Бүгін қазақтың көрнекті жазушысы Қуандық Түменбай жетпіс жасқа шығып отыр. «Қазақтың анасы» атанған қасиетті Сыр бойында, ақ маржан күріш рекордымен әлемге танылған киелі Шиеліде, Ыбырай Жақаев ауылында 1955 жылы 22 тамызда дүниеге келген жазушы жастайынан шығармашылыққа жақын болып өседі. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетіне, республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттеріне тырнақалды туындыларын жариялатады. Мектеп бітірген соң алғашында Қазақ Ауылшаруашылығы институтына оқуға түседі. Мұның да өзіндік себебі болса керек. Әкесінің немере ағасы, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың жолын жалғастырып, күріш өсірудің қыр-сыры жөнінен агрономиялық білім алу мүмкіндігі болса да, ол шығармашылық жолды таңдайды. 1974 жылы жарық көрген «Қайың сапты кетпен» туындысының өзі әйгілі күрішші туралы болуының өзі де бекер емес еді.
Сөйтіп Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне ауысып, оны сәтті бітіріп шығады. 1977 жылдан «Лениншіл жастан» (қазіргі «Жас Алаш») басталған журналистік қызметін «Жетісу», «Алматы ақшамы» газеттерінде жалғастырып, тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Үркер» роман-газетінің бас редакторы болып істеген. Республикалық «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» баспасының бас редакторы болып қызмет атқарған. 1990 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген.
Өзінің журналистік қызметін атқара жүріп жазушы Қуандық Түменбай проза жанрында өнімді еңбек етті.
«Қайың сапты кетпен», «Жүрдек поезд», «Каникулды күткен қыз», «Жігіттің Көктөбесі», «Қанаты күйген қызғыш құс», «Сотталған домбыра», «Біздің үйдің солдаттары», «Тұңғиық», «Тіршілік планетасының тентектері», «Қой мен қойшы» (2004), «Ар мен дар» (2005), т.б. прозалық кітаптарына енген көлемді, шағын туындылары өмірдің өзінен ойып алынған шынайылығымен ерекшеленетін жазушының шығармалары бүгінге дейін орыс, ағылшын, қытай, түрік, корей, ұйғыр, араб, неміс тілдеріне аударылған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Айбоз» Ұлттық сыйлығының иегері. Стокгольмде өткен прозашылар фестивалінің Бас номинанты. Қызылорда облысы, Шиелі ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті жазушысы атанған.
«Жетпіс деген – «жет», «піс» деген сөз» деп Шерағаң, Шерхан Мұртаза айтқанындай, нағыз қалам қарымының шыңдалып, ақыл-ой қуатының піскен шағына жеткен жазушының халқына берер рухани өнімі әлі де көп екеніне сенім зор. Прозалық туындыларына қоса, қаламгердің әр кезеңде басылым беттерінде жарық көрген салиқалы сұхбаттарындағы шығармашылық ғұмырдың мол тәжірибесі ғибратты, тәлімді ойлары – жас қаламгерлер үшін өмірдің тағылымды мектебі екені анық. «Түркістан» газетінде журналист Ахмет Өмірзақпен сұхбатындағы жазушының мына бір ой-пікірлері – сөзіміздің дәлелі: «Біз «Абай жолынан» бастап, қазақ жазушыларының көркемдігі жоғары туындыларының бәрін оқып өстік қой. Ал қазіргі жазушы болғысы келіп, түрлі «измдерді» шарлап жүрген жастардың, басқаны былай қойғанда, «Абай жолын» бір рет оқып шықпағаны көрініп тұрады. Олар Сартр, Хемингуэй, Мо Ян секілді шетелдік жазушыларды оқыған шығар, бірақ қазақ жазушыларын оқымаған адам қалай қазаққа жазушы болады? Әңгімесіне «Бильярд», «Подъезд», «Лифт» деп техникалық мәнде ат қоя салатын жазушы көркемдікті, ұлттық әдебиетті терең түсінеді деп айта аламыз ба?
Қазір «жазушымын» дейтіндер көбейіп кетті. Бірақ нағыз жазушылық деген басқа нәрсе. Әдебиетке бар өміріңді арнамасаң жазушы бола алмайсың. Бірақ мына бүгінгідей кезде жазушылықпен өмір сүру қиын. Жұрт кітап оқи бермейтін заманда жазушы болу қажетсіз нәрсе сияқты көрінетіні де бар, бірақ жақсы әдебиеті бар ұлт болмаса оның несі ұлт?» Жазушының айтқанымен келіспеске әддіміз жоқ.
Расымен де ойланарлық жағдай емес пе? Жазушының әрбір үлкенді-кішілі туындысының тақырыбының өзі «мені оқы» деп тартып тұрғандай болатыны несі? «Қырықтағы қыз», «Сотталған домбыра», «Каникулды күткен қыз», «Түрмедегі торғай», «Бекеттегі бейкүнәлар», «Жасыл жанып тұрғанда», «Қой мен қойшы»... Неге қой мен қойшы? Ойланасыз. Ойланған соң сұрағыңызға жауап іздейсіз, оқисыз, табасыз, өзіндік ой қорыту жасайсыз.
Мынау жарық дүниенің ақ-қаралы, қызылды-жасылды, сан түрлі шым-шытырық астасқан бояуын сана-сезім, жан дүниесімен анық сезіне отырып, оны ақ қағазға қара сия арқылы оқырманның жүрегіне жақын, көңіліне қонымды етіп қапысыз түсіру – шынайы қаламгерге тән сезгірлік, шеберлік. Қуандық Түменбай туындыларын оқығанда: «Апырай, осы бір жағдайлар менің де күнде көріп, бастан өткеріп те жүрген көріністерім, жағдайларым емес пе? Қалайша қарапайым да шұрайлы тілмен, бояуын қанықтырып өрнектеп бере салған» - деп еріксіз ойланып қаларыңыз анық. Мұның өзі сүтпен дарыған сөз мәйегі, жылдар жүзіндегі тоқсан тоғыз пайыз машықтың жемісі болар. Мұны сезінуіңіз үшін жазушыны оқу керек...
Қаламы қарымды суретке жазушыны жетпіс жастық мерейтойымен құттықтай отырып, жемісті шығармашылық ғұмырының ұзақ болуын тілейміз!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.