігіндегі жанрлар тоғысы мұнда орасан көп. Құлан Қыпшақ Асқақ батыр... Қарапаттағы Көтен хан... Бэланың Хунгар ханы... бар-жоғы бір сөзбен берілген ғажайыптар. Тереңнен тартылған ойдың мөлдірше сораптары (to imagine) оқырманның ой өрісіне жайлы.
Уильям Шекспирдің (1564-1616) «Он екінші түн немесе не десең о де» атты қуатты шығармасы еске оралады. Жазушының әбден толысқан, құдіреттенген дер шағындағы жемісі. Шекспир бұдан кейін «Макбет» пен «Гамлеттерді» тіркеген.
Қара үйдің шаңырағынан салбырап түсіп келе жатқан кере құлаш жыланға жымия қараған Есугей бейнесі жай ғана бекер берілім емес-ті. «Бесқасқа беріштің хикаясы», «Таңда да жұбан» Рақымжан ағаның ой мәйегі десе де болатындай. Тіптен туындының жазылу тәсілі де өзгеше. «Шыңғыс ханның көз жасында» ұлы қаһан-ның образы бар секілді, жоқ секілді! Дәстүрлі үлгі де жоқ. Ең кереметі – Есугей, Шыңғыс (Темірші) арқылы екі типтік кейіпкерді өзара салғастыру тәсілімен кесінді, кесінді оқиғаларды сабақтау арқылы толық бір кіді кескіндемені сомдай салған. Кезінде Владимир Набоковтың (1899-1977) «Лолита» романындағыдай Рақымжан Отарбаевтың «Бас» романы да біршама даудың басын қайыратындай. «Бас» романы басқа әңгіменің өзегі. Қолжазба күйінде автордың қоржынында жатыр. Әйгілі М.Булгаков (1891-1940) «Қолжазбалар өртенбейді» деген. Қайта ораламыз оған да.
Шығарма өрісіндегі тұнған көркемдік, сөз бен ойдың шырқауы өз алдына бір әңгіменің арқауы болатыны сөзсіз. Сәл ғана болмашы суреттерді зорайту арқылы әлемдік деңгейдегі оқиғаға дейін індете түсетін тұстар қызықты. Мұнда ұлы В.Моцарттың үні де бар...
Қарапайым, онша байқала бермей-тін оқиға тетіктерінен өрбитін таңғажайып оқыс шешімдеріне де қызыға түсесің.
Бұрхан-Халдун тауындағы сілекейімен құрып жүрген өрмекшінің торы. Сол өрмекке ілінген қара шыбынның ызыңы, бұлқынысы. Ұлы қаһан бұл жерге өзінің көріпкелін шақырады. Өрмекшінің торына қарап тұрып сәуегейдің айтқан кілтсөзі де бір өрім. Шыңғыс ханның Таңғұтқа шабар сәтіндегі ішкі бұлқынысы, ежелгі ата жауына деген кегі көрінеді. Ұлы қаһан қандай да бір шешімдер жасар алдында Бұрхан-Халдунға келіп шығар күнге маңдайын төсеп, хан тымағын қайыра тартып, алтын белбеуін мойынына салып, тоғыз мәрте тізе бүгіп шыңның тылсым күшіне сиынатыны жайлы жазылады көп еңбектерде. Сонау Үш меркіттен қашып, жан сауғалаған тұсында да осы Бұрхан-Халдунға келіп тәу етіп жалбарынғаны туралы «Құпия шежіреде» анық деректер бар.
– Хуагчин (Құбаша) анамның шапағына елту үшін Мен,
Ақкісінің ініне ендік зәрлік күшіммен,
Алабұғының ізіне түстім,
Бұтаға ықтап бүктім мен,
Қылша жаныма зия тіледім,
Бұрхан-Халдунға шықтым мен.
Қара Қандығайдың кезіп сілемін,
Қабықпен жапқан жаппаға
жатып түнедім.
Бұрхан-Халдуныма,
Титтей жанымды тықтым мен,
Қалды шыңдарым сондағы,
Қарлығаш сынды жанымды қорғады.
Ұлы қаһан бұл жолы да екі түстікке бөлінген ежелгі Жин-Чизнь мен ежелгі Сары дарияның теріскейіндегі Сүн-Шия-Зин мемлекетіне қарай азу тісін қайрап тұрды. Автор тарихи оқиғалардың өң беті мен байырғы бояуын, ішкі сыр-сипатын хаһи леппен дүбірлете көрсетуді көздейді. Бірақ тарихи «ағзаның» бірде-бір жеріне қиянат жасамайды.
Шығарма жазылу қарсаңында (барысында) аса нәзік байқампаздық, сезімталдық, тіптен кейбір жағдаяттарды қайтадан еске салу қатарлы тәсілдер керек етіледі. Солардың бірсыпырасы Шыңғыс ханның түстіктегі Жин еліне деген өшпенділігі қайталанады. «Ертеде өткен моңғол хандары Хабул мен Хатылдың түбіне жеткен солар...» дейді «Моңғолдың Құпия шежіресін-де». Хабул болса Бөденжардың (Бодончар) 8-ұрпағы. Кезінде Шүршіттер Қытайдың терістік бөлігіне иелік еткеннен кейін оны «Алтын елі» (1135 ж.) деп атағаны бар. Аңызда белгіленген 1135-1147 жылдардағы Моңғол, Қытай аралық түрлі қайшылықтар қақында Ирандағы Ел хан Қазан (1271-1304) Өлзийттердің тұсында орда бітікшісі Рашид-ад-Дин-нің жазбаларында Онон дариясының Қорқанақ Жыбыр деген жерінде Хабул ханның ұлы Хутлуг (Құтұлық) Моңғолдың хан тағына отырды деген деректері есте. Бұл жерде автор ұлы қаһан-ның сәуесі арқылы торға жабысқан қара шыбынның ызыңын «сөйлетеді». Әуелгі сәуе мен қиял арасындағы күшті романтикалық қозғалыстар оқырманның ойымен астаса түседі. Оны туындының бағы дер едік.
«Мен – ұлы қаһан, жер бетінде тұ-тас мемлекет құрсам дедім...». «Дүниені болашақта қара күш емес, асылы ақыл билер...». Рашид-ад-Дин 1168-1194 жылдары Шыңғыс ханның жағдайының күрт төмендеуінен хабар береді. Хатула ханның айбарлы тағына (1189) отырғаннан кейін оның аруағы арта түскендігі жөнінде автор көркем өңмен бедерлейді. Мазмұнның түрмен астасқан сәттеріндегі көркемдік зерделері астында күллі Шыңғыстың күмбірлі ғұмыры тіл қатып жатады. Мұны түрге айналған, түрлене түскен мазмұн деуге болатындай.
Есугей баһадүрдің байламындағы «суға салып шыдамдылығын, отқа са-лып беріктігін сынады. Майыстырды – сынбады, қайыстырды үзілмеді...». Иә, ұлы қаһанның жүрек тұсындағы анты – Есугейдің рухымен осылай тілдесе жүреді. Автордың ойы, Есугейдің сөзімен жанданады. Тарихи еңбектің ерекшелігі – оның көркемдігі мен хаһилігіне мән беру болса керек. Кейіпкердің тарихи бейнесін, даналық жадысын айпарадай ашып көрсету үшін қаншама еңбек, көрегендік қажет деңіз?! «Шыңғыс ханның көз жасында» ұлы қаһанның бүкіл тұлғасын сөзбен кестелеу, бейнелеу, сомдау, парықтау жайында Рақымжан аға аса өжеттік танытқандығы байқалады. Әсіресе «Моңғолдың Құпия шежіресін» зерттеушілердің ізіне көз салмайынша тарихи туындыға сыбанып кірісу мүмкін де емес-ті. ХІІІ ғасырдағы алмағайып оқиғаларды Пэн Дая Сюй Тин («Қара Татарлар шежіресі» /Хэйда Шлюз/, Ван Говэй (1877-1927), В.Барьтольд, Б.Владимирцов, С.Козин, Л.Гумильев, П.Рачневский (Paul Ratchevsky), Сайшаал, Хэрээд Жамсрангийн Баясах («Іргелі Моңғол тарихына қатысты шежіре» УБ; 2006. 410 б.), К.Д’Оссон, А.Амар қатарлы тарихшылар әр қырынан көрсетті. Бұлардың барлығы нақты деректік нақтылық іздегендер.
Рақымжан Отарбаевта ондай ерекшелік жоқ, болмас та еді. «Шыңғыс хан қай жылы жылады?» деп сауал қоюдың өзі мүмкін бе?! Таныммен өрілген түрлі кейіптердің тоғысы, кейіпкерлердің оқыс көріністері, мәтіндегі әлем һәм әлеми көзқарас, түйсік, мұң мен ілкінді қуанышты сәттер, ізденістер, әсіре ұқыптылық заңды түрендері көрінеді. Соңғы замандық әдебиетке кіріккен философиялық «шалықанализ» секілді ерікті ұстанымдар өз кезегімен кәделенген. Нақтылыққа икемдей алатын өнердегі нақты бейненің сәтті кейпі осы «Шыңғыс ханның көз жасында» өрімделген.
«Асықпа, ұлым. Соңыңды сайлап кел» дейді ұлы қаһанның әкесі Есугей баһадүр. Уақыт, жоқ уақыттың ұраны сынды!? Ұлы қаһан оттай ыстық 18 жасында Сары доңызда (1179) туған Жошыға – Алтай, Сарыарқа, алқапты Қыпшақты (Кэ би Шао), князьды орысты, қыңырдағы Еуропаға дейінгі жерді, Қара қоянда (1182) туған Шағатайға – таяу жанындағы Түркімен, алыстағы Ауған мен Үндістанды, Парсы, Қапқазымен қоса, Қызыл ит жылы (1186) туған, өзінің 25 шамасындағы шақалағы Өгөдейге – Шығыс Түркістанды жоңғарларымен, Қаһанның қарақан басы шырмауыққа оралған Қара ала сиыр жылы (1193) туған Толыға – Таңғұт пен Найманды Жинь мемлекетін егелендірді. Жалайырдың Мұқылайы (1169-1223) Чинзунға қонжиды. Он сегіз бен отыз екі жас арасында туған төрт ұлы мен Жебе, Сүбедей секілді төрт ноқайының күшімен Қапқаз асып Түркі мен Армянды түгел, Теректегі Гүржілерді, Аландар мен Шеркестерді алды. Соңынан Солтүстік мұзды мен Тынық мұхитты көздеді. «Мен – ұлы қаһан, жер бетіне тұтас мемлекет құрсам дедім...».
«Шыңғыс ханның көз жасын» оқып біршама сілейе ойлануға тура келді. Қошалақтан ескен қоңыр самалдан қобыздың үні аңқиды. Автордың айтқанындай, Онон өзені толқын тулатып, жағаны қарш-қарш кеміріп ағады. Бір замандар Жайықты жағалай қонған жалпақ жұрттың көлемінде көзі оттай жайнаған, көкірегі сөнуден ада ұлы қаһанның ұрқы, ұрпақтары өмір сүріп жатыр дейміз де! Уақыт сонысымен қызықты.
Мұндағы бізді қызықтырғаны Тұт ағашынан жібек өндірген Қытай технологиясы емес еді. Әуелі Парсы мен Русьтардан, артынша Қырым мен Қапқаздықтардан келген алтын саусақты темір илейтін зершілердің өзексіз сөзден бөз өрнектейтіндерін жинап, қималап жасатқан азат әмірінің табыты еді.
«...Бұрхан-Халдунның таңдап жүріп, тар қолтығын үңгіткен... Бір кісінің қырындап қана сиятын үңгір аузына күзет қойылған...». Ай кемеріне келген кезде үңгірдегілер үдеден шықты. Ойындағысын орындады. Ұзыны үш құлаш, ені қос құлаш алтын табыт алдында тұрды... Ішіне ұзақ үңілді.
«Тағы бір күн батты. Кімдерді мұңайтады екен?» Автордың соңғы ләмі де тым оқшау тұр. Адамзат үшін!
...Ат үстінде тақымын қыздырып, дүниенің төрт тарабын шолған ұлы қаһанның соңғы сөзі: «Алтын табытымды қозғасаңдар ақырзаман орнайды.» Классик жазушы қазіргі төніп тұрған қауіп-қатерді Шыңғыс ханның бір ауыз лебізімен қорытады.
Анасы мейір төге қарап: «Көк Тәңірінен көз жазба, ұлым!» – дейді. Дэгэр-э Тэнгри-эчэ Жайгату! Біз, Моңғолияда тұратын зиялы жұрт Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты туынды осы деп білеміз.
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,
ақын.
Моңғолия
Бөлісу: