Дәулетбек Байтұрсынұлы: Сөзді кім берсе маған, соны айтамын

Бөлісу:

29.08.2016 5164


СӨЗДІ КІМ БЕРСЕ МАҒАН, СОНЫ АЙТАМЫН


NUR_9787.JPG

Қағазға жазған абзал жыр жолдарын,

Құмарың қанып тұрып құныттайсың.

Өйткені өлеңіммен бір қонғамын,

Қайырып асау ойды құрықтайтын.


Тек қана жата бермей арман етіп,

Сөздерді тізбектеймін маржан етіп.

Ойларым шақырады алға кетіп,

Жүрегім соғады тек арға бекіп!


Илаһи білімімді молайтамын,

Кеудемді айналдырып көк теңізге.

Сөзді кім берсе маған, Соны айтамын,-

Ауаны үрлеп тұрған өкпемізге!


Жанды да, сұлуды да, байлықты да,

Жаратқан жалғыз Алла шеберлікпен.

Қызығын бұл дүниенің қайырып мына,-

Нәр алам шексіз Алим-Кемелдіктен!



МӘҢГІ БОЛ ДЕП ТІЛЕДІМ МЫНА БАҚЫТ


Жат боласың бармасаң, келмесең бір,

Өскен қурай боласың жерге селдір.

Торқалы той, өлімнен топырақты,-

қала берсең өзісің ең мешелдің...


Осындай ой, жетелеп жер түбіне,

Қанып қайттым ағайын ел тіліне.

Өткен-кеткен тарихтың шежіресі,-

Көз алдымда көсіліп шертілуде...


Баласымыз бір әке, бір шешенің,

Біз солардың ашылған гүл-шешегі.

Жер бетіне шашылып тарыдайын,-

Жегеніміз Алланың күлшесі еді!..


Араладым ел ішін асықпай бір,

Туған жермен тарасын ғашық қайғым.

Махабатын халқымның қанып іштім,-

Қалмасын деп кеудемде қасықтай мұң.


Бабалардың басына Құран оқып,

Иман үшін арналды хирағатым.

Өткенменен бүгінді жалғастырған,-

Мәңгі бол деп тіледім, мына бақыт!..



ҚАРҚАРА


Көрген жан таңғалады Қарқараны,

Алуан түс гүл жазира шартарабы.

«Тұзбұлақ», «Иірсу» мен «Құмтекейім»,

«Ереуіл» шежіресі жар салады.


Қарқара төржайлауым тарихымдай,

Даңқы бар жер жүзіне, танитындай.

Намысым, бойға біткен ақыл, күшім,

Киелі топырақтан даритындай!..


Қарқара қасиетті гүлді мекен,

Ерлікке тұғыр болып тұрды бекем.

Бір кезде шаһит кеткен боздақтарым,

Осынау туар таңды білді ме екен?!


Қысында аңға шығып қырауласаң,

Көктем де әнге басып жыр ауласаң.

Құлындай құлпырасың жаның сергіп,

Жазында шалғынына бір аунасаң.


«Мың жылқы», «Талды» басы көп қарағай,

«Иран бақ» Көкпар тартқан топ баладай.

Түлеген бауырыңнан ұл-қыздарың,

Бал жиып байтақ елге кетті арадай...



КӨЛЕҢКЕ


Көп адам көлеңке де күн кешеді,

Дақпыртпен босқа алданып жүр кешегі.

Тығылған көкесіне, апасына,

Өзінше жадында бар «жынды» есебі...


Амалын түгелдейді алдындағы,

Тіршілік дүние мен малдың қамы.

Тікпейді басын байлап тәуекелге,-

Жанына егілмеген ардың дәні...


Өзінше ой түймейді, шешім етіп,

Ерініп... есінейді есі кетіп.

Несіне жан қинайды жақтасы бар,-

Өткізген қателігін өшіретін.


Көп адам көлеңке де күйбеңдейді,

Масқара масылдықтан именбейді.

Тәуелсіз өмір сүріп, тас жұтпайды,-

ақылдың айтқанынан үйренбейді.


Үйінде ұйыр болған ықтасынға,

Адамға жүрегі бар ұқсасын ба?

Намыстың белгісі жоқ іліп алар,-

Бор кемік, боз өкпенің нұсқасын да...



ЖҰМА-АҒА!


Жұма-аға, неден бастаймын?

Шарапқа тойған мастаймын.

Бұйығы болып бұл күнде,-

Сырымды көпке ашпаймын.


РИО-да сайыс салуда,

Айқасқан жігіт, аруда...

Намысын қорғап қазақтың,-

Көнгісі келмей, қалуға!


Жолбарыс сынды жұлқысты,

Жағасын жаттың жыртысты.

Қақырай құлап сөгілді,-

Қабырғалары қыртысты.


Жер иіскетті паңдарды.

Дүние түгел таң қалды!

Екі жүз елдің ішінде,

Алашты әлем аңғарды!..


Топ ішінде жарқылдар,

Жазира, Елдос—алтындар!

Жұдырық болып түйілсең,-

Қарсыластарың қалтылдар...


Қуанып тұрмын Жұма-аға,

Мұндайда келер жыр аға!

Шоқпар жұдырық жігіттер,

ТУ көтерткелі тұр аға!..


Қарсы келгенді орады,

Тұғырларына қонады!

Отаны үшін от кешіп,

Бір таңғажайып болады!


Көзімнің жасын төктіріп,

Қырандар ұшар көк тіліп...

Дәуренін қайта орнатты,-

Қазақ деген—Көктүрік! (ДБ)



***


«Жатжұртқа кеткен қызыңнан,

Есіктегі күң артық.

Үстіне киген жібектен,

Майдалап түткен жүн артық.


Цеиптегі доллардан,

Есекке артқан құм артық.

Кетіп жатыр басқаға,

Қолаңсасасына құмартып»-- деген екен бір ақын.



ЖАУЛАНУ


Жаным сыздап отырмын жарылардай,

Бір қызыл шоқ тәнімді қарығандай.

Малын алсаң ала бер, жанын алсаң,-

Мынау бейбақ халықтың арын алмай!..


Оқиғалар тууда мүлде шетін,

Қарын үшін болыпты күн кешетін.

Ару қызы қазақтың қайдағы бір,-

Кок аттыға көлденең мінгесетін...

кез болғаны-ай...

ұятым қолды болған,

Серіппейтін тұяғын сорлы болған.


Не биліктен, не елден тиым болмай,-

Не жігіттер шықпайды орғып ордан.

Қыздарыңа қырғидай тиіп бөтен,

Жаттар жалмап жатқанға күйіп кетем.

Қыз бұлқынбай бұл күнде, ер жұлқынбай,

Тапталасың осылай «күйіс» десең!..


Қызын зорлап басқанда Жапон келіп,

Бас көтерген қытайда от ән керіп.

Қыз намыссыз, ерлер ез... селт етпейді,-

ауланғаны жас қыздың –отан деп ұқ!

Ғылым іздеп барған қыз байланады,

Мем-арнадан мақтанға айналады.


Қысық көзбен, қаралар қызықтап жүр,-

Төсек салып төріңе... аймалады.

Иман кетсе, ар кетсе ет өледі,

Табылмай тұр әзірге кесел емі.

«озық» елге жетерміз ақшамызбен,-

Қайтіп қана намысың өтеледі?! (ДБ)



ДҮНИЕ ҚАРАЙТЫНДАЙ...


Көркем сөзге, иманға селт етпейді,

Өнегелі өлеңді ертек дейді.

Жұдырыққа сыйынып бас иеді,

Боксшының жік-жігін бөлшектейді...


Ұрған сайын ұрандап, қыбы қанар,

Ентелейді адамдай құры қалар.

Күшпен келген атаққа алғыс айтып,

Санап отыр ақшасын қырып алар.


Даңғойларды бұл қоғам пір санайды,

Атақ-даңқ, алтын-тас, пұл санайды.

«Пұқа сүрсе, азбандар сүйсінеді»-

Өзі соғып алғандай бір сарайды.


Қанымызда бар сірә бір қаталдық,

Бізді ұшпаққа шығарар бұл қашанғы?

Білім, еңбек, биікке ұмтылу жоқ,

Пенде де жоқ ақылды тыңдатарлық!..


Қанымыз сол, қаталдық қалайтындай,

Ешкім бізге демейді Ар айтыңдар.

Қаншалықты оспадар, ойсыз болсаң,-

Дүн-дүние дүрлігіп қарайтындай!..



БЕРІЛЕ БЕРМЕЙ ҚИЯЛҒА...


Беріле бермей қиялға,

Жағымды жырлар жазайын.

Беліме түскен құяңға,

Дәрігер берсін сазайын!


Ненің де болса шипасы,

Алладан болар қаласа.

Не көрмес бастың құйқасы,

Рахымы болар қараса.


Тежейтін керді бойдағы,

Келмеске қуып салайын.

Ұлғаймай тұрып ой дағы,

Ашайын жүрек сарайын.


Шеңбектеп алған қырсықты,

Шетінен қиып шешейін.

Сұғынып кірген тіл-сұқты,

Сүре жүзімен кесейін.


Байлаған бойды делсалдық,

Тірсектен алып тұсама.

Елік керге ер салдық,

Қалдырма мені құсаға!


Ауырса тәнім ширайды,

Жүрегім, миым жайында.

Қиындық деген қирайды,

Орын жоқ бүгін уайымға.


Шығайын топтан сурылып,

Бапкері өзім, өзімнің.

Қара жер қалсын қурылып,

Келмейді шаппай көз ілгім!..



МАЗАЛАЙДЫ


Қайтейін дүниенің дүр екенін,

Сүйретіп ластап жүр кір етегін.

Жетеді «жауынгерлер» алтынға құл,-

Олар көп... қайтіп қана күресемін?


Пендені мынау жалған батыл еткен,

Көтермей асап жатыр басын еттен.

Даңқ пен қарын ғана қастерленіп,-

Бұл күнде қорықпайды ақыреттен.


Тірлікте өкініш мол кегім кеткен,

Суғармай майсасында егін кепкен.

Даярлық арғы әлемге мазалайды,-

Табылар өле кетсек кебін, кетпен...



Дәулетбек Байтұрсынұлы 

ақын, ҚЖО ның мүшесі. Халықаралық «Мақтұмқұлы Фраки» атындағы,

«Молда Бағыш» атындағы және «Ильһам» сыйлықтарының иегері.

Бөлісу:

Көп оқылғандар