Айгүл Кемелбаева: Көкірекке құс берген поэзия
Бөлісу:
(Ақын Нұрлан Оразалин өлеңдерінің ерекшелігі туралы)
Ақындар мұңдылығымен артық туған. Даңғаза тірлік қайғы-мұңнан тосырқай қашса да, өлең тілі сағыныш пен құсадан илайым арылмайды. Қазақтың белгілі ақыны, драматург Нұрлан Оразалин поэзиясында мұң, арғымақ, түн, көк, жаңбыр, жасын һәм құс деген шынайы қазақы ұғымдарға айрықша салмақ түскен. Себебі оның шыққан тегі қазақ – ақын халық, ежелден құс көңіл, бұлтағы жоқ. Ақынның «Құралайдың салқыны» атты жинағында мынадай өлең шумақтары бар:
«Атамыз – Ой, Анамыз – Сөз, Күш берген,
Қанат берген, көкірекке құс берген;
аруақтанып алысқанда дін аман
алып шығар қилы-қиын істерден».
Асылы қазақтың жүрегі мен қиялы құстың қос қанатындай, көкке самғап, құстай ұшып тұрарын күллі этнографиялық, рухани кескіні таңбалайды.
«Жүгірген құс қуалап қайда бала?»
Ақпанның билігі салтанат құрған қуарған заман даланы сағынтады. Қазақ үшін жылқы да құстың бір прототипі тәрізді.
«Көгілдір жастық шақтарым,
Сәнді кештерім – түсімдей,
ағады көкпен ақжал аттарым,
дүбірлеп күнде ішінде ой…
Қан менен тәнді жандырып,
арғымақ дәуір зулайды».
Көшпенділіктің жабайы балдай, құздағы қырандай, қаңқылдаған қаздай, тәңірідей көркем асыл зада рухынан біз мегаполисте қамалып отырсақ та арылмаймыз. Мұны бөгде жұрт қайдан ұқсын. Нұрлан ақынның жастық шағындағы шабытты толғанысы бұл өлеңнің ішкі ырғағын берген. Негізгі екпін – қозғалыс, алмасу идеясына түседі. Қозғалыссыз, қимылсыз тірлік қараң.
Ақындар патшалығында метафораларда еш қисап болмайды. Алайда «көзден аққан күндерді» өз басым осы ақыннан алғаш кездестірдім. Адамзат қимасын көздің қарашығындай сақтаушы еді. Бірақ, өмір зырлап дамылсыз ағады, күндер оның лыпасындай.
«Ағады күндер… Көзімнен менің ағады,
Алғашқы жауған ақ қардай».
Бұл мұң ақынның келесі бір өлеңде құйылып, қайта-ланары далалық болмысымыздағы қорқытшыл күйден туса керек:
«Ұзақ болып көрінер ғұмырымның күндерінің қарашы азаюын…»
Қазақ көзден бұлбұл ұшты деп бір көруге зар болып, аңсап, ардақтағанын айтады. Бұлбұлдайын сайрады – бұл көне жыраулардың ағыл-тегіл жыр дүниесіндегі фольклорлық идиома. «Ежелден ел бұлбұлы ақын шіркін» (Ілияс Жансүгіров) мынау біздің басымыздағы тұрлауы жоқ өткінші дүниенің поэтикалық бейнесін мұңая жырға қосса, сол көзден аққан күндердің көрікті, арманды елесін оның «алғашқы жауған ақ қардай» пәк, таза қалыбынан сезінбей қалмаймыз.
«Қыз Жібектің ақтығы наурыздың ақша қарындай».
Қазақтың лиро-эпостық жырында ол сұлулық өлшемі. Француздың көне ақыны Франсуа Вийон «Қайда кеткен өткен жылдардың қарлары?» деп, рефренмен баянсыз жалғанды бейнелейді. Бұл өлеңде өмір көшінде микрокосм – адам мен макрокосм – табиғаттың біртұтас, бір шеңберлі үндестігі астыртын оймен берілген. Тегінде, тегі көшпелі нәсілден болғандықтан ба, Нұрлан Оразалин дүние көшін көп жырлайды. Негізгі сарын мұнда – бұлт, көк аспан, мұң.
Ақынның образдық жалқы әлемінде ұдайы көшу, көш керуен үзілмейді; күндері көзден ағады; арғымақ дәуір зулайды, жеткізбейді бір ой қуып, бір ойды… Өмір әрдайым өзгеріп тұруға мүдделі, сол себепті ол көшеді, айниды, айналады. Ақынның жастық шақ жырларының қуатын, рухын мол танытар мына бір шумаққа ден қоялықшы.
«Құстар қайтар ызғып қырмен былтырғы емес,
басқа бір.
От махаббат үздіктірген ойнар ыстық жас тамыр».
Оның әр өлеңінен қозғалыс мотиві, динамика білінбей қалмайды, тіпті табиғат бейнелеуінде де анық:
«Шырша, қайың ырғалар».
Нұрлан ақынның мұңы – арылмас мұң («кешір, көгім, кір сіңген!») – техногендік апаттар дәуірінің залал, сұсы. «Мұң – көкбөрі», «жүректерді жаулап алды өгей мұң», «өзекті өртер мұң», «жөңкілген бұлт боп жанымды менің жаңқа мұңдардан аршып ал», «мені алып қаш, жалғыздықтардан, жапан түздерден мұң басқан», «мұң ұялап жанарымда», «шөлдетер мұң», «мұңды Айым», «менде мұң бар, сенде мұң бар, бәрімізде бір мұң бар», «дерт болып жабысқандай мұң адамға». «Шалкөдеге мұңайып қарады аспан». Мұңды орыс әдебиетінде М.Ю.Лермонтов жиі айтады. Мұң – биік пафос, ол тегіннен тегін адам жанын баспайды. Мұң біресе көкбөрі болып қараңғы түнде ұлып, біресе соғыстағы снарядтың жарықшағындай тиіп мазалайды, енді бірде аптап, аңызақ болып қинайды.
Бұл өлеңдердің бұла жастық шаққа әбден тән абстрактілі, кезбе, дәруіш келбеті толған айдай жүзіп шығады. Тәңірі-ай, Ақын да көркемдіктің құлы, дегдарлықтың дәруіші емес пе бұл дүниеде?! «Мен әдебиеттің дәруішімін» деп жазғаным ойымда. Проза кейде ақ өлеңді таңдап, ғибадат қылуға зәру. Нұрлан ақынның ертеректе жазылған мына бір өлеңіне қараңыз:
«Оңымнан соққан жел ме деп, солымнан соққан жел ме деп, созылып жатқан белдермен қашар ма едім өрмелеп?!»
Бұл не сонда? Бозбала шақтың алағызған асау жүрегінің үні ме? Бұлдыраңдаған бұлғақ ой ма булыққан? Қызық өлең. Бір түрлі тосын. Расы эпикалық дүниетаным бұл. Қисса, дастандарда қазақтың бағзы жырлауында өлең түйдектеліп, шапқан аттардың дүбіріндей келуші еді ғой. Асылында алашапқын келеді нағыз қазақ өлеңі. Көлемді эпосты бір демде бас алмай оқып шығуға болады, ырғағы солай, әлгі жыршы-жыраулардың ұзақ дастандарды таңнан таңға ұрып, үзбестен, іркіліп, бөгелместен жырлайтын салты қазақтың қара өлеңінің ұлы қасиетінен туғанын аңдауымыз керек. Ақын ауық-ауық ата- бабасының басынан кешкен өмірін аңсауы заңды:
«Уақыттың қамалған қорығына,
бөрі мінез ойларым барады ұлып».
(«Ғасырмен қоштасу»)
«Құмның әні» мен «Қарлығашым» – азаматтық поэзия.
«Ей, ағайын,
Сырды неге бұрдыңдар? Қайда менің көк көлдерім? Қашан? Қалай құрғаған? Ата-бабам басып өткен балдырлы су, балғын үн, қайда мені ғашық еткен қара өлеңді шалғыным?»
Балдыр – су астында өсетін жұмсақ, майда шөп. Оның бір мағынасы бүлдіршіндей жас, балдырған де- генді білдіреді. Махамбеттің атақоныстың ең шұрайлы жерлерінен айрылғанда, жерұйықты жоғалтқан зары жадыңа орала кетер:
«Балдырғаны білектей, Баттауығы жүректей, Ондай қоныс маған жоқ, Құдай қылды амал жоқ».
Бұрынғы көшпелі бабаларымыз үйір-үйір жылқы айдап, көсіле көшіп, жаз жайлайтын туған жерден аласталудың соңы енді жаңа заманда жат сипатпен – экологиялық апаттардың араны болып төнді. Еуразия құрлығының ғана емес, қазақтың ұлттық мұң-қасіретін ишарамен жеткізу үшін ақын былай жырлайды:
«Талып жеткен түнделеп әлде жетім қаз ба екен?»
«Кештеу білдім. Естігенім – жел суырған құм әні…»
Арал теңізінің қасіретін ақын осылай көреді.
Қазақ прозасының кербұғысы Оралхан Бөкеев марқұм құм мінезін философиялық сарынмен суреттеп кеткен. Ақын жазушының «Айқайлау дегеніміз – өмір сүру» деген қанатты сөзін өз өлеңіне эфиграф қылып алған. Мылқау құсаның қанжылаған кейпіне жан бітіру үшін ақынға жетім қаздың өзін айрықша аңсау қажет болды, бұл поэзияның эмоциональды қуатын арттыра түседі. Қайда қаз-үйрек нулы жерден ұшып-қонған? Енді бұл жаралы, мүгедек жерлер ақ қанат қазға емес, кесірткелі құбыжық өлкеге айналды, өлі күйге тұнжырады, теңіз құруға үкім етілді. Құм сыңсып арызданып жатыр.
«Қарлығашым» – отаншылдыққа, құпия налаға, елшіл-жершіл ұлтжандылыққа меңзейді, дәлірегі өзін-өзі аман сақтау түйсігінен туған.
«Аспан мең-зең торғайдан ала қанат, Көрінбедің көзіме, қарлығашым».
Жаһандану дегенше жалмауыздың араны дей беріңіз. Ол жүздеген ұсақ ұлттар мен ұлыстардың тілін өлтіріп, рухын қорлауда. Өлеңдегі қаптаған жат жерлік тажал ала құс – өз жеріне сыймай, құмырсқадай қаптаған пиғылы бөтен, нәсілі жат, келімсектердің символы.
«Апанына түстің бе жалмауыздың?» – деп күңіренеді ақын. Жаһанданудың бір сиқы – аждаһа болар. Иншалла, ол өзі мифтік қайуан, шын мағынасында жаратылыста жоқ емес пе, соның өзі көңілге хош келтірер, дертке дауа. Ырымшыл халықпыз ғой.
«Айғайтастың көгінде қалдың ба сен Менің сәби кезімнің кескіні боп?!»
Баршамыздың көкейімізді тескен желгек, ностальгиялық кезгек мұң. Нұрлан ақын бір өлеңінде мұны тұспалдамай тіке айтады.
«Сұрайтыным:
Тәңірім өз елімді
өгей ете көрмесін өз ғасырым…»
Ел мен Жердің маңғаз келбетін ұрпаққа аман сақтау, ұлттық мүдде. Осы үрейлі ойдың ақиқатын ізінше ақын айқын ашады:
«Дәуір жұтып, жоғалған ұлттар сынды…
Әлде сені қатерлі күш алды ма?!»
Мұндағы ақынның жалқы құсасы қазаққа ортақ.
«Ақтабан шұбырындыда» елім-айлап зарлап едік.
«Аңдаусызда, апыр-ай, жем болдың ба, ұяң бос тұр жабырқап, жаңғалағым?!»
Ақын мен дала біртұтас рухани бірігіп кетеді, кентавр тәрізді. Көңіл бей-жай болатын себебі дала мең-зең. Қара көзге жас келер. 90 жылдардағы қазақ ауылдарының құты қашып, іргесі сөгілген символикасын аллегориямен беру – урбанизация замана талабы болғанмен, ежелден жайбасар, кең тұсаумен жүретін халқымыздың арқасына аяздай батты бұл кезең. Ел іші алтын бесік, қазақтың алтын ордасы – тіршілік салты – ауылы еді. Ұлттық негіз далада жаңғалақтай, жамырай қонған ауыл аймағында болатын. Ендеше, ақынның қарлығашым деп үздігіп отырғаны – қазақтың образы. Ақын құс баласын аңғалым, жаңғалағым деп еміренуінен құлдыраңдаған құлындай, азат аңқылдаған, кең пейіл, дегдар көңілі жас баладай таза, зұлымдыққа жаны қас ұлттық мінезімізді айнытпай танимыз. Қаланың қитұрқы өміріне бейімделуге болар, бірақ, аңсар қалмайды. Аңғал қазақтың қапиядан, көңіл кеңдігінен қиянат тартқан кездері аз болмаған.
«Дала мең-зең дәуірдің мінезінен, Қай қиырда адастың, қарлығашым».
Ақын біржола үкім айтудан аулақ. Сондықтан өлеңде айттым – бітті, кестім – үзілді дейтін мірдің оғындай қатал үкім жоқтығымен тебірентеді. Айтылған сөз – атылған оқпен тең. Үмітсіз шайтан. Халқының келешегіне қарғыс айтуға итермелейтін тамшыдай болсын жаман ой айтуды мәртебелі поэзия ешқашан қаламайды. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң дейді қазақ, солайша тәубесіне түсуді сүйген. Ендеше, ақын – халық перзенті, оқырманның жаралы жүрегіне үміт дәнінен гүл өсіретін адамсүйгіштік рухта сөз соңын ақын жұмсақ мұңмен қайырады.
Әрине, әлемдік поэзияда көп қолданылатын теңеулер Нұрлан Оразалинде де бар.
«Шашбауын тағып, таранып түнде жұлдызым».
Түн – ару бейнелі. Тіпті орыс поэзиясының өзінен
«Түннің шаштары» деген метафора А.Блокта, ал қазақтың шашбауын еске салар тағы бір образ таң суретінде С.Городецкийден табылады. «Распускает косу вороную, (Самоцветные камни вплетает/ И полмира под косу ночную) Всплывает».
Түп негізінде поэзияда ақын атаулы лексикалық акро-монограмманы көп қолдануы шартты романтикалық құбылыс. Ол композициялық тәсіл болғандықтан, ешбір ақын одан қашып құтыла алмайды.
Түн – жалғыздық аралы. Ол өзі құздиып біткен шыңдай алыс, айқайласаң бөгденің үні жетпестей. Ақындықтың құладүз жалғыздығын бейнелеу үшін ол «түнгі ырғақтар», «түнгі дауыс» сынды сарындарды таңдайды. Қазақ поэзиясында көктегі жұлдыздардың сан алуан метафорасы мол. Ал Нұрлан Оразалиннің жұлдыздарды өлген жандардың елесіне ұқсатуы расымен селк еткізеді:
«Елестейді көз алдыма түн мынау Аспан кезген аруақтар боп көктегі».
Адамзат эллиндік түркілік мәдениеттен бері аспанды тірілерден гөрі өлілерге лайық саф патшалық деп санайды. Оның жаны бар. Көп халықтардың нанымында өлгендердің рухы мен жаны көкке ұшады. Қазақ аруақты қатты қиналғанда ойлайды. Аруаққа сиыну – өткеннің ұлағаты. Ақынның кие іздеген санасына, елегізген көзіне, жабырқаулы жанына аспан толы жұлдыз аруақтардай көрінетіні келесі бір «Шаңқобыз үні» атты өлеңінде тағы бір мәрте беріледі.
«Ұзап бара жатқандай шаңқобызда – көп халық».
Бұл автореминисценция(лат. ескеалу), варианттылық, ақынның өзін өзі қайталауы арқылы жарға ұрған толқындай нысаналы ойдың құзыры. Бұл мистикалық сарын ғаламдану албастыдай төніп тұрған тар заманның зарына ұқсайды:
«Шаңқобыздың үнінен өз үнімді естідім».
Өз дауысын жоғалтпау бұл ХХІ ғасырдың ең ауыр, қыл көпірдей қиямет сынына айналды. Мәңгүрттіктен, рухани шөлден жаны жаншылып, ары тапталудан сұмдық не бар бұл жалғанда?! Ештеңе.
«Намыс сынды құйылып, ием көшіп өткендей; тұмар сынды түйіліп, кием көшіп өткендей».
Көшу ақын поэзиясындағы – лейтмотив сарын.
«Тарқата алмай түн мен ойдың мұнарын» (өз сөзі) – өмір шешуі жоқ жұмбақтай ақын жүрегін жаралайды.
Біздің қазақ әдебиетінде 90-жылдары мұқтаждығын жұрт жүрегі аңсай тұра сезбеген, талпына тұра жетпеген бір биіктер бар. Ол – теодицеялық жыр, яғни құдай- шылық. Марксизм экономиканы өзге құндылықтар- дан жоғары қоюы арқылы күллі ХІХ, ХХ ғасырларды адастырып, қойды бөрліктірген жыртқыштай қан қақсатты. Мейірімсіз дүниенің моделі – материализмге құлшылық, алтын баспаққа табыну. Мейірімді үйлесімді әлемді аңсау – Алла тағаланың ақ нұрына құштарлық.
«Мазамды алып тұрғандайын
мынау түн дәруіштің кейпін киіп күндізгі».
Пақырлық мүсәпірліктен ада құбылыс. Ол рухани ізгіліктің нышанын іздеу, жан сарайын жарық ұстау. Қоғамдар ауысқан бұлғақ дәуірде ақынның құлағына түнгі сарын естілері нанымды.
«Қанағат өлді білем көңілдерде,
ұмтылды көбелектей отқа халық».
Бұл құдайға мінәжат. Діни ұғымдар бүркемеленіп берілген, солай бола тұра, автор суфизмнің таным-түйсігімен тіл қатады. Тәңірі образын антитезалық шүкіршілік пен күпірлік туралы ой алмастырады.
«Адасып қалдық білем, шүкірліктен», ғасырым!
«Сақтай көр, сақта елімді күпірліктен!»
Осы тақылетті Тәңірмен тілдесу, тағдырмен сырласу тәрізді ойлар тасқыны «Дүниенің жарылардай жарғағы» атты өлеңде былай түйінделеді:
«Кешір мені, Хақ Тағала! Күрсінсем көрмегендей еш пайда…
Хақ тағалам! Ақыныңа арыған керек сенің көмегің.
Дүниенің жарылардай жарғағы, қайғырмасам…
Жүректегі дүрсілден».
«Ер Тарғын» жырында – «Ер жігіттің ішінде ат басындай шер өсер» дейді. Бұлай деп айту бақыты тек Ақынға ғана бұйырған.
«Он тоғыз мың ғаламың – көз бен құлақ. Ұмытпа!
Құдай барын… Ғарыш барын…»
Қасиетті Құран Кәрімнің осы тектес аяттарынан алшақ түспейді.
«Адалдарға өртену серт еді ме?!»
(«Қарлығашым»)
Нұрлан аға кейде өзі де байыбына бойлап бармай, табиғи адуын қалыбымен сопылық ойды ұлықтай беретіні ғажап. Суфийлер өртенгенде «фәнә» – Құдайтағаламен бірікпеуші ме еді. Ақыл емес, сезімнің шуағымен бұл өлең баурайды. Бей-жай көңілінің себебін лирикалық кейіпкер өзінен іздейтіні тағы бар.
«Кешегі дос жауығардай не жаздым?
Кетті ме әлде бір ағаттық ісімнен?»
Бұл қазақтың классик ақыны Абай хакім поэзиясынан перифраз:
«Кешегі дос бүгін жау,
Мен не қылдым, япырымау?!»
Хақ ақиқат қашанда жалқы, дәл осы күйініш адамзатқа ортақ болуымен ыстық. Бұл дүниеде бәрі өзгереді, өзгермейтін бір Тәңірі – Алла-Тағала ғана. Сол себепті Нұрлан ақын өзінің поэзия тілінде адамдарға шынайы уағыз айтады:
«Тағдырыңды Тәңірідей сыйлағын…»
Бұл мұсылмандық момындық идея. Ендеше, Жаратушы Иеміз бізді жалбарыну – ақ жолдардан дұға, мінәжаттардан айыра көрмесін. Нұрлан Оразалинның бұрынырақта, алабөтен жастық жалынмен жазылған бір өлеңінде лирикалық кейіпкер сүйген қызының кеудесінен көз жасын моншақтап тізіп, тағып қойғысы кеп, жан сақтауға құмартады. Осыншалық әсіре бейнелеудің шын иландыра алғанын мойындау керек.
Бұл өмірдің мәні – махаббат. Көз жасы – Нұрлан Оразалин поэзиясында сүйіспеншіліктің символы.
«Мен сүйген ашық мына аспан, Мен сүйген таулар,
Мен сүйген дала көкжиектермен ұласқан, шуақты күнде бір күлген, жауынды шақта жыласқан Сағынар ма екен?!» – дейді ақын жүрегі жалынымен баурап. Бұл – ғаламмен бетпе-бет келіп, сырласа білер, мұңы мен ойын ағынан жарылып айта алар жүректің жұмыр бас пендеге қояр мәңгілік сұрағы. Жалғастардың жалғасындай елестер сұрақ. Қуатты сұрақ.
Ұлы Абайдың «Көгала бұлт сөгіліп» атты өлеңінде ақын айдалаға безіп, жауған күнмен қоса жылағанда жан сарайы ашылып, «іштегі кірді қашырып, жүрегін тазалау» үшін аллашылдық жаратылысы меңзеп, түлеп оралмаушы ма еді. Қазақ поэзиясында буырқанған жыраулардан, эпостық телегей-теңіз көшкінді жырлардан, Абай дәстүрінен бергі қуатты бүгінгі қазақтың талантты ірі ақындары мирас қылған. Ол біздің ұлтымызбен бірге жасайтын, күн сөнгенше сөнбейтін ерен биік қуат.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы, Мемлекеттік
«Дарын» сыйлығының лауреаты
13-16 мамыр, 2006 жыл.
Бөлісу: