Ұлықбек Есдәулет: Шекспирдің қаламдасы

Бөлісу:

11.10.2016 5110


Хамаңмен2.jpg

Хамит Ерғалиевтің туғанына 100 жыл




Компартия тарап, Кеңес өкіметі құлап, тәуелсіздікке қолымыз жеткен сонау тұста ақын, халық жазушысы Хамит Ерғалиевке бір тілші келіп:


- Сіз «партия мен халық бір тұтас» деген дәуірде партияны жырладыңыз. Ендігі жерде өз партиялылығыңыз туралы қандай пікірдесіз?- деген қитұрқылау сұрақты қабырғадан қойғанда:


- Мен әлемді фашизмнен аман сақтап қалмақ болған компартияға қардай бораған оқ астында, соғыста қабылдандым. Ал кейінгі басынан шіріген балықтың өлі денесінен мені іздеп таба алмайсыз. Өз басым енді ешқандай партияға сенбеймін! - деп бұлтармай жауап берген екен. Одан ары қарай: «Азап-сорды бақ-дәулет деп, қараңғыны жарық деп, қылмыс қылуды қырағылық деп, ана тілін ұмытуды сауаттылық деп,- бәрін керісінше құптап, әбден есеңгіреп қалған халықтың тым болмаса аздап ақыл-есін жинағанын көрсе, біздің ұрпаққа сол да жетіп жатыр. Біз әлі ұлт болып әрекет қылуды ұмытқан күйдеміз»,- деп өз көзқарасын ашып айтқан. Қашан да хас батырдың қылышындай қайраулы тұратын қайран Хамаң бұл жерде де қиып түскен! Бұл жауаптан бері жиырма бес жыл өтті, ал біз болсақ ана тілін ұмытуды сауаттылық деп әлі жүрміз!


Әдебиет әлемінде ілтипатпен «Хамаң» атанған қайталанбас ақын, қазақ поэзиясының классигі Хамит Ерғалиев туралы айту да, жазу да оңай емес. Бұл жерде, әсіресе, оның шырғалаңға толы тағдырының айнасындай эпикалық кең құлашты, терең толғамды шығармаларын тілге тиек ету үшін алдымен оның өмір жолына үңілу керек болары сөзсіз.


Дегенмен, атақты ақынның энциклопедиялардағы қысқаша өмірбаянына көз жүгіртсеңіз де көп дүниеге қанығасыз. Мысалға:


Өлеңдері алғаш баспасөз бетінде 1936 жылы жарияланған. Содан бергі уақыт ішінде қырықтан астам төл кітаптары мен аударма жинақтары шыққан. Прозаға да қалам тартқан, әңгімелері, көркем очерктері мен публицистикалары жеке-жеке кітап болған. Ақын аударма саласында да қыруар еңбек тындырған. Негізгі шығармалары көп тілге аударылып, таңдамалы шығармаларының Үш томдығы, бес томдығы жарық көрген. Өмірінің соңғы бес-алты жылында бес кітап шығарып, 1998 жылы 82 жасында қолынан қаламы түспеген күйінде дүниеден өтті...


Бұл қасаң мәліметтердің астарында тағдыр талқысын көп көрген нағыз ақынның қаншама жан азабы, жүрек толқынысы, қайғы-мұңы, шері мен шаттығы, күйініші мен сүйініші шүпілдеп тұрғанын оның шығармаларын байыптап оқыған адам ғана түсінеді. Ол бар қуатын жұмсап жазды, жанары әлсіреп, көз майы таусылғанша жазды.


1987 жылы Атырау облысында «Жас Алаш» газетінің күндері өтіп жатқанда ел аралауға шықтық. Сонда Фариза апай жол-жөнекей көз ұшында бұлдырай қарауытып көрінген ескі жұртты көрсетіп: «Анау жатқан «Ерғали күдірі» деген жер, Хамаңның туған ауылының орны. Әкесі атақты бай болған екен» дегені есімде қалып қойыпты. Осы баяндаманы дайындау барысында мен Хамаңның өмір жолына да, шығармаларына да көп үңілдім. Сондықтан ол кісінің тағдырындағы бергі белгілі жайттардан гөрі көпшілікке беймәлім тұстарына үңіле түссем деймін.


Патша заманында ақынның арғы атасы Қойыс ақын старшын болса, өз әкесі Ерғали ауыл старостасы болыпты, жеті атадан жілік майы үзілмеген дәулетті адамдар екен. Кеңес өкіметі орнаған тұста да әкесі қызметке алынып, қисық қылышты милиционер болып, генерал Толстовтың баскесерлерімен соғысып, ат үстінен түспепті. Ерғали әкесі өз бетімен орысша сауат ашқан, Лев Толстойды оқып, жұртқа әңгімелеп беретін, екі тілде бірнеше газет-журналдар жаздырып алатын, көзі ашық кісі, төңірегіне сақи атанған, қатарының алды екен. Бала Хамитты алты жасынан оқыта бастаған. НЭП заманында шаруашылықпен айналысып, бір үйір жылқы, бір келе түйе, бір табын сиыр, мың қаралы қой біткен дәулетті адамға айналып, жалшы ұстапты. Өзі: «менің бағып отырғаным Лениннің малы. Мұны әлі-ақ өкімет өзі алады» деп отырады екен... Айтқаны айнымай келіпті... 1925-27 жылдары қалыңдығы үш елі кітап жазып, ел астанасы Қызылордаға жібергенімен жауап болмайды. Артынша өзі ұсталып кете барады.


Бәйбішеден туып, уызында жарыған Хамит ақынның азан шақырып қойған толық аты Ғабдолхамит. Арғы аталарынан ақындық дарыған бала алты жасынан «құланның қодығы, ботаның бодығы» деп ұйқастыра бастапты. 10 жасында әкесінің малын кедей-кепшіктер тәркілемей-ақ бөлісіп алады. Ерғали өзі тоқалымен, бала-шағасымен жер аударылады да, жолшыбай қамауға алынып, Текенің түрмесінде қапаста жатып, қаза болады. Ал болашақ ақынның анасы, 16 құрсақ көтерген Бағдагүл бәйбіше «талақ қағазын» алып, оған ермей, сүт кенжесімен бірге елде қалған. Бірақ болашақ ақынға «бай-құлақтың тұқымы», «халық жауының баласы» деген сол замандағы жексұрын, сүйкімсіз аттар бірден жамалады. Сөйтіп, алдымен жәдитше сауат ашып, артынан латын қарпін игерген Хамиттың оқуға деген ынтасы тасқа соғыла береді. Шаншудай қадалған сұқ көздер мен түрпідей тиген суық сөздердің сызына шыдамай, мектеп-интернаттың 5-класын аяқтамай жатып, оқудан шығуға мәжбүр болады. Өз сөзімен айтсақ:


«Астымда көк тайыммен зарлап шабам, Сиынам аруағыңа Қойыс бабам», деген удай ащы өлеңмен «уыз дәуренді он бір жасында аяқтап», есеюге ерте бет бұрады. Бірер жыл бедерінде шешесін көндіріп, Қамысқаладан Үйшік қаласына көшіп, ФЗУ-ға түседі. Онда өзінен жасы үлкендермен бірге ағаш шеберінің оқуын оқиды. Сол тұста-ақ Хамаңның ақындық талабы біліне бастап:


«Жоғалттым ара-балтамды, Бұлар да қақты қалтамды», немесе, «Күлгенде ақ Жәкіштің демі қандай, Ғашық боп ауырғанның емі қандай?» деп өлеңдер шығарып, жұртты қарық қылып жүреді.


ФЗУ-дан ол «плотник-столяр» - ағаш шебері деген мамандық алып шығады. Жас Хамиттің аядай үйінің ішін ағаш жоңқасына толтырып жүріп жасаған кебеже, жастық ағаш сияқты жиһаздарын заказ берген әйел алмай қойып, анасының алдында қатты ұялады. Бірақ, өзіне жасап алған үшбұрыш домбырасы әжептеуір үні бар серігіне айналады. Соны тыңқылдатып, күй шертіп, ән салып, өлең шығарып жүреді. 16 жасында ФЗУ бітірген Хамаңды мамандық бойынша жұмысқа алынғанға дейін бүкіл курсымен бірге теңіз жағасындағы портта жүкшілікке салады. Атпал азаматтардың өзінің белін қайыстыратын бұл жүкшілік жұмыс әлі қабырғасы қатпаған жас балаға ауыр тиеді. Соны байқаған бір таныс кісі басқа оқуға баруға кеңес береді. Содан Хамаң жұмысымен есеп айырысып, шешесін өзінен үлкен екі апасы мен қызмет істейтін екі жездесіне тапсырып, өзі пароходпен Текеге жол тартады. Онда Орал пединституты жанындағы рабфакқа оқуға қабылданады. «Бұл сапарға бет алғанда жасым да 17-ге толған-ды» дейді Хамаң.


Бұл 1933 жыл еді. Елде әлі ашаршылық. Карточкамен бірде қара нан, бірде кебек талқан жеп жүрген бозбала Хамаң әлсіреп, безгек ауруына ұшырайды. Сөйтіп, безгектен безілдеп-селкілдеп жүріп, аш қарынға «Хинин» деген дәріні ұрып алып, ара-арасында Рабфактың «Жас қалам» атты қабырға газетін шығарады, оған өзінің де өлеңдерін жариялап, соңына «Редактор Х.Ерғалиев» деп қол қояды.


Бірде пединституттың мұғалімі Қажым Жұмалиев қабырға газеттен жас Хамиттің С.М. Кировтың қазасына байланысты жазған:


Киров сынды көсемді,

Атып дұшпан тастаған.

Қайғысынан қамығып,

Жас балапан қақсаған,-деген өлеңін оқып, елең еткен екен. Содан Хамаңды директордың бөлмесіне шақыртып алып, танысып, «Ақын екенсің!»- деп, арқасынан қағып, институттың әдеби үйірмесіне тартады. Бұған қанаттанып, қатты арқаланған ағамыз: «Біздің көркем сөз дүниесіне етене енуіміз осыдан басталды» деп жазады.


Есіме қайтып ене алмас

Желді күн, яки тымық күн.

Қай сәтте анам ең алғаш

Бауырсақ берді? Ұмыттым...

Әлде оны жақын туысқан

Әкелген аштық, ауыр шақ.

Әйтеуір титтей уыстан

Шығармай жедім бауырсақ... Қарапйым өмірдің кркем шындығы деп жүргеніміз осы! Қандай әсерлі өлең!


Хамаң 35-жылы безгектен құтылып, өлеңді көсілтіп жазып, пединституттың әдеби газетінде үзбей жариялана бастайды. Орал қаласының оқу орындарында, театрлары мен клубтарында өтіп жататын түрлі сауық кештерінде Сәкен, Сәбит, Ілияс, Тайыр, Қажымның және өз өлеңдерін нәшіне келтіріп, «құйқылжытып, құбылтып оқуды» меңгеріп алады. Радиоға барып тақпақшы, әнші, спектакльдерде актер болып, сахнадан түспейді. Облыстық олимпиадада бірінші жүлде алып, ақын аты жайылады. Тіпті, жаңа ашылған театрға артистікке жібергенде бармай, қашып құтылады.


«1936 жылы менің өмірімде 3 үлкен оқиға болды» деп жазады Хамаң. Біріншісі - Орал облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде Октябрь революциясына арналған «Тұңғыш» деген өлеңі жарқ етіп, жарияланғанда ол төбесі көкке жеткендей қатты қуанады. Бұл Хамаңның 20 жасындағы поэзия әлеміне аттаған тұңғыш қадамы еді.


Екіншісі – байларды тап ретінде жою хақында «Ұлы кек» деген оқиғалы үлкен поэма жазып, Сәкен Сейфуллин басқарып отырған «Әдебиет майданы» (бүгінгі «Жұлдыз») журналына жолдайды. Ол жарияланбайды. «Бірақ, «менің еңбегімді Сәкеннің өзі оқыды-ау?!» деп ойлаудың өзі мен үшін аз қуаныш емес еді» дейді Хамаң.


Үшінші оқиға - комсомол қатарына қабылдануы. «Танылып қалған ақынсың, оқу үздігісің, комсомол қатарына өтуің керек» дегенде Хамаң: «Онсыз да құрылым жұмысын атқарып жүрмін. Мен өзім «Құдайсыздар ұйымының» мүшесімін және профком мүшесімін, әрі әдебиет үйірмесін басқарамын, оның үстіне драма, хор үйірмелеріне, домбыра оркестріне қатысып жүрмін. АСО мүшесімін, ГСО, ПВХО, Ворошилов атқышы нормаларын тапсырдым. Онсыз да мұрныма су жетпей жүр,-деп қашқалақтаса да, қоймай қабылдайды.


Артынша атышулы 1937 жыл да келіп қалады. Жас ақын Хамит Ерғалиев Оралда Қасым Аманжолов, Жәрдем Тілековтермен енді ғана танысып, араласа бастаған тұсы еді. Бір күні 3 курста оқып жүрген комсомолдың бюро мүшесі ол, есеп беру-сайлау жиналысында президиумда отырып сөз сұрап алып, соңында өзінің «ірі феодалдың баласы» екенін айтып салады.


Әлгінде ғана оның әр сөзіне дуылдап қол соғып отырғандар сілтідей тынып, артынша бір-бірлеп «ит көрген ешкі көздене» бастайды. «Жасырынып жүрген бөрінің бөлтірігі екен, көрдіңдер ме?», «комсомолға ену үшін жақсы оқып, әдейі белсенді болған жау» деген айыптаулар қарша борап, сол күні оны дереу комсомолдан шығарып тынады, ертеңіне қалалық комитет комсомол билетін тартып алады. Профсоюз қатарынан да аласталады. Оған қоса үстінен жедел арыз түседі. «Әкесі – бай, табынғаны – халық жауы Сәкен, демек бұның жаумен тығыз байланысы болған, оған қоса 7 қызға жәбір көрсеткен», т.с.с... Әрине, мұның бәрі жала еді. Хамаң өз естелігінде әлгі 7 қыздың екеуімен ғана сырттай байланысы болғанын мойындайды. Зинақорлау біреуіне өзі қарамағанын, ал «К» деген екіншісін қатты жақсы көрсе де, ол мұның өлең-хаттарына жауап бермегенін айтады. Бірақ, шолақ белсенділер ақ-қарасын анықтамастан бір-ақ күнде «шылбырын түріп», таланттың тағдырын белінен бір-ақ сызып, оқудан шығарып қоя береді... «Есек сүрінбейтін сүрлеуде тұлпар жығылды» деген осы.


Гурьевке қайтып келген соң үйде ұзақ жата алмай, қалалық оқу бөліміне барып, қазақтармен оқуға тойғанын айтып, енді кілең орыстар оқытатын оқуға жіберуді сұрайды. Сөйтіп, Үйшіктегі төрт жылдық Мұнай рабфагінің үшінші курсына екі айлық сынақ мерзімімен қабылданады. Директоры Жиголенко Хамаңның жас ақын екенін біліп, бірден әдебиет үйірмесін қолына береді. Ол таныстырған комсорг Әбдіғали деген жігіт: «Сенен біз тура орыс жасап шығарамыз. Комсомол дегеніңізді ертең-ақ қайтарып аламыз!»- деп құлшындыра түседі. Енді Ерғалиев басқа пәндермен қатар орыс тілін үйренуге қатты ден қоя бастайды. «4-5 айды артқа салып алғаннан кейін өлеңдерім Гурьев газетінде дүркіреп жүріп берді» дейді Хамаң бұл туралы. Ол енді екі тілдегі әдебиет үйірмелерін қосып, шырқ үйіреді.


Осы тұста Қазақстан Жазушылар одағының екі облыстағы өкілі Жәрдем Тілеков келіп, Хамаңды обкомның бірінші хатшысы Қалдыбай Баймановқа ертіп апарады. Басшы жас ақынның жағдайын түсінген соң, үш күн ішінде комсомолға қайта қабылдатады. Қисайған жағына жығылатын Хамаң ескі әнінен жаңылмай, анкета толтырғанда «Сын крупного феодала» деп тағы жазып жібереді. Соған қарамастан Хамаңды Жамбыл Жабаевтың 75 жылдық тойына баратын үш адамдық делегацияның құрамына енгізіп, ұшақпен Алматыға аттандырып жібереді. Келесі жылы Қазақстан жазушыларының ІІ съезіне де қатысады. Бұл сапарлар жас ақынның үлкен әдеби ортамен танысып-білісуіне жол ашады.


Содан Қызыл Армияға, атты әскер полкына алынады, бірақ «сенімсіз бай баласы» деген сыбыс мұнда да жетіп, соғыстың алғашқы жылдарында қанша сұранғанымен майданға жіберілмейді.


Жалпы, өмірдегі қиындықтардың, тағдырдың талқысының бәрі, айналып келгенде, ақынның өмірбаянын құрап, оның шығармашылық пайдасына шешілетіні анық. Ең алдымен, Хамаң «халық жауының» баласы ретінде жүрегі шерге толмай өссе, шетқақпай көрмесе, комсомол боп күмпілдеп жүрсе, бүгінге мирас болған шынайы шығармаларын бере алар ма еді? Егер Хамаңды рабфактан оқудан шығарып жібермегенде ол кісі атақты мұнайшы болып кетіп, біздің әдебиетіміз бір классик ақынға кеміп қалар ма еді деп те ойлаймын.


Соғыстың басында Түркіменстанның Мары қаласында эскадрон басқарып жүрген Хамаңды майданға жіберудің орнына Алматыда резервте тұрған запастағы полкке эскадрон командирінің орынбасары етіп жібереді. Оған әскери дәрежесі бойынша қаладан пәтер берілуі керек екен. Бірақ ол пәтері түскір бойдақ адамға бұйырмайтын болып шығады. Содан лейтенант Ерғалиевке командирі «Үй керек болса – үйлен!» деп үзілді-кесілді шарт қояды. Бұрын қызға қырындауға өркөкіректігі жібермейтін Ақын рабфакта бірге оқыған құрбы қыздарға қолқа салып, өзіне қалыңдық іздете бастайды. Болашақ атақты әнші Рахия Оспанова (кейін Қойшыбаева) болашақ атақты ақынға болашақ адал жар қарастырады. Біздің Хамаң неше қыздың ішінен таңдап-ұнатқан қалыңдығы Гүләнуарды бірден өзіне қаратпақ болып, әрі аса сауаттылығын білдіру үшін: «Будь здорова, дочь Востока» деп хат жазады. Артынша сол қыздан «Өтінем, бұдан кейін қазақша жазшы» деген жауап алады. Екеуінің арасында махаббат оты тұтанып, үйленбекке бел буады. Әне-міне соғысқа аттанбақ болып отырған жігітке тұрмысқа шығуға бел байлаған Гүлануар шешеміздің сондағы шешімін ерлік демей көріңіз! Махаббат бар жерде әрқашан ерлікке орын бар!


Бірақ, аяқ-астынан той жасауға ақша қайда? Сол кезде атты әскердегі офицерлерге Жаңа жылды атап өтуге деп, жалақы орнына шошқа таратылады. Өз үлесіне тиген кішілеу алты айлық торайды ақын ағамыз әнші Рахияның шешесіне базарда сатқызады. Соның ақшасына азын-аулақ үйлену тойын жасайды. Байлауға келмейтін ол доңыз неме базарда мойын жібі сыпырылып, қашып кетіп, бүкіл жұрт болып қуалап, шулап жүріп, әзер ұстағаны бір әңгіме! Бұл туралы Хамаңның естелігінде де, өлеңінде де жүр. Бұл оқиғаны ақын өз жырында бастан өткен қоғам кеселі ретінде шенеп өтеді.


Ешкім бәлкім менен үлгі үйренбес,
Ешкім менше торай сойып үйленбес,
Төсегімнен әкетпесе игі деп
Ешкім менше үрейлене үйге енбес.

«Ешкім менше үрейлене үйге енбес»... Осы бір шумақта жазықсыз жазаға толы сол бір зұлым заманның ащы шындығы бейнеленген. Ал енді мына бір шумақтарға назар аударайықшы:


Баса көктеп Жайыққа орыс келген,

Жерді тартып алмақ па?... Ол істелген.

«Қазақ» деген ұлт атын және тонап,

Құм, тақырдан «киргизге» қоныс бөлген.

Малын айдап аларда малшыны атқан,

Қарсы шыққан қарттарын қамшылатқан.

Жас баласын ұрлап ап, жаттығарда

Нысана қып тірідей қансыратқан.

Сатқындардан қажетке тізім жинап,

Көнбегеннің көзінше қызын қинап,

Есаулға немесе бірер түнге

Сыйланыпты бұрымы ұзын бейбақ.


Міне, мұнда отаршылық саясат та, қазақ сияқты аз халыққа жасалған қиянат та өткір тілмен бейнеленген. Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы оқиғалар көз алдыңа келеді. Бұл да болса біздің ұлтымыздың басынан өткен өкінішті тарихы. Ақын оны шыншылдықпен, өте әсерлі бере білген.


Қаһарман Қасым Қайсенов: «Хамит өмірде де қаһарман, поэзияда да қаһарман, соғыста да қаһарман болды» деп жазған. Әнеки, батырды батыр қалай танып, бағалай білген! Хамит Ерғалиев өмірде бетің бар, жүзің бар демей, бұлтақтамай, білтелемей сөйлетін қандай турашыл болса, өлеңде де шындықты шырқыратып айта білген алдаспан ақын.


Ақын әйгілі «Әке жолы» поэмасынан бастап, соғыс тақырыбына үнемі оралып соғып отырған. Майданға кірген кезде партияға қабылдамақ болып анкета толтыртқанда алған бетінен қайтпайтын Хамаң тағы да: «сын крупного феодала» деп жазса, командирі сызып тастайды. Сонда Хамаң: «тым болмаса «сын кулака» деп жазайыншы деп жалынған екен», деседі.


Қалай болғанда да қаһарман ақын 1945 жылдың қақаған қаңтарында Венгрияда ауыр жараланып, бірнеше қабырғасынан айырылып, жарты өкпемен, көк етіндегі темір жарықшақпен, контузиямен 13 госпитальдан өтіп барып ІІ-топтағы мүгедек атанып, елге оралған. Хамаңның бертінде жазған «Түсімде көрем Петяны» дейтін жан толқытар балладасы бар. Онда ақын жараланып, қансырап жатқан кезінде өзін жауып тұрған оқ астынан сүйреп шығып, ажалдан аман алып қалған сәтте оққа ұшып, мерт болған жас украин жігіті туралы сыр шертеді. Бастапқы бір шумағын оқиық:


Әлі де көріп жүремін,

Түсімде Петр Мардакты.

Өзің-ақ айтшы, жүрегім,

Кімің бар ондай ардақты? –деп бастап, сол бір қиян-кескі шайқаста жанқиярлық жасап, жап-жас күйінде қалған қарулас досымен отыз жылдан соң түсінде тілдескенін суреттейді.


Өмірден алынған осы жан тебірентерлік өлеңі Хамит Ерғалиевтің асқақ поэзиясын, оның ішінде лирикалық қырын одан ары биіктете түскені анық. Осы балладаны оқығанда бір кезде Қостанайда «халық жауы» ретінде 8 жыл айдауда болған философ Михаил Бахтиннің: «Душа свободно говорит нам о своем бессмертии, но доказать его нельзя…» деген сөзі еске түседі. «Жан өзінің мәңгі өлмейтіндігін бізге емін-еркін білдіреді, бірақ, оны дәлелдей алмайсың...» депті Бахтин.


Айтпақшы, Хамаң майданнан келгеннен кейін, «Еңбекші Қазақстан» (қазіргі «Егемен») газетіне орналасқан бетте әскери комиссариатқа телефон шалып, «қара жұмыс істейтін жүкші емеспін, аяқ-қолым сау, басым аман, жасым 29-да, бұдан әрі мүгедек болмаймын! Рахмет!» деп, өзін екінші топтағы мүгедектер қатарынан шығартып тастайды.


Ей, пенде көңілі мен көзі бөтен,

Сен менің келе алмайсың сөзіме тең.

Дәуірлі дәптерімнің ақ бетінде

Осылай сайран салып өзім өтем!- дейді Хамаң тағы бір өлеңінде. Оның аға газетте очеркист болып жүрген жылдары өте жемісті болды. Ақын ретінде қалыптасып, үлкен-кішіге мойындатты. Ол бұл кезде «Әке сыры» (1947 жыл), «Үлкен жолдың үстінде» (1949 жыл), «Біздің ауылдың қызы» (1950 жыл) деген түйдек-түйдек поэмалар жазып, жеке кітап етіп шығарды. 1953 жылы "Сенің өзенің» поэмасы жарық көрді. Осы аталған 4 поэма да— эпикалық екпінмен жазылған, қазақ поэзиясында ойып орын алған көркемдігі аса жоғары туындылар болып бағаланды. Бұған ұлы ақын Қасым Аманжолов «Біздің ауылдың қызы» поэмасы туралы 1952 жылы жазған ақжолтай мақаласында авторын «от қанатты ойы бар ақын» деп атап:


Құнаныңда кекілге шоқ таққансың,

Дөненіңде топтан озып шапқансың.

Бесті бол да бас бәйгені ала бер,

Дұшпан күйіп, достарың бір мақтансын!- деп бір шумақ өлеңмен аяқтағаны бұған дәлел. Мұның өзі сол кездегі отыздың ортасындағы ақын үшін биік баға.


Хамаңды мұның алдында, 1950 жылы Сәбит Мұқанов шақырып алып, СССР Жазушылар одағына қабылдатып, Одаққа қызметін ауыстыртады. Келесі жылы Мәскеуде өткен жас жазушылардың бүкілодақтық ІІ кеңесіне қатысып, 15 одақтас республикадан және Мәскеуден Фадеев, Железнов сияқты қаламдас жақын достар тапты. Солардың аудармасымен әрі желеп-жебеуімен 1953 жылы Хамит ағаның «Біздің ауылдың қызы» поэмасы Сталиндік сыйлыққа (кейін СССР Мемлекеттік сыйлығы болып өзгертілген) ұсынылады.


Осы кезде «Правда», «Известия», «Труд», «Комсомолка», «Литературка» газеттерінің біздегі тілшілері Хамаңның 8 жандық бала-шағасы сыймай отырған біржарым бөлмелік пәтеріне бірінен кейін бірі қаптап келіп, сұхбат алып, жаңа костюм кигізіп, суретке түсіріп, әбігер болады. Бәрі де «бір жақсылық болайын деп тұр, күтіңіз» десіп, қол қысысып кетеді. Бірақ, бұл сыйлықты беру туралы дайындалған жарлыққа қол қоюға бір күн қалғанда Сталиннің өзі қайтыс болып кетіп, бұйырмай қалады. Ондайға мойи қоятын Хамаң ба? Өзегі толы ақ жалын өлеңдерін өршелене жаза береді. 1956 жылы "Оралдағы отты күн" поэмасын шығарады. Құрманғазының өмірін зерттеуге кіріседі. Бірақ бұл кезде өзімен бірге Сталиндік сыйлыққа түсіп, жолда қалып қойған бір ағасының қырына ілінген еді...


Хамит ақын Жазушылар одағынан кейін 1958 жылы Көркем әдебиет баспасының редакция мегерушісі болып ауысады. Онда келе сала қол астындағы қырық шақты адамды тік тұрғызып, Хамаң әскери қатал тәртіппен жаңаша жұмыс жүргізеді, көп өзгеріс енгізіп, халтураға қарсы күрес ашады. Ғафу Қайырбековтің: Басқарған бізді кеше Жаппар ақын, Хамит кеп быт-шыт қылды аппаратын,- деп суырып салып әзілдегені осы тұста. Мұндай шұғыл өзгеріс, серпіліс ұйықтап жүргендер мен жетекке ергіштерге, тек нұсқаумен ғана жүріп-тұратын, шеңберден шықпайтын «құндақтағы адамдарға» қайдан ұнасын? Тағы да партиялығы қаралып, тағы да «ірі феодалдың баласы» екені сөз бола берген соң Хамаң 1959 жылы қызметті біржолата қойып, бірыңғай шығармашылыққа ауысады.


Жиырма шақты ірі-ірі поэма жазған Ақын поэзиясының асқар шыңы, сөз жоқ, «Құрманғазы» (1962) поэмасы болып қала берері сөзсіз. «Қазақ пен домбыраның арасына әлі темір тор түскен жоқ» деп нықтап айтып отыратын Хамаңмен азды-көпті араласып жүргенде естіген: «Ахмет Жұбанов басқарған Құрманғазы оркестрі Құрманғазының күйлерін тартып жатқанда, оркестрдің арасында тығылып отырып тыңдаушы едім» деген сөзі құлағымда қалып қойыпты. Сонау 1960 жылы сыншы Қалжан Нұрмаханов: «Хамит Ерғалиев – штамптан бойын аулақ ұстайтын, ізденгіш ақын» деп анықтама берген екен. Бұл сөздің дәлелін біз аталмыш поэмадан да, одан бергі жылдардағы шығармаларынан да анық байқаймыз. Хамит Ерғалиевтің Құрманғазы күйлерінің бүкіл құпия сырларын жырмен бейнелеп, тіпті кейбір тұсында аса батыл экспериментке барып, «Айжан қыз» күйін өлеңге айналдырып жібергенін көреміз.


Тақ күні ту-дым,

Балапаны қу-дың,

Өзім болдым. Айдын

Көлге төсім шайдым.

Ұштым,

кеттім,

үстін

көктің,

Аралап ас-тым,

Әніме бас-тым.

Жетпей қалды жерден

Атқан оғы мерген».

Хамаң қаламынан шыққан бұл фрагменттен мен жұмбақ ақын Жұмекен Нәжімеденовтың «Күй кітабының» асыл бастауын көремін. Сондай-ақ, аға ақын хор капелласы орындайтын «Көбік шашқан» күйіне алапат ақын Әбділда Тәжібаевтың жазған өлеңі де Хамаңның жоғарыдағы «Айжан қызынан» кейін дүниеге келгенін айтып өткен жөн шығар.


«Құрманғазы» поэмасында мынадай да шумақ бар:

Байқасам бал жинаған арадаймын,

Армансыз қазақ жерін аралаймын.

Бәлкім мен бір ауылдан шалқып өтсем,

Бір тұста жүрегімді жаралаймын.

Көрдіңіз бе, сол заманның өзінде Ақын өз жүрегі жараланғанын ашып айтқан. Қазақ жерінің бір тұстарында болып жатқан зобалаң ба, нәубет пе, бәлкім Семей полигоны, бәлкім Арал, мүмкін бодандықтың құрбаны болып бара жатқан тіліміз бен діліміз бе, әйтеуір халық басына түскен зор қайғы-қасіретті тұспалдап отыр! Көрегендік пе? Көрегендік! Ерлік пе? Ерлік! Ақын ерлігі... Қайраткер тұлға, қайсар азамат ерлігі... Хамаңның «Халық жазушысы» деген ат үркетін атақты бекер иеленбегеніне көзің тағы бір жете түседі.


Ұлы Мұхтар Әуезов өмірден өтерінің аз-ақ алдында «Құрманғазы» поэмасының жалғасын оқып шығып: «Баяғы пікірім арықтаған жоқ, семірді. Алдымда шетелдерге сапарларым тұр. Содан оралысымен сенің осы дастаның туралы кеңінен толғап жазбақ ойым бар. Дастаныңдай өмір кеш!» деп құшақтаған екен.


Арты жетті ағызып шапқан аттай,

Көбік бейне көк тасқа шаққан оттай

Шашырайды жан-жаққа. Ай астында

Жердегілер құлайды шатқалақтай.

Жапырылды жағалай майда құрақ,

Аруананың ботасы ойда аңырап,

Қатын—бала бақырған, ит ұлыған,

Ақ толқынның ішінде қой жамырап!

Уа, сұмдық-ай, ер жүрек шошынады...

Тарқатып та болмаған шашын әлі,

Ақ көбіктің ішінде қарауытып,

Өлген сұлу бұрымы шашылады.

Неткен сұрапыл сурет! Құрманғазы атамыздың «Көбік шашқан» күйін жанды картинаға айналдырып, көз алдымызға елестетіп қойған жоқ па? Ұлы Әуезов қызықса қызығарлықтай шығарма емес пе?


Болса - болар! Балталаса бұзылмайтын берік ұйқастармен қаланған кесек-кесек шумақтар, тау жығардай күй екпіні, сана-сезімді арбап, жан-жүректі бірден баурап алатыны өтірік пе?! Құрманғазыдай ұлы кемеңгердің адамдық және өнерпаздық қасиеттерін аша білу үшін арқыраған арқалы ақын керек еді және сондай ақын ретінде біздің Хамаңа, яғни Хамит Ерғалиевке Тәңірдің рахымы түскен деп айтар едім.


Ақынның өзі: «...айтылуға тиісті бір шындық бар. Мен басында Құрманғазыны емес, Махамбетті жазбақшы едім. Қажым Жұмалиев «ол туралы роман жазып жүрмін, поэмасын да өзім жазамын» деген соң алдын орай алмадым» дейді. Осы поэмадағы:

Ауруға қорғасынның уын беріп,

Жасайды тәуіптері оқтан дәрі!-

деген жолдарды мен нағыз Шекспирлік мектептің жемісі деп айтар едім.


Одан ары «Құрманғазы» (1962 жыл) Шевченко туралы "Аңыз ата" (1965) Ахмет Жұбанов туралы «Күй-дастан» (1970 жыл) поэмаларын жазды, Таңдамалы прозалық шығармалары атпен жеке кітап болып шықты. 1986 жылы «Өмір өрнектері», 1988 жылы «Жедел толғау», 1993 жылы «Шер толғау», 1995 жылы «Сонеттер» атты жыр жинақтары жарық көрді. 1996 жылы «Жақсыдан шарапат» естелік-эсселер жина­ғы, 1996 жылы «Ғұмырнама» өмірбаяндық кітабы, 1997 жылы «Ұлтым дедім, ұлғайдым» атты кітабы жарық көрді. Көзі жұмылғаннан кейін ақынның балалары Мұрат, Гүлжан, келіні Алтын, немересі Айжанның ыждаһатымен 2011 жылы «Өзегім толы ақ жалын» жинағы, 2012 жылы Көп томдық шығармаларының бес томы жарыққа шықты.


«Егер тұрмыс пен тіршілік адамдарды машинаға айналдыратын болса, ақындардың міндеті сол машиналарды қайтадан адамға айналдыру»,-деген екен Лессинг. Ал бұл оңай міндет емес. Екінің бірінің қолы көтере алмайтын балта. Бұл жолда ақын Хамит Ерғалиев жанын ешбір аяп қалмапты:


«Жуық арада жойылып бітпесін білсем де, сойқан қылықтарға қарсы соғыс жарияладым: мансапқор, жағымпаз, жалақор, жікшіл, парақор, жүзге бөлгіштерге нәлет айту барысында өзім де бірсыдырғы шер тарқатқан секілдімін» деп жазады ақын өзінің «Шертолғау» кітабы жөнінде...


Тасып кеттім Тәңірді де танымай, Тежеуі жоқ тентексің-ау, жаным-ай!


Тор аттың үстін бояп шұбар етсең, Бастапқы торы түсі шығар естен...


...Пақыр түгіл, патшаны қолдап, ая, - Бір шырпыдан қалмайтын ол да - мая!


Құлап қалған өзі емес, ары ғана, Арын сатып, жеміне жарыған,ә?! Қайтсын енді тақсырлар асырайды, Тауық керек болған соң тарыға да.


Мұндай тармақтар мен шумақтарда көркем шындық та, терең ой да бар. Ойшылдық, негізінен, Ерғалиев поэзиясының ерекше бір нышаны болып табылады.


Алыпсатар дырау болған заманда, Жаттанды сөз жырау болған заманда, Елдің тілін тірілтуді жаттардан Жалбарынып сұрау болған заманда...


Бұл - Хамит Ерғалиевтің «Сонеттер» жинағынан алынған үзінді. Қандай көкейкесті ойлар!


«Сонеттер» кітабымды бүкіл 60 жылдық шығармашылық өмірімнің маңдай алдына апарып қояр едім,- депті Хамаң,- Шекспир сонеттерінің кітабын қазақ тілінде шығару үшін аттай 6 жылымды жұмсадым. Одан кейін 14 жыл ойға оратылып қалдым. «ІІІ-Ричард», «Гамлет» трагедияларын, «Дуалы түнгі думан» комедиясын аудардым». Осы жерде айта кетейін – Хамаңның үйіндегі Гүләнуар шешеміз оған: «Шекспирің біткенше шекемізді жарарсың» деп әзілдейді екен. Бірақ ешкімнің шекесін жармай-ақ бұл жұмыс жемісін берген сияқты.


«...Шекспир лабораториясына қайта-қайта кеуделеп кіре бергенім себеп болды ма, - қалай десеңіз де сол кісі жиі-жиі түсіме кіріп, қазақша айтқанда, аян бергенінен танбай қойды. Жан-тәнімен атеист адамның бұл сөзіне күлсеңіз күле беріңіз, шыны сол: түсімде неше мәрте көрсем де мен қазақшалаған сонеттердің үстінен үлкен көздерін бір аудармай, соған төнді де отырды»- деп жазады...


Хамаң өзінің мағыналы өмірінде қанша ұйықтап, қанша түс көргенін айта алмаспыз, ал оның шығармаларынан менің көзіме шалынғаны сол түстердің екеуі ғана. Ғұмырында оған екі адам аян берген екен: бірінде соғыста өзін ажалдан алып қалған қаруласы Петр Мардак, екіншісінде – өзін мәңгілік өмірге жетелеген қаламдасы Вильям Шекспир!


Ер мінезді Хамаң бала мінезді де еді. Бірде ұлы Мұрат бес-алты жасар баласын ертіп зоопаркке барады. Тор ішіндегі арыстанды бірінші рет көрген бала айналшықтап ұзақ қарайды. «Жүрейік, неге таңданасың»- деген әкесіне, «Папа, папа, мына арыстан атамнан аумайды»,- дейді. Немересінің бұл теңеуіне Хамаң ренжудің орнына, санын шапалақтап мәз болыпты. Сәби дұрыс байқапты, шынында да Хамаң адамның арыстаны еді.


Құрманғазының қабірін тауып, кесенесін тұрғызуға ықпал еткен, Ақан серінің өртеніп кеткен ағаш бейітінің орнына қыштан мазар салуға қаржы бөлгізген, Кисловодскіде жатқанда Сырбай ағамен бірге барып, өкімет басшысы Ж.Тәшеновке ұсыныс жасап, «Ессентуки-Қазақстан» санаториін салғызған...т.б. санамалай берсек, Хамаңның ұлтқа жасаған жақсылығы жеткілікті. Бәрінен бұрын, ең үлкен жақсылығы - ұрпаққа жыр-дастандарын мұраға қалдырғаны болар.


Әрбір арналы өзенде екі жағалау болатыны анық. Арналы, арқалы, аруақты ақын Хамит Ерғалиев атында да екі жағалау бар: бір жағалау Атырау қаласында болса, екіншісі - Алматыда. Ал Хамаң поэзиясының асау толқындары ұлы даладағы бүкіл қазақтың көңілін кернеп, тамырын бойлап, баяғыша буырқанып ағып жатыр!



Бөлісу:

Көп оқылғандар