2016 жылдың ең бай жазушылары
Бөлісу:
Балаларға арналған кітаптар әлемде үлкен сұранысқа ие көрінеді. Өзге ұлттың жасөспірімдер тәрбиесіне деген ынта-ықаласы миллионер жазушылардың санын еселеуде.
Forbes журналы 2016 жылдағы табысы мол жазушылардың есімін жариялады. Көш тізгінін америкалық Джеймс Паттерсон ұстап тұр – оның жылдық еңбекақысы 95 миллион долларға бағаланған. Джеймс Паттерсонның қылмыстық триллерлері мен балаларға арналған шығармалары әлемдік әдебиетте жоғары деңгейде бағалануда. Оның бизнес әлеміндегі табысы жылдан-жылға өсіп жатыр. Автордың ең сәтті туындысы – Алекс Кросс атты инспектор жайындағы романдар шығарылымы.
Екінші орынды 19.5 миллион доллармен Американың балалар жазушысы Джефф Кинни иеленіп отыр. Бұл жазушының әйгілі «Осалдың күнделігі» атты бестселлерін дүние жүзінің 75 миллион жасөспірімі қызығып оқиды екен. Романның бас кейіпкері – Грег Хэффли атты қарапайым америкалық мектеп оқушысы. Кітапта оның түрлі қызықты да шыжықты оқиғаларға тап болып, басынан өткендерін өз күнделігіне жазып отыратыны баяндалады.
Ал үшінші орында Ұлыбританияның беделді жазушысы Джоан Роулинг тұр. Оның 2016 жылғы табысы 19 миллион долларды құрайды. Атағы жер жарған сиқыршы Гарри Поттер есімін барлығымыз білеміз. Сегіз кітаптан тұратын романды автор 1997 жылдан 2016 жылдың 31 шілдесіне дейін жазып бітірген еді.
Жылдық табысы 18 миллионға бағаланатын Джон Гришэм – төртінші орында.
Ал америкалық жазушы Стивен Кинг тізімге бесінші болып орналасты. Қорқынышты шығармалардың патшасы атанған Кингтің табысы 15 миллионды құрайды.
Айта кетейік, Forbes – күллі әлемдегі атақты деген тұлғалардың табыстарын жариялап тұратын бірден-бір басылым.
Ақбота Күзекбай
Бөлісу: