Заида Елғондинова: Жанарым тола сағыныш, төгіліп кетіп жүрмесін...
Бөлісу:
Шілде
Қызарады ысып аспан,
Аптап күннің мысы басқан.
Зікір салып су сұрайды,
Алба-жұлба құшынаш тал.
Сілкіп тоғай кір-кір басын,
Шөкімдей бұлт іркіп
жасын.
Ақ сұр сағым құшақтайды,
Қоңырайған тау сұлбасын.
Шұбар төбе, салқын аңғар,
Шыт орамал тартып алған.
Тау өзені көкшіл сүттей,
Кілегейін қалқып алған.
Жерошақтай көңірсіген,
Қатты-ау сенің, өмір,
сілең.
Күн сүйеді кер даланы,
Ерінімен кебірсіген.
Адасқандай күн есінен,
Келер деумен түн несібем.
Сені аңсаумен мен
алысам,
Жүрегімнің шілдесімен.
***
Соншама сені сағынам,
Қалай өмір сүрмекпін?!
Ғашықтардың бағынан,
Естимін шуын дүрмектің.
Шаршағам ғашық
жүректен,
Жап-жасыл күнін
аңсаған.
Жанымды мұнша
жүдеткен,
Не істей алам мен саған?!
...Өтпелі бәрі, түсінем,
Жарамас дертке дауаға.
Кірпігімнің ұшымен,
Атыңды жазам ауаға...
Қараңғы көше, алыс таң,
Сен келер сонау
күн де алыс.
Жетеді ғажап ғарыштан,
Жылама деген
бір дауыс.
Қоштасайық, қош енді,
Маxаббат елі мәуелі.
Кезеді түнде көшеңді,
Жанымның ғашық
әуені.
"Таңғажайып қар адамы" кітабынан
Қар адамына xат
1-өлең
***
Сен қар адамысың,
қардан тұрасың,
Мен адам баласымын,
ардан тұрамын.
Жұлдыздар бізге бал
ашып түнемеде,
Ай төгеді аспаннан
маржан шуағын.
Сен келмедің. Қуандым
келмегеніңе,
Жұлдыз қыздар
қоштасты желмен егіле.
Жапырақтан тәж киіп
үнді көсемдерінше,
Түнгі аспанның суретін
салдым желбегейіме!
Сен менің атымды
ғазалыңа жазып,
Мен сенің атыңды
жамалыма жазып.
Айлы түн сағыныштан
сарғайып кетті,
Маусым түні
маxаббатымызды
самалына жазып.
Мұңайып тұрдым күрсініп
Ай батқанына,
Жұлдыз үмітім жерде
жатты жайрап тағы да.
Қар адамы, жанымның
шамын жақшы,
Оралтшы мені, бейкүнә,
әйбәт шағыма.
Таң атты. Күншығыс
қызарды. Шырайы
Алланың,
Қорықтым. Сені де, өзімді
де сынай алмадым.
О, қар адамы!
Сенің сағынышың деп,
Ақ таңның алқызыл
шұғыласын сүйдім,
Шыдай алмадым!
2-өлең
***
Сен көктемгі дала шығындайсың.
Сеңгір.
Сен менің көзімнің қарашығындайсың.
Мөлдір.
Сен менің жүрегімнің қабындайсың.
Жыртылма.
Жүрегімде мәңгілік дамылдайсың.
Ұмтылма.
Күн бетінен ақ раушан гүлдерін көремін.
Хош иісін-ай!
Өмірдің емес, өлеңнің адалдығына сенемін.
Тәңірдің тосын ісін-ай!
Тәңірге тауап етемін, шын достық сауап екенін.
Жаратушым сан
ұғындырған.
Күндерің үшін
сағындырған. Саған сансыз гүл
ұсынамын!
Маған жол көрсеткенің
үшін.
Жарқырай берсін тірі
шырағың!
3-өлең
***
Есенбісің, қар адамы?!
Қалдым тағы жараланып.
Күннің нұры, таң шуағы,
Шексіздікке барады алып.
Құтқар мені
шексіздіктен,
Жыр жазайын қалам алып.
Сурет салып көлге тұнық,
Айлы түнде тербетіліп,
Өмір кешсек арман
бар ма?!
Қара тірлік, қысыр сөздер,
Қалса екен жербетілік.
Мен төгейін сөз көркемін,
Енші бермес ездер тегін.
Атымды да, затымды да,
Алып кетші, өзгертейін.
Тек ізімді тастап емге,
Басқа құрлық, басқа
әлемге,
Алып кетші. Амалым жоқ,
Уәжім жоқ астам елге!
Жыр оқиын Айлы кеште,
Сәби ақыл -
аборигендерге!
Ақ өлең
Көктем, сен қайда
кеттің?!
Аққудың қанатында
кеттің бе,
Мезгілдің санатында
кеттің бе,
Әлде ғашықтардың
жан отында кеттің бе?!
Көктем, сен қайда кеттің?!
Ақ жаңбырдың құшағында
еріп кеттің бе,
Қасарған қара суықтан
жеріп кеттің бе,
Мен беймарал тіршілік
кешіп жүргенде,
Келіп, кеттің бе?!
Көбелектер ғана
қызығыңды көрді,
Бір күндік. Еркін де еміне.
Енді көкке қараймын
сол көбелектердің,
Бір күндік өмірін қимай
мөлтілдегеніне...
Доңғалақтар
Алға сүйреп келесің,
доңғалақтар,
Миым құйын, миымда
толған ақпар.
Алматыға бұл поезд
бара жатыр,
Менің оған бар-жоғым
қара бақыр.
Түсінбейсің сен мені,
темірсің ғой,
Түнге сіңіп кетсе екен
көңілсіз ой.
Зайда болып көрсеңші,
қасқа, сонда,
Егілер ең ішіңнен
тас босаң да.
Сен түсіне бермейсің
өмір заңын,
Азар болса таттанар
темір жаның.
Адаммын ғой жаралған
сүйек-еттен,
Маң-маң басқан құмдағы
түйе деп пе ең?!
Бірде лайсаң болады,
жол-күресін,
Сен шеріңді тарқатып
жол жүресің.
Қара түнге сіңіп-ақ
кетер едім,
Өмір сүргім келеді
жетелегін,
доңғалақтар...
Кешір мені...
( Жүрегіме)
Мен саған күн нұрынан
сәукеле кигіздім,
Ай нұрына аймалаттым.
Әлемнің аппақ гүлдеріне
сүйгіздім,
Қасыңда жүрді жайнап
ақ түн!
Мен сені көктемгі шыққа
шомылдырдым,
Күйігі басылсын деп.
Арман жырларымды
егілдірдім,
Сен жарқырап ашылсын
деп!
Мен саған руxымды
бергем,
Ұрандап дүрсілдесін деп.
Саған жыр кестеледім
алтын зермен,
Түндерде күрсінбесін деп!
Сезімім шыңда өскен
сеңгір гүл еді,
Сен үшін, сенің табаныңа
тастадым.
Иесіне адал ғой елдің
жүрегі,
Сен неге бұлтқа қидың
ғұмырымның аспанын?!
Мен саған өмірімнің
бағын бердім,
Көкірегімді өртемесін деп.
Мен саған мәңгіліктің
тағын бердім,
Жалғыздыққа еркелесін
деп...
Кешірші мені!
Сағыныш
Жанымда мұң бар,
нала бар,
Сарғайған ой бар,
сана бар.
Аққулар, сенен өтінем,
Көктемге мені ала бар.
Жүрегім тола сағыныш,
Ғұмырым күрес, сабылыс.
Қанатыңа мінгізіп,
Аққулар, мені алып ұш.
Сілкілеп бірде ой,
бірде сын,
Еңкейді еңсем, күн бесін.
Жанарым тола сағыныш,
Төгіліп кетіп жүрмесін.
Маxаббат ол да алдады,
Сүйгенмен, бағым
жанбады.
Иықтан басқан зілмауыр,
Тірліктің ауыр салмағы.
Жанымды ой жеп, сана
жеп,
Телмірем көкке - қаракөк.
Ғарышта жаным түлесін,
Аққулар, мені ала кет.
Заида Елғондинова, ақын, Халықаралық "Алаш"
әдеби сыйлығының лауреаты, "Құрмет" орденінің иегері
Бөлісу: