Кеңсай жаққа "сәлем бере" барғанда...

Бөлісу:

16.09.2016 4126


Ақшаңдақ аспанды тағы бір қыдырып шыққан күн әдеттегідей күзгі теректердің ұсақ-ұсақ бұталарын сары түске орап күйдіре бастаған шақта көлігімізді сайлап, жолға шығатын болдық. Бойда аздаған толқу бар еді. Тәңір нұрын аямай төккен анау бір төбенің басына шығудан бұрын, кеудесіндегі аяулы патшалыққа қонақ боп, әлдеқашан бір-бір әулиеге айналып үлгерген елестердің өзінен һәм мінезінен қорыққанымыз рас. "Өй бұл жерге мың рет келдік. Бір-екі жазғыш шалдың қайың астындағы мұңды бейнесіне қадала қараған құттай көздеріміз ақыр соңы қиялдағы Алматының әр тарабын аңдаусыз кезіп кететін еді ғой, шіркін" деп тұратын жөн емес-тін. Бұл жолғы сапардың орыны да, қорымы де бөлек еді.


Сынық сүйемдеп етектен жоғары өрмелеген қарабарқын көлеңкені бойымызға дарытқысы келмей, Алатаудың іркес-тіркес шыңдары өндіршегін созғылағанмен, ойымыз мүлде басқа жаққа ауған. Тек тар құрсағында бұлқынған алып шаһар әуелгі жауыннан кейін жаурап үлгерген ауялы жандарды жылытуы тиіс қызыл бояқ сәулені құмарлана жұтады.


14370294_671056896384161_2376973127105818900_n.jpg


Бір суыдық, бір ысыдық... Дүниенің төрт тарабынан бірдей жау келсе де, отырған орнымнан қозғалмайтын жайым бар. Сүтпен майланған қанжардың жүзіндей селдір шашы бүлкілдеп көшкен бұлттайын досымыздың бар жұмбағын жасырып отырды. Аңтарылып қараған қалпы тас мүсіндей қаттым да қалдым. Ол тоқтамай сөйлеп жатты. Кешегісін айтты, бүгінгісін айтты, ертеңгісін елемеуге тырысты. Құтпан айғырдай азынаған көлік жылдамдығымен жарыса сөйледі. Артында отқан сұр жейделі адьютант сыңарым да, мен де - көп сұрақ қойып мазасын алмауға тырыстық. Үлде мен бүлдеге масаттанар өзегін жел кернеген қурайдай қатып-семген қара шалға айналмай тұрып, шарпып тұрған қайраты бар шақта тыңдап қалғанымыз да дұрыс деп шештік. О, неге дейсіз ғой?! Түсінген адам өзі ұғар.


Жазғыш шалдар мен көргеннен көзақы алуға тырысатын көсіліп сөйлер көкелер. Қайсыбірі жатқан жері жарық болғыр Әбдіжаппардың ұлындай еді...


Міне, біз бір-бірінен үрікпей, төбешіктердей үйірсектене жата қалған қалың моланың ішіне сүңгіп кеттік. Жамылғының астына жасырынған көп қараға жалпы сәлем беріп, ақырын көтеріліп келеміз.


- Анааау жерде бүйдеген кісі жатыр, мынааау жерде сүйдеген кісі жатыр...
- Көке, жарты қорым сіздің жора-жолдасыңыз болып шықты ғой...
- Ееенді.. Солай ғой...

Ол қара бешпентін иығына желбегей жамыла ойын сап-сап тежеп бір күрсінді. Жараулы жүйрігіміз біраз шауып, құлаш жазбаған күйі мінген төбеден ылдилап түсті. "Бісіміллә" дедім ішімнен...


- Қорқынышты ғой, көке. 
- Ха-ха, қорқынышты болмағанда. Сосын ғой қыста келмей, ылғи қоңыр күзде жетіп алатыным. Әйтпесе жолды көрдіңдер. Ал, бұл байғұс шалдар жеріңе де, желіңе де қарамай мені күтіп жатады. Келмесең, біттің. Өкпелеп, о дүниеде қол бермейтіндей боп алады...


14292511_671056956384155_655130076775142207_n.jpg

Күн шаттанып дөңгеленген. Қыркүйектің майда самалы айналаңда үйіріледі. Жеттік...


- Жеттік пе, көке?
- Иә, міне осы жерде тығылып жатыр қайран Қадағаң...

Оқтаудай жолдың қос тармағын қырағы көзбен бір сүзіп шықтық.
Үрейленетін дәнеңе жоқ. Пері көшетін намаздыгер мен ақшамның арасында қалып кетпесең болғаны. "Түфф, бұл көл емес қой...Сонда дааа..." (ішімнен)


14316757_671056919717492_1753404223846177452_n.jpg

Киіз үйдің ағаштан жасалған жарма есігін сықырлатып ашқандай аңғал досымыз Ұлы шайырдың шағын ғана жатағының аузында қисынсыз оратылған темір құлыпты шеше сала қолын сөзды.


- Ассалаааумағалейкүм, Қадаға. Аманбысыз? (Бұртиып жатысын қарашы...) Мынау Құдай ақыл бермеген ініңізге ренжімеңіз. Көп күттірдім-ау. Айып менен. Әйтпесе көңілді білесіз ғой. Сәті шығып келіп тұрмын. Осы жолы жалғыз емес. Құлындарымды ілестіре келдім. Һәм өзіңнің інілерің.


Бір мезетте көкеміз Құран оқи бастады. Осы бір әуеннің құшағында қапысыз тербеліп, пенде біткенге бұйырған біртұтам ой мен болымсыз тірліктен баз кешкен қалпы отыра бергім-ақ келді. Астымыздағы алашапқын дүбірдің даусына маталып, айғай-шудың ордасына айналған қаланың жалған матамен оранған мүсәпір күйін енді көрместей болғам. Есіне әлдене түскендей оқыс сілкінген гидымызға бір қарап сап тиылдым. "Күннің өзі ұясына Қимай сені батады екен..." Жарты сағат тұрғаннан соң осы жолды бір қайталап, жоспарсыз келесі мекен-жай бойынша үй аралауға аттандық.


14364888_671056999717484_8251436061951936097_n.jpg


Өткен күндер елесі еңсегей бойлы, аққұба жүзді досымыздың кеудесі мен сау ақылын тепкіге алып, құрығынан босатпай келе жатқанын ұғып, әңгімені басқа жаққа бұрдық.
- Көке, анау зираттың басындағы аққудың мүсіні не үшін тұр деп ойлайсыз?
- Бір байдың қыршын кеткен қызы-ау деймін...
- еее...

Досын өкшелей жүрген қос міскін-адьютант әр моланың басына барып бет сипаумен болдық.

- Анаған соғайықшы, жігіттер. Ааа, анаған да соғайықшы... Олар да өкпелеп қалады ғой.

Мырза Әлінің баласын көріп кетуге келген біз бір демде сол маңдағы 5-6 зиратқа рет-ретімен соғып шықтық.


Көліктің алдына отыру үшін жылдам қозғалуға асықтым.

- Уфф, ал кеттік...
- Келесі тұрақ кімдікі еді?
- Жұмекен, Сағи, Жұматай, Ғабит...
Иә, иә, сол Ұлылар...

Тағы бір тоқтағанда, тоғай арасында адасқан Алматының кержалқау торғайлары шырылына басты. Жаз бойы жаңбыр еркелеп, төбесінен төгіп өтетін бұл қаланың аспаны күн шуағын сахилықпен үлестіріп нұрлана қалады деп кім ойлаған?! Таудан ескен самалдың өңеші тұп-тура біз жүрген айналада тұрса ғой, шіркін...


Жұмекенмен де көрісіп шықты, Сағимен де...


Үзік көшенің бойымен ұшып бара жатқан көлігіміз алқынып барып бір бұрышқа тірелді.

- Әй, жігіттер, ақшаларың бар ма?
- Жоқ, жоқ. А, бар. Иә. Қағаз ақша.

Ойбаай, жаңа түскен келіндей осынша толқып-тосырқап қаламыз деп кім ойлаған. Енді ше?! Мола аралап жүргенде аяқ асты ақша сұрай қалғаны несі деп ойладық іштей. Түріне қарасаң, кедей емес секілді.

- Аха-ха, қалжың, қалжың. Шын деп ойлап қалғандарын қарашы. Жәй әншейін сұрағам. Осында бір ағам жатыр. Өзі ылғи тиын-тебен дәметіп, келген сайын бар жиғанымызды қалтамыздан қысып қалып жүруші еді, жарықтық. Қонаққа барғанда, құр алақан бармайық дегенім ғой.

Сәтті әзілдің артынан айтқан кісісінің орнын іздеуге кірістік. Әупірімдеп жүріп таптық әйтеуір. Адам біткеннен тығылып, өзімен-өзі жайбарақат күн кешкісі келгендей елеусіз бір тасада тұр екен. Шаңы бес батпан ағаш арасынан өтіп, басына таядық. Әдеттегідей бейнесін бір шолып, жазбаны бір оқып, сүремізді қайталай тағы бір келерміз деген үмітпен шыққан нүктемізге қайта келдік.


Сосын...


Айбол Исламғали 



Бөлісу:

Көп оқылғандар