«Парасатты» - «Дүрмек», «Алашты» - «Алдаш», Ханбибіні «Мыстан кемпір» дейтіндей Әссанди деген кім?

Бөлісу:

07.11.2016 5845

                   

фото-алуға2.jpg

«Оңтүстік Қазақстанның Құрметсіз қызметкері, "Алдаш" сыйлығының және "Дүрмек" орденінің иегері, жалған ақын, жалпы "модадан" қалған "ақын" Мыстан кемпір. Өңір басшысы айтқаныма құлақ асса, болашақта болуы мүмкін талай бәледен өзін арашалап алары сөзсіз... Өйткені, маска кигендерден қауіпті ешкім жоқ!..» Бұл Әссанди дегеннің өзінің фейсбук парақшасына жазған әгугайы.


Әссандидің жазғанын қазақшаласақ, ол сөйлем былай боп шығады.


«Оңтүстік Қазақстанның Құрметті қызметкері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, модадан қалмайтын ақын, Хан апа! «Өңір басшысы айтқаныма құлақ асса, болашақта болуы мүмкін талай бәледен өзін арашалап алары сөзсіз...». Өйткені, жоғары мемлекеттік награда «Парасат» орденін «Дүрмек» деп мазақтап, қасиетті «Алаш» сөзін «Алдаш» деп бұрмалап, халықтың сүйікті ақыны атанған Хан апасын «Мыстан кемпір» деп әжуалап, күлкі қылған бала-шаға емес, апталдай азамат Әссандидің бұл қылығы Шымкент өңірі басшысын ойландырар дейміз.


Тағы бір фейсбуктегі жазбасында Әссанди «Балам Астанадан келді. Иманғали нағашысы қалам мен блокнот сыйлапты» деп жазады. Баласы да, өзі Тасмағамбетовтың қабылдауында ешуақытта болмаған және ол кісімен ешқандай туысқандық жақындығы жоқ болса да, лепіріп отырып осылай деп жаза салады. Әсіресе, Ханбибі ақында кеткен есесі бардай, ол кісі туралы жазса, күшеніп жазады. «Ханбибі «Ақ жол, Ақ жол» деп, кітап шығартып, оны сатып, жемқор болды» деп жазады.


Х. Есенқарақызы өзінің сұхбаттарында айтады ғой бұл жайында. Мысалы «Егемен Қазақстан» газетіне үңіліп көрсек, газетке берген сұхбатында Ханбибі апамыз былай деген: «Алаш қайраткерлері туралы дерек­тердің көбі Өзбекстанның архивтерінде сақталғанынан бұрыннан хабардар едім. Ондағы ақын-жазушылармен байла­нысым арқылы Ташкенттің орталық музейлері мен архивтеріне кіруге рұқсат алдым. Айтқандай-ақ, Ташкенттегі Әлі­шер Науаи атындағы кітапханадан «Шол­панның» түгелдей сегіз саны сақтаулы екен. Амалын тауып, сол жур­нал­дарға қол жеткіздім. Бұл ұлт әде­биетінің қоржынына қосылған үлкен олжа дер едім. Мен тарихшы немесе ғалым емеспін. Енді не істемек керек? Бірден Алматыға тарттым. Ғалым Тұрсынбек Кәкішев­тің үйіне. Арап әліпбиімен жазылған «Шол­панды» көргенде, ағамыздың қуанышында шек болған жоқ. «Шіркін-ай, осыны кириллицаға аударып, кітап етіп шығарар ма еді» деген арманын есті­дім. «Жазған құлда шаршау жоқ», Шым­кентке келіп, оқу орындарындағы төте жазуды оқи алатын мамандармен байланысып, тәуекел еттім. Нәтижесінде, «Шолпанның» өз форматымен қырық бес баспа табақтық кітап етіп шығаруға бел байладым. Шығардым да. Бұл 2010 жыл болатын.


«Шолпан» жарық көрген соң, қолым­дағы Ташкенттен ала келген «Ақ жолды» кітап етіп шығару ойымнан кетпей қойды. Қолымда газеттің 5-6 саны ғана бар, сөйтіп, оны әрі қарай зерттеуге ден қойдым. Бұрынғы астанамыз еді ғой деп Орынборға, сондай-ақ, Омбы, Қызылорда, Мәскеуге сұрау хат жолдадым. Алматының мемлекеттік архивінен бастап, Ұлттық кітапхана, Ғалымдар үйінің кітапханасын, тіптен Кітап палатасына дейін іздендім. Осылайша, газеттің біраз саны табылды. Мамандар өшіріліп кеткен әріптерді ұлғайтып, анықтап көрсететін құрылғылармен жұмыс істеді. Бұл айтатыны жоқ, инемен құдық қазғандай іс екен. Көп уақыт алды. Сөйтіп жүргенде, Мәскеуден сүйінші хабар жетті. «Ақ жол» басылымының 60 пайызға жуық материалдарын сол жақтан алдырдық. Әңгіменің дұрысына көшсек, «Ақ жол» – маған ғана немесе бір облысқа ғана тиесілі емес, бүкіл исі қазаққа ор­тақ қазына. Кітаптың халық үшін, оның ішінде әдебиетпен, тарихпен шұғылданатын жас­тар мен ғалымдар үшін қажет дүние екендігін айтып, қаржылай қолдауын сұрап, Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімін бірнеше рет құлағдар еттім. Әкім мәдениет бас­қармасына тапсырма бергенімен, ол жақтан қолдау таппадық.


Менің әу бастағы жоспарым бірінші кітапты сатып екіншісін, екіншісінен түскен қаржыға келесі кітаптарды шығару еді. Алайда, «Ақ жолдың» келесі саны қашан шығады деп, алақанын ысқылап отырған оқырманның аз екендігіне көзім жетті. Амалсыз мекемелер мен оқу орындарына абырой-беделімді салып, кітап сатуыма тура келді. Өйткені, келесі томдардың шығуы керек. Соңында демеушілер іздей бастадым. Өстіп жүріп бес жылда он том шығаруға қол жеткіздім. Әрі қарай шығару мүмкін емес еді. Рухани да, материалдық та қол­дау көрмегендіктен, «қоя салсам ба екен» деген ойға да келген кездерім де болды» ,- деп жан сырын ақтарады қайраткер ақын.


Сұхбатының бір жерінде : «Алаш қайраткерлері туралы дерек­тердің көбі Өзбекстанның архивтерінде сақталғанынан бұрыннан хабардар едім. Ондағы ақын-жазушылармен байла­нысым арқылы Ташкенттің орталық музейлері мен архивтеріне кіруге рұқсат алдым » дейді. Адам таңғалатын жағдай! Бізде ақын-жазушылардың бір тобы шет елге , шет жерге шықса, дүкен аралап, фотоға түсіп тау,бұлағын қызықтап қайтып келеді ғой. Ал одан өресі сәл жоғарылары өздерінің кітабын сол тілге аудартатын жол іздеп, сол елдің марапатын, бір бет мақтау қағазын алуға жұмыстанып өзімдікі деп алып келеді. Ханбибі болса, жолыққанға жол тауып , құлыбының кілтін аштырып («Кісідегінің кілті аспанда» ) Алаш қайраткерлерінің мұрасын әкелді елімізге , оны төте жазудан аудартты маман тауып. «Ақ жолдың» он томын шығарды азаптанып жүріп ,«Шолпанды» шығарды бейнеттеніп жүріп. Осы шеккен азабы мен бейнетін рахатқа балады. Осы еңбегі ерлік емей немене?! Қасқырлық емей немен?! Қасқырлық мінез осындай ірі істер, ұлы істер тындыратын адамға бітеді. Қасқырлар да азайды бұл күнде. Ерлік жасайын деп жүр ме екен бұл кісі, ұлттың мұрасы үшін намысы күйіп жанкешті боп жүр ғой. Сол еңбегін шымкенттік біреулер қатты қызғана ма, әйтеуір, Ханбибіге тіл тигізуге құмар-ақ! Бізге көрінетіні ,тек Әссанди мырза.


Әссанди мырза тағы бір фейсбкутегі жазбасында былай дейді: «Облыс әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өңір басшысы Ж.Қ.Түймебаев мәдениет саласы және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Бір өкініштісі, кездесуге облысымыздың белгілі ақын-жазушылары мен ғалым-археологтары, суретшілер мен қолөнер шеберлері, композиторлар мен мәдениет саласының қызметкерлері арасында беттеріне маска киген, ел-жұртты мүләйімсіген сөздерімен алдап, өздері өмір бойы бюджетті майшелпекке айналдырумен ғана айналысқан "зияндылар" да қатысып отырды». Қызық, Шымкентте зиялыларды «зияндылар» деп атай ма екен?


«Қазақшада қате жіберетін Ханбибі төте жазуды тани ма, танымай ма, кім тексерді екен?..» дейді тағы бір фейсбуктегі жазбасында. Айтқысы келген ойы «Ақ жол» мен «Шолпанға» қатысты болса керек. Осылайша Әссанди мырза «Қазақшада қате жіберетін Ханбибі» деп бір қорлап, ол кісінің «төте жазудан сауатын» тексермекші болады. Мұндайды қазақ «аузымен орақ орған» дейді. Төте жазу дегеннен шығады , «Ақ жол» мен «Шолпанды» аударған маманның бірі қытайдан келген қандасымыз, білімді жігіт Ғалым. Ғалым десе , Ғалым. Ғалым жоғары оқу орнын бітірген соң, Шымкентке келіп орналасады. Ханбибі апамыз оны өзі басқаратын ОҚО қуғын- сүргін музейіне қызметке алады. Жұқалтаң өңді жас жігіттен бір күні « жүзің неге мұңды» деп жөн сұраса, Қытайда сүйген қызы қалыпты, бесігінде атастырылған екен, бірақ арада жылдар өткен соң өзінің әкесі өліп, қыздың әкесі банкте қызметте екен, қызымды жалаңаяқ жігітке бермеймін» депті. Соған намыстанған жігіт «еліме барам» деп, Қазақстанға оқуға кетіпті. Жағдайы осындай екен. Арада біраз уақыттар өтеді. Ғалым іске кірісіп, «Ақ жолды» аударуға кірісіп кетеді. Жан жағына қарауға мұрша жоқ. Бір күні Ханбибі апайдың кабинетіне Ғалым қуаныштан жүзі жайнап, «Апа, Бұлбұл келді, Бұлбұл келді! » деп айқайлап кіреді. Өзін өзі ұстай алмай қуаныштан , бақыттан теңселіп тұр. «Бұлбұл деген кім?» дейді Ханбибі апай. «Апай! Сізге айтып едім ғой, сүйген қызым ғой. Қытайдан мені іздеп келді артымнан» дегенде, Ханбибі апай тебіреніп кетіп «Махаббат бар екен ғой» депті де, бар жиған-тергенін шығарып , екі жасқа арнап мейрамханада үйлену тойын жасап беріпті. Екі жас та мәз, Ханбибі апай да мәз, ел де мәз бопты осылайша. Тура ертегідегідей! Ханбибі Есенқарақызының өлеңі де, өзі де аңыз ғой... 


Маржан ЕРШУ

Бөлісу:

Көп оқылғандар