Ықылас Ожайұлы: Ресентимент
Бөлісу:
немесе 31 мамыр – ар алдында жауап беретін күн
Тарих дұрыс болмайынша таным дұрыс болмайды ғой. Тарих тек дәлдікті ғана талап ететін құндылық болғандықтан, оны саяси құралға айналдыруға әсте болмайды. Өкінішке қарай біз бұл үдеден мүлде шыға алмай отырмыз. Ол тек өлілерге ғана мадақ айтып, өткен шақпен өмір сүргізудің тетігіне емес, тірілердің тәжірибе таразысына айналуы тиіс. Тірілер дегеннен шығады, марқұм Т. Әсемқұловтың «...Жақсының атын өшіру мен мұқатудың тағы бір амалы бар. Ол өліні асқақтату, өліні құрметтеу. Бұл күнделікті болып жататын, өмірдің заңына айналған көріністер. ...Біз адамның бағасын оны көмгенде ғана, зират басында ғана айтатын ұлтқа айналдық» дегені осы ойымыздың байламы ғой. Рас, идеалды тірі адамнан жасап, бағасын басы аман шағында бергенге не жетсін енді. Біздің жоғарыда тарих тәжірибе таразысына айналуы керек дегеніміз кез-келген тарихи оқиғаға ғылыми сараптама беру мен оның шынайы бет пердесін толыққанды ашалап көрсету турасында болып отыр. Неге дейсіз ғой? Себебі тарихтың қайырылып соқпай, қайталанбай қоймайтын тағы бір әдеті бар. Міне, тарихи тәжірибе сонда ғана сіз бен бізге зерделі таңдау, дұрыс пайым жасатады. Әгәрәки, бұлай болмаған жағдайда тарих сценарийі еш өзгермеген, әртістері ауысып ойнай беретін көп сериялы фильмге ұласады. Бүгінде базбір жандардың Сәбит Мұқанов пен Сәкен Сейфуллиннің бейнелерін бейсана сомдап жүргендігінің өзі біздің қоғамда тарихи сараптама дегеннің қаншалықты тұралап тұрғандығының бір көрінісі емес пе!? (Біз бұл арада қос тұлғаны әдейі төменшіктеу тұрғысында емес, олардың саяси ұстанымдарына әлі күнге дейін (кәсіби) баға бере алмаған боркемік болмысымыз хақында айтып отырмыз).
Сценарий дедік, сөз жоқ кешегі қазақ халқын қанкөбік еткен екі сериялы «1932» әм «1938» атты трагедиялық фильмнің сценарийін Ленин жазды. Режиссері Сталин болса, көркемдік жетекшісі Голощекин, ал әртістері большевиктер (жасырып неме керек, басым бөлігі өзіміздің қазақтар) болды. Ахаңың (Ахметтің) ашынып айтатын:
«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес, дарға асқаны, атқаны,
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны»
дейтін қамырық халі осыны аңдатады ғой. Режиссерден гөрі әртістердің майдан сахнасындағы әсіре әпербақандығы көбіне шешуші рөл атқаратыны анық. Бүгінде Ақаңның осы өлеңінің соңғы қос жолы толыққанды талданып, кейіпкерлер есімі түгелдей дерлік ар-ұждан сотына тартылуы тиіс. Әрине, мұндай мінез қазаққа әлдеқашан орнығуы керек-тұғын. Өйтпейінше, ұлт көсемінің аталған ғазалындағы «...Үрім-бұтақ нәсіліңе қалғандай, Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе...» немесе «...Асықпаңдар, артымызда қазы бар, Тергеп талай, сүйектерің қазылар...» деген аманаты адыра қалғалы тұр емес пе? Бұл істі Ахаңның арттағы біздерге аманат есебінде қалдырғаны анық. Тарих осы бір шындықтың қанын сорғалатып тұрып айтқандығымен, ол сонда ғана өз миссиясын әділ атқарған болып есептеледі емес пе!? (Дәл осындай ар-ұждан соты саяси көбесі сөгілмеген кешегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына да қажет деген ойдамыз).
Социалистік схематизм жүйесінде мансап пен билік, әмәнда тұқым қуалайды деп жатамыз ғой. Рас, ілкідегі зиялыларымыздың обалымен ойнаған бұрнағы шолақ белсенділердің заузаты бүгінде биліктің кез келген жерінде отырған да шығар. Мейлі, солай-ақ болсын.
«Жазалының отына жазықсыз күйеді» қағидасымен қарасақ, осы шіркіндер алдағы ата-бабасының алаяқ әрекеттері үшін ар-ұят отына өртеніп, моральдық тұрғыдан мазасыз хал кешуі керек еді ғой. Ендеше неліктен олай болмай шықты? Бұл біздің манадан бері айтып отырған тарихтан еш тағылым алмадық, анализ жасамадық деген жалғыз-ақ ауыз сөзімізге саяды емес пе?
Ғылымда РЕСЕНТИМЕНТ деген түсінік бар. Мұны Абай өлшеміне айналдырсақ: «...Өзімнің иттігімнен болды демей, жеңді ғой деп шайтанға болар көмек». Яғни, өз мінің мен кінәңді мойныңа алмай, өзгеге жабу деген мағынаға саяды. Ертең Қазақияның шығысынан құланиектеніп 31 мамырдың таңы атады. Бұл баршамызға белгілі САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ. Дәлірек айтсақ, Сталин мен Голощекиннің жеті бабасын желдей көшіріп, аруағына анофема айтып, қарғыс жаудыратын күн! Бұл біздің тұрақты түсінігіміз бен мызғымас көзқарасымызға айналғаны қашан... Құрметті оқырман қауым, сіз бұл жерде барлығын да дұрыс пайымдайды деген үміттеміз. Біз бұл арада қос қандықолды ақтамаққа ешқандай да талпыныс жасап отырғанымыз жоқ. Тек өзімізді сүттен ақ, судан таза, өзгелерді кісәпір санайтын сәби санамыз (инфантилизм) турасында азғантай сөз шығындап отырмыз. Ендеше айталық, кешегі Кеңес одағының тұтас территориясын шарпыған қанды репрессияда славян тектестерді сөз қылмағанда, қырғыздан 38, тәжіктен 2, өзбектен 7, ал Қазақстанда 67 мың адамның ажал құшуын нендей қисындармен түсіндіре алар екенбіз? Атқан сталиндік жүйе екендігі айдай болғанмен, атқызған мен көрсеткен кім?
31 мамыр отқа ұмсынған пәруана көбелектей тызақ қаққан осы сауалдарға барша қазақтың ұят пен ұждан алдында тік тұрып жауап беретін күні болуы керек.
Рухани тәубаға келген болсақ, байыбына ендеп баһра алармыз, ал тасыр түсінік шырмауында қалған болсақ, қайыра байбалам салармыз.
Аса мәртебелі оқырман қауым, әркімнің таным терезесінің көлеміне қарай сәуле түседі ғой. Қатты айтып қателескен болсақ кешу қыларсыз. Ең бастысы, бұл жеке адамның субъективті пікірі екендігін де еш ұмытпағаныңыз жөн.
Ықылас Ожайұлы
Бөлісу: