ЕЛ ТАНИТЫН АҚЫНДАР, СӨЗ ТАНИТЫН ХАҚЫҢ БАР

Бөлісу:

11.11.2016 5080
Безымянный.png



«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген сөзден аттап кете алмағаным үшін ақындарымыздан кешірім сұраймын... Кішкентай кемшілікті сөз қылып отыр демессіздер. Өз басым іздеп жүріп оқитын ақындарымның өлеңдерінде кездесіп қалып жататын сол қателіктерге тоқталайын. Өз ойыңды ашық білдіру – аяқтан шалу немесе көре алмаушылық емес, соны дұрыс түсініңіздер. Тоқсан сөздің тобықтай түйінін тартқатайын. Бір-екі сөзін ғана келтіріп отыр деп азырқанбассыздар. Тұтас кітапқа да ой айтар сәт алыс емес... 

Қалқаман Сариннің «Қолтаңба» деген бір тамаша өлеңінен үзінді келтірейін. 


Шабысқан шаң қаптырып қорқауларды,
Тұлпардай топтан озып томпаң жалды.
Қазақтың қазыналы даласына
Қазық қып қалдырамын қолтаңбамды, - 


деп жырлайтын ақынның жыр бәйгеде шашасына шаң жұқтырмай, топтан озып, өзінің дара қолтаңбасын қалдырғысы келетінін түсініп отырмын. Осындай нағыз тұлпардың тұғырларды шаң қаптырып кететініне мен де сенемін. Десе де, мәре сызығынан бірге шапқан өзге ақындарды ең болмағанда тұғыр деп айтпай, оларды қорқаулармен салыстырғаны көңіліме еш қонып отырған жоқ. 
Екінші мәселе – қазақтың түсінігінде «т о м п а ң жалды» деген ұғым жоқ. Қалекеңнің келтіріп отырған «томпаң жалды» деген сөзіне тоқталайын. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен» («Дайк-Пресс» баспасы, Алматы, 2008 жыл) бұл сөзді жолықтыра алмадым. Ал «томпаң» сөзіне «Томпаң: томпаң қақты – асты-үстіне түсіп бәйек болды» (80-бет) деген түсініктеме берілген. Дұрысы, «т о қ п а қ жалды» емес пе?! Осы кітапта жылқыға қатысты «Тоқпақ жал (жалды) – қалыңдау келген қою, ұзын жал» (807-бет) деп анық жазылған. 

Осы жерде Айпара Ананың: 


«Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,
Тоқпақ жалды торайғыр Көтібағым»,


дегенін де келтіре кетсек артықтығы жоқ. 

Ақын біздің келтірген дәлелдерімізге келіспесе, өз уәжін айтамын десе, мәрхабат! 

Тіл қолданысында кемшіліктері жоқ емес тағы бір ақынымыз ол – Рахат Әбдірахман. Ақынның әлеуметтік желілерде жиі жариялап отыратын өлеңдерін үнемі оқып отырамын. Оның сөз арасында жымын білдірмей жіберетін «қулығын» айтпай кетуім дұрыс болмас. 


«Анау үй де есімде, мынау үй де,
Тәтті күндер санамда жүр әрине.
Шын сүйген соң жаным-ау не істемедік,
Шын сүюді біреулер күнә ди ме?!»

***

«Бетіңе сәуле төгіп әредік Ай,
Сүйші дит сүйіктіңді қане былай!»


Біз бүгін тап-таза болуын тілейтін поэия тілін қорғаудың орнына, осылай қорлауға жол беріп отырмыз. Ертең және бір басқа ақындар өлеңдерінде ұйқас үшін «дит қо», «айтат қо», «дит те» деп бипылдатып отырмасына кім кепіл?! Бұлай «әріп жеп қоюды» қою керек! 

Осыған ұқсас тағы бір жағдай. «Қара жәшік» деген ерекше кітаптың авторы Қуаныш Медеубаев деген ақын бауырымыздың өлеңдерінде де кедір-бұдыр сөздер жоқ дей алмаймын. Сол кітабындағы «Мирасқа» деген өлеңінің: 


Жолаушы күткен бекеттер,
Жолаушысы жоқ кенеп бел,
Алысқа сені шақырған
Дариға қызды жетеп кел, - 


деген шумағындағы асты сызылған сөз «жетеп кел» емес, «жетектеп кел» болуы керек. Бірақ бүтін сөзді осылай да мүгедек қылып мойнын үзе салуға болады... 

Ал: 

Саған да, маған сол ауыр,
Жалғыздық – жанның дәруасы.
Біздегі сәтке қол сұғар
Жарыңның қалған шаруасы, - 


деген шумақтағы асты сызылған сөздің дұрыс нұсқасы - «дәруі», «дауасы». Мұнда да сол баяғы «мойын үзу» тәсілі қайталанған. 
Сатирик ақын Толымбек ағамыздың да «Еркек деген тартылмаған күй дер ем» деген әзіл өлеңінде: 


Есті әйелдер еркектерді кері теппер
Мықты болсаң жүректерін өртеп көр, - 


деген жолдар бар еді. Осы жерде «теппер» емес, «теппес» болуы керектігін өзі де білмей отырған жоқ қой! 

Ал енді кейбір ақындарымыз «әріп жеп қоймайды», керісінше, «әріп қосып» семіртіп қояды. Мәселен, өзімнің туған бауырымдай болып кеткен Нұрлан Иса деген жас ақын бар. «Әдебиет порталына» жарияланған («Шабыт» үшін жіберген) өлеңдерін оқып риза болдым. Өзіндік үні бар жас талант. Бірақ кей өлеңінде көрмейін десем де көрініп қалатын «техникалық ақауларына» ат басын бұрайын. Ақын: 


«Раушан гүлдей «шық тұнған» «кәрі қайың»,
Тіршілігің қалай-ды, жағыдайың?» («Кәрі қайың») – 


деген өлең жолдарында буынды әлсіретіп алмауы үшін осындайға барып отыр. Бірақ мен мұны «Бөтен әріппен былғанса сөз арасы, ол - ақынның айыбы, өз қатасы» деп түсінемін. 
Махаббат тақырыбын талмай жырлап жүрген Дәурен Айманбет: 


Мен маспын, маспын удай
теңселген бақтай күзгі.
Адасқан жас құлындай
жортамын таппай сізді, - дейді. Дей берсін. Бірақ негізі құлын емес, құлан жортады. Ақын осы жағын ажырата алмаған. 
Келесі кейіпкеріміз Айжан Тәбәракқызы - нәзік те сыршыл өлеңдерімен оқырманын сүйіндіріп жүрген ақын. Оның «Ұмытқам» деген өлеңі бар. Бір шумағын алайық. 


Жүрген кезде біреу боп сағынарсың,
Жүрген кезде екеу боп «танымарсың».
Күн ұзақ өткен шақты ойлағанмен,
Түн ұзақ жар жанынан табыларсың.


Осындағы «танымарсың» деген сөзге назар аударыңызшы. Бұл «танымассың» деген сөздің Айжан шығарған жаңа баламасы болса керек. «Танырсың» сөзінің антонимі «танымассың» екенін дәлелдеп жатудың өзі артық бұл жерде. 

Ақын болмасақ, ақын болмай кетейік, бірақ осындай бүлдіргі сөздерге неге құмармыз? Айта берсең міні көп, тіл заңдылықтарын сақтауды ескеремейтін ақындардың мұндай өлеңдері көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Ақындар сөзге абай болғаны жөн. «Кепиеті күшті қара өлең, киесі мықтап ұрмасын» (Әлия) десек, ойланыңыздар... 


Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Бөлісу:

Көп оқылғандар