«Дүниені ұлтшылдар бүлдіреді»

Бөлісу:

26.08.2016 3121

                       

Мәннән Тұрғынбайұлы.jpg

ХХ ғасырдың басындағы қазақ көсемсөзі өзіне қойылатын талаптардың барлығына толық жауап берді. Бұқараның санасын тазартып, «қараңғы қазақ көгіне» күн іспетті жарқырап шықты. Соның дәлелі ретінде Мәннән Тұрғынбайұлы шығармасын негізге алуға болады.


Мәннән Тұрғынбайұлы көсемсөздің сойылын соғып, қазақ басылымдарындағы бірқатар озық ойлы мақалалардың авторы болды. Оның халықты ағарту жолындағы идеясы Алаш көсемдерінің мақсатымен іргелес, сабақтас жатыр. «Ұлы тұлғалардың өмірдегі қаракеті – халық өмірінің көзге түсер талмалы тұсына дәп келді. Ұлы тұлғалар көзге көрінбейтін жұмбақ құбылыс арқылы төңірегімен тіл табыса отырып, көпшіліктің ұсақ-түйек, быт-шыты шыққан мүддесі мен мұратының басын қосып, өзінің жеке толғанысы арқылы оны ұлы мақсат пен күреске жұмылдырады; сөйте отырып, сол қоғамның бойына жиған қуат-күші мен мүмкіндігін ашады да оның бұдан әрі қарайғы даму жолын көрсетіп береді. Мұндай ұлы қайраткерлік – халықтық сананың даму көрсеткіші әрі олардың тағдырының қай бағытта даму керектігінің құбылнамасы болып табылады. Сол тұлғаның келбетінен біз, айнаға қарағандағы өз сұқпытымызды көреміз, сол бейненің жанар оты арқылы өзіміздің жүрегімізге үңілеміз, сонда олар бізге – өзімізді-өзімізге түсіндіріп береді. Ұлылардың құлпытасының қасиеттілігі сонда, олар халықтың ұлттық санасына үнемі жан бітіріп отырады». Ұлы Пушкин хақында айтылған В.О.Ключевскийдің бұл сөзін біздің ХХ ғасырдағы алаш зиялыларына қаратып айтсақ, артық болмас еді. Сол зиялы қауымның ішінде Мәннән Тұрғынбайұлы да бар.


Ақжан Машани сияқты атақты ғалымға ұстаздық еткен публицист өз дәуірінің проблемасын шынайы суреттеп, одан шығар жолдың жөнін сілтейтін ағартушы бағытты ұстанған бағдаршам іспетті. Жалпы, көсемсөз көркем әдебиеттегі уақытқа бағынбайтын жанрдың бірегейі. ХХ ғасырдың басында бұқараға көсемдік жасаған Мәннән Тұрғынбайұлының көсемсөзі әлі күнге дейін өзінің өзекті тұсын жоғалтқан жоқ. Бұл пікірімізді публицистің «Абай» журналында жарияланған «Ұлтшылдық» деген мақаласы арқылы дәлелдей аламыз:


«Қазіргі үстіміздегі заманда пікір көбейіп, түрлі партиялар туғызып, ол партиялар майданға түсіп жарысып - тартысып жатқанын көріп отырмыз. Партиялардың бәрінің көздеген мақсаты теріс емес, әрқайсысы өзінше жоба жасап, іске кірісіп отыр. Қай партия болсын, «дүниені түзетеміз, бақыт таңын туғызамыз, шын адамшылық жолы - біздің тұтынған жолымыз» - дейді.


Дүниедегі кісінің тұрмысын жақсы жолға салу туралы бұрынғы ғалымдар да көп ойланған, көп қызмет қылған. Ғайса Пайғамбар тумастан төрт ғасыр (ғасыр - жүз жыл) бұрын Ионан ғалымдарынан Платон деген білімді кісінің тұрмысын бір түзу жолға салу туралы ойланып, түрлі лаһшилар (ережелер) шығарған. «Адамның өмірі, санасы адамдардың ойыншығы болды» - деген еді. Одан бері де Fайса, Мухаммед Пайғамбарлар да тұрмыс туралы жалпылық жол үйретіп, жөн сілтеген. Біздің Пайғамбардың адам баласын бір санайтындығынан дәлел қылып, көрсетемін, Құран кәрімді аяттар ылғи кісіге арналып, «Я аюһал нас!» (Ей, кісі) деп айтылған. Мысалы, «ей, ғаріп» деп, бір қауымға арнап келген емес, Иран, Рома сықылды мәдени халықтардан талай білімділер шығып, жалпы адам баласының халына қайғырған, кісінің тұрмысын түзетемін деп зарлаған. Осы жалпының қамын ойлаушыларды «кісішілдер» дейміз» [Абай журналы, 39-бет].


алаш көсемсөзі.jpg


Бұл еңбектің басынан бастап халықты сауаттандыру мақсатында жазылғанын анық байқаймыз. Біржақты пікірді қанағат етпейді. Өзінің позициясы либерал бағытты таңдайтынын көрсетеді. Ол бағыт, әлбетте қарапайым халықтың қамымен қиылысып жатады. Партиялардың мақсаты теріс емес екенін тілге тиек етеді. Егер публицист белгілі бір топтың мүддесін ғана көздесе, партиялардың бәрін бірдей ақтап алмас еді. Бұл жерде көсемсөзге тән шеберлікті тілге тиек етпей кету ағаттық болар. «Әркімнің өз шындығы бар, мәселеге бір жақты пікірмен қарауға болмайды» деген ойды аңғартқысы келген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көптің қамын жеген, жалпы адамзаттың бағына бұйырған сыйымыз ғой. Осындай ғұламаның ізімен жүрген білімділерді автор «кісішілдер» деп атайды. Оны хакім Абай: «Өзің үшін еңбек етсең, өз басы үшін оттаған хайуанның бірі боласың; Адам баласының қарызы үшін еңбек етсең, Алланың сүйген құлы боласың», - дейді. Яғни, көптің қамы үшін мұңға батып, харекет қылған «кісішілдер» Жаратушының ерекше құлдары болып саналады екен. Публицист бұл ұғымды түбегейлі талдайды, көпшілікке түсіндіреді. Ал «ұлтшылдар кім?» деген сұраққа:


«Кісілердің қырын көзбен қарайтын бір түрлі адамдары бар; олардың тұтынған жолы, өз жұртының жетіліп, қатарға кіріп, басқа қауымдардың табанына түспеу жағы. Ол адамдар дүниедегі барлық адам баласы үшін қайғырмайды. Өзінің тар ауданды ел жұрты үшін қайғырады. Міне, мұндай адамдарды «ұлтшылдар» деп атаймыз».


Кісішілердің ұлтшылдарға қарсы айтатыны: «Дүниені ұлтшылдар бүлдіреді: бір ұлтты екінші ұлтқа дұшпан қылып өсіреді. Ұлтшылдар құрыса, дүниедегі жалпы жұрт бір ауыл, бір бауыр болып кетер еді», - дейді.


Ұлтшылдар айтады: «Ұлтшылдықтың кісішілдікке ереуілдігі жоқ: әр ұлт тегіс мәдениетті болып теңелсе, кісішілдік өзі де өркендейді, ұлтшылдардың мақсаты басқа ұлттарға қастық ету емес, өз ұлтын қатарға кіргізу. Кісілердің өзі де мәдени жұрттан шықпақ. Ұлтшылдық намысын білмеген жұрттан кісішілдік қайдан шықсын?!» - дейді.


Осы көрсетілген екі пікір қай қауымда болса да бар. Ең болмайды деген мәдениетсіз елдің бірі, біздің қазақ болса, оған да бұл пікірлер кіре бастаған көрінеді» [Абай журналы, 39-бет].


Кіндік кесіп, кір жуған елінің қамын ойлайтындарды «ұлтшылдар» деп атайды екен. Әлемдік мәдениетте кісішілдердің тарапынан ұлтшылдарға қарсы айтар дауы мен уәжі бар көрінеді. Бірақ ұлтшылдардың позициясын публицист шеберлікпен жеткізген. Кісішілдер мен ұлтшылдарды санастыра отырып, оқырманның көкірек көзін оятады. Екеуінің арасындағы айырмашылықты айшықтап береді. Ұлтшыл болып көрмеген, яғни өз ұлтының қамын жемеген адамға, өзгенің шашбауын көтеретін қажыр мен қайрат қайдан келсін? Бұл емеуріннің астарында данышпан болуға талпынған адамды алдымен ұлтын сүйуге шақыратын тәрбие жатыр.


«Адам бетімен кетсе, адамдыққа лайықсыз қылмыс істейді»


Тәрбиенің түрлі көзін халықтың санасына сіңдіру мақсатында үлкен еңбек еткен публицистің өз ісіне адалдығын сезінеміз. Осындай ойлы тіркестерді тізбектей келе, былай жалғастырады:


«Адам баласында «өзімшілдік» деген нәрсе бар. Бұл өзімшілдік кісінің табиғатына тәңірінің орнықтырып жаратқан нәрсесі. Кісі өзімшілдіктен құтылам дегенімен оңай құтылу мүмкін емес. Әке мен бала суға бата бастаса, ортасында жалғыз тақтай болса, екеуі су бетінде сол тақтайға таласады.


Теңіз жүзінде адасып, азықтары таусылып аштан өліп бара жатқан адамдар бірін-бірі пісіріп жейді, кісіде өзін жақсы көретін өзімшілдік қандай күшті екенін осы мысалдар көрсетеді.


Дұрыс, кісіде өзімшілдік тіпті күшті дедік. Дүниедегі кісінің бәрі ылғи өзімшіл болса, бас пайдасынан басқаны ойламаса, бірігіп жұрт болып жасау мүмкін емес қой. Олай болса өзімшілдіктен құтқарып, көпшіл қылатын нәрсе бар болуға тиіс. Ол бар нәрсе тәрбие деп білемін. Тәрбие ғалымдарының мойындаған тәрбие ғылымының жалпы ережелері бар: жақыннан алысқа, аздан көпке, оңайдан қиынға, жеңілден ауырға қарай бару керек деген. Сол сияқты кісі ең әуелі баға беріп өзін сүйсін, онан соң жаны ашып ағайын-туғанына күйсін. Онан кейін елі жұртын сүйсін. Елі үшін құрбан болсын, жанын қисын. Сонан соң бар адамды бауыр тұтып, пайдасы көпке тисін. Міне, әуелі өзін, онан жақынын, онан Отанын, онан кейін барып бар адам баласын сүю табылу керек. Жақынын, ұлтын сүймеген адам салғаннан барлық адамды жақсы көреді дегенге сенбеймін [Абай журналы, 40-бет].


Публицист өзінің сенбеген құбылыстарының теріс жағы мен оң бағытына жұртты сендіре сөйлейді. «Адам – адамға қасқыр» деген философияда қағида бар. Және оның анықталған қағида екенін тарихтан жақсы білеміз. Тарих өткенді даттау мен мақтаудан ғана тұрмайды, тарих өткеннен сабақ алу үшін жасалады. 1932 жылғы қолдан жасалған қазақ даласындағы ашаршылық адамның хайуандық сезімнен де төмендеп кететінін әшкереледі. Публицистің өзімшілдік сезімі туралы айтып отырғаны айқын дүние. Фактісіз публицистика жоқ. Нақтылы, дерекпен сөйлеп отыр. Ал енді бейбіт күнде адамның бәрі қара басының қамынан аспаса, ұлт болып бірігетін тұсына тап болмас еді. Адамды көпшіл қылатын жалғыз құрал - тәрбие. Тәрбие дегеніміз – адамның туа бітті болмысынан, не болмаса қоғамның ықпалынан пайда болатын жеке мінезі. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген алаш арыстарының өсиеті осы құралды санаға сіңіру мақсатында жұмыс жасады. Жүсіпбек Аймауытұлының «Тәрбие» деген мақаласында былай делінген: «Хайуан бет-бетімен тамақ аулап, жан сақтап жүре береді. Адам жеке-жеке жүріп күнелте алмайды, себебі: адамның хайуандардай; азуы, тұяғы, тырнағы, мүйізі жоқ, суық пен ыстыққа шыдамсыз һәм адам ол хайуан қалпынан кетіп қалды. Және адамның кәрі, жасы, ауруы, дімкәсі бар. Бұларды не керек қылмай хайуанша тастау, не жиып қою керек, болмаса, асырау керек... Хайуан жаратылыстан өзіне біткен бір сезімнің қуатымен өзіне лайық болған қылмыстан артық еш нәрсе істемейді. Адам жүгенсіз бетімен кетсе, адамдыққа лайықсыз талай қылмысты істейді. Сондықтан адам жалпыға бірдей канонға (закон) мойын ұсынуға керек. Қысқасы адам баласы бірігіп, қауым болып тұруға мұқтаж».


Сонымен, адам баласының бірігіп күнелтуі оның жаратылысындағы әлсіздіктен бастау алатынын байқадық. Ал біріккен жұрттың үлкен жетістікке жететінін жаһандану заманы дәлелдеді. Хайуан өзіне тән жыртқыштықпен өзінен кейінгілерге күш көрсетеді. Бір-бірін өмір сахнасынан жазықсыздан-жазықсыз ығыстырады. Адамға бұндай қылықты көрсету қандай залымдық болса, бет-бетімен өмір сүру де сондай кеселдің бірі болар еді. Адам баласы жиналып бір мүддеде өмір сүргеннен кейін, оларға ортақ бір ғана ереже болады. Бәріміз сол ережеден, сызылып қойған шеңберден аспауымыз керек. Ол тәрбиенің маңызын Жүсіпбек Аймауытұлы былай жалғастырады: «Тәрбие екі түрлі: дене тәрбиесі, жан (рух) тәрбиесі. Хайуан көбінесе денесін тәрбиелейді. Адам баласына дене тәрбиелеудің үстіне жанын (рухын), ақылын, сезімдерін, жігерін - мінезін тәрбие қылу керек. Денесі мен жаны бірдей тәрбиеленбеген кісі сыңаржақтау бола береді. Мысалы мынау: біреу денесі күшті, бірақ ақымақ; біреу ақылды бірақ денсаулығы нашар; біреу рахымды, бірақ ақылы аз; біреу ақылды, рахымы аз; біреу қайратты, бірақ пейілі арам; біреу ақпейіл, бірақ жігер жоқ; біреу мақтаншақ, біреу қорқақ, біреу ұялшақ. Мінездің, ақыл, қайраттың әр түрлі болмағы тәрбиенің түрлі-түрлі болмағанынан. Адам баласының арасында ұрлық, зорлық, өтірік, алдау, кісі өлтіру, талау сықылды неше түрлі бұзықтықтың көптігі тәрбиенің жетпегендігінен».


Дене тәрбиесінен гөрі жан, рух тәрбиесінің маңызы зор. Адамдық этиканы төмендететін кеселдердің барлығы тәрбиенің жетіспеуінен пайда болады. Мұны Мәннән Тұрғынбайұлы нақтылап, шегелеп айтады. Адамның бір-біріне қастық жасауы әлі күнге дейін табиғаттың заңына бағынуынан болып отыр. Себебі орманның заңы әлсізге орын бермейді. Адам баласы сезімін ақылға билетіп, тәрбие алған кезде, бұл кеселдің барлығы жойылады. ХХ ғасырдың басында айтылған бұл мәселе бір ғасыр уақыт өтсе де, толық шешіліп үлгерген жоқ. «Егер мен закон қуаты қолымда бар адам болсам, адамның мінезін өзгертуге болмайды дегендердің тілін кесер едім» деген хакім Абайдың үкімін естен шығарып жатамыз. Демек, айналамыздағы адамдарға ықпал етуші һәм тәрбие беруші алапат күш иесі болса, дүниенің бағыты нұрлана түседі. Ол, әлбетте, елдің бағына бітіп, бақытын іздеген тұлғалардың еншісіне тиесілі дүние.


«Қазақ бас пайдасын көп пайдасы үшін құрбан қылмайды»


ХХ ғасырдың басында ұлтты тәрбиеге шақыратын қауымның шоғыры көсемсөзшілер болды. Халыққа газет-журнал арқылы басшылық жасады. Сол шоғырдың мүшесі Мәннән Тұрғанбайұлы өз шығармасында оқырманды ұлтқа деген адалдық жолына шақырады. Сүбелі сөзі сана сілкінісіне әсер етпей қоймайды. Оның ұлтшылдар жайлы айтқан ойлы сөзінен халықтық сананың даму көрсеткішін көреміз. Қай бағытпен жүру керек екенін де айшықтап, әрі қарай жалғастырады:


«Енді осы айтылған сөздеріміздің жобасын қолға ұстап қазақ жұртына келейік. Қазақ жұрты бұл күнге шейін көпшілікке үйренбеген жұрт. Бұрынғы заманда ел қамын жеген ерлер көп шығып, көпшілдік мінездері болса да, Россияға қарағаннан кейін ол мінезден айырылды».


Біздің ата танымымызда қазақ кеңшіл, көпшіл, қонақжай, дархан халық. Бұл рухани құндылықтар публицист айтқандай, Россияға қарағаннан кейін құлдырауға ұшыраған. Яғни, орыстың мінезі жұққан. Демек, көпшілікке емес, өз ұлтына ғана оң көзқарас танытатын мінез орыс көршілерімізге тән дүние екенін аңғарамыз. Оны қазақ «сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дейді емес пе?!


«Қазақ баласын оқытқанда, біліп шықса мал тауып береді, төре болып, беделімді күшейтіп бел болады, дұшпанымды мұқатып кек алып береді деген ойда болады. Білім алып көпке пайдасы тисін деген ой хабарында болмайды. Жақындарына мінерге көлік, сауарға сауын берсе, өзіне қоғам, күш қылу үшін береді, көмегі тиген адамын бір жола иемденіп алады. Не күшінен, не сөзінен, не еңбегінен пайда тимейтін кісіге (бірдемені көздемей) қайырылысқан қазақ болмайды. Газета, журнал ал, серіктікке жазыл десең әуелі өзіңнен тиетін пайдасы бар ма деп сұрайды. Жан пайдасын, көпшілік пайдасын ұғындырсаң, жұрт жұмылса көрерміз. Я жазылған теріс емес, бәрі де жазылсын, пәленше неге алмайсың. Біз бәлендерден естірміз. Бір маған деп арналған нәрсе емес шығар деп аяқсыз қалдырады. Мұқтаждарға жәрдем, игілік жұмыс деген нәрселерге жүре қарайды. Шариғатқа мойындаймыз десе де, бұл күнге шейін шариғатты тыңдап, неке, талақ, сират, зекет сияқтыларды орнына келтіріп отырған жері жоқ. Жаумен алысатын күн туса, неше есе көп болып, жеңулерін анық біліп тұрса да, қолға түскендерін құтқармақ түгілі, тастай қашып, өздері жан сауға қылып тозып кетеді, осы айтылғандардың бәрі қазақтың бас пайдасын көп пайдасы үшін құрбан қылмайтындығын, ұлтын анық сүймейтіндігін, сүйсе де жанын қимайтындығын, көп көгерсін демейтіндігін көрсетеді [«Абай» журналы, 41].


Аллаға құлшылық жасаудың астарынан пайда іздейтін қазақтың өзімшіл мінезін өткір сынаған бұл теңеулердің астарында оқырманды надандықтан жеріндіретін «суық ақыл» жатыр. Беделінен басқаны ойламайтын тәкәппар болуды шариғаттың жолы да құп көрмейтінін публицист ескертеді. Білім мен қайратты көптің қамы үшін жұмылдырмақ қазақтың ниетінде жоқ. Қатарын аяқтан шалып, не болмаса бір амалын тауып, оза шықса, қуанышын еселей түседі. Ниеті тар тобырдың мұңы кез келген бәйгенің алдынан келу. Әйтпесе ызаға булығып, күйіп кетеді. Осындай ащы шындықты жария етудің астарында хакім Абайдан бастау алған терең таным мен ноқтасыз ойлауға деген құлшыныс жатыр. Мәселен, хакім Абай өзінің жиырма алтыншы қара сөзінде: «Біздің қазақта қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуаныш бар ма екен? Әй, жоқта шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында, бір хайуанның өнерінің артылғанына, иә бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, болмаса баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ – шариғатта һарам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет деп біліп, қуанады екен? Жә болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?» – дейді. Публицист сөзінің дана Абайдың толғамымен сабақтас, мәндес тұрғаны, біреудің ойы мен сөзін қайталау болып саналмайды, керісінше шындықты көре білетін мүдде бірлігін танытады. Публицистиканың ерекше қасиеті де сол – көзі қарақты қауымды бір идеяның маңына топтастырады. Қанша уақыт өтсе де құнын жоғалтпайтын фактіге арқау болады. Мәннән Тұрғынбайұлы кемшілікті ескерте келе, одан шығар жолдың жөнін сілтейді:


«Қазақ қатарға кіріп жұрт болсын деген кісі тәрбиенің жолынан айрылмасқа керек, әуелі қазаққа өзінің кім екенін, адамшылық құқығын білдіруге, онан соң жақын ағайын, туғандарын сүйгізіп, міндетсіз қызмет қылдыруға, онан соң Отанын танытып, жақсы көргізуге, ұлт жұмысы, жұрт намысы деген сөзді тоқып көңіліне кіргізуге, сонан кейін дүниедегі барлық адам баласы бауыр екенін білдіріп, көпшіл адамды сүйгіш қылуға тырысу керек. Ұлтшылдық кісі шілдікті айыра білмеген, бас пайдасынан басқаны ойына алмаған, дін хакімі, шариғатқа бас иіп, іске асырмаған, мәдениеттен жырақ жатқан қазақ секілді жұртты салғаннан адам баласын сүйетін көпшіл қыламын демей, әуелі ұлтшыл қылуға керек [«Абай» журналы, 41-б.].


Жаңа заман таңы атты. Қарапайым этиканың өзі күрделеніп, ішкі мәдениетіміз тоқырауға ұшырады. Бірін-бірі аңдып, мұқатып, кекетіп, қалаберді қасақана қан қақсатып жатқан кезеңде кешегі көреген ойшылдардың көңіл көкжиегіне қайран қаласың. Алдымен ұлтшыл, елшіл сатыны басып өтіп, милләтшіл, кісішіл ой ойлайтын деңгейге жетудің өзі үлкен гуманизмнің жүгін арқалап жатқан жоқ па?


Ойланып көріңізші, сіздің қазіргі хал-ахуалыңыз қай деңгейге жатады? Ұлы Абай сияқты, «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» жүрсіз бе, әлде жік-жікке бөліп, «мұсылманның бәрін сүй бауырым деп» немесе «христианның бәрін сүй бауырым» деп жүрсіз бе?


Бағлан Оразалы

Бөлісу:

Көп оқылғандар