Жолтай Әлмашұлы: Бүгінде әркімнің өз Абылай ханы, өз Кенесарысы, өз Әлиханы, өз Мұхтары бар
Бөлісу:
«...ӨТКЕН ТАРИХ - ОЙЫНШЫҚ ЕМЕС!»
Сөз маған сүзе қарады: қабағы қатулы еді. Айтты: «Қазақ десе, қақ маңдайдан ұрғандай боламыз, әйтсе де айтпасқа ылаж жоқ. Біз тарихпен де ойнап жүрген халықпыз, оның артында обалы бар деп ойлап жатпаймыз. Өткен тарихты әркім өзінше жазып, өз білгенімен баян етіп, өз бетінше ылағып-шығандап ой айтады. Осы дұрыс па?»
Сөз мырзаның сөзі расымен мені де қалың ойға жетелей жөнелген. Тарихпен неге ойнай береміз осы? Таяуда мен Ресейлік телеарналардың бірінен «Тайнственная страсть» деген телесериалды көре қалғаным. Мені қатты қызықтырғаны – мұнда орыс әдебиетінің 60-жылдардағы тіршілік-тынысы өзек болыпты. Орыстың ең талантты өнер өкілдері мен қаламгерлеріне Хрущевтің дөрекілік көрсетуі, қысым жасауы, қыспаққа алуы сияқты тартысты сәттер ашық та айқын көрсетілген. Сол телесериалда Евтушенко мен Вознесенскийдің Белла Ахмадулинаға таласып, тіпті бір-біріне тапанша кезегені де тілге тиек болады. Қызыға қарағам. Жақын күндердің бірінде шетелде жатқан Евтушенко осы фильмде тарихи шындық бұрмаланғанын ашына айтып, Вознесенский екеуінің аздап шекіскені рас, бірақ қолға қару алмағанын айтып, егер осы тұсын алып тастамаса, халықаралық сотқа жүгінетінін де жеткізді. Демек, кино түсірушілер өткен тарихты ептеп бұрмалаған. Ал, тарих – көрінгеннің ойыншығы емес! Бізде ше? Біз «әркімнің өз Абылайханы, өз Кенесарысы бар» деп хандарымызды, «әркімнің өз Құнанбайы, өз Әлиханы, өз Мұстафасы бар» деп қайраткерлерімізді, «өз Абайы, өз Мағжаны, өз Әміресі, өз Мұхтары бар» деп ақын-жазушы, әншілерімізді қалауымызға қарай бұра береміз. Осының арты жақсылыққа әкеп соқтырар ма? Әй, қайдам! Демек, Сөз мырза, мен сенімен келісемін! Қолдаймын сені!...(«Семсер сөзбен сырласу»)
Бөлісу: