«Қазақ-мажар арасындағы әдеби байланыс жандануға тиіс»

Бөлісу:

03.07.2017 7121

Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫ,

Венгриядағы Сегед университеті Алтаистика кафедрасының қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын:

Жуырда «Әдебиет порталына» Венгриядағы Сегед университеті Алтаистика кафедрасының қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫНЫҢ белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы шығармашылығы туралы «Т. Әбдікәкімұлы шығармашылығындағы шаманның архетипі және мифологиялық ойлау жүйесі» деген ағылшын тіліндегі ғылыми мақаласы жарық көрді. Мажарстанда жүріп еліміздің әдеби құндылықтарын насихаттап, қазақ-мажар әдебиетіндегі көркемдік үндестігін зерттеп, екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына зор септігін тигізіп жүрген Раушангүл Мұқышевамен сұқбаттасуды жөн көрдік.

«Қазақ мәдениеті мен өнерінің бірегей тұлғаларына еуропалық ғалымдардың назарын аудартқым келеді»

Раушангүл Зақанқызы, порталымызда жарық көрген мақалаңыз Будапеште өткен «Түркі халықтарының мәдениетіндегі діни наным-сенімдердің рөлі» деген халықаралық конференцияның (2015) жинағында жарық көрген екен. Жалпы, конференцияға Тыныштықбек ақынды, оның шығармашылығындағы шаманның архетипі және мифлологиялық ойлау жүйесі тақырыбын таңдап алуыңызға не себеп?

Тыныштықбек Әбдікәмұлы шығармашылығымен алғашқы „Ақшам хаттары” жинағынан бастап таныспын. Жалпы әдебиеттануда ақынның дүниетаным жүйесі болуы керектігі айтылады. Пәлсападағы секілді. Дыбыс, сөз, буын, тармақ, ырғақ сол жүйені құрап, ал мазмұнын ұстап тұратын дүниетанымдық ұғым-түсініктері бейнелі болуы тиіс. Тыныштықбек сондай жүйе, әлем құра білген ақын. Суреттеріндегі динамизм керемет. Оның өлеңдерінде ұлттық ойлау суретпен, жанды суретпен көрінетінін байқадым. Шаманның архетипі, яғни бақсының архетипі. Лирикалық кейіпкердің бақсыға тән іс-қимылдары, тылсым күштермен байланысқа түсуі әр түрлі көңіл-күйді, сезімдік ахуалды беруге жұмылдырылған. Конференция түркі халықтарының наным-сенімдері туралы болған соң, „Тыныштықбек Әбдікәкімұлы шығармашылығындағы шаманның архетипі және мифлологиялық ойлау жүйесіне тән ерекшеліктер” тақырыпты алуды жөн көрдім.

Сіздің мақалаңызды конференцияда қалай қабылдады? Бұл халықаралық конференция жайында да ақпарат беріп өтсеңіз. Қандай мемлекеттер, қандай ғалымдар қатысты?

Мажарстан түркітанудың ірі орталығы саналады. Батыс Еуропаның ғалымдары үзбей келіп, мажарлардың шығыс кітапханаларын жиі келіп ақтарып, оқып-зерттеп кетеді. Түркітану бойынша конференциялар Мажарстанда жиі өтеді. Бірақ бұл түркі халықтарының діни наным-сенімдеріне арналған алғашқы конференция болды. Ұйымдастырушылары Сегед университетінің Алтаистика кафедрасы жанындағы Түркологиялык зерттеулер орталығы және Будапештегі Петер Пазмани Католик университетінің Гуманитарлық және қоғамтану кафедраларының ұйымдастыруымен Петер Пазмани университетінде болды. Әріптестерімізден ұйымдастыру комиссиясының құрамында профессор Осман империясы, Қырым хандығының, сондай-ақ Алтын Орда тарихының білгірі Мария Иванич және қыпшақ тілдерінің маманы, қыпшақ тарихының Ph.D. докторы, Жужанна Олах болып, ғылыми форумның жоғары өтуіне ерекше ат салысты. Конференцияға Мажарстаннан басқа Америка, Германия, Польша, Түркия, Ресей, Қазақстаннан келген ғалымдар қатысты.

Бұл ғылыми форумның мақсаты – түркі халықтарының наным-сенім жүйесі, діни тарихы туралы тереңнен сөз қозғау болды. Осы тақырыпта тарихшылар, тіл білімінің мамандары, этнографтар, әдебиетшілер ғылыми баяндама жасап, пікір таластырды. Менің баяндамам да ықыласпен тыңдалды. Мақсатым ұлттық сананың архетиптерінің жоғалмайтынын, қайта уақыт өткен сайын санада, өнерде жаңғыра беретінін жеткізу еді. Екіншіден, қазақ мәдениеті мен өнерінің бірегей тұлғаларына еуропалық ғалымдардың назарын аудартқым келеді. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы қазіргі қазақ поэзиясының ірі өкілі екенін айтып, жаңалық ашпай-ақ қояйын.

Пікірталаста ол кісінің шығармашылығы туралы бірнеше сұрақтар қойылды. Мәселен, „Сіз зерттеген ақынның өлеңдерінде көне дүниетаным белгілері неге көрініс тапқан?”- деген сұрақ болды. Оған қазіргі қазақ ақынының (Т. Әбдікәкімұлының) ұлттық дүниетаным дәстүрі үзілмеген (Абай, Шәкәрім, Мұхтар) ортада туып-өскендігін, әдеби дәстүр, фольклорлық қайнардан сусындағанында деп жауап бердім.

«Мажарлардың Еуропаға дейінгі мәдениет тарихы қазақтардікіне, дала көшпенділеріне өте ұқсас»

Қазақ фольклоры мен жазба әдебиеті ғылыми зерттеулеріңіздің алтын арқауы екенін білеміз. Бұл салаға қызығушылығыңыз қашан басталып еді?

Фольклортанушымын деп кеуде соқпаймын. Жазба әдебиеті ерте қалыптасқан Еуропа елдерінде фольклор этнография саласында қарастырылады. Ал біз әдебиетті, әсіресе қазақ әдебиетін, қалай ауыз әдебиетінен бөліп алып зерттейміз? Академик Сейіт Қасқабасов ағамыз жазғандай фольклор – алтын тамырымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің бастауы. Әдебиеттанушының ауыз әдебиет мұраларын білмей ғалым ретінде қалыптасуы мүмкін емес. Жазу тарихымыздың көнелігі басқа тақырып.

Кандидаттық диссертациям қазіргі қазақ поэзиясындағы ұлттық мінездің бейнелену жүйесіне арналды. Жетекшім академик Зәки Ахметов осы тақырыпты сеніп тапсырған еді. Қарағайға қарсы біткен бұтақ секілді мәрт мінезді, ұлттық дәстүрге берік ақындардың: Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Мейірхан Ақдәулет, Светқали Нұржанов, Жәркен Бөдешов, Нұрлан Мәукенұлы, Гүлнәр Салықбаеваның өлендеріндегі ұлттық мінездің бейнелеуін зерделедім.

Ауылдағы әдебиет мұғалімі нағашым еді. Сол кісі „Тыныштықбек құбылыс” деп айтып отыратын. Кейін Тыныштықбек ақынның „Ақшам хаттары” кітабы қолыма түсті. Содан бастап басқа жинақтарын да алып, оқып зерттей бастадым.

Сіздің мажар ақын-жазушыларын қазақ тіліне, қазақ қаламгерлерін мажар тіліне аударуда еңбегіңіз зор екендігін білеміз. Жалпы, екі елден қандай рухани үндестікті байқадыңыз?

Шет тілінен ана тіліне аударудың ана тіліңнен шет тіліне аударуға қарағанда анағұрлым жеңіл екенін көркем аударма саласында тер төгіп жүргендер біледі. Мажар ақындарынан Шандор Петөфи, Йожеф Аттила, Ендре Адидің, тұраншыл ақын Арпад Земпленидің өлеңдерін, Мориц Жигмондтың екі әңгімесін аудардым. Ғылыми зерттеулерді мұнда қоспадым.

Қазақшадан мажаршаға қазақ халық ертегілерін мажар тіліне әріптесім Моника Биачимен бірігіп аударып, "Хан және уәзір" деген атпен жарияладық. Бұл жинақ Алтаистика кафедрасының сериясында 2011 жылы жарық көрді.

Ең соңғысы талантты жазушы Аягүл Мантайдың „Қабір гүлі” әңгімесі. Қазақ әдебиеті мажар тіліне Кеңес Одағы кезінде көп аударылған. Орыс тілі арқылы. Қазақ поэзиясынан тікелей мажар тіліне аударған Лайош Көрменди деген ақын. Оған Қоңыр аға, Йожеф Торма секілді қазақ тілін білетін түркітанушылар ақыл-кеңес беріп көмектескен.

Екі елдің рухани үндестігі екі халықтың өткенін іздеуге, тамырын тануға ұмтылуы, құштарлығы дегім келеді. Екі халықта да сағыныш сезімі көзге түседі. Мажарлардың ескі Магна Хунгарияға, атажұртына деген сағынышы шексіз. Қазтуғанның Еділмен қоштасқаны секілді, мажарлар да атажұртын қимай қоштасқан секілді. Олар да артында қалған жұртқа «қайырлы болсын» деп көшкенге ұқсайды. Қазір сол жер башқұрт ағайындарымызға құт мекен болып отыр. Мажардың тарихи аңыздарын қазақ тіліне аудардым. Кітап етіп шығарып, қазақ оқырманына ұсынған Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі мырзаға ризамын. Сондағы Аттила туралы, ғұндар туралы аңыздардың қазақтарға таным-түсінігі жағынан өте жақын екенін байқаймыз. Қазақ аңыздарын оқып отырғандай күй кешеміз. Мажарлардың Еуропаға дейінгі мәдениет тарихы қазақтардікіне, дала көшпенділеріне өте ұқсас.

«Қазіргі рухани жаңғырудың мүмкіндіктерін пайдалану қажет»

Мажар халқының әдеби үдерісі қалай? Мемлекеттің әдебиетке деген қолдауы қаншалықты?

Мажар халқының әдеби үдерісі еуропалық, әлемдік әдебиеттің көшінен қалыспай дамып келеді. Әлемде Нобель сыйлығының иегері, мажар жазушысы Имре Кертесті танымайтын адам кемде-кем. Оның «Тағдырсыздық» романын өне бойы мұздамай оқитын оқырман жоқ. Қазіргі әдебиетке келсек, соңғы дәуірдің ең мықты мажар жазушысы былтыр дүниеден өткен Петер Эстерхази деуге болады. Мажарстан мен Еуропаның әдеби сыйлықтарын түгелдей дерлік қанжығасына байлаған жазушының кітаптары – ең көп оқылған кітаптар санатында. Мажар ақындарынан соңғы дәуірден замандасымыз әрі ақын, әрі жазушы Янош Лацкфидің өлеңдері ұнайды. Мажарлардың ұлттық ерекшеліктері туралы көп жазады. Қазақ оқырмандарына соңғы екеуінің қайсысы таныс екенін білмеймін. Қазақстан елшілігі Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» романының мажарша аудармасының тұсаукесерін өткізді. Сонда қазақ-мажар әдеби байланыстары туралы баяндама жасадым. Кітаптың тұсаукесері Сечени ұлттық кітапханасында өтті. Бұл кітапханада Қазақстан Елшілігінің бастамасымен "Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің орталығы" ашылған. Сонда өткен кітаптың таныстырылымын Елші Нұрбах Рүстемов ашты. Жазушының ұлы Қайрат Келімбетов те қатысып, сөз сөйледі.

Меніңше екі елдің арасында әдеби байланыс жандануға тиіс. Қазіргі рухани жаңғырудың мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Мажар үкіметі әдебиетке мол назар аударады. Бұл – науқандық емес, мемлекеттік жүйелі көмек. Жазушылар одағынан басқа, сандаған әдеби қауымдастықтар, қорлар бар. Оларды қаржыландыру ұдайы мемлекеттің назарында.

Мажарстанда қазақ диаспорасы жайында да біле отырсақ...

Мажарстанда қазақ диаспорасы негізінен мажарға келін болған қыздарымыздан тұрады. Будапештегі Қазақстан елшілігі ұйымдастырған мейрамдарда кездесіп тұрамыз. Олардың ішінде мүмкіндігінше қазақ тілін ұмытпауға тырысып, балаларына да үйретіп жүргендер, домбырада ойнайтындары да аз емес. Иштван Мандоки Қоңырдың жары Айша апай да қазақ диаспорасының мажар қоғамында белсенді қауым екендігін істерімен дәлелдеп жүр. Одан басқа мажар универсиеттерінде оқитын қазақ студенттері және сабақ беретін бірді-екілі оқытушылар бар деп естимін. Бірақ оқытушылармен тығыз байланысым жоқ, себебі басқа қалаларда.

Бүгінгі таңда қандай шығармашылық ізденісте жүрсіз?

Менің Мажарстандағы негізгі қызметім – оқытушылық. Мажарстан үкіметі сол мақсатта шақырған. Сегед университетінде қазақ тілі мен әдебиетінен, мәдениетінен, Орта Азия түркілері мәдениетінен дәрістер оқимын. Дәрістердің кейбірі мажар тілінде. Дайындықты көп қажет етеді. Жауапкершілік жүгі ауыр. Өкінішке орай, шығармашылыққа уақыт өте аз. Негізінен қазақ-мажар мәдени, әдеби байланыстарға көңіл бөліп жүрмін. Мажар әдебиеті, көркем аударма саласында ізденістерім бар.

Қысқаша анықтама:

Раушангүл Зақанқызы Мұқышева Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетін (Өскемен), М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын (Aлматы) бітірген. Ақын, „Жалын” журналы топтама өлеңдері үшін Т. Айбергенов атындағы сыйлыққа тағайындаған (1998). Қазір Сегед университеті Алтаистика кафедрасының (Мажарстан) қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы. Қазақ фольклоры, жазба әдебиеті және олардың әлем әдебиетімен көркемдік үндестігі мәселелерін ғылыми талдауларының алтын арқауы етіп алған. Сол бағытта қазақ-мажар мәдени-әдеби байланыстарын зерттеп жүр. Мажар әдебиетінен аудармалары қазақ басылымдарында жарияланып тұрады. Қазақ ертегілерін мажар тіліне аударған (Моника Биачимен бірлесе, «Хан және уәзір», Сегед 2012). Қазақша-мажарша тілдескіштің авторы (Ласло Кароймен бірлесе, Сегед, 2015), Сондай-ақ «Мажар халқының аңыздары мен ертегілері» атты мажар тілінен көркем аудармалар жинағы Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Астанадағы “Ғылым” баспасынан 2015 жылы жарық көрік көрді.

Әдебиетші-ғалым Раушангүл Зақанқызы Мұқышева 2000 жылы академик Зәки Ахметовтің жетекшілігімен Қазақстан Ғылым Академиясы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінде „Қазіргі қазақ поэзиясындағы ұлттық характерді бейнелеу жүйесі” (80-90 ж.ж.) атты кандидаттық диссертациясын қорғаған. Қазіргі қазақ поэзиясы туралы аталмыш монография осы жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің баспасынан Зәки Ахметовке арналған ғылыми конференцияның қарсаңында филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембековтің редакторлығымен жарық көрді.

Сұқбаттасқан: Наурызбек САРШАЕВ

Бөлісу:

Көп оқылғандар