Ұлт ұстазын ұлықтаған ұрпақтар үні

Бөлісу:

05.09.2016 6649

Файзолла Сатыбалдыұлы, Құранқари ақын, дінтанушы

 

ТАС ТҮРМЕДЕ

 

Тырнағыма қадаса да инесін, 

Білсін тағдыр өнер басын имесін. 

Өлсе өлер Файзолла ақын түрмеде,

Бірақ өлең өмір кебін кимесін.


 

 

Көре алмадым күннің жарық сəулесін, 

Көрдім бірақ бейнет-азап əуресін.

Тас түрмеде ұзақ жылдар отыру, 

Кім-кімнің де кетірер-ақ тəубесін.


 

 

Тағдыр солай жазған екен шара жоқ, 

Əттең, əттең, қас-дұшпанға таба боп. 

Жатқандығым жанға батып жазықсыз, 

Жүрегімде алай-дүлей жанады от.


 

 

Тоқтатамын өзімді-өзім сабырмен, 

Өткен күнді ескерместен жəбірмен.

– Уа, Файзолла, тəуекел де Аллаға, 

Жан болып сен жаралғанда қадірлі ең.


 

 

Түрме болып кете берсе тұрағың, 

Арман, мақсат орындалмас мұратың. 

Ғазиз басқа болар ма екен бостандық, 

Сахарада кеңес-дүкен құратын.


 

«Жазмыштан озмыш жоқ» десек те, 

Өкініште, қаласың көп есепке.

Ақиқат пен ақ ісіңді теріс деу, 

Адамдықты айналдыру есекке.


 

 

Айран шындық, жеңуің хақ түбінде, 

Сол үшін сен, уа, Файзолла, бүгілме. 

Алма-төкпе бұл дүрбелең ақтаңдақ, 

Жол ашқан шақ өсек-аяң, күбірге.


 

 

Ахаңнан да бейхабар боп отырмын, 

Көкірек – от, көңіл – тұман, соқырмын. 

Айран аға – ғұламасы қазақтың, 

Тамызығы өлең – жалын, отымның.


 

 

Ақ оралып, жүйрік озар күн келер, 

Сіз бен бізді тірі болып кім көрер?! 

Əттең сол күн сөйлер ме едің Ахмет, 

Ар алдында адалдыққа күн берер.


 

 

Адамды сен табар едің, ғұламам, 

Тура жолмен қайда жүрсең жүр аман. 

Ей, тіршілік!

Ар мен Ахаң беттессін,

Басқа тілек етсем де өліп сұраман.


 

 

1928 жыл. Қостанай түрмесі


 

 

АХМЕТ ҚАЙТЫС БОЛДЫ ДЕГЕНДЕ


 

 

Шынымен бұл дүниеден өткенің бе, 

Қайырылмай алды-артыңа кеткенің бе? 

Ахмет опат болды дегенді естіп,

Егіліп жылай бердім, тек дедім де!


 

 

Айрықша артық көрген ғазиз досым, 

Жоқ еді қысқада – кек, ұзында – өшің.

Алаштың қамын жеген азаматы ең, 

Сүйреген алға қарай Қазақ көшін.


 

 

Біраз жыл əр жерлерде болдым дəмдес, 

Тағдырдың жазғанына кім бар көнбес.

«Ақынның хаты өлмейді» деген бар ғой, 

Шырағың жағып кеткен жанар, сөнбес.


 

 

Азамат тату-тəтті болса сыйлас, 

Өлімге бірін-бірі сірə қимас.

Тең жорға төрт аяғы тұлпар едің, 

Сендей жан бұл фəниде қайта тумас!


 

 

Шұғаның қиқымы да деген – шұға, 

Жолың бар салып кеткен шүкір, тоба. 

Талап қып рухыңа Қараөткелде, 

Илһамды Ахмет досым, қылдым дұға.


 

 

Ақиқат ақ сөйлейтін туар заман, 

Боларын ондай күннің білмес надан. 

Халыққа зəбір берген зəнталақтың, 

Көрерміз сонда жайын болсақ аман.


 

 

Ғафу ет, жерлер болса тілім тиген, 

Шаһбоз дос құрмет тұтып, жаным сүйген. 

Тілеймін көрмесін деп кейінгі жас, 

Қамытты қиын күнде біздер киген.


 

 

Мен-дағы талай сырды ішке түйдім, 

Жазықсыз жазаланып, отқа күйдім. 

Бақұл бол, қайран Ахмет, ақ сұңқарым, 

Қош айтып рухыңа басымды идім!


 


 

Əбу Сəрсенбайұлы, ақын

РУХАНИ КӨСЕМ – ПАЙҒАМБАР

(Ахмет аға туралы толғаныстар)

 

1.


 

«Ойламаңдар:

Албырттықтан жетпеді деп шыдамы – 

Тағдырына өзге емес, өзі-ақ болды күнəлі».

Жоқ. Ол бізден бұрынырақ, айқынырақ ұққан-ды, –

Құрбандықсыз жеңе алмасын зұлмат атты

дұшпанды!»


 

 

Ахмет аға, осынау жолдар саған да ортақ, 

Түгелімен арналғандай дер ем сенің өзіңе. 

Ұлтың үшін жасқанбастан,

Сен де өлімнің тік қарадың көзіне.


 

 

Сенің өтер жолың қиын,

Жүгің-дағы өзгелерден батпан-ды. 

Сенің халқың селт етпестен,

Меңіреу ұйқы құшағында жатқан-ды. 

Атамекен: жері, мүлкі, –

Келімсекке түгелімен таланып, 

Күн кешті ұлтың,

Өз жерінде өзі өгей саналып.


 

 

Бодандықты сорлы жұртың, – 

Алмаса игі бір жолата мойындап, – 

Батыр қайда келімсекті, –

Кері қуар дойырлап? 

Кісенделіп айдалды да, – 

Күрес бастар батырлар, 

Ер орнына қалды кілең, – 

Бөрік киген қатындар.

Құрақ ұшып орындайтын, –

Мыс мұрттылар бұйрығын, 

Сəбилерше қызықтайтын, – 

Байқұтанның жіпке таққан құйрығын.


 

 

Түпкілікті ұмытылардай,

Намыс – деген, күрес – деген түсінік. 

Меңіреу миллят кетпесе игі, – 

Аждаһаның аранына жұтылып?!


 

 

Жер ғана емес, сананы да, – 

Отарлайтын улы сусын тауыпты,

Жасаған-ай, мəңгүрттену, мəңгүрттену, – 

Бəрінен де, бəрінен де қауіпті!


 

 

Бөгеу үшін ұлтқа төнген: 

Мынау апат – сұмдықты, –

Алдыменен, сылу керек, сылу керек, – 

Санадағы құлдықты!

Өзге жол жоқ, өзге жол жоқ, –

Сен осындай келдің батыл тоқтамға, 

Халқың үшін жалтармасқа, 

Дауылдан да, оқтан да.


 

 

Нартəуекел, жау тұрса да, 

Найза үйіре анталап, 

Қазағыңның келешегін, –

қалмақ болдың өз денеңмен қалқалап!


 

 

Ахмет аға, санасының шамшырағы, 

Сақаралық сəби сезім қазақтың, 

Сені тəңірі мойымастай,

Батпанына халқым деген қасиетті азаптың. 

Мешеу елді құз құлаудан, –

Тарихи өрге ауырсынбай көтерер – 

Қабырғасы қайыспайтын, –

Қайсар төзім қара нар ғып жаратты!


 

Ахмет аға, рухани ұлы көсеміміз, – 

Халқымыздың өнегелі ардағы.

Келешекті кеңнен болжар, – 

Көрегенді кемел ойдың саңлағы.

Ұлы апаттан алып шығар арманның, – 

Абзал жолын келді дұрыс таңдағың!

...Жолдар, жолдар, күрес жолы, 

Сан бұлтарыс, сан иірім тарамы,

Сен алғашта албырт, аңқау шəкірт көзбен 

Сұқтана да, шошына да қарадың.

Елес берді ер бабалар,

Жоңғар, Алтай, Орал таулар асқарында, 

Басқыншыдан елін қорғап, –

Таң атырған, кірпік ілмей, ат жалында.


 

 

...Кезекті бір иірімде: Кəрі Юлай, 

Ер Салауат: жасыл бөрік басында. 

Құлағында Башқұрт жыры:

«Ей, бригадир болған ол 22-і жасында...» 

Ұқсасты олар əкеңе де,

Албырт мінез, жалын жүрек Ақтасқа, 

Ғұмырларын құрбан еткен,

Жұртым – деген ұлы арман мақсатқа! 

Неткен ерлік, неткен сымбат,

Ел қорғаны – мақтаныш! 

Арманың не, сен осылай,

Халқың үшін шығар болсаң аттанып!


 

 

...Кенеттен бір сұмдық сурет,

Селк еттің сен қаның қаша бозарып. 

Кісенделген кəрі Юлай, ер Салауат, 

Ерін тілік, құлақ, мұрын тоналып.

Жасаған-ай, неткен сұмдық, неткен қорлау, 

Рақымсыз, зұлмат, қай заман? –

Зəулім баған, тұрды азамат шегеленіп, 

Жанды кірес бағанаға айналған.

Сен шошынып бетті бастың,

Əке рухы қорланбас па намыстан.

«Қоян жүрек жасық па едің,

Туды десем жаудан таймас Арыстан...» 

Əруақты əке, тұлпар тартып, дойыр сыйлап, 

Жиі-жиі көрінетін түсіңде.

Ал, бұл жолы найза тартты, 

Шақшақ ұлы Жəнібек баба пішінде. 

Сен найзаға қол созған ең,

Жалт бұрылып, тартып алдың бірақ та, 

Шешіміңе тоқтау салған,

Салиқалы үн жетті де құлаққа:

«Сабыр, сабыр, сабыр ұлан, 

Ойлан ұлан, барма асығыс үкімге, 

Миллят көшін оймен бастар, – 

Замананы болжап, жете түсін де, – 

Санасына сəуле түсір жұртыңның,

Мезгілі өткен құр найзамен кішірме...» 

Елес берді Ыбырай бабаң,

Сом тұлғасы мыңды жеңген 

Абайдың, Ой арманы секілденді 

Сарыарқада, Шалқып жатқан бейне мөлдір ақ айдын.


 

 

Сен мөлдірге шөліркене көз жібердің тамсанып, – 

Сусынындай, бүршіктеніп, толыспаған санаңның.

 Тыңдай бердің қазағыңның бас ақыны, –

Ұлы Абай өршіл озат арманын, –

Сол арманнан айналып нұр шапаққа, –

Бүкіл қазақ санасына шамшырақ боп маздадың.


 

 

...Түрмелерде жас кезден-ақ,

Ұлтың үшін тартсаң да азап мың түрлі, – 

Қайыспадың, «ҚАЗАҚ» атты үн тілімен, – 

өлі ұйқыдан сен ояттың жұртыңды!

...Зұлмат дəуір жендеттері атты сені, – 

Қорғадың деп ұлтты, ұлттық арыңды. 

Сұм дəуірмен соттасамыз,

Даулап сенің қасиетті қазақ деген қаныңды!


 

Тəнің өлді, рухың жарық жұлдыз боп, – 

Тəуке, Абылай аспанының, –

Түсіреді арманыңның ақ сəулесін – 

Көкірегіне қазақ жастарының.

Тіктің қайта сен аңсаған, 

Алашыңның ар байрағын, 

Əруағыңмен жебе бізді,

Рухани көсем, уа, əулие пайғамбарым!


 


 

 

 

АРДАҚТА, АНА ТІЛІҢДІ!

(Ахмет Байтұрсынұлы монологы)


 

 

Балғын ұрпақ, жолыңа нұр тіледім, 

Аулақ болғай сендерден мұң сілемі. 

Ана тілін қорсынар кейбіріңнен 

Жəбірленіп, жаныммен түршігемін.


 

 

Көшкен елмен өмірдің күн шуағын,

Кейде ауыр ойлардан тұншығамын. 

Ана тілім – қасиетім жырымдағы, 

Тілім бітсе, халқымның құрығаны.


 

 

Сəлем саған, жас буын жалғастарым, 

Болашақта сендермен жалғасамын. 

Тек жалғасам қазақтың тілі арқылы, 

Ана тілін ауадай ардақтағын!


 

 

Сақтар болсаң халқыңды – тілді сақта, 

Баға жетпес мұра жоқ тілден басқа!

Тілден өзге жиһаздың бəрін түгел, 

Базарлайсың қалтаңда ақшаң жатса!


 

 

(Ғасыр мен ғасыр беттессе. – Алматы: Жазушы, 1995.-272 б., Б. 31-37)


 


 

Сырбай Мəуленов, ақын

 

ҒИБРАТТЫ ҒҰЛАМА


 

 

Жасынан шырқап шыққан жақсы атағы 

Елінің əулиедей ақсақалы.

Қараңғы адамдардың зердесіне, 

Тараған таң нұрындай ақ шапағы.


 

 

Сөзінің ойы терең, оты күшті, 

Уақытты озған орап оқымысты. 

Ел оқып оның жазған ғибратын, 

Жетілді сарайына тоқып ішкі.


 

 

Ол салған жолға түсіп талаптанып, 

Өмірлік сұрағына жауап тауып.

Басына жастап жатып əліппесін, 

Сан ұрпақ көзін ашты сауаттанып.


 

 

…Ажалға оны елі қия алмады, 

Жүр деді Колымада қияндағы.

Шығарған оның мұңлы əні айтылып, 

Шертілді көңілдегі күй-арманы.


 

 

Теңізбен, жермен, шөппен байланысып, 

Халқының тірлігіне айналысып,

Рухы Ахметтің ел үстінде,

Жүр деді арманындай айнала ұшып.


 

 

Осындай ол жайында аңыздар көп,

Ол айтты деген жыр мен уағыздар көп. 

Қарыздар болмай кетті ол халқына,

Ал халқы қалды оған қарыздар боп.

 

(Коммунизм таңы, 22 шілде 1989)


 


 

Ғафу Қайырбеков, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық жазушысы

 

 

АХАҢ ТУРАЛЫ АҢЫЗ


 

 

Алламен атың ұқсас арыстаным, 

Шыққанда Лаухил Махфуз – ғарыштан үн. 

Тіл қатқан сол Тəңірге адамзаттан –

Сен едің, құлақта əлі дауыстарың.


 

 

«Ахмет Құдайменен сөйлесіпті» – 

дегенді жер құлағы сан есітті.

Құдай да қазақшаға жүйрік екен – 

Екеуі бір рахат күй кешіпті.


 

 

«Қазақты Құдай оған «ел қыл» депті, 

Еншіңе ен даланы бердім депті.

Сондағы Елшім сенсің, саған сенем – 

Беделім, сен боласың белгім – депті».


 

 

Ал содан бастады Ахаң тілден бəрін, 

Алғандай Айдан – қуат, Күннен – жалын. 

Тазартты ылас сөзден, кір-қоқыстан – 

Нəр құйды, тіл емдеудің білген заңын.


 

 

Көтерді ғылыми тілге дейін оны, 

Мағынасы бəрі – жаңа, бəрі – соны. 

Содан соң ашты ғылым қақпасын ол – 

Адамзат дамуының сара жолын.


 

 

«Сен түгіл Құдайыңның өзі білген, – 

Тіліңнің қасиетін сезіп, үйрен!»

Деді де қазағына, бауырына –

Жоқ еді осы жолда көзін ілген.


 

Не керек, сор ма біздің маңдайдағы, 

Айыпты үйіп-төгіп қай-қайдағы.

Көпсініп алтын басын пақыр елге – 

Қамады, қырға айдады, ойға айдады.


 

 

Ойлаған жеткізбеді мың ісіне, – 

Тағдырдың дегенінше, мұнысы не? 

Кезінде Көк Тəңірісі ұйықтап қалған 

Атты оны «жер құдайы» түн ішінде! –


 

 

Естідім осы аңызды бала шағым, 

Кезімде ой – аласа, сана – шағын.

Көз қиып Ахаңды ату неткен сұмдық – 

Қазақтың атқаны ол болашағын.


 

 

Бəрі бар халық айтқан осы аңызда, 

Жақсыға жасық сөзді қосамыз ба? – 

Халық бар, халық болса Ахаң да бар 

Əнекей, отыр қазір ортамызда.


 

 

Шілде айы, 1991.

 


 

АХАҢ ТУРАЛЫ ОЙ


 

 

Жаралып асыл Торғай топырағынан 

Қазаққа болып кеткен ортақ ұлан.

Ұлдар көп, ең бастығы Байтұрсынұлы – 

Ахаң – деп, өз ағам деп ел таныған.


 

 

Ол өткен ауыр жолдар, асыл жолдар,

Болашақ асылдардың басын жалғар. 

Ілінген мəдениет сарайында –

«А» деген əліппенің басында ол бар.


 

 

Əуелден бас болуға жаратылған. 

Жарқырап жарық жұлдыз дара туған.

Əр сөзі Пайғамбардың тасбиығы – 

Əр тасы дұғаменен таратылған.


 

 

Қасқиған қазағыңның кең маңдай – 

Далаңның жеткізбейтін жер шалғайы. 

Көз тіккен көлеміне көк аспанның – 

Түнекті түріп түс кен найзағайы.


 

 

Данасы қазақ түгіл ер түріктің, 

Тарихы жеті ғасыр, жеті жұрттың. 

Миына керуендей түнеп қалған, 

Шыңына шыға алмаған ентігіп күн.


 

 

Алламен аты қатар Ахаң еді, – 

Бүгін де алғысымен атар елі, –

Атыңнан мен де айналдым, қайран атам, – 

Əрқашан тастамасын батаң мені.


 

 

2003 жыл. (Ғафаңның отбасылық мұрағатынан алынды)


 


 

Жолдыбек Мұқан, айтыскер ақын

 

АХАҢДЫ АҢСАУ


 

 

Жолаушыдай боп түн қатып, 

Кететіндей ме тіл қатып.

Қасірет қанша көрсе де, 

Өмірге жан еді шын ғашық. 

Өзіңді іздеп сағынып, 

Ұрпағың отыр толғатып.

Шығардың ерте атыңды, 

Пікірің ашық батыл-ды.


 

 

Таныған қазақ ежелден, 

Батырдан бұрын ақынды. 

Сенделген сонау заманда 

Анаңа жаздың хатыңды. 

Заманға қарсы шаң тұрып, 

Көрмеген қазақ бақ тұнып. 

Бабалар аттан түспеген, 

Саурына тұлпар қақ тұрып.


 

 

Ерлікпен өткен атаңда, 

Жауына найза лақтырып. 

Жүректен шыққан өрт үні, 

Тағдырдың берген мол сыйы. 

Еңіреп кеттің ел үшін, 

Өтелмей қалды-ау.

Еске алып сені толқыды-ау,

А қкөлдің ақжал толқыны.


 

 

Жастығың қайда болған жаз, 

Құрбыға қалды-ау айтқан наз. 

Күймеге жеккен «қос жирен», 

Себепте болған болған.

Қайда деп «Қарғаш» іздер ме,

Ақкөлден ұшқан қоңыр қаз. 

Арқалап Кеңес жазасын, 

Кездің-ау Сібір даласын.


 

 

Тінткенмен бойын Балтықтың 

Сүйегін қайдан табарсың.

Тіріңде таппай қу дəуір, 

Өлгенде берді-ау бағасын. 

Соққанда дауыл ашынып, 

Көңіліңді кетер сапырып. 

Шымырлап ағып Қарасу, 

Жатқандай сені сағынып.


 

 

Күдерін үзіп күрсінер, 

Ақкөлің дір-дір басылып. 

Жүрегінен халық табылдың, 

Əлемге айқын танылдың.

Айдаудан айдау қажытып, 

Топырағыңды туған сағындың. 

Қамынан басқа ұлтыңның 

Ешкімге жоқ еді жазығың.


 

 

Туатын ерді ел - дейді, 

Ері жоқ елді жер,- дейді.

Халық жауы болды дегенге,

Ешкім де енді сенбейді.

Ардағым болар ұлы – Ахаң,

Шырағың мəңгі сөнбейді. 

Гүлдейді жаның гүлдейді, 

Тек тəнің мұны сезбейді.

Қанішер қапас қас күнге, 

Төзбейді ұрпақ төзбейді. 

Сау болса елім, Қазағым,

Өлмейді, Ахаң, өлмейді.

 


 

(Киелі Ақкөл – мекенім. – Қостанай: Шапақ, 2010.-240., Б.47-48)


 


 

Хамитбек Мұсабаев, ақын

 

 

АХАҢНЫҢ АҚТЫҚ СӨЗІ

(Толғау)


 

 

Файзолла досым, аса қымбатты! 

Мұң менен азап жаныма батты. 

Өтпелі дəуір – өкініш... у-ы, 

Асау өзендей толқыны қатты.


 

 

Өзіңе аян – өмірім, ісім,

Көрдім ғой бейнет туған ел үшін. 

Жабылған нақақ жаланы ойласам, 

Өзегім күйіп, өртенед ішім.


 

 

Ойсоқты болып, қатты ғой басым, 

Көзімнен көл боп ақты ғой жасым. 

Сергелдең кешіп, сарғайып санам, 

Төбемнен тура түсті ғой жасын.


 

 

 

Көбейген шақта сақалдың ағы, 

Кетті ғой тайып ағаңның бағы. 

Темір құрсаулы түрмеге мынау,

Бесінші ретмен қамалдым тағы.


 

 

Ана сүтінен ақындық дарып,

Жыр жазып едім, отырмын налып.

«Халық жауы» болып қасірет шеккен, 

Бұл күні енді мен де бір ғаріп.


 

 

Езіліп жүрек, егіліп жүйе, 

Өзіңе өзің бола алмай ие. 

Енесі өлген ботадай боздап, 

Өкінесің кеп өзегің күйе.


 

Дамылдап бір сəт таба алмай тағат, 

Кеттім деп апыр-ау, қай жерден ағат. 

Түсесің ойға иір де шиір...

Елестеп көзге мақсат пен мұрат.


 

 

Жегенім – желім, ішкенім – ірің, 

Түсінер түбі – пір тұтқан халқым. 

Басты кінə боп тағылды-ау, қалқам, 

Сүйгенім туған ұлтымның тілін.


 

 

Бола ма сұмдық дəл мұнан өткен, 

Сталин заңы шықты ғой шектен. 

Жауапты жерде безбүйрек жандар, 

Аяуды білмес, мейірімсіз неткен.


 

 

Тегінде бəрін алған ғой таңдап, 

Қол қойдырады азаптап, зорлап. 

Сенбейді-ау айтқан сөзіңе адал, 

Мазақ қылады табалап, қорлап.


 

 

Көрсе ғой шіркін, Тəңірінің өзі, 

Тартылар еді-ау əр істің тезі.

Тұнжырап туған бұл мұртты көсем, 

Қылды ғой əбден халықты мезі.


 

 

Серпіліп сонда ашылар тұман, 

Тыйылар жөнсіз күдік пен күмəн. 

Кесапат күндер келмеске кетіп, 

Туады анық нұрлы бір заман.


 

 

Жасымда мынау алпыстан асқан, 

Нұр тайып беттен ажарым қашқан. 

Отырмын мең-зең айыпқа бастып, 

Туған халқыма атанып дұшпан.


 

 

Сырқырап жан-тəн, сыздайды жүрек, 

Еленбей əсте елге еткен еңбек.

Еңсемді басып, есімді алған, 

Ашылар қашан бұл қара түнек.


 

 

Соңымнан ерген қуатты бір лек, 

Үркердей шоғыр келе жатқан түйдек. 

Міржақып, Сəкен, Мағжан мен Мұхтар, 

Болса екен аман деп тілеп тілек.


 

 

Атырам таңды, батырам күнді,

Бар шығар жандар менен де мұңды. 

Қаншама азар берсе де даттап.

Мойындамадым тағылған мінді.


 

 

Сезеді жүрек... ажалым жақын, 

Өлмейді босқа азамат ақын.

Өзіңе досым, аманат жырым, 

Бұл жазған тегі ең соңғы хатым.


 

 

Отанға сенем, халқыма сенем, 

Айтыңдар менен ұрпаққа сəлем. 

Жеткізер түбі еліме байтақ, 

Атымды менің ақсұңқар өлең.


 

 

Ауысар ұрпақ, алмасар жылдар, 

Уақытпен біздің жалғасыр жылдар. 

Жояр ма құнын елге еткен еңбек, 

Егер де ұрпақ табылса құндар.


 

 

Келеді алысып ақ пенен қара, 

Қайғы мен қуаныш, бақ пенен нала. 

Ежелден бері өтуде осылай,

Жаға жыртысып шындық пен жала.


 

 

Жеңеді түбі əділет бірақ, 

Болады анық жауап пен сұрақ. 

Ашылса көзі басынан тұнып,

Мұхитқа айналар жылға мен бұлақ.


 

Тынбаған бір сəт сүюден халқын, 

Сəдуақасов Смағұл марқұм: – 

Голощекин мен Сталин бізді, 

Тұйыққа тірер, – деп өтті əр күн.


 

 

Ұғар ма айтшы, ғалымды надан? 

Қажытты бізді қаншеңгел заман. 

Жатырмын тілеп Бейімбет, Ілияс, 

Əлихандар болса деп аман.


 

 

Шəкəрім – ағам, Жүсіпбек – інім, 

Біреуі – айым, біреуі – күнім.

Ақиық еді-ау, опат боп кетті, 

Сүюден тынбай халқы менен елін.


 

 

Ұстаймын мен де солардың жолын, 

Ажал мен апат оңым мен солым.

Болса егер қатем, кеше гөр елім,

Күткенім енді менің де өлім.


 

 

Сағынтты мені сүйікті мекен, 

Түсіме кірді апам мен көкем. 

Он сегіз жылға сотталған еді-ау,

Патшаға қарсы күрестен əкем.


 

 

Мерзімін өтеп қайтқанда елге, 

Қарсы алдық шығып жазира белде.

«Ақкөлім саған жеттім бе шын» деп, 

Топырақты сүйді жата қап жерге.


 

 

Мені де шырмап сағыныш сондай, 

Ақкөлді ойлап, құмарым қанбай. 

Отырмын досым, ертеңім маған,

Сыйлайды екен тағдырды қандай?


 

 

Ақкөлде шіркін, көзімді жұмсам, 

Бір төмпешік боп сол жерде қалсам.

Арманым жоқ қой, қабірімді сонда, 

Құшақтап тұрса майқара жусан.


 

 

«Қазақ емес, біз ежелден қырғыз, 

Аталып солай жазылған елміз.

Сен келіп оны қазақ деп жаздың, 

Дейсің оқуды қазақша жүргіз».


 

 

Халықпыз күншіл бірлігі осал, 

Білімсіз, ойсыз, тірлігі нашар. 

Ру-ру боп шуылдап жүрміз, 

Ұлт болмасақ береке қашар.


 

 

«Ойладың жаулық советке əр күн, 

Мысалдар жазып дүркін де дүркін. 

Əліппе жасап, «Тіл – құрал» қылдың, 

Зорлап кіргізіп арабтың əріпін.


 

 

Бітеді ертең дəмің мен тұзың, 

Бүгіннен бастап тірліктен безін. 

Орысқа үйлендің, себебін айтсақ, 

Жек көресің сен қазақтың қызын.


 

 

Өтірік деп айтшы осының бəрі, 

Болмайды енді қулығың дəрі.

«Халық жауысың» бетін бояған, 

Өмір сүрмейсің сен мұнан əрі».


 

 

Осылай деп бір қанқұйлы қазақ, 

Басыма менің төндірді тозақ.

Дедім мен оған: – Білгеніңді істе, 

Сендерге енді бола алман мазақ!


 

 

Сүрдік қой өмір сүреңсіз шақта, 

Тасталдық жанған қып-қызыл шоққа. 

Бір кезде саған аманат қылған, 

Мұрамды жеткіз келер ұрпаққа.


 

Елу жыл өтер немесе ғасыр, 

Айығар сонда бүгінгі тасыр. 

Тексеру болар тарихқа түгел, 

Талқыға түсер жасық пен асыл.


 

 

Сенемін досым, өлгенмен өзім, 

Ұрпаққа жетіп өлмейді сезім. 

Ақиқат таңы атады анық, 

Осыған менің жетеді көзім!


 

 

(Өлең алғаш 1989 жылы қарашаның 8-і күні

«Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған)


 

Серік Тұрғынбекұлы, ақын

 

АХМЕТ


 

 

Қайран Аха!

Өзіңменен сырласайын.

Сырласайын – мауқымды бір басайын. 

Бұлт астынан жарқ етіп шыға келген 

Құшағымды өзіңдей күнге ашайын.

Алдыменен алайын мақұлдасып, 

Мақұлдасып – сонан соң ақылдасып. 

Зымырайын Заманның аңғарымен 

Шындық деген тұлпарға тақым басып.


 

 

Ахаң, Ахаң! Ғажайып Ахаң, Ахаң!

Кешіре гөр атыңды атамасам. 

Өзің еккен егіннің диханы боп, 

Арам шөбін болмайды отамасам.

Бұлақ көрдім биіктен – тау басынан 

Соған барам шөлдесем – қаталасам. 

Ойсыраған орының толмаса да, 

Күтті сені қанша жыл – Ел босаға, 

Амал нешік?!...

Дəстүрден тайды халқым, 

Аққуларды атуға болмаса да!


 

 

Əлдекімге білегің жақпады ма, 

Əлдекімге ұлы ұғым жақпады ма?

Пайғамбардың жасына жеткен шалды 

Ақ-қарасын айырмай атқаны ма?!

Қанатымды самғатып қақтырмады, 

Жан отымды лаулатып жақтырмады. 

Керек болған халқыма қазынаны 

Көзден ғайып қылды да, таптырмады!


 

Ескі жара ауызы шорланғанда, 

Əзер даусым шығады қорланғанда. 

Дəстүрімді құтқандар аман қалып, 

Ал, оны қорғағандар –

Қор болған ба?! Байлау барда – 

Бақырту матау барда.

Қырқып-жұлып, жұлмалап отау барда, 

Қарап жүріп қор болып кетем бе деп, 

Қорықтым сенің атыңды атауға да.

 

Кейде өзіңмен сырласып қайран, 

Ахаң Мұңға малтып,

Күйге елтіп, Ойға батам...

Өзің берген біліммен қорғанбасам, 

Өзің берген тіліңмен сайрамасам. 

Өзің айтқан дəстүрді қолданбасам, 

Өзің айтқан көп сырды толғанбасам,

 Қазақ тілі қансырап қалар ма еді, 

Озық ойлы Азамат сен болмасаң?!...


 

 

Жүрегіңе бəрін де жинағасын, 

Азабына төзесің – қиналасың. 

Білдің сен,

Əкеге əкіреңдеп,

Өз ұлының шешесін сыйламасын! 

Жұт кетпеді айналып аймағыңнан, 

Көңілге дық орнады, ойға-күмəн. 

Сүттей таза халқымды іркіт қылып. 

Алдыменен айырды қаймағынан.


 

 

Серілікті жүре алмай еркін құрып, 

Сөйлетпеді сергітіп, серпілдіріп. 

Шиедей ғып шетінен шетінетті 

Мықтыларды маңдайдан шертіп жүріп.


 

Қайран Аха!

Сен, сөйтіп «аһ» ұрдың ба,

Көрер таңды ұйқысыз атырдың ба?! 

Борлай тозып божырап кетпесін деп, 

Ел-жұртыңды бірлікке шақырдың ба? 

Түсіндің бе, болған соң дана-ғалым, 

Шарапаты тисе деп жан ағаның.

Ауылынан əділдік табам ба деп 

Ауа көшіп – Абайды паналадың.


 

 

Қандай тағдыр кез қылған қатал кекке, 

Абыз едің тараған батаң көпке.

Ақ тілекпен,

Ақ теңіз ар жағынан

Жаутаң-жаутаң қарадың туған елге.

Құрдас тəнті өзіңе, құрбы – кішік, 

Тіл қата алмай ішінен тұрды ұғысып. 

Сағыныштан сарғайған Торғай жері

Жүрді ме екен көзіңнен бір-бір ұшып.


 

 

Тамырынан өртенген жердің шөбі... 

Енді қайтып келместей көрдім сені. 

Өзің сүйген халықтың көз жасы мен 

Тиді ме екен кім білсін, Елдің себі?!.... 

Тілін,

Дінін,

Əдет-ғұрпын сүйген Елін-жерін,

Жамағат-жұртын сүйген. 

Ұғымы мен ойы артық – Ұлы Адамды,

Одан қалған өмірлік мұраларды 

Өлтіре алмас, ешкім де, сірə, мəңгі!!!

 

 


 

(Жерорта: Жыр кітабы. – Алматы: Жазушы, 1998.-208, Б. 99-104)


 

Серікбай Оспанов, ақын, ғалым

 

АХАҢА АШЫЛУ


 

 

Халқым-ау деген қалпыңды, 

Жасырып жанға бөледім.

Ахам-ай, ардақты атыңды, 

Атамай қалған жоқ едім. 

Табындым саған əрқашан, 

Оралар-ау деп нұр – күнмен. 

Дір еттім атыңды атасам, 

Жүрекпен айтып жүрдім мен... 

Қалған жүрек шайлығып, 

Шығармай жүрді, ел үнін көп. 

Қайқаңдайтынбыз қаймығып, 

Айта алмай ана тілім деп.

Шындықтың көзін оятып, 

Қаһар бар қалай батамыз. 

Нағылет айтып қоятын, 

Əділет іздеп атамыз.

Ұмытқан емес сені бір, 

Отырды елің еске алып.

«Ахаңның əні» деп салып, 

Жырыңнан таттым балқаймақ. 

Жалғады өлмес сеніммен, 

Əніңді айтып айғайлап.

Жаныңды ұққан едім мен, 

Бүкпеймін сырды бүгін мен. 

Көгіндей еттім көгалдың, 

Үніңмен мұхит біліммен.

Тіліммен қайта оралдың, 

Шекесін шердің қашшайтын. 

Шындыққа енді жүгінсем, 

Халықпен мəңгі жасайтын – 

Əліппем, ана тілім сен!

Əліппем, ана тілім сен!


 

Қайырбек Шағыр, жорналшы, ақын

 

АЛАШТЫҢ АХМЕТІ – ҒҰЛАМАСЫ

 

Кезде сол ғасыр беті жаңа ашылған, 

Бұл қазақ кемдік көрген жанашырдан.

«Алашым, ұйқыңды аш» деп ұран салды 

Бір арыс ел бағы үшін жаратылған.

Жат пиғыл таптамасын, жасқамасын, 

Алаштың оқытсам деп жас баласын 

Қайрат қып қаруымен, қаламымен 

Қайыспай соқты тауға, тасқа басын. 

Ахаң боп түн түнегін жара көктеп,

Сөйледі «Қазақ», «Айқап», «Жаңа мектеп»:

«Ей, болашақ, қалдырма өз көшіңнен, 

Менің момын халқымды ала кет» деп. 

Көз жасы бодандықтан жиі ағатын,

Күнді аңсап қазақ есін жыя алатын 

Кетті əке ақ патшаның тепкісінде, 

 Бұл көрді қызыл қоғам қиянатын.

Ауыр сын тағдыры оған қылды несіп, 

Мұқалмас өр рухы бірге ілесіп

Қалды алыс қайран Аққұм, ару Ақкөл, 

Мұз-қарын Ақ теңіздің жүрді кешіп.

Осылай өтсе де Ахаң қам көңілмен, 

Күн жетті көкжиектен таң көрінген. 

Оқ тескен от жүректің бір ғұмыры 

Оралды ортамызға мəңгі өмірмен. 

Бұғауын сұм заманның үзіп қашып,

Бұл күнмен əні астасып, жыры ұштасып, 

Алаштың Ахметі – ғұламасы

Барады ғасырлармен иықтасып.

 

 

(Қазақстан мектебі №6, 81 б., 1998).


 

Жамбыл Дүйсенұлы, оқушы

 

ҚАЗАҚТЫҢ БАҚ ЖҰЛДЫЗЫ


 

 

Елім деп еңіреген қайран ерім, 

Қашанда қазақ қамын ойлап едің. 

Ұйқыда жатқан ұлтты «маса» болып, 

Оятып, азаттыққа қайрап едің.


 

 

Қайрап ең адамдыққа, білімге үндеп, 

Тұтатып ар-намыстың шоғын үрлеп. 

Түрмеге, айдауға сап «көре алмастар», 

Тірлікте тыным бермей, жүрді күндеп.


 

 

Жаныңа жағып күйе қаралады,

«Халықтың жауысың» деп табалады. 

Басыңа пəле төнген қиын шақта, 

Араша болуға ұлтың жарамады.


 

Сорың да, бағың болған қазағыңа, 

Ұлт үшін күресте түстің өмір азабына 

Ар үшін шыбын жанды құрбан етіп, 

Төзгенсің НКВД азабына.


 

 

Жайратты адасқан оқ, тиіп саған, 

Естимін жан айқайын, күйіп барам.

Өмірден ұлт деп өткен ер Ахмет, 

Қашанда сенің орның биік маған. 


 

Əлихан, Міржақыптай саңлақтарым,

«Нəубет жыл» қойды жұтып, жалмап бəрін... 

Алашта арда туған ақиық асылдарым.

 

Қорған боп жатсын ұлтқа рухтарың! 


 

Тағдырдың тартқан талай тауқыметін, 

Қазақтың бақ жұлдызы – Ахметі.

Мерейтойлық тойыңда тілейміз біз, 

Алланың болсын қорған құдіреті!

2012 жыл.


 

Оралбек Ысқақ, студент

 

АХМЕТКЕ АРНАУ


 

 

Мұңын жырлап жиырмасыншы ғасырдың, 

Қазағыңа шуақ болып шашылдың.

Ұлтың үшін зар еңіреп жүрегің, 

Ақиқат пен шындыққа кеп бас ұрдың.


 

 

Өр мінезің қазағым деп салды ұран, 

Ұрпаққа айтар өлең еді бар мұраң. 

Масадайын жырмен шағып ояттың, 

Қиын шақта ел санасын қалғыған.


 

 

Жүрегіңді кернегенде өгей мұң, 

Елдің жүгі оңай соқты демеймін. 

Көкірегің құса-дертке толды ғой, 

Жатып ұзақ түрмесінде Семейдің.


 

 

Өкініштен сонда тұрып нар аға, 

Хат жазып ең қалам ұстап анаңа. 

Абақтыда өте берді тыншып түн, 

Қасіретің айналды да жараға.


 

 

Сені еске алдық қайғырсақ та жұбансақ, 

Арқаң еді шабытты өлең шығарсақ.

Тынбай шарлап қалықтайтын көгімде, 

Бір аққу құс əндеріңді жүр аңсап.


 

 

Жүрем ылғи күн болғанда нөсерлі, 

Аралаумен атыңдағы көшеңді.

Ақша бұлттан нұрлы бейнең қол бұлғап,- 

деп тұрғандай туған халқым қош енді.


 

 

Тұра алар ма сағынышын күз жырлап, 

Арман кеме бақытымды жүзді ұрлап.

Біздің өлке əлі өзгере қойған жоқ, 

Қандай екен келіп жеткен сіздің жақ?


 

 

Күз де жетіп гүл де толды ақ қырға, 

Қайта аңсаған бақытыңды таптың ба? 

Туған жерге сағынышы басылмас, 

Адам түгіл жүрегі жоқ аттың да.


 

 

Қайта оянған ұлттың рухын тойлар ма ек, 

Өткен жайлы айтылғанмен ойлар көп.

Егемендік алғанымен еліңіз, 

Еркіндікке əлі жете қойған жоқ.


 

 

Отаныңа орнағанмен ғажап күн, 

Сонда көрген бақытымыз аз-ақ тым. 

Бұл күндері тамсандырмас талайды, 

Өзге тілде сайрағаны қазақтың.


 

 

Мұңды жанның кейпіне енген дала тұр, 

Біздің заман шын өзгеріп баратыр.

Анамыздың ақ сүтімен дарыған, 

Қасиетін жоғалтуда ана тіл.


 

 

Сіздің заман батыр заман, нар заман, 

Біздің заман пақыр заман, тар заман. 

Тұзақ көріп бірін-бірі арбаған, 

Майлықожа жырлап өткен зар заман.


 

 

Ақын аға рухың бізді қолдаса,

Өрге апарар жырларыңнан жол жаса. 

Баяғыша ел жалған құжат жүзінде, 

Тек еркіндік алмағаны болмаса.


 

 

Шетелдік жүр еңіретіп зар жұртты, 

Бай жымияр майға малған сəл мұртты. 

Ұлы Отаның – Нұр Отанға айналып, 

Алашорда партиясын жаңғыртты.


 

Осылайша өткіземіз айларды, 

Көкіректе қанша айтпаған ой қалды. 

Дінің болса шетел құртқан о да аға, 

Сақалдының ермегіне айналды.


 

 

Бір мезетке ұрпағыңа қарап қой, 

Жырларыңыз көп адамға таратты ой. 

Жиғандары иман емес жүрекке, 

Құйғандары жарты кесе арақ қой.


 

 

О дүниеде жай тапты ма жаныңыз, 

Арайланып атуда ма таңыңыз?

Бұрынғысы əлі өзгере қоймаған, 

Тура осындай аға біздің халіміз.


 

 

Өр кеудеңе ұялаған тұнба жыр, 

Елге деген сағынышың қырда жүр. 

Ахмет дейтін есіміңе нар аға,

Рахмет айтар келер ұрпақ мың да бір.


 


 

Ахмет Байтұрсынұлының 6 томдық шығармалар жинағы. 6-том.

Бөлісу:

Көп оқылғандар