Оралда республикалық театрлар фестивалі өтіп жатыр

Бөлісу:

24.10.2016 3575

мьа.jpg

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында 22-27 қазан аралығында белгілі ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының иегері Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалі өтіп жатыр.


Фестивальге Семей қаласынан Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Оңтүстік Қазақстан облысының орыс драма театры және Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрлары қатысуда.


Фестивальдің ашылу салтанатында белгілі ақын- драмматург Иранбек Оразбаевтың “Ән Мұхит” атты премьерасы көрерменге жол тартты. Әйгілі әнші Мұхит Мералыұлының өмірі мен өнерінен шығармашылық сыр шертетін бұл драма көпшіліктің көңілінен шықты.


Өнер додасына Иранбек Оразбаевтың төрағалығымен белгілі жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев, “Қазақстан-Орал” телеарнасының редакторы, “Ақпарат саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Мұнайдар Балмолда, ақын, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Моңғолия елінен келген Сұраған Рахметұлы, Антикалық драма театрының актеры, “Стоби 2016” антикалық драма фестивалінің директоры, Македониядан келген Зоран Льтуков және өзге де еліміздің өнер қайраткерлері қазылық етуде.


Батыс Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл фестивальде Македония мен Мәскеуден, еліміздің өзге де қалаларынан келген театр мамандары бір-бірімен тәжірибе алмасуда.



adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар