Дадзай Осаму: Ақша

Бөлісу:

15.11.2016 3657


IENA.jpg

Мен – 77851 нөмiрлi жүз иендiк қағаз ақшамын. Әмияныңдағы жүз иендiк қағаз ақшаларға қарашы. Бәлкiм, мен солардың арасында жат­қан шығармын. Әбден умаждалып, бiреудiң қалтасына түстiм бе, әлде қоқыс қағаздың арасына тасталдым ба, ол жағын анық бiлмеймiн... Жақында жаңа үлгiдегi иен шығып, бiз сияқты ескi қағаз ақшалар өртеледi деген сыбысты да естiгем. Не тiрi, не өлi екенi белгiсiз халде жатқаннан гөрi түгел өртелiп, көкке ұшып кеткен артық па деп ойлаймын. Өртелген соң жұмаққа барасың ба, тозаққа түсесiң бе, ол – Құдайдың iсi. Бәлкiм, мен тозаққа түсетiн шығармын...


Дүниеге келгенде қазiргiдей құн­сыз емес едiм. 200 иен, 1000 иен сияқты менен гөрi бағалы ақша түрлерi кейiн шықты ғой. Ал мен туғанда 100 иен деген ақшаның патшайымы едi. Алғаш рет мен Токио банкiнiң терезесiнен бiреудiң қолына өткенде, ол адамның қолы сәл дi­рiлдеген болатын. Иә, рас. Ол кiсi жас ұста едi. Фартугының қалтасына менi бүктемей сол қалпы салды да, жолда да, электр пойызға мiн­ген­де де iшi ауырған адам сияқты сол қолымен жан қалтасын ұстаумен болды. Қысқасы, әлгi адам менi банктен үйiне әкелген соң, дереу камиданаға (сиынуға арналған синтоистiк мүлiк түрi– Ш.Ж.) қойып, сиынды. Менiң адам өмiрiне енуiм осылайша басталған-ды.


Сол ұстаның үйiнде қалсам деп ойладым. Бiрақ ұстаның үйiнде бiр түннен артық тұрмадым. Кешке ұстаның көңiл-күйi тасқындап, кешкi ас iшкен соң жас әйелiне қарап, “Мен мықтымын” деп, кеудесiн керiп, менi қайта-қайта камиданадан алып, сиы­нып, жас әйелiн күлдiрдi. Кенет ерлi-зайыптылар арасында кикiлжiң туып, ақырында мен төрт бүктелiп әйелдiң кiшкентай әмиянының iшiне түстiм. Содан келесi күнi таңертең әйел ломбардқа барып, менi он кимоноға айырбастады да, суық әрi сыз сейфке салындым. Бiр ғажабы, тұла бойым мұздап, iшiм ауырып қинал­ған кезде қайтадан сыртқа шығып, күннiң көзiн көру мүмкiндiгiне ие болдым. Бұл жолы менi студент-медиктiң микроскопына айырбастады. Осы студент-медик менiмен алысқа саяхаттады. Ақырында ол Сэто теңiзiнiң бiр кiшкентай аралының қонақүйiне менi тастап кеттi.

Мен бiр айға жуық сол қонақүйдiң кассасында, шағын шкаптың тартпасында жаттым. Неге екенi белгiсiз, сол студент-медик менi тастап, қонақ­үйден шыққан соң, көп ұзамай Сэто теңiзiне батып өлiптi.
Мен болсам, Шикоку, Кюсюдi аралап, әбден қартайып кеттiм (“ес­кi­рiп кеттiм” дегенiм ғой).Ақырында, қадiрiм болмай, алты жылдан соң Токиоға қайтып оралдым. Бәрiнен де Токионың өзгергенiн айтсаңшы!
Кешкi сегiз шамасында аздап iшiп алған брокерге ерiп, Токио станциясынан Нихонбаши, одан соң Кйоу­башиге шығып, банктердi аралап, сол арада Шинбашиге дейiн тағы да қап-қараңғы қалың орманды кезгендей сенделдiк. Бұл жерде тiрi жан жоғы өз алдына, жолды кесiп өтер мысық та кездеспедi. Қараңғыда өлiм себетiн бұзақы аудандар болады емес пе, бұл аудан да сондай қорқынышты екен. Содан көп ұзамай қоңырау сыңғыры естiлдi. Бiрақ анау ығы-жығының iшiнде, мен әрине дамыл таппастан бiр кiсiден екiншiсiнiң қолына, кәдiмгi жарыс эстафетасының таяқшасы сияқты тез-тез өтiп, нәтижесiнде осындай мыж-мыж кейiпке түскенiм аздай-ақ, түрлi заттың сасық иiсi жабысып, айтуға ұят, тозып кеттiм. Ол кезде Жапонияның да тозған кезi едi ғой...

Осы Токиодан менi бiр саудагер кемпiр алып кеттi. Мен бұған дейiн түрлi-түрлi саудагердiң қолынан өттiм, бiрақ әйелдiң саудагерi еркектiң саудагерiнен гөрi менi екi есе тиiмдi пайдаланды. Әйелдiң ашкөзi еркектiң ашкөзiнен өткен арсыз, үрейлi болады екен. Менi сол шағын қалаға апарған кемпiр жүзiм шарабын сатып алуға базарға келдi. Әдетте қара базарда жүзiм шарабы 50-60 иен болғанмен, кемпiр қақшаңдап жүрiп, сумаң-сумаң етiп, ара-арасында жылмыңдап, ақырында бiр жапырақ менi пайдаланып, төрт құмыраны қолына түсiрдi. Бұған су қосып, әлгi төрт құмырадағы арақты 20 бөтелке етiп шығарды. Қалай болғанда да әйелдiң ашкөздiгi межеден асып кеттi...

Сонымен, мен жүзiм шарабы саудагерiнiң үлкен әмиянына түскен күйi қалғып бара жатқанымда, дереу қайтадан суырып алды. Бұл жолы қырыққа келген құрлық әскерi капитанының қолына өттiм. Бұл капитан “Хомарэ” деген әскерилер шегетiн темекiден жүз тал (капитан осылай дегенмен артынан жүзiм шарабының саудагерi санап едi, 86 тал екен, “алаяқ жүгермектер-ай” деп жүзiм шарабының саудагерi қатты ренжi­дi), иә, iшiнде жүз талы бар деген қағаз орамға айырбастап, менi сол капитанның шалбарының қалтасына тыға салды.

Сол түнi ауданнан жырақ, ластау асхананың екiншi қабатына бардым. Капитан сұмдық iштi, арақ iшсе көтерiлiп кетедi екен, шарап құюшы әйелдi әбден боқтады. “Сенiң түрiң қалай қарасаң да түлкiнiң нақ өзi! Ал... бетiң сары. Бiртүрлi сары. Ой, жиренiштi... Сен о бастан әдепсiз әйелсiң!” деп, мейлiнше балағаттады. Төменгi қабаттан сәбидiң жылаған даусы естiлгенде ғана тоқтады.

Ендi шарап құюшы әйел шаптықты:
– Түлкiнi неге айтасың? Ұнамаса, келме! Қазiргi Жапонияда өстiп сакэ iшiп, қыз-келiншекке тиiсетiн сендер ғана! Сенiң жалақың қайдан келдi? Ойланып көр! Бiз табысымыздың жартысынан көбiн меңгерушi әйелге беремiз. Меңгерушi әйел ол ақшаны сендерге берiп, асханада өс­тiп iшiмдiк iшкiзедi. Босқа лепiр­ме! Анау емшектегi баласы бар әйелдiң ренiшiн сендер түсiнбей­сiңдер... Бiздiң емшегiмiзден ендi бiр тамшы да сүт шықпайды. Бос емшектi тартқылап, жоқ, ендi тартатын күшi де жоқ, иә солай, “түлкiнiң баласы” күнi бойы жылайды... Дегенмен бiз шыдаймыз, шыдап жүрмiз. Оны сендер не...

Дәл осы кезде әуе дабылы қағы­лып, iле-ақ гүрс етiп бомба жарылды. Айғай салған капитан орнынан көтерiлгенiмен, арақ қатты әсер етсе керек, тәлтiректеп қайта құлады.

Шарап құюшы әйел құстай ұшып төменгi қабатқа түстi. Сәлден соң сәбидi арқалап, екiншi қабатқа көте­рiлiп, былқ-сылқ еткен капитанды арқасынан сүйеп, төменгi қабат­қа түсiрiп, аяқ киiмiн кигiздi. Содан соң капитанның қолынан сүйрелеп, жақын жердегi ғибадатхананың ауласына жеткiздi. Капитан ұзынынан түсiп жатса да, аспандағы ұшақтарға қарата былапыт сөздердi жаудырып жатыр. Ғибадатхана өртке оранды.

Шарап құюшы әйел капитанды бар күшiмен демеп тұрғызып, күрiш алқабына жеткiздi. Егiнi орылған алқаптағы аласалау топырақ үйiндiсiнiң қалқасына мас капитанды жатқызған соң, шарап құюшы әйелдiң өзi де жанына жайғасып, демiн алды. Капитан бұл кезде қорылдап ұйықтап кеткен-дi.

Сол түнi шағын қала түгел өртен­дi. Таңға жуық, капитан оянып, орнынан тұрды. Лапылдап жатқан алапат өртке жайбарақат қараған ол кенет өзiнiң жанында қалғыған шарап құюшы әйелдi байқады. Неге екенi белгiсiз, сасқалақтап атып тұрды да, қашуға оқталды. Бес-алты қадам аттап барып, қайта шегiндi. Сырт киiмiнiң iшкi қалтасынан менiң жүз иендiк жолдасымнан бесеуiн шығарып, шалбарының қалтасынан менi алды. Алтауымызды бiрiктiрiп, екi бүктеп, сәбидiң белiне тықты да, қаша жөнелдi.

Өзiмдi өмiрiмде бiрiншi рет құтты сезiнгенiм осы шығар. Ақша осылайша ылғи да орнымен жұмсалса ғой, бiз бақытты болар едiк деп ойладым. Сәбидiң жүдеу арқасындағы ақшаларға былай дедiм:
–Мұншалықты жақсы жер бiз үшiн сiрә да табыла бермес. Бiз – бақыттымыз! Осында қалып, баланың ар­қасын жылытып, о бейшараның өзге мұқтаждықтарына да жарап жатсақ, бiз үшiн одан артық не керек?!
Достарым үнсiз бастарын изедi.



26200bb15d154a1d1b5b889637dfffbd.jpeg


Дадзай Осаму (1909–1948), жапон жазушысы


Жапон тiлiнен аударған Шарапат Жылқыбаева


Бөлісу:

Көп оқылғандар