Әлихан Бөкейхан және қазақтың жазба әдеби тілі

Бөлісу:

23.09.2016 10736


шерубай.jpg

Қазақ жазба әдеби тілі негізінің қалануы жөнінде сөз қозғалғанда Ыбырай, Абай, Ахмет сынды ұлтымыздың ардақты тұлғаларының есімдері алдымен аталады. Халқымыздың ұлы тұлғаларының, қазақ әдебиеті мен тіл ғылымының аса көрнекті өкілдерінің қазіргі ұлттық жазба әдеби тілдің негізін қалауға, оны қалыптастыруға айрықша үлес қосқанына ешкімнің таласы жоқ. Бұлармен бірге ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасуына айрықша атсалысқан, қайраткерлік қарымымен де, қаламымен де елеулі үлес қосқан тағы бір тарихи тұлға бар. Ол – Әлихан Бөкейхан. Ұлттық жазба әдеби тіл дамуының ХХ ғасыр басындағы кезеңінде ол ұлт көшбасшысы ретінде үлкен тарихи рөл атқарды. Ғалым, журналист, аудармашы, қолынан қаламын тастамаған шығармашыл тұлға ретінде қазақ тілінің өркендеуіне жеке үлесін қосты.


Алаш қайраткерлері ақталып, олардың әдеби, ғылыми мұралары халық игілігіне айналған ширек ғасырдан астам мерзімде алаштану бағытында көптеген зерттеу еңбектері жазылды. Бұл іс әлі жалғасып жатыр. Тілшілер қауымы да қазақ тіл ғылымының бастауында тұрған Ахаңның, сондай-ақ, тілге қатысты еңбектер жазған Алаш арыстарының мұрасына арналған диссертациялық зерттеулер жүргізіп, ғылыми монографиялар мен мақалалар жарияладық. Қазақ тіл білімін, әдеби тілді дамытуға қосқан үлесі, ғылыми жаңалықтары анықталды. Алайда, бұл оқығандарымыздың арасында Әлихан есімі атала бермейді. Осы кезеңде тарихи тұлғаның мұрасы тарихшылар тұрғысынан көбірек зерделеніпті. Оның ұлттық баспасөзді дамыту жолындағы қажырлы еңбегі мен аудармашылық қыры да жекелеген әдебиетші, журналист мамандар тарапынан сөз болған. Ғалымның соңында қалған мұрасының басым бөлігі осы салаларға қатысты болғандықтан, солай болуы да орынды сияқты. Дегенмен, оның өмір жолын, қоғамдық-саяси қызметі мен соңына қалдырған мұрасын мұқият зерттесек, қайраткердің қазақ тілінің дамуына да көп еңбек сіңіргеніне көз жеткізуге болады.


Өткен ғасыр басында-ақ Қошке Кемеңгерұлы: «Әлиханның қазақ еліне сіңірген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды», деп жазыпты. Біздің бұл мәселеге ден қоюымызға да Қ.Кемеңгерұлының осы пікірі басты себеп болды. Неге? Өйткені, Қ.Кемеңгерұлы – «Қазақша-орысша тілмаш» (Мәскеу, 1925) тәрізді ғасыр басында жарық көрген едәуір көлемді сөздіктің редакторы болған, «Грамматика казахского языка» (1927) сынды еуропалықтарға арналған оқу құралының және «Жауро­палықтарға арналған оқу құралы» (1-кі­табы. Ташкент, 1928; 2-кітабы. Қызыл­орда, 1929) кітаптарының авторы, тіл мәселесіне арналған «Қотыр сөздер», «Жат тілді оқыту әдісі», «Мектеп қай тілде болу керек?» «Қазақша ай аттары», «Дұрыс па? Бұрыс па?» және басқа да бірқатар мақалалар жазған, тілдің жайын жақсы білген алаш оқымыстысы. ХХ ғасыр басындағы қазақ тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосқан, есімі Ахаңнан кейін аталуға тиіс делініп жүрген Алаш білімпазы. Ахаңнан бастап тіл мәселесін зерттеген замандастарының еңбектерімен жақсы таныс, өзі де солардың қатарында болған білімпаз мұндай пікірді жайдан-жай айта салмасы анық. Сондықтан сол кезеңде өмір сүріп, Алаш мүддесі үшін Әлихан Бөкейханмен қатар еңбек еткен білікті ғалымның пікіріне ерекше мән беру қай жағынан алып қарасақ та негізсіз емес. Ендеше: «Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан қазақтың әдеби тілінің тууына қалай себеп болды?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік.


Тарихымыздың ХХ ғасыр басындағы кезеңін Алаш көсемі Әлихансыз елестету мүмкін емес. Өйткені, ол осы кезеңдегі қазақтың тарих көшінің бағыт-бағдарын белгілеп, ел мен жер, тіл мен діл тағдыры, дін мен дәстүр тұтастығын сақтау үшін жұрт жұмысының жауапкершілігін мойнына жүктеп, басын бәйгеге тіккен тарихи тұлға. Иә, бұл кезеңде елге адал қызмет еткен ұлт зиялыларының әрқайсысының тарихымыздағы өзіндік орны, ұлтымыздың оянуына, өркендеуіне сіңірген зор еңбегі бар. Ол айдан анық. Алайда, солардың арасында қайсар мінез, табанды қайраткерлік болмысымен, саяси күрескерлік рухының биіктігімен және жан-жақты білімділігімен, бүтін бір елдің тағдыры мен оның алдыңғы қатарлы зиялы қауымын қалыптастыру, азаттық үшін бірігіп күресу жолында көшбасшылық қасиетімен ерекшеленіп, дараланып тұрған ең көрнекті тұлға – Әлихан. Мемлекет тізгінін ұстаған, ұлт көшін бастаған көшбасшылар мен көсемдердің сол қоғамға, сол халықтың өмір-тағдырына ілгерінді-кейінді ықпалы да зор болатынына адамзат тарихынан мыңдаған мысал табылады. Әлихан қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы көшбасшысы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ірі саясаткер. Ал тіл – кез келген мемлекеттің ішкі бірлігі мен сыртқы қарым-қатынасында, ұлттың тұтастығы мен мәдени дамуында негізгі рөл атқаратын басты құрал және баға жетпес рухани қазына. Қазаққа адал қызмет етуді өмірінің мәні санаған, өзі айтпақшы «Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеген» Әлихандай ірі қайраткер, сұңғыла саясаткер мұны жақсы білген. Сондықтан да, ол Алаш қозғалысының көсемі, Алашорда үкіметінің төрағасы ретінде де, мектепті, училище мен институтты тәмамдап, толық әрі жүйелі білім алған өз заманының ең алдыңғы қатарлы, озық ойлы ұлт зиялысы ретінде де тілдің рөлін терең сезінген. Тіл қадірін, қазақ тілінің қасиетін білмейтін адам «Анық түрік затты халық тілі – біздің қазақ тілі» деген сөзді айта ма? Академик Кеңес Нұрпейісұлы атап көрсеткендей, Әлихан Бөкейхан халқымыздың саяси көсемі. Бір халықтың саяси көсемінің елдің ішкі саясатының ең өзекті мәселесі тілге, тіл саясатына мән бермеуі, оны назардан тыс қалдыруы мүмкін емес еді. Дәлірек айтқанда, ол өзінің саяси жолының алғашқы қадамынан бастап қазақ тілінің ісқағаз жүргізу, сот пен тергеу, білім беру тілі болуын күн тәртібіне қойған, ресми органдардан талап еткен саясаткер.


Алаш ардақтысының өмір жолымен, соңында қалдырған мұрасымен та­нысқан кез келген көзіқарақты жан оның ұлттың тұрмыс-салты мен мә­дениетін, тілі мен әдебиетін жақсы білген, бұл рухани құндылықтардың қадір-қасиетін, халық өмірінде алатын орнын терең пайымдай алған өресі биік, зияткер мемлекет қайраткері екеніне көз жеткізеді. Ол Абай мұрасын айрықша қадірлеп, өзі мұрындық болып кітабын шығарды. Өмірінің соңына дейін Ахаңды азаматтық-саяси ұстанымы бір үзеңгілесі, ұлт азаттығы, ел мүддесі жолындағы күрестегі ең сенімді серігі ретінде ерекше жақын тұтты. Тізе қосып, елге еңбек етті. Мағжанның поэзиясын, Мұхтар Әуезовтің тілге жетіктігін атап өтіп, алғашқы аудармаларын жоғары бағалады.


Бұл жерде тағы да Қошке пікіріне жүгінгенді хош көріп отырмыз. Ол: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күнде­рінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азаттық тобы болды. Бұл топты баулыған Әлихан», деп жазады.


Егер ол баулыған азаттық жолындағы азаптың бәріне шыдаған үркердей ғана Алаш арыстарының қатарында ұлт ұстазы Ахаңнан бастап, тікелей қазақ тілін зерттеуге арналған еңбектер мен қазақ тіліндегі пән оқулықтарын жазған Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Н.Төре­­құлұлы, М.Дулатұлы, М.Жұма­байұлы, Ж.Аймауытұлы, Б.Байтоғаев, М.Мырзаұлы, Б.Малдыбайұлы, С.Қо­жанұлы, Ж.Күдеріұлы, К.Жәлелұлы сияқ­ты зиялыларымыз кіретінін ескерсек, Әлиханның ұлттық жазба әдеби тілдің қалыптасуына қаншалықты зор ықпал жасағанын пайымдауға болады.


Ол өзінің төңірегіне топтасқан бүкіл алаш оқығандарын қазақша газет шығаруға, көркем шығармалар мен қазақша пән оқулықтарын жазып, қазақ баласын ана тілінде оқытуға жұмылдырды. Бұл оның ұлт көсемі ретінде жазба әдеби тілдің қалыптасуына жасаған үлкен ықпалы, басты тарихи қызметі. Қ.Кемеңгерұлының «…әдеби тіл тууына себеп болды» деген пікірінің ең басты әрі жалпы сипаты да осы болар деп пайымдаймыз.


Алаш қайраткерінің жазба әдеби тілдің дамуына қосқан үлесі мұнымен ғана шектелмейді. Ол Алаш зиялыларын бұл іске жұмылдырып, ұйымдастырып, жөн сілтеп, жалпы басшылық жасап қана қойған жоқ. Өзі де солардың бел ортасында жүріп, қолынан қаламын тас­тамай өнімді еңбек етті. Қазіргі ғылым тілі, көркем әдебиет тілі, баспасөз тілі, ресми ісқағаздар тілі бір күнде қалыптаса салған жоқ. Тіліміздің функционалдық стильдік тармақтарының жіктелуіне қазақ тілінде газет шығарып, оқулықтар мен оқу құралдарын, көркем шығармалар мен ғылыми, ғылыми-көпшілік ең­бектер жазған ХХ ғасыр басындағы оқығандардың, көрнекті ағартушы-ғалымдардың қосқан үлесі орасан зор.


Әлихан, Ахаңдар бастаған қазақ оқығандары, ағартушы-білімпаздар тобы ұлттық баспасөзді дамыту мен оның тілін қалыптастыруға да бар білімі мен тәжірибесін, көп күш-жігерін жұмсады. Әсіресе, «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» деп, М.Әуезов оның қазақ өміріндегі рөлін атап көрсеткен жалпыұлттық тұңғыш газеттің ұлт тарихында алатын орны айрықша болды. Сондай-ақ, ұлттың ой-санасын оятқан бұл басылым қазақтың баспасөз тілінің, бүгінгі ұлттық жазба әдеби тілінің де қалыптасуына негіз қалады.


Әдеби тіліміздің даму, қалыптасу тарихы тілтанушы ғалымдар тарапынан едәуір жақсы зерттелді. Қазақ әдеби тілінің ұлттық дәуірге дейінгі және ұлт ретінде қалыптасқан кезеңіндегі әдеби тілін жан-жақты зерделеген «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты еңбегінде академик Р.Сыздық: «…Қазақтың ұлттық әдеби тілі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптасты деген тұжырымға келеміз» деген тоқтам жасайды. Ал тіл дамуының осы кезеңдерін арнайы зерт­теген белгілі тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымов «Қазақтың жазба әдеби тілінің қалыптасу кезеңі» атты мақаласында өткен ғасыр басындағы жазба әдеби тілдің қалыптасуындағы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін ерекше атай отырып, былай деп жазады: «Ол өзінің қазақ тілінің заңдылықтарын баян­дап берген іргелі еңбектерімен қатар қазақ қоғамын дүр сілкіндірген алғашқы ұлттық баспасөзіміз «Қазақ» газетін (1913-1918) шығарып, жаңа жазба әдеби тіліміздің нағыз үлгісін жасап берді. Сөй­тіп, қазақ тілшілерінің дұрыс көрсетіп жүргеніндей, ұлы ағартушылардан бас­талған жаңа жазба әдеби тіл үлгісі қазіргі кезеңде жан-жақты дамып, өзінің кемеліне келіп отыр».


Ғалым осы мақаласында Ахаң «Қа­зақ» газетін шығару арқылы жаңа жазба әдеби тілдің үлгісін жасады және қазіргі жазба әдеби тіліміздің негізін ХХ ғасыр басында еңбек еткен ағартушылар қалады деген ғылыми тұжырымға келеді.


Ахметтанушы, алаш мұрасын зерт­теуші тілші-ғалымдардың қай-қайсысы да қазақ тіл ғылымының атасы саналатын ғұлама-ғалым Ахаңның ұлттық жазба әдеби тілдің қалыптасуына да өлшеусіз үлес қосқанын атап көр­сетеді. Ғалымның соңына қалдырған құнын жоймайтын ғылыми мұрасы соған дәлел. Ал енді «Қазақ» газеті жазба әдеби тілдің үлгісін жасады» деген тұжырым тұрғысынан қарағанда, қазақ тіліндегі газет шығару мәселесін күн тәртібіне қоюдан бастап, қазақ өміріне үлкен серпін берген бұл тұңғыш ұлттық баспасөздің алғашқы санынан соңғы 265-ші санына дейін аянбай атсалысқандардың бірі ғана емес бірегейі алаш көсемі Әлихан Бөкейхан екенін де ұмытуға болмайды.


Көрнекті тарихшы ғалым, академик Кеңес Нұрпейісов: «…Ұлттық бас­­па­сөз органдары қатарында «Қа­зақ» га­зетінің алатын орны ерекше. Өйт­кені, ол басқа басылымдармен салыс­тырғанда ұзақ мерзім (1913-1918 жылдар) шығып, 265 саны жарық көрді. «Қазақты» дүниеге келтірген және оның тұрақты авторларының қатарында Алаш қозғалысының халық таныған жетек­­шілері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты қайраткерлер болды. Осы азаматтар мен олардың сенімді серіктері «Қазақ» газетін жалпыұлттық басылым дәрежесіне көтерді», – десе, белгілі тарихшы, алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі М.Қойгелдиев: «1909 жылы Петербордан Абайдың тұңғыш кітабын шығарған Бөкейханов болатын және «Қазақ» газетін шығару идеясы да Әлекеңдікі. Әрине, Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі орасан зор», – дейді. Алаш мұрасын терең зерделеген белгілі тарихшы ғалымдар Әлиханның газетті шығару идеясының және оның тұрақты авторы болғандығын анық жазады.


Алаш қайраткерінің мұрасын көп жылдар бойы зерттеп, көптомдық еңбектерін шығарып жүрген журналист-ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы: «Ресейлік мұрағат құжаттарына сәйкес (ЦГА, С.-Петербург, №776 қор, №21 тізбек, №16 іс), газет шығаруға рұқсат 1905 жыл­дың 9 желтоқсанында Мұстафа Ора­зайұлы мен бас редактор ретінде Ахмет Байтұрсынұлына берілгенімен, тұң­ғыш жалпыұлттық қазақ басылымын шығаруға мұрындық болған ұлт көсемі Әлихан екеніне тарихи айғақ-деректер шүбә келтірмейді» – деп жазады. Сонымен қатар, осы зерттеуші Ә.Бөкейханның «Қазақ» газетіне өз авторлығымен жаз­ған мақалалары да саны жағынан мол екенін айтады. Бұл сөзінің дәлелі ретінде әлихантанушы төмендегідей деректерді келтіреді: «Қазақтың» алғашқы 5 санында Әлекеңнің кемінде 6 мақала­аудармасы жарияланды емес пе? Ол ол ма, газеттің әрбір санында Әлиханның Қыр баласы, Қ.Б., Ғ.Бөкейханов, Ғ.Б. [яғни Ғали хан Бөкейхан], Ғали хан, Түрік баласы, Арысұлы деген бүркеншік есімдермен кем дегенде 2 көбіне 3-4 мақаласы жарық көріп тұрды. …Жалпы, «Қазақтың» 6 жылда шыққан 265 санында бір Әлекеңнің 300-ге тарта мақаласы, әдеби сыны, фольклорлық зерттеуі, көркем аудармасы, ашық хаттары, пікір­таластары, үндеулері және т.б. туындылары жарияланды. «Қазақта» одан көп жарияланған қазақты таба алмайсыз…».


Қайраткер мұрасын арнайы зерттеп жүрген С.Аққұлұлы Әлиханды да «Қазақ» газетінен бөліп қарауға бол­майды, Ахаң сынды оның да газетті шығаруға еңбегі ерекше сіңді деп санай­ды. Журналист-ғалым Қ.Сақ «Қа­зақ» газетінің шығарушылары туралы шындық», тарихшы Жандос Құм­ған­баев мен Ермек Балташұлының «Әли­хан Бөкейханов және «Қазақ» газеті» мақалаларында да алаш көсемі Ә.Бөкейхан ұлтымыздың тұң­ғыш жалпыұлттық газетін шығаруда, ұйым­дастыруда айрықша рөл атқарды дейді.


Ендеше, қазақтың жаңа жазба әдеби тілінің үлгісін жасаған «Қазақты» шы­ғару идеясының да, ондағы жария­ланымдардың да белсенді авторы Әлихан Бөкейхан сол жазба әдеби тілдің дамуына да үлкен үлес қосты деген қорытынды жасауға негіз жеткілікті.


Алаш ардақтысының соңында қалған мұраларының елеулі бөлігі – ау­дар­малары. Аудармашылық – оның шығармашылық қызметінің маңызды қыры. Әлихан Бөкейхан көркем аудармамен, ғылыми, ғылыми-танымдық, саяси әдебиеттер мен түрлі пән оқулықтарын, оқу-ағартуға арналған құралдарды аударумен де айналысты. Олардың арасында қысқа-қысқа мысалдар мен әңгімелер де, көлемді повестер мен романдар да бар. Алаш зиялысы әлем әдебиетінің жауһарлары саналатын Ги де Мопассан, О.Уайльдтің, көрнекті орыс классиктері Л.Н.Толстой, А.П.Чехов, И.С.Тургенев және В.Г.Короленко, Д.Н.Мамин-Сибиряктің шығармаларын, көне гректің әйгілі ақын-мысалшысы Эзоп мысалдарын, орыс генералы, этнограф, археолог, тарихшы, фольклор зерттеушісі, профессор Н.А.Маркстің «Қырымның ескі әңгімелерін» аударды.


Әдеби тілді, ғылым тілін қалып­тастыруға қосқан Ә.Бөкейхан үлесінің бірі ол жасаған терминдер. Аударған оқулықтары мен ғылыми еңбектерінен оның қаламынан туындаған көптеген терминдерді кездестіруге болады. Мә­селен, Қыр баласы аударған К.Флам­марионның «Астрономия әліпбиі» Мәскеудегі Кеңес Одағындағы халық­тардың Кіндік баспасынан 1924 жылы жарық көрді. Осы еңбекте айдың жартылай тұтылысы – частное затмение луны, айдың толық тұтылысы – полное затмение луны, аспан кеңдігі – небесное пространство, аспан тасы – аэролит, ауыс­палы жұлдыздар – переменные звезды, жер белбеуі, белбеу – экватор, бұлтшық – облачко, егіз жұлдыздар – двойные звезды, жанартау – вулкан, жантайма – наклон (земной оси), жердің білегі – ось земли, жұлдызшық – звездочка, күннің беті – поверхность солнца, күн қотаны – солнечная система, қоралы жұлдыз – совокупность звезд, құс жолы – млечный путь, қырағы түтік – телескоп, пөліс шеңбері – полярный круг, терістік пөліс – северный полюс, толық тұтылыс – полное затмение, тұтылыс – затмение, ұзақтық – долгота, ұялы жұлдыздар – созвездия, үйек – пояс және т.б. терминдер бар.


К.Фламмарион еңбегін аудару бары­сында ол да сол кезеңде төл оқулық­тар жазған немесе аударған өзге де алаш зиялылары сияқты терминдерді қазақша жасауға басымдық берген. Ғалым бұлардан өзге де көптеген астрономия, география және қоғамдық-саяси терминдерді қазақ тілінде жасап, қолданады. Олар жөнінде арнайы сөз еткен жөн. Оның аудармалары мен мақалаларында бүгінгі тілдік қолда­нысымызға енген айыпкер, әкім, әкімші, әкімшілік, баспасөз, даяшы, жарнама, жауапкер, жолбасшы, көшбасшы, көшбасшылық сынды көптеген атаулар кездеседі. Бұлардың арасында өз қаламынан туындаған атаулар да болуымен бірге ол замандастары жасаған сөздерді де талғап жұмсау арқылы тіл­дік қолданысқа енгізуді мақсат еткен. Мұны да ұлттық жазба әдеби тілдің қабырғасына қаланған «кірпіш» деп ұғу керек. Өйткені, қай кезеңде де елге қадірлі тұлғалардың, сөздің құнын білетін қалам иелерінің жаңадан жасалған атауларды, терминдерді қолдануы олардың тілде орнығуына, жалпыхалықтық сипат алуына оң ықпал етеді. Ә.Бөкейхан да өзінің баспасөз беттерінде жариялаған мақалаларында, ғылыми еңбектері мен аудармаларында Алаш қайраткері жасаған жаңа атаулар мен терминдерді қолданып, олардың әдеби тілге сіңуіне қызмет еткен. Әлекеңнің ХХ ғасыр басында халық арасындағы зор беделі мен қолынан қаламы түспей өндіріп жазғанын ескерсек, оның сол кезеңде жасалған талай сөздің қолданысқа еніп, сөздік құрамымызды байытуға септігі тигеніне еш күмән жоқ.




Ә.Бөкейхан ұдайы жаңадан жасалған терминдерге қатысты өз көзқарасын, ұсыныс-пікірлерін білдіріп отырған. Қыр баласы «кітап сыны» деген айдармен қазақша шыққан кітаптардың көпшілігіне сын-пікірлер жазды. Олардың тіліне, мазмұнына, аударылу сапасына ерекше көңіл бөлді. Сондай еңбектердің бірі 1925 жылы Орынборда шыққан Н.Островскаяның «Еңбекшілерге кооперация не үшін керек?» деген кітапшасы. Оны аударған Сапа Жүсіпұлы. Осы кітап жөніндегі пікірінде ол: «Сапа жолдас орыстың «потребитель» деген сөзін «тұтынушы» деп қазақшалайды», деп жазады. Бұл рецензия арқылы біз бүгінгі қолданысымыздағы «тұтынушы» терминінің ХХ ғасыр басында жасалғанын және оның авторы Сапа Жүсіпұлы екенін анықтау мүмкіндігіне ие болдық. Ғалым еңбектеріне үңілген сайын мұндай құнды деректер табыла береді. Сондықтан оның еңбектерінің толық жинағын шығарып, тілдік тұрғыдан зерттеудің мәні зор.


Әлихан: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ», деп алаштың жоғын жоқтап, барын түгендеп, ұлтымыздың қамын жеп өткен жұрт шырақшысы. Азаттық жолындағы арпалыспен өткен күреске толы ғұмырында ол ұлтының ертеңі үшін бар күш-жігерін, білім-тәжірибесін жұмсаумен бірге, басын бәйгеге тігіп, жанын да қиды. Қазақтың өз жерін еркін жайлап, өз елінің төрінде отырып, ұл-қызын қазақша оқытып, билік пен төрелікті қазақ тілінде айтуы үшін аянып қалған жоқ. Қазақ тілінде газет шығарды, қазақша кітаптар бастырды, жүздеген мақалалар жазды. Өзгелердің озық ойларын қазаққа жеткізем, көркемдік танымын кеңейтем деп аударма да жасады. Қайсар рухты, асыл текті қайраткердің көшбасшылық арынымен де, қаламының қарымымен де қазақтың жазба әдеби тілінің дамуына қосқан үлесі, сіңірген еңбегі де елеусіз қалмауы керек.


Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор Ұлттық ғылым

академиясының корреспондент-мүшесі.

Бөлісу:

Көп оқылғандар