Жұмекен ақын ғашық болған қыз
Бөлісу:
Жұмекен Нәжімеденовтың қандай ақын екенін айтып, сөз шығындап жататын сыншыларды өз басым түсінбеймін. Оның тереңдігі, тыңнан түрен салып қазақ өлеңін түлеткен қайраткерлігі соқырға таяқ ұстатқандай анық көрініс қой. Көрініс былай тұрсын, құбылыс қой. Қазақ сыншыларына ақын-жазушының шығармашылығына жалпылама баға беруді қою керек. Ол ар алдындағы әділетсіздік, әдебиет алдындағы әлсіздік болады. Ақынның салыстырмалы түрде сапалы да, сапасыз да өлеңі болуы мүмкін. Тіпті жанр жағынан үнемі бір тақырыпта шығарма жазыла бермейді.
Жұмекен ақын жайында Қадыр Мырза Әлі: «Өзін өмір бақи мойындап өттім. Қазір де мен үшін ең мықты ақындардың бірі - Жұмекен Нәжімеденов.Тіпті лирикалық өлең жаза бастаған жастау шағымда «бұған Жұмекен қалай қарайды екен?» деп ойлайтынмын» депті. Жұмекен ақын сезімнің қылын шертетін нәзік өлеңдер мен ғашықтық емеурін танытатын туындыларға қалай қараушы еді? Осыдан бірнеше жыл бұрын бір сыншы «Жұмекен интелект ақын. Ол ұсақ-түйекке бас ауыртып, жеке бастың қамын күйттеп өлең жазбайды. Үнемі ел жайын қозғайды» деп баға беріпті. Мен бұл пікірге келіспеймін. Ақын адамзатқа қатысты мәселенің барлығына дерлік қалам қозғаған. Олардың «ұсақ-түйегін» ажырату біздің міндетіміз шығар.
Ал енді, жігіт пен қыз арасындағы сезім ишарасын қай деңгейде қарастырған дұрыс? Бұл елдік мәселенің жүгін арқаламайтыны ақиқат қой. Жеке бастың ішкі арпалысы алай-дүлей түрге еніп, өз есебіңнен жаңылып, жүректің қалауына жығылып қалатын кездер баладан бастап, данаға дейін кездеседі. Сезім - уақыт пен өлшемге бағынбайды. Жұмекен Нәжімеденовтың орда бұзар отыз жасында «Қыз құйған шай» деп жазған лирикалық өлеңі классика деп айтуға толық негіз бар.
Еркек атаулы сұлу көрсе ынжықтанып, жүрегіне салмақ түскен сайын басын төмен қарай бұға беретін әдеті емес пе?! Бұндай сезім көбіне балаң махаббатқа тән. «Ең алғашқы махабаттың мектептен басталатыны» сөзімізді нақтылайды. Әлгі есейгендердің жамырасып келіп, мектеп шағын аңсайтыны осы көңілді қайтарсам деген ойдан тууы мүмкін. Бірақ, Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңіне сүйенсек, бұндай сезім орда бұзар отыз жаста да кездеседі екен. «Әлемді сұлулық құтқарады» деген қарапайым қағиданың төркіні осыдан шыққан.
Жұмекен ақын сыңаржақ пікірдің иесі емес. Салыстырмалы түрде оқырманды нандырып, дәлелдеп талай туындылар тудырды. Ол бейнелеу өнеріндегі контрастық суреттеудің хас шебері. (Анығы өлеңнің өзі бейнелеу емес пе?!). «Ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай, Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай» деген танымал тәсілі сөзімізді құнды ете түседі.
«Қыз құйған шайдің» тәттілігіне тәнті болдық. Енді «ащылығы» қандай деген сұраққа бас ауыртуымызға тура келеді. Ақын шешесінің қаталдығын «ащылыққа» жатқызады.
Қазақ ұғымында қыз баланың болашақ жарының бейнесі әке образының айналасында қалыптасады. Қазақ қызы үшін әке деген сөз - идеал. Оның барлық ар-ұяты әке қабағының айналасында сақталады. Бұл турасында қазақ даналығы «қызға қырық үйден тыйым» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Жұмекен Нәжімеденов бұл тақырыпты тереңнен қозғап отыр. Әкесі мен шешесін былай қойып, күзетші ретінде қыздың жанына әжесін қосып қояды. Бұл үш ұрпақ бір ошақтың айналасында тату-тәтті ғұмыр кешетінін айқындайтын факторлардың бірі.
Өлеңде келтірілгендей ғашық адам қиналысы көп, «күнәсі ауыр», мұңды келеді. Ғашықтың мұңы – тазару, күнәлі ойлардан арылу. Ондай сезімде отырған адам өмірге өзгелерден бір бас жоғары үңіледі. Дастархан үстіндегі жігіт пен қыздың көздерінің жануы тірлікке деген құштарлықты меңзейді. Әйтпесе, сол дастарханның басында өзге де көздер көп еді ғой. Олар өлеңде анық көрінбей қалды, себебі ғашық көздердің жарығы, энергиясы басып кетті.
Жұмекен Нәжімеденовтың бұл өлеңі сезімді артық-кемі жоқ қаз-қалпында суреттей білген. Оның лирикасының өзі есепке құрылады. «Өлеңде лиризм аз» деп қарсы дау айтатындар да болуы мүмкін. Себебі, біздің лирикалық өлеңдердің көбі асқақ пафоспен, аспан денелерімен тілдесе отырып жазылады. Ал, Жұмекен қиялдан гөрі, ақылға жүгінеді. Артық сурет қоспағаннан кейін, сөзіне сендіреді.
Ақынның өзі айтқандай, бұл өлеңі «бір бүйірімізден қызып, бір ұйқымызды бұзып» жіберді.
Ақын өзіндегі жауапкершілікті, әке болып қалғанын сезінеді. Сезінгені былай тұрсын, ашық айтады. Бізде ата болып қалса да, немересімен жасты қызға беті бүлк етпестен өлең арнап, онысын лирикаға, ақындық мінезге теліп отыратындар көп қой. Және, өлең соңында «тәттілігі – айлар бойы аялайтын арманым» деп түйіндейді. Басқа ақын болса эмоцияның инерциясымен «тәттілігі – ғұмыр бойы аялайтын арманым» деп жазып жіберер еді. Жұмекен ақын ол қызды музасына айналдырып, айлар бойы ғана еске алатынын түсінеді. Одан әрі оны ойлап жүрудің еш мәні жоқ. Өйткені, өлеңнің сыртында да өмір бар...
Бағлан Оразалы
Бөлісу: