Амангелді Кеңшілікұлы: Жалғыздық жыры

Бөлісу:

04.07.2017 8075

Өнердегі ұстазым Зейнолла Серікқалиұлының рухына бағыштадым

Аяулым!

Сен мына опасыз дүниенің жалған екенін сездің, махаббаттың да қас-қағым сәттік елес екенін ұғып, оның нәзік сәулесінің сөніп жылуы жоқ күлге айналатынына көзің жетті. Қамшының сабындай шолақ өмірдің мағынасы, рухани дидарыңның айнадан күлімсіреген шындығы жалғыздығыңды есіңе түсірді. Дүниенің бәрі сенен теріс айналып кетіп, көңіл кеңістігіңдегі аласұрған алапат ақ боран жаныңды қоярға жер таптыртпағанда жалғыз жұбаныш - жалғыздық болып жымыңдады. Тағдыр сені ең жақын адамыңнан айырғанда беймәлім өмір мен бүгінгі тіршіліктің арасын жалғап тұрған жалғыз жіп те сол жалғыздығың қалды қасыңда.

Зейнолла Серікқалиұлы

Зейнолла Серікқалиұлы

Сенің жаның мөлдір бұлақтай кіршіксіз таза, арманың жаңа жауған ұлпа қардай әппақ еді. Азғантай ғұмырыңдағы алтыннан да қымбат уақытыңды білім қазынасын ақтарумен өткіздің, жүрегі жұмбақ Әлемнің сиқырлы сырын түсінемін деп күні-түні маза таппай, өзіңді-өзің әуре-сарсаңға салдың, күндіз күлкіңнен, түнде ұйқыңнан айырылдың. Сен білмеп пе едің, жалған тіршіліктегі ұлы күнә жұмыр басты пенденің ойынан басталады.

Ой-адам өмірінің әміршісі, һәм тергеушісі. Екі аяқты ұлы тобырды бақытсыз еткен де сол ойдың империясы. Ой адамның Құдайдың алдындағы - алғашқы күнәсі. .

Құдайдың адамнан басты айырмашылығы – оның пендешілігі жоқ. Адамның әлсіздігі – пендешілігі. Пендешіліктің темір құрсауынан құтылу үшін сен жалғыздығыңа қарай қаштың. Бұл да сенің әлсіздігің.

Мен түсінемін, түсінемін. Сенің ұмтылған биіктігің – ұлылық. Ұлылық дегеніміз - өзіңе дейінгі талғамды бұзып. Өлу.

Ұлы адам топырақтан емес, Құдайдың қасіретінен жаратылған. Өз жанын қинап азаптың тозағына түсе алмаған адамнан ұлы жазушы шықпайтындығы әлімсақтан әйгілі, бесенеден белгілі ақиқат.

Дүниеден жаңалық іздеп құр босқа таусылып жүрсің. Қайталанбайтын тағдырдың жоқтығындай, қайталанбайтын ой, қайталанбайтын шығарма да жоқ.

«Інжілдегі ойлардың бәрін философтар баяғыда айтып тауысқан» -дегенді Пьер Абеляр айтпап па еді.

«Тән тұншыққанда, жан шыңғырады» депті Асекең (Сүлейменов). Себебі «Жан –тәннің идеясы» (Спиноза) Ағысқа қарсы жүзген сенің жаның сол тәннің құрбандығы ғана. Аяулым!

Соңғы кезде сен өлім туралы көп жазып жүрсің. Өлім болмаса өмірдегі тірінің қадірін сен білмес едің. Адам қимайтын арсыз жалғанда бір-ақ опасыз дүние бар. Ол-тіршілік. Сен өлімнен қорықпа, үрейленбе. Бастаған істің аяқсыз қалғаны ғанибет. Адамның өмірі аспанға деген сағыныштан тұрмай ма? «Мәңгі аяқталмайтын істерде сенің ұлылығың жатыр» (Гете)

Жүрек сезе-дүр. Сен бастаған ұлы іс те мәңгі аяқталмайтын қиссаның қайырмасы.

Өлу адамның азаптан құтылуы, басқа ештеңе емес. Мына жалған дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. «Мәдениеттің де ақырзаманы болады» -депті Шпенглер. Біз жаназасы шығарылған мәдениеттің жоқтаушысымыз.

«Мені де өлім әлдиле» -дейді Мағжан. Мені де, мені де... Адам өлімді есіне алған кезде ғана Құдайға жақындай түседі. Сенің Құдайды іздеуің бекерден-бекер емес. Дүниеде Құдайдан асқан философия жоқ. Мына уы мен шуы, қуанышы мен қайғысы мидай сапырылысқан тіршіліктен безіп, жалғыздыққа қарай қашуың Құдайдың шұғылалы сәулесінің жылуын іздеуге ұмтылысың.

Құдай – адам жүрегінің сәулесі.

Құдайы бар халықтың келешегі сәулетті.

Құдайын жоғалтқан халық –ібіліс.

Біз де ібіліспіз. Біз Құдайға емес, Құдайды өзімізге қызмет еткізгіміз келеді. Құдайды бауырымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда да есімізге аламыз... немесе өлім сәтінде.

Өлім адамды жұбатады. Екі аяқты мақұлығын сабасына түсіреді. Жалғыздық қайрауға керек.

Сенің жалғыздығың – Құдай. Басыңа түскен қайғыға, жаныңды ауыртқан жаманатқа қара емен боп қатып қалған күнде ғана, сен бұл өмірдің қасіретін жеңесің. Ал, әзірше.., ұлы идея үшін азап шегіп, қайғының отына күю жаныңды шоқтай шыжғырады.

«Ақыл мен ғылым адамзат тарихында тек екінші сатыдағы қызметті атқарып келеді» деп күйінген еді Достоевский.

Сен күйінбе. Бәрібір тастай қатып қалған өмірдің жүрегін жібіте алмайсың. «Ұлылық дегеніміз -өзіңді-өзің тергеу» (Ибсен)

Есіңде сақта.

«Өмірдің талаптарымен келісе алмаған адамның жаны азапқа түседі» (Бодлер)

Жалпы Бодлер айтпай-ақ білемін. Ұлылық дегеніміз –азап шегу. Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», Мағжан «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген ғақлияны ұлылықтың тонналық қасіретін бек сезгендіктен айтқан.

***

... Неге суық кешегі жаз, кең мекен?

Өмір - өте көңілсіз той.

Жоқ, әлде

Осы тойдан кетіп қалсам жөн бе екен?

Есенғали

«Жалғыздығыңа қарай қаш» -дейді Ницше. Сені жалғыздық қана құтқарып қалады. Жалғыздыққа Құдай да қарсы тұра алмайды. Сені алып кеткенмен біреудің жүрегінде сенің жалғыздығың қалады. Ең құрығында... Біреудің.

Өмірдің мағынасына терең үңілгенде ғана сен миығынан күліп қараған өлімнің жүзін көресің. Адам өлімнен қорыққандықтан ғана Құдайды ойлап тапқан. Өлім сенің Құдаймен кездесетін алғашқы сәтің. Сен сол сәтті асыға күтумен ғана өмір сүріп жатқан жоқсың ба? «Нағыз өлім өмірдің ішінде қайнап жатыр» (Чаадаев) Бала кезімде Байронның «Еврей саздарынан» оқығанмын:

О, дариға,

О пейіштің ішінде

Жаның өлмей,

Қалса сүю күшінде,

Рас болса қауышарсың есен-сау,

Тірліктегі жүрек ынтық кісіңе.

Сапар шегіп дүниеге сол жұмбақ

Кете барсаң бұл өмірге қол бұлғап,

Рақат қой жер қайғысын ұмытып,

Өлмес тірлік жайын ғана сөз қылмақ.

Қалса бір күн өлім шіркін төтен кеп,

Ажал шыңырау, қазір құлап кетем деп.

Өмір арқан жабысасың ұшына,

Соңғы түйін қолдан шықпаса екен деп.

Өзіңді емес, өзге өмірді қимайсың.

Қимайсың да қыршын жанды қинайсың.

О, дариға, үміт тәтті шүбадан,

Болып мәңгі жан-сәлемет дін аман

Мақшар күні сол сәулемен жолығып..

Мәңгі өлмейтін күн кешем деп жұбанам.

(Аударған Қафу Қайырбеков)

Содан ойлана бастадым. Егер ғанибет өмірдің бәрі о дүниеде болса, мына өмірге келуде не мән-мағына бар. Бәлкім Құдайға ермек керек шығар.

Білмеймін.

Білетінім...

Құдай жалғыздығынан құтылуы үшін адамды ойлап тапқан.

Адам жалғыздығынан құтылуы үшін Құдайды ойлап тапқан.

Вольтердің «Егер Құдай жоқ болса оны ойлап табуға тұрар еді» -деуі, бәлкім жалғыздықтың үрейлі елесінен құтылу үшін айтылған нала шығар.

Жалғыз адам Құдайдан да күшті. Бір сәтке соқа басыңыз сорайып, жападан-жалғыз қалған кезіңізді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Сіз Құдайдан қорықпайсыз, оның жіберетін ажалы сізге шолақ сайдың ғұмырындай тасығыш, жалған тіршіліктің азабынан құтылу боп қана көрінері хақ.

Прекрасен мир. Но восхищенью

В иссохшем сердце места нет,

депті Ламартин.

Зады адамның өмірінен асқан трагедия жоқ. Кішкентай нәрестенің шыр етіп жарық дүниеге келіп, кіндігінің кесілуі сол ұлы спектакльдің басталуы.

Қош келдіңіз, жалғыздық!

***

Адам өмірі аяныш сезімін ғана туғыза алады.

В. Розанов.

Аяулым! Жалғыздық өміріңнің бір бөлшегіне айналғаннан бері, дүние-жалғанның уақытша ғана жұбаныш екенін сезген шығарсың. Өмір адамға бір ақ рет берілетін қасірет болған соң, тауқыметін тартып, зілдей ауыртпалығын үнсіз көтерумен келесің. Ең алғаш рет жүрегіңді махаббат сезімі аялағанда, сол құдіреттің әзәзілдің ойыны екеніне мән бергің келмеді. Қаныңдағы қызу басылып, іштегі жалының дерт болғанда - мына өмірдің мағынасыздығын түсіндің. Әділеттілік іздеп келген жүрегіңнің ыстық лүпілі мұздай өмір мен қатал тағдырдың тепкісіне шыдай алмай суып қалды. Сен Құдайдан әлемде жоқ нәрсені сұрадың. Әлемде сен іздеген әділеттілік орнаған емес, орнамайды да. Әділеттілік іздеген күннен бері сен Құдайға жақындай түстің. Құдайлық санаға ұмтылу бақытсыздыққа ұшыратып, өміріңе тек қайғының уын сеуіп, жарық сәуленің жылуын сездірте алмады. Ұмытпа, жұмыр басты пенде тек адамдық санамен өмір сүргенде ғана бақытты бола алады. Сондықтан да сен дүние жалғанға әділеттілік іздеп келгенің үшін жазықтысың. “Сенің бар екеніңді көзге ілмейтін қоғамда” (Умберто Эко) жынданып кете жаздап жүрген себебің де сол.

Адам – Құдайдың ең үлкен қателігі, һәм кемшілігі. Әлемде әділеттілік орнауы үшін мына дүние жойылып, Құдай адамға басқа сана дарытып, өмірге деген жаңаша көзқараспен қайта жаратуы тиіс. Ауруға шалдыққан бұл санамен біз бәрібір алысқа кете алмаймыз.

“Әлемді сұлулық қана сақтап қалады” деген екен Достоевский.

Қателеседі! Әлемді тек адамгершілік сақтап қалады. Адамгершілік туралы ұлы ұғымдар өлгеннен бері Құдайдың екі аяқты саналы мақұлығы хайуанға айналып барады. Христиан мен мұсылман әлемінің арасының ұшығуына алып келген Ирактағы соғыс, Бесландағы оқиға секілді адам баласының жанын түршіктіретін трагедиялардың бәрі де – қарапайым адамгершілікті ұмытқандықтан тартып жатқан қасіретіміз.

Соңғы жазған хатыңда әлемдегі әдебиеттің неге дағдарыста екендігінің себебін сұрапсың. Өзің білесің, әдебиет жарық дүниенің есігінен сығалаған күннен бері, бір-ақ мақсатқа қызмет етіп келді. Ол – пенде баласының санасына адамгершілік туралы ұлы ұғымдарды сіңіру, сол арқылы оның кеудесінде ізгілік рухының шырағын жағу. Ұлы әдебиет қалыптастырған адамгершілік туралы ұғымдар дүние-жалғанның жетімсіреген тағдырын жұбатты, өміріне мағына бітірді, саналы тіршілік иесінің ойына сәуле түсірді. Адамгершілік –он сегіз мың ғаламды жаратқан Құдайдың кішкентай көрінісі еді. Пенде баласының жүрегіндегі адамгершілік туралы ұлы ұғымдардың шырағы сөнгеннен кейін, Құдай да ұмытылды, бірте-бірте әдебиет те күресінге лақтырылды. Әр адамның жүрегіндегі кішкентай Құдайы өлді. Адамгершіліктен жұрдай болған қоғам екі аяқты тіршілік иесінің санасын тоқыратып, Рухын күйретті.

Адамгершіліктен айырылған әлем мына дүниені үлкен бақытсыздыққа әкеле жатыр. Басқасын сөз қылмағанда “дүниенің бүкіл байлығы сәбидің көз жасына тұрмайды” (Достоевский) дегенді құлағына қыстырғысы келмеген, іріп-шіріп бара жатқан қоғам шет елге бала сатудың өзін заңдастырып алды емес пе. Сәбидің көз жасына түкіріп қараған қоғамның санасында қандай сәуле, қандай әділеттілік болуы мүмкін. Мұндай қоғамнан мағына іздеудің өзі мағынасыздық емес пе. Жүрегінде жылуы жоқ, бұл қоғамда санасы ауруға шалдыққан, соқыр, мылқау, таскерең бейшара жандар ғана бақытты өмір сүре алады. Ондай қоғамда екеуміздің бақытты өмір сүруіміз тек қиял ғана. Орыс ақыны Иосиф Бродскийдің “қоғам биліктегілерді саяси бағдарламасына емес, олардың Стендаль, Диккенс, Достоевскийді қалай түсінетіндігіне орай таңдауын жасаса, әлемнің қасіреті аз болар еді” дегені осындайда еріксіз есіме оралады.

Егер де біз алпысыншы жылдардан кейін қазақтың рухани тіршілігіне сілкініс әкелген әдебиетімізді құлдыратып алмағанда, бүгінгі таңдағы сананың тоқырауын басымыздан кешпесіміз анық. Өйткені ұлы әдебиет қалыптастырған адамгершілік туралы ұғымдарды бойына сіңіріп өскен қоғамның азғындық жолға түсуі мүмкін болмас еді. Ал, ұлы әдебиеттің бұлағынан сусынын қандыра алмаған ұрпақтың жүрегінде қандай адамгершілік, қандай ізгілік сезім салтанат құруы мүмкін?

***

Аяулым! Адам өмірге жалғыз келіп, жалғыз кетеді. Саналы өмірі жалғыздықпен арпалысумен өтеді. Адамдардың арасында көбірек жүрген сайын сен өзіңді жалғыз сезінесің. Байронның “адам жалғыз қалғанда ғана өзін жалғыз сезінбейді” дегенін ұмытпаған шығарсың. Себебі, адамдардың арасында көбірек жүрсең, Құдайды ұмытып, пенде қалпыңа енесің. Жалғыз қалғанда ғана Құдайдың бар екенін тереңірек сезініп, рухани тазара түсесің. Жаныңды қоярға жер таптыртпаған, бостандыққа, азаттыққа деген ұмтылысың – сені жалғыздық теңізінің алдына алып келді. Сол теңіздің ащы дәмін татқаннан бері, Құдайға деген шынайы махабатың оянып, өмірден жерініп, өлімнің жұмбақ сырын түсінуге деген құштарлығың артты. Шопенгауэр жарықтықтың “жалғыздықты сүймегеннің –бостандықты сүюі мүмкін емес, себебі жалғыздықта ғана адам баласы өзін азат сезіне алады” деп айтқаны дәл келіп, барлық болмысыңмен жалғыздықтың құшағына еніп кеттің.

Жалғыздықты сүйген адам ғана Құдайдан басқа ешкімге табынбайды. “Адам –Құдайдың кішкентай көрінісі болғандықтан” (Л. Толстой) - жалғыздық дертіне шалдыққандар ғана Жаратқан иеміздің қалаулысына айнала алады. Дүниені ұстап тұрған жалғыз күш те жалғыздық қана. Мына жалған тіршіліктің барлық кереметін адам баласы жалғыздығынан құтылуы үшін ғана ойлап тапқан. Ұлы шығармалардың бәрі де жалғыздықпен бетпе-бет қалған кезде ғана туады. Ұлы болуды армандаған күннен-ақ сенің жалғыздығыққа деген құштарлығың басталды.

Ұлылыққа ұмтылудың өзі жалғыздықпен бетпе-бет келу емес пе. Жалғыздықпен бетпе-бет келген күннен бері, жүрегіңдегі кішкентай Құдайың күбірлеп, рухани тұрғыдан тазара түстің. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқанымен, адам баласының бәрі де Жаратушының жалғызы.

Бақытты өмір сүргісі келетін адамзат баласының ең үлкен қателігі дүние жаратылғаннан бері Өмірді насихаттаумен келеді. Шындығында өмір алдамшы құбылыс, өлім – мәңгілік. Ұмытпа, өмір –адамның мәңгілік тозағы немесе мәңгілік жұмағының алдындағы өтпелі кезеңі. Өлімді құрметтей білетін халықтың жүрегінде ғана имандылық өмір сүреді.

Шын бақытты жалған өмірден ғана тапқысы келетін пенде ар-ожданнан безіп, дүниенің рахатына көзі тоймай, азып-тозып, пендешіліктің қылбұрауына қылқынып өледі. Өмірдің қызығын шектен тыс сүйген адам Құдайдың ізгілікті жолынан адасады. Араны ашылып, дүниеге көзі тоймай адам екенін ұмытады. Әлемнің барлық қызығын өмірден ғана тапқысы келетін қоғамда дүние былғанып, адам хайуанша жүріп күнелтеді. Өлімнің мәнісіне тереңірек үңілген адам ғана өмірдің өлшемін біледі. Сені Құдайға апаратын жалғыз жол да - Өлім. Өлім сенің жаныңа тыныштық бермей жүрген - жалғыздығың. Дүниеге сені алып келген сол жалғыздық құдіреті, о дүниеге де сені өзімен бірге алып кетеді. Мен Құдайды шын сүйгендіктен де бір күндік сәулеге табына алмаймын. Мен Алланың шынайы нұрын іздегендіктен Өмірді емес, Өлімді мойындаймын!

Бөлісу:

Көп оқылғандар