Ауыт Мұқибек. Алыптары қазақтың

Бөлісу:

01.06.2017 11443

(балаларға базарлық)

1. Абылай хан

Абылай атам хан болған,
Хандыққа дәл таңдалған.
Адастырмай қазағын,
Алып шыққан сан жолдан.

Болған елге сыйлы адам,
Батырларды жинаған.
Күнде аттанып жорыққа,
Жау қалмаған тимаған.

Көз ашпаған соғыстан,
Жебелері көп ұшқан.
Бар қазақтың арманы,
Бір арнада тоғысқан.

Бір күн тыныш жатпаған,
Бір сәт тыным таппаған.
Бұкіл қазақ даласын,
Жаудан аман сақтаған...

Ол басқарған жерінде,
Ыққан көкжал бөрің де.
Тұру керек Абылай,
Әр қазақтың төрінде.

2. Қабанбай батыр

Қару түспей қолдан,
Аяздарда тоңған.
Абылайдың Қабанбай,
Бас батыры болған.

Қубас атын мініп,
Жорықтарда жүріп,
Ұрыстарда жеңген,
Жаудың бетін тіліп.

Жауына ол қатал жан,
Абылайдан бата алған.
Батырлардың басы боп,
Дарабоз деп ат алған.

3. Бұхар жырау

Бұхар жырау отты адам,
Қорықпаған бопсадан.
«Әй Абылай!» - дегенде,
Абылай да тоқтаған.

Хан, батырлар кұллі,
Оған құлақ түрді.
Тоқсан жасқа дейін,
Орда ішінде жүрді.

Ұқсап жанды шамға,
Жыр толғады таңға.
Қаймықпастан жеткізді,
Халық мұңын ханға.

4. Төле би

Заманда анау көне,
Би болыпты Төле.
Бастағандар келді оған,
Үміттері сөне.

Сұлтан барып, хан барып,
Жүрген елге сандалып.
Билік айтты би атам,
Қара қылды қақ жарып.

Жазығы жоқ сан жан,
Аман қалған дардан.
«Тура биде туған жоқ!»,
Деген содан қалған.

5. Махамбет Өтемісұлы

Айта берсем атаң көп,
Соның бірі Махамбет.
Ол да жауын жайратқан,
Исатаймен қатар кеп.

Жорықтардың кешегі,
Батыры да, шешені.
«Хан емессің, қасқырсың...» -
Деген ерің осы еді.

Жорықтардың кешегі,
Батыры да, шешені.
«Еңку-еңку жер шалмай...» -
Деген ақын осы еді.

Бойында бар батылдық,
Жарқылдатты жасын қып.
Қос қанаты еді ғой,
Батырлық пен ақындық.

Жауға найза салғанда,
Қан сасыған майданда.
Махамбеттің айбаты,
Болу керек бар жанда!

6. Ыбырай Алтынсарин

Жақсының бол досы,
Жамандардан шошы.
«Кел, балалар, оқылық!»,
Деген ата осы.

Жұтсаң білім балын,
Алдан атар таңың.
Жаққан ата осы,
Бізге білім шамын.

Сонау қиын тұстағы,
Бос өтпеген қыс-жазы
Білсең тағы осы атаң,
Ұстаздардың ұстазы!

7. Абай Құнанбайұлы

Абай атам ұлы,
Ұлы Алланың құлы.
Бүкіл қазақ даласын,
Кетті аралап жыры.

Жақ болды ол аққа,
Қызықпады таққа.
Болам десең кемеңгер,
Ата өлеңін жатта.

Менен алсаң кеңес,
Елдің қамын жеп өс.
Абай сөзін білмеген,
Нағыз қазақ емес!

8. Шәкәрім Құдайбердіұлы

Алыптардың қатарын,
Толықтырған Шәкәрім.
Көріп пе едің кеудесін,
Жауып тұрған сақалын.

Бекер аты шыға ма,
Сөзін де оның ұқ ана!
Ұлы Абайдың шәкірті,
Асып туған ғұлама.

Еңбегі бар сан ізгі,
Оған қазақ қарыз-ды.
Аралаған сапарлап,
Меккені де, Парижды.

Сөйтіп жер де, ел көрген,
Қысылғанға дем берген.
Араб, парсы, түріктің...,
Тілін түгел меңгерген.

Шығарыпты әнді де,
Өмірі ұзақ әңгіме.
Хиссалары тіпті көп,
Аты қалды мәңгіге.

9. Әлихан Бөкейханұлы

Болды Әлихан көсем,
Сөз бастаған шешен.
Ол тұрғанда елге,
Кеткен емес есем.

Бірде Қызыл, бірде Ақ,
Болды елімді қырмақ.
Өткен ғасыр болды ол,
Тәуелсіз ел құрмақ.

Айтқанында тұрды,
Ұлтқа мойын бұрды.
Алаш Орда деген,
Үкіметті құрды.

Жауы болып күшті,
Сергелдеңге түсті.
Қазақ үшін туған ер,
Болып шықты «істі».

Жалған айып тақты,
Абақтыға жапты,
Сатылмады, сатпады,
Ақыры жау атты.

10. Ахмет Байтұрсұнұлы

Ғылымдағы бас адам,
Сөзден өрнек қашаған.
Білесің бе бұл атаң,
Әліппені жасаған.

Қазағымның өр ұлы,
Тілдің қызыл көрігі.
Алаш Орда көсемі,
Әлиханның серігі.

Алаш болған ұраны,
Ел есінде жүр әлі.
Әліппені ашқанда,
Байтұрсынов тұрады.

11. Міржақып Дулатұлы

Міржақыптың Дулаты,
Қазаққа оның шулы аты.

Қой бастаған серке еді,
Жанып тұрған өрт еді.

Атырам деп таңды,
Жалын болып жанды.

Бойын кернеп кегі,
«Оян, Қазақ!» деді.

Сөйтіп, бабам текті,
Бізді оятып кетті.

12. Мұхтар Әуезов

Болғанменен құштар,
Ешкім де жоқ ұқсар.
Қазақ қара сөзінің,
Хас шебері Мұхтар.

Таниды алып алыпты,
Өміріне қанықты.
Ұлы Абайды әлемге,
Ұлы Мұхтар танытты.

Білімдері көлдей,
Тұра алмайсың төнбей.
Екеуін тең атаймыз,
Бір-бірінен бөлмей.

ӘЖЕ ӘЛДИІ
(немесе бүгінгінің бесік жыры)

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Әп-әйбат қып өзіңді,
Қандай ана тапты екен.

Орыныңнан тұр, айым,
Неге солғын шырайың.
Қойдың аппақ майымен,
Өн-бойыңды сылайын,

Сені көптен күтіп ем,
Көрпеңе жүн түтіп ем.
Қандырайын шөліңді,
Ақ ешкінің сүтімен.

Түннен қазір күн ұзын,
Нан жемейсің бір үзім.
Ішсең, тағы берейін,
Боз биенің қымызын.

Қақпады әлі есікті,
Шешең бүгін кешікті.
Ұйықтай қойшы, бөпешім,
Тербетейін бесікті.

Әлди-әлди, боташым,
Сипайыншы жотасын.
Әлсін-әлсін жылайды,
Сағынды ма атасын.

Ерте тұрып азанда,
Атаң кеткен базарға.
Әкеледі қой сатып,
Ет асамыз қазанға.

Бөлеп қойсам терлейсің,
Жылап тыным бермейсің.
Басты қонақ мұжысын,
Ал, құлағын сен жейсің.

Сен жүретін жол әлі,
Қызықтарға толады.
Құлақ жегіш балақан,
Құйма құлақ болады.

Таудың соғып самалы,
Түн басады даланы.
Жақсы бала әлдимен,
Бірден ұйықтап қалады.

Әлди-әлди, құлыным,
Сыртқа естіліп тұр үнің.
Уанбайсың сен неге,
Кетті неге тынымың.

Атаң бүгін көтерсін,
Қарызын сен өтерсің.
Көп жылайсың бақырып,
Әнші болар ма екенсің.

Әжең бүгін көтерсін,
Оны да ертең өтерсің.
Аяғыңды сермейсің,
Допшы болар ма екенсің.

Ағаң бүгін көтерсін,
Өзің де ержетерсің.
Жыбырлайды саусағың,
Күйші болар ма екенсің...

Таусылған жоқ ән-күйім,
Дедің, міне, қалғиын.
Жақсы бала тыңдайды,
Әжесінің әлдиін.

Әлди-әлди, ақ қозым,
Ақ бесікке жат, қозым.
Жұмбақ айтып берейін,
Шешуін сен тап, қозым.

Атып қалды таң, білем,
Айтылмаған қалды нем?
Жұмбақты әлі шешесің,
Тілің шықсын алдымен.

«Ақырын жүр, анық бас»,
Жігіт болып қалыптас.
Айтасың ба жаңылмай,
Айтып берсем жаңылтпаш.

Анаң сенің дем алсын,
Әкең сенің дем алсын.
Жаңылтпаш та айтасың,
«Р»-ға тілің кеп алсын.

Тыныш ұйқта, жат енді,
Мазалама тәтеңді.
Тілің шықсын, үйретем,
Мақалды да, мәтелді.

Тамшысындай жаңбырдың,
Нәрі болған тандырдың.
«Бесік жыры» анасы,
Қазақтағы бар жырдың.

Бесік үшін талды игем,
Тербетейін ән-күймен.
Қазағымның бар жыры,
Басталады «әлдиден».

Әлди-әлди, құлыным,
Желбіреген тұлымың.
Құлағыңа құйып өс,
Бозторғайдың шырылын.

Біл бабаңның өрлігін,
Біл далаңның көл, құмын.
Көкейіңе түйіп өс,
Төрт түліктің төл жырын.

Намыс үшін салғанда ел,
Бәйгелерде алдан кел.
Қазақстан Отаның–
Кіндік қаның тамған жер.

Көшін алға тартасың,
Біл еліңнің картасын.
Қарашықтай қорғай біл,
Әр шөбі мен әр тасын.

Қазақ деген сүйікті ел,
Барыңды оған иіп бер.
Сонда сенің мәртебең,
Алатаудай биіктер.

Біл Абайды кемеңгер,
Үлгі алсын сенен де ел.
Сонда сенің тамырың,
Теңіздейін тереңдер.

Халығың аз, далаң мол,
Тілеймін ақ саған жол.
Бәрін айт та, бірін айт,
Алдыменен аман бол.

Әлди-әлди, әлдиім,
Демейсің бір қалғиын.
Өз халқыңның тілін біл,
Тартып үйрен бар күйін.

Айтқаныма қарағын,
Тілімді алсаң, жарадың.
Өз халқыңның дінін біл,
Үйрен және бар әнін.

Даланың да тілін біл,
Ананың да тілін біл.
Сонда саған төбеден,
Нұрын шашар күнің кіл.

Ауылдың да тілін біл,
Жауыңның да тілін біл.
Тілін біліп көп елдің,
Ең биікке туыңды іл.

Тұлпардың да біл тілін,
Сұңқардың да біл тілін,
Тілде екенін біл тағы,
Дүниенің кілтінің.

Әлди-әлди, ақ ботам,
Ақ бесікке жат, ботам.
«Әлди, әлди, әлди!»–деп,
Уанбайсың, қақпасам.

Қазағымда ән, күй көп,
Сан шырқадық, сан билеп.
Ұйықтамайтын боп алдың,
Тербетпесем, әлдилеп.

Өтті заман қырындап,
Қалдым аман жырымды ап.
Мен әлдилей бастасам,
Сен ұйықтайсың пырылдап.
Әлди!
әлди!!
әлди-ай!!!

... ЖАҚСЫСЫ

Жемістердің жақсысы,
Қарбыз бенен қауын.
Мекеніңнің жақсысы,
Далаң менен тауың.

Құстарыңның жақсысы,
Бүркіт пенен сұңқар.
Аң мен малдың жақсысы,
Жолбарыс пен тұлпар.

Төлдеріңнің жақсысы,
Құлын менен кұшік.
Киіміңнің жақсысы,
Бөрік пенен ішік.

Жерлеріңнің жақсысы,
Атырау мен Арқа,
Азығыңның жақсысы,
Қазы менен қарта.

Суларыңның жақсысы,
Көлдер менен бұлақ.
Сусыныңның жақсысы,
Қымыз бенен шұбат.

Қамқорыңның жақсысы,
Әже менен ата.
Тілектердің жақсысы,
Ата берген бата.

Кітаптардың жақсысы,
Көркем «Абай жолы».
Ал, баланың жақсысы,
Білген бала соны!

ЕСІК

Көмектесем анама,
Тербетемін бесікті.
Кіріп-шықсам далаға,
Жауып жүрем есікті.

Кілемдерді қақпасам,
Шаң басады үнемі.
Жазда есікті жаппасам,
Үйге шыбын кіреді.

Босағадан аттасам,
Көрем әппақ даланы.
Қыста есікті жаппасам,
Атам тоңып қалады.

ПИНГВИН

Мұз мұхитта мәңгі олардың мекені,
Айлалары бір басына жетеді.
Су астынан ыстықтаса бір уақ,
Мұз бетіне шығады да кетеді.

Мұз тұхитта мәңгі олардың мекені,
Қайғылары бір басына жетеді.
Мұз бетінен тоңған кезде қалтырап,
Мұздай суға түседі де кетеді.

СИЫРЛАР

Жел соғады кейде үдеп,
Қыс көрпесін жаяды ақ.
Қыста сыйыр жейді деп,
Шөп жиды атам маялап.

Атам қырға жол шекті,
Отқа жағар қи іздеп.
Ал, сыйырлар сол шөпті,
Шашып жатыр мүйіздеп.

ТАЙ ЖАРЫС

Ауылы алыс күздің,
Жемісін жер үзіп.
Көк жайлауда біздің,
Жарыс болды қызық.

Дана деген бала,
Тайға мініп шапты.
Құстай ұшып дала,
Артта қалып жатты.

Қызды тайдың қаны,
Шықты иісі тердің.
Бұрқырады шаңы,
Тұяқ тиген жердің.

Әлі дөң мен сай бар,
Дана қазір алды.
Артта қалған тайлар,
Шаң астында қалды.

Шабандозды танып,
Келе жатқан зулап.
Көмбедегі халық,
Ұран салды шулап.

Сөйтіп тайы оның,
Оқ бойы озып келді.
Алды тіккен жолын,
Таң қалдырып елді.

Әжесі ұлға пана,
Жұмылғанша көзі.
Қуанып жүр Дана,
Жүгіргендей өзі.

МАУСЫМ

Көктем келіп шуақты,
Жылғалардан су ақты.

Жаз келді де ыстық,
Көлге барып түстік.

Күз келді де салқын,
Дән жинады халқым.

Қыс келді де суық,
Тықты үйге қуып...

ТӨБЕЛЕС

Тентек бала Ермек,
Шықты қолын сермеп.

Оған қарсы Ахан,
Алып ұшты бақан.

Ана жақтан Тілек,
Келді түріп білек...

Ұлғайған соң дабыр,
Ажыратты Сабыр.

Ақыл айтып сосын,
Достастырды Досым.

НҰРСҰЛТАН ДА БІР КЕЗДЕ БАЛА БОЛҒАН...

Келе жатқан жаңылмай дана жолдан,
Нұрсұлтан да бір кезде бала болған.
Мына аяқпен доп тепкен зыр жүгіріп,
Таяқ түспей қой баққан ана қолдан.

Жұққан бойға кеңдігі даласының,
Кейін білді қайнаған қала сырын.
Әкесінің беретін атын әкеп,
Суын тасып беретін анасының.

Жолда қалған жері жоқ бір ісінің,
Еліне арнап келеді күні-түнін.
Қарындасын жетектеп тәй-тәйлаған,
Ақ бесігін тербеткен інісінің.

Туған жері Үшқоңыр–жасыл аймақ,
Тау өзені жатады тасып айлап.
Сабағын да үнемі «5»-ке оқыған,
Достарымен алысқан асық ойнап...

Біраз болды оны әлем танығалы,
Келе жатыр жасындай жанып әлі.
Бетін ашып оқыса «Әліппенің»,
Бала күнін Ол-дағы сағынады.

АСТАНА

Жайқалып желегі,
Кеңейіп көлемі,
Астанам күн санап,
Көркейіп келеді.

Шабытым тұр тасып,
Жүрмін ән шырқасып.
Ақордам алыстан,
Тұр, әне, нұр шашып.

Кетпейтін мүлде естен,
Менімен бірге өскен,
Бәйтерек бар тағы,
Аспанмен тілдескен.

Бабалар мүсіні,
Тартады кісіні.
Гүлдер де жайқалды,
Әр алуан пішіні...

Баламыз бағы бар,
Жоғымыз табылар,
Бәрінде Нұр атам,
Қолының табы бар.

ӘРІПТЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ

1. Жақсы әріп пен «жаман» әріп

Ұят болды тілім келмей,
«Сиыр»-ға да, «қыр»-ға да
Әріптердің бәрі жақсы,
«Жаманы» тек «Р» ғана.

Ұят болды тілім келмей,
«Айыр»-ға да, «сыр»-ға да.
Әріптердің бәрі оңай,
Ең қиыны «Р» ғана.

«Р» болмаса, алфавиттің,
Болары хақ бірі кем.
Бар әріпті дұрыс айтам,
«Р»-ға келсем мүдірем.

Оңашада бар дауыспен,
«Р»-ға кейде басамын.
Кісі барда «Р» бар сөзден,
Тонымды ала қашамын:

Қаша-қаша ұқсап кеттім,
Тазы қуған түлкіге.
«Р»-ды «И»-деп айтып салып,
Қалам ба деп күлкіге.

2. Егіз әріптер

«О» менен «Ө» әуел баста,
Егіз туған «бала» екен.
Ғұмыр кешіп келе жатыр,
Екеуі де және тең.

«Ү» мен «Ұ» да әуел баста,
Егіз туған бала екен.
Қатар жүріп келе жатыр,
Олар-дағы және тең.

«Г» мен «Ғ» де әуел баста,
Егіз туған «бала» екен.

Қол ұстасып келе жатыр,
Бұлар-дағы және тең.

Ел оларды көрген кезде,
Шатасқан-ау шамасы.
Белін сызып белгі сапты,
Біреуінің анасы.

«О»-ны егер, «Ө»-деп қалсаң,
«Ү»-ні егер, «Ұ» деп қалсаң,
«Г»-ны егер, «Ғ»-деп қалсаң,
Бұзылар сөз қырсығып.
Тек, оларды бөліп тұрған,
Беліндегі бір сызық.

«Н» мен «Ң» да әуел баста,
Егіз туған «бала» екен.
Жол жүрумен келе жатыр,
Екеуі де және тең.

«К» мен «Қ» да әуел баста,
Егіз туған бала екен.
Ғұмыр кешіп келе жатыр,
Екеуі де және тең.

«Н» менен «К» ұл болғасын,
Өзгерместен қалыпты.
«Ң» менен «Қ» қыз болғасын,
Сырға тағып алыпты.

«Е» менен «Ë» әуел баста,
Егіз туған «бала» екен.
Қолтықтасып келе жатыр,
Екеуі де және тең.

«Е»-ге біздің елімізден,
Ертеден-ақ мәнсап тиді.
Ал, сыңары «Ë» болса,
Шетел асып қалпақ киді.

САН ҮЙРЕТУ

-Нөл, – деші.
-Нөл!
-Сан үйретем кел!

-Бір, – деші.
-Бір!
-Мектепке кеп кір!

-Екі, – деші.
-Екі!
-Жақсы оқуға бекі!

-Үш, – деші.
-Үш!
-Жина бойға күш!

-Төрт, – деші.
-Төрт!
-Өшір болса өрт!

-Бес, – деші.
-Бес!
-Сабақтан қалма кеш!

-Алты, – деші.
-Алты!
-«5» алып шалқы!

-Жеті, – деші.
-Жеті!
-Алған ұят «2»!

-Сегіз, – деші.
-Сегіз!
-Ініңе тамақ жегіз!

-Тоғыз, – деші.
-Тоғыз!
-Қолыңа ал қобыз!

-Он, – деші.
-Он!
-Сан білгенің жөн!

МАЗАҚТАМАЛАР

Сынағым жоқ елді,
Соқтырғым жоқ желді.
Қылықтарды жаман,
Мазақтағым келді:

Сұлтан деген сотқар,
Сотқарларды топтар.
Сотқарлардың қолында,
Жүреді ылғи шоқпар.

Жантас деген жалқау,
Жұмсағанда барса-ау.
Жұмсай қалсаң жұмысқа,
Сылтауы бар алтау.

Ермек деген еріншек,
Тартады ылғи шегіншек.
Қалады ол қатардан,
Біз алдыға тебінсек.

Жалғас деген жаңғалақ,
Қағады ылғи қаңғалақ.
Барар жерден жаңылып,
Күні бойы сандалат.

Үміт деген ұмытшақ,
Іс қылмайды құнттап.
Кілтті ішке тастап,
Кетеді үйді құлыптап.

Мақсат деген мылжың,
Тынбайды аузы бір күн.
Бос сөзбенен өтеді,
Он екі айы жылдың.

Жеңіс деген жылауық,
Көздің жасын былауық.
Жылап еді таңертең,
Бара жатыр күн ауып.

Қанат деген қорқақ,
Қазақшаға шорқақ.
Үйге қашып кіреді,
Шықса алдынан торпақ.

Алмас деген ашқарақ,
Тамақ көрсе бас салат.
Керпіш нанды ұйықтайды,
Бас жағына жастап ап.

Қайсар деген қаңғыбас,
Аңдып жүрер әр күн ас.
Қаңғыбастың қашан да,
Барлық ісі мандымас.

Самат деген салақ,
Ойлағаны тамақ.
Түнде жатқан төсегі,
Жиылмастан қалат.

Олжас деген олақ,
Емес бірақ шолақ.
Жуа алмайтын бетін,
Қолы оның қол-ақ!

Марат деген мақтаншақ,
Жүреді ылғи аттан сап.
Жарысқанда бізді,
Табалайды қап қалсақ.

Құдыш деген қызғаншақ,
Тығар добын біз барсақ.
Тұрады оның көңілі,
Сырғанайтын мұзды аңсап.

Ұлан деген ұры,
Жұмысқа жоқ қыры.
Достарын қан қақсатып,
Мәлім болды сыры...

Жарамайды тұрыс,
Іске батыл кіріс!
Жаман мінез болса,
Мазақтаған дұрыс!

Бөлісу:

Көп оқылғандар