Қазаққа интеллектуалды әдебиет керек

Бөлісу:

17.07.2017 8070

Сана дағдарысы + рухани дағдарыс = ?

«Қазаққа қандай әдебиет керек?» Осыдан біраз жыл бұрын мені осы сұрақ жиі мазалайтын. Дағдарыс дедік, бірақ экономикалық дағдарыстан шығуға әрекет жасасақ та, сана дағдарысынан арылуға асығар емеспіз. Неге?

Әдебиет, көркем әдебиет тобырлық мәдениеттің тасасында қалды. Тобырлық мәдениет тобықтан тепкенді қойып, бастан теуіп жатса да, бұдан құтылудың жолын іздеп жатқан біз жоқ. Бірақ... сана дағдарысына ұшыраған қоғамның бір емі болуы керек қой. Бүгінде қарапайым оқырманды айтпағанда, том-том қалың кітап оқуға көптеген әдебиетшілердің жүйкесі шыдамайды. Адамдардың көпшілігі «кітап оқуға уақыт жоқ» деп ақталса, ендірі бір тобы кітап оқымауын әлеуметтік мәселемен байланыстырады. Бірақ сол адамдардың басында баспанасы, жейтін наны, уақыты болса да, кітап оқымайды. Неге? Кеше ғана «коммунизм елесінен» арылып, өзіміздің ұлттық құндылығымызға бет бұрып, есімізді енді жинап жатқан біз жан-жақтан келіп жатқан толассыз ақпаратты қорыта алмай қалдық. Бір нәрсе ақиқат: бүгінгі оқырман мен кешегі оқырманның талғамын (кеңестік кезеңдегі қазақты) салыстыра алмайсыз. Сыншылар мен әдебиетшілер жаңа кітапты насихаттап, оқырманға нені оқып, нені оқымау керектігін екшеп берді. Бір жағынан халықтың әдеби талғамын қалыптастырып, қоғамды кітап арқылы тәрбиелегісі келсе, екіншіден, кеңес үкіметіне ойлау жүйесі, көзқарасы ұқсас, қысқасы, өздері «сызып берген шеңберден» шықпайтын оқырман керек еді.

«Оқуға тиым салынған кітаптар» деп оқырманның құқын шектеп жатқан жоқ, қандай кітап оқиды, кімді оқиды – оқырманның таңдау еркі бар. Бірақ жаһандану ғасырында туындаған ақпарат тасқыны, әлеуметтік желілер, виртуалды ақпарат құралдарының көбеюі адамдарды рухани тұрғыда аздырып, адами сезімдерін (жақсы көру, сенім, қызығушылық) жаншып жатыр. Бұрын қарапайым адамның кітапты көп оқуы қалыпты жағдай болса, қазір тіпті әдебиетшінің (жазушы-ақыны бар) кітап оқуының өзін жұрт таңданып айтады. Өкініштісі, біздің қоғамда білімді адамның образын жасау сәнге айналды.

«Қазақ қоғамы кітап оқудан алыстап кетті» (Бәрі емес, әрине. Бірақ біздің қоғамға осындай диагноз қоюға болатынын ешкім жоққа шығармас) дей бермей, «Бүгінгі қазақтың ойлау жүйесіне, дүниетанымына, өмірге көзқарасына сәйкес қандай әдебиет керек?» деген сұраққа жауап іздеген дұрыс.

«Қазаққа қандай әдебиет керек?» деген сұрағымызға ақын Оңайгүл Тұржан былайша ой өрбітті: «Мен өз студенттеріммен кітап оқу мәселесі жайында жиі сөйлесемін. Сонда олар «апай, қазақ әдебиетінде оқитын ештеңе жоқ» дейді. Олардың айтып отырған «ештеңе жоғы» олар шетелдік әдебиеттің стилі мен шетелдік мазмұнға қызығып кеткен. Оның үстіне бүгінгі таңда қазақ проза жанры шабандап қалды. Оған ең басты себеп – қаржы мәселесі. Қаламгерлер қазір тегін жұмыс істеуге мәжбүр, мемлекет те оларға тегін жұмыс істетуді әдетке айналдырды. Бұл өте қауіпті жағдай. Оқырман қандай әдебиет сұраса да, оған ұсына қоятындай ештеңеміз жоқ болғандықтан да, біз оларға не керек екенін білмейміз. Білетінім, 60-70-80 жылдар әдебиетіндегі стиль бүгінгі оқырманды қызықтырмайды».

Аға буын «60-80 жылдар қазақ әдебиетінің алтын дәуірі еді, енді қазақ әдебиетінің алтын ғасыры ешқашан тумайды» деп болашаққа күмәнмен қарайды. Бұған жастардың өз уәжі бар. Мысалы, жас ақын Айжан Табаракқызы «Ол кісілер «алтын ғасырынан» өздері өтіп бара жатқаннан соң айтатын шығар... Немесе тәуелсіздік жылдарының екінші он жылдығынан бастап әдебиетке келіп жатқан буынды оқымаса керек» десе, тағы бір жас ақын Батырхан Сәрсенхан «Үлкендердің көңілі толмауы заңды жағдай. Әрі барлығы осы пікірде деген сөз емес. Қазақ әдебиетінің нағыз алтын ғасыры алда деп сенемін» дейді.

Егер «алтын дәуірдің» туындылары бүгінгі жастарды қызықтырмаса, олардың рухани қажетін өтеу үшін, көркем әдебиет оқуға оралту үшін, әдеби талғамын қалыптастыру үшін жаңаша, яғни, бүгінгі заманды суреттейтін, оларға өзінің бейнесін көрсететін әдебиет керек шығар? Ертелі-кеш интернетке «байланған», жүйкеге салмақ түсіретін «атыс-шабыс ойынын» ойнайтын бүгінгі жастардың жүйкесі өте жұқа, қызба, ашуланшақ. «Алтын дәуірдің» туындылары қазақ үшін тым құнды, тым қымбат болса да, олардың көпшілігінің ол кітаптарды оқуға жүйкесі де, деңгейі де жетпейді. Ең бірінші олардың әдебиетке деген қызығушылығын ояту керек.

Қазақ әдебиетін әлемге таныту – қазірше иллюзия

«Қазақ әдебиеті әлемге қашан танылады?». Соңғы кезде осы сұрақты қоюға ұялам. Біздің бір жазушының кеші шетелде өтсе, не болмаса, қазақ жазушыларының кітабы шетелде шықса, «қазақ жазушысын әлем таныды» дейміз. Қазақ жазушысының шетелде, мысалы, Америка, Еуропада, бес кітабы шықса да, оған тиісті деңгейде миллиондаған доллар бөлініп, кітаптың, автордың насихаты жасалмаса, ол жазушыны ешкім білмейді. Мысалы, мен Мәскеудегі Достоевский кітапханасына жиі барам. Бір сөреде ТМД жазушыларының орыс тілінде шыққан кітабы тізіліп тұрады. Грузин, өзбек, тәжік... (Қазақ жазушысының кітабын көрмедім. Бірақ қазақ қаламгерлерінің орыс тіліндегі кітабын тапсыру ойымда бар) Сол кітаптарды «ешкім парақтамады» демей-ақ қояйын, бірақ оқыған адамдар саусақпен санаулы ғана. Бәлкім, олар өз елінде танымал шығар?! Бірақ олар Ресейде танымал емес.

Бізде бір ақын-жазушының кітабы шет тілінде шықса, кеші шетелде өтсе, әлемге танылып кеткендей қуанамыз. (Қуанайық, Құдай қуанудан арылтпасын! Бірақ ақындарымыздың шығармаларын аударған ақынның стилі, табиғаты келе ме, жоқ па, оны талқылап жатқан ешкім жоқ) Шын мәнінде, кешке жиналатын оқырманның басым көпшілігі сол мемлекеттегі қазақ диаспорасы екені анық. Қысқасы, шетелде екі-үш кеші, екі-үш кітабы шықса да, таныла алмайды. Себебі, әдеби кеш шетелдік арналардың бәрі көрсететін «Евровидение» емес қой, әдеби кештің қашан да оқырманы аз болады. Қызғанбаймын! Бірақ жалған пафоспен өзімізді қашанға дейін алдаймыз?

«Қазақ әдебиеті» газетінде жүрген кезімде «әлемге әйгілі қазақ жазушысы көп еді» (себебі, танымал жазушыны «әлемге әйгілі жазушы» деп пафоспен жазатынбыз). Мәскеуге келгенде біздің ақын-жазушылардан белгілі бір деңгейде Ресейде танымал Олжас Сүлейменов қана екенін білдім. Рас, филология факультетінде оқитын көптеген студент ешқашан Олжас Сүлейменов деген ақынды естімеген. Мәскеудегі бір университетке стажировкадан өтуге барғанымда әлем әдебиеті кафедрасының екі профессоры «Сіздердің Олжас Сүлейменовтеріңізді танимыз. «Аз и Я»-сын оқып, тамсанғанбыз, Мәскеуде кеші өтсе, барар едік» деді. Бұған дейін орыс әдебиетшілерінен «Қазақта түгенше деген, пәленше деген мықты ақын-жазушы бар, шығармасын оқығансыз ба?» десем, «Абай мен Мұхтар Әуезовтеріңізді білеміз» деген жауап естіген басым қуанып, екі әдебиетші әйелмен қимай қоштастым.

Біздің елде қазір жазушы өз күнін өзі көруі керек. Жазушы өз нанын өзі тауып жейді-ау, бірақ жазған шығармасын жарыққа қалай шығарады, қалай таратады, қалай сатады? Бұрын оқырман кітап арқылы өзінің тұлғалық болмысын дамытқысы келсе, бүгін кітаптың бетін ашпайтын оқырман күнін көре алмай, жылап жүрген жазушыдан өзін ақылды санайды. «Ақылды екенсің, неге кедейсің?». Әсіресе, рухани құлдырауға ұшыраған біздің қоғамда жазушы болу соншалықты мәрте емес.

Өз елімізде кітабын өз қаржысына шығарып, одан пайда таба алмай жүрген қазақ жазушысына «әлемдік межені» көрсету әзірге ерте ме деймін. Қазақ жазушысы әлем оқырмандарының талғамына келетін кітап жазуды айтпағанда, әлеуметтік тұрмысын түзеу керек, оның әлемдік деңгейге шығуға, әдеби агенттіктерге төлейтін қыруар қаржысы болуы керек.

Әлемдік әдебиетте аты бар, көпшілік «Театр» романын «шедевр» деп бағалайтын (Менің жеке пікірімше, бұл – ортақол шығарма) Сомерсет Моэмнің мынандай пікірі бар: «Францияда жазушы көп, бірақ оқырман аз. Француз жазушылары әдебиетпен айналысып қана нанын тауып жей алмайды. Сіз кейбір ағылшын жазушыларының есімін өмірбойы естімеген болуыңыз мүмкін, бірақ сіздің оны білмеуіңіз – оның әдебиеттен нан тауып жеуіне еш кедергі келтірмейді. Себебі, ағылшын тілінде кітап оқитын оқырман көп».

Бірақ... Моэм бұл пікірін айтқанда да француз тілі әлемде «мода» еді. Кезінде XYIII-XIX ғасырда орыс халқының, орыс ақын-жазушыларының француз тілінде сөйлеуді мәрте көргенін тарих жақсы біледі. Қазір де француз тілі – әлемдік тіл. Десе де, әлемге Бальзакты, Гюгоны, Дюманы, Камюді, Сартрды, Флоберді «берген» француз әдебиетінде де бір қорқыныш бар еді. «Француз әдебиеті қанша мықты болса да, аудиториясы кең, жарнамасы мықты ағылшын әдебиетінің көлеңкесінде қалып қоймай ма?» деген қорқыныш еді. Сомерсет Моэмнің дүниеден өткеніне елу жылдан асты. Осы аралықта ағылшын тілінің әлемде қаншалықты кең тарағанын, ағылшын тілінде сөйлейтін адамдардың қаншалықты күрт өскенін айтпасақ та түсінікті. Бүгінде өзін орыс тілінсіз күнін көре алмайтындай сезінген ТМД халқы да ағылшын тілін меңгеру үшін жанталасып жатыр.

Қытай тіліне деген сұраныс та күннен күнге артып жатыр. Қытай әдебиетшілерін айтпағанда, шетелде оқитын қытай студенттері аудармашы болып, тиіп-қашып, қомақты ақша тауып жүр. Осыдан екі жыл бұрын Қытайта тұратын жас ұйғыр жазушысының бір кітабына тоғыз жүз мың доллар қаламақы алғанын оқыдым. Бір кітабына тоғыз жүз мың доллар түгілі, жүз мың доллар қаламақы алу танымал қазақ жазушысының түсіне де кірмейді. Ал Жияң Нан деген қытай жазушысы бір жылда елу миллион доллар қаламақы алыпты. Елу миллион доллар! Қытай жазушыларының әлемді айтпағанда, өз елінде бір миллиардтан астам оқырманы бар. Әрине, мұндай елде әдебиетпен айналасып, пайда табуға да, әдебиетті бизнеске айналдыруға да болады. Халқының біразы қазақша білмейтін, одан қалса, рухани дағдарысқа ұшыраған біздің елде жазушыны мемлекет қолдамай бәрі бекер. Бәлкім, әнге сөз жазатын, табысты әншілер сөзіне жазылған әнді орындайтын ақындар өз күнін көре алар. Жалпы мені мазалайтын бір сұрақ «Бізде ақын-жазушыларға өз күнін көруге мүмкіндік жасалған ба?». Әдебиеттің өз нотасы бар. Әдебиеттің нотасына дәл түсе алатындар жүйкесімен жазады, қаншама еңбек, энергия жұмсайды. Өкінішке қарай, бүгінде біздің жазушылар энергиясын талантты шығарма жазуға емес, жоқшылықпен, әлеуметтік қиыншылықпен күресуге жұмсап жатыр.

Он сегіз миллионға жақын халқы бар, оның біразы қазақ тілін қақпайтын халқы бар, қазақ тілінде жазатын жазушының мұңын жақсы түсінем...

Қазаққа қандай әдебиет керек?

Тағы да осы сұраққа оралайықшы. Егер қазақтан әлемдік деңгейге екі-үш жазушы шықса, «Қазақ жазушылары не жазып жатыр? Қазақ әдебиетінде не жаңалық бар?» деп әлем әдебиетшілері әдебиетіміздің бет алысына назар салған болар еді. Жалған пафосқа салынбай, мойындауымыз керек, әлемдік деңгейге бірде-бір жазушымыз шыққан жоқ.

Ресей «2015 – Әдебиет жылы» деп жариялады. Онсыз да әдебиеті танымал Ресейге әдебиет керек, екінші жағынан әлемде саяси тұрғыда рейтингі түскенде, «жағымсыз образын» әдебиетпен бүркемелегісі келді.

Кейбір адамдар бір ұлтты ұнатпаса, сол ұлттың әдебиетін де жоққа шығарғысы келеді. Бірақ орыс әдебиеті – менің не сіздің жарнамалауыңызға зәру емес, әлемдік деңгейде ойып орнын алған әдебиет.

«Толстойдың, Достоевскийдің ізбасарлары не жазып жатыр?» деп әлем әдебиетшілері, жалпы әлем орыс әдебиетінің бет алысына жиі назар салып тұрады. Орыстан дәл бүгін әлемдік дейгейде жазушы шықпаса да, Толстой мен Достоевскийдің даңқын «азық» ете тұрады. Ал біз ше?

Шыңғыс Айтматовқа әлемдік даңқты қимағаным емес, шын мәнінде, қырғыз жазушысы әлемге емес, ТМД-ға кеңінен танылды. Шыңғыс Айтматов, сөз жоқ, шығармашылық потенциалы мықты жазушы. ТМД-да кеңінен танымал болуының негізгі себептерінің бірі – жазушының орыс тілінде жазғанын бұған дейін де талай қаламгер айтты. Пікіріммен біреу келісер, біреу келіспес, қазақ жазушысы өзінің ана тілінен бөлек әлемге кеңінен тараған бір тілде жазбай танылуы қиын. Мысалы, ағылшын, испан... Шын мәнінде, әлемге танылуды мақсат еткен қазақ жазушысына Ресейде емес, Еуропада не Америкада танылу оңай.

«Біздің шығармаларда көпсөзділік көп. Оқиғаның діңгегінен айрылып қаламыз. Көзге көрінген нәрсені, жолда тышқан көріп қалсақ соны суреттеп кетеміз. Шай ішу мәселесі болса, шайды 3-4 бетке сораптап созамыз. Осындай артық детальдарымыз өте көп. Қазір қысқа жазатын заман келді. Табиғатты суреттеуге 2-3 сөйлем жетеді» дейді «Әдебиет» порталына берген сұхбатында Дулат Исабеков.

Ақын Әлия Дәулетбаевамен сұхбаттасқанымда оның мына пікірі есімде қалып қойды. «Пәк Меңтай (адамның пәк болуы мүмкін бе?), данышпан Ұлпан сізді сендіре ме? Адам дегеніміз кім өзі? Оның күйініш-сүйініші қайда өзі? Жанының қырық қалтарыс-бұлтарысы қайда? Айналып келгенде, құпиясы қайда? Өзің сенбегенге жұртты қалай сендіресің? Бізде миыңның терең түкпіріне кіріп, мәңгілік қоныстанып қалатын образ жасалған жоқ. Әспеттелген, пафостан жасалған, менталитетке барынша лайықталған образға кім сенеді?

Неге мен айналып келіп «Тынық Донды» оқи беремін? Неге орыстар осы эпопеяны бір емес, бақандай төрт рет экранға шығарды? Патриоттық сезімнің күштілігін мен неге Мопассанның кейіпкерлерінен көремін?! Элизабет пен Аннеттен... Жалғыз жауап сол – тыр жалаңаш ақиқатты жеткізудің шеберлігі. Бізде әдебиет оқырманды тәрбиелеу керек деген ұғым бар. Кешіріңіз, әдебиет оқырманға ақиқатты көркем тілде жеткізуі керек. Болды! Біздің әдебиетіміз әлемдік деңгейге жетуі үшін біраз уақыт керек шығар...» дейді ол.

Рас, бүгінгі оқырман кешегі оқырманға мүлдем ұқсамайды. Бүгінгі оқырман шығармаларындағы айтатын ойын, идеясын оқырманына «шайнап беріп, жұтқызғысы келетін» жазушыларды қабылдай алмайды.

Мысалы, өз басым Эмиль Золяның «Творчествосын» араға уақыт салып, қайталап оқимын. Жазушы кейіпкері – суретші Клодтың атаққұмарлығын, мансап, атақ, танымалдылық үшін, шын мәнінде, өнер үшін бәрін-бәрін құрбандыққа шала алатын өлермендігін асқан шеберлікпен жазады. Қысқасы, кейіпкерінің ішек-қарнын ақтарып тастайды.Э.Золя атаққұмар, талантты суретшінің өнерге шексіз құштарлығын, соның жолында өзін құрбандыққа шалып жібергенін әдемі детальдармен ойнатып жазады. Таланты шамалы, бірақ халықпен қарым-қатынаста актерлік қабілеті мықты шығармашылық иелерінің бетпердесін Золя жұлып тастап, олардың шынайы бейнесін жалаңаштап көрсетеді. Қайта-қайта оқысам да, сол баяғы әсер... жазушы жалықтырмақ түгілі, жағымнан шапалақпен тартып-тартып жібергендей күйге бөленем.

Біздің кейбір жазушылар шығарма біткенше кейіпкерінің бетпердесін шешпек түгілі, бетіне қалың етіп бояу жағып қояды. Сосын кейіпкердің бетіндегі красканы өзің сүртіп, жүйкең шаршайды.

Әлем оқырманының талғамына жауап беретін қазақ жазушылары бар, тек олардың жарнамасы жоқ. Мұхтар Мағауиннің «Кесік бас – тірі тұлып», «Қыпшақ аруы», Дулат Исабековтың «Сүйекші» мен «Тіршілігі», Төлен Әбдіктің «Оң қолы» мен «Парасат майданы», Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Айқайы» мен «Кенесі» (әзірге есімізге түскені осылар) – бірі формалық ізденесімен, бірі жаңашылдығымен, бірі қазақы танымымен ерекшеленеді.

Бүгінгі оқырман кешегі «коммунизм туралы ертегіге» сенген оқырман емес, оның ойлау жүйесі, дүниетанымы, құндылықтар туралы түсінігі мүлдем бөлек. Бүгінгі оқырманға «түрлі түспен көмкерген» (бейнелеп айтқанда, мәмпәсиді жылтыр қағазға орап берудің қажеті қанша?) ақиқат қажет емес. Меніңше, бүгінгі оқырманға мүлдем мораль оқуға болмайды. Бүгінгі оқырман өзін тану үшін, өзінің іс-әрекетіне баға беру үшін шығармадан өзін, өзінің аласұрған жандүниесін көруі тиіс. Бізге оқырманның ұйықтап жатқан санасын сілкілейтін, ақиқатты танытатын интеллектуалды шығарма керек.

Аякул МАНТАЕВА

Бөлісу:

Көп оқылғандар