Физиканы лирикамен шебер жымдастыра білген ақын.

Бөлісу:

29.08.2016 3514


74BD9592-F5FB-4D3A-81CE-754058E5BEEC_mw800_s.jpg

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтпақшы, философ (бұл атақ адамзат атынан сөйлеуге де мүмкіндік береді) болсақ та, әдебиет әлеміне құлақ түріп жүреміз. Оның үстіне Мартин Хайдеггер деген неміс ойшылының мынадай бір сөзі бар: «Философия мен поэзия екі таудың басында тұрғанымен, бір шындықты екі тілде айтады». Әдетте, философия дегенде көмес әлемнің құпиясын ұғынуға талпынатын бұрынғы метафизиканы ұмытып, тек көзге көрнекі дүниені ғана мойындайтын физикамен шектелетін соңғы ғасырларда Батыста үстемдік еткен материалистік философия ұғынылады. Дегенмен, философияның әуел бастапқы мәні әлем мен адамның сыртқы қыры ғана емес, оның ішкі сырын да түсінуге деген даналыққа құштарлық екендігін естен шығармаған жөн.


Сол сияқты поэзия да – «ақиқат пен махаббатты арқау еткен жүрек пен сезімнің тілі; ғашықтық, құштарлық, тентек қиял, мұң-қайғы мен қуаныштың үні; тіршілік пен тіршіліктің арғы жағына үңілу, түйсіну және сезіну». «Сөз патшасы» – өлеңді ақын «қиыннан қиыстырып, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей айналасын теп-тегіс, жұмыр» етіп шығарады. Өлеңнің мазмұны мен мағынасы әуелі «адамның ішкі иірімінде екшеліп, судай буланып, шыққа айналады, содан соң мөп-мөлдір жаңбыр тамшылары іспетті нәзік сезімдер мен сөздер арқылы ақ парақтардың бетінде өрнек табады». Осылайша, поэзия адам мен әлемнің барлық қатпарын қамти алады. Сондықтан философтардың да, ақындардың да адамзат тарихындағы рухани коммуникацияда ойып тұрып алатын үлкен орны бар.


Ал қазақтарға келсек, халқымыз тумысынан әрі философ болғаны әрі сөз өнерін барынша қадірлегені белгілі. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымы исламның этикалық қағидаттарымен күшейтілген. Бүгінгі қазақта қазақылықтан қалғаны өлеңі мен өнері шығар. Онда да киелі өнердің деңгейін етекке дейін түсірушілер де жетерлік. Дегенмен қазақы рух пен ұлттық нәр сіңген өлең мен әннің қалғанына шүкір дейсің. Расында дәстүрмен сусындамаған, сеніммен сіңірілмеген, иманмен безендірілмеген, көркем мінезбен көмкерілмеген ойда, сөзде, істе не қайыр бар дейсің, онда қайдан рух болсын.


Ақын Дәулетбек Байтұрсынұлының шығармашылық жолымен біршама таныспын. Оның «Күнәсіз мекен», «Мәңгілік мекен», «Ләтипа лүпілі» деген жыр жинақтарын оқып шыққанмын. Сондықтан оның ой-өрісінің эволюциясын, шығармашылығының бағыт-бағдарын бір адамдай білемін. Бүгін міне, өз оқырманы мен тыңдарманы бар ақын «Сенің арқаң» атты жаңа туындысын көпшіліктің назарына ұсынып отыр.


Кімді айтып отыр деп, адамның құлағы мен көңілін елең еткізер атау. Оның мәнісін кітаптың мазмұнымен мұқият танысу барысында ұғынуға болады. Иә, ақын сенің арқаңда деп, ата-анасын немесе әйелін, дос-жаранын немесе бастығын, не болмаса басқа да бір жақын адамын айтып отырған жоқ, Жаратушыны айтып отыр. Бұл Хақ Тағаламен жақын досындай сырласа алатын, ішкі сырын Жаппар Иесіне ақтара алатын сенімі мен иманы кәміл адамдардың қолынан келсе керек. Алла мен адам арасындағы үндестік үдеуінің әдемі өзіндік үлгісін ақын мынадай өлең жолдарымен береді:


«Өтеді сынақ болған бұл бес күнім,

Құлыңның кешір Алла, білместігін!

Өлеңім - Мінажатым, Шүкірлігім,

Өзіңе бойсұнғаным - «үндестігім»!


Бердің сен Нығмет, мерей жырдан мығым,

Егінін иманымның қырман қылдым.

«Үдеуім» үйірілгенім Бір өзіңе, -

Бағытым, қозғалысым, жылдамдығым...»


Дәулетбек ақын Тәңір тауының арғы бөктерінде, Қытайдың Іле қазақ облысы Мұңғылкүре ауданына қарасты Тұғылшын баурайында дүниеге келген. Шыңжаң оқу-ағарту институтының физика факультетінде білім алып, оны 1988 жылы бітірген. 1994 жылы тәуелсіз Қазақстанға біржолата көшіп келген. 1994 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының, 2006 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. «Халық кеңесі», «Ислам және Өркениет» газеттерінде тілші, Қазақстан Жазушылар одағы жанынан шыққан «Әдебиет айдыны» газетінде Бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді.


Дәукең жаратылыстану саласында білім алып шыққанымен, жүрек қалауымен ақындықты таңдаған, физиканы лирикамен шебер жымдастыра білген ақын. Сондықтан, оның шығармашылығында «қозғалыс», «үдеу», «салмақсыздық», «өз өсінен айналу» тәрізді физикалық ұғымдар метафизикамен ұласып жатады. Яғни, жаратылыстың формуласын Жаратушының хикметімен байланыстыра біледі.


Ақынның лирикасы туған жерге деген сағыныш сезімінен байқалып, алаңсыз балалық балдәурен өткен жердің сай-саласы өлеңмен өрнек болып өріледі.


«Ақшоқым, айналайын Құр, Кесігім,

Аттауы, Бесқарағай жыр бесігім.

Қонақай қойнауың құт Мақшы жайлау,

Шәрбәт боп бал татыған бізге суың.


Сағындым бұлағыңды былдырлаған,

Қосылған бір жылғаға бір жылғадан.

Сәбидің күлкісіндей сыңғырлайтын,

Бұл күнде қайда қалдың бұлбұл заман.


Өткізіп, қадірлемей тірі күнді,

Адамдар бір тыймайды тілін улы.

Көзімнен жас парлады көңіл толқып,

Туған жер шын сағындым тұнығыңды!»


Кімге де болса, ата қоныс жер қымбат. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, бұл сағыныш жергілікті қазақтардан гөрі шет мемлекеттердегі қандастарымыздың бойы мен ойынан анағұрлым анық аңғарылатын тәрізді. Ата жұрт – Қазақ еліне оралуға деген арман-аңсарын, іңкәр сезімін сыршыл ақын «Азаматтық алған күн» өлеңінде былай білдіреді:


«О, менің азаматтық алған күнім,

Жүректің жібердің-ау, жалғап жырын.

Отаным, от құшағың ашылды ма?

Аңсаған орындалып арман-гүлім».


Дәукеңнің «Тәуелсіздік тағлымы» атты өлеңіне ән де жазылған. Жалпы, «әннің де естісі бар, есері бар» демекші, ақынның шумақтарынан ән, әуез сезіледі, көңілдің толқынысы, тебіренісі білінеді. Бұл, әсіресе, «Өлең», «Өмір», «Өнер», «Өлке», «Өр», «Өткел», «Өткен күн», «Өзгеріс», «Өңделу мен Өзгеру», «Өзекжарды», «Өгей», «Өкініш» атты Ө-шумақтарынан байқалады. Өзі «ләтипа» деп атаған жүрек қылын тербеп шыққандықтан, оның өлеңдері адамның жан-дүниесін баурап алады. Ішкі дүниесіндегі құбылыстар сыртқы әлемге мөлдір шықтай тұнып шығады. Мұны талғамы нәзік оқырман оңай аңғарса керек-ті.


Дәукеңнің өлеңдерінде ақынға тән эмоциямен қатар, терең ой бар, қорғасындай салмақты мән бар. Оның «Ғапылдықтың өртіне оранды әлем», «Билеген білімсізді дөрекілік», «Бірде көркем, бірде шөл мына заман» және тағы басқа өлеңдерінде адам мен әлемнің, заман мен қоғамның ащы шындықтары өзекті өртей сөз болады. «Ғасыр үні» деп аталатын өлеңінде ақын қасиетті Құрандағы «Аср» сүресінен шыға отырып, бүгінгі күннің рухани азғындығына қынжылады.


«Заманға серт, ерік бердік қиялға,

Негізінен адам-пенде зиянда.

Тағыланып кеттік қоғам тарпаң боп,

Жылу қалмай жел азынап ұяңда», дей отырып, бірыңғай түңілуге салынбай, мұсылман адамына тән кейіпте келешекке үмітпен көз тастайды.


«Ғасыр келер, Ғасыр өтер таң қалма,

Ту жығылмас туралықтай Заң барда.

Ақ ниетті ардақтайық, бас иіп –

Ізгіліктің жолындағы жандарға...»


Дәулетбек Байтұрсынұлы ойшыл-ақын, философ-ақын. «Өмір сүру мәні не жаратылып?», «Өмір солай, өзінің ырғағында», «Өмір сүргім келеді, өмір сүргім», «Мен кіммін?» және тағы басқа өлеңдері өмірдің мәні тақырыбына арналады. Жалпы, оның бүкіл шығармашылығы рухани ізденістен тұрады, өзін өзі танудан құралады, ақырында жалғыз ақиқат – Алланы табады. Сондықтан “иләһи жырлар” оның шығармашылығының негізгі тақырыбы, өлеңдерінің өн бойын алып жатқан өзек болып табылады. «Адамның жүрегі – Алланың айнасы», «Құранға сенген, құлшылық еткен құлыңмын», «Кешір Алла!», «Сен көрсеткен жолдамын» және тағы басқа көптеген өлеңдері мінәжат жанрына жатады. Сондай-ақ жаңа жинақтың соңғы бөлігінде берілген «Үш кітап» және «Асасындай Мұсаның» атты көлемді дүниелері иләһи толғаулар болып табылады.


Бұрынғы өткен қазақ ақын-жырауларының басым бөлігінде бұл тақырып міндетті түрде қозғалатын. Осы тұрғыдан алғанда ол жетпіс жылдық атеизм тамырдан ажыратқан және дәстүрді жаңа заманда жаңғыртушы жаңашыл ақын. Ол тәннен жанды жоғары қояды, дүние байлығынан иман байлығын артық көреді. Қазақтың абыз ақыны Абай:


«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес.

“Мені” мен “менікінің” айырылғанын

Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес», - деп жырлап еді. Осыған ұқсас ойды Дәукеңнің «Өткен күн өлім десе, сескенер ем» деген өлеңінен кездестіреміз:


«Әуелгі тән – топырақ тегімізді,

Табамыз байлатып ап иегімізді.

Адамдар алданады осы екен деп,

Пәк жанға ие болған сүйегімізді.


Пенденің осы емес пе ғаріптігі,

Тоқтаймыз Алла алдына барып түбі.

Жинаған иманыммен өлшенеді,

Жанымның семіз бе әлде арықтығы!»


Өз рухын «ғаршы мекеннен» көретін сезімтал ақын «қайран елдің» ғапылдығына күйінеді, оның «қайраттанып, қайта түлеуінен» үміттенеді. «Ғаламды ұстап тұрар көрікті етіп, адамды адам етер иман ғана» деп, елді ізгілікке үндейді, имандылыққа шақырады. Біз де өз тарапымыздан бұл үндеуге қосыла отырып, хақтың жолын қанымен рухына сініруге ақылас танытып жүрек ләтифасында тұжырымдалған жырларын оқырманға ақтара білген ақынға шығармашылық шабыт тілейміз, одан сыры қанық жырлар күтеміз.


Бақытжан САТЕРШИНОВ

Философия ғылымдарының докторы

(«Қазақстан заман» газеті 6 наурыз 2014 ж. №9) 

Бөлісу:

Көп оқылғандар