Жаңа жұмыс орнымда тапсырыс берушілер өте көп екен. Тігінханада әр жексенбі сайын бір тігінші кезекшілік атқарады. Бүгін мен кезекшімін. Осыдан бес күн бұрын испандық би көйлегіне үлкен тапсырыс түскен. Аға тігінші жұмысты бәрімізге теңдей бөлді. Мына тігін мәшинесі өзімдікіндей емес, бәрібір толық үйренгенше жұмыс баяу жүреді. Белгіленген уақытқа үлгерем бе деп уайымдап жүр едім. Құдай өзі көмектескендей осы аптаға тағы бір жұмыс күнін қосып бергенін қарашы. Иә, сағат бестегі құрбымның туған күнін ұмытпадым, жұмыстан сұрандым. Үлгеретінім есіме түскенде, жұмыстың өнімділігі артып кетеді. Жұмыс арасында әкімші қыз келді.
– Біздің тұрақты бір тапсырыс берушіміз келіп тұр. Жолыға аласың ба?
–Жеке тапсырыс берушілермен аға тігінші сөйлесіп, келісімге келмейтін бе еді? – деймін таңқалып. Рас, біз тапсырыс берушілермен сөйлеспек түгілі, түрін көрген емеспіз.
– Аға тігіншің қазір жоқ екенін мен де білем, сен де білесің. Жүр енді, – деді. Қаласаң да, қаламасаң да барасың дегені ғой бұл. Қабылдау бөлмесіне кіріп барсам елу жас шамасындағы бір ер адам мені күтіп отыр екен. Қалталы адам екені көрініп тұр. Маған бір қарады да, қайта бұрылмады. Пора-пора боп терлеп шай ішіп отыр… Амандасып едім, кәмпитті аузына салып, бір сорып алғанша үн қатқан жоқ.
– Амансың ба? – дей сала менің жауабымды күтпей-ақ кесесін басына көтерді. Шай ішіп біткен соң кіруім керек пе еді деп қоямын.
– Міне матасын алып келдім, не тігу керектігі көрсетілген. Тезірек бітіріп бергенің жақсы, – деп қамсыз сөйледі де мата мен сызбаны алдыма тастай салды.
– Кешіріңіз, біз жұмысты аға тігіншінің рұқсатынсыз бастай алмаймыз. Алдымен сол кісімен хабарласып, сосын әкімшімен құжаттарды жөндегеніңіз дұрыс болар.
– Жаңадан келіпсің. Жаңадан келгенде бәрі тәртіпке бағынғыш болады. Кейін қалай өзгеріп кеткенін өздері де сезбей қалады,- деп қарқылдап күлсін кеп. Мен үндеген жоқпын.
– Аға тігінші деп Жарасты айтасыңдар ма? Келіспей көрсін ол осыдан... Мен сөйлесіп қойдым, сен бастай бер.
– Енді бір жарты сағатта кетейін деп отырмын. Келіскен болсаңыз, тігуді ертең бастайық.
– Жарты сағатта тіксең не болар екен?! Тез бітуі тиіс жұмыс деп айтып тұрған жоқпын ба? – айқайлап бөлмені басына көтерді.
– Бітіріп үлгермеймін.
– Онда үйіңе алып кетіп тігесің. Үйге алып кетуге болмайды дейсің ғой, ол сылтауың да қабылданбайды. Осыдан таңда бітірме... Жарастың қорғағанын көрейін сонда сені, – деді де қолыма мекен-жайы мен телефон нөмірі жазылған қағазды ұстатты да бөлмеден шығып кетті. Мен тағы да үндемедім...
Туған күнге барған соң енді бір көңілім көтерілсеші…
Әдетте пәтерде бірге тұратын қыз он болса болды ұйқыға жатады. Ал ас бөлмедегі жарық сығырайған ғана. Мен жарықтың әлсіздігін де сылтаурата алмайтыным есіме түсті. Көршілерден шам сұрап әкелдім. Неге екенін білмеймін әбден үйренген өз тігін мәшинем болса да, жұмысым жүрмей-ақ қойды. Сонда бірінші рет салмақ тәнге емес, жанға түскенде ауырлығы басым болатынын сездім.
Таңертең ерте тұрып кешегі тіккен шапанды көрсетілген мекен-жайға салып жібергенімді айтып хабарласып едім, «қолыңнан бірдеңе келеді екен ғой әйтеуір» деді де телефонды тастай салды. Көңілдің қорегі – алты әріптен тұратын сол бір ауыз сөз айтылған жоқ...
Екі аптадан кейін тігінханаға кіріп келе жатсам, әлгі ер адам әкімші қызбен әңгімелесіп тұр екен. Мені көре сала, құшақтағысы келді. Жол бермедім. Шіркін, тігіп берген киіміміздің тәнді ғана емес, көрсетуге болмайтын жанның жаман пиғылын да жауып тұратын қасиеті болса ғой...
– Күнім, әншейін! Қарындасым менің! Қалың қалай? Ана жолғы жұмысың тіпті де керемет! Мен тегі көріп таңғалдым. Ризамын саған! Рақмет, айналайын, – деп іші-бауырыма кіріп жылы сөйлеп, алғысын жаудыра кетті. Уақытылы айтылмаған соң ба, әсер еткен жоқ. Басымды изедім де өтіп кеттім.
Аға тігінші де жұмысқа ерте келген екен. Мені көріп өз кабинетіне шақырды.
– Бүгін бізде бір шапанға тапсырыс түскен екен. Соны саған берсем бе деп тұрмын.
– Әрине, мен тігейін оны.
– Өзі де келіп тұрмын деген, мен әлі сөйлеспедім. Ол бұл жердегі тігіншілердің жұмысымен жақсы таныс, сондықтан тігінші өзі таңдайды. Мен осы жолы сенімен де таныс болсын деп ұсынып отырмын.
– Егер тұрақты тапсырыс беруші болса, ұят болып жүрмей ме?
– Сөйтіп жүріп үйренесің. Сенде жақсы тігесің ғой. Тоқташы, жаңа хабарлама келіп еді. Мүмкін жазған хатында айтқан шығар, тыңдай салайық, – деп телефонын ашты. Сосын дауысын шығарып бір аудионы қосты: «...Жаңадан келген әнебіреу кішкентай қызды айтасың ба?! Ойбай, оның қолынан не келеді? Жіп сабақтай ала ма өзі? Жарас, менің талғамымды...» Ары қарай тыңдамадық. Аға тігінші қашаннан бері тіге алмайтын адамды тігінханаға жұмысқа алып едік деп ашуға мінді.
– Осы істі саған тапсырам. Сен тігесің,- деді аға тігінші. Әлгі сөзді естіген соң көңіл күйім түсіп, “басқа тігіншіге” берсек қайтеді деп бірнеше рет айтып көрдім. Аға тігінші алған бетінен қайтпай қойды. Ақыры өзім тіктім. Шапан дайын болғанда аға тігінші жеке кабинетіне шақырды. Кіріп барсам әлгі түнімен тіккен шапанымның иесі жеке тапсырыс беруші мен әкімші қыз отыр екен.
– Шапан ұнады дейсің бе?- деген сұрағын қойды да аға тігінші тыңда дегендей маған қарады.
– Әлбетте ұнады. Бәрі өз қалағанымдай. Сонымен кімге тіктіргеніңді айтпадың ғой?
– Жаңадан келген мына біреу кішкентай қыз, – деді аға тігінші мені көрсетіп. Жеке тапсырыс беруші түр берген жоқ. Бір шапан тіктіріп алып, аудио жазғанда ине ұстай ала ма деп сұрағаны қалай деп ызам келді.
– Енді сенің мектебіңнен өткен адам жаман бола ма?- деп қарқылдап күлді. Ешкімнің күлуге зауқы жоқ екенін көріп лезде езуін жинап алды. Әкімші қыз мені көзімен жеп барады, неге екенін бір жақ тізесін қозғалта (дірілдете) берді. Неге алдында ғана бұл кісіге шапан тігіп бергенім жайлы ешкім үндемейді деймін.
– Әрине!- деп аға тігінші мақтана сөйледі.
– Бірінші жұмысын көрдім. Ұнады. Енді қорықпай осы қыз тіксін деуге болады,- дейді жеке тапсырыс беруші. Арада бір шикілік барын сездім. Көңілде тұрып қалған ренішті иесіне бөліп берейін деп:
– Бұл менің сізге тігіп берген екінші шапаным. Және маған сенбейтін адамның ісіне араласу қиын болды. Ендігіде ескерсеңіз, - деп аға тігіншіге қарадым. Сол арада әкімші қыз ақырын орнынан тұрып есіктен шығып бара жатты. Есікті қатты жапқан жоқ, сығалатып ашып қойды.
–Саған бұл кісінің шапанын тік деп алғаш рет беріп тұрған жоқпын ба?! - дейді аға тігінші түсінбей.
Кейін анықталды. Мен түні бойы отырып тіккен шапаным туралы аға тігінші білмеген екен. Жеке тапсырыс беруші менің еңбек ақымды әкімші қыздың қалтасына салып, қыздың көңілін тауып, екеуі келісіп істі жылы жауып қойған екен-ау…
Токаева Гулистан Тоқтарқызы
ҚазҰӨУ 4 курс студенті
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.