Бақытгүл Зарқұмар: Маған деген махаббатың жанкешті...
Бөлісу:
***
Төсекте...
Төңірек биледі,
Төгіліп гүл жаны.
Ағытып үлгерді түймені,
Ақ түннің арманшыл құрбаны.
Төсекте...
Төбемнен төніп ай,
Төсімді нұр өпті.
Өзекті өртеген өмір-ай,
Өлтіріп тынарсың жүректі.
Төсекте...
Төрелік кім айтар?!
Төсендім сары мұң.
Олқылау тірлігім мұңайтар,
Осынау жалғанның жарығын...
***
У жұтып қаншама тостақтан,
Уысым толған-ды жасқа мың...
Меруерт түндерден дос тапқан,
Менікі басқа сыр, басқа мұң...
Жалқылық жазылған маңдайға,
Жатбауыр көрсетер жаттығын.
Соны жұрт біле ме, аңдай ма?!
Сорғалап аспаннан ақты мұң...
Мен анық тағдырдың өзі едім,
Мекені жерде емес көкте шын...
Құсадан өртеніп өзегім,
Құшақтай құладым көк төсін...
***
Жанарымның жасын сүртіп берер ме ең,
Жағалауға шығарғандай тереңнен?!
Маған деген махаббатың жанкешті,
Маған деген құмарлығың өлермен!
Жанымды сен құтқарар ма ең мұң-зардан,
Жалқылыққа теліп қойған сұм жалған?!
Мен болайын тағылықпен күн кешкен,
Мен болайын махаббаттан жынданған!
***
Аспандаған менің ғана жүрегім,
Алматыда жапырақ боп жатыр күз.
Болмысы күз ақын қыздың бірі едім,
Бояусыз мұң кеше алатын әтірсіз...
Асқақтаған менің ғана паңдығым,
Алатаудың аласарған заңғары.
Жалқылық боп жанарымнан тамды мұң,
Жарты әлемде сағыныштың шамдары...
***
Көкірегімнің көзі ашылар сәтте,
Көрінген елес;
Көкжиектегі айдың арманы -
Өліммен егес.
Таңның да бар-ау таласы,
Тағдырдан дәйім.
Тамырын тастың қынында,
Қалдырған қайың.
Ермені еріп даланың,
Езілген мезгіл,
Көк аспан көңіл шатыңды,
Көзіңмен сездір.
Жұлдыздар жұтып қойсыншы,
Жұмылған түнді,
Ғұрпы әсем ақын қиялы -
Ғұмырдан мұңды.
Көкірегімнің көзі ашылар сәтте,
Көрінген елес;
Көкжиектегі айдың арманы -
Өліммен егес!
***
Бағытынан жаңылмай барады ай,
Балағына жармасқан қара құмай.
Жүрегімді жылатқан сезімдермен,
Жүз жылдарға татитын дара мұң-ай...
Құша алмаған құмартып арманым-ай,
Құс қанатым қағылып, талған ұдай.
Заңдылыққа бағынбас болмысымды,
Зарықтырған пәнидің жалғанын-ай...
Гүл секілді жанымның жапырағын,
Гүлге бөлеп, күзетіп жатыр арым.
Кірпігімнің найзадай ұшын кей түн,
Кілкіп шыққан жасыма батырамын...
***
Жарасын жалап жазатын бөрі мұңдарым,
Жасайтын иман тірі мен өлінің бабын...
Жалаңаш мынау жалғанда мойындап келем,
Жаратқан Алла дей-тұғын өр ұғым барын...
Сағыныштарын сабырмен сақтаған арман,
Саналы түрде ешқашан ақтала алмаған...
Сақтардың қаны мендегі сарқылмай тұрса,
Сауабы сансыз құт пенен бақ табам ардан!
Жаураған жаным жылынар аңсадым нұрды,
Жаратқан Ием, күтейін қанша күн, жылды?!
Жалықпай саған қарар ем жанарым талмай,
Жарығы өшпес жұлдызым жанса мың жылғы!
***
Шын болмысын тану үшін тағдырдың,
Шың басына шындығымды қалдырдым.
Өмір барда өкіну бар, өксу бар,
Өрліктің де өзегінде бар құрдым...
Шын болмысын тану үшін тағдырдың,
Шыңырауда шындығымды қалдырдым.
Өмір барда өтірік бар, өсек бар,
Өлеңнің де өз тағдыры бар білдім...
***
Өзің де ойлап қарашы биік,
Туады деймісің текке өлең?!
Өмірді мынау тұрсам да сүйіп,
Әділетсіздігі үшін жеккөрем!
Аңсаған ғашық жандардың дағы,
Жетпей жатады дәт, күші...
Адасқақ екен, аңғардым тағы,
Махаббаттың да бақ құсы...
Бөлісу: