Астанада «Tilalemi.kz» порталы таныстырылды

Бөлісу:

05.09.2016 6178


Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен Ұлттық академиялық кітапханада «Тіл әлемі» атты жаңа порталдың тұсаукесері өтті. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын әлеуметтік кеңістік арқылы жүргізуге бет бұрған бұл бастама мамандар тарапынан жоғары деңгейде бағаланды. «Тіл әлемі» порталы мен қатар «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық, «Termincom.kz» терминологиялық сайыты іске қосылды.


Таныстырылым.JPG


Аталмыш шараға ҚР мәжіліс депутаттары мен қоғам қайраткерлері, тіл мамандары қатысты. Ресми түрде жұмысын бастап кеткен Тілдерді дамыту комитетінің төл туындысын ағымдағы уақытта Қытайда, Өзбекстанда, Түркіменстанда, Түркияда және Еуропада тұратын қазақтар тұтына алады. Әр сайт өзінің аты айтып тұрған анықтамаларға толық жауап береді. Енді оқырман кез-келген қазақ тіліне қатысты толғандыратын көкейкесті мәселелерді интернет-кеңістік арқылы дер кезінде біліп отырады. Бұл жоба қазақ тілді аудиторияны сауаттандырумен қатар мемлекеттік тілге қызығушылық танытатын адамдарға үлкен сабақ болмақ.


Қуаныш Асылов.jpeg


Қуаныш Асылов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы:


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақ тілі – ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап. Тек оны насихаттай білуіміз керек, оқыта білуіміз керек» - деп атап көрсетті. Біздің егемен елімізде тілді насихаттау – мемлекеттілігімізді, тарихымызды, мәдениетімізді насихаттаумен бірдей. Өйткені тіл – бүкіл руханиятымыздың арқауы, негізі.


Сіздердің назарларыңызға ұсынылған «Тіл әлемі» порталы – осындай аса іргелі мақсатқа үлес қосатын жаңа жоба.Бұл жоба аясында сіздер мемлекеттік тіл, сондай-ақ елімізде тұратын этнос тілдері туралы жаңалықтармен, тіл үйренуге арналған еңбектермен, еліміздегі тілдік ахуалмен, тілге қатысты ой-пікірлермен, аудио және бейне материалдармен, жалпы алғанда, еліміздегі тілдердің тыныс-тіршілігімен барынша толығырақ таныса аласыздар.



Cауытбек.jpg


Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бүгінгі күн – бетбұрыс күн. Тіл туралы әңгіменің жаңа категорияға ауысқан сәті. Енді бұл бастаманы нақты осы заманның тіліне, осы заманның құралдарына, осы заманның күнделікті емес, сағат сайын, тіпті минут сайын пайдаланып отырған әлеуметтік кеңістікке ауысқан күні деп атауға болады. Бұл расында да саясаттың тілімен айтқанда жиырма бес жылдық тәуелсіздік тойы қарсаңында тіл саласындағы бағындырылған белес, алынған асу. Енді көлікте кетіп бара жатып бір сөздің жазылуына күмән туып, сол сөзді тере салсаң, он секундта бекітілген нұсқасы шыға келеді деген ойдың өзі басқаша ахуал, тілдік жаңа сипат. Қазіргі біздің тілімізге төніп тұрған қауіптің бірі жазудан бұрын сөйлеу. Ел тәртіпке түсу үшін, тіл тәртіпке түсу керек. Бүкіл әлем орфография бойынша жазады, орфоэпия бойынша сөйлейді. Біздің журналистер сингорманизм заңдылығын ұмытып көгілдір экран бетінен сөздің жазылуын қаз-қалпында оқып жүр. Алдағы уақытта жаңа портал осындай олқылықтарды түзетуге ат салысса деген ұсыныс бар.




0c570970596cf3ddf458028a8be83945.jpg




Оразгүл Асанғазықызы, Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық-үйлестіру әдістемелік орталығының директорының кеңесшісі:

Қазір том-том кітап арқалап жүретін заманның уақыты өтті. 2011 жылдан басталған Тілдерді дамыту стратегиясы аясында жасалынып жатқан шаралардың ең үлкені осы жоба болды. Енді кез-келген ортада отырып өзіңізге күмән тудырған терминологиялық тіркестерді сайт арқылы растай аласың. Егер бұл жердегі кейбір пікірге оқырманның көңілі толмаса, өз ойын бізге жолдауға болады. Комиссияның талқысынан кейін ол ұсыныстар оң шешімін тапса, порталға еңгізіледі. Қоғаммен қойын-қолтық қарым-қатынас жасаудың жаңа уақыты туды деп ойлаймын.






Ербол Тілешев.JPG


Ербол ТІЛЕШОВ, Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық-үйлестіру әдістемелік орталығының директоры:

Порталды ашудағы негізгі мақсат 2011-2020 жылдардағы Тілдерді дамыту стратегиясын жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар мейлінше бұқараға елімізде жинақталған тілдік қорды кеңінен насихаттау мен әдістеме саласын жетілдіру. Бұл жоба Қазақстанның барлық облыстарымен тікелей қарым-қатынас жасап, тілдік ахуалға интернет кеңістікте мониторинг жасап отырады. Көбіне жаңадан шыққан кітаптардың тиражы аз болғандықтан әр жерден сын айтылып жатады. Порталда тіл ғылымына қатысты 1000-ға жуық кітаптар орналасқан. Бұл портал арқылы бір мезетте миллиондаған оқырман өзіне керек мағұлматпен сусындап отырады. Кез келген оқырман тіл мәселесі хақындағы мақалаларын, ашық пікірін порталдалдан өз блогын ашып, өздері жариялап, оны әлеуметтік желілер арқылы басқалармен бөлісе алады. «Тіл әлемі» порталы – тіл жанашырларының әлеуметтік желісі деп айтсақ та артық болмайды.



Бағлан Оразалы

Бөлісу:

Көп оқылғандар