Бақытгүл Зарқұмар: Менікі басқа сыр, басқа мұң...
Бөлісу:
У жұтып қаншама тостақтан,
Уысым толған-ды жасқа мың...
Меруерт түндерден дос тапқан,
Менікі басқа сыр, басқа мұң...
Жалқылық жазылған маңдайға,
Жатбауыр көрсетер жаттығын.
Соны жұрт біле ме,аңдай ма?!
Сорғалап аспаннан ақты мұң...
Мен анық тағдырдың өзі едім,
Мекені жерде емес көкте шын...
Құсадан өртеніп өзегім,
Құшақтай құладым көк төсін...
* * *
Арман сынды аңсаулардың түсі аппақ,
Аспандаған сезімдердің серті анық.
Мені сүйген жүрегіңді құшақтап,
Мен отырмын қаламымнан шер тамып...
Бақыт деген осы шығар бәлкім,мұң,
Бар жаныңды жаулап алар жалқы сыр?!
Мен сезіндім сені,сосын... талпындым,
Менсінбей-ақ,мына әлемді талқышыл...
Алабұртып,алқынған бір сәттерден,
Айнала алмай уақыттың шеңбері.
Мені сүйген жүрегіңе дәт берген,
Менің көзім махаббат ғой,сендегі?!
* * *
-Жауабын білесің бе,тақсыр өлең,
Көктемді неге осынша жақсы көрем?!
Аппақ бұлттар ақықтай жарқыраған,
Тазалық бар-пәк болған бар күнәдан.
Ұшып барып биіктеп кетер арман,
Құшып барып түсімде жете алмаған:
Махаббаттың мамырын күтіп тұрдым,
Жусан исті самалын жұтып қырдың.
Келе жатты күттірген,күрсіндірген,
Махаббатым аяңдап тылсым тілмен.
Жүрек шіркін,дүрсілдеп сыр алдырып,
Ынтықтырды арманға құмар қылып.
Көзімді ашып жібердім...көктем екен,
Бір адамның шын зары өткен екен...
* **
- Сені неге ойлай берем күні-түн,
Жұлдыздардың жағып көкте үмітін?!
Көздерімнің қарашығын талдырып,
Құс тілімен жүрекке ән салдырып.
Тәкәппарлау болмысымнан жерініп,
Жан-тәніммен бір қиялға беріліп.
Алыс жатқан тағдыр жолын бұрып мың,
Көрсеткім кеп небір тентек қылық шын.
Жаңбыр жауса жаным қоса егіліп,
Бір ұмтылып,бірде сәл-пәл шегініп.
Найзағайдың жарқылынан шаттанып,
Күрсінісім,күлкімнен де бақ тамып.
Жадырасам жаным нұрға көміліп,
Ойым онға,санам санға бөлініп.
Дірілдеген кірпіктерім шықтанып,
Өз-өзіме қарай берем сұқтанып.
Бұл неғылған күй екенін білмедім,
Сенсіз сірә,бұрын өмір сүрмедім...
* * *
Бәрі жалған,
Бәрі бекер дегенмен,
Ажырамай қойды-ау жаным денемнен...
Аспандаған сезімдерім нұр болып,
Құйылады жүрегіме өлең дем.
Бәрі бекер,
Бәрі жалған дегенмен,
Ақиқаттың барлығына сенем мен...
Ақын деген шамы сынды іңірдің,
Құсжолының сәулесіне бөленген...
* * *
Мен күн емеспін...
Мен аймын!
Жаныңды жаулап ап,
Жанарыңды шырмаймын...
Сен аңсаған сайын алыстап,
Сен ұмтылған сайын ұлғайдым...
Мен күн емеспін...
Мен аймын!
Бұлттарға бұғып қалған,
Бұла да,ерке сырдаймын...
Сен ынтыққан сайын биіктеп,
Сен сағынған сайын мұңайдым...
* * *
Бәлкім,бұл тағдырдың заңы емес те шығар?!
Жүректен жүрек қалмады егеске шыдар...
Бақытқа балқып көрмеген басымның құнын,
Білмеген мынау тірлікке ашындым бүгін...
Ақын боп ғұмыр кешудің азабын тартып,
Жанымның жасын өлең ғып жазамын сарқып.
Ғашықпын деген хаттардың демінен жанып,
Отырып алып оңаша егілем неғып?!
Болар ма екен арман мен мұңдардың шегі?!
Түсіме енді бітпейтін шыңдардың шебі...
Зарығып өтер ай,жылдар,күндердің зарын,
Естігім келмей,сөндірдім түндердің шамын.
Тағдырдың мынау тұтқан бір шымылдығында,
Көз жасым талай көміліп,тығылды мұңға...
Тәуекел етіп ысырдым тұншығып барып,
Сыр тұнып қалған көзімнен мұңшылық тамып...
Мен күтіп келем бақытты шақтарды нұрлы,
Махаббатпенен гүлдеген бақтар ғұмырлы!
* * *
Көз алдыма көрінбей ешкім мүлде,
Арпалысын мұңдардың кештім түнде...
Арадағы жылдардың алшақтығын,
Мойындатпақ боп саған шештім бірде...
Бірақ,әмір ете алмай жүрекке шын,
Қозғап алдым сыр тұнған дір етпесін...
Сенің көзсіз сезімің үшін бәлкім,
Қиса қияр бұл жүрек бір өкпесін...
* * *
Аспаннан күткен тамшы үміт,
Алданыш па екен білмедім...
Жанарым мұңға малшынып,
Жабырқау тартар гүл реңім.
Құшағын аңсап көктемнің,
Құс әнім шықпай құмықтым.
Өрт болып жанып өткен түн,
Өкініш ғана...шын ұқтым.
Бақытын бұлдап бұл өмір,
Барады арман арқалап.
Махаббат маған тіле гүл,
Малынсын нұрға шартарап.
Күтемін сені,күт десең,
Күрмеуін шешіп тағдырдың.
Шыланған жасқа шық кесем,
Шырыны сынды бар гүлдің...
* * *
Болғаннан соң басқа арман,басқа мұң,
Мен өзіңді тастадым!
Болмасын деп табалайтын қастарым,
Мен өзіңді тастадым!
Жанбай жатып өшпесін деп жас жаным,
Мен өзіңді тастадым!
Жанарымның аяп асыл жастарын,
Мен өзіңді тастадым!
Өмірімде өкінбеуге қас-қағым,
Мен өзіңді тастадым!
Өрден құлап кетпесін деп асқарым,
Мен өзіңді тастадым!
* * *
Кездескім келеді күзбенен,
(Кешігіп махаббат іздеген...)
Дүние сағаттар,минөттер,
Дүние ғұмырлы бізбенен...
Кездескім келеді,жасырман,
Кербез ай аспанға асылған.
Біз үшін жұлдыздар жарқырап,
Біз үшін жапырақ шашылған...
Кездескім келеді бар ма амал?!
Кеудемде сағыныш,зар да бар.
Сен мені сезінсең болды ғой,
Сезімдер кездесіп,жалғанар...
Кездескім келеді күзбенен,
(Кездескім келеді,сізбенен...)
Тіршілік махаббат әуені,
Тірліктен үмітін үзбеген...
* * *
Көбелек сынды қанаты сұлу мұң-зарым,
Арман жолында қағудан қанат тынбадың.
Махаббат сенің аңсайтын гүлің мыңжылдық,
Қанаттарыңда шық қатып қалған,мұң кілкіп.
Жүрегі барға қызыл да жасыл түсті өмір,
Көбелек мұңға қанатын қиған құс көңіл...
* * *
Тағы да аңсау-мұң,
Тағы да сағыныш.
Ғұмырлық бақытты,
Таба алмай сабылыс.
Армандар өміршең,
Адалдық танытқан.
Махаббат жолында,
Адасып талыққан.
Тағы да ойлы түн,
Тағы да жан жалғыз.
Жанталас тірлікте,
Табыспай қалғанбыз.
Жалғаннан ай ауып,
Жатса да түн көшіп.
Сезімдер шынайы,
Жасайды үндесіп.
Тағдырдың біз сірә,
Тамырын баса алмай.
Жүрміз-ау,жүректің,
Тарауын аша алмай...
* * *
Көнбіс екем,көнбіс екен жастығым,
Көздерімнің көлеңкесін көтерген.
Кешіре алмай дүниенің ластығын,
Кеудесінен тағдырының от емген.
Жанып бара жатыр әне бір үміт,
Жанарымның жарқылынан маздаған.
Мақпал түннің жұлдызынан жұлынып,
Махаббаттан жазым бола жаздаған.
Өртенетін шақтар мені шақырсын,
Өшіре алмай жалынымды,отымды,
Жалаңаштап жалқы шындық жатырсың,
Жан-тәніңмен шешіндіріп со түнді...
* * *
Осылай боларын біліп ем,
Ол рас ойландым түнімен.
Жанымның адасқан аңсарын,
Жалқы айдан табармын түбі мен.
Күтпеген өмірдің сындары-ай,
Күздегі жапырақ мұңдары-ай.
Ақынның жүрегін түсінбей,
Аспанда ай да үнсіз тұрғаны-ай...
Байсалды көрінген кезім мың,
Бабына бағынбай сезімнің.
Іздеген бақытым о тоба,
Ішінде екен ғой төзімнің.
Қалай мен білмегем нарқыңды,
Қамығып өткізгем бар түнді.
Пенделік не деген міскін ең,
Періште тартатын талқыңды.
Осылай өтті ғой талай күн,
Оқшау бір бақытты қалайтын.
Жарқ етіп жанатын мен үшін,
Жанымның жарығы бары айқын...
* * *
Аспандаған менің ғана жүрегім,
Алматыда жапырақ боп жатыр күз.
Болмысы күз ақын қыздың бірі едім,
Бояусыз мұң кеше алатын батылсыз...
Асқақтаған менің ғана паңдығым,
Алатаудың аласарып заңғары.
Жалқылық боп жанарымнан тамды мұң,
Жарты әлемде сағыныштың шамдары...
Аспандаған менің ғана мендігім,
Алматының көздерінде жасық сыр.
Тағдыр атты тастақ жолда кемді күн,
Табиғатты менің мысым басып тұр...
Аспандаған менің ғана жүрегім...
Бөлісу: