Әмірхан Балқыбек: Бiзде гений де, талант та жоқ... Бiзде бәрi перiштелер...

Бөлісу:

29.08.2016 3382

Пушкин.jpg


Пушкин және бiр өлеңнiң тарихы

Пушкин шығармашылығы десе, кiм-кiмнiң де алдымен есiне түсiретiнi нәсiлi зәңгi, ұлты орыс ақынның «Я помню чудное мгновенье» деп басталатын өлеңi болатын болар. Бәлкiм, басқа өлеңi болуы да мүмкiн. Бiрақ екiнiң бiрi осы өлеңдi бiлетiндiгi анық. Бұл өлеңдi қазақ жазба ақындарының барлық буыны аударуға тырысты, қайсыбiр буындарда екi-үштен талпыныс жасалған кездерi де бар. Ең соңғысы, шамасы, Батырболат Айтболатұлынiкi шығар. Әйтеуiр, соңында 1994 жыл деп көрсетiлiп тұр. Дау жоқ, сәттi аударма:

Жадымда жауһар жалқы сәт:

Жанымды тербеп, жолықтың,

Жарқ ете қалып, жалтқа ұсап,

Жан теңеспесi көрiктiң.

Көңiлге түскен қаяу-мұң,

У-шулы күндер көшiнде

Әлдилеп жанды аяулы үн,

Үр бейнең қалды есiмде.

Жүйткiдi жылдар. Бәз үнiн

Жұтты да тұрмыс арманның,

Үзiлдi талып нәзiк үн,

Сүреңсiз күнге алдандым.

Жылжиды жалқау жырақта ай,

Сырғиды күндер көңiлсiз.

Табынтпай, тәттi мұңайтпай,

Құштарсыз, iңкәр сезiмсiз.

... Жаныма жайды бақ құшақ:

Тосыннан қайта жолықтың,

Жарқ ете қалып, жалтқа ұсап,

Перiштесi боп көрiктiң.

Жүрек тұр рәт жыр айтып,

Елтiтiп тағы ерке үнге,

Табынтып, тербеп, мұңайтып,

Талпынып, нұрлы ертеңге.

Пушкин қаламынан туған әлемдiк поэзияның жауһары бұдан кейiн де қазақ тiлiне аударыла беретiндiгiне сенiмдiмiз. Бiрi сәттi, бiр сәтсiз болар, бiрақ мәселе онда емес, басқада. Ол басқамыз – бұл өлеңнiң әр толқынның көңiл түкпiрiнде қайтадан түлеп жаңғыра беретiндiгiнде, бәлкiм, мәңгiлiк жастығында. Жастық барда, құштарлық сезiм барда бұл өлең де қатар жүрiп өмiр сүре бермек, әр толқынның көкейiндегiсiн дөп басып айта бермек.


Бiрақ бiздiң бүгiнгi айтпағымыз осы өлеңнiң өзi емес, оның жазылу кезеңi, бұл кезеңнiң, ондағы оқиғалардың Пушкин өмiрiндегi орыны туралы болмақ. Иә, өлең кейiпкерi Пушкин биографтары нақты жазатынындай, Анна Петровна Керн деп аталатын ханым екенi белгiлi. Осы бiр әйелге Пушкин 20 жасында әлдебiр отырыста алғаш кездестiрiп қалған сәттен бастап құлай ғашық болған. Алып ұшпа ақынның өзiне деген ынтықтық сезiмiн «қулығы қырық есекке жүк» сұлу бикеш те жиi-жиi қоздырып отырған секiлдi. Әйтеуiр, Пушкиннiң хаттарынан бiлетiнiмiз, ақынның өзi жоқ жерде бұл әйел оның поэзиясы туралы жылы-жылы пiкiрлер бiлдiрiп отырған. Ал бұл лебiздердiң Пушкин достарының хаттары арқылы оған жетпей қалуы мүмкiн емес-тi. Өз генийi мен сылқым сұлу талғамының арасында қандай да бiр байланыс бар екендiгiн сезiну – ақын үшiн мұның да аз бақыт болмағандығы анық. Қысқасы, осы бiр жылдардағы Пушкиннiң Керн төңiрегiнде жүрген өз достарынан ол туралы қайта-қайта сұрастыра бергендiгiн аңғаруға болады. Мұның ақыры екеуiнiң кездесулерiне, өзара хат жазысуларына ұласқан. Мiне, Пушкин жазған сол хаттардың бiрiнiң үзiндiсi мынандай: «... Қош болыңыз! Қазiр түн, менi сiздiң мұңлы да ынтызарлыққа толы бейнеңiз мазалауда. Сiздiң жанарыңызды, сәл-пәл түрiк әдемi ерiндерiңiздi көрiп тұрғандай бола беремiн. Қош болыңыз. Мен сiздiң аяғыңыздың жанында, сiздiң қос тiзеңiздi құшақтап отырғандай сезiнемiн – мен дәл осындай қиялымның ең болмаса бiр минуты нақты шындыққа айналса, оған бар ғұмырымды сарп етуге даярмын. Қош болыңыз және менiң сандырағыма сенiңiз; ол бiртүрлiлеу көрiнер, бiрақ онда шындық бар». Мiне, Пушкиннiң Кернге жазғаны осы сарындас хаттар.


Ал А.П.Керннiң өзi Пушкиннiң жоғарыдағы өлеңдi өзiне сыйлаған сәтiн былай жазады: «Бiздiң әңгiмемiздiң не туралы болғаны нақты есiмде жоқ; ол бiздiң Олениндердiң үйiндегi алғашқы кездесуiмiздi еске алды, ол туралы әсерлене әңгiмеледi... Ол ертесiне таңертең келдi. Қолында «Онегиннiң» екiншi тарауы бар. Қоштасар сәтiмiздiң белгiсi ретiнде оны маған тарту еттi. Осы кесiлмеген беттердiң бiрiнен төрт бүктелген параққа жазылған «Жадымда жауһар жалқы сәт» және басқа да өлеңдердi тауып алдым. Мен бұл жыр-тартуларды қобдишама жасырғым келген. Ол менiң қимылымды жiтi қадағалап тұрды, сосын өлеңдердi қолымнан жұлып алғаны. Ол оларды көпке дейiн бермеуге тырысты. Мен оларды зорға дегенде қайта сұрап алдым. Дәл осы сәтте оның басына қандай қиял келгенiн бiле алмай-ақ қойдым...»


Иә, Пушкин әйгiлi өлеңiн осы өлең өзiне арналған әйелге бергiсi келмеген. Бiрақ қайтарып алуға шамасы келмегендiгi және рас. Бұл жерде не құпия жатуы мүмкiн?


Пушкин өз ғашығының жүргiш әйел екенiн жақсы бiлетiн-дi. Бұл кездердегi астаналық ақсүйек қауымның ортасында А.П.Керн Бабыл сайқалы деген лақап атпен де мәлiм-дi. Әлдебiр шалға зорлап тұрмысқа берiлген өзi сұлу, өзi ақылды әйелдiң қызықты өзге жақтан iздеуiн, әрине, түсiнуге болады. Бiрақ Пушкиннiң Бабыл сайқалымен байланысуын түсiне алатын адам бар ма? Тек байланысып қоймай, ұлы ақыныңыз оған ең үздiк өлеңдерiнiң бiрiн арнап отырса ше? Шамасы, Пушкин жоғарыдағы қоштасу сәтiнде өзiнiң болашағының алдында бiр сәтке болса да есеп беруге тырысқан секiлдi. Пушкинге барлық пендешiлiгiн кешiрген ұрпақтың оның салдақымен байланысуын кешiрмей қоюы мүмкiн ғой. Иә, әбден мүмкiн. Мұны кемеңгер басымен Пушкиннiң түсiнбеуi мүмкiн емес-тi. Оның Кернге өлең жазылған қағаздарын берiп алып, артынша-ақ оларды қайтарып алуға тырысуында осындай сыр жатқандай.


Дегенмен Кернмен өткiзiлмек бiр түн үшiн Пушкиннiң 8 жылын сарп еткенi рас. 1828 жылы ол замандасы С.А.Соболевскийге былай деп жазады: «... Сен мен өзiңе қарыз 2100 туралы ештеңе жазбайсың, керiсiнше, мен жақында ғана Құдайдың шапағатымен... Керн туралы жазасың» деп наз бiлдiредi.


Әрине, көп нүктенiң орнында ненiң тұрғандығы белгiлi.

Ал ендi өзiне «Жадымда жауһар жалқы сәт» секiлдi жампоз жыр жаздыртқан, сол жырды жаздыртар телегей теңiз сезiм сыйлаған аруды «қалағанын» алғасын ақынның көп төмен етектiнiң бiрi қылып мұқата салуы адам қиялына сиятын нәрсе ме? «Әрине, «жоқ» дер едi бiздiң бiраз оқырман. «Ақындiкi дұрыс» дер едi және бiразы. Қысқасы, егер Пушкин қазақ болса, оның Кернi қазақтың келiншегi болса, Пушкин мен оның «жүргiш» махаббаты төңiрегiнде үлкен айтыс-тартыс басталып кетер едi. «Пушкин – перiште» дер едi көпшiлiк. «Перiште болған, перiщте болып қала беруге тиiс» дер едi сосын нығарлап. Әйтеуiр, бұл қазақтың «қазақ» Пушкинге шаң жуытпауға тырысатындығы анық. Сосын «ақты ақ, қараны қара» деп айтуға тырысатын жаңағы бiрқанша аздың жүйкесiне ши жүгiртiп рахаттанар едi бұл қазақ. Ал мұндай дерттi психология тiлiнде не деп атайтынын бiлесiздер ме?..


«Иiрiм» мен «Жазмыш»

Соңғы кездерi қазақ әдебиетiнде көп шу шығарып жүрген, әдеби ортада әңгiме болмай қалмайтын дүниелердiң қатарына Қадыр Мырза Әли ағамыздың осы екi кiтабын жатқызуға болады. Бiз екi кiтапты де кемшiлiктен құр алақан дей алмаймыз. Жоғарыда айттық, Пушкин – ұлы ақын. Бiрақ перiште емес екендiгi және рас. Перiштелiгiнен пендешiлiгi басым түспесе, жаңағы Соболевскийге жазғандай хатын жазбаған болар едi. Жазған екен, демек, екi аяқты пендеге тән кемшiлiктер оны да сырт айналып өтпегендiгi. Пушкиннiң өзi туралы осындай пiкiр түюiмiзге оның артында қалған мұралары (мұра тек өлең ғана емес қой) себепшi болып отыр, ал қазiргi көзi тiрi классик ақынымыз Қадыр Мырза Әлидi перiште дей алмайтынымыз өзiнен-өзi-ақ белгiлi, басы ашық нәрсе емес пе! Төменнен түптесек – шындық, жоғарыдан көктесек – ақиқат. Пушкинде бар кемшiлiк Қадыр Мырза Әлиде де бар. Дәл Пушкиндiкiндей болмаса да, басқаша сарындағы кемшiлiктер. Бұған Қадыр Мырза Әли ағамыз келiседi ғой деп ойлаймын. Бiрақ Мырза Әли дүниелерiнен тек кемшiлiктердi ғана көруге тырысу және дұрыс емес.


Менiң бiр сыйлас iнiм «Қазақ өлiсiнiң артынан ғайбат сөз айтпаған» дейдi. Осылай деп алып бiр топ ақындардың өлеңдерiн мысалға келтiредi. Iшiнде, әрине, Абай да бар. Дәлiрек айтсақ, ақынның iнiсi Оспан қайтыс болғанда жазған жоқтау жырларынан үзiндiлер. Менi қинайтыны, iнiмнiң өзiнiң уәжiн Абайдың сөзiмен және қиратуға болатынын аңғармайтындығы. Ал оның шамырқанып шүйлiгiп отырған авторы болса, ол әрине, осы Қадыр Мырза Әли, оның атышулы «Иiрiмi». Iнiме қарсы айтар уәждi осы «Иiрiмнiң» өзiнен, оның ұлы ақынымыз Жұмекен туралы беттерiнен тапқым келедi:


«... – Бiз өзi о бастан оңып тұрған жоқ екенбiз ғой!

– Абай атамыздың өзiн ал! Айтысатын тiрi ақын қалмағандай кейiн сүйектерi қурап қалған Бұқар жырау мен Шортанбайға тиiседi!

– Бiз өздерiмiз ше? – дедi Жұмекен. – Оңып тұрмыз ба?

– Оңып тұрған жоқпыз, әрине!

Жалпы пендешiлiктен биiктеу тұрған жазушы таба қояр ма екенбiз...»[1]


Ал ендi ақиқатын айтайық, Абай тиiстi екен деп, Бұқар жырау мен Шортанбайлардың намысын жыртып жатқан қазақ қайда бар? Әлде кемеңгер Абайды жүндей алмайтын қазақтың шамасы шымыр сақадай шап-шағын Қадыр Мырза Әлиге ғана жете ме?..


Егер «Иiрiм» болмаса, менiң Жұмекен мен Мұқағали секiлдi екi ұлы ақынның Талдықорған жақта кәдiмгiдей «шекiсiп» қалғанын өмiр бойы бiлмей кетуiм мүмкiн-дi. «Япыр-ау,– деймiн iшiмнен, – егер екi ұлы талант «мен мықтымын, мен мықтымын» деп тiресiп қалған болса, онда тұрған не кiнарат бар екен? Қайта бұл олардың ақындық темпераменттерiн, өздерiне деген, өздерiнiң шығармашы¬лы¬ғына деген iшкi сенiмдерiн аңғартатын арғы-бергi әде¬биетте бола бермейтiн сирек оқиға емес пе!» Иә, кәдуiлгi Ес嬬нин мен Маяковсийдiң текетiресi секiлдi. Әлде тек орыс ақындарының бiрiншiлiкке таласуына болады да, қазақ ақындары олардан сорлы ма? Ақын төбелесе бiлуi керек. Қажет жерде өз шығармашылығын жұдырықпен де қорғай алатын болуға тиiс. Бұл – ақындық өнердiң жазылмаған заңдылықтарының бiрi. Бiздiң Махамбет, орыстың Пушкинi, венгердiң Петефиi... сөзiмiзге дәлелдi ондап, жүздеп ке묬тiруге болады. Жасық адамнан ақын шықпақ емес. Ал жалынды адамда шалт басқан қимылдардың да болатыны анық. Адам жанының бiлгiрi атанған Достоевскийдiң өзi: «Менiң творчеством өзiмдi күнәһар сезiнген сәттен бастау алған» деген. Ал бiз бұл қаламгер қауымының бәрiн дiни, адами уағыз айтатын шiркеу не мешiт төңiрегiндегiлерге айналдырғымыз келедi. Одан қалса перiште жасамақ, тас тұлғасына тамсанып отырмақ ниетiмiз және бар. Шамасы, қателесiп жүрген ақындарымыз емес, бiз болармыз. Әйтпесе, Франсуа Вийонның әйгiлi тентектеу бiр шумағына тамсанып алып, өзiмiздiң ұлы ақындардан тек перiштенiң елесiн көре бергiмiз келетiндiгiне не себеп?..


Зымиян да осылар... Зиялы да

Ақын жайлы өлең көп. Төлеген Айбергеновтың өлеңi бар, жаңағы Қадыр Мырза Әли ағамыздың да қанатты бiр шумағы өлең сүйер кiм-кiмнiң де есiнде болса керек. Дегенмен ақын жайлы ақиқатты тап басып айтатын өлең Мұқағали Мақатаевтiкi секiлдi:


Ақын жайлы айтады қызықты аңыз,

Бiрақ сен қызықпа, қыз!

Рас-ақ, бiздер – патша!

Мұжық та бiз...

Түзiк те – бiз, түнерген бұзық та бiз!

Ақындарға қызықпа,

Қызықпа, қыз!

Шынымен ақын жанын қалайсың ба?

Шыдайсың ба, шынымен талай сынға?

Ақын деген бiрде қарт, бiрде сәби,

Қартты сыйлап, сәбиге қарайсың ба?

Iлiкпе қыз,

Ақынның тұяғына.

Зымиян да осылар...

Зиялы да.

(«Қызықпа қыз!»)


Менiңше, осы өлеңнiң әр жолын тарқатып айтар болсақ, Қадыр Мырза Әлидiң «Иiрiмi» болмаса да, сол «Иiрiмнiң» төңiрегiндегi дүние келiп шығар едi. Олай болса, ақын туралы ақынның өзi айтып тұрған ақиқаттан бiз неге қашқақтаймыз?! Әлде қорқақ болғанымыз ба?


Әйгiлi «Улисстiң» авторы Джеймс Джойс туралы әйелiнiң, төсектi бiрге бөлiскен, тiршiлiк мехнатын бiрге шеккен жарының мынандай сарында жазған естелiгi бар: «Рас, мен оның жазғандарын кәдуiлгi оқырмандары секiлдi тамсанып оқимын. Дау жоқ, үлкен талант. Ал оның өзi адам ретiнде өте бұзылған жан. Кейбiр қылықтарын көргенде тiптi жүрегiм айнитын...» Бұл Джеймс Джойсқа, әдебиеттегi үлкен бiр бағыттың көшбастаушысы болған Джойсқа қойылған диагноз. Мұндай диагноз, ақындар жайлы аңыздардан ақиқаттың жұмыртқасын аршып ала бiлудi үйренсек, бiздiң де талай айтулы қаламгерлерiмiзге қойылатын диагноз болатындығына күмәнiм жоқ. Бұл «екi жердегi екi төрт болатындығы» секiлдi шындық.


Шығармашылық адамы адам жан-дүниесiнiң қалтарыс-бұлтарыстарын өзi танып-бiле алған деңгейде ғана жаза алады. Мысалы, Толстойдың әлдебiр кейiпкерiнiң мұндай сәтте қандай көңiл-күйдi бастан кешiретiнiн түйсiнiп бiлу үшiн өзiн-өзi өлтiрмекке ниеттенгенi секiлдi деңгейде. Ал адам баласының басында бар басқа кемшiлiктер, жүйкеден келiп шығатын өзге де сырқат-дерттер ше? Оларды шығармашылық адамы қалай танып-бiлмек? Бiреулерден есту арқылы ғана ма? Өйтсе, онысы құр жалаң дүние болып шықпай ма? Жалған дүниеге оқырманды қалай сендiре, иландыра алмақ? Мiне, осы жерде шығармашылық адамы есептi, есепсiз халда нар-тәуекелге басын тiгетiн сәт туады. Ұлы адамды дүниеге келтiретiн де осындай сәттер. Бiз Жаратқаннан осындай сәттер көп болсын деп тiлейiк.


Рас, ақын мына өмiрге өз өмiрiнiң тек нұрлы жағын ғана қалдырып, қара жағын өзiмен бiрге көрге алып кетуге тырысады. Қай-қай ұлы суретшiнiң де асыл мұраты осы. Бiрақ суретшi мұраты осы екен деп, бiздiң оларды түсiнбеуге тырысуымыз бiздiң қателiгiмiз болып шықпай ма? Өйтер болсақ, медальдiң екiншi бетi қайда қалады? Сосын, екiншi бетi жоқ медаль бола ма?


Естелiк, естелiк... тағы да естелiк...

Менiңше, Қадыр Мырза Әлидiң «Иiрiмi», Мұхтар Мағауиннiң «Менi» төңiрегiнде айтылып жүрген әңгiмелердiң бәрi бiзде өзге озық әдебиеттердегiдей емес, естi естелiк жазу үрдiсiне қарағанда оны оқу мәдениетiнiң кемшiн түсiп жатқанынан секiлдi.


Әрине, естелiктi әр адам өз танымы, парасаты биiгiнен қарап жазады.

Әйтпесе, Лермонтовты ақын түгiлi, адамның қатарынан шығарып тастайтын естелiктер жазылмас едi ғой.


Әйтпесе, Иван Бунин тек Маяковский емес, орыс поэзиясының символы iспеттi Есениннiң де екi аяғын бiр етiкке тықпас едi ғой.

Әйтпесе...

Әйтпесе...

Бiрақ осы әйтпеселерден орыс әдебиетi ұтылып отыр ма? Әрине, жоқ.

Мұқағали ақын айтқандай «зымияныңыз да, зиялыңыз да – ақындар».


Олар да жұмыр басты адам. Бәлкiм, есiмдерi тарих парағына бас әрiппен жазылуға тиiс адамдар. Олардан перiште жасауға талпынудың еш қажетi жоқ. Бұл адам емес, Алланың қолындағы шаруа болар. Ал перiште жасауға талпына берсек, бұл ақынның қиялилығы емес, бiздiң қиялилығымыз болып шығады. Қияли болып отырып, ақын жырындағы ақиқат қисынын тап басамын деу – бос әурешiлiк.


Шамасы, бос әуре болмас үшiн не iстеу керек, ендiгi жерде осыған бас қатыруымыз керек-ау.

Қазiргi әңгiмемiзге қарасақ, бiзде генийлер де, таланттар да жоқ секiлдi.

Бiзде бәрi перiштелер iспеттi.

Солай ма?


[1]Қадыр Мырза Әли, «Иiрiм», Алматы, «Атамұра» баспасы, 2004, 154-бет.

Бөлісу:

Көп оқылғандар