Х.Л. Борхес: Шекспирлік жады немесе өмірде болмаған жанның санасы

Бөлісу:

13.09.2016 3651


Хорхе Луйс Борхес.jpg

Әлдебіреу Гетеге[1], Эддаға[2] не болмаса, кейінректегі Нибелунгалар туралы әнге[3] құлдық ұрады; бұл орайда менің маңдайыма жазымыш Шекспирді[4] жазып қойған. Бұл өзі ерек жағдайдағы менің тірлігім болып әлі күнге дейін қала беретіндігін, дәл осы сәтке дейін Преторияда[5] жаңа ғана жантәсілім еткен Дэниэл Торптан өзге еш тірі жан білген де еместін. Бұдан өзге өзім әлі бет-жүзін көрмеген бірақ құлағдар болған бір жан бар.


Менің ныспым Герман Зёргел. Ынта танытып, қызығушылық білдіргісі келген оқырман өз кезінде шекспирлік мәтіндерге тереңдей ден қою үшін міндетті оқу құралы саналып, испан тілін қоса алғанда бірталай тілдерге аударылған менің Шекспирлік Хронологиямды парақтай алады. Бәлікім, ол күні бүгінге дейін канондық болып саналатын 1734 жылы сыни басылымды дайындау кезінде Теобальд[6] енгізген әлдебір өзгертудің төңірегінде өрбіген ұзаққа созылған дау-дамайды есіне түсіретін шығар. Бүгінгі күні мен сол кездегі өзім дегендердің қазір менікі деп саналмайтын беттерге деген тұрпайы қылық танытуына таң қалумен келем. 1914-ші жылы мен ағылшын тілін ағынан тік тұрғызған Джордж Чапменнің[7] Гомерден жасаған тәржімаларындағы ойлап тапқан күрделі сөздерін, бір түсініктісі осы бір эллинист және драматургтің ойына еш келмеген англосакстық бастау көздік (Ursprung), зерделеудімді дайын еттім (бірақ баспаға бергем жоқ). Әлі күнге дейін бір ойыма алмайтын дүние Чапменның үнінің бүгін де мен үшін тап сондай етене болмайтындығы... Тек қана тағы бір жеке мөр-таңбалық аты-жөнімнің қысқарған әріптері ғана көрсетілген мақалам менің ғұмырнамамды аяқтайды. Білмей тұрғаным бұған 1917 жылы батыс майданында қаза тапқан ағам Отто Юлиустің өлімін еске алмауым үшін Макбеттен жасаған бірақ еш жерде жарық көрмеген тәржімамды қосуға құқығым барлығы. Ол аяқталған жоқ; менің бір ұққаным, ағылшын тілі герман мен латын тілдері арасында далақтаса, біздің неміс тілі дегенің оның қасында әуезелі ғой, сол себепті бір тілмен тіршілік еткен оңдымды емес пе өзі.


Дэниэл Торпты мен бұған дейін ауызға алған болатынмын. Бізді майор Баркли әлдебір шекспирлік конференцияда таныстырды. Егжей-тегжей майпаздамай, қай жерде, қашан болғандығынанан сырғақтап бойымды тартып ұстағанды хош көріп тұрғаным.


Көзімнің нашар көруі Торптың бет-әлпетінің қандай болғандығын әп сәтте жадымнан шығарып жіберді, бірақ ол өмір мүжіткендіктен күйісі кетіп қалған жантын. Жылдар бәрін көңіл түпкірінен өшіргенімен, тек шадымандық қана сандықта сақтаған сары майдай сақталып жатады. Дэниэл Торп мен үшін тәни арзулы сағыныш тудырады.


Күн ұзаққа созылған отырыстан кейін біз түнді қабақта өткіздік. Өзіңнің Англияда алшаңдай жүргеніңді сезінуің үшін жылымық қоп-қоңыр сыраны қалайы күрешкемен сіміруің шарт, біз төс қағыстымасақ та, тап солай дәстүрге сай күрешке қағыстырдық.


Майор болса, бір қайыршыны саусағын шошайтып көрсетіп, «Пенджабта болған еді» деп өз әңгімесін бастап кетті. Исламдық аңыз бойынша, Сүлеймен пайғамбарда құстардың тілін түсінетін сақина болған екен-мыс. Ақыр соңында сол сақина қайыршыға бұйырыпты. Оның құнды болғаны сондай егесі оны ешкімге сата алмапты. Қайыршы ақыры қолындағы байлықтан еш қайыр көрмей Лахордағы Вазил-хан мешітінің ауласында көз жұмыпты.


Чосерде де[8] тап осындай ғажайып жүзік туралы тарихтың барлығы есіме түскенімен, Барклидің әңгімесінің шырқын бұзғым келмеді.


Оның орнына «Сақина ше?» деп сұрадым.


Барша сиқырлы заттар сияқты оны ешкім таба алмапты. Бәлкім ол әдебір құпия көмбеде, не сол мешіттің өзіндегі бір жерде, не болмаса құстары жоқ өлкедегі әлекімнің саусағының сәнін келтіріп жүрген шығар!?


Кімнің дауысы екенін айырып боламайтын жерде мен «Баркли сіздің тарихыңыз тәмсілге ұқсас екен» дедім сөз кірістіріп.


Тап осы кезде Дэниэл Торп әңгімеге араласты. Ол тіпті ешкімге де көз қырын салған жоқ, бізге тіпті тіктеп те қарамады. Оның ағылшынша сөйлеуінің бойынан ұзақ уақыт Шығыста болған пенденің исі аңқып тұрды.


- Бұл тәмсіл емес,-деді ол. Ал, егер тәмсіл болса, онда ақиқатты сөз етеді. Сатылмайтын құнды заттар бар.


Қазір сол мезетті қайыра жағыртуға тырысқан маған осы сөзді сенімділікпен айтқан Троптан қарағанда өзіме шыбын шаққандай әсер еткен жоқ. Маған бір сезілгені ол көп нәрсені бізге жайып салғысы келгенімен әңгімеге кіріскеніне өкініп, өзін іркіп қалғаны болды. Баркли бізден бөлініп қалды да, екеуміз қонақ үйге оралдық. Уақыт түн ортасы болса да, Дэниэл Торп маған әңгімені жалғастыру үшін өзіне кіріп шығуымды өтінді. Бірнеше кібіртіктеген сөздерден кейін барып:


- Мен сізге Сүлеймен жүзігін ұсынамын дегені. Бұл әрине патша жүзігінен бірде-бір кем түспейтін ғажайыпты танытатын ауыспалы мағынадағы сөз саптау. Менің сізге ұсынарым, 1616 жылдың сәурінен бастау алып, ең алғашқы балғын балалық шағын қамтитын Шекспир жайлы жады.


Мен ләмим демедім. Ой елегінен еткізіп көріңізші сізге теңізді сыйға тартып тұр.


Торп сөзін жалғастырды:


- Мен алдамшы да, есі ауысқан да жан емеспін. Бір өтінерім, шешім қабылдамас бұрын, мені мықтап тыңдап алғаныз, ләзім болар еді. Майор өзінің әскери дәрігер болғаны, нақтылай айтсақ, дәрігер болғанын әңгімеледі. Ал, айтқан тарихы бірнеше сөздің қауызына сыйып кетті. Бәрі Шығыстағы лазеретте таң сәріде басталған еді. Қай кезде болғаны маңызды емес. Қатардағы сарбаз кеудесін екі жерден оқ тескен Адам Клэй өлеусіреген дауысымен осы бір баға жетпес құнды жадыны маған ұсынды. Жантәсілім етер сәт кез келген жанды сендіреді емес пе, мен онша сенімді болмасам да, оның ұсынысын құп алдым. Егер соғыспен салыстырар болсаң, ешкімді айран асыр ете қоймайсың. Клэй тарту-таралғысының шартын әзер айтып үлгеріп, ол да, яғни, сияпатшы менде, яғни, оны алушы үнімізді шығара қабылдауымыз керек екен. Сол кезде алғашқы жан өзінің егелігінен ажырайды.


Жауынгердің аты (Адам ата мен Қабыл (фонетикалы өзгерген)– Ә.Ә.Ә.) мен оқиғаның бет алысы мен үшін тым үрейлі көрінді.


Бойымды үрей билеп:


- Сіз сонда немене дәп қазір Шекспирлік жадыға иелік етесіз бе?-дедім.


Торп:

- Мен қосарлы жадыға егелік етем. Бірі өзімнің төл жадым болса, екіншісі санамда оған қосанжарласа жүретін Шекспирдікі. Сөздің тоқатерін айтсақ, осы қосар жады мені билеп төсейді. Олардың өзара түйісетін аясы бар да, қай ғасырға жатқызуды өзімде білмейтін тағы бір әйелдік бастау көз бар,- деп жауап берді.


Жөпелдемелете сұрағаным:


-Ал, сіз қалайша Шекспир жадысын кәдеге жараттыңыз?


Ол біраз үнсіз қалып, кейін барып жауап қатты:


- Сыншылар кәрін төгіп өре түргелген, Құрама Штаттар мен отарларда кейбір коммерциялық табысқа жеткен романданған ғұмырнаманы жазып шықтым. Бар болғаны осы. Бір ескертіп қоятыным: менің тартуым еңбекақысы көп, қиын жұмысы жоқ қызмет емес. Ал, дәп қазір сіздің жаубыңызды күтем.


Мен ойға шомдым. Мен өзімнің бақталайсыз тірлігімді Шекспирді іздеуге арнаған жоқпын ба? Егер де осы жолда соқпақ тауып, бастаған сапарымды ақырына дейін жеткізгенім дұрыс болар ма екен өзі?


Әр сөзімді қадап айтып, берген жауабым:


-Мен Шекспир жадысын қабылдаймын, - деуім болды.


Сол сәтте әлдене орын алған шығар, бірақ мен оны еш сезінбедім.


Бәлкім бұл ойға салмақ түскендіктен аз-маз шаршағандық та шығар?


Әліде есімде айқын таңбаланып қалғаны Торптың айтқан:


- Жады сенің санаңа енді, оған қылаң беруі үшін уақыт керек. Ол не түсіңде, не тападай тал түсте, не кітаптың парағында, немесе көшенің қиылысынан өте бергеніңде орын алады. Өзіңді өзің жүнжітпе, естеліктерден бойыңды сырғақтат. Жазымыш саған не қол ұшын береді, не сырт айналады, бұл енді табиғаттың тылсымы. Мен неғұрлым көп естен шығарған сайын, сен соғұрылым есіңе көбірек түсіретін боласың. Дәлірек тап басып бұдан өңге ешнәрсе айта алмаймын.


Түннің қалған жарымын біз Шейлоктың характері[9] жайындағы дау-дамайға арнадық. Мен Шекспир өз өмірінде жөйіттерді білді ме екен деген сауалды ішімде бүгіп қалды. Оны қойған шағымда Торп менен дәлелдеуді талап етіп отыр деген ой ауанында қалуын қаламадым. Әрі бойым жеңілдеп, әрі санам байыздап, ол да мен секілді таза академикалық түйіндеулердің жетегінде екендігін пайымдадым.


Келесі түні мен тіптен ұйқы-күлкі көрмедім. Өзімнің рухсыз жасықтыма тағы бір мәрте көз жеткіздім. Алданып қалудан үркектеудің барысында үміттің шадыман уағдасына сенуден жасқандым. Өзіме-өзім Торптың пайда болуы жынның елес беруі деп күбірледім. Бірақ та кешікпей Шекспир басқа ешкімге бұйырмай, тек қана менікі болады деген арзулы үкілі үміт бәрінен асып түсті. Мен бұдан былай қандай дәрегейдегі Шекспирге айналмақпын. Жоқ, өз басым трагедия мен шырғалаңды сонеттерді жаза алмасам да, қай кезде маған "And shake the yoke of inauspicious stars From this worldweary flesh» сынды шексіз де, шетсіз жолдарды сыйлаушы жазымыш тәңіриялары ойыма қозғау салған сәтті көз алдыма әкеле аламын ғой!?


Мен енді Энн Хэтуэйді[10] есіме түсіріп, қазір осы бір сарықарын болған әйелді, Любектің қонақ үйіндегі шағын жиһазды бөлмеде ең алғаш рет қалай жолықтырып, қалай құлай ғашық болғанымды ойыма оралта алатын болам. (Қанша рет оның асыл бейнесін есіме түсіргім келсе де, терезеден түскен жарық сарғайтқан жапсырма қағаздан өзге ештеңе қаперіме ілінбеді. Кешікпей осы бірінші қылдан таю қалғандарына ұласты.)


Мен өзімінің таңғажайып жадым ең алдымен көзге көрінетін болар деп санаған едім. Онымның сәті түспеді. Бірнеше күн өткен соң, айнаның алдында қырынып тұрып, аяқ астынан бірнеше сөзді іркес-тіркес айтып жібердім, оныма өзім таң қалсам да, әріптесім маған оның чосер әліпбиінен алынған жолдар екенін қаперіме салды. Бірде кешкісін Британ мұражайынан сыртқа беттеген тұста бұрын ешқашан естімеген әлдебір жеңіл әуенді ысқырып айта жөнелдім.


Оқырманым ендігі жерде осындай жадының маған аян беруі жеке метафорлардың қылаң беруі аясында көзге елестемейтін, құлаққа ғана шалынатынының басты нышанын аңғарған да шығар деп ойлаймын.


Де Куинси[11] болса, адам санасы палимпсест[12] секілді түзілген деп тұжырымдайды. Әрбір жаңа жазба оның алдындағы көлегейлейді, ал, оның өзі де өкшесін басатын мұрагерінің тасасында жасырынса да, ұлығ құзырлы жады егер де қажетті түрткі ықпал ететін болса, онда тіпті жеңіл желпі ой қылаңынын өзін құлағынан сүйреп жарыққа шығара алады. Шекспирдің өсиетхаты бойынша[13] бізге жан-жақты белгілісі оның үйінде кітап түгілі Інжілдің өзі де болмаған. Солай болса да, біз оның қандай кітаптарды оқығандығын бек жақсы білеміз. Олар: Чосер, Гауэр[14], Спенсер[15], Кристофер Марло[16], Холиншед Хроникасы[17], Флорио[18] аударған Монтень[19], әм Норт[20] қотарған Плутарх[21]. Мен мейлі Шекспирдің өзім үшін әлі жасырын болған жадысына иелік еттім. Оқу, нақтылап айтсам, көне томдарға көз майымды тауысу мен үшін өте қажетті түрткі болды. Оның үстіне оның поэзиясына тікелей қатысты сонеттерді қайыра оқып шықтым. Талай мәрте түсініктемеге немесе түсініктемелерге жүгініп отырдым. Жаныңды жадыратын жақсы өлеңді дауысыңды естірте оқыған ләзім, сондықтан, бірнеше күннің ішінде өз басым он алтыншы ғасырдың қатаң «р»-ы мен ашық дауыстыларын нәшіне келтіре айтуға жетіліп алдым.


«Zeitschrift fur germanische Philologie»-ға 127-ші сонет жұрт есіндегі Жеңілмейтін Армаданың[22] талқандалуына сілтеме жасайды деп жаздым. Бұл тезисті 1899 жылы Сэмюэл Батлер[23] ұсынғанын тарс естен шығарып алдым.


Стратфорд-он-Эйвон[24] сапарлауым өзім күткенімдей еш нәтижесіз аяқталды.


Кейін түстерім бірте-бірте өзгере бастады. Де Куинсидің есін шығаратын ұлық үрейлер де, оның ұстазы Жан-Польды[25] қаумалаған тақуалықтың аллегориялық суреттері маған маңайлаған жоқ. Менің түнімнің шымылдығын бейтаныс әлпеттер мен беймәлім үйлер түретін болды. Ең бірінші түстеп танығаным Чапменнің бет-әлпеті болды. Бұдан кейін Бен Джонсон[26] мен ешбір ғұмырнамаларда сөз етілмейтін Шекспир құдайдың құтты күні көретін ақынның көршісі[27] төбелерін көрсетті.


Энциклопедияға иелік ету дегеніміз оның әр жолын, әр тарауын, әр бетін, әр суретін қауашықта сақтау деген сөз емес, тек бар болғаны керек кезінде санада жарық еткізу.


Бірақ та ешкімде бір сәтте өткеннің барлығын кәләсіне сыйғыза қамтуы еш мүмкін емес дүние. Бұндай табиғаттың құдіретті сыйына мен білетін Шекспир де, оның жұпыны мұрагері менде иелік ете алмаймын ғой. Адами жады дегеніміз – бастан өткергеннің жиынтығы емес, біліп болмайтын мүмкіндіктердің хаосы. Егерде қателеспесем, жадының қараңғы түпкірлі қатпарлары мен жер астының жеті қаттығына парапар шырғалаңы турасында Августин[28] сөз етті-ау деймін. Осы екінші метафора дәл тауып айтылған. Тап осы жеті қат жер астына мен түсіп отырмын.


Біздің әрқайсымыздағы сияқты Шекспирдің жадысының да қасақана қаперден шығарылатын кең ауқымды қараңғы түпкірлері бар. Біраз дағдырып отырып, Бен Джонсон латын мен грек гекзаметрлерін[29] тақылдата оқи жөнелгенде Шекспирдің құйма құлағы көкейіне көп нәрсені тоқи алып, ал, ол болса, ұзақ және қысқа қайырымды шатыстырып сандалып далада қала бергенін есіме түсірдім.


Мен бәрімізде байлаулы баспақтай болатын қуаныш пен сағыныштың не екенін ұғындым. Ұзақ және бас көтермей жұмыс істеген кездегі жалғыздым ғажайыпты жылдам сезінуге дағдыландырды.


Ай өткен соң келместің кемесіне мінген жанның жадысы маған қанат бітірді. Бір апта бойы айтып жеткізсіз бақытқа кенеліп, тіпті өзімді нағыз Шекспирдей санадым. Оның жыр жолдары жаңаша, беймәлім тұсынан маған өз бетін бұрды. Мен Шекспир үшін ай ай емес, тәңірия Диана, Диана болса, «moon»[30] сөзін ойыңа түсірмейтін қараңғы әлдене екендігін түсіне алдым. Мені тағы бір жаңа ашылым күтіп тұрды. Гюго «Аbsence dans lТinfini»[31] деп шегін тартатын жағдаяттағыдай Шекспирдің айқын қалт басуы кездейсоқ еместін. Шекспир тіпті сахнаға арналған сөздеріндегі жасандылықты әм өте ретсіз жұтындырылып қолданылуды еш түзетпей бетімен жіберді. Тіпті ол бір метафораға екіншісін қосанжарластырып бәрінде былықтырып жіберді.


my way of life Is fallТn into the sear, the yellow leaf.


Бірде мен жадымда тұмшаланған әлдебір күнәні сезіндім. Мен кезінде әлдеқалай қылдан тайған Шекспирдің ақ-қарасын айырып жатуды хош көрмедім. Мәймөкелеймей айтарым, бұл күнә өзі әдеттен тыстықтан іргесін аулақ салатын жайт.


Мен адам жанының үш қабілетінің: жады, парасат пен ерікке бөлуін схоластиктің[32] ойдан шығарғаны емес екенін ұғындым. Шекспир жадысы тек біреу ғана. Сондықтан ол маған оның өмірінің шынайы болмысын ашып беруі керек. Ақынды ешкімді қайталамайтын кемеңгер еткен олар емес, ең бастысы осы нәзік дүниелерді өлеңге айналдыра білгені.


Торптың өкшесін баса, жанымның бейкүнәлігімен қарап тұрмай ғұмырнама жазуды қолға алдым. Кешікпей көзім жеткен жайт осы бір әдеби жанр менен маңдайыма жазылмаған жазушылық шеберлікті керек етеді екен. Әрі мен әңгімені де жөні түзулікпен қиыстырып айта алмайтын пақырмын. Шекспирге қарағанда қарабайырлау көрінетін өзім жайлы тарихты сөз еткен шағымда аузыма қазы-май тығылып қалады. Оның үстінде осы тақілеттес кітаптың ешкімге де керек еместігі және бар. Жағдай дейміз бе, әлде тағдырдың жазымышы дейміз бе, Шекспирге әркім өзі жайлы білетін қарама-қайшылық пен адам шошырлықты емін-еркін қолайына орай кәдеге жаратуын бұйыртқаны. Ол осыларды келешек ұрпақтың есінде қалатын өлеңмен әрленген музыкаға ұластырған ақ шашты қарттарға қарағанда әбжілді пайдаланып, өмірдегіден әлдеқайда қатпарлы сюжеттер мен қаһармандарға айналдырды. Осы шырмалған торды тарқату, мұнараның астын қазып жол салуға құлшыну, зиялылық ауқымдағы құжаттанған ғұмырнама немесе макбеттік даңғаза мен ашу-ызаға толы реалистік роман жазуға ден қою неге керек?


Бәрімізге белгілісі бізде, Алманияда, Гёте ресми марапаға айналып, біздің төбеге көтеріп жүрген Шекспиріміз босағадан сығалап қалады. Тіпті Англияның өзінде ағылшындардан алыстаған Шекспир ресми марапа ма, жоқ, Англия үшін басты кітап, әлбетте – Інжіл.


Мен үшін бірінші кезеңде Шекспир тағдыры шексіз бақыт болса, кейін келе қыспаққа түсу мен үрейге айналды. Басында жады өз арнасымен жүйткісе, кейін келе арнасынан асып төгілген шекспирлік өзен басы бүтін менің бұлағымды өзіне қосып алды. Есім шыға ұғынғаным тіпті мен ана сүтімен біткен туған тілімді де ұмыта бастадым. Жады дегеніміз – жеке тұлғаның «Мені» ғой!? Сондықтан өзімдік ақыл-парасатым үшін қорқақтайтын болдым.


Достарым тап бұрынғысындай маған келіп-кетіп жүргенімен бірде-бірі менің тозақта өмір кешіп жатқанымды сезінбейді.


Біршама деңгейде әдеттегі қарапайым заттардың (die alltagliche Umwelt) не екендігін ұғынудан қала бастадым. Бірде оғаштау үйілген темір, ағаш және шынылардың арасында абдырап қалдым. Менің құлағымды шу мен айқай жарып жібере жаздады. Өзім үшін мәңгіліктей сезілген осы бір санаулы секундтар өткен соң барып, Бремен вокзалының паровоздары мен вагондарын түстеп шырмыта алдым.


Жылдар жылжып өткен сайын әрқайсымыздың жадымызды жаныштаған ауыр салмақ еселеп арта түседі. Мен сормаңдайдың еңсесін басқан қос жадының біреу өз қарабасымдікі, ал, екіншісі маған жалынан ұстатпайтын өзгелік болып табылатын (кейде өзара ауыз жаластын) екеу емес пе!?


Дүниедегі әр зат өзіндік сипатында қала беруі керек деп жазады Спиноза[33]. Тастың тас болғысы келсе, жолбарыстың жолбарыс болып қала бергісі келеді. Мен өзім де қайтадан Герман Зёргел болуды қаладым.


Өзімнің азаттық қол жеткізуді ойға алғанымның қай кезде болғандығын дәл қазір есіме түсіре алмай отырғаным. Мен осы жолда өте қарпайым тәсілді таңдап алдым. Бірнеше кездейсоқ нөмірлерге қоңырау шалдым. Тұтқаны бірде әйелдер, енді бірде балалар көтерді. Мен олардың мазасын алғым келмеді. Ақыр соңында тұтқаның арғы жағынан білімді ер адамның дауысы естілді. Мен:


- Шекспир жадысын қалайсың ба? Мен бұны шынымен айтып тұрмын. Ақылға салыңыз,- дедім.


Ар жақтағы дауыс сенімсіздеу болса да:


- Несі бар, тәуекел деп тас жұт, Шекспир жадысын қабылдаймын деп тіл қатты.


Мен шартты баяндап бердім. Бойымды жайлаған бір оғаштық өзіме жазғызбаған кітаптарға деген сағыныш, әрі елестің менің бойымды ешқашан тастап шықпайтындығының үрейі болды.


Осыдан кейін барып мен телефон тұтқасын іліп, "Simply the thing I am shall make me live» сөз тізбегін үміттене қайталадым.


Бұрын мен бұрынғы жадыны тірілтудің амал-тәсілін ойлап тапсам, енді оны өшірудің амалын іздестіруге көштім. Оның бір жосығы Сведенборгтың тәйтік шәкірті Уильям Блейктің[34] мифологиясы жайындағы зерттеуім болды. Менің көзім жеткені ол құр ғана қиын емес, тым қиын болғандығы.


Осы және тағы да басқа амалдардан ештеңке шыққан жоқ, бәрі де қайтадан мені Шекспирге қайтып оралтып отырды.


Бах айтқан пікірді қайыра жаңғыртсақ, маған үміт сәулесін түсіретіні қатаң да шетсізде, шексіз ғұмыр музыкасы[35].


P.S. 1924 жыл. Мен қазір әдеттегі жанның бірімін. Күндіз сергек қалыпта ғылыми іс-әрекетпен айналысушы доғарыстағы профессор Герман Зёргелмін. Бірақ кей кезде таңертең осыдан бір сәт бұрын бөгде әлдекімді көргендей болам. Кешті кешке ұрып, менің соңымнан жадының бұлыңғыр елесі бұлбұлдай ұшады. Ол мүлдем ойдан шығарылмаған сияқты.




Орыс тілінен тәржімалаған Әбіл-Серік Әліәкбар


[1]Иоганн Вольфганг Гете (Goethe 1749-1832) – неміс ақыны, жаратылыстанушы әм ойшылы.

[2]Эдда (көне исландық Edda, көпше түрінде Eddur) – скандинав ауыз әдебиетінің тамыры бағзы дәуірлерге кететін ұлығ жыр туындысы. Екі нұсқасы бар Үлкен және Кіші Эдда. Снорри Стурлусон (исл. Snorri Sturluson 1178-1241 жж.) — исланд скальды (жыршысы), прозаигі, тарихшысы әм саяткері Кіші Эдданың авторы. Осы сөздің үш этимологиясы болғанымен ойға қонымдысы «поэзия» деген мағынасы.

[3]Нибелунгалар туралы ән (нем. Das Nibelungenlied) – XII ғасырдың соңы мен ХIII ғасырдың басында белгісіз автор шығарған орта ғасырлық герман эпикалық поэмасы.

[4]Уильям Шекспир (ағыл. William Shakespeare 1564-1616 жж.) — ағылшынның әлем таныған мақтанышына айналған ақыны әрі драмашысы. Марк Твен Шекспирді "Өмірде болмаған жандардың ішіндегі ең кемеңгері" деп атады. Біз шексипир феноменін қазақ әдебиетіндегі «Абай мен Көкбайға» теңейміз. Амал не ағылшының Абайлары – тасада қалып, Көкбайы – әлемдік даңққа бөленді.

[5]Претория (африка. Pretoria) – Оңтүстік-Африка Республикасындағы қала.

[6]Теоболд Льюис (Teobold, Lewis, 1688-1744) - жазушы, аудармашы әм драматург. 1726 жылы Александр Поуптың 1725 жылы редакциялық басшылығымен шыққан Шекспирлік басылымға қарсы бағытталған "Қайта туған Шекспир" (Shakespeare Restored), кітабын шығарды. Бұған жауап ретіде Поуп Теоболды өзінің "Дунсиадасының" (1728) кейіпкеріне айналдырды.

There hapless Shakespeare, yet of Theobald sore

(Қырсықты оқиға үшін Шекспир Теоболдқа кәр төгіп,)

Wished he had blotted for himself before,

(Өз мәтінімді өзім де түзете аламын деп зар қақты.)

1733 жылы Теоболд әлі күнге дейін бәрі мақұлдаған Шекспирдің көптеген түзетулер енгізілген толық жинағын шығарды.

[7]Джордж Чапмен (ағыл. George Chapman 1559-1634) — У. Шекспирдің замандасы ағылшын ақыны, драмашысы және аудармашысы. Ол жасаған Гомердің «Илиада» (1598—1611); мен «Одиссеясы» (1616) ағылшын тілді әдебиеттің тарихына канондық болып енген.

[8]Джефри (Джеффри, Готфрид) Чосер (ағыл. Geoffrey Chaucer 1340/1345-1400 жж.) — ағылшын поэзиясының негізін салушы, әм ұлттық әдеби тілінің атасы ағылшын ақыны. Бұл арада сөз оның «Кентербери хикаяттары» кітабындағы «жүзікке» қатысты сюжеттік желісі турасында болып отыр.

[9]Шейлок (ағыл. Shylock) — У. Шекспирдің «Венеция көпесі» пьесасындағы басты персонаждардың бірі болып табылатын жөйіт өсімқор.

[10]Энн (Анна) Хэтэуэй (ағыл. Anne Hathaway); Энн Шекспир (Anne Shakespeare) 1555 немесе 1556 туып, 1623 жылдың 6 тамызында өмірден өткен Уильям Шекспирдің жұбайы.

[11]Де Куинси немесе Томас де Квинси (Thomas de Quincey 1785-1859 жж.) — 1822 жылы жазылған атақты «Бәңгі ағылшынның тәубәсінің» (ағыл. Confession of an English Opium-Eater) авторы ағылшын жазушысы.

[12]Палимпсест (гр. παλίμψηστον, πάλιν — тағы да және ψηστός — қырылған, лат. Codex rescriptus) — жылтыр қағазға (көбіне күләнға//папируске) бұрынғы мәтінді қырнап өшіріп жазылған қолжазба.

[13]XVIII ғасырдың ортасында әлдебір Джозеф Грин Эйвондағы Стратфордта ескі құжаттарды ақтарып отырып, Уильяма Шекспирдің шынайы өсиетхатын тауып алып айран-асыр болады, онда ұлы ақын әм драмашының шығармашылығы турасында ештеңке жоқ, тек артында қалған материалдық мұрасының майда-шүйделері ғана сөз етіліп, жақын-жуықтарына аманталады. Адвокат Фрэнсис Коллинзке (Collins, Francis) Шекспир 20 марк қалдырып, өз мұрасын қадағалауды тықақтайды. Фрэнсис Коллинз өз қолымен 1616 жылы қаңтарда өсиетхатты жазып, сол жылдың 25 сәуірінде толықтырады.

[14]Джон Гауэр (Гоуэр) (ағыл. John Gower, 1330—1408) — Ленглендтің замандасы, әрі Чосердің жан досы болған ағылшының ең белгілі ақыны.

[15]Эдмунд Спенсер (Edmund Spenser 1552-1599) — У. Шекспир алдындағы буынға жататын Қайта Өрлеу дәуіріндегі атақты ағылшын ақыны.

[16]Кристофер Марло (ағыл. Christopher Marlowe 1564-1593 жж.) — дейігшекспирлік елизавета дәуірідегі ұлт әдебиетіне «ақ өлең» үлгісін алғашқылардың бірі болып енгізген ағылшын ақыны, аудармашы және трагедиялық драмашы.

[17]Ағылшын хронисі Рафаэль Холиншед (ағыл. Raphael Holinshed, 1580 жылы дүниеден қайтқан) авторларының бірі болып табылатын «Англия, Шотландия және Ирландия Хроникасының» (ағыл. The Chronicles of England, Scotland and Ireland) қысқарған атауы.

[18]Джон Флорио немесе Джованни Флорио (ағыл. John Florio, итал. Giovanni Florio, 1553-1625) – ағылшын лингвисі, лексикограф, аудармашы. Шекспир пьесаларының авторлығына түрлі үміткерлер ұсынылды: Фрэнсиса Бэконнан Кристофера Марло дейін, тіпті теңіз қарақшысы Фрэнсис Дрейк пен ханшайым Елизавета да болды. Тіпті авторлар ұжымы деп болжам жасағандар болды. Ғалымдар қазір 77 үміткердің авторлығын анықтап отыр. Солардың бірі – Джон Флорио.

[19]Мишель Экем де Монтень (фр. Michel Eyquem de Montaigne 1533- 1592) — Қайта Өрлеу дәуіріндегі француз жазушысы әм философы «Тәжірибелер» кітабының авторы.

[20]Норт, сэр Томас (North, Sir Thomas, 1535?-1601) - Плутархтың француз тіліне Жак Амиот (Jacques Amyot) аударған "Асыл текті гректер мен римдіктердің тіршілікнамасы" нұсқасын ағылшын тіліне франузшада тәржімалаған (Lives of the Noble Grecians and Romans, 1579) ағылшын аудармашысы.

[21]Херонеилік Плутарх (көне гр. Πλούταρχος б.д. 45-127 жж. төңірегінде ) — көне грек философы, ғұмырнамашысы, моралисі.

[22]Жеңілмейтін Армада (исп. Armada Invencible) немесе Ұлық та, Даңқты Армада (исп. Grande y Felicísima Armada) —1587−1604 жылдарда болып өткен ағылшын-испан соғысындағы 1586−1588 жж. Испания Англияға баса-көктеп ену үшін жинаған 130 кемеден тұратын әскери флотының атауы. Медина-Сидония герцогы Алонсо Переса де Гусман қолбасшылық еткен Армаданың аттанысы 1588 жылдың мамыр-қыркүйегінде орын алды. Чарльз Говард қолбасшылық еткен ағылшын-голланд флотының жеңіл де, икемді кемелері 1588 жылдың 27 шілдеде (8 тамызда) болған Па-де-Кале бұғазының оңтүстік жағалауындағы Гравелин теңіз шайқасында Жеңілмейтін Армаданың сау-тамтығын қалдырмай талқандады.

[23]Сэмюел Батлер (ағыл. Samuel Butler 1835-1902 жж.) — ағылшын жазушысы, суретші, аудармашы, викториандық әдебиеттің классиктерінің бірі.

[24]Стра́тфорд-апон-Эйвон (англ. Stratford-upon-Avon, сөзбе-сөз Эйвон бойындағы Стратфорд) — Ұлыбританияның Уорикшир графтығындағы Эйвон өзені маңындағы Уильям Шекспирдің туған қаласы. Оның шығармашылығына тәу етушілер әдеби меккеге айналдырған кент.

[25]Ұстаз Жан Поль - Де Квинсидің «Jean Paul Richter» атты мақаласындағы еркін ойлы жазушы образы.

[26]Бенджамин Джонсон немесе Бен Джонсон (ағыл. Benjamin Jonson 1572-1637) — ағылшын ақыны, драмашысы, актёр, драма теориясын жасаушы. Бен Джонсон Шекспирді риториканың тәртібіне бағынбайтын шығармалар жазғаны үшін сынады, бірақ өмірінің соңына дейін оның ең жақын досы болып қалды, әрі Шекспирдің (1623 жылғы фолиосын) пьесаларының тұңғыш жинағын шығаруға ат салысты, сонымен қатар осы жинақтағы арнау жыры «Өз ғасырына емес, бар ғасырға ортақ кемеңгер» деп жыр шумағын төгілтіп болашақ Шекспир марапасының (культінің) негізін салды.

[27]Бридж-стриттегі Шекспирдің жақын көршісі тігінші Уильям Веджвуд болды делінеді. Басқа көршілері турасында ештеңке айтылмайды. Бұл арада сондай көршілер жайында сөз етіліп тұр.

[28]Аврелий Августин (13.11.354 Солтүстік Африкадағы Тагаста қаласында туған — 28.8.430 Солтүстік Африкадағы Гиппонда қайтыс болған) — көне рим философы, христиан теологы, батыс патристикасының өкілі.

[29]Гекзаметр (көне гр. ἕξ — «алты» және μέτρον — «өлшем» ἑξάμετρον сөзі) - антикалық өлең өлшеміндегі дактил-хореилік алты бунақтық өлең.

[30]Moon – ағылшынша ай сөзі

[31]Гюго Виктор Мари (Hugo Victor Marie 26.02.1802–22.05.1885) — француз жазушысы, француз романтизмнің көсемі әрі назариятшысы. Ең маңыздысы кейінгі кезде жазған еңбектерінің бірі 1864 жылғы «Вильям Шекспирде» Шекспир жаңа заман әдебиетінің шыңы, бірақ та оған еліктеу романтиктерге опа әпермейді деген тұжырымын алға тартады. Жазушыға Шекспир емес, ең алдымен Мольер жақын болған.

[32]Схоластика (лат. shola – мектеп) – ортағасырлық Еуропадағы философияны теологияға бағындыруымен сипатталатын философиялық мектеп. Ерте және кейінгі cхоластика болып бөлінеді. Бұл арада осы ағымды ұстанушылар турасында болып отыр.

[33]Бенедикт Спиноза ( азан шақырылып қойылған аты Барух Спиноза, ивр. ‏ברוך שפינוזה‏‎‎‎; лат. Benedictus de Spinoza 1632-1677) – Жаңа Заман философиясының басты өкілі саналатын жөйіт тегінен шыққан нидерландтық философ-рационалист.

[34]Уильям Блейк (ағыл. William Blake 1757-1827) – ағылшын ақыны, суретшісі әрі мистик.

[35]Дж.Сэмпсонның «Бах пен Шекспир» еңбегіндегі Иоганн Себастьян Бах пен Шекспир туралы салыстырмаларына жасырын дәйекшелік сілтеме жасалып тұр.

Бөлісу:

Көп оқылғандар