Орхан Памуктың шығармасы қазақ тілінде

Бөлісу:

11.11.2016 4798

Бүгін, елордамыз Астананың «Көрме» орталығында, Еуразиялық халықаралық «Eurasian Book Fair-2016» атты кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Нобель сыйлығының лауреаты, түріктің көрнекті жазушысы, ұлттық және халықаралық әдеби сыйлықтың иегері Орхан Памуктің “Masumiyet Müzesi” кітабын қазақ тіліне тәржімалаған ақын, Маржан Ершудың “Сезім музейі” атты кітабының тұсаукесері өтті.

Cезім музейі.JPG

«Фолиант» баспасының тапсырысымен қазақ тіліне тұңғыш рет аударылған бұл тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер және қала тұрғандары қатысты.

Ақын Маржан Ершу, “..бұл кітап көп еңбектің, біраз қиындықтың арқасында шамамен алты-жеті айдың көлемінде жарыққа шықты. Жақсылап қарап, оқып шығарсыздар деп ойлаймын. Бұл кітап әлемнің алпыс тіліне аударылған, ал алпыс үшінші рет қазақ тілінде аударылып отыр. ТМД елдерінде Қазақстан осы кітапты үшінші рет аударып отыр. Жалпы қазақ оқырман мен баспагерлерінің, қазақ руханиятының көштен қалмай алға қарай дамып келе жатқанын көрсетеді” деді.

“Өмірімнің ең бақытты сәті екен, білмеппін”.

Атақты Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктың керемет махаббат романы осы сөздермен басталады...

Кітапта, 1975 жылдың көктемінен басталып бүгінгі күнге дейін жалғасқан Ыстамбулдық бай баласы Кемал мен кедей туысы Пүсіннің хикаясы сыр шертіледі. Әрекеті, оқиға мен кейіпкерлердің көптігі, мысқылға толы сезімдер мен тұңғиыққа тірелген адам рухын сезіндіретін “Сезім музейі” – қолыңыздан түспейтін кітаптардың бірі болмақ.

“Сезім музейін” оқыған кезде тек махаббат жайында емес достық, құмарлық, үйлену, отбасы және бақыт туралы барлық ойларыңызға қатты әсер ететінін және кітаптың “түрлі-түсті әлемінен” еш айырылғыңыз келмейтінін аңғарасыз.

Роман жазылғаннан төрт жылдан кейін, яғни 2012 жылы Орхан Памук романымен аттас музейді Чукурджумада ашады. Қазіргі таңға дейін он мыңдаған музей көрермендері бар бұл тарихи орынды танымал өнер тарихшысы Симон Шама (Simon Schama) “Financial Times” газетіне берген сұхбатында: “Әлемдегі ең күшті, ең әдемі, адамдық және өте әсер ететін қазіргі заманғы өнер туындысы”, cонымен қатар, әрі поэзиялық әрі ащы мысқыл сияқты. Әрі сырбаз және жанашырлыққа толы әрі тарихи сөрелерге толы -эстетикалық тамаша жер” деп жазады.

Нобель сыйлығы иегері Орхан Памуктың бір-бірінен асқан керемет романдары бар. Бірақ шығармаларының ішіндегі ең назар аудартатыны “Сезім музейі” кітабы. Оның басты себебі шындыққа жақын роман болуы. Оқып жатқан кезіңізде классикалық роман сияқты басталып, одан әрі шынайы бір әңгіме оқыған іспетті сезінесіз өзіңізді. Кітаптың соңында бұл сезім бұдан әрі күшейе түседі. Ең қызығы романда айтылғандай "Сезім музейімен" аттас бір музейдің болуы шындықтың тұңғиығына тоғыстырып, оқырманды өзіне баурап алады.

Cезім музейі1.JPG

IMG_8379.JPG

Cезім музейі2.JPG

Руслан Беген

Бөлісу:

Көп оқылғандар