(Жазушы Асылбек Ихсанның әңгімелері жайында)
Біз прозаны адам жанының ең терең иірімдеріне бойлай алатыны үшін, ең терең қабаттарын сезіндіретіні үшін оқимыз. Проза бізді осылай ішімізді қозғай алуымен, сезімге әсер етуімен, кейде жаңа ой айтып, кейде өткендегі кей нәрсені ұмытқанымыз, өзіміз жасаған қателіктен сабақ алмағанымызды еске салуымен, кейде алда болуы мүмкін қауіпті болжайтын қасиетімен де баурайды. Жақсы шығарманың ең бірінші шарты – ләззат бере алуында. Және проза жай сөз бен сөйлемдер тізбегі немесе атқа жайдақ мінгендей құр баяндау емес, ол сөздердің эстетикасын, дүние-ғаламның сырына қатысты мың сан білім мен ойды жеткізе алуымен де бағалы.
Әрине, классикалық әдебиеттің кереметтігіне сөз жоқ, бұл туғаныңдай жақын, түсінікті, аяулы, мейірлі әдебиет. Айталық, біздің ұлттық әдебиетте бұған дейін де жүріп өткен жолымыз, кешкен бейнет, тартқан азап, азғантай қуанышымыз... бәрі айтылды және оның көбі дәстүрлі үлгіде еді. Біз осы уақытқа дейін оқып отырып өзімізді сыртымыздан көрдік, оқып отырып өз қайғымызды танып егіліп жыладық, біздің авторлар еңіретіп жіберуді әбден меңгерді, бәрі дұрыс. Бірақ, ендігі жерде бізге эмпаттықтан гөрі оқырманға сұрақ қалдыратын дүниелер керек. Бүгінгі жазушылардың міндеті – уақыттан қалмау, басқа жұрттың әдебиетінен іздегенін тауып, төл әдебиетінен алыстай бастаған оқырманның талабына жауап беруі үшін деңгейге көтерілу.
«Бізге қандай проза керек» деген сол бір сұрақ қой. Егер бізде ойлаудың кеңістігін барынша жан-жағынан тартып кеңейтіп, сол арқылы оқиғадан ойға, сюжеттен философияға, шартты өлшемдегі тұжырымнан көпқабатты ойлауға құрылған, арты пікірталасқа алып баратын шығармалар көбірек жазылса, онда мақсатқа жақындау сол болмақ.
Ия, бізде үлкен ауқымды ақыл-ой деңгейін байқатар шығармалар болмады емес, болды, бірақ, көп емес. Біз кейде қазақ әдебиетінде жаңа интеллектуалдық прозаның бет-бейнесі бар ма, болса ол қандай дегенге ойланамыз, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік сияқты бірлі-жарым жазушыларды атаймыз да. Бірақ, мысалымыз көп емес. Өйткені, көркемдеп, кестелеп, әдебиеттің канондарына сай жазуды, беруді көбі білсе де, прозаны философиялық категория деңгейіне көтеру екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Бүгінгі мақаламыз прозасы сырттай қарағанда қарапайым, ал ішкі құрылымы күрделі, кейде көпқабатты мәтіннен тұратын, демек басқаша жазатын жазушы Асылбек Ихсан шығармалары жайында.
«Шәуішке шағылысқан күн сәулесі»
2019 жылы Мейірхан Ақдәулетұлы шығарған «Адырна» журналы «Алтын қалам» бәйгесін жариялады. Сол кезде Асылбек Ихсанның «Шәуішке шағылысқан күн сәулесі» атты шығармасын оқыдық. Осы шығарма алабөтен ұнады. Бұл жаңа тынысты сезіндіретін, өзгеше жазу мәнері байқалып тұрған, ішінен жасырын мағынаны іздеудің өз ләззаты барын ұқтыратын шығарма еді, өзі біраз көлемді болды (айтпақшы, бұрын сөз қолданысымызда жоқ еді, шәуіш дегеннің не екенін сонда білдік).
Басында Адам мен қызының диалогы әсіре ақылды көрінгені рас, бірақ, бір нәрсе назарымызды аударды: мысалы, кейіпкерлерінің образын толық суреттеп бермей, тек ишара арқылы таныстыратын автор үшін ішкі күй, психологиялық сынықтар маңызды екені. Автор өзі бейтарап бақылаушы рөлінде отырып, тақырып арқылы мәнді іздейді, диалогтан гөрі ішкі толғаныс, атмосфера алдыңғы орынға шыққан, бәлкім осыдан да мәтіні көпқабатты болып келетін шығар. Екі достың балыққа шығуы – өте қарапайым оқиға болғанымен, шын мәнінде философиялық траекториясы бар әрекет болып шыққан, мұз үстінде бірі әдейі құлайды, екіншісі көмектеспек болып батып кетеді, оны құтқару мүмкіндігі бола тұрып аман қалған досы қол ұшын созбайды. Оқиғасының өзегінде махаббат, қызғаныш жатыр, оның арты шындық пен өтіріктің шекарасы, ерік пен еркіндік мәселесіне ұласып кетеді. Түсінесің, автор бұл жерде оқиғаны баяндауды мақсат етіп отырған жоқ, ақиқат іздейді. Бірақ, солай бола тұра автор «бұндағы ақиқат осы» деп үзілді-кесілді тұжырым да жасамайды, екіұшты, жасырын мағыналар арқылы өмірлік сұрақтардың жауабын іздеу арқылы «бұл да бір қисын», «мынау да шындықтың бір парасы болуы мүмкін» дегендей ой салады, ал кейде күмән тудырады, оқырманды өз ішінен жауап іздеуге итермелейді. Кейіпкердің аты неге Адам? Өйткені, бұл кез келген адамға тән оқиға болуы, әркімнің де өмірінде осындай әлсіздіктер болған болуы мүмкін, өзінің мейманасынан аттап кете алмаған жағдайы, кейін соған өкініші болуы мүмкін, біздің бастапқыда жеңіс деп қабылдаған дүниелеріміз шын мәнінде үлкен жеңіліс, ішкі күйреу болуы да мүмкін, бұл әрі-беріден соң – символ.
Мына жерін оқыңызшы.
«Қаздың жұмыртқасындай ғана жұмыр шәуіштің ішінде мақпал қара шашы иығына төгіліп қыз бала тұр. Тізесінен келетін, шолақ жең ақ көйлек киген талшыбықтай қыз баланың... бет-жүзі жоқ. Ақшыл мәрмәр сияқты материалмен беттің орынын қуыс қылып қана беріпті. Айлин мөлдір мұз қабықшамен бет-жүзсіз қыздың әлемін мына әлемнен бөліп тастапты... Бегімай бар күшімен Адамның қолын қысып алды. Денесінің дірілі сезіліп тұр. Адам әйеліне көз қиығын салды – қос жанардан мөлтілдеген жас, лақ еткелі тұр екен. Бет-жүзі жоқ қыз мүсінінің жанына жиналып қалған көпшілік Адам мен Бегімайды біртіндеп ығыстырып тастады. «Беті жоқ қыз... беті жоқ қыз...» деп абыр-сабыр болған журналистер мүсінді қоршап алып, операторлар мен фотографтар жанталаса түсіріп жатты. Жүрегін зіл қара тас салмақ жаншыған Адам Бегімайды жетелеп залдан шығуға асықты».
Деталь десең де, автор бұндағы бет-әлпетсіз мүсінді тек эстетикалық тәсіл үшін емес, адамның ішкі рухани күйзелісін бейнелеу үшін қолданған. Қисын бізден болсын, бұл адамның жан дүниесіндегі қайғысы, ар алдындағы ұяты. Журналистердің «беті жоқ қызды» өнердің жаңалығы сияқты көріп, қабылдауы шығарманың ішкі мәнімен салыстырғанда үстірт қабылдау болғанымен, бірақ, Адам үшін – жанын жаралаған ар соты. Досына жасаған опасыздығы оны ең алдымен өзінің көз алдында айыпты етіп көрсетеді. Яғни, ол өз бейнесін жоғалтқан, адамдық қадір-қасиеттен айырылған. Әйелінің көз жасына толы жанары бұл ауыр шындықтың екеуіне ортақ екенін аңғартады. Ол тек күйеуінің кінәсін сезіп қана қоймай, отбасылық сенімнің күйреуін, өмірлік тіректердің шайқалғанын да түсінеді. Ал кішкентай қыздың осы бос қуысты сезінуі – баланың да үй ішіндегі психологиялық ахуалды жан-дүнесімен сезінетіндігінің белгісі. Оның бет-жүзі әркімге әртүрлі болып көрінетінінен, сатушы көрген сайын оған таңырқап қарайтындығынан қыздың бет-жүзінде әлдебір табиғи ақау барын аңғарамыз. Бала жүрегі кейде ересектердің жасырған сырын да сезеді. Автор шығармадағы оқиғаны әдейі логикалық талдауға құрып отырған жоқ, парадокспен, ішкі қайшылықпен өрілген. Кейіпкерлер арасындағы үнсіздік – олардың ішкі монологының жалғасы. Бұндағы диалогтардан кейде біртүрлі жалығу, шаршау, әлденеден қашу сезіледі. Өйткені қызғаныш, шындық пен өтірік, адалдық пен сатқындық... адамның жан әлеміндегі сынықтарды көтеріп жүру бәрібір де оңай емес. Автордың тақырыпқа неге шәуішті яғни су бетіне қататын жұқа қабыршақ мұзды алғанын өзімізше шамалаймыз.
Осы жерде айтып өтейік, авторда жаңадан бастап жазып жүргендерге үйренетін жазу тәсілі бар, ол – жазу мәнерінде бейтараптыққа жету. Бұны міндетті түрде үйрену керек. Әйтпесе, біз өзіміз жазып отырып, өзіміз ішіне кіріп кете береміз, өзіміз үкім айтамыз. Ал автор Асылбек Ихсан айтып отырған жайға мүлдем қатыссыз сияқты жазады, оқиғаның мынаусы әділ деп жақтамайды немесе зұлымды да ашық айыптамайды. Өйткені шындық ешуақытта біржақты болмайды, әркімнің өз шындығы бар, ол шындықтың көлемі, салмағы адамның өз ішіндегі «менімен» өлшенеді. Бұл – интеллектуалдық прозаның басты шарты.

Адамды басып кеткен құмырсқа
«Құмырсқаны» да кезінде журналдан оқыған едік. Күлетін нәрсе емес, керісінше – адамның тағдыры еш маңызды емес, одан жасалған даңғаза мен жасанды шоудың қай жерге дейін баратыны шошытады. Несімен ерекше дейсіз ғой? Гротеск пен ирониясы алып тұр. Шағын оқиға, бірақ осының төңірегінде қоғамның ауруын әшкерелейді: түймедейді түйедей қылуға әуестік, ұраншылдық, әсірелік... Және ұнағаны – автордың кішкентай ғана тіршілік иесі құмырсқаны алып отырып, оны символдық тәсіл ретінде қолданғаны. Өзіміз соқпақтап, пошымын келтіріп құрып алған қоғам ғой, шынайы жанашырлықтың, нақты көмек пен жауапкершіліктің орнына пайдакүнемдік, не нәрсені де саясатқа айналдыру, формализм, даурықпа сөз, ішінде жүрген баяғы өзіміз... бәрі айнадан көргендей.
Жас жігітті «Муравей» мотоциклі қағып кетеді. Ел ішінде бұл «құмырсқа басып кетті» деген жел сөзге айналады. Шындыққа ешкім үңілмей, бәрі сенсация қуып, «жедел жәрдем», полициядан бастап депутатқа дейін келеді, бірақ, ешкім нақты көмек жасамайды, ең болмаса үш күн жатқан мәйітті былай алып қояйық демейді, қоғам белсенділері саяси ұран тастайды, тарихшылар мен ғалымдар ғылыми баяндамалар оқиды, Парламент қаулы қабылдайды. Ақырында, жігіттің мәйітінен гөрі, оның төңірегіндегі дау-дамай мен «ескерткіш қою» мәселесі маңызды болып шығады. Осы арқылы автор оқиғаны абсурд дәрежесіне жеткізіп отыр. Мысалы, қоғамдық ұйым өкілдерінің «жігіттің құмырсқаға басылуы жұмыссыздық кесірі» дегені, археологтың ұзақ баяндамасы, Парламенттің «ескерткішті қандай түске бояу» мәселесін көтеріп, түкке тұрғысыз шешім шығаруы – абсурдты шегіне жеткізеді.
«Археолог жігіт екі жарым сағатқа созылған баяндамасында құмырсқа басып өлтірген жігіттің бабаларының қартайып, жағы түсіп төсекте өлмегенін, ат үстінде, шайқас даласында көз жұмғандарын, оған бас сүйектеріндегі, кеуделері мен қолдарындағы өткір, үшкір қарулардың шапқан, тескен іздері дәлел екенін айтты. Соңғы үш жүз жыл ішінде өмір сүрген аталарының зеңбірек добынан, мылтық оғынан, ту сыртынан салған қанжардан қайтыс болғанын дәлелді түрде жеткізді. Тек біреуінің ғана мойыны үзіліп кеткенін, арулап қойылғанына қарағанда, бейбіт кезде аттан құлап өлген болуы мүмкін екендігін айтты.
Парламент жігіттің жетінші атасы даңқты батыр болған, сондықтан атаулы көмек төленсін, әрі қапияда қаза тапқан ұрпағына ескерткіш орнатылсын деген қаулы қабылданды.
Ескерткішке байқау жарияланды. Авторлар, жігітті басып кеткен қара құмырсқа ма, жоқ әлде қызыл құмырсқа ма деп біраз айтысыпты. Ақыры «қазақ халқының тұрмысындағы түс, реңдер семантикасының генезисі деген” тақырыпта кандидаттық қорғаған ғалымды шақырып, оқымыстының» ол жәндікті өз көзімен көрген ешкім жоқ, сондықтан, ала түске бояйық” деген ақылы екі жаққа да жағып, ала түске тоқтасты. Соңынан, «Құмырсқа басып өлтірген жігітті қолдау» қоғамдық ұйымы құрылып, Парламент қаулысын бастарына көтерген олар үкіметтің есігін тоздырып жүріп, ескерткіш орнатты».
Адам өмірі құнсыз, ақпарат шоуға айналған, билік пен белсенділердің көзбояушылығы, шын мәселелердің ескерусіз қалып, сыртқы даңғазаға мән берілетіні... осыдан келіп негізгі мәселенің шын мәнінен ажырап, қоғамның сөз қуып кететін бейнесі, мәнсіз даурықпа… бұдан артық не керек!.


Соңғы мамонт
«Соңғы мамонт» пьесасын оқыдық. Бұрын-соңды пьесаны түпнұсқадан оқымаппыз, проза оқығандай болмайсың, бірақ, бірте-бірте миыңда шағын «сахна» пайда болып, «жарық» қосылып, дыбыстар шығып, оқиға ішіне ене бересің. Бұнда ең бірінші көзге түсетін қансорғыштар, шағатын жәндіктер болғанымен, басты образ, біздіңше – шығарманың басынан-аяғына дейін толық көрінбейтін де, көзге түспейтін де, шала-жансар күйде жататын да қоятын мамонт. Көрінбейтіні – ол әлсіреген, өлі мен тірінің арасында, бірақ әлі тіршілік белгісін жоғалтпаған. Мамонттың айналасын бүрге, бит, қандала, кене қоршап алған (жарғанат та бар). Олар мамонтқа жақындау үшін бірімен-бірі егесіп, қырқысып, ентелеп, қызғанышпен, қанағатсыздықпен қан сорады. Қансорғыштардың сөйлеу мәнері, диалогтарында зор мағынасыздық бар, шексіз құлқыннан әрі аспайды. Бұл көрініс оқырманға немесе көрерменге алғашында ерекше бірдеңе болып, тіпті назар аударарлық болып көрінуі мүмкін, бірақ артынша ішіңнен қорқыныш сезімін тудырады. Өйткені тіршілігі тек қан сорумен шектелген мақұлықтардың осы беймаза тіршілігі– адамның өз болмысындағы таяздықтың, рухани жұтаңдықтың көрінісін қайталап тұр. Драматургтің аллегориясы айқын: бұл халық, мемлекет пен жемқорлар немесе қан – өмірдің, рухтың нышаны десек, қансорғыштар соның есебінен тіршілік ететін, бірақ ешқашан тоймайтын тоғышар, ашкөздік бейнесі, ал соңғы мамонт – сарқыла келген, әлсіреген, бірақ әлі де өмірді ұстап тұрған рухани негіздің символы болуы да мүмкін..
Автор бұл мамонтты соңғы мамонт дейді. Неге соңғы? Мүмкін, бұл жерде ол табиғаттың, адамзаттың, тіпті өркениеттің соңғы күші болар? Байғұс мамонт әбден әлсіресе де, өзгелерді асырап жатыр. Бірақ оны қоршаған ортасы, қоғамы (қансорғыштар) оны қадірлемейді, қайта өші кеткендей өлерменденіп, тек пайдалануды, соруды, бітіруді ғана біледі. Демек, пьесадағы трагизм – бардың жоғалып, құндылықтың өліп бара жатқаны ғана емес, оны қорғауға ешкімнің талпынбайтынында. Қоғамдағы мағынасыз қарбаластың, өзара бақталастың, тойымсыздықтың түбі – құлдырау екенін автор осылай жеткізеді. Сондықтан пьеса бізге ауыр ой салады: Біз қай тараптамыз? Соңғы мамонттың қанын сорушы жақта ма, әлде оны қорғап қала алатын жақта ма?

Сарайшық трагедиясы
Түнде көрінетін айдан түскен беймағлұм елес-қыздың бейнесі финалға дейін оқырманды жұмбақ күйде ұстап отырады. Бұл қыз кім, оның бұл оқиғаға қандай қатысы барын оқырман ең соңында біледі. Автор бұл шығарманы хоррор мен мифтік сарынды ұштастыра отырып, тарихи-әлеуметтік астармен беріп, осылайша жанның мазасын алған қорқыныш сезімін ғана жазбайды, ар жағындағы әділетсіздік пен жазадан құтыла алмайтын адамдық күнә туралы ойға жетелейді.
Шығармада алма бағының тарихы ерекше мәнге ие. Ғалымдар еңбегімен өсіріліп, кейін халыққа қуаныш сыйлаған бақтың тоқсаныншы жылдары кесіліп, отқа жағылып, күйреуі тек табиғат трагедиясы емес, рухани азғындықтың да көрінісі. Мұнда жазушы алмаға киелік сипат беріп, оның тағдыры арқылы адамзаттың әділетсіз істеріне табиғат пен тарихтың үнсіз қарсылығын көрсеткен.
Шығармадағы аңыздық қабат та шығармаға арқау болып тұр. Хан қызы мен бағбан арасындағы қасіретті махаббат тарихы, ханның қатыгездігі мен бағбанның қорлықпен өлтірілуі әділетсіз биліктің сипатында көрінеді. Жазушы алма бағы оқиғасын жай тарихи дерек ретінде емес, бүгінгі күнге сабақ ретінде ұсынады. Ал бұндағы фантастикалық элемент – бағбан рухының алма ағашын кескен жігіттің бейнесіне еніп, кек алуы – хоррорлық эффекті күшейтеді. Тура фильм көргендей болып отырасың. Жігіттердің кеме жасап, үлкен теңіз арқылы алысқа, одан әрі ұлттың тарихының бір кезеңдерінде болған салтанатты шағына, ескірген даңқына ұмтылуы сияқты армандары да оған таңғажайыптық реңк қоса түседі. Ал енді алма ағашының «қанын» бірден сезіп, көзді ашып-жұмғанша жетіп келетін елес – тек мистикалық бейне емес, әділет орнатушы. Автор қорқыныш пен мистиканы қолдана отырып, әділетсіздіктің, ашкөздіктің, табиғатқа қиянат жасаудың түбі қайғылы аяқталатынын меңзейді. Осы тұрғыдан алғанда, шығарма тек мистикалық әңгіме емес, терең әлеуметтік-пәлсапалық ойға жетелейтін көркем дүние болып шыққан.
Форманы басқаша пайдалану... ол қалай?
Авторда кейінгі жазып жүргендерге үйренуге болатын тағы бір тәсіл бар. Керексінсе дегеніміз ғой. Мысалы, автордың оқиға қуаламай, керісінше кейіпкердің ішкі мазмұнын беруде диалог пен ішкі монологты қолданып, метафора мен контраст арқылы ой тудыра алатын тәсілі. Бұрынырақта жазушы Дидар Амантайдың «сюжетсіз шығарма жазғым келеді» дегенін естігенбіз. Біз әрине, таңғаламыз ғой, ол мүмкін де емес сияқты. Бірақ, бұл жерде форма мен мазмұнның бірлігіне қатысты айтылып тұр. Мысалы, шиенің сүйегін пытыр еткізіп басып, жаншып, езіп өткен сайын содан шығатын дыбыстан ләззат алатын «Аяқтың иесінде» форма ерекше, бірақ, бұл тек сыртқы жағы ғана сондай емес, мазмұнының өзі осы. Сюжет бар деп те айта алмайсың, бірақ бұл басқаша көрінеді, оның өзі емес, оның орнында ырғақ пен такт арқылы идея беріліп тұр. Бұл адамның өзінен әлсізге қылатын әлімжеттігінің, мейманасының, біреуге үстемдігін жүргізгісі келіп тұратын табиғатының ең бір елеусіз әрекеті ғана. Ал егер оның қолына бұдан көп мүмкіндік берілсе не болады? Егер шексіз билік берілсе не болады?
Асылбек Ихсанның бұдан өзге «Автобус», «Британ мысығы», «Құмалақ» деген шығармаларынан кей жерде форма мен мазмұнның бір-бірімен анық үйлесімін, кей жерде бізге тосындау кейбір ойлардың мүлдем басқаша мағына тудырып тұрғанын байқау қиын емес. Бұрындары оқып жүргенде бұл проза ма, философиялық эссе ме деп ойланған да кезіміз болған. Асылбек Ықсан ағамыз пьеса жазатын драматург, пьесаны қоятын режиссер, осының бәрін тоғыстыра келіп жаңа форма тудыру емес, осы жаңашылдық пен мазмұн үндестігіне көбірек басымдық беруші автор. Содан да проза, драматургия мен философиялық эссенің шекарасын өшіріп, жаңа әдеби кеңістікке жол тартқан эксперимент үстінде көрінеді. Мысалы, «Автобус» әңгімесінде қарапайым көрініс қана – жолаушылар автобусқа мініп, діттеген жағына кетіп барады, бірақ, әр адамның бір мезетте бір-біріне тым қатты ұқсап не ұқсамайтын ішкі драмасымен астасып жатыр. Былай қарасаңыз, кәдімгі өзіміз ішінде жүрген күнделікті өмір ғой, көз алдымыздағы мың ұсақ-түйек көріністер, бірақ, автор соны бір жақындатып, бір бұлдыратып, бір алыстатып отырып, кеңістік құрылымы, микросюжеттері арқылы метафоралық деңгейге көтеріліп, мәтін біртіндеп әлдебір мағыналық қабатқа өтеді. Автобусты қоғам десек, оның ақыр аяғында басқа жаққа бағыт алып, адасып, батып, тіпті жүргізушінің көрінбей кетуі, адамдарының еш әрекетсіздігі, бойкүйездігі... бұнда осы қарапайым оқиғаның астынан терең мағына іздеу бар. Кейде интеллектуалдық прозаның басты ерекшелігі қарапайым детальдан философиялық тереңдікке бұрылу сияқты көрінеді (мүмкін, бұл қате тұжырым болар, ол жағын әлі де анықтай түсу керек). Шынында автор форманы басқаша пайдаланады – ол оны екінші орынға ысырмайды, бірақ, оқырманды таңдандыруға емес, ойды жеткізудің көркем тәсілі ретінде пайдаланады. Осыдан келіп автордың ой ағынына ілесіп отырғың келеді, оның қалыптасқан прозалық құрылымға жабысып қалмайтынына көзің жете түскеннен де, сен де оқып отырып өз ішіңдегі ішкі логика мен интуицияңды пайдаланғың келеді. Әрине, әдебиетшілер бұл жерде автордың өзінің интуициясын, логикасын тірек-қарауыл қылып қойып жазу баяғы Кафкада болған, бұл қалыптасқан модернистік ерекшелік, былайша айтқанда бұрыннан бар үлгі деуі мүмкін. Бірақ бұл тарапта автордың ерекшелігі – сол формалық еркіндікті қазақы болмыспен, ұлттық дүниетаныммен байланыстыра білуінде. Мысалы, «Құмалақта» да, «Сарайшық трагедиясында» да кие деген ұғымды өте жоғары көтереді. «Құмалақ» пен «Британ мысығын» бір оқығанда түгел түсіну мүмкін емес, бірақ қайтып айналып келсең тереңдік ашыла беретіндей. Оқырманға дайын ештеңе бермейтін, өзі ойлап отырған ақиқатын, түйінін тықпаламайтын, керісінше, ауқымы әжептәуір сұрақтар тастайтын бұндай дүниелерді әдебиет пен философияның түйіскен жері деп атауға болатын да шығар.
Бізге интеллектуалдық проза керек дегенімізбен, нені оқиды, нені таңдайды, әркім өзі біледі, әрине. Бірақ біз оқырман ретінде ойымызды әрі-бері қозғап, автор жасырып отырғанға назар аударып, шамамыздың жеткенінше түсінуге жетелейтін ауырлау, былайша айтқанда «жеңіл оқылмайтын» проза оқуға үйренсек, бұдан тек өсер едік. Оқырман осындай авторды оқыған сайын одан көркем мазмұн мен терең философиялық қабаттың табиғи үйлесімін көре береді, біртіндеп соған үйренеді, оның миы да эмоциядан бұрын ойлауға әзірленеді. Бұл енді жеке пікір (келіспеуге болады).
Егер оқырман ритм мен паузаға мән беретін болса, көру арқылы емес, жүрекпен сезінудің бөлек екеніне көзі жете береді. Бізде ақ пен қараны қатар қойып, мынау ақ, ал мынау қара деп айырып көрсететін жазушы көп, бірақ, тек оны емес, жарық пен көлеңке арасын жаза алса, демек, ол нағыз шебер болғаны.
Қорыта келсек, автор Асылбек Ихсанды ойды ұсынып, бірақ, тап осыны қабылда деп мәжбүрлемейтін, ақиқатты нұсқайтын, бірақ, саусағын безеп тұрып көрсетпейтін, оқиға ішіндегі күйді сезіндіретін, бірақ тәптіштеп, егжей-тегжейлі түсіндірмейтін автор ретінде көрдік. Ол классикалық проза мен эксперименттік форманың арасындағы тепе-теңдікті тапқан жазушы.



Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.