Есей Жеңісұлы: Бізге оптимизм керек немесе сіз өз ұлтыңызды жек көресіз бе?
Бөлісу:
Ұзақ жыл өз еркі өзгенің қолында болған халықта қорыну, өзін-өзі қор санау психологиясы мейлінше тамырланып, бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін соның ырқында кетуі адам дамуының кəдімгі бір сатысы сияқты.
Сізге қазір «Өз ұлтыңызды жек көресіз бе?» деп сұрақ қойсақ, шоршып түсеріңіз анық. Өз жүрегіңіздің түбінде кейде өзіңіз де үңіле қоймайтын үлкен сезім – ұлтқа махаббат жатыр. Сөйте тұра, бостандыққа қолы жаңа жеткен халықтарда алғашқы мезеттерде ешкім түсініп болмайтын қорғалақтау сезімі болады екен.
Жеке адамның да, тұтас халықтың да өмір тарихында өзгенің бар нəрсесін керемет көру, өзінде ондай лайықты ештеңе жоқ деп білу жағдайлары кездеседі. Бір кездері орыс қоғамында французша білу, французша жазу, французша киіну үрдісі орын алды. «Соғыс жəне бейбітшіліктің» алғашқы тарауларында французша диалогтарға малтығып, романға кіріге алмай қиналатыныңыз бар. Толстой онда тіл білетінін мақтан етпесе керек-ті, қайта сол дəуірдегі орыс қоғамының бет-бейнесіне оқырманды қанықтыру мақсатын ұстанғандай.
Бізде де қазір сондай сезім басым. Кереметтің бəрі орыс тілінде жатқан секілді сезінеміз. Қазақ тілі ғылым, əдебиет, өнер тілі болуға лайық еместей көреміз. «Жаңа қазақ» атап жүрген кейінгі буын баланың атына таза қазақы дыбыстарды араластырмай, Меруерт, Маржан, Ахмет, Диас, Жазира сияқты аттарды қою үрдісін бастап та кетті. Фирмалардың, серіктестіктердің, дүкендердің атауы да қазақша қ, ə, ғ, ң дыбыстарынан қашып бағады.
Жоғары оқу орындарында ұстаздық ететін достарым бар. Олар студенттердің өз фамилиясын түрлендіруге құмар екенін айтады. Ысқақова есімді студент өзін «Скакова» деп шақыруды қалайды. Атасының аты – Ысқақ, кəдімгі пайғамбардың аты. Студентке бұл себеп емес, оған фамилиясының əдемі естілгені керек. Оқытушы досымның айтқан уəжі – «Ысқақ атаңды мойындамасаң, скакать етіп жүре бер». Жан ауыртар бұл сөз де студентке əсер ете қоймаған сыңайлы.
Тағы бір студент Жадыра деген əп-əдемі есімінің екінші буынына екпін түсіріп айтуды жақсы көреді. Қазақтың қай-қай сөзінде де екпін соңғы буынға түспеуші ме еді? Жадыра үшін бұл заңдылық ешқандай мəнге ие емес, оған ы əрпін созып айтып, сызылып тұрған керемет ұнайды. Оқытушы досымның айтқан уəжі – «Дыра деген сөздің қандай мағына беретінін білесің бе?» Осыдан кейін ғана Жады-ы-ра Жадыра болуға келіскен.
Бұл əншейін мысал ғана.
Бəріміз басымыздан кешірген бір жай бар. Орыс тобында қатар оқитын қазақ достарымызбен араласа қалсақ, соған ілесе орысша сөйлесуге құмарлық бəрімізде болды. Біздің тілімізді бұрай сөйлеп, қиналып тұрғанымыз кейде сол достарымыздың күлкісін тудыратын. Олардың бізге сездірмесе де, мырс етіп қалатын сəттері аз болмайтын. Сондайда кəдімгідей намыстанып, жаңылысқан сөзімізді қайталап айтып, байқамай ағаттық жіберіп алған адамның кейпін танытып, əбігер болып қалатынбыз. Ұстаздарымыздың «бұл салада қазақша жетіскен əдебиет жоқ» деген сөзі де бізді жанталаса орысша үйренуге қамшылайтын. Іштей қорыну бəрімізде бар еді. Тіл білгеннің еш айыбы жоқ, қайта ол өз көкжиегіңді кеңейтеді. Дегенмен біздің жағдайда соны үйреніп алуға қажеттіліктен гөрі, мəжбүрлік көп еді.
«Əй, қазағым-ай!», «Қазақ десең өзіңе тиеді», «Нағыз мамбет!» деген жарылқаушы-мүсіркеуші сөздер де алғашқы сəттерде бізді тұқыртып бақты.
Қазір байқаймыз, қазақ ешкімнен сорлы ұлт емес екен. Қазақ тілі ешбір тілден кем емес екен. Қоғам өзі қазақ тілін қажет ете бастады. Қазақша жарнамалар эфирге шыға қалғанда, өзгені қойып, өзіміз күлетінбіз. Сөйтсек, өрескел ештеңе жоқ екен. Қайта нəшіне келтіріп, қатесіз айтса, қазақша жарнаманың əсері аз болмайтын көрінеді.
Тəуелсіздіктің он үш жылы қазір ешкімге ұқсамайтын тамаша бір буынды тəрбиелеп шықты. Қазір қоғам өміріне араласып, кəдімгідей ой айта бастаған жиырма мен отыздың аралығында жастарда бір жақсы мінез бар. Оларда оптимизм басым. Бізге осы қасиет көп жетіспейді. Олардың алды кеңес дəуірінде комсомол болып қана үлгерді, өтпелі кезеңнің ең ауыр шақтарында мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарында оқыды. Қазір байқасаңыз, осы буынның қоғамдағы дауысы айқын естіле бастады. Олар алғашқы сəттерде өз халқын кəдімгідей жек көрді, бірақ ақыл таразысына салғанда, бəрібір сол ұлттың бөлшегі екенін сезінді. Сөйтті де, қоғамдағы өз орнын тауып алуға жанталасты. Олардың көпшілігінде баспана да жоқ, əлеуметтік жағынан алғанда, асығының алшысынан тұрғаны да шамалы. Ең бастысы, оларда ұлтты сүю бар. Қазір қоғамның ірі өкілдері қазақша сөйлеуге мойын бұрып жатса, оған біз айтып отырған буынның əсері зор екенін жоққа шығармауымыз керек. Халық та батыр мен баһадүрді, мықты мен біліктіні алты қырдың астынан емес, өз қасынан іздеуі керектігін түсініп қалды. «Өз ұлын, өз арысын ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?» деген Ілияс аксиомасы өміршеңдігін осылай көрсетті.
Біздің қазақтың бір мінезі бар – қазақша сөйлеген өзге ұлттың өкілдерін дереу жақсы көріп кетеміз. Бұл да – біздің бір кездегі қорғалақ көңіл-күйімізден қалған «ауру». Енді оның сүйініштен гөрі заңдылыққа айнала бастауы ғана қалды.
Сана бұғауынан босаған қай-қай халық та қоғам құрылысын ең алдымен өзін жек көруден бастайды. Сөйтіп, жаман мінезінен арылып, жақсысын дамытып, өзгенің қателігін қайталамауға тырысып, өрлей береді. Қазақ өзге жұрттан кем деп кім айтты? Біз де кейін соңымызға үңіліп қарап, осындай бір алақұйын сəттерден аман өткенімізге тəубə дерміз...
“Сендер бəрің жақсысыңдар, адамдар!..” атты кітабынан
Бөлісу: