Төлеген Қажыбай: Билік жастарға желкесімен қарамай «тет-а-тет» қарауы керек
Бөлісу:
1. Сіз екі ғасырдың, екі қоғамдық формацияның, екі саяси идеологияның куәгерісіз. Екі дүние сізге не берді? Қайсысы сізге жақын?
Иә, біздің ұрпаққа ХХ-ХХІ ғасырлардың жолайырығы тұсында өмір сүруге нәсіп етіпті. Мен үшін өткен ғасырдың басты жақсылығы-күні бүгінге тірі жүруім. Себебі, қазір ауылда жер жыртып, мал баққан бір де бір құрдасым жоқ, бәрі о дүниелік болды. Мен дуан орталығы Көкшетаудағы жетімдер үйіне келдім де, ауылдағы көрдей азаптан құтылдым. Иінім бүтінделді, жарып (тойып емес) тамақ іштім. Оқыдым, одан әрі білім алуға талпындым.
Ал ХХ ғасырды әлемдік деңгейде сөз етсем, адамзат үшін ең қасіретті, қаралы ғасыр болды. Ескендір Зұлқарнайын мен Атилла, Шыңғыс хан мен Ақсақ Темір қосылып қырған адамдар саны екінші дүниежүзілік соғыстың тобығынан келмейді. Жермен жексен болған селолар, деревнялар, хуторлар қаншама! Қазақ жұрты үшін ең қанқұйлы ғасыр еді. Алаш ардақтыларын қынадай қыру, аштық, репрессия т.т.
Тәуелсіздік ғасырынан үмітім зор еді. Бірақ, ойымнан шықпады. Тақым- бір сөз мадақ, табыну, жалғандық, өтірік көлгірсу т.т. жиіркенішті жолға бүгінгі биліктің бойларын аулақ салмай, сол соқпаққа қайыра барып түсуі болып отыр. Бұл жобасы тәуелсіздік тәрізді текті ұғымнан тағылым алмағандықтан болса керек.
Жаратушы қазақ жұртын мейірім-назарына алып, әлденеше рет рақымшылық жасап, жойылып кетуден сақтап келді. Осы ұсынған рақымшылығы соңғысы ма деп те ойлаймын. Осы мархабат мейірімділіктің қадіріне жетпесек, өз обалымызды кімнің мойнына артамыз?!
2. Әкесіз өстіңіз, тағдыр солай болды, бірақ әкенің өмірін Сіз жалғастырып келесіз. Әке аманатын орындай алдыңыз ба? Әкені сағыну дегенді қалай түсінесіз?
Әкем Қажыбай Сыздықұлы мен өмірге келмей жатып екінші дүниежүзілік соғыста Ленинград түбінде мерт болған. Мен ана жатырындағы үш айлық шарана екенмін. Сондықтан, әке ұғымы, оның тәрбиесі, аманаты мен үшін әрі жұмбақ, әрі жат! Ана тәрбиесіне де қатысты айтарым сол.
Өмір мені тасбауыр етіп өсірді. «Жетім қозы жетілер» демесең, тасбауырлық өзіммен бірге кетпек. Аяннан көрген немерем ғана тас бауырыма қан жүгірткен тәрізді.
Құдай қойса, бұл қалқам тоқсан жасар,
Есігінен кетпейді ғарып қасар.
Қатындар Төлеген деп қойып еді,
Бір аты бұл қалқамның ашу басар.
Бұл-Сыздық атамның маған арнаған әлди жырынан. Мен сол шалдың шалғайына оранып өстім.
Жобасы, әкей нашар, можантопай адам болмаған. Үш колхоздың председателі болған. Өзі әнші, өзі ақын, өзі сері болған,- дейді әкейді көргендер. Өкініші: көптеген өлеңдері бертінге дейін ауыл ішінде айтылғанымен, келе-келе ұмытылды. Мен әкейдің кейбір сәттерін «Қанкешу», «Аран» повестерінде сөз еттім-ау деймін.
Әкем «Ұлым, сен өйт, сен бүйт» деп өсиет қалдырмаса да, іштегі бір сезім әкеге деген сағынышымды түртіп оятқандай болады. Ол-әсіресе, «әкеңді көрдік» дегендермен ұшырасқанда туатын сәулелі әсер. Айналайын, жетімдіктің несі жақсы дейсің?
3. Анаңыз туралы өте сирек айтасыз, оның өзінде де аса көп мақтамайсыз. Қазақта анаға деген ұлы махаббат, ұлы құдірет сезімі бар. Ол сізде көрінбейтін сияқты. Неліктен?
Ана деген қасиетті ұғым екендігін жүрегі түскір сезеді-дүр. Бірақ өз басың ана тәрбиесін, оның аялы алақан жылуын сезбей өссе, өтірік «менің анам солай еді» деп жалпақтаудың қажеті қанша?! Менің тағдырым басқа арнада дамығандықтан әрі анадан гөрі ата тәрбиесін көбірек көргендіктен, анаға деген сезім манағы айтқан тасбауырлыққа табан тіресе керек.
Мен анамның маңдайына жазылған тағдыр сыйына мүсіркей, аяушылықпен қарайтын адаммын. Ерінен 32 жасында қалды. Бейнеті аз болмады. Атам бастаған кілең бір жетім-жесірлердің ортасында бая-шая болып жүрген анама «осы әйел неге айғайлай береді екен» деген жауабы жоқ сұрау менде көп болатын. Енді ойлап отырсам, оның да зілмауыр себептері болған екен. Осының бәрі айналып келгенде соғыс салған ойран, атынан ат үркетін Сыздық болыстың шаңырағына, оның ұрпағына оңай тимеді. Жақан, Хажымұрат балалары алыста, Алматыда, жүргендіктен қара шаңырақтың қайғы-қасіреті оларға онша бата қоймаған тәрізді. Әйтпесе, екі ұлы жалғыз әкесін Алматыға апарып, асырап, бақпас па?!
4. Ақынсыз. Ол - Алланың сыйы. Егерде кезінде Алматыда қалғанда, талантыңыздың арқасында бұдан да ірі ақын болар едім ғой деген ой мазаламай ма? Жақан болды, оның айналасы бар, сізге астанада қалуға зор мүмкіншілік болды. Елге неге қайттыңыз?
Алматыда қалайын, атағымды шығарайын деген ой менде тіпті де болмапты. Ол ортада қалғанымда, бәлкім, бәрі де басқаша болатын ба еді...
Бірақ, туған Көкшетауыма келгеніме тіпті де өкінбеймін. Ғұмырдың дені газетте, соның қызық-шыжығында өтті. Не бердім, не қойдым, ол-жұрт назарында. Ал, ақындыққа келсем, мен оның соңына түсіп қаузаламаған екем. Орайым келгенде ғана жазатын әдетім бар. Проза да солай. Сондықтан, ірі дүниелерге ұрынбадым. Ол үшін бәрін сырып тастап, тек сол бағытта жұмыс істеу керек қой. Ал, менде бес сәбиім бар. Соларды асырау үшін газет салған шідерді үзіп кете алмадым. Оныма да өкінішім жоқ. Газет көп нәрсені үйретті - жинақылық, тәртіп, жауапкершілік, еңбекқорлық, әділдік т.т. Қазіргі әріптестерімде осылар жоқ. Бұл, әрине, өкінішті! Өйткені, газетке деген биліктің бақылау, бағасы жоқ.
Менің бастап кеткен ісімді мәресіне жеткізбей тынбайтын ғадетім бар. Сондықтан, повесть, поэма, драмалар туып қалса, сол ғадетімнің арқасы. Ал, әйтпесе, осыны жазайын, осыны тындырайын дейтін үлкен мақсатты мұрат тұтпаған адаммын.
5. Дос-жолдас, құрдастарыңыз Сізді басына көтерді, бүгінгі күні де сыйлап келеді. Бірақ, өмір заңы бұлтартпас шындық, біртіндеп араңыз селдірей бастады. Әсіресе, Қуанышбек Рымжанұлы досыңыз дүниеден өткенде, айылыңызды тартып алдыңыз, өмірдің өткіншілігіне тоқтам жасағандай көрінді маған. Бұл дүниенің қызығына селқостығыңызды байқадым. Бұл не? Кәрілікке мойынсұну ма?
Халықта «Елуге дейін абыройың үшін еңбектен, одан кейін абырой сен үшін еңбек етеді» деген тәмсіл бар. Ол абырой қасықтап жиналса керек. Сөйткен абыройды ақтара салу да қиын емес...
Менде сыйлас, құрметтес, ниеттес азаматтар аз емес. Бірақ, нағыз достар жоқ десе де болады. Доспын деп жүрген құрдастар да аз емес. Бірақ, олардың көбі келе-келе көңілімді суытты. Қиқымбақай есепшіл, өзін өзгеден биік қоятын өзімшіл, мәрттік мінезден ада тышқан көкпаршыл, іштері тар қызғаншақ, т.т. Оларын қанша мысық-мінез пиғылмен жасырғанмен, байқалып қалады. Мен ондайлардан тез жерініп, бойды аулақ салғым келеді. Тіпті беттеріне басып айтамын да. Анада бір інім жабыса береді. «Әй, бір сынаған адамды, екі қайтіп сынама деген. Ал мен сені сан мәрте сынаған адаммын. Аулақ жүр!» дедім. Бәлкім, айтпауым да керек пе еді. Бірақ тәңір берген мінез солай болса, не істейсің. Қазір менде мына өмірге деген тіпті де қызығушылық жоқ. Сезімім суалып біткендей. Кәрілік дейсің бе, өмірге өкінішпен қарау дейсің бе? Шаршағандық дейсің бе? Оны өзің біл!
6. Шындықты тұмар қылдыңыз. Сол қағиданы саналы ғұмырыңызға кредо тұтып келесіз. Шындыққа жеттіңіз бе? Жалпы, шындық деген не? Ақиқат деген не? Абсолют дүниеде (егерде ол болатын болса) бұлардың жүгі қандай?
Ислам дінінің сопылық сипатында «шариғат, мағрифат, тарихат, сосын ақиқат» дейтін философиялық таным бар. Шариғат – ислам заңын игеру, мағрифат – ғылым жолын игеру, тарихат – тура жолға түсу, ақиқат – абсолютті исламдыққа жету. Ақиқатыңыз – Сіз айтқан шындық! Ал шындық бір ғана ұғым болғанмен, оған жетер баспалдақ сан тарау. Кез келгеннен сұрасаң, «мен әділетшіл, ақиқатшыл адаммын» дейді. Өзін «өтірікшімін» демесе керек. Шындықты қолға ұстап көрсететін зат деп суреттей алсақ, ол мың-миллион тозаң тәрізді болмашы шындықтардан бас біріктіріп, ұлы шындыққа айналады. Менің шындығым сол тозаң тәріздес түйіршік молекулалардың бірі болса керек.
Бірақ қалай десек те, шыншыл, турашыл, әділетшіл пайым адами болмысымызда басты тірек болмаққа керек. Ол болмаған жерде бүгінгі қоғамымызда көрініс беріп отырған кереғар принциптер үстемдік құрады. Басты қатер де сол болмақ. Діннің өзі де (ғылым деп қабылдасақ) шариғаттан ақиқатты биік қойып отыр ғой! Ендеше шындықты іштей сезінгеніммен, оған қол жеткізе алмадым. Солай болар да. Өйткені, елімнен есті әңгіме ести алмай өтіп барамын ғой. Елім естияр жасқа келгенімен, ес тоқтатар таяныш таппай, жалғандыққа жол бергені өкінішті емес, аянышты! Мен абсолютті деген философиялық ұғымды былай түсінемін: Әлемде абсолютті ештеңе жоқ. Билік те, империя да, қоғам да, тіпті махаббат та жоқ. Абсолютті тек бір Алла ғана бар. Егер Аллаңыз бар болса, әрине!?
7. Халық, ұлт деген ұғым бар. Бұл – қасиеті жоғары категория. Қазақты әлі ұлт болып қалыптаспаған, халық ретінде ұйыспаған деген пікір бар. Сіз қалай ойлайсыз?
Осы орайда екі мысал ойыма оралды. Бірі ұлы Ғабит Мүсірепов әйелі Хұсниға қарата: «Бір қылығың еске түскенде, қасыңа барып жатқым келеді, енді бір қылығың еске түскенде, қабіріңді терең қазып, қайра жапқым келеді» дейді. Сәбетқазы Ақатаев Президентімізге қарата: «Бір қылығыңыз есіме түскенде, жолыңызда өлгім келеді, ал енді бір қылығыңыз еске түскенде, қолыңызда өлгім келеді» деген. Солар айтқандай, қазақтың бір қылығы еске түскенде, осылар ұлт болып ұйып, халық болып қалыптаспаған-ау деген ойға келемін. Анада ақсақалымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов Әбіш Кекілбаевтың Президенттің қолын сүйгендігін келеке етіп, иттің артынша шулаған жұртына мұңайып, «ақ маңдай ұлының бір осалдығын кеше білмеген неткен халықпыз, құдай-ау!» деді.
Осындай, осындай ұсақшылдыққа барып қалатын тұстар жерге қаратады.
Әрине, көпке топырақ шашуға болмас. Бірде ақын Болат Окуджава «Мен дүйім бір халықты сүйемін дегендерге сенбеймін. Мен сол халықтың қадау-қадау ұлыларын ғана сүйемін» деді. Мен де Болат Шаливовичтің жағындағы адаммын. Ендеше мені ұлтым, қазағым, Көкшем деп елжірей қалатын саумал патриоттар қатарынан іздей көрме! Сол ұлты, Көкшесі үшін не жақсылық істедім деп бір сәт өзіне сауал сала ма әлгі саумал патриотың.
8. Тәуелсіздік ұлтқа не берді? Ел, ұлт ретінде қалыптастырудан гөрі билік халықты тобырға айналдырғысы келетін сияқты емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?
Кез келген тәуелсіздік – (ол шын мәнісіндегі толыққанды болса) кез келген ұлттың бағы. Тек соны сол ұлт пен билік қадірін біліп, ұстай алса деңіз... Біздегі қатер соны көктен түскендей тегін бере салғандай түсінеді. Соның салдарынан тәуелсіздіктің іргесін бекітудің орнына ірітіп жатырмыз.
Тәуелсіздікті қай ғасырда, қай кезеңде де сорлы халық армандамады дейсің. Арман ақталып жатса – абырой. Сол абырой ат төбеліндей билік үшін ғана қызмет етсе, елдің соры ғой.
Тәуелсіздік біз үшін керегемізді кеңейте түскендей, алыс-жақын елдермен араластыра бастағандай. Сонымен қатар, шет елдің сананы улар, рухымызды шайқар әсіре идеологиясы баса көктей еніп төрімізді жайлап жатыр. Ал, сол мылтықсыз майданға қарсы тұрар тәуелсіз еліміздің идеологиясы бекем болмай шықты. «Алдымен – экономика, сосын – саясат» концепциясы тап осы жерде өз қуатсыздығын танытып алды.Неге десеңіз, экономиканың өзі – саясат. Әйтпесе, «экономикалық саясат» (экономическая политика) деген ұғымды неге қолданамыз. Экономиканы саясаттан бөлуге болмайды. Саясат сол экономикаңды жүргізетін, жүзеге асыратын күш емес пе? Екеуін бөліп қарау, сайып келгенде, кенжелікке, кері кетуге әкеледі. Біздіңше, саясат сындарлы болмаған жерде сыңар езу асаудай бір жақты қисыны кеткен қалыпқа түсіп алып ілгерілегендей боламыз. Ал ол шын мәнісінде, ілгерілеу емес, тек соның иллюзиялық сыртқы сипаты ғана.
Доктор Геббельстің (фашист десең де!) айтқаны бар: «Халықты тарихынан айырсаң, тобырға айналады, ал тілінен айырсаң, хайуанға айналады». Ал, ондай тобыр мен хайуанға айналған дүбәра тірлік иесін басқару – оңайдың оңайы. Біздегі ұлттың құнсыздануы осыған жақындап қалғандай қатты қауіп ойлаймын. Өйткені, 23 жыл ішінде жұртымыздың жаңа сапалық санатқа ауыса бастағанын байқай алмай тұрмын.
9. Бұқаралық ақпарат құралы – төртінші билік қатарында. Бүгінде киберкеңістік бар. Әлемде медиасоғыс, медиамайдан алдыңғы қатарға шығып отыр. Қазақстандық телеарналар тек ток – шоу, әсіреқызыл арзан дүниелерге көшіп алды. Бәрін әумесер әншінің қолына беріп қойды. Бұл – тәуелсіздігімізге қатер. Қоғам дамуының, халық өмірінің, мемлекет идеологиясының жан-жақты ракурсте талдануына салиқалы, сындарлы, ойлы, парасатты аналитикалық бағдарламалар жоқ. Бұған не дейсіз? Бұл әдейі, қасақана жасалып отырған қиямпұрыс саясат емес пе?
«Ақпарат құралдары – төртінші билік» деген қағида болған. Тап Қазақстан үшін оның билік тағынан түскелі, жүгірінді қолбалаға айналғалы қашан. Қазір бірнеше ірі басылымдар мен «Хабар» тәрізді телеарналар жалған, әсіре дәріптеулердің жандайшаптарына айналып болды. Әрлі-берлі заманда, әр мемлекеттерде де жалдамалы, сатқын, жалған ақпарат таратып, билік сойылын соққан журналистер болған. Олардың бізде де өріп жүргенін көріп еш таңданбасақ керек.
Баяғыда ұлы Сервантес: «Жалған тарих жасаушыларды фальшивомонетчик сияқты дарға тарту керек» деген еді. Ал, бізде тарихқа фальсификация жасаушылардың бағы аспандап тұр. Бұл да – тоталитарлық биліктің ұсқынсыз көрінісі. Қазақ «бәрің бірдей қойшы болсаң, құл боларсың, бәрің бірдей әнші болсаң, – жын боларсың» деген. «Хабар» арнасын ашып қалсақ, какофониялық даңғаза дабылына ілескен ән мен әншіні көресің. Мәселен, мен Қайрат Нұртас деген әншіні олай тыңдап, былай тыңдап еш ләззат ала алмадым. Жобасы, бұл да жынға айналған қоғамның кезекті өнімі болса керек.
Ұлт рухын көтерер патриоттық әуені болмаған елдің келешегінен не үміт күтуге болады? Ештеңе! Ендеше, біздегі билік ұлтты өз құндылықтарынан кіндік үздіру үшін жымысқы саясат ұстап отыр десем жөн болар...
10. Дүниеде не киелі, не қасиетті, не құдіретті?
Бұл енді әркімнің түсінік-пайымына орайлас жауап беретін сауалдар екен. Ендеше менің түсінігімде киелі дүние ата-баба сүйегі жатқан туған топырағың болмаққа керек. Халқымыз осы ұғымның аясында өмір сүрді, сол үшін жан беріп, жан алысты. Ал, сол киелі жерімізді жыртыстай жырымдап әркімнің қолжаулығына айналдыру – күнәнің ең сорақысы.
Дүниедегі ең қасиетті нәрсе анаңның ақ сүті деп білемін. Қатты ренжігенде, аналарымыз «ақ сүтімді кешпеймін, сүтімді аспанға сауып, қарғаймын», – деп жатады. Ана сүті қасиетті болмаса, осыншалықты қуат қаруы болар ма еді?!
Не құдіретті десеңіз, тіл – ана тілің деп білемін. Мен мұны «тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген жайдақ ұғымға қарап айтпаймын. Тіпті тілдің қатынас құралы болғандығы үшін де емес...
Сенің бар болмыс бітімің мен адами болмыс ерекшелігіңнің басты өлшемі бола алған тілімнің бүгінгі тілім-тілім қасіреті қазақ ұлтының одан әрі өмір сүру, сүрмеу екі ұдайлы халін сезінген сайын ауыр күй кешемін.
11. «Табиғат пен адам – егіз» деген ұғым бар. Қазіргі адаммен дәрежелі, салиқалы терең ойлар дүние сұрасу, таза әрі шынайы сырласу, ой бөлісу қиындап бара жатқан сыңайлы. Бұрыннан бар «di» «co» философиялық, лингвистикалық категория жоғалды.Мүмкін, бұған темір өркениет те кінәлі шығар. Маған адамнан табиғат зор көрінеді де тұрады. Жылдың қай мезгілін ұнатасыз?
Иә, Табиғат – сарқылып болмайтын ұлы қазына, адамның алтын бесігі, дәлірек айтсақ, Анасы! Біз сол табиғаттың төліміз. Бертран Расселшілесек «Адам – табиғатқа қарама-қайшы бірдеңе емес, оның бір бөлшегі».
Лев Гумилев «Жердің бедері – рельефіне қарай әр халық қалыптасады, өседі, өнеді» деген ілімді алға тартты. Осының да түп төркіні – табиғатыңа қарап қалыптасасың, ой, бой түзейсің дегендік қой. Бұл – аксиома!
Бірақ, адамның ашқарақтығы, тойымсыз тағылығы табиғатты аяусыз тонап жатыр. Ғалымдар Жердің өзін тыныс алатын жанды организм деп отыр. Сол рас та болар. Өйткені, Жер-Ана соңғы жылдары қатты қарсылыққа көшкен. Зілзала, цунами, Африкада қардың жаууы т.т.
Ал, бізде табиғатқа деген қамқорлық көңілдегідей деп көлгірсуге болмас. Мен Бурабай табиғаты жайында көп жазған адаммын. Қазіргі Астана Бурабайдың сорына көшіп келді. Ондағы «жырық етектілер», депутаттар Бурабай ішін бауырдай туралап, тонап бітірді. Оған селт етер билік жоқ. Өйткені, ондаған гектар орман оталып, коммуникация үшін жер қыртысы талқандалып, жеті жұлдызды қонақ үй салынып, мақтанышқа айналды. Бұл сорақылыққа мен «Абылайдың өзі тасыңа таңба салуға батпаған» деп өлең жаздым. Қазіргі шолтаңбайлар Абылайды қайтсін.
Жылдың қай мезгілінің де өзіне тән ғажап сипаты бар. Әрине, мен үшін жаз қымбат. Бірақ, соның қадірін білсек...
12. Қазақ ұлтының рухани дамуына, ұлттық менталитетінің қалыптасуына Алаш кемеңгерлерінің орасан зор ықпалы болды. Осы ұлы кемеңгерлердің жұлдызды шоғырынан Сізге кім жақын? Несімен?
Сөз жоқ, Алаш арыстары тым қысқа ғұмыр кешсе де, артына терең із қалдырды. Ол, ең алдымен, қараңғылықта қамалған қазақ жұртын жаңа сапалық деңгейге көтергісі келуімен өлшенбек. Бірақ, үміттері ақталмады, өздері шаһит кешті. Соңғы кезде билік бұларға желкесімен қарауды шығарды. Жалғыз Т. Жұртбайдан басқа айғайлап айтар адам қалмады. Алаш арыстарын ақтағанда биліктегі бір көрсоқыр: «Мыналардың бәрі Арғын екен ғой. Бекер ақтаппыз» депті. Ойбай, шұнақ құдай! Олар Арғыннан туғандарына кінәлі ме екен? Әлде, тек Арғынның жоғын жоқтап па? Міне, біздегі сорақылық ел болудан кеткен қисын осындай. Бұл – білімді наданның сөзі! Ал, соған жөн сілтеп, бетіне басар біреу шықты ма? Жоқ! Маған салса, жүзге, руға бөлгендерді жазалар заң шығарар ем. Маған кім жақын десеңіз, бәрі де өзіндік қырларымен қымбат. Дей тұрсам да, Ахмет Байтұрсыновтай кемелді де кемеңгер тұлғаны еш айналып өтуге болмас. Ол тұтас бір академияның қолынан келмеген істі өзі-ақ еңсеріп кетті. Қазақ тіл білімін ілгеріге апара білді. Ғылыми айналымға қосқан терминдерінің, түсініктемесінің өзі неге тұрады?! Маған Жүсіпбек Аймауытов қымбат, неткен тіл, ғажап стиль, сезімтал сурет, адамның жан дүниесін ашардағы ажарлы бейнелеулер, ащы шындық, – бәрі-бәрісі Жүсекеңнен табылады емес пе?
13.Қазақ трайбализмі аз талқыланып жатқан жоқ. Бәріміз іштей қарсыласып жатамыз. Бірақ, трайбализм індетін зиялылар, ұлттың алдыңғы қатарындағы тұлғалары, ақын-жазушылар тудырып отыр ғой. Қара халыққа оның бесенеден қажеті жоқ, онымен айналысуға мұршасы да келмейді. Осыған Сіз не дейсіз? Көкшетауда тәуелсіздікке дейін осы мәселеде мұрынға исі келмейтін. Ал, қазір қу шөпке тиген өрттей болып тұр. Бұған кімдер кінәлі, ашығын айта аласыз ба?
Анада бір ірі шенеунікті кабинетінде ақша алып жатқан жерінде ұстап, қолына кісен салып жатқанда әлгі әңгүдік: «Я Шапырашты, я Шапырашты!» деп айғай салғанын телеарнадан көргенде жағамды ұстадым. Көкшетау елінде ата сұрау, ру қуалау, жіктелу дегенді сезінбеп едік. Жүзге, атаға бөліну індеті – он-он бес жылдың әлетінде болған жағдаят. Ол да – оңтүстіктегі ағайындардың көптеп келуімен болып жатқан жетесіз қылық. Ешкім де жеті атаңды, тегіңді білме демейді. Бірақ, осыншалықты жалаңаштанған ашық бөліну көріністері өрши түспесе, өшер емес. Бұл – сайып келгенде, жұдырыққа жинала алмай қожырап отырған қазақ үшін қатерлі құбылыс, осыған дем беріп, желдетушілердің бәрі зиялы дейтіндердің әрекеті. Биліктегілердің осыған астыртын араласуы, тыйым салмауы қазақты шіл қиындай тоз-тоз етудің алғышарттары деп білемін. «Бөлінгенді бөрі жегеннен» гөрі, бөлшектеп алып билеудің тиімділігін таныған билік бұл үрдіске үрке қараса, кәне.
М.Мағауин үш жүздің билерін таққа қондыруының астарында бөлшектену жатқандығын ашына айтып еді. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген аталы сөз де әдіре қалды. Әйтеуір, ер – тұрманы бір бүтінделмеген сорлы халыққа айналып болдық қой. Неткен өкініш десеңізші! Ақыры быт-шыт болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп тынатын шығармыз.
14. Біз өткенмен өмір сүретін ұлт сияқтымыз. Артымызға көп қараймыз. Алдымызға қарауға, батыл шешімдер жасауға жалтақтаймыз. Бәрін Алланың қолына тапсыра салуға әдеттеніп алдық. Сіз қалай ойлайсыз?
Мен сөйлеген жерлерімде артына көп қарайлап кідірістеген халықта болашақ жоқ дегенді жиі айтамын. Алпамыс пен Қобыландыны білген жөн, ал солардың заманын, өздерін көксеу көрсоқырлық емес пе?! Атаңды, руыңды, жүзіңді де білгендігінің еш айыбы жоқ. Тек соны неге бөліну тәсілі етеміз. Мәселе – осында! Адам тек өткенімен ғана өмір сүрмесе керек.
Кешегі бір жиында бір інім сал – серілік дәстүрді дамыту керек деп салды. ХХІ ғасыр сал – серілер селтеңін көтеретін кезең бе екен?! Еуропаға трубадурлар мен рыцарствоны жаңғыртайық десең, етегін ашып күлмес пе? Көшкен елдің жұртын сабалап отырғаннан ұтарың қайсы. Кілең ұтылыс емес пе?! Ертеде Сәкен Жүнісовке «сенікі – осы қай серілік» дегенім бар еді. Осында Иран деген ағамыз «сал аға» демесең, мойын бұрмайтын болыпты. Күлесің бе, жылайсың ба? Жаһандану дәуірі келешекпен өмір сүрсек деп ұмтылғандармен ғана тіл табыспақ. Ендеше, киіз үйдің жабығынан сығалағаннан гөрі жарық дүниеге шығып төрт жағыңа үңілмекке, былайғы мемлекеттер не істеп, нендей әрекет істеп жатыр екен деп елеңдеу, елеңдеу ғана емес, ел ертеңі не болады деп қам-қарекетке бет түзеу қажет. Уақыт сенің түйелі көшіңнің мынадай мимырт қимылына пысқырмайды да. Уақыттан ұтылған сайын кері кетіп, кенжелеп қалу үрейі үдей түспек. Қазақ – тәубәшіл, шүкіршілікпен күн кешкен халық. Осыдан келіп енжарлық, бойкүйездік, ең сорақысы тоғышарлық келіп шығады. Алласына жүк тиеп, бәрін соған арта сөйлеу – өз міндет, парыз, қарызын парықтамаудың нақты көрінісі. «Алла біледі», «бәрі – Алланың қолында», «Алланың жазуы солай» дейтіндерді пайымдасаң, пендесіне жауапкершілік те, атқарар іс те, ілгері апарар жүкте тіпті ештеңе де қалмайды. Қол қусырып қойып қарап отырар бір қуыс кеуде. Қурай да жаңағы пендең де бір... «Көппен көрген ұлы той» деп ошақ түбінде борбайын тыр-тыр қасынған қазақ ХХІ ғасырда да сол енжарлығынан арылған жоқ. Неткен сорлылық еді!
15. Діндер туралы айтсаңыз. Әсіресе, ислам діні туралы. Қазіргі қоғамдағы ислам дінінің рөлі қандай? Діндарлық, тақуалық ұғымдарды қалай түсінесіз? Әсіре діншілдерге деген көзқарасыңыз қандай?
Бұл өзі мен үшін шетін сұрақ екен. Мұхаммед пайғамбардың өмірі, ислам дінінің қазақ әлеміне келуі, әлем діндерінің қайшылықтары мен айырмашылықтары, атеистік ілімнің тұжырымдары... Осылардан дилетанттық деңгейде болса да хабарым бар.
Ислам діні – ұлық дін. Өкініші: тап қазір әлемнің жартысынан көбі осы дінді адамзат алдында күстаналауға, ғайбаттауға дейін барып отыр. Кешегі француз оқиғасы... Бұл дін өзінің алғашқы нұрлы сипатынан айрылып барады. Шейттер мен сүнниттер дүрдараздығы әу бастан белгілі. Кейінгі секталар исламның негізіне қарсы әрекетке көшкендей. Осылардың бәріне Араб әлемі, діни мемлекеттер қарсы тұрар тосқауыл қоя алмай отыр. Қазақ ішіндегі ислам дінінің дүбәра халін айтудың өзі – артық шаруа. Өйткені, Ақан айтқан «торпақ, шорқақ» молдалар көбейді. Хажы атын жамылған дүмбілез діндарлар діннің ұлықтығын қараңғы жұртты қорқытпай, үркітпей теологиялық ілім қағидаттарына сүйене отырып ұғындырмас па? Өйте алмайды. Себебі, бұл саладағы өз білімдері де нашар. Жиындарда айтылар діни насихаттар өз таяздығымен, дәлел дәйексіздігімен, әрі кетсе пайғамбар хадистерін мысалдаумен шектеліп жүр. Ондай насихат сендіріп, иландырмайды. Қоғамда салтанат құру үшін діннің ұлықтығын жамағат қалыс қалмай мойындауы, мойындап қана емес,сол жолды ұстануы керек. Оған жету үшін тер төгуге тура келеді. Діндарлық, тақуалық құранды жаттап алумен анықталмайды. Ондай адам бар болмыс, іс, әрекетімен сол жолдың ірі күрескері, үлгі алар тұлғасы болмаққа керек. Ислам дінінің алғашқы арнасынан аунап түсіп, сан тарамға таралуы сол әсірешіл діншілдердің келісімсіз әрекеттерімен еншілес. Не нәрседе де әсірешілдіктің түбі қайырсыз, қайғымен аяқталары даусыз. Алпауыт елдердің исламға қарсы әрекеттерін, осы жолда ашық-жабық күрестерін де көріп отырмыз. Ислам әлемі бірігіп қарсы тұрмаса, бұл діннің де өмір сүруі кәдік.
16. Қазір қазақ поэзиясы қарқынды дамуда. Ұлттық колорит кеңістігіне тамаша жас ақындар шықты. Жастардан кімдерді оқисыз. Кімдерді таланты жағынан атай аласыз?
Қай кезде де поэзия жанрының алдыңғы авангардтық деңгейде жүретін заңдылығы бар. Біздегі поэзия да сол арнада ілгерілеп келеді. Ол – ақындар еңбегі.
Бірақ, жастар поэзиясында өмірге өкпелеу, қоғамына наразылық, өткенді (көне түрік, бөрі т.т) көксеу басым болып барады. Бұл, бәлкім, уақытша көрініс болуы да мүмкін. Оның үстіне біздің тап қазіргі қоғам жүрек жара шаттанарлық поэзияға жат. Оның әр сәт, әр сағатта көрініс беріп жатқан кемшіліктері әдебиет әлеміне әсерін тигізбейді деп айтуға негіз бермейді.Сондықтан, бүгінгі жас поэзиядан тәуелсіз еліміздің еңселі бейнесін, жарқын болашағын сездірер аса зәру әуенді естимін, толғамды ойларға бойлаймын деу бекершілік болмақ.
Өз басым жастар поэзиясын қадағалап, қалт жібермей оқимын десем жалған болады. Бірақ, көзге түскенді оқимын, ойланамын.
Жуырда «Жас Алашқа» жарияланған С. Адайдың «Абылдың күйі», «Абыл» деген толғау жырын оқып, әуелгі әсерім тереңдей түсті. Маған Ғалым Жайлыбайдың, Серік Ақсұңқарұлының, Есенғали Раушанның жырлары жақын. Темірхан, Иран-Ғайып – ірі ақындар, бірақ соңғы кезде тоқпақшыл, яғни тақпақшыл жырға әуестеніп барады. Есенғали ақын: «біраз жастар менің ойым мен ұйқастарымды «барымталап жатыр» деп кейістік білдірді. Бұл – қалам ұстаған кімге болсын жарасымсыз, ұят қылық.
Түптің түбінде қазақ сияқты ақынжанды жұрттың поэзиясы асқаралы биіктен бой байқататындығына сенімдімін.
17. Адамзаттың алдағы уақыттағы (20-50 жыл) дамуы туралы не дейсіз? Өркениет дамыған сайын қақтығыстар, кикілжіңдер, майдандар жиілеп барады ғой.
Адамзат өз қолынан жасаған жойдасыз жойқын қаруынан опат болмай, даналықпен, тұрақтылықпен өмір сүрсе, нелер қиял-ғажайып жаңалықтардың игіліктерін көрері ақиқат. Технологиялық ілгері басушылық әсте тоқырамақ емес.
Мына Ресей мемлекеті өз тарихында екі ай, он күн ғана бейбіт өмір сүрген. Қалған уақыттарын үлкенді-кішілі соғыстарға, қақтығыстарға себепкер болып отырған ғой. Сол арқылы ұлан байтақ жерді иемденіп алған. Енді ол аздай Украинаны бөлшектеуге кірісті. Сондықтан, әлем мемлекеттері болып өздерін өркениет елдеріміз десе, мұндай жойдасыздықтың жолын кесу керек. Біз қазір өркениетті ХХІ ғасырда өмір сүріп отыр емеспіз бе? Жабайылық, тағылық, әлімжеттік, жуан жұдырықтың дәурені өткен жоқ па еді. Ол болмаған жерде француз кассандрасы Мишель Нострадамустың (1503-1566) сәуегейлігі – ақырзаман орнары сөзсіз.
Қазақтың Мөңке биі де «тісі қисық, көзі қиық көршіден емес, көзі шегір, өзі жебір теріскей көршісінен менің ұрпағым көп қорлық көреді» деп болжам жасаған. Ендеше, бүгінгідей Ресейдің қолтығына еніп етегінің астына бас сұққан сорақылықтан бас тартсақ, сіз–біз дескен сыйластықпен ғана аралық қашықтығымызды сақтасақ жөн болар еді-ау...
Алламыз екі аждаһаның ортасында өмір сүруді мәжбүрледі. Солай екен деп екі жаққа бірдей талтаюдың қисыны қайсы. Өгіз де өлмес, арба да сынбас сындарлы саясат керек. Әлемдік заң қағидаттарына табан тірей отырып, ең алдымен, қазақ мемлекеттігінің мүддесі үшін қызмет ету қажет деп білемін.
18. Осы ғасыр талай ұлттар мен ұлыстардың жаназасын шығаратыны белгілі болып қалды. Кейбір ғалымдардың қазақтың қаны жас, генофонды бұзылмаған, генетикалық коды жақсы деген тұжырымды пікірлеріне жүрегің қуанып, жаның жарқырап-ақ қалады. Қазақтың алдағы өмірі, әлемдік дамудағы орны туралы айтсаңыз.
Қазақты толыққанды қалыптасқан ұлт ретінде мойындай алсақ, бұлардың этнос ретінде күн астында өмір сүруге қақысы бар ғой. Әлемдік даму үрдісін қадағалаған сайын талай тілдер жойылып, сандаған ұлыстар мен ұлттардың жер бетінен құруы болмаса да, жеке халық ретінде өмір сүруін тоқтатқандығын, ірі жұртқа жұтылып кеткендігін аңдау қиын емес. Оның әртүрлі себептері мен факторлары бар. Сыртқы қысым, ішкі іру, қожырау, белсенді қарсылық жасай алмаушылық бұл үрдісті жеделдеткен, ақыры құрдымға кетуімен аяқталған. Бір өкініші: бізде де осы үрдіс үдей түсіп, үрей шарықтап отыр. Себебі, «алдымен, экономика» деген доктрина жұртымызды рухани құндылықтарымыздан алыстатып, намыс, жігер, қайрат, рух күрескерлігі атаулыдан адастырып жіберді. Енді халықтығымызды, мемлекеттігімізді қалай сақтап қаламыз деген сауалдың шешуін таппай, сана сандалысына ұшырадық.
Осы орайда Сингапурды 31 жыл басқарған ғұлама Ли Куан Юдің құрқылтайдың ұясындай ғана өз елін дамудың әлемдік деңгейге көтерілуінің себептерін айта келіп, өркендеудің алғышарттарының бірнешеуін атап өтсем деймін. Олар:
- өзге елдің қателерін қайталамау; революция емес, эволюциялық даму жолын таңдау; тіл саясатын дұрыс жолға қою; жемқорлықты жою; демократиядан тәртіпті жоғары қою; елді алға бастыру үшін ең ауыр жұмысқа ең ақылды адамды жегу. Осы төңіректе билік не ойлап, нені шеше алар екен? Үмітсіз –сайтан...
19. Кез-келген ұлттың өз менталитетінде қалыптасқан жақсы және жаман мінезді әдеттері бар. Ол сол халықтың мінездемесін жасайды, психофизиологоиялық анықтамасын береді ғой. Бүгінгі қазақтың жақсы және жаман мінез-құлықтарын айтып берсеңіз.
Абайдың «қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің жаманнан аманы жоқ» дегені еске түседі. Әрине, өлгенді жамандағаннан олжа таппаймыз. Бірақ, барын бар, жоғын жоқ дей алмай отырмыз ғой.
Менің «бар қазақты жақсы көремін, сол жолда қылша мойным талша» дегеніме ешкім де себес еді. Оған өзім де сенбеймін.
Халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерінен гөрі кемшін тұстарын сынға алып, тезге салуда Абайдан өтіп туған ешкім де жоқ.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп күңіренген қара шал сөйте тұра, сол жұртының «бір ұрты май, бір ұртының қан» екендігін әйгілей алды емес пе! Бұлай деу үшін туған халқын қалыс, қалтқысыз сүйген үлкен жүрек керек еді ғой. Абай қазақтың барлық қадір-қасиетін дөп басып танып, сонысын бүкпесіз мәлімдей алған бірден – бір хакім болды. Біз сол үшін де Абай алдында қарыздармыз. Басшымыздан қосшымызға дейін Абай мұрасын Құран-кәріммен қатар қойып оқуға, зерделеуге тиіспіз. Ол болмаған жерде өз жұртың туралы айтылған шындықтың шыңына беттей алмасақ керек. Ендеше, қазақтың жақсы-жаман мінезін Абай хакімнен асырып айта алмасымды сеземін де, бұл сауалдың жауабын қара шал қалдырған өсиет-намасынан іздеңдер, содан табасыңдар деумен шектелемін.
20. Мемлекетіміздің болашағы қандай болмақ. 16-ақ миллион халқымыз бар. Жан-жағымыздан айдаһар, аю мемлекеттер ентелеп тұр. Елдік, мемлекетшілдік рухты қалай сақтасақ болады?
Мемлекетіміздің болашағына сенбесек неге борбай созып тыраштанып жатырмыз. Тек қайырын тілейік. Бірақ, құр тілектен де ештеңенің бітпесі белгілі.
Таяуда ірі этнограф ғалым Жағда Бабалықұлының сауал-жауап кітабын оқып шықтым. Әркім-ақ оқитын, дерегі ұшан теңіз дүние екен.
Жағда Қытайда туып өскенімен, сол елден көрмеген қорлығы жоқ. Сондықтан, оның Қытайға қатысты кейбір пікірін алға тартайын.
- «Қытайдағы қазақтар енді он-он бес жылдың көлемінде біртіндеп жоғалады. 1952 жылғы санақта Шыңжаң өлкесінде үш жүз мың қытай бар еді. ХХ ғасыр аяғында жиырма бес миллион болды».
- Орыс пен Қытай империяларының ұзаққа созылған отарлау саясаты мен шыңырауға итермелеген ассимиляциясының салдарынан қазақ жерінің табиғаты мүлдем бұзылды. Қазақ елінің шаңырағы сан рет шайқалып, елі мен жері тозды. Аса улы саяси себептердің кесірінен қазақтың болашаққа алған бағыт-бағдары томаға-тұйыққа тірелді.
- Қазақ – алтынды табанына басып тұрып қайыр тілейтін ел. Ет пен майды басына жастанып жатып аштан өлетін халық. (Неткен мінсіз мінездеме!)
- Қазақ орыс пен қытайға тәуелді болды. Осы құлдық қазақтың табиғатына, мінез-құлқына әбден сіңіп кеткен. Құлдық ұрған қылықтарын ептілік, ерлік, тапқырлық деп санады. Құлдық қылықтарын сезбейтін, намыс деп санамайтын мәңгүртке айналды. Қазақ тағдырын шешуге осы құлдық идея үлкен қырсық болып тиіп тұр.
- Қазақты қазақ қана құтқарады. Шын мәнінде шоғырлана білу де, шоғырландыра білу де – әрбір қазақ азаматының қанымен жазылған айнымас қасиеттің бірі болуы шарт. Ұрпаққа саналы, сапалы білім берсең ғана қазақты қорғап қаласың;
- Қазақта сауатты көсем болған жоқ. Қазақ қару өндірмеді. Қазақта арнайы оқу орындары болмады. Қазақта ғылым иесі өте аз болды. Сауатсыздығының бір көрінісі—надандықтың басы руға бөлінуі ғой. Жерасты, жерүсті байлығын мүлде пайдаланбады. Халқы кедей болды. Ақсүйектік жүйе қазақ жерін сегіз жүз жыл армансыз жайлады;
- Қытайға есік ашу – үлкен қауіптің басы. Қытай арзан еңбек қолымен бүкіл әлемді жаулап жатыр. Қазір Қазақстанда 1 миллионнан астам қытай жүр. Жылына жүздеген машина келіп біздің дәрілік шөптерімізді алып кетеді. Оған ешкім бөгет жасамайды. Кеденшілер пара алады. Екі жағыңда екі империя тұр. Екеуіне де есігімізді ашып қойдық. Қазір төрт мыңнан астам діни сектаға қаншама қазақ кіріп кеткен. Бұл не сұмдық?
- Мына Қытайдың біздің елді зерттеп жатқан жиырма шақты институты бар. Біздің қазақтың Қытайды зерттеп жатқан бір институты жоқ;
- Он үш ғасыр бойы біздің қазақ өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеп келеді. Ылғи қантөгістерді бастан кешіріп келеміз. Бағы жанбады. Бір жағынан – орыс, екінші жағынан қытай секілді алып империялар адымымызды аштырмады. Қазақ бір жерге шоғырлану керек. Шоғырлану үшін сыртта қалған қазақтарды мемлекетке әкелу керек;
- Бір жарым миллиард халқы бар Қытай «бала сатыпты» дегенді естідің бе? Не деген сатқындық бұл! Бала туу азайды. Қазақтың әйелдері араққа, нашақорлыққа салынып жатыр. 2006 жылғы дерекке қарағанда мемлекет алты мың баланы шетелге сатқан. Жезөкшелер саны көбейді. Ар-намыстан жұрдай болдық. Қыздарымыз қытайға, орысқа, Африкаға, Америкаға, Еуропаға байға тиіп жатыр. Ұлттық намыс қалмады. Осының бәріне мемлекет жауапты!
Этнограф ағамыз елдігімізді сақтаудың кейбір аспектілерін ашық айта алған. Соза берсек, бұдан да басқа фактілер жетерлік қой.
21.Бүгінгі қазақ жастарына айтар ақыл – кеңесіңізде неге баса назар аудару қажет деп ойлайсыз? Жастарға айтар аманатыңыз қандай?
Кез келген жұрттың болашағы – оның жас өркендерінде. Мағжан «Мен жастарға сенемін» десе, оның артында ұлтжанды, білімді, туған жұртының жоқшысы бола алатын жастарды айтып отыр ғой. Ал, бүгінгі жастардың басын біріктіріп, халқының мүддесіне қызмет етер қадірлі қасиетті санасына сіңіре алып отырмыз ба? Мәселе осында ғой. Өкініші сол: баяғы «алдымен экономика» деген доктрина жастарды иесіз қалдырды. Енді-енді бірдеңелер істелген болып жатыр. Оның өзі – «Нұр – Отан» партиясының аясындағы әлжуаз, пісіп жетілмеген, бағыты айқындалмаған, бұлдыр бірдеңелер.
Меніңше, қазір өзімшіл, өркөкірек, туған жұртына шекеден қарайтын кілең бір пысықай, руханияттан ада, дәні жоқ, қауашағы ғана бар ұрпақ қаулап келеді. Олар ұлттық құндылықтардан кіндік үзіп алған, қазақтың салт – дәстүрлерін мансұқтаған көзқамандар (нигилистер) екендіктерін ұғынбайды да. Бұл, сайып келгенде, ұлтымызды орға жығып мерт етер қауіп болмақ. Ал, сол жастар көктен салбырап түсе қалған жоқ. Бәрі де – өз ұрпағымыз. Тәрбиеміздің сиықсыз жемісі де солар. Ендеше, жастар тәрбиесі дегенде, қазақ тағылымынан бастау алатын асыл қағидаттар басшылыққа алынбаққа керек. Бұл ұлттық идеологиямыздың табан тірер тұсы болса деймін. Ол үшін мемлекетіміздегі бар арсеналды аянбай қолдану керек болады. Ұрпақ тәрбиесінен асқан ұлы мұрат болмасқа керек. Ол үшін қаржыны да, білімді де, ең озық құндылықтарды ұштастыра жұмсаған жөн. Ал, өз басым кез келген жас өзінің қазақ екендігін сезінсе, сонысын мақтан етсе, сол жолда аянбай адал қызмет етсе деймін. Бұл тап бүгінгі жағдаятта жүзеге асуы шүбәлі. Билік жастарға желкесімен қарамай «тет-а-тет» қарауы керек. Өйткені, уақыт өтіп барады. Ал, уақытты ұрлау – ең қаскөйлі қылмыс. «Жас дәуренді өткіздік бермей баға» деп қапы қалмай, жас қуатты елінің еңселілігі үшін, жерінің есендігі үшін жұмсағанға не жетсін.
22.Елбасының Қазақ елі үшін еңбегін атасаңыз. Мәңгілік ештеңе жоқ. Еліміздің болашақ президенті ретінде қандай тұлғаларды атай аласыз?
Елбасымыз тәуелсіздігіміздің басты бір нышаны – шекарамызды белгілеп берді. Енді сол шекарамыздың бұзылмағандығын қадағалайық. Алыс-жақын жат жұртқа әлсіз болса да қазақтың кім екендігін таныту үшін күш жұмсауда. Қыруар қайтарымсыз шығындарға қарамастан, басқосулар, спорттық шаралар, ЭКСПО – 17, т.т. тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің жер бетінде өмір сүріп жатқандығын жария ету жолдары ғой. Астананы Арқа төсіне жылжыту да аз шығын емес. Дей тұрсақ та, Президент осындай, алапат қадамғақаймықпай бара алды. Тек артының қайырын тілейік.
Ел экономикасы үшін шикізат қорларын игеру және оны шет елдерге шығаруда да оң қадамдар жасалды. Әйтсе де, осы тұс Елбасының саясатындағы ең осал буын дегім келеді. Өйткені, жерасты байлығының нақ иесі – қазақ жұрты игілігін толық қуатында көре алмай отыр. Жерді сату, ауыл шаруашылығын күйрету, өзін ақтамаған басқа да реформалар тәуелсіздігіміздің ғұмырын қысқартпаса, ұзарта қояды деуге батылым жетпейді.
Не десек те, Н.Ә.Назарбаев Қазақстан тарихында тұңғыш Президентіміз ретінде қалатындығына бек сенімдімін!
Анау бір тұста қолдарынан іс келетін бірсыпыра білікті азаматтар шығып еді. Қазір солар қайда жүр?! Сондықтан тап бүгінгі билікте жүргендерден Президентке лайық біреуді көріп отырмын десем көлгірсігенім болар...
23. Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын, халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп өтті. Қазақтың бүгінгі ахуалы туралы қандай ойдасыз?
Абай көріп, білген, алысқан, тартысқа түскен, ақыры жеңіліп қойған. Қазақ сол кезеңнен бері нелер сойқан-содырлы кезеңдерді бастан өткеріп келеді.Олай болса, ойлы, кеуделі, намысшыл, рухы биік болып қалыптаспаққа керек еді ғой. Бірақ, олай болмай шықты.
«Қазақ – жылқы мінезді» деуші еді. Бұл, бәлкім, әрідегілеріне берілген баға болар. Қазір қой аузынан шөп алмайтын момындық, өмірде ештеңеге қызықпайтын енжарлық, төрт құбыласы түгел тұйықталған тоғышарлық ел сипатына айналып болды. Осынысынан бірсыпыра саясаткерлер, депутаттар, кәсіпкер пысықайлар, жалған патриоттар олжа тауып жүр. Қаншама қазақтың қолындағысын тартып алып, ауыздағысын жұлып жеп нәпақаға қарық болуда. Қазақтың жүздеген, миллиондаған гектар жерін Заңсыз иеленген латифундистерді, мұнай, көмір, мыс, темір, уран тәрізді стратегиялық маңызы бар байлығымызды өз қолдарына алған шет елдің алпауыттары туған халқымыздың мүддесі үшін артық көк тиын бөліп берсе кәне. Осындай теңсіздік үстінде қазақтың қай ахуалын айта аласың? Манағы Жағда ағамыздың күйінішпен айтып қалған ащы пікірі кез келгенімізді ойланта алса ісіміз оңға басар еді. Ал, ол болмаған жерде бас болар билік, бойкүйез халқымыз сол баяғы әдетінен айнымай өтеді емес пе? Ендеше, мені қазақтың бүгінгі ахуалы туралы не айта алады дейсің? Мен де жұртымыздың «көппен көрген ұлы той ғой» дейтін кісәпір кейпіне түсіп, төрт құбыламнан түңіліп отырған жайым бар.
24.Алланың берген жасы-алтыншы мүшелге келе жатырсыз. Жетпіс Сізге не берді, неңді алды? Өмірге, тағдырыңызға ризасыз ба?
Мен Сыздық атамның ақ сақалының ұшына ілінген бір тамшы жасы едім, майданға аттанып бара жатқан әкем Қажыбайдың қалдырып кеткен бір түйір қаны едім. Сондықтан, Алланың берген жасын азырқанбай қабылдап, ризашылығымды білдіріп отырмын.
Сенсең, мен үшін ұзақ жасау арман да, мұрат та емес. Берген жасты дұрыс өткізе алсақ, жер бетіне текке келмегендігіміз болар еді.
Жетпіс ақылыма ақыл қосқанымен, күшіме күш қосқан жоқ, қайта күн санап кемітіп барады. Ол да заңдылық қой. Өмір сүрген қоғамға ризалығың бір басқа.
Өмірге разы емеспін десем, есті адамның сөзі болып шықпайды. Сұлтанмахмұт: «Жақсылық көрсем, өзімнен, жамандық көрсем, – өзімнен» демеп пе еді. Ендеше, өміріме разы болмастай дұрыс өмір сүре алмасам, оған кім кінәлі?
Тағдыр – тым абстракталы ұғым ғой. Қазақ: «тағдырдың жазуы солай ғой», – дей салады. Оның арғы жағында өзінің тұрғандығын, күрескерлік қабілетін ескермейді. Баяғы Аллаға арта салатындай «тағдырым солай болса не істейін» дейтін сорлылық адам атаулыға, соның ішінде қазаққа тым жақын болса керек.
Ендеше, өмірге де, тағдырыма да ризашылықпен қараймын. Оның үстіне Ақан ағам айтқан «өмірдің көбі кетіп, азы қалды» емес пе?
25. Тұңғышыңыз «Жол басыдан» бастап қазақ әдебиетіне еңбек етіп келесіз. Жазылмай қалған, жаза алмай келе жатқан қандай туындыңыз бар?
Таяуда «Мұң» атты прозалық жинағым жарық көреді. Сонда да біраз дүниелер бар шығар. Өз басым қолға алғанымды жедел бітіруді қалап тұрады. Мұның пайда- зияны бірдей. Пайдасы – тез тәмамдау, зияны ұзынсонар отырысқа жол берілмейді. Менің ірі сүйекті дүниелерге бара бермейтінім де содан ба деймін.
Мен жоспармен жұмыс істемейтін адаммын. Сондықтан, мынаны жазбадым-ау деп өкінбеймін. Орайы келіп жазып тастағанға не жетсін. Тақырып жүре-келе туады. Басымда бір сүйекті дүние жүр. Соған отырар уақыт пісіп болмай жатыр ма, қалай? Тек енжарлыққа етегіңді бастырмай, іле іліп әкетіп жазу – менің ежелгі дағдым. Ендеше, бәрін уақыт құзырына берейік.
Мәселе менің не жазам, не жазбауымда да емес. Мәселе жұртшылықтың кітаптан безінуінде, яғни оқымауында болып отыр. Кітап оқымау ой – өрістің кемшін тартуына, ой тоқырауына, мәдениеттің азғындауына әкеледі. Бізде осы тенденция өрістеп барады. Оған мемлекет тарапынан тосқауыл қойылмай отыр. Ендеше, осы мәселеге ерекше назар аударылса жөн болмақ. Кітап сол елдің, ұлт пен ұлыстың өсу дәрежесінің, мәдениетінің өлшемі ғой. Ал, бұл ойдан ешбір сәт шығармайтын басты критерйі болмаққа керек.
26. Қазақ XX ғасырға жалтақтамай, ерулі атынан түспей, қайсар, өжет ұлт ретінде жетті. Өткен ғасырдағы коммунистік қызылкөз идеологияның ауыр нәубетінен, қасаң зұлматынан Еуразияның жүздеген ұлттары қатты зардап шеккені белгілі. Соның ішінде Кеңес Одағы саясатында қазақ пен украин ұлты репрессияның қамытын көп киді. Содан болар (мүмкін қателесуім), бүгінгі қазақ жасықтау, жалтақтау, бұқпантай сияқты. Әсіресе, қанды қырғын мен ақсирақ аштықты көбірек көрген Сарыарқа қазағының санасында XX ғасырдан қалған үрей мен қорқыныш көп. Кеңес идеологиясы қазақты қазаққа айдап салды ғой. Содан екіжүзділік, сатқындық, сыртынан орға жығу, арызқойлық пайда болды. Осы сырқат емделер ме екен? Жаңа буын ұрпақтың санасына еніп кетпес пе екен деген ой мазалайды.
Сауалың орынды. Жауабын да беріп қойғандайсың. Қазақстанның теріскейіндегі қандастарының оңтүстікке қарағанда нәубетіңді де, зұлматыңды да көп көрді. Сондықтан, бізді «орыстанып кетті» деп күстәналау еш негізсіз. Тың игеру бізде жүрді, ал оның басты зардабы жат жұрттың босқындарына есігіміз айқара ашылды. Солармен небір сойқан ере келді.
Бала кезімізде «Едем мы друзья» деп басталатын әнді хормен айтатын едік. Бұл да орыстандырудың алғы қадамдары еді ғой.
Қазақты бастан ұру Ресей патшалығы тұсында-ақ дәуірлеген. Кеңес кезінде ол сұрқия саясат тереңдей түсті. Әсіресе, Н.Хрущевтің кезінде өз апогейіне жетті. Ол есалаң Қазақстанға деген кесірлі көзқарасын жасырмады ғой. Бағымызға қарай ол алааяқ тақтан тайды.
Қазақ менталитетіндегі ерлік ездікке, мәрттік нәмәрттікке, жігерлілік жетесіздікке, сатқындық пен жалтақтыққа айналды. Аға буын өкілдерінде Тәшенов, Әуелбеков тәрізді санаулы азаматтар болмаса, жалтақ, қорқақ мансап үшін әкесін сататын екіжүзділер көбейді. Қазір сол сорақылық бүгінгі билік маңында дендей еніп болды.Сондықтан, бұл сырқат емделе қояды десем, көлгірсуім болмақ. Бір өкініші биліктегі имансыздар өз бөлтіріктерін де өз құсықтарымен ауыздандырып жатыр емес пе?
27. Қазақты аса діншіл халық қатарына қоспайды. Бұл – менің пікірім емес, зиялылардың, ғалымдардың пайымдауы. Алланың үйі – мешіттер салынып жатыр, әсіресе, – ауылдарда. Бұл – жақсылық нышаны. Әйтсе де, сол мешіттерде (ауылдағы) діни білім беру, руханият бағытында кешенді жұмыстар кемшін сияқты, керісінше жұма намазында бір ашылып, анда-санда жаназа асы берілгенде ғана қажеттілікке жарап қалатындай көрінеді маған. Мұнымен жастардың, жұртшылықтың ниетін, көзқарасын төмендетіп алмаймыз ба?
Біз әсіре даурықпашыл халықпыз. Соңғы кезде жер-жерде мешіт салу «модаға» айналып барады. Ал, сол Алланың үйі неге қаңырап бос тұр, теологиялық ілім жолдары неге дәріптелмейді, насихатталмайды? Ислам құндылықтарының басқа діндерден артықшылықтары неге дәлел дәйегімен ұғындырылмайды?! Бұл бізде Сәдуақас Ғылмани, Момақан Ғабдыжаппарұлы, Хакім хазірет Омарұлы тәрізді діни білімділігі жоғары діндарлардың жоғынан осындай халге душар болдық. Ал, діни білім алып келген жастардың діндарлығы – дүдәмал секталық дәрежеде.
Мен дүние тетігі таза дінде деген концепсияға қарсы адаммын. Неге ол дінмен ғана шектелген қалыпта қалмақ?! Адамзаттың ұлы өкілдері жинақтаған, басшылыққа алған, біздерге ұсынып отырған озат ғылым, білімдері қайда қалады?! Кез келген қоғамның дамуы осы білім, ғылымда ғой. Ал, дін – адамның жан сарайын тазартар тағылымды ғана дүние. Ол ешқашан қоғамның регресіне болмаса прогресіне қызмет ете алмайды. Дін жолымен ғарышқа ұша алмайсыз, компьютерлік жаңа технологияны игере алмайсыз. Ендеше таза дінді, оның концептуалдық қағидаттарын жеке тұлға тазалығы, имандылығы үшін пайдаланбасақ, жалпы жаңашылдық пен дамуымызда кәдеге жарамайды. Менің түсінігім осындай.
28. Сіз туған ел, Қарағаш ауылы, қазақ руханияты үшін XX ғасырда небір ірі тұлғаларды тудырды. Ақын-жазушылар, қайраткерлер, қоғамның әр саласынан елге танылып, толық тұлғалы адамдар шықты. Бүгінде бұл үрдіс қандай деңгейде? Қазіргі толқыннан кімдерді атай аласыз?
Қарағаш топырағы кезінде құнарлы еді. Ол да уақыт оза келе эрозияға ұшыраған. Анау бір жылы өз ауылымнан Х-ХІ класс оқушыларынан Жақан Сыздықовты білесіңдер ме деп сұрағаным бар. Олар өз аталарының еңбектерін оқымақ түгілі есімінен бейхабар болып шықты. Мектептерінде әдебиетшілерге (жерлес) арналған музей де бар. Сонда мұнда кімдер тұр деп мұғалімдер де, шәкірттер де бір көз салмағаны ғой... Сондықтан, таяудағы жылдарда есімін елі таныр қаламгер шығады деуден аулақпын. Біз көбіне көп қаламгерлер шықса, ерекше бір қуанышқа, мақтанышқа бөленгендей боламыз. Бұл да жөн шығар. Бірақ елдің елдігіне қаламгерлер ғана өлшем бола алмайды.
Жөн білетін қазақ ауылыңда ат басын тірейтін, сөз ұстаған кімің бар дейтін...Бұл жобасы жөндемді еліне сөзі жүйелі, ақыл парасаты биік, адал, турашыл азаматтарға зәрушіліктен туған талап болса керек.
Мен бүгінгі ауылымнан мұндай еңселі ешкімді көре алған емеспін. Анау бір жылы немере інім ел ағалары деп бір топ азаматтарды шақырыпты. Сөз жобалары «биыл биелер қысыр қалды, қайдан айғыр аламыз, шөп сұйық, су жоқ» дегендей әңгімеден аспайды. Бұған да ренжуге болмас. Өйткені, олар осы деңгейдегі тірліктің өкілдері ғой. Көшелі сөз төбе көрсетпейді. Бар білгендері сол болса, не кінә артасың?! Бұлар да рухани эрозияға ұшыраған ғой. Мұндай мүсәпірлік кез келген қазақ ауылына тән.
29. Көкшетау елін басқарған басшылардың соңғы 50 жылдағы тұлғаларын екшелеуіңізге болады, басым көпшілігінің еселі еңбектері мен атқарып кеткен жұмыстары көз алдыңызда. Елді көтеріп, халыққа жақсы атымен танылған, Көкшенің экономикасын, әлеуметтік-мәдени әлеуетін жоғары дамыта білген қайраткерлерден кімдерге тоқтала аласыз?
Ойыма Еркін Нұржанұлы Әуелбековтен басқа ешкім түсе қоймай отыр. Қуанышев та, Сағдиев те – олқы соқпас тұлғалар. Бірақ, Көкшетау үшін жанашырлықпен қуатты қызмет етті, соңдарында терең із қалды деп айта алмас едім.
Еркін кадр саясатында сұңғыла болды. Жергілікті қазақ азаматтарына жауапты қызметтерді тапсыра білді. Талабы да жоғары болды. Өз ұстанымын қорғарда, жүзеге асырарда солқылдақтықтан аулақ болды. Тарап кеткелі тұрған қазақ ауылдарынан совхоздар ашып, іргелерін бекітті. Қаншама құрылыс нысандары бой түзеді. Ағаш үйлі Көкшетау еңселеніп, қанатын жая түсті.Еркіннен кейінгі бір де бір басшы қаламыздың сәулетіне сәулет қоса алмады. Қаншама басшы келіп кетті. Солардың бір де бірі Көкшетауды таза ауыз суымен, газбен, дұрыс жолдармен, жылумен қамтамасыз ете алған жоқ. Құрылысы жаңа ғана жандана түскендей. Бұрын жұмыс істеген зауыт, фабрикалары қиратылды, әлі қалпына келер емес.
Республикада ТЭЦ-і жоқ бірден бір облыс орталығы – Көкшетау. Осыны ұят деп отырған кім бар? Қала халқына обал болды-ау дейін басшылықтан да ешкім табылар емес. Сондықтан, Көкшетаудың маңдай соры бес елі десем кім намыстанар екен?
30. Маған қазақтың бойында енжарлық, марғаулық, самарқаулық мінез басым тұратын сияқты болады да тұрады. Мұның себебін айта аласыз ба? Неге біз қоғамдағы, өмірдегі өзгерістерге, жаңаруларға, оқиғаларға селқостықпен қараймыз?
Сияқты емес, дәл солай. Тізбеленген мінездеріңнің ешқайсы да мақтау сүйер қасиеттер емес. Бұл – ұлттық болмысымызға ұзақ жылдар соққы көргеннен жабысқан жүре бітті қасиеттер.
Қазақия даласын зерттер біреу болса, жұттан қырылған жылқы мен аштан қырылған қазақтың ақ сөңке сүйегінің алып молаларына кезігер еді. Екі апаттың да түп төркіні бір. Ол өзің айтқан енжарлықтан өз малын қорғай алмаған керенау жалқаулық пен қам-қаракетсіз отырған марғаулық салдары ғой. Мен, әрине, басқа да толып жатқан сыртқы қысастық әрекеттерді сөз етіп те отырған жоқпын.
Л.Гумилев кез келген ұлттың қалыптасуы өмір сүрген жер бедер-рельефіне байланысты деген пікір айтқан. Ал, қазақтың жағасы жайлау қам-қарекетсіздігі мал тұяғына сеніп күн кешкен укладына байланысты болды. Қорадағы малына шөп шауып та бермейтін ағайын даладағы жылқысының қамын тіпті де жемеген гой. Көнек іліп, жүген ұстап қалса да, баяғы «жұт қатты болдымен» жүре берген қазақ келер жылы да мал қамын қатты ойлап бас қатырмаған. Осының бәрі тұрмыстың бейнетінен де сауық сайранды зейнетіне бейім ұлттың болмыс – бітімі емес пе еді. Әрине, солай. Осының бәрі бүгінгі қоғам тынысына батыл араласпай, көнекті сырттан салар салғырттыққа алып келді. Бұл таяуда жөнделер қасиет болмаса керек...
31. Ақ дүние бар. Ол – адамды, адамзатты сүйе білу. Ғажайып гуманизм идеясы әр жүректе, кез-келген қоғамда әр дәрежеде болып келді. Бұл кезкелгеннің пешенесіне жазылмаған қасиет деп ойлаймын. Сіз қалай ойлайсыз?
Адамзатты сүю идеясы талай гуманистердің көксеген мұраттарынан туған ғой. Соның асқаралы шыңына біздің ұлы Абайдың арман аңсары алып шықты. Ол:
Махаббатпен жаратқан адамдарды,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – деді. Абай діни танымды өзіне тірек ете отырып адамзатты сүю концепциясын Алла атымен сабақтаста қарайды. Алланы сүю арқылы сол Алланың махаббат мерейінен жаратылған адамды да бауырыңнан бетер сүю керектігін еске салады. Осы жолды ғана әділетті жол деп есептейді.
Ақын сүйіспеншілік сипатын Алла мен Адамзат бірлігінде қарастырады. Әрі осы екі ұғымның ажырамас ажарын одан әрі жетілдіріп, сананың биік сатысына көтеріп әкетеді.
«Адам адамға қасқыр» делініп келген жат идеяның осы тұста күл талқаны шығып күйрейді, «адам адамға бауыр», «адамның адамсыз күні жоқ» деген пайым салтанат нұрын, адамзат қауымдастығының таңғы шықтай тазалығын қалайсың, жер бетіндегі ең ұлық жаратылыс екендігіне иланғандай боласың. Адамдар арасында болмай қоймайтын жауыздықтар, сатқындықтар мен мерезді қылықтарға іштей қарсылық танытып, күйзелесің, қайғы кешесің. Міне, бұл Абай пайымдауынан туған қуатты пікірге тозаң қонбаса екен деген ойдың әлегі болмақ. Әрине, бұл деңгейге көтерілу үшін өз жан дүниеңнің ақ болғаны мақұл... Өз жандүниеңді тазарта алмасаң, басқаны сүйіп жарытпайсың. Эгоистік деңгейде қала бермексің. Ал, адамзатты бауырым деп сүю үшін Абайға тән сезім мен жүрек керек. Ол бәрімізге тән бе екен?...
32. Қазақты жақсы көресіз бе? Егерде жаныңызбен жақсы көрсеңіз, бүгінгі қырықпышақ болып руға, жүзге бөлініп, билікке дейін тарап кеткен осы дерттің емін неге айтпайсыз? Ішкі, сыртқы саясат мұны өте әккілікпен шебер пайдасына асырып отыр. Бұдан өзі де рухани дәрежесі әлі де әлсіздеу, даму дәрежесі кенжелеу қалып, саяси кеңістікте еркін самғай алмай тұрған қазақ одан әрі зардап шегіп отыр. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында құр жем болып кете береміз бе осылай?! Сұрқия саясатты былай қойғанның өзінде бұл тенденция бүгінде өнерге, әдебиетке, спортқа, тіпті қарапайым қызмет түрлеріне де еніп барады ғой.
Бұл бейкүнә, сормаңдай халықты қалай жақсы көрмейсің? Қазақтың өз ғасырында көрмегені жоқ қой. Сөйте тұра, соққыларға шыдап, сынбай келеді. Сонысына қарағанда, рухы сомдалып, шымыр тартудың орнына опырылып, мүжіліп, тозып барады. Соның бірі – өзің байқаған жүзге, руға, атаға бөліну сорақылығы. Бұл үрдіс ілгерілеген сайын ыдырау, жұтылу, ақыры құру тенденциясы жылдамдай түсуде. Оны этнограф Жағда Бабалықов жіті байқап, сергек сезінген. Әрі онысын бүкпесіз айтып та кеткен. Мен бұл үрдісті тоқтатудың жолын танып, емін біле алмай отырмын. Бәлкім бүгінгі дүбәра билік пен кісәпір қоғамды түбірінен қайра өзгерту керек болар. Қазақты жаңа сапалық деңгейге алып шығу үшін аса зор күшпен біліктілік керек қой. Ал, ол тап бүгін қолға алынып орнай қалар дүние емес. Оған алаштың арыстарындай қуатты орта керек. Әрі күрескер тұлғалар өсіп, жетілмесе, еңбек еш, тұзымыз сор күйінде қала бермек.
33. Бүгінгі буын, қазіргі жастар – киберкеңістіктің, экшн, вестерн дүниенің, виртуал өмірдің өкілі. Кітап, күнделікті баспасөз оқылмайды. Құр көлгірсіп, өзімізді алдап жүргенмен одан пайда таппаймыз. Мүмкін оқылмайтын газетті, журналды құр қаржы салып шығарудың қажеті жоқ шығар...
Қазіргі графомонствоның қатты дамыған кезеңінде түкке арзымайтын кітаптар тарап жатыр. Оқуға, білмекке құлықсыз қауым үшін олардың қажетсіздігі екі бастан белгілі. Ал жаһанданумен келіп жатқан виртуалды өмірден ешкім де қашып құтылмаса керек. Сондықтан жас буынның «бағына» тап келген қоғамдық құбылысты күстәналаудың қажеті болар ма екен?!
Әлемдік саяси ағымға баға беріп жатқан ғалымдардың кейбіреуі, мәселен, ғұлама ғалым Фукуяма «адамзат өзінің соңғы өмір сүру сатысында тұр» дегенді қатты ескертуде.Ал, бұндай көзқарастың шүбәлігіне қосыла алмаймын. Сондықтан, замана желімен ілесе жетіп жатқан ұлылы-кішілі өзгеріс атаулыға үрке қарамай, соларға оңтайласа қалар саясат жүргізген дұрыс па деп есептеймін.
Өйткені, даму үрдісі біздің еркімізден тыс орныққан, солай дамитын құбылыс қой. Ол – әлемдік тенденция. Оның түбі қайда апарып соғарын бір құдай білмесе, кім білмек?
Өз пайымдауымда көл-көсір газеттер де, том-том кітаптар да техникалық үрдіске өз жолын беретін болады. Ол, бәлкім, ХХІ ғасырдың орта деңгейінен әрі басталар. Өйткені, адамзат әуестігі оңтайлы, қолайына жағатын жаңалыққа бейім. Осы бейімділіктің өзі газет, кітап басып шығару азабынан құтқаратын болады. Ал оған шошына қараудың еш негізі жоқ деп білемін.
34. Латын әліпбиіне көшу мәселесінде мемлекеттік деңгейде солқылдақтық танытып келеміз. Не «иә», не «жоқ», әйтеуір сөзбұйдалап алдарқатып жүрміз өзімізді өзіміз. Қазақ тарихында әліпбиге ауысудың тәжірибесі бар, «сол кезде халық руанияты төмендеп кетті, қиын болды» деген дәлелдемелер жоқ. Осы мәселеде, әсіресе, ақын-жазушылар байбалам салып, өре түрегеледі. Бар себеп, олардың кириллицамен жазылған мұрасы оқылмай қалады-мыс. Бұл қателік сияқты. Әлемдегі өркениеттен қалмайық десек, латынға көшу қажет және де біз бұл графикада жазып үйренгенбіз, яғни тәжірибе бар. Қазір виртуалды кеңістікте, инновациялық технологияда, коммуникациялық байланыста латын, жазу, оқуда кириллицаны қолданып екі жұмыс атқарып жүрміз. Одан да алтын уақытты үнемдейік те! Ғабеңдер ғұмырында төте жазумен-ақ өткен жоқ па?! Осы шешуін күтпес мәселеге қалай қарайсыз?
Түркі мемлекеттерінің дені Латын әліпбиіне көшіп болған. Әйтсе де, көш соңында қалатын әдетімізбен не істесек екен деп қарайлап жүрміз. Сөз жоқ, жаңа әліпбиге көшудің қыруар қиындығы бар. Соған қарамастан, латын әліпбиіне көшу кезек күттірмес мәселе деп білемін. Өйткені, бұл әліпбиді жете меңгерген жерде ағылшын, неміс, француз жазуларымен де жанасар едік. Кезінде «Ахметтің аша жазуы» атанған төте жазумен де біраз жыл сауаттандық емес пе? Маған салса осы жазу бізге оңтайлы дер едім. Қытай қазақтары – әлі күнге осы әліпбиде. Бұл жылдам жазуға аса қолайлы екендігін институтта оқып жүргенде Қытайдан келген қазақ студенттерінің лекция жазбаларынан аңғарушы едім. Не десек те, әлемдік сауаттану ауанынан алшақ кетпегеніміз жөн.
35. Қазақ – туған табиғатымен біте қайнап өскен халық. Ол үшін туған жердің киесі мен қасиетінен артық категория жоқ. Сіз қазақтың жұмақ жері – Бурабай үшін отқа да, суға да түстіңіз, атқа мініп атойладыңыз, оның табиғатын қорғауға үлкен күш салдыңыз. Соңғы жылдары Бурабайды сақтау мақсатында мемлекет тарапынан оңтайлы жұмыстар атқарылып, арнайы заңнамалар қабылданып жатыр. Осыған көңіліңіз тола ма? Әлі де болса не істеу қажет деп ойлайсыз?
Көшпелі тірлік қазақ жұртын туған табиғат аясына бауыр бастырып жібергені ақиқат. Күннің қабағына қарап ауа райының ажарын танып, түңгі жұлдыздар орналасуы, айдың тууы, үркердің қозғалысы, судың сүйектенуі, күннің атуы мен батуы тәрізді құбылыстар қазақ үшін сырлы жұмбақ емес, алдарына жайып салған кітаптай еді. Жылдың төрт мезгілінің бағыт – бағдарын аңдап, болжам жасап отыратын қазақты кез келген ауылдан кезіктіруші едік. Қазір ондай болжам жасаушылар жоқ.
Бурабайдың бүгінгі ауыр халі Астананың іргемізге келіп қонуы себепті ауырлай түсті. Қалталылар аяусыз ағашты отап, мекен жайлар салуда. Бір үй үшін жылу, жарық, әжетхана, жол, байланыс тартуға осы қаншама жер қазылады. Оталған ағаш өз алдына... Мен осылар жайлы көп жаздым. Жеке – батыр тауының қала жақ бетін Омбының құрылысы үшін талқандап, тас алынды. Орны орыстардың обырлығындай әлі күнге үңірейіп тұр. Тау талқандау тағылық деп те жаздым. Бурабайға қатысты заңды өзім оқыған емеспін. Ол заң қабылданса, неге орындалмайды? Біздегі басты кінәрат та осы ғой. Зеренді ормандары да аяусыз оталуда. Табиғатты қорғау прокуратурасы не бітіріп отыр? Олар шын мәнісінде табиғатқа араша болмаулары қалай? Көкшетау қаласының төңірегі тоғайлармен көмкерілген. Бірақ, солардың ішіне қоқыстан ене алмайсың. Бұқпа орман шаруашылығы не істеп отыр? Қаланы ауыз сумен қамтитын Шағалалы өзені не күйде? Жаз бойы жұрт суына түседі, автокөлігін жуады. Осының бәрі табиғатқа деген тағылық көзқарастан туады. Жалпы, қазақ табиғат сыйын дұрыс қабылдай алмайтын халық. Басқа қазына – байлыққа да ықыласы мен қамқорлығы оңып тұрған жоқ.
36. XX ғасырда қазақ руханиятын жасауда, оның сан-салалы әдебиеті мен өнерінің негізін қалап, одан әрі дамытуда, ұлттың ұлылығын дәлелдеуде орасан еңбек атқарған алыптар тобы болды. Алдыңғы толқын сол ғұламалардың басым көпшілігінің өзара ынтымақ – бірлігі жараса қоймағаны белгілі. Оның себебін айтып та, жазып та жатырмыз. Әйткенмен, ең негізгі сұраққа тұшымды, дәлірек жауап табылмағандай болады да тұрады. Соның бірі өздері ғұлама, талант, дарын, кемеңгер бола тұра, ел, халық алдындағы ұлы миссиясын мансұқтап, мойындай тұра неге, араларындағы алауыздықты тоқтатуға құдіреттері жетпеген деген ой мазалайды. Олар оның себебін де, салдарын да жан дүниелерімен сезіп, айқын біле тұра, ымыраға келе алмады. Мүмкін, әлі де болса біз түсінбейтін, ел білмейтін құпиялар бар ма? Сіз не дейсіз? Өткен ғасыр элитасының осы тенденциясы бүгінгі қоғамның алдыңғы зиялылар тобына үлгі сабақ болып отырған жоқ па екен деген де пікірім бар.
Ой пікірлер шарпысулары, талас-тартыстар – алыптар деңгейінде болып тұрар қалыпты жағдайлар. Мәселен, Толстойдың Шекспирді қабылдамауы, Достоевский мен Тургенев текетірестері немесе Мұхтар мен Сәбит, Мәлік пен Мұхтар, Қажым Жұмалиев пен Бейсенбай Кенжебаев арасындағы келіспеушіліктер өздері өмірден өткенше тоқтаған жоқ. Кейде бас араздықтарына дейін ушығып барды. Осы кикілжің қазір дәуірлеп кетпесе, бір мысқал кеміген жоқ. Оны жазушылар бас қосуларынан байқап жүрмін. Бұл, түптеп келгенде, жұрт аузына қарап отырған қаламгерлер қадірін кетіріп болды. Қазір жүзге, руға бөлініп алып айтысатынды шығарды. Бұл сорақы тенденция жастар санасына сіңіп барады. Бұл – аса қатерлі құбылыс. Осы сорақылықты істеп отырғандар да аға буын өкілдері – біздерміз. Қазір қазақ қаламгерлері арасында тоқтау салып, ақыл айтар тұлға қалмаған. Ендеше, 700 мүшесі бар Одақ кімге үлгі, кімге өнеге бола алады? Мұнда да басшының тапжылмай ұзақ отыру салдары өз салқынын тигізуде деуге негіз бар. Дереу жаңа басшылыққа жол беру керек. Бірақ, ол таяуда шешілмек емес. Әрі сенатор, әрі төраға. Бір адамға аз жүк пе?! Неге төрағалықты біреуге табыстамаққа? Кезінде Сәбит те, Ғабит те, Ғабиден де бір ауысым ғана хатшы болды ғой...
37. Биыл Қазақ Елі мемлекет деңгейінде төрт мерекені атап өтпекші. Соның ең ұлықтысы – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Әлемдік саясаттағы таразыны басып, тамырын ұстап отыру үшін жаңбыр-жаңбырдың арасымен жүруге мәжбүр болдық. Нені меңзеп отырғанымды түсініп отырсыз. Оны қаузалай бермей-ақ қояйық. Ең негізгісі осы атаулы датаны қалай өтікіземіз, қандай тағылым береміз халыққа, не тұжырым жасалуы керек деген ойдан тараса нұр үстіне нұр емес пе! Әсіресе, қазіргі әлемдік геосаяси жағдай ушығып, Ресейдің Украинаға басқыншылығы нәтижесінде тағы да бір жаһандық текетірес соғыстың басталып кету қаупі туындаған жағдайда осы атаулы датаның іс-шараларын Сарыарқада, солтүстік шекараға жақындата өткізсе өте салиқалы болар еді. Осы мәселеге қандай ой қосар едіңіз?
Қазақ тойдан кенде емес. Әйтсе де, әр тойдың ел үшін алар орны әрқалай.
Хандығымызға 550 жыл толса, оны бүгінгі мемлекеттігіміздің мәртебелене, беделдене түсуі үшін өткізу керек. Қорқынышым – Керей мен Жәнібек былай қалып, тағы да біржақты әспеттеу басым шыға ма деймін. Әрине, алғашқы басшылықты атау, мадақтау орынды. Бірақ, баяғы әдетімізше әуелетіп әкететін шығармыз-ақ.
550 жылдық меже қайдан алынды, қалай қуатталып отыр? Одан хабарсызбын. Таяуда Софы Сматаевтың бұл деңгейдің негізсіздігін жіліктеп берген құнды мақаласы шықты. Бірақ, оған мойын бұрып жатқан ешкім де жоқ. Осыған да тәуба... Десек те, осы меженің өзін орнықтырып, санаға сіңіріп алсақ та, аз олжа емес қой. Тек осыны ұрпақ кәдесіне жаратсақ қане...
Біз осынша жыл мемлекет болыппыз, ендігі жерде сол мемлекеттігіміздің мерейін үстем ету үшін аянбай еңбек етейік, білімімізді де, тәжірибемізді де сол жолға сарп етейік дейтін ұлы арман әрқайсымыздың санамызда орын тепсе деңіз. Ендеше, осы бағытта идеологиялық қызмет қуатты қарқынмен жүріп жатса... Бұл, әрине, ұлық тұтар ұлы арман күйінде қалып қоймаса екен.
38. Төлеген аға, еліміздің тәуелсіздік алуының арқасында шетел асқан қандастарымыздың өз тарихи отанына оралуына мүмкіндік туды. Сонау зар заманнан бастап ХХ ғасырдың зұлмат жылдары арғы бетке өткен қазақтар Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Пәкістан тағы да басқа мемлекеттерден орала бастады. Көкше еліне де ұлы көш ат басын тірегені белгілі. Елге ел қосылса – құт. Оралман деп ат қойып, айдар таққан осы ағайын бізге ұлтымыздың қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, сана-сенімін сақтап әкелді. Ассимиляция өтіп кеткен Арқа жұртының ұлттық менталитетінің қайта жаңғыруына, рухының көтерілуіне үлкен күш қосты! Баят Жанатұлы, Баман Құрманханұлы, Зақай Төлегенұлы, Қабди Кәни, бүгінгі Ерболат Баятұлы, Құрмет Сақай, Төлеубек Көнбай, сынды тұлғалар ұлт мәдениеті мен өнерінің жанашырына айналды. Әйтсе де, шет елден еліне орала алмай отырған қандастарымыздың болашақ тағдыры қалай болмақ. Әсіресе Қытайдағы, Өзбекстандағы қазақтың алдағы өмірі көмескілене бастағандай. Сіз осы мәселе туралы не айтасыз?
Мен қандастарымыздың елге оралуын қатты қолдайтын адаммын. Әсіресе, рухани бұлақ көзі тартылып, суы лайлана бастаған дарияға мөлдір бұлақ қотарылғандай құт сезіп отырмын. Бір Сартқожа ғалымның келуі неге тұрады. Көкшеге келгендері де қаражаяу емес, талантты өкілдері мол.
Бірақ, тағы да билік біраз жыл шеттегілердің келуін шектеді, келгендерді азапқа салып, тентіретіп қойды. Бұл – жаныашымастық,қазақ өсіміне балта шабу. Өз ішіміздегі жалмауыздар да көші-қоннан байып кетті.
Қытай, Ресей, Өзбек ешқашан өздеріндегі қазақ диаспорасы өркендесін демейді. Таяуда олар да жұтылады. Оған шүбәланба! Ендеше жедел елге аударып алу керек. Олай болмаса, қандастар қарғысы мұндағылардың мойнында қалмақ...
Әлемдік қалыпта бір текті этностардың жақындасып, шоғырлану. Кірігу, кірігу тенденқызы қанаттана түскен. Еврей, неміс, т.т... Тарыдай шашылған қазақтардың тап осы кезенде шоғырлануының өмірін маңызы бір. Ол болмаған асты да, үсті де тұнған қазыналы жерімізге не болып қалу мүмкін емес. Басты қайғымыз да осы. Ал бұл жерді қарумен қорғаймын деу бос далбасалық...
39. Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы Украинадағы жағдайға түршіге қарап отыр. Белгілі саясаткер Збигнев Бзежинскийдің «Ресей Украинасыз жай ғана мемлекет, ал Украинаны қосып алса, империяға айналады» деген көрегендікпен айтқан сөзі бар еді. Ресейдің империялық амбициясы оянғаннан бері Еуразия материгі соның ішінде Қазақстан сияқты бұрынғы одақтың құрсауынан құтылған мемлекеттерден маза кетті. Соңғы кездері русофобия, Еуропа елдерінде исламофобия мәселелері өте күрделі кикілжіңдерге, теке-тіреске әкеліп отыр. Әлемнің белгілі футурологтары, саясаткерлері әсте жақсы болжам айтып отырған жоқ. Осы орайда Сізді қандай ой толғандырады?
Мен әсте саясаткер емеспін. Алайда бір данагөй айтқандай, «қайыршы елдің адамдары саясаткер болмақ». Өйткені, базарға барсаң да, комуналдық төлем төлесең де, автобусқа мінсең де ақша тапшылығы алдыңды орайды да, еріксіз қымбатшылыққа іштей қанжыласың, қарсылық білдіресің. Саясатың қарабайырлау шыққанмен, бұл да – саясат.
Әлемдік деңгейде ой таразыласақ, небір ұлы империялар ыдырап, бөлшектеніп, жаңа мемлекеттер келді. Мен жапонның фантаст жазушысы Саке Комацудың романын оқыдым. Сонда күндердің күнінде Жапон аралдары теңіз түбіне шөгеді деген ой айтады. Мұны неге айтып отырмын. Дүниеде мәңгілік ештеңе де жоқ. Түптің түбінде жаңа жұрт өкілдері, жаңа мемлекеттер, жаңа қоғам келеді деген сөз. Сен қазақтығыңның жалына жармасып жылағаныңмен, бұл – болмай қоймайтын үрдіс. Өкініші – біз алғашқылардың легінде кететіндігімізде! Әлем ғалымдарының болжамдары да осыған саяды. Ал, бұл үрдіске тоқтау салу құдайдың да қолынан келмейді. Өйткені, ол адам санасынан тыс абстракталы даму үрдісі ғой...
40. Айтыстың ХІХ ғасырдағы ірі өкілі, қазақтың іргелі ақыны Орынбай Бертағыұлы «Қырық парызды» толғап, еліне жырлап өткен. Өкінішке орай, оның бір ғана тарауы бізге жетті. Біз де осы қырық сұрақпен сұхбатымызды аяқтасақ. Сізге, Көкшенің бүгінгі көк семсері, руханиятының таразысы ретінде зор денсаулық тілеймін. Соңғы сауал ретінде Ардың өлшемін қалай бағаласақ екен дегім келеді.
Тағы да Хакім Абайға жүгінемін:
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым...
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан кем емес.
Жүрегімді байқасам
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес, – деді. Бұл не деген сөз? Ақын өзіне қарата осылай деп отырып былайғымызға да «өз мініңді қолға алдың ба?» деп отыр ғой. Бұлай деу Арлы адамның ғана қолынан келмек. Абай осы тараптан да ұлы сыншылдық сипатымен нұрлана түседі, қоғамымыздың төріне оза түседі.
Жалпы, Абай поэзиясында Ар концепциясы алдыңғы кезекте тұрады. Өйткені, осы тақырыпқа мұрындық соқтырмай өтпейді:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге
немесе
Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
немесе
Арын сатып, ант ұрып іздегені -
Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас
немесе
Ойнасшы қатын болса қар,
Аңдыған ерде қала ма ар?
Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап,
Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар!
немесе
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Тізбелей берсек осылай жалғаса бермек.
Біз контекстен бөліп алған жолдарды тұтастай алып сөз етпекке керек. Әйтпесе, ақын көкейіндегі Ар ұғымын зерделей алмаймыз.
Момыннан жаман қорқан жоқ,
«Қу», «пысық» деген ат қайда?
Арсыз болмай, атақ жоқ,
Алдамшы болмай, бақ қайда?
Абайдың осы шумағы ерекше назар аударуды қажетсінеді. Өйткені, бұны тура мағынасында қабылдасаң, жаза бастырар жолға түсесің. Бұл арада данышпан ақын өз қоғамындағы кері кеткен кісапірлікті шенеп отыр. «Атақ алғын келсе арсыз бол» дейді. Бұл насихат емес, тура маңдайдан ұрып жығар «шынның жүзі». «Арсыз болмай, атақ жоқ» дегенді оқығанда, осы заманның абырой, мансап үшін әкесін сатар арсыздарын ойға оралтасын. Өз дәуірінде отырып бүгінгі қоғамдағы «Алдамшы болмай, бақ қайда?» деп сауал салатын Абай өз ойын одан әрі ірілендіріп, тереңдете түседі. Алаяқтықпен қулық саутандардың бақты осы төңіректен іздейтіндігі тіпті де жалған емес қой. Атақ пен баққа жету үшін арсыз бол, алдамшы бол дегендерімен өз дәуірінің, яғни біздің қоғамның бар бейнесі танылады. Аса қатыгездік ақиқат пен адам болмысын лыпысыз жалаңаш қалпында бейнелейді. Айта берсек, Абай ақиқатшылдығы осындай улы тіл, ащы сия арқылы өз көрінісін табады, пендесіне ой салып, бойын аулақ салар өмір өріне жетелегендей болады.
Мен ардың өлшемін Абай хакім пайымдаған тұстан іздеймін, содан өз сауалыма жауап тапқандай боламын.
Ар киелі, қасиетті ұғым ғой. Оның шырқау биігіне Абай сияқты даналар да жете алмапты. Өйткені, ол да «өз мінімді қолға алдым, бойдағы мінім тау тасынан кем емес» деп кесімді сөзін айтады. Бұл нақ Абай болмысы болмаса да, өз төңірегіндегі пенделерге қатысты пікір екендігі дау тудырмайды. Абай өз ортасынан биік тұрған тұлға болғандықтан да байдағы кемшілікті тартынбай айта алған.
Жапондар «періштеден де бес мін табуға болады» дегенде онысы періште, пайғамбар санап жүргендерден де кемшілік кезікпей қоймасы анық дегендері болар. Өйткені, біз қазақ жұрты ақылдан азған ақымақтыққа, ерліктен де ездікке, күрескерліктен де күресіннен тезек тергенге, тексіздікке бейім жаратылыспыз ғой...
Ал, Нұртас, мені осынша сауалдармен сауғаныңа рахмет. Көңіліне көлеңке түсірмес бірдеңелер таба алсаң, бек қуаныштымын.
Жақсы күндерде жолығуға Жаратушымыз нәсіп еткей!
Сұхбаттасқан Қазақстан педагогика Ғылымдар Академиясының кореспондент мүшесі, ф.ғ.к. Нұртас Ахат.
Бөлісу: