Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
Дидар Амантай. Кестелі сөздер......

13.01.2025 124

Дидар Амантай. Кестелі сөздер... 14+

Дидар Амантай. Кестелі сөздер... - adebiportal.kz

Ұлы романдар

Қазіргі заманда қазаның жиілігі, қатыгездіктің өрістеуі, немқұрайдылықтың көбеюі ұлы романдарды оқымағандықтан, ғұлама персонаждарды танымағандықтан, қамқор образдарды білмегендіктен туындап отыр.

Ұлы шығармалар адам бойына кісілік қасиеттерді егеді. Кітап адамды жанашырлыққа үйретеді. Кітап бала санасына жақсының ең жарқын қасиеттерін сіңіреді. Бүгінгі адамдар неге өзімшіл? Бір-бірінен жақсылық күтпейді. Өйткені олар материалдық игіліктің соңында жүр. Бар нәрсе ақшамен өлшенеді. Кез келген ойдың да, өлеңнің де, өмірдің де өлшемі – ақша. Бұрын кісі құнына ақша жетпейтін, қазір ақшаның құны адамнан артық.

Кітап, сонымен қатар, ой-қиялдың, ақыл-ойдың кеніші. Сөз қоры неғұрлым көп болса, соғұрлым ойды дәл жеткізудің мүмкіндігі де артады екен.

Жан-Люк Годардың бір сөзі бар: «Кино технологияға тәуелді, технология ескірсе, кино да ескіреді», - дейді.

Бізді, мысалы, қазір 1950-жылдары шыққан фильмдер көруге тартпайды. Бүгінгідей көп құрал-жабдықты, сан аспапты, жарқ-жұрқ еткен, еліктіретін оқиғалы кинодай әсер етпейді. Яғни, ескі кино деген түсінік бар. Бірақ, ескі роман, ескі кітап деген сөз естідіңіз бе? Әдеби туынды өлмейді. Ойшылдыққа, ерік-жігер еркіндігіне шақыратын кітап – адамзатқа қашанда замандас. Тұлға дегеніміз - бостандық иесі. Адамның ақыл-ойына ешкім билік жүргізе алмайды.

 

Ықшам форма (лаконизм)

 

Әдетте, жас қаламгер, әсіресе қазақ жазушысы, білген сөзін түгел жазғысы келеді, қалыптасқан дәстүр, орныққан түсінік бойынша, прозалық шығарманың басты қасиеті деп автордың сөзге бай, тілге шешен, дәстүрге беріктігін, адалдығын таниды.

Сосын, кітап қалыңдаған сайын қаламгердің таланты да артатын сияқты көрінеді. Неғұрлым ауыр болса, соғұрлым кең тынысты. Кең тыныстылық белгілі бір ортада дарындылықтың белгісіндей саналады.

Жаңсақ ұғым, ақыл-ойды әділетсіз билеген теріс пікір. Төгілген тіл әдеби сауатты екеніңіздің белгісі, бірінші алғышарт, бірақ жеткілікті емес.

Басқа да талаптар бар.

Негізгісі - көркем туындының дарындылығын күшінен білеміз, күші, қуаты, қайраты субъектіге тигізетін әсерінде жатыр, әсердің көлемінен өлшем табамыз, зор болса - шығарма да күшті.

Сізді өзіне сендірген туынды ғана сізге әсер ете алады. Жазғаны, баяндағаны баурап әкетсе... демек, әсерлі дүние жақсы стиль, туыс атмосфера, қызықты тақырып, мәңгілік құндылықтар нәтижесі.

Міне, талант осыдан тұрады. 

Көпсөзділік – тізгінсіз жылқы тәрізді, үріккен жағынан қашады, қашып бара жатқан бағыты қайда жетелеп апара жатқанын да түсінбейді, яғни біз атаған талаптарға жауап бермейді, демек, ситуация автордың бақылауынан, басқаруынан тыс, қаламгер оны уысынан шығарып алды.

Қорытынды: әдеби талант тіл байлығы, атмосфераны қалыптастыратын жазу мәнері, мәнердің сенімді оятқан күші, сенім туындатқан әсер, оқырманды толқытқан әсердің масштабы.

Осы.

                                                                 Аталған “кестелі сөздер” автордың «Кітаптардың ғұмыры» атты еңбегінен ықшамдалып  берілді...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар