Нұрлан Қабдайұлы: Кішкентай шенеунік

Бөлісу:

07.10.2016 3002


bankir2.jpg


- Саламастар ма? Біз енді нағылып, нетуіміз керек, этот... министрліктен указание келді...


Үлкен шенеунік осылай деп жиналысты бастап кетті.


Кішкентай шенеуніктен қарадай маза қашты. Ұзын, енді қоңыр үстелдің аяқ жағын, қас қылғандай бастығына қарама-қарсы отырып алған екен. Осы жолды бөлек бір миссиямен таңдамап па еді?.. Енді міне қара басып, жоқ жерден... "Мына бәлеге қайдан жолап ем?!" Үлкен шенеунік бүгін күлгін галстук тағып келіпті. Мұнікі сұр, гүлді. Таңертең мойнын ебедейсіз созып, кеңірдек түймесін сала алмай әуре болып тұрғанда жас келіншегі галстуктің неше атасын ілген ақ білегін көлденең тосып тұра қалған:


- Қайсысын?
- Дұрысырағын әкел.
- Мынау келетін сияқты...


Өзі жас, өзі сұлу келіншегіне сенбей не көрініпті. Ұстатқан галстукты қылғына байлап жүре берген. "Бекер болды. Сенбеу керек еді. Өзім таңдасамшы". Кішкентай шенеунік шеке тамыры білеуленіп булығып кетті. Үстел жағалай көз жүгірткен. Шетінен күлгін галстукті, жылтыр шаштылар бұны өзіңе де сол керек деп мұқатып отырғандай. "Қап, - деді кішкентай шенеунік, - қап, енді-енді көзге түсіп жүргенде... Бастық жақтырмай қалатын болды-ау... Бағана үйдегі галстуктің бәрін портфеліме сала шықсамшы..."


- Сәвишаниені осымен аяқтаймыз. Барыңыздар, жұмыстарыңызды нағылыңыздар...


Ел дүр етіп көтерілгенде кішкентай шенеунік те селк ете түсіп, апыл-ғұпыл атып тұрды да... гүр-р-р еткізіп унитаздың суын ағызып, шалбарын көтеріп, ауын түймеледі. Құйрығын да сүрткен жоқ.



Бөлісу:

Көп оқылғандар