Жолтай Әлмашұлы: Көркем әдебиет - 25!
Бөлісу:
29.09.2016
4643
КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ -25! Қазақты түсіну қиын. Түсінгің-ақ келеді, бірақ түсіне алмай қиналарың өте көп. Неге? Еріккеннің ермегі емес еді, осыдан бірер апта бұрын ел тәуелсіздігінің 25-жылдығы тойланар тұста біз неге ұлт көркем әдебиетінің де (проза, поэзия, драма) 25 жылдағы биіктігі жайынан сөз қозғамаймыз деп ұсыныс білдіріп ек! Ол ойымызды кестелеп жазып, өз постымызда жарияладық та! Артынша әдебиетке жанашыр болып отырған «Әдебиет порталы» бұл ойымызды қуана қостап, өз сайтында да жариялап жіберді. Бар мақсатымыз - соңғы 25 жылдағы ең таңдаулы роман, поэма, драмалық туындыларды (кесек туындыларды) бәріміз болып, ақыл қоса отырып атап, ең көп дауыс жинағандарын елге мәлім етсек деп едік. Жаман ұсыныс па? Біздіңше, жөн әңгіме сияқты еді! Кешелі бері кейбір «данышпан достарымыз» біздің ұсынысты бұрмалап, «олай болса, 25 батыр, 25 елші, 25 спортшы, 25 құрылысшыны... да атамаймыз ба?» деп көсемсіпті! Осы да жөн сөзге жата ма? Есті адамның әңгімесі бола ма? Ау, алдымен тақырыпқа қарамай ма бұл білгіштер? Қазақ десе, тағы да өзімізге тиеді. Ұлттың көркем әдебиетін онсыз да қойыртпақтап, жанрды дүбәралап, әбден мипалау жасап бітуге айналдық. «Бізде кейінгі жылдары жазылған жақсы шығарма бар ма?» десең, көбісі көкке қарап, мұрын шүйіріп, «соны да сөз деп тұрсың ба» дегендей марғау кейіп байқатады. Бұл қалай? 21-ғасырда қазақ көркемсөзі өлсе, өле берсін дегеніміз бе бұл? Қитығып, қисая сөйлеп, өткенімізге түкіріп, бұрынғы аға буын қаламгерлерді түкке алғысыз етіп, ол аз десең, енді «ең дұрысы-жазбаған ғой» деп, «ештеңе де оқымаймын» деп, «қазақтан бұдан былай тәуір ақын-жазушы шығушы ма еді» деп... аузымызға не келсе, соны айта беруден оңай дәнеңе жоқ! Оны көрінген «қаламгерсымақ» айта да, жаза да алады! Мықты екенсің, сондай керауыздарға тіке қарап, тоқтау айтып, тосқауыл қойып көрші? Тағы да қайталап айтамын, 25 жылдағы ең үздік шығармалардың атын атап, түсін түстеу маған да, саған да керек емес болар, бірақ өсіп келе жатқан саналы, ойлы жас ұрпаққа аса қажет! Олар да болашақтан үмітті! Ең болмаса, солар туралы ойланыңыз бір сәт...
Бөлісу: